Елімізде лимфология саласымен шұғылданатын зерттеу орталықтары жоқтың қасы
Нұркен Мырзаханұлы, биология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі:
– Әңгімемізді жыл сайын дүниежүзін кезек-кезек дүр сілкіндіріп отыратын ғаламдық індеттерден бастасақ. Бұрын құс тұмауы, кейін шошқа тұмауы, А типті пневмония, одан кейін Тәжікстаннан шыққан полиомиелит, Гаитиден тараған тырысқақ, осылай санамалай берсек, жалғасып кете береді. Індетпен бірге оның қауесет-дақпырты да әлемді жайлап жүреді. Мәселен, «осындай аурулардың қоздырғышын әлдеқандай микробиолог ғалымдар өздері ойлап табады» деседі. Мұндағы мақсат дүниені дүрліктіре отырып, ауруларға қарсы жаңа вакциналарға сұранысты арттыру болуы мүмкін. Шошқа тұмауы сияқты індеттер өршіген кезде, сізге де осындай ойлар келді ме?
– Әрине, көбіне жаңсақ сөздер жиі айтылып жататыны рас. Мен ғалым ретінде қаңқу сөздерге бой алдырмаймын. Мұндай нәрсеге нақты ғылыми дәлел керек. Бүгінге дейін ғаламдық індеттерге қатысты айтылған қауесеттер ешқандай айғақтармен дәлелденген жоқ. Демек, анықталмаған нәрсе – жалған. Ал, жалпы, жұқпалы аурулардың таралу мүмкіндігінің жылдан-жылға артып келе жатқаны – ақиқат. Себебі қазір түрлі елдердің толассыз байланысы арта түсті. Бұрын өзге елдің шекарасынан өту қиынның қиыны болатын. Ал қазір Еуропа халқы бір-бірімен емін-еркін қатынас жасап жатыр. Қазақстандықтар да көптеген елмен тығыз араласып отыр. Кейінгі кезеңдерде пайда болған тағы бір үрдіс – урбанизация. Халық ауылдан қалаға ағылып көшіп жатыр. Қалалық жерлерге халықтың шоғырлануы өте жоғары болып тұр. Әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда, тіпті кейбір елде бір қалада тұратын халықтың саны сол қаланың тұрмыстық-экономикалық мүмкіндіктерінен асып кетеді. Бұл жағдай – жұқпалы аурулардың таралуына бірден-бір себеп. Жаңадан байып келе жатқан елдер де жұқпалы аурулардың өршуіне жағдай туғызады. Мәселен, мұндай елдердегі жарнамасы күшті өнімдер мен басқа да арзан әрі тың дүниелерге өзге елдер халқы, әсіресе жастар тарапынан қызығушылық артып, бұл өз кезегінде түрлі ауру жұқтыруға себеп болып жатады. Бірақ уақыт өте келе бізде биік талғам қалыптасады деп ойлаймын. Бір нәрсе алсақ та, бірегейін алуға тырысатын боламыз. Келешекте тағамды да талғап жеп, әлдебір нәрсеге көзсіз ұрынып қалудан аулақ боламыз деп сенемін. Шетелге демалуға шыққан кезде де беймәлім нәрселерден сақ болған жөн.
– Сонымен, сіз құс тұмауы, шошқа тұмауы дегендерді қолдан жасалған байбаламдармен байланыстырмайсыз ғой?
– Байланыстырмаймын. Бұл – жай қауесет емес, бар нәрсе. Сондықтан біздің медициналық, ветеринарлық қызмет орындары жақсы жұмыс істеуі қажет. Қазір олардың жұмысына қатысты кілтипан жоқ. Олар елімізге сырттан күмәнді өнім келіп жатса, бірден тоқтау салып отыр. Елдегі жағдайды реттеп алмайынша, ондай тауарлардың келуіне жол бермейді. Құдайға шүкір, әзірше еліміз әлемді дүрліктірген індеттерден аман. Әлбетте, пиардың түр-түрі бар, қара пиар деген бар. Менің ойымша, дәл қазіргі кезеңде біздің елдің байсалды дамып келе жатқаны әлемдік қауымдастық мүшелерінің бәріне бірдей ұнап тұрған жоқ. Кейбір мемлекеттердің арасында біздің жетістіктерімізді жақсы көрмей, «әй, осылардан бір ши шығып қалса екен» деген теріс пиғылдардың болуы да ықтимал. Соның әсерінен бізде қайсыбір ауру түрлері тіркеліп жатса, түймедейді түйедей етушілер де табылады. Бұған қоса қазіргі мезгілде дәрі өндірісі ғажап бизнес болып алды. Қолдан құрамында дәрілік мәні жоқ заттарды жасап, біздің елімізге әкеліп, керемет дүниедей насихаттап жүргендер баршылық. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді бірізді етті. Дәрілерді сатумен арнаулы кәсіпорындар ғана айналысып, адам денсаулығы үшін солар жауап беретін болды. Бұл жайт халықтың жұқпалы аурулар жұқтырып алудан, дәрілік қасиеті жоқ жалған дүниелерден қорғайды деп ойлаймын.
– Мені таңғалдыратыны – әлемде жыл сайын бір «эпидемиологиялық жаңалық» ашылып жататындығы. Бір жылы құс тұмауы болса, келесі жылы шошқа, одан кейін басқа бір ауру «сәнге» айналады... Мұның сыры неде?
– Ол рас. Эпидемиологиялық процестің өзінің белгілі бір заңдылықтары болады. Мысалы, ауа райы, атмосфералық қысым, ылғалдылық тағы басқа факторларға байланысты әртүрлі инфекция әрқилы дамиды. Бұған күмән келтіруге болмайды. Бір жылдары құс тұмауының дамуына қолайлы жағдай жасалуы ықтимал. Ал келесі бір жыл шошқа тұмауының өршу кезеңіне сәйкес келуі мүмкін. Аурудың сыртқы ортаның ықпалына қарай дамуы – ғылымда дәлелденген нәрсе. Сол себепті өткен жылдары бізге белгілі болған індеттерді біреудің қолдан жасап таратқан ауруы деуге келмейді, оған негіз жоқ. Әлдекім вирусты қолдан тәрбиелеп, дамытып, таратайын десе де, ол бұған көнбейді, оның өз даму заңдылығы бар. Соның ішінде қасақана таратылған вирустың өзі әлемдік деңгейді қамтып кете алмайды. Өйткені әр эпидемиологиялық процестің өз даму жолы бар. Сол сияқты өршіген жұқпалы инфекцияның бетін қанша қайтарамыз десек те, оның таралуы өзінің бәсеңситін уақыты келген кезде ғана тоқтайды.
– Былтыр Батыс Қазақстан облысында Жайық алабы киігінің жаппай қырылғаны белгілі. «Індетке себеп болған жайт – пастереллез ауруы» делінді. Бұл оқиғаның себеп-салдарын сіз қалай топшыладыңыз?
– Киік даланың құланы сияқты аң ғой. Олардың өзінің көші-қон бағыттары болады. Кейінгі кезде еліміздің аумағында мұнай құбырлары тартылып, басқа да өндірістік құрылымдар дамып жатыр. Міне, мұндай жағдайлар киіктердің генетикасында бар көшіп-қону бағыттарының кесіліп қалуына себеп болды. Киіктер әлдебір тығырыққа тіреліп қалды. Бүгінде еліміздегі бүкіл киік атаулының Батыс Қазақстанға тығылып қалғаны сондықтан. Бұл олардың өмір сүру жағдайларына кедергі келтіріп, түрлі аурулардың туындауына себеп болады. Ал пастереллез – кенеттен өршіп кететін ауру. Егер киіктер тығыз шоғырланбағанда және өңірде су көздері азаймағанда, індет бұлайша өршімес те еді. Екіншіден, тек қана адамдарда ғана емес, жануарларда да психологиялық күйзелістер болады. Жайық бойы киігі осындай күйзеліске ұшырап, адамдар сияқты алдын ала болжайтын қасиеті болмағандықтан, тек қана инстинктпен жүріп, түрлі жағдайға ұрынып қалды ма, кім білсін?! Жемейтін шөбін жеп қойған болар немесе көші-қон бағыттары бұзылғандықтан, қалалық аймақтарға дейін кіріп кетіп, ауру қоздырғыштарын сол жерлерден жұқтырып алуы да мүмкін.
– Былтыр климаттық өзгерістердің әсерінен еліміздің кейбір аймағында алма, шие ағаштары көктем мен күзде екі рет гүлдеп, бір жерлерде аптап жаз ортасында бәйшешек пайда болды. Қостанай облысында қарлығаштар жылы жаққа ұшпай, балапан басып қалды. Бұл құбылыс туралы не айтасыз?
– Кейінгі кезде жалпы табиғат қатты өзгеріске ұшырады. Антарктида, Арктика сияқты үлкен мұздақтарымыз еріп жатыр. Ал құрлықтарымызда су құрғап, тұздардың көтерілуі байқалады. Сіз айтқан құбылыстар – осының тікелей әсері. Мұндай жағдайлар жаратылыста бұрын да болған. 50-60 жыл бұрын да жаз кезінде қар жауып, керісінше, қыс кезінде күннің шыжып тұрған сәттері кездескен. Меніңше, бұған апат деп қарамау қажет, әлемдік табиғатта қайталанып тұратын қалыпты құбылыс деп қарау керек сияқты. Мысалы, мына Арал теңізінің деңгейі біз білетін дәуірден бері екі рет көтеріліп, екі рет төмендеген. Қазір теңіз деңгейі қайта жоғарылап жатқан көрінеді. Біз Аралды толтыратындай шаруа істеген жоқпыз, бұл – табиғаттың өзінің дамуы, табиғи жолмен қалпына келуі. Сол сияқты жан-жануарлар арасында да өз реттелуі болады. Бұл – адамның емес, Алла тағаланың әрекетімен болатын құбылыс.
– Сіздің «Мысықтың маңдай қуысы құрылымының ерекшеліктері» деген еңбегіңіз бар екен. Тақырыбы қызықты көрінеді. Бүгінде әлемнің көптеген ғалымы осы «ит ақылды ма, мысық ақылды ма?» деген сұраққа бас қатырып жүр ғой. Әрбір үйден табылатын бұл жануардың психологиялық ерекшеліктері қандай екен? Сіз жасаған зерттеу халқымыздың мысыққа қатысты айтатын сөздерімен қаншалықты жанасты?
– Мен, әрине, мысықтың психологиясымен емес, оның маңдай қуысындағы температураны көтеруге немесе төмендетуге байланысты жануарлардың лимфа ағынын зерттеген болатынмын. Бұл жалпы температуралық гомеостаздың қалыптасуын ұғуға мүмкіндік береді. Қан мен лимфа ағыны денеде температураның алмасуына тікелей әсер етеді. Ал мысықтың кейбір табиғи құбылыстарды сезіп білуі өте жоғары. Мысалы, олар магнит өрісінің жағымды жерлерін, адам психологиясы мен көңіл күйіне жағымды әсер ететін ортаны немесе жер сілкінуден 10-15 минут бұрын қауіптің болатынын ескерте алады. Менің еңбегімде осы және басқа да қызықты жайттар айтылды.
– Сізге екі қазақ ғалымының біріне беріле бермейтін халықаралық «Кәсібім - өмірім» сыйлығы бұйырыпты. Бұған қандай ғылыми еңбегіңіз арқылы қол жеткіздіңіз? Қолыңызға былтыр тиген «Сократ» халықаралық сыйлығы ше?
– Бұл сыйлық «Медицина және биология ғылымының дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін» аталымы бойынша берілді. Рас айтасың, мұндай атақ басқа қазақстандық ғалымдарда жоқ. Мен оны әлемде 374-інші болып иелендім. Осы сыйлықтан кейін менің еңбектерім, зерттеу мақалаларым ғаламтор арқылы әлемге кеңінен тарады. Былтырғы мамыр айында маған Лондоннан «сізді Оксфорд университеті «Сократ» сыйлығына ұсынады» деген хабар келді. Еңбектерімді саралаған 56 елдің ғалымдары ондағы үш тармақты жаңалық деп бағалап отыр: біріншісі – малдың ағзасындағы сөл алмасудың реттелісі, екіншісі – лимфа түйіндерінің жиырылу қасиеті, үшіншісі – эдукология, яғни білім туралы білімді дамытуға қосқан еңбектерім. Маусымның 3-і күні мен «Сократ» сыйлығын алып келдім. Соған тәубе деп отырғанда, тағы бір қызық болды. Тамыздың орта тұсында Вена қаласынан маған және бір хабарлама келді. Онда «сізге ғылыми еңбектеріңіздің қорытындысы бойынша «Халықаралық Вена университетінің құрметті профессоры» атағы беріледі» делінген. Кеңес дәуірі кезінде мұндай атаққа Одақтан бір ғана адам ие болған екен. Енді, міне, Тәуелсіз Қазақстан бойынша Еуропаның жоғары оқу орындарында халықаралық дәрістер оқу мүмкіндігі маған беріліп отыр. Мен физиология ғылымының лимфология саласы бойынша зерттеумен шұғылданамын. Жұртшылыққа ұғынықты болу үшін айта кетейін, адам ағзасында қан айналымы сияқты сөл тамырларының да жүйесі болады. Оның көлемі де сол қанның көлеміне жақын. Сөл тамырлары ағзада сөл бездері арқылы бөлініп, айналысқа түсіп отырады. Мен сөл бездерінің жиырылу қасиетін анықтадым. Соның нәтижесінде ғылымда сөл тасымалдау жүйесіне қатысты жаңа тұғырнама түздім. Бұл тұғырнаманың мәнін қысқаша айтып өтер болсам, мынадай: біздің денемізде жүрек қанды қуалап тұратын болса, лимфа түйіндері жиырылу арқылы лимфаны қуалап, қанға қайтарып отырады. Бұл жүйе әсіресе адамның өсіп келе жатқан жас кезеңінде қатты дамиды. Адам есейе келе, бұл жүйе де қартайып, қызметі азаяды. Кәрі адамдардың терісі етіне жабысып, кеуіп қалатыны сол. Мен бұл жүйенің қызметін анықтап қана қойған жоқпын, осыны қалай реттеуге, қажет жағдайда қалай басқаруға болатынын зерттедім.
– Яғни сіздің бұл жаңалығыңызды жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге қолдануға болады десеңізші?!
– Дұрыс айтасың. Қазіргі жағдайда қоршаған орта, ауа ластанған. Біз тыныс алғанда, тамақ ішкенде денемізге қажетті заттармен қоса, көптеген зиянды заттар да кіреді. Мұндай қажетсіз заттар біздің жасушааралық кеңістігіміздің бәрін жаулап алады. Осының әсерінен жасушалардың қажетті қоректік заттарды қабылдау, зат алмасу мүмкіндігі төмендейді. Ішкі орта кір болса, ішкен тамағымыз да бойға сіңбейді, тәбетіміз нашарлап, ішкен-жегеніміз сыртқа шығады немесе басқалай өзгерістерге ұшырайды, іріп-шіруі де мүмкін. Бұдан органдарымыздың қызметі де саябырсиды. Мұндайда адамды емдеу үшін дәрінің екі-үш есе мөлшерін артығымен жұмсауға, яғни адамды дәрімен улауға тура келеді. Ал біздің ұсынысымыз бойынша, алдымен жасушааралық кеңістігіне лас заттар толған адамның ішкі ортасын әбден тазалап алу керек. Содан кейін барып емдеу қажет. Сонда ғана ем қонымды әрі ағзаға зиянсыз болады. Бұл – күрделі де қызық дүние. Ішкі ортамыз тазаланып, сауықса, ағзаның сезгіштігі артады, ол өзіне не керегін жақсы игереді. Демек, жеген асымыз бойымызға жақсы сіңетін болады, мұның басқа да жақсы әсерлері болады. Ресей Федерациясында мұндай емдеу әдісі тәжірибеге толықтай енгізілген. Олардың Думасы кез келген науқасты оның ішкі ортасын тазалап алмайынша емдемеу қажеттігі жөнінде арнайы қаулы да қабылдады.
– Нұркен Мырзаханұлы, шынымен де, лимфология деген ғылымның қызықты саласы екен. Ал бұл салаға жас мамандардың келуі қалай? Еңбектеріңізді жалғастырып, келешекке жеткізер ізбасарларыңыз бар ма?
– Ізбасарларым бар деп айтуға тиіспін. Тоқырау кезеңінде жастардың оқуға деген көзқарасы төмендеп кеткен болатын. Оның ішінде магистратура, аспирантураға түсу төмендеп кетті. Қазір, Құдайға шүкір, тұрмыс түзеліп келеді. Жастардың көзі ашылып келе жатыр. Олардың әлемдегі неше түрлі оқыту бағдарламаларын игеруге қызығушылығы арта бастады. Қазір өзімнің қарамағымда үш магистр оқып жүр. Тілім тасқа, қазіргі жастардың ынтасы жоғары, өздеріне қажет білімді алуына жол да ашық. Біздің Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология-география факультеті де осы саланың мамандарын үш деңгейде даярлауға өз үлесін қосып жатыр. Ал тікелей лимфология саласымен шұғылданатын зерттеу орталықтары елімізде жоқтың қасы. Алматыдағы Адам және жануарлар физиологиясы институтында осы саланы зерттеп, Кеңес Одағына әйгілі болған мамандар жұмыс істейді. Бұл институт «Лимфология ілімінің Меккесі» деп те аталады. Бірақ ол маман даярламайды, бұл жағынан Қарағанды университеті жалғыз.
– Ғылыми ізденістеріңізге табыс тілеймін, рақмет!
Алашқа айтар датым...
Қазіргі жағдайда қоршаған орта, ауа ластанған. Біз тыныс алғанда, тамақ ішкенде денемізге қажетті заттармен қоса, көптеген зиянды заттар да кіреді. Мұндай қажетсіз заттар біздің жасушааралық кеңістігіміздің бәрін жаулап алады. Осының әсерінен жасушалардың қажетті қоректік заттарды қабылдау, зат алмасу мүмкіндігі төмендейді. Ішкі орта кір болса, ішкен тамағымыз да бойға сіңбейді, тәбетіміз нашарлап, ішкен-жегеніміз сыртқа шығады немесе басқалай өзгерістерге ұшырайды, іріп-шіруі де мүмкін. Бұдан органдарымыздың қызметі де саябырсиды. Мұндайда адамды емдеу үшін дәрінің екі-үш есе мөлшерін артығымен жұмсауға, яғни адамды дәрімен улауға тура келеді. Ал біздің ұсынысымыз бойынша, алдымен жасушааралық кеңістігіне лас заттар толған адамның ішкі ортасын әбден тазалап алу керек.