Ел бірлігінің ұлы өзегі мемлекет Тәуелсіздігі болуы тиіс!

Ел бірлігінің ұлы өзегі мемлекет Тәуелсіздігі болуы тиіс!

Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

– Ералы Тоғжанұлы! Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы 15 жасқа толып отыр. Ендеше, еліміздегі бірегей институттың саяси беделі туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстан халқы Ассамблеясының сая­си беделіне, оның көтерген жүгіне тоқ­тамас бұрын, сол институттың қалыптасу тарихына үңілу қажет деп ойлаймын. Ассам­блея бір күнде немесе бір жылдың айналасында пайда болған құрылым емес. Бүгінгі дүниедегі өзгерістердің өзі әлемдегі көпэтникалық мемлекеттің қай-қайсысына да терең ойланып, нәзік саясат ұстануды талап етуде. Кез келген мемлекетте ұлтара­лық татулықсыз тұрақтылықтың болмайты­нына көз жетіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, тұрақтылықты сақтаудың, орнықтылықты ұстап тұрудың әртүрлі жүйесі, қолданылатын неше түрлі жолдары да баршылық. Бұл төңіректе Еуропа мемлекеттерін де, Азия елдерін де мысалға алуға болады. Алайда көпэтносты мемлекеттер арасындағы тұ­рақ­тылық мәселесінде әлгіндей мемлекет­тердің қай-қайсысының да тұтынған нұс­қасы Қазақстанға еш келмейтіні белгілі еді. Бұл ретте көпэтностық мемлекеттердегі тұрақтылық мәселесін жалпылама тұрғы­дан алып қарастыруға да болатын шығар. Алайда бір жерді мекендейтін түрлі этнос­тарды ортақ идеяға жұмылдыру үшін оның тарихи тұғырына, жергілікті ұлттың салт-дәстүріне, мемлекеттік құрылымына, қа­лып­тасу жолдарына назар аудармай бол­майды. Бұдан бөлек, әрбір елдің өзіндік мен­талитеті бар. Сондықтан да этнос ара­сын­дағы татулықта, ең алдымен, өз ішінде қайнап, пісіп жетілген құрылым болмаса, басқалай жүйені қазақ даласына әкеп енгіземіз деген бос әңгіме болатын еді. Этносаралық татулықты ту ететін институтты құру барысында қазаққа тән, оның салтына, дәстүріне бойлай алатын үлгісі керек бола­тын. Сондықтан да Қазақстан Тәуелсіздігінің ең алғашқы сәтінен күн тәртібіне қойылған мәселе тұрақтылық болса, оның негізгі өзегін құраған этносаралық қарым-қатынас пен конфессияаралық байланыс болды.
Екіншіден, Қазақстанның көпэтносты мемлекет болып қалыптасуына да бірқатар факторлар әсер еткені белгілі. Кеңес Ода­ғына дейін елімізде 30-ға тарта этнос өкіл­дері болды. Кейін сталиндік зұлматтың сал­дарынан қазақ даласына 62-ден астам түрлі этнос өкілдері қосылды. Онда да қазақтың ерекше менталитеті рөл атқарып, бөтен жұрт өкілдерін өгейсіткен жоқ. Нәу­бет жылдарында этностардың басына түс­кен трагедия түрлі этностағы жұрттың қарым-қатынастарына, түсіністігіне үлкен әсер етіп, зұлматты бірге көтеруіне септігін тигізді. Түрлі этнос арасында бірліктің болуы арқылы этносаралық татулық жолы айқындалды. Қазір көрініс тапқан халықтар достығы сол кездің өзінде іргетас болып қаланған еді. Яғни қасаң заманда қазақ жерінде қалыптасқан құндылықтар мен бүгінгі елдік бірлік пен татулықтың арасын­да байланыс бар. Қазір «толеранттық сана сезім» деп те айтамыз. Бұл сөздің негізінде сенім ғана емес, өзара сыйластық, құрмет пен қолдау жатыр.
