Елін сүйген әрбір адам өзге елде көгеруді емес, өз елін көгертуді ойлауы керек

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы:

– Соңғы кездері Байқоңыр ға­рыш айлағын Ресейге жалға беру­ді қайта қарау мәселесі жиі сөз бо­лу­да. Бұл мәселеге сіз қалай қарар едіңіз?
– Дәл қазір Байқоңырды жалға беруді қайта қарау туралы сөз қозғау­дың қажеті жоқ. Өйткені ғарышты өз бетімізбен игеруге дәл қазір біздің мүмкіндігіміз жетпейді. Ол үшін, ең алдымен, Қазақстанда ғарышты иге­руге қабілетті мамандар дайындауы­мыз керек. Ғарышқа ұшатын ғарыш­кер­лер емес, ғылыми тұрғыда ға­рыш­ты зерттеуге атсалыса алатын ғы­лыми мамандар керек. Егер ға­рыш­ты игеріп кете алатын маманда­рымыз болмаса, ғарыш айлағын өз қолымызға алып алғанда не істейміз? Жарайды, Бай­қоңырды алып алдық делік... Не істейміз біз ол жерде? Қой бағамыз ба? Ғарышты дамыта­тын, игілігімізге жарататын, ғылыми тұр­ғыда жаңалықтар ашып, зерттей алатын мамандарымыз жоқ жерде ғарыш айлағынан еш пайда жоқ. Біз осы уақытқа дейін уақытты ұттырмай маман дайындауға көңіл бөлуіміз керек еді. Кезінде бізде мықты-мық­ты мамандар болды. Академик Сұл­тан­ғазин осы мақсатқа бар күшін са­лып, «бәріміз бірігейік, маман дайын­дайық» деп тырысты. Ресейден мық­ты академиктер келді. Кезінде үлкен зымырандарды дайындауға атсалыс­қан ғалымдар Отанын тастап бізге келді. Сол кездерде соны өз игілігі­міз­ге сай жаратып, пайдаланып қа­луы­мыз керек еді. Біз бұл мүмкін­дікті пайдалана алмадық. Керекті адам­дар­ды әкеліп, тиісті адамдармен де таныстырып, бірігіп ғарышты игеру, ма­мандар дайындау мәселесін көп айттым. Бірақ құлақ асқан ешкім бол­мады. Мен ол кездері еліміздегі ал­ғаш Ұлттық ғарыш агенттігін құрып, бас­қарып жүрген едім. Сосын арыз жазып, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Менен кейін ол жерді басқаруға біраз азаматтар келді. Олар сол кездері Байқоңырдың жан-жағындағылар не істеп жатқанын бақылап қана отыр­ды. Кейін Талғат Мұсабаев басқарға­лы біраз жұмыстар атқарылды, әлі де болса жасалып жатыр. Бірақ бас са­лып Байқоңырды қайтарып алайық, өзіміз игерейік деген секілді сөздер айту дұрыс емес. Бұл сөздер екі мем­ле­кетті араздастырады. Сондықтан дәл қазір бізге Байқоңырды қайтарып алайық деп даурығудан гөрі ақырын­дап өз мамандарымызды дайындап, ғарышты игеруге лайық әлеуетімізді арттыруға күш салуымыз керек. Біз осы сәтті пайдаланып, өз мүмкінді­гі­мізді арттыруға тырысуымыз керек.
– Қазір Ресей өзінің ғарыш ай­лағын салып жатыр. Демек, алда-жал­да олар кетіп қалса, Бай­қо­ңыр­ды өзіміз игере алмаймыз ғой?
– Жоқ, біз өзіміз ғарышты игере ал­маймыз. Ғарышты игеру бюджеті біз­дің мемлекеттің де бюджетінен үлкен. Ондай қаражатты біз таба ал­маймыз. Бұл – ең бірінші мәселе. Американың осы мақсаттағы, яғни НАСА-ның бюд­жеті 250 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайды. Бұл қаржы тұрақты емес, ұдайы өсіп, өзгеріп оты­рады. Мұндай қаражатты табу оңай емес. Ғарышты игеруді біздің қал­тамыз да көтермейді. Маманда­ры­мыз да жоқ. Ғарышты игеру үшін жал­ғыз мемлекет ештеңе істей ал­май­ды. Осы орайда мен әлі де болса үлкен халықаралық орталық құрып, ғарышты игеру үшін бірнеше мем­лекет қосылып, мықты ғалым­дары­ның басын қосып, қаржысын да ор­тақ салу керек деп ойлаймын. Сон­да ғана үлкен нәтижелерге жетуге бола­ды. Ресей, Қытай секілді елдер­дің бюд­жеті қомақты болғаннан кейін ға­рышты жалғыз мемлекет болып иге­ре алуы мүмкін. Ал бізге басқа елдермен бірігіп әрекет ету керек.
– Осы орайда айта кетер жайт, ғылыми тұрғыда дайын тұрған мамандарымыз болмаса да, талапқа сай ғарышкерлеріміз бар ғой. Ендеше, қазақ ғарышкерлері неге ұшпай жатыр? Қайбір жылы Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтер ұшатын болып, бірнеше рет кейінге шегеріліп, ақыры ұшпай қалды...
– Қазақтың ғарышкерлері неге ұшпай жатқанына мен де таңғаламын. Осы мәселеге орай өзім де біраз жұ­мыс­тар жасадым. Мұхтар Аймаха­нов­ты ғарышқа ұшыруға қолымнан келгенше тырыстым. Біздің ғарыш­кер­лерді ғарышқа жіберуге 5-ақ мил­лион доллар керек болды. Бы­ла­йынша айтқанда, бұл үлкен қаржы кө­рінгенімен, ғарышкерлерімізді ұшы­ру үшін соншалықты көп емес. Сол жылы Есеп комитеті бюджеттің 80 миллион долларының қайда кетіп қалғанын білмей басы қатты. Ал ға­рыш­керлеріміз 5-ақ миллион доллар таппай ұша алмай қалды. Мен сол кездері Ресей тарапының ғарыш са­ла­сының басшыларымен сөйлеске­нім­де, «біз енді басқа адамды жібере алмаймыз, ол үшін үлкен қаржы ке­рек. Ғарышкерлер дайындау керек. Ол уақыт алады. Сондықтан дайын тұр­ған ғарышкерлер Ресей елінің азамат­тығын алса, қажетті қаржы бөлініп, ғарышқа да ұша берер еді. Біз одан ұтамыз. Ғарышкерлер да­йын­дау үшін ақша шығарып жүрмей­міз. Дайын тұрған ғарышкерлер кете бе­рер еді» деді. Мұхтар Аймаханов Ресей елінің азаматтығын алуға келіс­ті. Бірақ біздікілердің бәрі оған қарсы шықты. Алдағы уақытта мүмкіндік бол­са, осы мәселені көтеріп, жалпы, ғарыш саласындағы бүгінгі күнгі мә­се­лелерді айтып, Елбасының қабыл­дауына кіргім келеді.
– Аға, ғарыш, ғарыш дегенмен қарапайым халық ғарышты иге­ру­дің елімізге қаншалықты пай­дасы бар екенін түсіне бермейді. Осы орайда ғарышты дамытудың пайдасы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.
– Ғарышты игерудің пайдасы ұшан-теңіз. Жалпы, ақсақ кісіге жүгір­геннің пайдасы жоқ, екі аяғын тең басқан кісі ғана жүгіре алады, жүгір­ге­нінің пайдасын да көре алады. Сол секілді ғарышты игеруге барлық мүм­кіндігіміз болса, одан үлкен пайда көруге болады. Осы орайда айта кетер жайт – біздің ғылым саласы өте төменгі деңгейде жатыр. Экономика саласында алға дамушы­лық бар. Бізге ғарышты дамыту үшін ғылым саласын дамыту керек. Жал­пы, ға­рыш­тың пайдасын болашақта көре­міз. Дүниежүзі бойынша бірша­ма уақыттан соң мұнай да, газ да, табиғи байлықтар да бітеді. Сонда халық қалай күн көреді? Сонда біздің күніміз ғарышқа түсуі мүмкін. Ғарышқа ба­рып сонда тұрамыз ба, жоқ әлде сол жақтан осында тасимыз ба, соның бәріне біз бүгіннен бастап бас ауыртуымыз керек. Ғарышты ер­терек игерсек, жерімізді де халыққа аман сақтап қалар едік. Біздің жа­ра­тылы­сымызға, жалпы, Күннің жан­ға­нына 15 миллион жыл болды. Ал Күн­нен де ұзақ жыл жанып келе жат­қан жұл­дыздар бар. Егер солардың барлығын зерттеп кәдемізге асыра білсек, адамзаттық міндетімізді орын­­даға­нымыз болар еді. Соның бәрін бізге білу керек, түсіну керек. Сондай-ақ ғарышта шығарылған дәрі өте пай­далы көрінеді. Біз осыған да зерт­теу жасап көрдік. Қазір, мәселен, дә­рі­лер бір ағзамызды емдесе, басқа бір жерімізге кері әсерін тигізіп жата­ды. Ал ғарышта жасалған дәрі жүрек­тің дәрісі болса, тек сол жүрекке ғана әсер етеді екен. Сондықтан сол жақ­тан зертхана ашып, дәрі жасауға ұм­тылуымыз керек. Қазір осы мақсатта жұ­мыстар жасалып жатыр. Кезінде инсулинді ғарышта жасау мақсатында көп жұмыстар атқардық. Бірақ АҚШ бізге мүмкіндік бермеді. Бізді өздері­нің алдына түсіп кетеді деп қорықты. Ғалымдар ғарышта дәрі жасап, зерт­теу жүргізетін жерсерігін жасады. Неге ол жақта дәрі жақсы жасалады? Мәселен, адам денесіндегі майда жа­сушалардың көлемі жердің тарту кү­ші­нің әсерінен қисық тор болып тұра­ды. Ал ғарышта кристалдық торшалар түп-түзу болып тұрады. Өйткені ол жақ­та жердің тартылыс күші жоқ. Сосын алып келген дәрінің сапасы жо­ғары күйінде қалады, артық үде­ріс­тер орын алмайды. Жасалған дәрі дәрі күйінде қалады. Еш өзгеріске түспейді. Сондай-ақ бүгінгі күні ұялы телефон пайдаланып, теледидар кө­ріп, дүниенің әр қиырымен сол сәтте хабар алысып жүргеніміз де ғарыш­тың арқасы. Ұшырылған жерсерігі мына стансыдан дыбыстық белгіні алып, ана стансыға береді. Қазір кез кел­ген елдің арнасын басқа бір елдің тамашалауына да мүмкіндік жасал­ған. Яғни ғарышты игеру арқылы біз әлем­нің дамуына жағдай жасап жатырмыз.
Осы орайда айта кетер жайт, біз көптеген аударылуы қажет емес ха­лықаралық терминдерді аударып тас­тадық. Халықаралық терминдер­дің аударылмайтын да кездері бола­ды. Егер халықаралық терминдер ауда­рылмайтын болса, ол көп нәр­сеге жеңілдік әкеледі. Мысалы, рокет деген сөз бар. Ол дүниежүзінде рокет деп қолданылады. Ал біз зымыран деп аударып тастадық. Бір кездері оның аудармасы, тіпті сорақы болып аударылды. Сол ғалымдарымыз әп-әдемі тұрған терминдерді аудара бер­генше, ғылыми тұрғыда нақты нә­ти­жеге бағдарланған ғылыми жаңа­лық­тар ашуға күш салса ғой, шіркін. Ғалым атанып жүрген ғалымдарымыз көп, бірақ ғылыми жаңалық ашып, қо­ғамға қандай да бір жаңалығымен пайдасын тигізіп жатқан ғалымдар жоқ­тың қасы. Ғылыми тұрғыда бірде­ңе ойлап таба алдық па? Ендігі жерде тек осыған назар аударуымыз керек.
– Ғарышты дамыту үшін не іс­те­уіміз керек?
Ең алдымен, мамандарымызды даяр­лауымыз керек. Мықты ғылыми мамандарымызды жасақтап алуымыз керек. Ғылыми тұрғыда ғарышты иге­ру­ге күш салуымыз қажет. Барлық сала бойынша ғылымды дамытуымыз керек. Техника, технологияларымыз да қалыс қалмауы керек. Өйткені тех­ни­касыз ғарыш болмайды. Балалары­мыз компьютерді игергенімен, одан әрі оның қалай жасалғанынан, ішінде не бар екенінен, клавиатура астын­да­ғы мыңдаған тетіктердің қызметінен хабарсыз. Қазір барлық технология­мыз шетелдікі. Тұрмыстық техника­ның да барлығын шетелден тасып отыр­мыз. Теледидар қалай жұмыс істеп тұрғанын балаларымыз ұқпай­ды. Тек пульттің тетігін бассаң, қосы­ла­ты­нын ғана біледі. Мәселен, теле­дидардың басқа түрін ойлап табу үшін мына шетелдің теледидарының қа­лай жасалғанын, қалай жұмыс іс­теп тұрғанын түсінуіміз керек. Алдағы уақытта техниканы игермесек, шетел­дің қымбат өніміне телміріп қаламыз. Расында да, осы уақытқа дейін еш­теңе өндірген жоқпыз, тек басқалар­дың жасап бергенін құрастырып жа­тыр­мыз. Оның өзінде «мына бұранда­ны мында әкеліп тық та, бұра» дейді. Соны бұрап құрастырғанымызға, жи­на­ғанымызға мәзбіз. Ал оның ішінде не болып жатқанын білмейміз. Мы­рыш, темір, шойын, берилий, алтын, кү­міс, уран, Менделеевтің кестесін­дегі бүкіл элемент бізде бар. Тіпті олар­ды неге пайдалану керек екенін де білмейміз. Мәселен, біз­де бір грамы 250 мың доллар тұратын ме­талл бар. Бірақ соның қадірін түсініп отыр­ға­нымыз жоқ.
– Қазіргі таңда ауа райының бұ­зылуын ғарыш кемелерінің ұшуы­мен ұштастырып жатады. Бұл сөз қаншалықты негізді? Ға­рыш­қа құштарлықтың экологияға зияны бар ма?
– Әрине, экологияға зияны бо­ла­ды. Сіз туған сәттен бастап эколо­гия­ға өз зияныңызды тигізіп отыр­сыз. Дем алып, ауа жұту арқылы от­те­гіні жағып отырсыз. Сол секілді біздің әрбір әре­кетіміздің экология­ға кері әсері бар.
– Ұлттың №1 мәселесі деп нені атар едіңіз?
– Ең үлкен ұлттық мәселе патриот­тық тәрбиенің кемшін түсіп жатқаны дер едім. Бізге патриоттық рухты ояту керек. Бұрынғыдай емес, қазақтар қа­зақша сөйлеп, қазақылығын сақ­тап, салт-дәстүрін ұстанып, қазақ бо­лып келе жатыр. Бірақ қалада туып, қалада өсіп, қолына байлық тиген қазақтар үшін қазақ тілі тіл емес. Ең алдымен, ағылшын тілін игеруді ой­лайды. Ағылшын тілін біліп алса ел­ден кетуді ойлайды. Тапқан-таян­ға­нын сол жаққа тасып, сол жақта шал­қып өмір сүруді қалайды. Елін сүйген, мемлекетін құрметтеген адам өзге елде көгеруді емес, өз елін көгертуді ойлауы керек. Елден ақшаны сыртқа тасуды емес, сырттан үйренгенін өз елі­не әкеліп кәдеге асыруды ойлап тұруы тиіс. Осындайда бізге патриот­тық рух жетіспей жатқанын түсінген­дей боламын. Сондықтан баласына патриоттық тәрбие беру әрбір ата-ананың бірінші міндеті болуы керек. Екіншіден, патриоттық тәрбиені мем­лекеттік бағдарлама болмаса, дамы­ту, халқымыздың бойына сіңіру мүм­кін емес. Патриоттық рухы кем ел еш­қа­шан мықты мемлекет бола ал­май­ды. Халық өз елін сүймесе, қалай мықты мемлекет құруға болады, айтыңызшы?! Ұлттық ерекшеліктерді көрсетіп, ұлтын көрсету үшін халық мем­лекет құрады. Ол үшін патриоттық рух керек. Әйтпесе ұлт мемлекет ре­тінде сақталып қала алмайды. Сон­дай-ақ бізге рухты оятатын әндер ке­рек. Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қа­зақстаным» әнін ең алғаш Әнұран ретінде орындалуына мен атсалысқан едім. 2003 жылы Мәжіліс депутат­ты­ғына өткен кезде Қызылорданың ста­дионына бүкіл халық жиналды. Со­дан осы әнді айтайық дедім. «Сіз бас­тайсыз ба?» деді жан-жағымдағылар. Айтамын дедім. Сол кезде менің ұра­ным болған – осы ән. Халық тік тұрып қосылды. Біраздан соң осы ән еліміз­дің Әнұранына айналды.
– Аузыңыз дуалы болып тұр ғой?!.
– Жоқ, менің ғана қалауым емес, ол әннің халықтың көңілінен шығып, жүрегінен орын алғандығынан солай болып тұр.
– Балаларыңыздың ішінде ізіңізді қуғандары бар ма?
– Жоқ, олар өздеріне өздері жол салды. Үлкенім ата-бабасының жо­лын қуды. Қазір мал шаруашылы­ғы­мен айналысады. Екінші балам Сырт­қы істер министрлігінде елші болып жұмыс істейді. Сөйтіп, өздері қалаған салаларында еңбек етіп жүр. Үлкенім  – мүлдем ақылды бала. Төртінші сынып оқып жүргенінде үйге келмей, Мәс­кеу­де жүрген маған қоңырау шал­ды. Қатты қапаланып тұр. Не болды де­сем «төрт алып қалдым» дейді.
– Қазір енді немен айналысып жүрсіз?
– «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі­мін. Және Тұран Астана университе­тін­де сабақ беремін.

Алашқа айтар датым...
Халықтың бойында патриоттық рух қалыптастыратын, патриоттық сезімін оятатын арнайы патриоттық туралы жалпыұлттық мемлекеттік бағдарлама қабылданса екен деймін. Біздің ұлтымыз ерекше ұлт. Мұны айтудан ұялмауымыз керек. Мен қазақ болып туғаныма қуанамын. Әрбір қазақ қазақ болып туғанына мақтануы керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста