Діни күрделі жағдайдан шығудың бір жолы – мемлекет өзінің зайырлы бет-бейнесін толық сақтап, тәртіпті күшейтуі керек
Сайын Борбасов, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Жақында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның қабылданғаны белгілі. Осы заң жоба күйінде қоғам талқысына түскеннен-ақ қызу пікірталасқа ұласты. Тіпті ашық қарсы шыққандар да болды. Дінге қатысты құжатқа келгенде қоғамның қақ жарылуының астарында не жатыр?
– Тәуелсіз Қазақстан о баста демократиялық, зайырлы, ашық қоғам құруды мақсат етіп қойды. Сол мақсаттардың жолында лайықты заңдар қабылданды. Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналдыруға күш салынды. Бұның бәрі 1995 жылы қабылданған Конституциямызда анық жазылған. Азат елдің осы мақсаттарының арқасында ТМД елдерінің ішінде бірінші болып нарықтық экономика құрған мемлекет ретінде танылды. Кез келген мәселенің екі жағы бар ғой. Осы ашықтықтың да көлеңкелі жақтары болады. Біздің жариялылығымыз түрлі діндердің елімізге енуіне әкелді. Тіпті олардың кейбіреулеріне әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған. Біздің Конституциямыз нағыз демократиялы ел екенімізді көрсетеді. Азаматтардың діни наным-сенім бостандығын қамтамасыз ететінін пайдаланып мысықтілеулі сектанттар алшаң басып, елімізге кіріп алды. Осындай келеңсіздіктерді қоғамда түрлі заңдар реттеу керек. Осы уақытқа дейін кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін «Дін туралы» заңға өзгерістер енгізу уақыт талабы болды деп есептеймін. Себебі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде 600-ге тарта діни ұйымдар болса, қазір олардың саны 5 мыңға жуықтапты. Яғни, 20 жылда діни бірлестіктер мен ұйымдардың саны 8-9 есеге дейін артқан. Бар-жоғы 16 млн халық арасында 5 мыңға жуық діни ұйымның құрылуы – қауіпті. Біз бұны кейінгі жылдары ғана түсіне бастадық. Біздегі діни ахуалдың қаншалықты күрделеніп кеткеніне көз жеткізу үшін мемлекетқұраушы қазақ ұлтының ұстанатын дініне келейік. Қазақтың ата діні – Ислам, суннит, Әбу-Ханифа мазхабы. Әбу Ханифа мазхабының ерекшелігі – Ислам діні Құранды екі етпейтін қазақтың салт-дәстүріне негізделген. Яғни Ислам құндылықтары ұлттық дәстүрімізбен қабысып, бір-біріне қайшы келмейді. Ислам дініне дейінгі тәңіршілдік наным-сенімдеріміз Әбу Ханифа мазхабында мұсылманшылықпен синтезделгеніне көз жеткізуге болады. Міне, ғасырлар бойы қазақты ұлт ретінде ұйыстырып келген – осы жол. Қазақ хандығы кезінде де осы дінді ұстандық. Тіпті Қазан төңкерісіне дейін осы жолмен келдік. Ал енді осыдан барып «тәуелсіздік жылдарында қазақтар неге дінге бөліне бастады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұның жауабы біреу-ақ. Ол – 1991 жылдан кейін жастарымыздың жаппай Сауд Арабиясынан, Мысырдан, Ираннан, Түркиядан діни білім алып келгендігі. Шет мемлекеттерден білім алып келген жастарымыз ұлттың дәстүрлеріне мойынсұнбай, ғасырлар бойы дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ата-баба дініне ашықтан-ашық қарсы шықты. Тіпті сол әртүрлі елден білім алған жастарымыз бір-бірімен бітіспес дауға барып жатыр. Кеңестік дәуірдің дәм-тұзы таусылған кезеңде халық діни сауатсыз болғаны жасырын емес. Жас мемлекеттің халқы үлкен кісілерді қоспағанда, негізінен, жастар жағы дін жағынан мүлде хабарсыз болды. Жаппай жұмыссыздық жастарды түрлі діни ұйымдардың тегін оқуларына тартты. Сектанттардың да жұмысы жылдам қарқынмен жүргізілген кез де – осы уақыт. Міне, осы проблемалардың барлығы қордаланып келді де бүгінгідей жағдайға жеткізді. Қоғамда дін саласында мәселе бар. Мұны ашық айтуымыз керек. Өкінішке орай, араб халифатын құру идеясын қолдайтындар күшейіп келеді. Халифат құру – өткен заманның идеясы. Оны жүзеге асыру қазір мүмкін емес. Араб мемлекеттері Ислам дініне адал болып, өзара татулықта болса, неге сол 20-дан астам араб елі бір халифат құрып алмайды?! Демек, бұл – мүмкін емес нәрсе. Жастарымыздың көпшілігі «халифат үшін, дін жолында өзін-өзі жарып жіберсе, жұмаққа барады» деген соқыр сенімге ұйып отыр. Сенім артып отырған жастарымыздың санасы осылай уланып жатқанда, біздің Тәуелсіз еліміздің болашағын кім ойлайды? Осындай мифтік идея үшін Тәуелсіздігімізден айырылу керек пе?! Мен бұл дәлелдерді ойдан шығарып отырған жоқпын. Студенттермен тығыз қарым-қатынаста болғаннан кейін, мен дәл осы проблемамен жиі-жиі бетпе-бет келемін. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Студенттерге қазақ елінің Тәуелсіздігі бәрінен де қымбат дегенді талмай айтамыз. Тарихшылардың есептеуінше, Тәуелсіздік үшін 400-ден аса көтеріліс болған! Азаттықтың жолында миллиондаған қандасымыз құрбан болған. Ал енді осының бәрін бір сәтте тәрк етіп, қалайша халифаттың құрылуына мүдделі болады жастарымыз?!
– Біздің еліміздегі діни ахуалды реттеу үшін елімізде жақында Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Құрылғаны сол екен, агенттік басшысы Қайрат Лама-Шарифтің отставкаға кетуін талап етушілердің қарасы көбейді. Ең жаманы, адамның идеямен улануы ғой. Айтқанынан қайтпайды, ақылға келмейді. Өзіңіз де айтып отырсыз, студенттердің фанатизмге ұрынғанын... Осындай жастармен, жалпы өзге идеямен уланған азаматтармен қандай жұмыстар жүргізілуі қажет?
– Бірден айтайын, діни фанатизмге ұрынған адамдардың бетін бері қарату өте қиын. Дегенмен жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Ал ең маңыздысы – әлі теріс жолға түсе қоймаған жастарымызды сақтап қалу. Меніңше, біріншіден, қатаң заң болуы керек. Яғни, қандай да бір бапқа қайшы келетін әрекеттер болса, тиісті жазасы берілу қажет. Жаңа заңда ресми орындарда намаз оқуға тыйым салынды. Бұған өре түрегелгендер көп. Бірақ заңда көрсетілген мәселенің барлығын қолдаймын. Себебі біз зайырлы мемлекетпіз. Ал енді оқу орындарында, әскер мен түрмеде намаз оқитын орындар ашу – зайырлы мемлекетке жат дүниелер. Екіншіден, діннің тәрбиелік әлеуетін кеңінен пайдалануымыз керек. Азаматтар арасында өтірік айтпау, ұрлық жасамау, парақорлыққа бармау сияқты діннің тәрбиелік жағы кеңінен насихатталса деймін. Жұмыстан тыс уақытта Құдайға құлшылық ету әр адамның еркінде. Діни күрделі жағдайдан шығудың бір жолы – мемлекет өзінің зайырлы деген бет-бейнесін толық сақтау мен тәртіптерді күшейту. Үшіншіден, діни сауаттылықты көтеру қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әбу Ханифа мазхабын халыққа кеңінен түсіндірсе құба-құп. Қазақ ұстанған мазхабтың жолдарын, мұсылмандықты қазақтың қалай қабылдағанын, ұлттың дәстүрімен қалай тез қабысып кеткендігін тарқатып түсіндіргені дұрыс. Құдайға шүкір, қазір ақпараттық мүмкіндігіміз жоғары. Сол мүмкіндікті теріс мақсатқа емес, осындай ізгілікті істерге пайдаланған жөн. Теріс ағымдағы діни секталардың негізгі нысаны жастар болғандықтан мектептерде, жоғары оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру орталықтары жұмыс істесе де артық етпейді. Сонымен қатар діндерді зерттеп талдау бағытында жұмыс істейтін орталықтар жоқтың қасы. Меніңше, жаңа агенттіктің құрылуы осындай орталықтардың жұмысына жан бітіреді. Міне, сонда халыққа әрбір діннің, секталардың негізгі мақсаты туралы нақты талданған жұмыстар ұсынылады.
– Ұсыныстарыңыз орынды. Қоғамдық пікір дін турасында қалыптасты. Енді ақырындап саясатқа ауысып бара жатқандай. Өзіңізге белгілі жақында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Президентке үндеу жолдап, төменгі палатаны таратуды ұсынды. Енді 2012 жылы 15 қаңтарда Мәжіліс сайлауы өтеді. Бірақ еліміздегі саяси партиялардың белсенділігі көңіл көншітпейді. Осындай саяси дода қарсаңындағы жекелеген партиялардың әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде саяси құрылымдардың ішінде оқ бойы озық келе жатқаны – биліктің «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы. Сайлау уақытында өтсе де, мерзімінен бұрын ұйымдастырылса да, сөз жоқ, бұл партия жеңіске жетеді. Оған ешкімнің күмәні де жоқ шығар. Президенттің жеке абыройын айтпағанда «Нұр Отанның» халықпен тығыз байланысып кеткені соншалық, әрбір ауданда ғана әрбір кішігірім ауылдар мен елді мекендерде де бөлімшелер ашып, белсенді әрекеттер жасап жатыр. Бұл партияның билікті басқа саяси күштерге бермеу үшін барын салатыны белгілі. Бұл – саяси күрестің, билік үшін мәдениетті әрі демократиялық тартыстың басты заңдылығы. Еліміздегі он шақты саяси партияның ішінде Нұр Отаннан кейін әлеуеті жоғары күш, ол – «Ақ жол» демократиялық партиясы. Партия басшылығында біраз өзгерістер болды. Бұрынғы басшылық кезінде де «Ақ жол» радикалдық қадамдарға бармай, билікті реті келгенде сынап, қолдайтын жерінде қолдайтын. Төрағасы ауысқанмен саяси ұстанымы өзгерген жоқ. Сондай-ақ «Ақ жолға» кейінгі кезде бір топ кәсіпкерлер мүшелікке өтіп, бұл – партияның қаржылық, тағы басқа мүмкіншіліктерін арттырды десек те болады. Кезінде «Азаматтық» партияны басқарып, мол тәжірибе жинаған Азат Перуашев «Ақ жолдың» басшылығына келе салысымен Алаш идеясын көтеріп жүр. Бұл – белгілі бір деңгейде ұлт жанашырлары мен жастарға ұнайтын идея. Белсенділігі артқан «Ақ жолды» қайта түледі десек те болады. Сондықтан екінші орынды осы партияның иеленуі бек мүмкін. Ал енді оппозициялық партиялардың ішінде «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бұл саяси додаға белсенділікпен қатысады. «Әділет» партиясы да бұл сыннан тыс қалмас деп ойлаймын. «Руханият» та, Патриоттар партиясы да сайлаудан сырт қалмайды. Алайда бұл партиялар электораттан көп дауыс алады деп айта алмаймын. Біздегі заң бойынша Парламентте кемінде екі партия болуы тиіс қой. Яғни қандай да бір саяси күш жеті пайыздық кедергіні бағындыра алмаса да екінші орын алғаны үшін Парламентке жолдама алады. Осыған қарағанда «Нұр Отан» мен «Ақжол» Мәжіліске өкілдерін өткізеді. Ал қалған саяси партиялар жеті пайыздық межені бағындыруы күмәнді. Себебі «Азат» оппозициялық партиясы соңғы өткен Президент сайлауына қатысқан жоқ. Сол саяси науқанда «Әділет» партиясы «Нұр Отан» құрған коалицияға біріккен болатын. Яғни, бұл партиялардың саяси белсенділіктері электораттың есінде жоқ. Халық алдына көп шыға бермейді. Қандай шаруалармен айналысып жатқанынан алыс елді мекендердің халқы тұрмақ, үлкен қалалардың тұрғындары да бейхабар десек те болады.
– Өзге сарапшылар сияқты сіз де «Ақ жолға» екінші орынды алдын ала беріп қойдыңыз. Бір сөзіңізде биліктің өзі қолдайды деп те айтып қалдыңыз. Айналасы жұмыр келетін заң қабылдау үшін пікір қайшылығының болғаны дұрыс. Аталған екі партияның арасында пікірталастар болады деп ойлайсыз ба? Осы екі партия Парламентке өткенде қандай да бір бәсекелестік бола ма?
– «Ақ жол» партиясының төрағасы ауысқанмен саяси платформасы өзгеріссіз қалды. Мұны жаңа төрағасы да айтып өтті. Бұл партия бұрыннан саяси күрестің бейбіт тәсілдерін жақтайды. Центристік партия болғаннан кейін қандай да бір төңкеріс жасау, билік жолындағы күресті соғысқа айналдыру – «Ақ жолға» жат нәрсе. Бұл саяси құрылымның өзіндік саясаты, ұстанымы айқын. Белгілі бір деңгейде электораты да бар. 2005 жылы Әлихан Бәйменов Президент сайлауына қатысқанда Қазақстанның сайлауға қатысуға құқылы 8 млн халқының жүз мыңдаған азаматының дауысын алған болатын. Бұл белгілі бір деңгейде үлкен күш екенін білдіреді. Биліктің кемшіліктері болса «Ақ жолдың» елемей кеткен жері жоқ. Әр кез сынап, оппонент болып келген. Алдағы уақытта да осы ұстанымынан ауытқымайды. Сондықтан белгілі бір деңгейде «Нұр Отанға» бәсекелес бола алады деп ойлаймын.
– Осы уақытқа дейін белсенділік танытпай келген саяси партиялар сайлауда жеңіліп қалса, кінәні биліктен іздейтіні қазірдің өзінде белгілі. Бұл біздегі саяси мәдениеттің қалыптаспағанын көрсете ме?
– «Сайлау әділетсіз өтті», «билік әкімшілік ресурстарды пайдаланды» деген әңгімелер шығатыны сөзсіз. Бұл – біздің елде де, шет мемлекеттерде де болатын жағдай. Егер сайлау әділетсіз өтсе, сайлау комиссиялары тиісті жазасын алуы тиіс. Бірақ биылғы жылдың сәуір айында өткен Президент сайлауы әділ өтті. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Біздегі саяси жағдайдың өзі сайлауларды толықтай заңға сәйкес өткізуге мүмкіндік жасайды. Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа, Парламент сайлауында «Нұр Отанға» тең келетін саяси тұлға да, саяси күш те жоқ. Яғни, әкімшілік ресурстар пайдаланылмаса да сайлаудың қорытындысы бойынша қазіргі билік жеңіске жетеді. Оппозиция қазіргі билік партиясының деңгейіне жетіп, халықты соңынан ерте алса, ол да жеңіске жетеді. Біздегі кез келген саяси партия халықтың жаппай қолдауына ие болғаны анық болса, әкімшілік ресурстардың пайдасы болмайды. Билік ашықтан-ашық бұра тарта алмайды. Сондықтан қандай саяси күш болса да кінәні сайлаудан кейін емес, сайлауға дейінгі жасаған өздерінің жұмысынан іздеген жөн. Саясаттың өзі мүдделі топтардың күресінен тұрады. Қай мүдделі топ басым дауысқа ие болса, сол топтың жеңіске жетуі – саясаттың заңдылығы. Бұл – барлық елдің тәжірибесінде бар дүние. Бізде оппозиция билікті кінәлайды. Бірақ билікке қол жеткізген қай топ болса да, билікті қолдан жібергісі келмейді. Біздің билік күшпен қорқытып емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту арқылы, сайлауда көп дауыс алу арқылы сақтап келеді. Ал мұндай жағдайда сын айту әбестік деп ойлаймын.
– Саяси партияларды біраз жерге апарып тастадық-ау деймін. Десе де сын мінді түзеу үшін айтылады дейді ғой. Біздегі саяси партиялардың атқаратын жұмысын қазірде қоғамдық ұйымдар тіпті бірлестіктер атқарып келеді. Мұны мен ғана емес, кейінгі кезде мүйізі қарағайдай саясаттанушылардың өзі айтып жүр. Осы қоғамдық ұйымдар саяси партиялардың функциясын алып қойған жоқ па?
– Біздің елде азаматтық қоғам институттары күшейіп келеді. Түрлі салалар бойынша кәсіподақтар, гендерлік саясатқа байланысты әйелдердің ұйымдары, жастардың ұйымдары мен бірлестіктері белсенді әрекет етіп жатыр. Алматы қаласының өзінде 30 жастар ұйымы тіркелген екен. Қазақ тілінің проблемасын көтеріп жүрген бірнеше ұйымдар бар. Солардың тиімді жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тіл тек қана қазақтарды ғана емес, өзге ұлт өкілдерін де толғандыратын жағдайға жетіп жатырмыз. Қазіргі кезде саяси партиялардың функциясын қоғамдық ұйымдар атқарып жатқаны жасырын емес. Мұның себебі түсінікті де. Себебі бізде әлі де болсын саяси партиялардың белсенділігі төмен. Тек қана сайлау қарсаңында ғана халықпен кездесіп, бұқарамен қоян-қолтық жұмыс істегендей болып көрінеді. Ал сайлау біткеннен кейін жым-жырт бола қалады. Олар өздерінің басты міндеттері халықпен тығыз жұмыс істеу керек деген қағиданы естен шығарып алады. Қоғамдық ұйымдар бұл жерде қандай іс-қимылмен ұтып отыр дегенге келсек, қоғамдағы күйіп тұрған мәселелерді дөп баса алуында деп ойлаймын. Олар сайлау үшін емес, халық үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар әрбір ісін белгілі бір есеппен жүргізбейді. Қоғамдық ұйымдар мүдделестер мен пікірлестерден ғана тұратындықтан саяси партиялардағы сияқты ішкі бөлінушілікке ұрынбайды. Көздеген мақсатына жеткенше табандылық таныту да осы қоғамдық ұйымдарға тән құбылыс деп түсінемін. Қазір үлескерлердің, тағы басқа да саладағы проблемаларды қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар ғана көтеріп жатыр. Сол үлескерлердің арасында партия мүшелері бар шығар. Бірақ олар партиялардан қарағанда қолынан іс келеді деп ұйымдар мен қозғалыстарға иек артқанды жөн санайды. Халықтың қоғамдық қозғалыстарға еруіне саяси партиялардың енжарлығы әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Егер саяси партиямыз деген күштер қоғамдық проблемалардың жүгін көтере алса, халық қозғалыстардан гөрі заңды тіркелген саяси құрылымдарға сенген болар еді. Қоғамдық ұйымдардың күшейгенінен ұтпасақ, ұтылмаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым
Тәуелсіз Қазақстан 20 жыл ішінде біраз қиыншылықты еңсерді. Осы аралықта сыртқы саясатымызбен қатар ішкі саясатымыз да жемісті болды. Демократиялық жолмен дамуды басты ұстаным еткен елімізге ішкі саяси бәсекелестікті әлі де болсын дамыта түсуіміз керек. Мемлекеттің жеткен жетістіктерімен қатар кемшіліктері де ашық айтылуы тиіс. Кеңес Одағы неге ыдырап кетті? Барлығы жақсы деп көпе-көрінеу мақтай берудің жеткен жері осы шығар... Бізде «бәрі жақсы» дегенмен, Қазақстан жақсы болып кетпейді. Сондықтан кемшіліктер ашық айтылып, қоғам талқысына түсіп тұруы тиіс. Кемшілікті айтудың жөні осы екен деп қоғамды бөлшектеу де дұрыс емес. Ғасырлар бойы армандап қол жеткізген Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Сондықтан Тәуелсіздігімізді сақтау жолында барымызды салуымыз керек!