Осындай тарихи жағдайлар ескеріле отырып, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға бастама жасады. Бұл Тәуелсіздіктің төртінші жылы ғана еді. Ол уақытта елдің сыртынан да, ішінен де «Қазақстан – этносаралық кикіл­жің ошағы» дегенге саятын арандатулар болып жатты. Алайда халықтың күш-жігері сондай негізсіз болжамдардың барлығын жоққа шығарды. Ассамблеяны құруға қа­тыс­ты мәселе көтерілді, пікірлер сараланды. Қоғамдық бірлестіктің атына қатысты ұсы­ныс­тар да болды. Дегенмен мәселе инсти­туттың атына емес, ішкі затына, мағынасы мен нақты жұмыс бағдарына байланысты болды. Ал мұны анықтау, сөзсіз мемлекеті­міздегі ұлттық саясаттың бағыттарымен тікелей ұштасып жатты. Сол кезеңде қалып­тасқан принциптер бүгін жүргізіліп жатқан ұлттық саясатымыздың негізгі бағдарын анықтап берді десек те болады. Ал инсти­туттың саяси беделіне ғана емес, оның деңгейіне тікелей әсер еткен – Елбасының өзі. Президенттің Ассамблеяға төрағалық етуі нақты шешімдер қабылдау үшін зор мүмкіндіктер тудырды. Қазір Ассамблея көтерген мәселе мемлекеттік органдармен орындалуға міндетті болатын деңгейге жетті. Расында, көтерген мәселе нақты ше­ші­мін таппайтын болса, онда мұндай инс­титуттардың қажеті де шамалы еді. Ассам­блеяның саяси беделі де осыған бай­ла­ныс­ты деп ойлаймын.
– «Ассамблея атқарды» деп ауыз толтырып айтарлық мәселені атаңызшы?
– Қазақстанның мемлекеттік дамуын­да­ғы негізгі байлығы – қоғамдағы тұрақ­ты­лық. Тұрақтылық болмаса, экономика қиын­дықтарға ұшырап қоймай, Тәуел­сіз­діктен де айырылып қалу қаупі туатыны белгілі. Қазіргі дүниені дүбірлеткен оқи­ғалардың өзі елдік бірлік пен этносаралық татулықтың қадірін арттыра түскендей. Өйткені елде тұрақтылық болмаса, эконо­миканың да құны бес тиын, реформаға бас қатырудың қажеті де шамалы. Бұл тұрғыдан алғанда, елдегі тұрақтылық пен келісімді қалыптастырушы күш ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ерекше атауға болады. Қазақстанда осындай де­мо­кратиялық институт құру арқылы этно­с­аралық сипаттағы түсінбеушіліктердің жолы кесілді. Бұл – мемлекет дамуы, ны­ғаюы үшін аса қажет дүние. Қазақ елінің алаңсыз дамуына, ішкі бірлігі мен тұрақ­ты­лығына, тұтастығына бағытталған қызметі – Ассамблеяның ауыз толтырып айтатын дүниесі – осы. 15 жыл ішінде Ассамблея шын мәнінде кеңесші органнан консти­ту­ция­лық мәртебеге ие болған бірегей инсти­тут бо­лып қалыптасты.
– Рас, Ассамблея туралы заң қабылдануы арқылы оның мәртебесі бекітілді. Дегенмен әлгі заңға қатысты Парламент қабырғасында көп сын болғаны есімізде...
– Заң 2008 жылы қабылданды. Рас, депутаттар тарапынан сын да, жағымды пікір де айтылды. Оны дұрыс қабылдадық, өйткені қоғам дамуына арналған кез келген заңның Парламентте талқыға түспей, ың-шыңсыз өтуі мүмкін емес. Жалпы, өмір қоз­ғалыстан тұрады. Ата заңға да біраз жылдан бері өзгерістер енгізіп келеміз, заман ағымына, қоғам сұранысына орай. Қоғам сұраса, кез келген заң жетілуі – шарт. Осы жағынан келгенде, заңға алдағы уақытта кемшіліктерін жойып, олқылық­тарын тол­ты­ратын өзгерістер енгізу керектігін қол­даймын. Кезінде Конс­титуцияға өзгерістер енгізгенде, оның бір парасы осы Ассамб­леяға қатысты болды. «Қазақстан халық­тары­ның Ассамблеясы» дегенді «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп өзгерттік. Бұл да – даму үрдісі.
– Ендеше, мемлекет атауын «Қазақ Республикасы» деп өзгертуге қалай қарайсыз?
– Иә, мұндай сауал «Ел бірлігі доктрина­сын» талқылау барысында да көтерілген болатын. Республика атауын өзгерту үшін алдымен жоғарыда айтқанымыздай, Конс­титуцияға өзгерістер енгізу қажет. Біз док­три­наны әзірлегенде де Конституция қа­ғидаттарын басшылыққа алдық. Солай болуы да тиіс, өйткені өзін өзі сыйлайтын мемлекет ең алдымен Ата заңын құрметтеуі керек. Онсыз алға жылжу болмайды. Айта кетерлігі, Тәуелсіздіктің түпкілікті мәселесі тұңғыш рет осы доктрина шеңберінде қам­тылып, мемлекеттік тілді меңгеру «парыз» ғана емес, «міндет» болып белгіленді. Сол үшін доктринаның мағынасы кең, арқа­ла­ған жүгі зор. Ал қоғам болған соң, жаңа­ғыдай пікірлер айтылып тұрады. Доктри­наны талқылауда біз ондай пікірлерді кеңінен қарастырып, бітімге тоқтағаны­мызды еске салғым келеді. Мемлекет атауы секілді басқа да пікірлер еш шет қалған емес. Бірақ бәрі Конституцияның шеңбе­рінде болды.
– Қоғам арасында Ассамблея жұмысына қатысты бірқатар сын­ның бар екендігі де рас. Тіпті кейде қазақтың ұлттық мәселесінде, мем­ле­­кеттік тіл мәселесінде Ассамб­лея құлықсыздық танытатын секілді көрініп жатады. Бұған не дейсіз?
– Ассамблеяға байланысты түрлі пікір­лер барын білемін, сосын оны заңды деп, дұрыс қабылдаймын. Мұның өзі – азамат­тарымыздың пікіралуандығын білдіретін демократия көрінісі. Оның үстіне, бізге бә­рі­нің бірдей мақтағаны керек емес. Қоғам­ның бірлігіне, ұлттық дамуға қатысты пікір­лердің баршасы айтылуы да, жетер жеріне жетуі де керек. Оны қабылдай аламыз. Ал сіз айтқан мәселеге келсек, шын мәнінде, ұлт мәселесі де, тіл мәселесі де басқа жер­ден гөрі Ассамблеяда көбірек айтылады. Елбасының сессия сайын ортаға тастайтын ойлары да, жүктейтін міндеттері де соның төңірегінде. Президенттің сессиядағы тіл мәселесі туралы айтқан ойлары қанатты сөзге айналып, оны қоғамның жылы қа­был­дап жататыны сондықтан. Осы тұрғы­дан алғанда, мен кейде Ассамблеяның өзі басқа институттарға қарағанда, тіл, ұлт бірлігі мәселесінде көбірек шаралар атқа­рып жатыр ма деп те ойлаймын. Тіл үйре­туге арналған орталықтар құрылып жатыр. Басқа этнос өкілдерінің, оның ішінде жас­тар­дың да қазақ тілін білуге ұмтылысы ерек­ше. Бұдан бөлек, өзге этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілге қарсымын деген­ді естімейсіз. Керісінше, мемлекеттік тілді меңгеру арқылы болашағын қалайты­нын көптеген өзге этнос азаматтары түсініп келеді.
– Олай болса, күні кеше баспасөзді шулатқан әріптесіңіз Ю.Захаровтың дүрбелеңін қалай түсінеміз? Бұған не айтасыз? Ассамблея мүшесі тарапынан осын­дай пікірдің айтылуын қалай ақтауға болады?
– Қазақта «Басқа пәле – тілден» деген нақыл бар. Осы сөзге қосарым жоқ.
– Ұлтаралық татулық, конфессия мен этносаралық келісімнің, түсініктің негізгі идеясын дұрыс түсінбейтін секілдіміз. Бұл идея қандай болуы тиіс?
– Этносаралық татулықтың да, конфес­сияаралық, этносаралық келісімнің де идеясы бірлікке негізделуі шарт. Ал ел бірлі­гінің түп қазығы – мемлекеттік Тәуел­сіздік. Қазақстан егемендігінің алғашқы жылдарында қоғамда тұрақтылықты сақтау басты міндет болды. Одан кейінгі жылдары қоғамдағы тұрақтылық қана емес, ел бірлі­гі ең басты мәселеге айналды. Бұл жерде ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің ара­сын­дағы байланыс өзара астасып жатыр. Ел бірлігі дегеніміз – жалпы қоғамның біртұ­тас, жұдырықтай болып жұмыла дамуы, қоғамдағы негізгі құндылықтардың жаппай мойындалуы. Мұның ішіне мемлекеттік тіл, дәстүрлі дін мәселелері де кіреді. Дегенмен мұның арасындағы ортақ әрі ең ұлық мұрат – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік 1991 жылмен ғана байланысты емес. Қазақ хандығы, мемлекеттігі пайда болған сәттен бастап, елдің Тәуелсіздігі күн тәртібінен еш түспеген болатын. Бұл солай болады да. Оның үстіне айдарынан жел ескен алып екі елдің ара­сын­да орналасқан Қазақстан үшін бұл қа­шанда ең басты мәселе болуы шарт. Ендеше, қазақстандықтардың баршасы ел бірлігі, яғни Тәуелсіздік идеясының аясын­да бірігуіміз керек. Бұл – біздің өткеніміз, бүгініміз һәм болашағымыз. Тәуелсіздік мәселесі доктринада ұлттық дамудың не­гіз­гі өзегі ретінде тұр. Қалған мәселелердің бәрі осы бағытпен сабақтасып, соның төңі­регінен нәр алып барып қана өрбиді. Мемле­кеттік тілдің, рухани құндылық­тардың, рухани дамудың барлығы соған негізделіп отыр. Сондықтан да Қазақстан­дағы татулықтың негізгі идеясы осы мақсат­тарды бетке алған ел бірлігіне бағытталуы тиіс.
– Этносаралық түсіністік туралы сұрауымыздың да себебі бар. Қоғам арасында қазір Петропавл қаласы­ның тарихи Қызылжар атауын қайтару мәселесі де үлкен әңгіме тудырып отыр. Қайсыбір саясаткер­лер мұнда да сол этносаралық тір­лік­ті көлденең тартатыны байқалды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ономастика мәселелерін қолға алды. Бұл – жалпы, әлемдік өркениет­те кең тараған ғылым. Себебі топонимика­лық атаулар – ел тарихының қойнауы, мәңгілік таңбасы. Кеңес Одағынан шыққан барлық мемлекеттерде, оның ішінде Ресейде де бұл үдеріс жүріп жатыр. Мұндай мәселелер әр елдің өз заңымен жүргізіледі. Аталған мәселені Қазақстанның ономас­тика­лық мәселелер туралы тұжырымдама­сына сәй­кес шешу керек. Заңға сәйкес шешілетін мәсе­лені этносаралық қатынасқа балау – қате. «Келісіп пішкен тон келте болмас» де­ген содан шыққан.
– Ал сол «келісе пішу» жұмысын кім атқаруы тиіс? Ассамблея неге мұндай мәселеге бас сұқпайды? Мәселен, Қызылжарда азаматтар­дың арасында түсіндіру жұмыста­рын жүргізіп, оларды дүрліктірмей, мәселенің мән-жайын ұғындыруға неге құлық танытпаймыз? Ассам­б­лея осы жүкті көтерсе болмас па еді?
– Бірден атайын, Қызылжар атауын өзгерту, оған қатысты шаруаларға мұрын­дық болып, бастама көтеру – ең алдымен, мемлекеттік органдардың тікелей міндеті. Қазақстанның өңірлерінде Президенттің тікелей өкілдері бар. Ондай өкілдер қоғам­дық, саяси, экономикалық тұрақтылыққа жауап береді. Облыс әкімдері және арнайы комиссиялар өз жұмыстарын атқаруы ке­рек. Басқа айтарым жоқ.
– Дегенмен біз «көпұлттымыз» деп айта бергенше, бір мезгіл неге сондай көпұлтты Франциядан үлгі алмаймыз?
– 2008 жылы қабылданған заңда этно­с­аралық қарым-қатынас заң тұрғысынан енгізілді. Ұлттық мәдени орталықтардың барлығы қайта тіркеліп, этномәдени орта­лықтар болып бекітілді. Қазақстан – уни­тар­лы мемлекет. Сонымен қатар Қазақстан­ды Еуропадағы Франциямен де, көршіміз Ресеймен де, Қырғызбен де салыстыруға келмейді. Ресейдің қоғамдық құрылысы да, мемлекеттік құрылымы да бөлек. Франция­ның өзінде тұратын басқа ұлттардың ықы­лым заманнан сол жерде келе жатқан тари­хи орындары, тарихи жерлері бар. Ал Қа­зақ­стан бұл байырғы әрі жалғыз қазақ­тың ғана жері, бұған ешкімнің таласы да жоқ, ол Конституцияда тайға таңба басқан­дай жазылып қойған. Сондықтан бұл жерде әртүрлі жағдаймен, әртүрлі тағдыр­мен келген этностардың басын біріктіру, сөзсіз, қазақтың жауапкершілігіне жатады. Жалпы, біз кейде толеранттылық пен жауап­кершілік мәселесіне терең бойлай бермейтін тәріздіміз. Оның ішінде этномә­дени орталықтардың, этностардың жауап­кершілігі ең алдымен қазақтың жауапкер­шілігін көрсетеді. Ендеше, соны сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыратын уақыт келді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның кезекті сессиясы өтеді. Шара­ның күн тәртібінде қандай мәселе тұр?
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шең­берінде көтерілген төрт «т» ұраны, яғни «траст» – сенім, «традишн» – дәстүр, «транспаренси» – ашықтық және «толе­ранс» – толеранттылық» Ассамблея жиы­ны­ның да арқауы болмақ. Жалпы, Ван­куверден Владивостокқа дейінгі аумақ­ты алып жатқан беделді ұйымға төрағалық етудегі ұранымыз кездейсоқ таңдалған дүн­ие, бүгін ғана ойлап табылған мәселе емес. Бұл біздің өткеніміз бен бүгінімізде нақты орын алып, өмірлік тәжірибемізде қабылданып, халықтың арасында көрініс тауып, үздіксіз жүріп жатқан әңгімелер, келешек ұранымыз да осы бағытты қамтып қала бермек. Өйткені, төрт «т» – қазаққа, мемлекетіміздің ұлттық дамуына етене жақын. Осындай дүниемен қол жеткізген келісім – тек Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің алдындағы басты мәселе болуы шарт деп ойлаймын.
– Аракідік «Қазақтың Ассамблея­сы бірегей институт» деп шетелдік­тер­дің қызығушылығы туралы айтылып жатады. Өзіңізден естісек...
– Өткен жылы Ассамблеяның жұмысына қызығушылық танытып, тәжірибе алмасу үшін әлемнің белді-белді тоғыз мемлекетінің өкілдері бізде болып қайтты. Бұлардың ішінде АҚШ-тың Калифорния штаты, Фран­цияның Ұлттық жандармериясы, Германия, Англия, Түркия, Қытай секілді мемлекет­тер­ден бір жылдың ішінде делегациялар келуі, сондай-ақ этносаралық мәселеде «қазақ­стандық үлгімен» тәжірибе алмасуы бірегейліктің мойындалуы деп білемін. Жоғарыда айтқанымыздай, жер-жаһанда этносаралық келісім, бейбітшілік, орнықты­лық тәжірибесі күн тәртібіндегі маңызды сұрақтардың біріне айналып отыр. Сондық­тан болар, әлемде бұл бағытта ізденістер мол әрі тынымсыз жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қазақстан үлгісінің Женева қаласын­дағы БҰҰ өкілдігінде тұсауы кесіліп, таныс­тырылымы өтті. Шараны 195 мемлекет өкіл­дері тамашалады. Еуропадағы қауіп­сіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекеттің алдында да презентациялар өтті. Копенгаген қаласында да шығарылды. ЕҚЫҰ ішіндегі Аз ұлттар жөніндегі жоғары комиссарының арнайы штабында қазақ­стан­дық үлгі жан-жақты қаралды. Бұдан бөлек, Ресейде Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетіне Ассамблея үлгісі 36 сағаттық пән ретінде енгізілді, ендігі күні қазақстан­дық профессорлар беделді оқу орнына барып, осы тәжірибе төңірегінде дәріс оқи­тын болады. Биыл осы тәжірибені Ресейдің одан басқа екі университеті де енгізбекке ниеттеніп, ұсыныс жасауда. Яғни сөз жүзінде емес, Ассамблеяға іс жүзінде көп елдің қызығушылығы артып отыр. Бұл тұрғыда Ассамблея институты кез кел­ген жерде құ­рылса, сол мемлекеттегі этно­саралық мәсе­лелер мен проблемалар бірден шешіле қалады деуден аулақпыз. Ең бас­тысы, тиім­ді шешу жолдарын қарастыру, ал қазақ­стандық нұсқа – соның бір бағыты. Еуропа­да ерекше тәжірибе болып жатса, біз де оған қызығушылық танытарымыз анық. Тәжірибе жүзінде зерттеуге әзірміз. Бірақ мұндай тәжірибеде тарихи мәселе, ұлттық менталитет ерекше ескерілуі шарт. Мәсе­лен, бізге ЕҚЫҰ жоғары комиссариа­тынан «Аз ұлттар институтын қазақ дала­сына неге енгізбеске?» деген пікірлер ай­тыл­ды. Бұған үзілді-кесілді қарсы болдық. Сондай ұсы­ныс жасағандардың да көзін аштық. Бірін­шіден, Қазақстанның Конститу­ция­сында ол мәселе шешімін тауып, бүкіл Қазақстан азаматтарының тең құқылығы бекітіліп қойған. Азаматтар этносына, дініне, басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, тең құқы­лы. Біз ешқайсысына «аз ұлт», «көп ұлт» деп бөле-жарып қарамаймыз. Ондай тіпті біздің мінезімізде де жоқ, қоғам ментали­тетіне сәйкес келмейді. Қазір қоғам біртұтас күй­де. Конституциямыз да барлық азамат­тарды бірдей қорғауды қамтамасыз етсе, қоғамды қолдан бөлудің қажеті қанша? «Мынау көп, анау көптеу, мынау аз, анау одан да аз» десек, бөлшектенген сол болар еді. Ендеше, Еуропадағы кейбір келеңсіз жағ­дайдың бәрі де сондайдан туындайты­нын түсінсек игі. Біздің осы ойы­мызды жоғары комиссардың өзі құп­тады. Голлан­диядан штабымен келіп, үш күн бойы Қазақ­станның үлгісін зерттеді. Бұл да – біз үшін үлкен мәртебе.

Алашқа айтар датым...
Ірі ұлт өкілі ірі істермен айналысады. Ірілік ұлы іспен айқындалады. Біз рухы – ұлы, тамыры терең, ірі ұлтпыз. Елімізді өркендететін, ұлтты өрге сүйрейтін ұлы істерге бас қояйық, ағайын! 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста