Дін мемлекеттен бөлек десек те, қоғам бәрібір діннен бөлек бола алмайды

Дін мемлекеттен бөлек десек те, қоғам бәрібір діннен бөлек бола алмайды

Бақытжан Сатершинов, философия ғылымының докторы:

– Бақытжан Меңлібекұлы, қазір қо­ғам­да экстремистік ағымдардың лаң­кес­тік әрекеттерге баруы орын алып жүр. Бір айта кетерлігі, осындай оқи­ға­ның астарын діннен іздейміз. Осы жө­нінде сіздің пікіріңізді білсек.
– Әлемдік діндер, дәстүрлі діндер, оның ішін­де ислам діні – ізгілікті, бейбітшілікті, аман­дықты, саулықты, жақсылықты наси­хат­тайтын дін. «Ислам» сөзінің өзі сәлем, аман­дық дегенді білдіреді. Яғни ислам діні, бас­қа да этикалық дәстүрдегі діндер сияқты, әле­уеті жағынан қоғамға жағымды ық­пал ете алады. Біз тоталитарлық режимнің шек­пенінен шықтық. Ол кезде атеизм үс­темдік етті. Тәуелсіздік алғалы бері ислам ді­ні қоғамымызға қайта орала бастады. Соң­ғы кезде дінге жаппай бет бұрудың жағымды үде­рістерімен қатар, жағымсыз жағы да бай­қалып отыр. Тұтастай алғанда, сарап­шы­лар­дың пікірінше, біздің елімізде діни ахуал тұ­рақты деп есептеледі. Өйткені егемендік ал­ғалы бері Елбасы дінаралық татулық, ру­ха­ни келісім саясатын жүргізіп келеді. Көр­ші­лес елдермен және басқа да посткеңестік ел­дермен салыстырғанда, біздің елімізде ірі ұлт­аралық, дінаралық қақтығыс болған жоқ. Мұ­ны осы оң саясаттың нәтижесі деп баға­ла­уымыз керек. Тек соңғы екі жылдың кө­ле­мінде Ақтөбеде, Атырауда, Таразда үш ұйық­тасақ түсімізге кірмейтін, бүгінге дейін таң­сық болып келген террористік актілер орын алды. Осыдан кейін діни ахуалға те­реңірек мән беріп қарау мәселесі көтерілді. Та­ғы бір жайт – жастар арасында жатжерлік ді­н­и ағымдардың идеологиясы тамырын жа­йып үлгергені аңғарылып отыр.
 – Бұған себепті Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған дін туралы заңның жұмсақтығынан іздеу керек шығар. Мұ­нымен қоса шетелден оқып келген жас­тар­дың да қандай діни біліммен қа­руланып келгені белгісіз ғой.
– Шындығында, ар-ождан, дін тұту бос­тан­дығы әр адамның фундаментальды құ­қы­ғы ретінде Ата Заңда да бекітілген. Бұл құ­қыққа қол сұғуға заңдық және құқықтық не­гізде де жол берілмейді. 1992 жылы қа­былданған «Діни наным-сенім бостандығы жә­не діни бірлестіктер туралы» Заң мейлінше де­мократияшыл еді. Соның жұмсақтығын пай­даланған жат діни ағымдар өздерінің уағыз-на­сихаттарын емін-еркін жүргізіп кел­ді. Осы кез­де діни ұстаным, ар-ождан бос­тандығын ұс­тана отырып, өзіміздің рухани қа­уіп­сіз­ді­гі­мізді қалай сақтап қаламыз деген мә­­селе туын­дады. Сондықтан осыдан бір жа­­рым жыл бұрын Дін істері агенттігі құ­рылды. «Ді­ни қызмет және діни бірлестіктер ту­ралы» арнайы Заң қабылданып, нә­ти­же­сін­де еліміздегі діни ағымдардың, конфес­сия­­­лар­дың картасы белгілі дәрежеде ай­қын­далды. Бұ­ған дейін елімізде 46 кон­­­фес­сияның өкіл­дері мен 4 мыңнан аса ді­­ни ұйым бар де­лін­се, қайта тіркеудің нә­ти­же­сінде бұлардың ша­мамен үштен бірі қыс­қа­­рып, едәуір азай­ды. Үкімет демократиялық да­муымызға жә­не рухани тәуелсіздігімізге нұқ­сан келмей­тін­дей іс-қимылдар жасауда, осы­ған сай жұмыс, саясат жүргізіліп жатыр.
 – Қоғамда діни толеранттылық де­ген термин жиі қолданылып жүргені бел­гілі. Бірақ толеранттылықтың да өз ше­гі бар шығар?
– Иә, бұл терминді соңғы жылдары жиі қол­данып жүрміз. Оны әркім әрқалай тү­сі­неді. Толеранттылық төзімділікті, хош ­кө­ру­ші­лікті білдіреді. 1995 жылы ЮНЕСКО-ға мү­ше мемлекеттер бірауыздан қостаған То­леранттылық декларациясы қабылданып, он­да бұл терминге анықтама берілген. Соған сәй­кес, толеранттылық адамзаттың бай да ал­уан түрлі мәдениетін, өмір сүру тәртіптері мен пікірлерінің әртүрлілігін қабылдауды, құр­меттеуді және қолдауды білдіреді. Де­мек, толеранттылық енжар көнбістікті біл­дір­мейді, өз негізінде басқа азаматтардың не­гіз­гі еркіндіктері мен адамдардың жалпы құ­қықтарын мойындау жататын белсенді ұс­танымды аңғартады. Демек, жер бетіндегі ұлт­тардың, халықтардың, мәдениеттердің, дін­дердің әр алуандылығын, дербестігін мо­йындауды да білдіреді деген сөз. Кәдуілгі са­нада, көп адамның ойында «Біз қашанғы тө­зімді бола береміз? Оның шегі бола ма?» де­ген сауал тұрады. Бұл жерде мынаны айта кету керек. Мысалы, алдыңғы қатарлы кей­бір елдер қаншалықты демократиялы мем­лекет болса да, әр ұлттың өркениеттік да­муында өзіндік ерекшеліктері, діні, ділі кө­р­ініс беретінін мойындағысы келмейді. Де­мократияшыл принциптерді арқау ете оты­рып, өзінің мәдени экспансиясын да­мушы елдерге таңса, соған көндірсе, бұл то­ле­ранттылықтың теріс жағын көрсетеді. Бұл – бір қыры. Екінші негізгі қыры – толерант­ты­лық сабырлылықтың, ұстамдылықтың, тө­зімділіктің мағынасын береді. Яғни тер­миннің өзі құлағымызға түрпідей ес­тіл­ге­німен, бұл – қазақтың қанында, бойында бар қасиет. Егер толеранттылықты біздің дәс­түрлі қоғамдағы саяси мағынасына бұр­сақ, Шыңғысханның өзі басқа діндерге, мә­дениеттерге толеранттылық көрсеткен. Жау­лап алған жерінде әркімнің өз мәдениетін өзі­не қалдырып, дамытып отырған. Қазақ хал­қы – ықылым заманнан ислам дінін бо­йына сіңірген халық. Құранның сөзі, аяттар мен хадистер салт-санаға еніп кеткен. Ма­қал-мәтелдің көбі хадистердің мағынасымен бір­дей. Ислам дінінде өзге ұлт өкілдеріне, дін­дерге төзімділіктің рухы басым. Ис­лам­ның, Құран мен сүннеттің рухын қазақ хал­қы­ның бойына сіңіргені соншалық – то­ле­рант­тылық, сабырлылықпен қабысып жа­татын қасиет көп. Кеңпейілділігі, қо­нақ­жай­лылығы, дініне, тіліне, нәсіліне қарамай сұх­батқа ашықтығы, тіпті тойқұмарлығы да толеранттылықтың жан-жақты қырын ашып көрсетеді.
– Дегенмен біздің сабырлылығымыз­ды, төзімділігімізді пайдаланып кетіп жат­қандар да көп екенін мойындамасқа бол­майды ғой...
 – Әрине, егер әділетсіздік орын алса, оған қарсылық білдіру керек. Бірақ соғысу, мәж­бүрлеу формасында емес. Бұл – адам­шылдыққа қарсы форма. Басқа да қарсы тұрудың әдісі көп қой.
– Мәселен...
– Қоғамда туындаған өзекті мәселелерді сұхбат алаңдарына, дөңгелек үстелдер мен жиын­дарда талқылап, сол саланы терең мең­герген сарапшылардың, тараптардың пі­кір­лерін тыңдап, бір мәмілеге келу. Және ол ке­лісімді мамандардың тар шеңберінде ғана қалдырмай, БАҚ арқылы бұқаралық санаға тарату керек. Қазақта «Келісіп пішкен тон кел­те болмайды» деген бар. Лаңкестердің айтқанына ілесіп, міндетті түрде қолға қару алу керек емес қой. Қазақы дәстүрлі түсінікте «лаңкес» деп, әдетте, айқай-шу, ұрыс-керіс, дау-дамай тудырушы, яғни қалыптасқан тұрақтылықты бұзушы адамдарды айтқан. Қа­зіргі күні «лаңкес» сөзі көбіне діни тө­зім­сіздікпен байланыстырылып, діни және сая­си экстремистерге, террористерге қатысты ғы­лыми әдебиеттерде де, ақпарат құ­рал­дарында да, ауызекі әңгімеде де қолданылып жүр. Экстремистер мен террористер қо­ғам­ның бейбіт өміріне іріткі салатындықтан, бұл тер­миннің бүгінгі қолданысы өзінің дәстүрлі ұғы­мына сай келетін сияқты. Оның үстіне, осыған дейін қарым-қатынаста орын алып келген келіспеушіліктер мен қақтығыстарды күшпен және әскери үстемдікпен реттеудің та­рихи қалыптасқан практикасы көнеріп, жа­ңа әлемдік тәртіпке сай, қатар өмір сүріп ара­лас-құраластық жасаудың баламалы құ­рылымдарына деген қажеттілік туындады. Қақ­тығыстардың жаhандануына сұхбатқа негізделген өзара келісімді жаhандандыруды қарсы қою керектігі сезілді, адамзаттың мұнан басқа таңдауы да болмай тұр. Бей­біт­ші­лікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету әлемдегі адамзаттық болмыстың ру­хани негіздерін сақтап қалатын діндер мен мәдениеттер арқылы іске асатыны даусыз. Өзге дін мен мәдениетті, өзге пікірлерді мойындамайтын төзімсіздіктің бір түбірі діни фанатизм мен буквализмнен келіп шығады.
– Демек, елдің бірлігін, тұтастығын сақ­тау үшін төзімділіктің маңызы зор дей­сіз ғой...
– Өте зор. Елбасының жыл сайынғы Жол­дау­ларын, мемлекетіміз үшін маңызды деген стра­тегиялық құжаттарды қарасаңыз, елдің бір­лігі деген мәселе алдыңғы қатарда тұ­ра­ды. Ол қай кезде сақталады? Бұл өзара ын­тымақ, бірлік болған кезде сақталады. Тұ­тас­тықты бұзу, ынтымақты ыдырату бір демде. Егер трансұлттық корпорациялардың қар­жы­лық мүмкіндігін ескерсек, әлемге ық­па­лын жүргізіп отырған геосаяси күштердің пи­ғылын ескерсек, кез келген дамушы мем­ле­кетті аяқасты ыдыратып жіберуге қауқары жетерлік. Қазір басқа елдердегі жағдайды кө­ріп отырмыз. Араб елдеріндегі ахуалдан ха­барыңыз бар. Түркияның өзінде де бей­бе­рекетсіздік болып жатыр. Оның артында бел­гілі бір күштер тұр. Мұның жанында Қа­зақ­стан – Тәуелсіздігіне 20 жыл енді толған жас мемлекет. Осы жағын ескеру керек. То­ле­рантты принципті ұстанып, оны санаға сі­ңіре білу керек. Жалпы, қазақтың осы күнге талай қырғыннан аман жетіп, Тәуелсіздігіне қол жеткізуінің астарында сабырлылық, тө­зім­ділік қасиеті жатыр. Төзімділікті қазақтың төл қасиеті десек те болады.
– Ал патриотизм мен толерант­ты­лық­ты арттырудағы мемлекеттің ұста­ны­мы қандай болуы керек?
– Қазір әлемнің кез келген жерінен бір дін­ді ғана ұстанып, бір ұлттан ғана тұратын елді табу қиын. Ал Қазақстан – көпэтносты, көп­дінді һәм унитарлы мемлекет. Дінаралық толеранттылықты ұстанбасақ, тұтастықты сақтап тұру қиынға түседі. Әрине, халықтың 70 пайызға жуығы ислам дінін ұстанады дей­міз. Бірақ православ дінінің рөлін де, басқа дін өкілдерін де теріске шығара ал­май­мыз. Араб халифатының дәуірлеген тұсын, Алтын Орда, Осман империясын ал­саңыз, толеранттылық болған. Бағдат, Шам, Каир, Бұқара, Самарқан қаласы әр алуан дінді ұстанатын өкілдер бейбіт қатар тұратын ортағасырлық мегаполистер болатын. Адамның мәдени, ұлттық, діни тұрғыдан әр текті болуы – табиғи нәрсе. Толеранттылық – екі адам бір-бірінің пікірін тыңдай білуі. Па­триотизмді дамыту үшін алдымен толе­рант­тылық керек. Біздің патриотизм қай кезде көрінеді? Олимпиаданың жеңіс тұ­ғырында еліміздің туы желбіреген кезде па­триотизм сезімі туады. Ол орыс болуы мүм­кін, православ дінінің өкілі болуы мүмкін, бә­рібір. Бастысы, Қазақстан мемлекетінің аты­нан шығып отыр. Әрине, ұлтты сүю ке­рек, жанашыр болу керек. Бірақ шектен шық­пау қажет. Ұлтшылдық шектен шықса, со­ңы әсіреұлтшылдыққа әкеліп соғады. Оның астарында – этноцентризм, ал оның аста­рын­да эгоцентризм жатады. Тіпті өз-өзіне ға­шық болумен сипатталатын этно­нар­цис­сизмнің көріністерін де байқауға болады. Бұл өзімшілдік, менмендік, астамшылық деген сөз. Бұл – дінде мүлдем құпталмайтын нәрсе. Егер қазіргі заманғы тарихқа үңілсек, ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың бұға­уы­нан шыққан көп елдерде өз-өзіне сенімсіздік кө­ріністерін байқауға болады. Соны жасыру ние­тімен өз кеуделерін өздері соғады. Өзі­міз­ді қадірлейтін болсақ, өзгенің бізді қа­дір­лейтінін қаласақ, әсірешілдік дегеннен аулақ болу қажет.
– Астамшылдық дегеннен шығады, қоғамдағы радикалды діни ағымдардың іс-әрекеті соған әкеле жатқан жоқ па? Біз олардан қалай сақтануымыз керек?
– Діни ағымдардың атын атап, түсін түс­те­месек те, жұрттың аузында Ираннан, Сауд Арабиясындағы жамағаттан, Пәкістан жақ­тан келіп жатқан ағымдар бар. Кейбір ағым­дар өздерін «сәләфтар» деп атайды. Бұл «бұ­рынғылар» дегенді білдіреді. Бұл мұ­сыл­манның алтын заманын, төрт ха­ли­фат­тың заманындағы құндылықтарды біл­діреді. Былай қарасаңыз, атында тұрған еш сөкеттік жоқ. Бірақ олар (өзара жиһадшылар мен тәкфіршілер деп бөлінеді) діннің ізгі рухын бойларына сіңіре алмай, діни білім таяз­дығынан мақсат-мүддесі күмәнді жат ағым­дардың жетегінде кетеді. «Дәстүр дұ­рыс емес, егер намаз оқымасаң, сен кә­пір­сің» деп өздері үкім шығара берсе, діннен алыс нәрсе – сол. Бұл жеке адамның өзіне, отбасына, қоғамға белгілі бір дәрежеге қауіп төндіреді. Оқшаулануға әкеледі. Жастар жат пи­ғылды ағымның идеологиясын қабыл­дай­ды да, отбасынан алшақтай береді. Тіпті ата-анасына қарсы келетіндерін көріп жүр­міз. Дінде бұл мүлдем дұрыс емес. Сон­дық­тан осы жағынан қауіп бар. Жастарға көбірек түсіндіріп, айта беруіміз керек. Заңнамалық жолмен тыйым салу бір бөлек, екіншіден, БАҚ арқылы, имамдардың тікелей уағызы ар­қылы көбірек жұмыс істеуіміз керек. Үшін­ші, мектепте, ЖОО-да дінтану пәнін оқы­ту­ды қолға алып, басқа әлемдік діндердің ка­нондары мен догматтарымен қатар, ис­лам­ның да ақида, фикх негіздерімен та­ныс­тыру керек. Сонда жеткіншекте белгілі бір дүниетаным қалыптасады. Қоғамда қа­лыптасқан діни жағдайға сай елімізде дін­та­ну ғылымы мен пәні қолға алынуда. Біз за­йырлы мемлекет болғандықтан, дінтануды за­йырлы сипатта оқытуымыз керек. Маман тапшылығы сезіледі. Мектептерде дінтануды тарихшылар, қоғамтанушылар оқытып жүр. Бірақ дінтану мамандығы бойынша ба­ка­лавр, магистр дипломдарын алып шыққан ма­мандар көбейе бастады. Дінтану оқу­лығын қайта жазу туралы ұсыныс түсуде. Бі­лім және ғылым министрлігі дінтануды бесінші сыныптан бастап оқытуға қа­тысты және оқулықтың мазмұнын же­тіл­діруге пікірімізді сұрап жатыр. Біз өз ойымызды білдірдік. Біздіңше, ертерек бас­тау керек, оқулықтың мазмұнын тереңдете түсу керек. Дінтанушы маман теологиядан да те­рең хабары болуы тиіс. Ал қазір буыны бе­кімеген жас бала жат ағымның жетегінде ке­туде. Ата-анаға қарсы келіп, дәстүрді те­ріс­ке шығару осыдан келіп шығады.
– Дұрыс айтасыз, қазір қазақтың бағ­зыдан қанына сіңісіп кеткен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты да теріске шығара­тын­дар бар. Өздерінше пәтуа ойлап тапқысы келеді. Осы дұрыс па?
– Тәкфіршілер қазақы дәстүрдің көбін те­ріске шығарады. Сәлем беру, беташар т.б Қазақ – әуелден исламның құндылықтарын бойына да, ойына да сіңірген халық. Біз исламның сунниттік бағытындағы Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамыз. Исламның 90 пайызын сунниттер құрайды. Төрт мәз­һаб­тың 50 пайыздан астамы – ханафилер. Төрт мәзһабта ахидалық мәселерге келгенде бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Әбу Ханифа мәзһабы да, басқалары сияқты, Құран мен сүннетті қайнаркөз ретінде алдыңғы орынға қояды. Одан кейін иджманы, яғни ислам ғұ­ламаларының бірауыздан келісіп шығарған пә­туаларын мойындайды. Бұл иджтихадқа не­гізделеді. Иджтихад – ыждағаттылықпен ақыл­дасып, келісілген нәрсе. Ханафилік мәз­һаб содан кейін қоғамдық өмірдегі әлеу­меттік реттеудің көзі ретінде тікелей дінге қайшы келмейтін дәстүрге иек артады. Қазақ халқына ислам осы мәзһаб бойынша сіңген, тараған. Зерттеушілер 114 сүреден тұратын Құ­ранды да әртүрлі топқа: меккелік, мә­ди­налық, дүниетанымдық, ахуалдық сүрелер деп бөледі. Көптеген фундаменталистік ба­ғыттағы ағымдар ахуалдық сүрелерге тістей жа­бысып алады. Мұсылман қауымы қа­лып­тасқанда мүшріктермен арада болған қақ­ты­ғысқа байланысты түскен сүрелерді сол кү­йінде қоғамда пайдаланып, фанатизмге солайша ұрынады. Қазақ халқы негізгі ислам принциптерін ұстанды. Хадистерді басты ұстаным етіп алған. Не десек те, дұрыс нәрсе – көпшілік жағында. Экстремистік топтардың идеясын көпшілік мұсылман қолдамайды. Олар қашанда ат төбеліндей аз қауым. Сол сияқты хадисте орта жолды ұстаныңдар деген принцип бар. «Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер» дейді. ХХ ғасырдың басында Мәшһүр Жүсіп Көпеевті де қазіргі діни ахуалға ұқсас жағдай алаңдатқан. Сол кезде де қазақ даласына шеттен дінді үйретушілер ағылып келе бастаған. Ол 1913 жылы «Қазақ» газетіне жарияланған «Туысқан ба­уы­рыма хат» атты мақаласында: «Қазақ да­ласына дін үйретемін деп ноғай, татар мол­да­лары, Орта Азия билігінен сарт молдалар, сон­дай-ақ алдыңғы Азиядан әпенділер өз ел­деріндегі биліктен қашып келді. Қазақ ма­қалында бұрынғы әулие өткен ата-бабалары ай­тып кеткен: «Қойды шартық бүлдіреді, елді қортық бүлдіреді» деп. Сол мақалдың хақиқатын, міне, біздер көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай болып нандық. Қазақ ішіне кім келеді? Онан қашқан, мұнан қашқан, жамандықпен көзін ашқан келеді».
– Ата Заң сенім бостандығына кепіл­дік береді. Бірақ шексіз еркіндікке жол жоқ. Алайда «ішкі сүзгі» мәселелері адам­ның ішінде болуы керек дегенді қа­лай түсінесіз?
– Сенім бостандығын тым еркін, де­мо­кра­тияшыл түрде пайдалана берсек, келеңсіз жағдайларға ұрынамыз. Бетімен кеткен ер­кіндік бейберекетсіздікке апарады. Бұл тұр­ғыда мемлекеттің діни мәселеге араласуы дұрыс. Дін мемлекеттен бөлек десек те, қо­ғам бәрібір діннен бөлек бола алмайды. Са­рапшылардың пікірінше, дін мен мемлекет ара­қатынасының, зайырлылық ұстанымның екі үлгісі болады. Біріншісі – белсенді се­ку­ляризм. Бұл дінді шектейді. Адамның жеке өмі­рінен асып, қоғамдық өмірге араласуын шек­тейді. Екіншісі – жұмсақ секуляризм дінді адам­ның табиғи құқығының бірі ретінде қа­рас­тырып, мемлекеттік іске, қоғамдық өмірге араласуға рұқсат береді. Бұл соңғысы Ұлыбританияда, Канадада қолданылады. Біз қалыптасу үстіндегі мемлекетпіз. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет идеясын толық жүзеге асырдық дей алмаймыз. Тіпті толеранттылық мәдениет пен толеранттылық сана әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан бұл тұс­та мемлекеттің қадағалауы, реттеуі мін­детті түрде қажет.
– Исламды лаңкестіктің діні ретінде көр­сетіп жүрген жағдайлар кездеседі. «Ислам серік болмайды, ол – дұшпан» деген пікір бар. Сіздіңше, қалай?
 – 2011 жылы Бүкіләлемдік ислам эко­но­микалық форумының ашылымында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге ден қойып, өз сөзінде жаһандық БАҚ дін мен терроризмнің арасына теңдік белгісін қо­йып, исламды дискредитациялауына, де­мо­низациялауына алаңдаушылық білдірді. «Бей­бітшілік пен қайырымдылықтың, тө­зім­ділік пен әділеттіліктің діні ретіндегі» ис­лам­ның жағымды бейнесін қалыптастыруға күш-жігер жұмсаудың қажеттілігін айтты. Көп жағдайда болып жатқан оқиғаларға шұ­ғыл талдау жасайтын сарапшылардың, жур­налистердің ғылыми теориямен қатар, тео­ло­гиядан, иман негіздерінен терең хабары бол­мағандықтан, үстірт баға береді. Олар­дың арасында дінтанудың «сәнге» ай­на­луынан желігіп, қоғамда қалыптасқан «ис­ламдағы эндогендік радикализм» туралы жа­лаң стереотиптердің жетегінде жалпы дүр­мекке ілесіп жүргендер де жоқ емес. Шын­дығында, басқа да барлық әлемдік діндер сияқты, ислам мен лаңкестіктің үш қай­наса сорпасы қосылмайды. Сонымен қа­тар террористік актілердің орын алуы себепті лаң­кестік пен ислам дінінің теңдік белігісін қоятын жағдайлар көп кездеседі. Екіншісі, исламофобиялық көңіл күйлерден пайда бо­лады. Исламофобия Батыста, Еуропада пай­да болып, тамырын жайып отыр. Ислам дінінің ішкі мәнін түсінбей жатып, оған күйе жағу, қаралау орын алуда. Таяуда Бостондағы терактіге байланысты ресейлік диакон Ан­дрей Кураев «Қылыш ислам дінінің бе­сі­гін­де жатыр» деген сұхбат беріпті. Бұл – ис­ламо­фо­биялық көзқарастың шектен шыққан түрі. Исламды қорқынышты етіп көрсетудің бір көрінісі. Бұл – үстірт пікір. Сондықтан терең ғы­лыми-зерттеулер мен БАҚ арқылы ис­лам­ның ізгі рухын дәлелдеп көрсету арқылы мұндай пікірге тосқауыл қоя аламыз.

Сөз сарасы
Егер трансұлттық корпорациялардың қаржылық мүмкіндігін және әлемге ықпалын жүргізіп отырған геосаяси күштердің пиғылын ескерсек, кез келген дамушы мемлекетті аяқасты ыдыратып жіберуге қауқары жетерлік. Қазір басқа елдердегі жағдайды көріп отырмыз. Араб елдеріндегі ахуалдан хабарыңыз бар. Түркияның өзінде де бейберекетсіздік болып жатыр. Оның артында белгілі бір күштер тұр. Мұның жанында Қазақстан – Тәуелсіздігіне 20 жыл енді толған жас мемлекет. Осы жағын ескеру керек. Толерантты принципті ұстанып, оны санаға сіңіре білу керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста