Демеушілік жасау қалтаның қалыңдығына байланысты емес

Демеушілік жасау қалтаның қалыңдығына байланысты емес

Амангелді Ермегияев, «Алматықұрылыс» холдингтік компаниясының президенті, меценат:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Айтыс өнерінің жанашыры, меценат Амангелді аға Ермегияевтің жеке өмірін білгісі келетін тыңдаушылар бар деп ой­лай­мын. Әңгімені балалық шақтан бас­тасақ. Балалық шақта болашаққа қан­дай ұстанымдар ұстанып едіңіз?
– Соғыс жүріп жатқан кезде келдік дүниеге. Әкеміз 1943 жылдары соғыстан жа­ра­қат алып, ауылға қайтқаннан кейін, 1944 жылы дүниеге келіппін. Әкемнің қан майдан­нан аман-есен келуіне байланысты атымды Амангелді деп қойыпты. Туған, кіндік қанымыз тамған жеріміз ауыл болғаннан кейін, ауылдың, көп балалы отбасының тәрбиесін, сол ауылдағы халықтың ықыласын, бір-біріне деген, отбасындағы қатынас, соның тәрбиесін толықтай бойымызға сіңіріп, тәрбиелендік. Ауылда өскен балалар кең пейілді, қамқор­шыл, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, әке-шешесі, туған бауыр-қарындаста­рымен жұмған жұдырықтай болып, керемет әсермен тәрбиеленеді. Сол жас, кішкентай кезімізден шаруашылыққа бейімделдік. Үйге су әкелсек те, отын жарсақ та, малды жайғасақ та, соның асты-үстін қарап шықсақ та, соның бәрі де – еңбек. Әке-шешеміз үш-төрт жастан бастап еңбекке баули бастады. Ол – көп мағыналы дүние, ал біраз есейгеннен кейін сол кездегі колхоз-совхоздардың шаруашылы­ғына кірісіп, 3-4 кластан үлкендермен бірге еңбек етіп жүруші едік. Сондықтан болар, бір үзім нанның, бір жұтым сүттің қандай еңбекпен, қандай маңдай термен келетінін білеміз. Сондықтан да оны қадірлей білеміз. Осының арқасы болар өскеннен кейін, ерже­тіп, ат жалын тартып мінгеннен кейін қиын-қыстау шаққа дайын болғанымыз. 1991 жылдан кейін Кеңес үкіметі құлап, тарқағаннан кейін шығармашылықта, мәдениетте, өнерде жүрген адамдарға қатты тиді. Бізге де оңай болған жоқ. Өзімнің істеп жүргенім құрылыс саласы болғаннан кейін, 1995 жылға дейін құлдырау кезеңі өтті ғой. Сол кезде екі аяғы­мыз­бен тік тұрмағанмен, бір аяқпен әупірім­деп, аман-сау қалып, әйтеуір, іскерлігіміздің, білгеніміздің арқасы болар, 1995 жылдары қалыпқа келе бастадық. Тарқап кетпей, құры­лыс саласында ептеп қаржы таба бастадық. Өнердің ар жақ, бер жағында, шығармашы­лықта жүрген тұлғаларымызға, азаматтары­мызға қол ұшын беруге жарап та қалдық. Кейде демеушілік жасау, жомарттық жасау қалтаның қалыңдығына байланысты емес. Өзіне жетпей жүрсе де, игілікті істер үшін табы­сынан бөлісіп жүрген азаматтар бар. Ал қалтасынан қаржысы бұрқырап шығып, дүниесін қай жерге апарарын білмей, асып-тасып жүргендер қол ұшын бермеуі мүмкін. Бұл ананың сүтімен, әкенің тегімен келіп, содан кейін өзінің отбасы, ошақ қасы айна­ласындағы тәрбиеге байланысты болуы керек.
Әкеміз сондай бір жомарт, сері азамат болды. Көп жыл колхозды басқарды. Ауылдың атқамінер азаматтарының бірі болды. Қолын­дағысын аямайтын. Туысына, жақынына, бас­қа­ларға да бөліп беруге дайын болатын. Ал өнерге жақын болуымыз: ауылымыз Алма­тының жанында болғаннан кейін, біраз өнер адамдары сол кездері, соғыстан кейін елге жиірек келетін. Келген адамдар әкеміз қонақ­жай болғаннан кейін шай-пай ішіп, концерттен соң біздің үйлерде жиі болатын. Өнер сол кезден қанға сіңген-ау. Күй мен әуеннің нәрі, тамыры сол кезде тарқады-ау деп ойлаймын. Мәселе өзіңнің көңіл күйің мен жүрек сезімің­де ғой. Сондықтан да өзім ән айтып, домбыра шертпегенмен, оларды түсіне біліп, соған жа­қын­дау болып, қол ұшын созып, шама келген­ше өнерге жәрдем беріп жүрген жайым бар. Меценат, Атымтай жомарт деп жатады. Себебі сонда жатыр деп ойлаймын.
– Одақ тұсында орыстың ортасында оқыдыңыз, кеңес кезінде кемелдендіңіз деп айтуға болады. Қазақ деген ел жеке мемлекет бола алатын қауқары бар, тәуелсіз мемлекет болатындай жағдай туар ма екен деген ішкі түйсікте азаттықты аңсаған арман-мақсаттар болды ма?
– Тәуелсіздік – әрбір ұлтын сүйетін, жерін, елін сүйетін азаматтың көңілінде жүретін дүние. Қазақ елі бөлініп, хандық құрып, отау тіккелі бері де 600 жыл уақыт болып қалды. Кезінде тәуелсіз де болдық. Кейін шапқын­шылардың ықпалымен Ресейдің қолтығына кіріп кеттік. Бір кездері батыс жағы, содан ке­йін орталық, содан кейін Жетісу өңірлері орысқа бағынды. Бір сөзбен айтқанда, бодан болдық қой. Өз билігің өзіңде жоқ. Тізені батырып, белден басып, билік жүргізудің өзі де сол жердегі халықтың тәуелсіздігіне талпы­ныс береді. Соның өзіне ықпал жасайды. Соны арман етеді. Біз болсақ сол кезде тәр­бие­леніп, кеңес заманында тудық, оқыдық, жоғары білім алдық, қызмет істедік. Партия мүшесі де болдық. Сол кездің өзінде егемен­дікке, Тәуелсіздікке қол жеткізсек деген ой-арман әр санасы бар азаматтың ойында бол­ды. Мәскеуде оқып жүргеннің өзінде де, осы қызметте де құрылыс саласында ұлтымыздың азаматтары ілуде бір, некен-саяқ еді. Қазақ­тың көпшілігі – ауыл шаруашылығында, ауыл­да, ал қалаларда басқа ұлттың өкілдері басым болды. Бір Алматының өзінде қазақ ұлты 25 пайызға 80-жылдары әрең келгенбіз. Кейін 90-жылдары 40-қа бардық. Қазір, әйтеуір, Құдайға шүкіршілік ету керек, 60-70 пайызға жеттік қой. Ол заманда да санасы бар адам­ның ойында, сезімінде талпыныстар, қолсо­зушылық, соған үміт арту деген болды. Ұлттық намыс, ұлттық сезім, ұлттық ұят, ұлттық ар жастарымызды алаңға шығарды. Кеңес Одағының тарқауына, тәуелсіз болуымызға, егемендігімізге жасалған қадам болды бұл. Сол 1986 жылдан кейін біраз жерде осындай толқулар орын алды. Балтық теңізі жағалауын­дағы, Кавказдағы елдерге де сол 1986 жылы бізде өткен ер-азаматтардың, жас жігіт­тердің талпынысы әсер етті. Егемендік алған­нан кейін тәуелсіз мемлекет болып, мем­лекет құру, ішкі-сыртқы саясат жүргізу оңайға түскен жоқ. Себебі ондай тәжірибе бізде бола қойған жоқ. Республика ретінде үкіметі­міз, басқамыз болғанымен, аты бар, заты нашар­лау бола­тын. Барлығы орталықтан шешілетін, біздің сыртқы саясатқа көп қатысы­мыз жоқ еді. Тәжірибе, мамандары болмаған­нан кейін, қиын-қыстау уақытты бастан кештік. Ол енді өзінше бөлек әңгіме, ұзақ-сонар әңгіме деуге болады.
– Алғашқы еңбек жолыңыз қарапайым бетоншыдан басталған екен. Құдайға шүкір, бүгінде осындай дәрежеге жетіп отырсыз. Осы уақыт аралығында көптеген қызмет атқардыңыз. Айтысқа, ұлттық төл өнерімізге жанашырлық таныту арқылы да елге танылдыңыз. Осындай дәрежеге жеткізген ең бірінші қандай қағида?
– Қағиданы бабаларымыз айтып кеткен. Тарихымыздың тамырына үңілсек, талай дүние – сол жерде. Арыға бармай-ақ, Абай бабамыз­дың қағидасын айтайын: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілен­бей». Міне, бүгінгі нарық­тық заманның, өткен және келер заманның қағидасы – осы. Әке-шешеміз «еш­кім­нің ала жібін аттама» деп тәрбиеледі. Қолыңнан келсе, қол ұшын бер. Жәрдемің жоқ болса, жылы сөзің, ақыл-ойың жаныңа азық болсын деген – міне, өмірдің қағидасы. Осыны ұстаным етсе­ңіз, онда жамандыққа бара қоймайсыз және жамандық сізді айланып өтеді. Жаңа айтып отырсың «бе­тон­шиктен бастап, министр­ге дейін көтеріліп­сіз» деп. Иә, жай жұмыскерден бастап, одан бригадир болдық, институтты бітірдік, мастер, одан жоғарылай-жоғарылай, бас инженер, трестің бастығы, министр де болдық. Сол сатының барлығында құлақтан ешкімге сүйреткізбей келе жатырмыз. Өйткені сол отырған орныңның маманысың, бәрінен артық білмесең де, ешкімнен кем білмейсің. Міне, мәселенің түбі­рі – осы жерде. Қаншама қызмет істеп жүріп, осы уақытқа де­йін, шүкір­шілік, бір адам арыз жазып, «мынау бүйтті, мынау сүйтті, мынау осындай, мінеки, жолдан тайды» деген бір арыз түскен жоқ. Кейде ойлайды «ойпырым-ай, қарсыластарым көп» деп, тіпті кейбіреуі «достарым жоқ, дос­та­рым мен жауларым былай» деп жатады. Кейбіреу­лер 10-15 оққа­ғарымен жүреді. Ешкімнің жолын кесіп, ала жібін аттамасаң, сені бекер­ден-бекер біреу нысанаға алмайды. Ал жаңа­ғы оққағарларың ондай жолмен жүрмей, елдің жолын кесіп немесе сол жем­қорлыққа түсіп, адассаң, сенің 100 оққағарың болса да, ол пана болмайды. Мәселенің түбірі – осы жерде.
– Бүгінде «ел мүддесінен гөрі, жеке бас­тың қамы бірінші кезекке шықты» дей­тін пікір бар. Әрине, бұл шындық та болуы мүмкін. Өйткені қазақ атамыз айтады ғой «жел соқпаса, шөптің басы қимылда­май­ды» деп. Осы неліктен деп ойлайсыз? Бұл қоғамнан ба, заманнан ба, адамнан ба?
– Бұл сұрағың негізсіз емес. Нарық заманы дейік, Тәуелсіздік алғаннан кейін, шынында да, елдің, мемлекеттің қамынан өз қалтасының қамын ойлайтындар көбейді. Оның бәрі – келіп жатқан байлықтан. Бірақ ол байлық аспаннан салбырап түскен жоқ. Осы еліміздің, жеріміздің байлығы. Міне, соны жылпостар жымқырып жатқан заман. Ал енді осыған не себеп десеңіз, ол, шынында, өзіміздің ұлттық идеяның жоқтығы деп айтсақ, болмас, сол ұлттық идеяның халыққа, елге қызмет ететін нұсқасы жетпей жатқаннан деп ойлаймын. Ең қиын, күрделі мәселе – ұлт болып қалыптасып қалуымыз. Ал егер де ұлт болып сақталып қалмасақ, онда мемлекеттіктен, жерімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Себебі ұлттың күретамыры – өзінің мәдениеті мен дәстүрінде, тілінде, мәселе дінінде де емес. Өзіңнің тіліңнен айырылып қалсаң, мәдениетіңе зақым келтірсең, дәстүрден айырылсаң, онда ұлт болудан қаласың. Ал ұлт болудан қалсақ, айдаһардың аузында кетеміз бе, жоқ, аюдың құшағында қаламыз ба – оны бір Алла біледі. Міне, осы мәселені түбірлі ойлап, осыған мән беріп, билік болсын, қоғам болсын, өнерде жүрген азаматтар болсын, осыған көп көңіл бөлуі керек. Осыны сақтап қалуға атсалысу керек. Міне, алдымызда тұрған күрделі мәселе – осы. Қазақ жігіттері мен қыздарының он шақ­тысы тұрып, бірімен-бірі орысша сөй­лесіп тұрғанын көресіз. Әке мен баланың, әже мен немеренің орысша сөйлесіп кетіп бара жатқа­нын көресіз. Ол не? Өз басым оны ар­сыз­дық, намыссыздық, жігерсіздік деп есеп­теймін. Өзіңнің кереметтей бай тілің тұрғанда, өз мемлекетіңде мемлекеттік тілде, ана тіліңде сөйлемесең, онда кім болғаның?! Ол – кеңес заманынан қалған, содан әлі арылмай келе жатқан, кеңес өкіметінен бойымызға сіңген, психологиямызға жабысқан «өзіміздің идео­логиямыз». 1954-55 жылдардан орыстану басталды. Соны біз әлі жалғастырып келе жатыр­мыз. Ол бізге қорған бола ма? Өз тіліміз­ді қадірлемесек, басқа елдің тілі қорған болмайды. Өз тіліңді білу басқа тілді білме, үйренбе дегендік емес. Ана тіліңді білгеннен кейін ағылшынша сөйле, орысша сөйле, қы­тай­ша сөйле. Оған ешқандай шектеу жоқ. Бірақ өзіңнің ана тіліңде сөйлеп, өз ана тіліңді қадірлеуің керек.
– Әрбір қасиетті қадір тұту арқылы сол ұлт ерекшеленеді ғой. Қазақтың қай қасиетін қадір тұтасыз?
– Қазақ – ерекше ұлт. Кең пейілді, қонақ­жай. Ар-намыстың, батырлықтың иесі. Егер осылар болмаса, осыншама кең-байтақ жерді біз қалай сақтап қалар едік?! Қалай қорғап қалар едік?! Бұл аспаннан салбырап түскен дүние емес. Бұл – аналарымыздың көз жасы, бабаларымыздың қанымен келген дүние. Бүгінгі кең-байтақ, кеуде қағып, жері бай, су мол, нулы жердің иесі ретінде әлемдегі алғашқы ондыққа кіруіміз – бабаларымыздың арқасы. Біздің жерімізге Францияның бесеуі сыяды деп жатамыз. Англияның 20-сы сыя­тын шығар. Мінеки, соның бәрін өзіміздің ұлттық парасаттылығымызбен, батырлығы­мызбен, арымызбен, намысымызбен ұстап қалған қазақпыз. Сол дәстүрлерді ұмытпау керек. Айырылып қалмау керек. Нарық осылай екен деп, сол нарықтың буырқанған ағысымен кетсең, онда қай жағаға апарып соғатынын бір Алла біледі. Осыны естен шығармай жүргеніміз жөн.
– Ең бастысы, қазақтың кең пейілділігі дейсіз ғой. Құдайға шүкір, 20 жылдық Тәуелсіздікте, әрине, қиналған тұстар бол­ды. Оны өзіңіз айтып отырсыз. Деген­мен Тәуелсіздігіміздің екінші онжылды­ғында біз көптеген нәтижеге, көптеген жетістікке жеттік. Мәселен, ең басты көрі­ніс – Астана қаласын салдық. Сарыарқа­ның төрінде еліміздің жүрегі – Астана қаласы бой кө­тер­ді. Сонымен қатар осы Алматы­ны алайық, кез келген облыс орта­лығын ала­йық, үлкен-үлкен ғима­рат­тар бой көтерді. Бұл осы Тәуелсіздіктің жемісі деп ойлай­мыз. Бірақ құрылыстың сапасына байла­нысты түрлі пікірлер бар...
– Ежелден адамзатқа қажеті құрылысшы мамандығы ғой. Кеңес заманында құрылысқа деген көзқарас, оның барлық жай-жапсары өзінше бағыт болатын. Ал Тәуелсіздік алған­нан кейінгі нарықтық заманға көшкенде оған қарым-қатынас өзгеше болды. Ә дегенде қалыптасып қалған дүниенің бәрі құрдымға кеткеннен кейін, басқа қарым-қатынасқа көшудің өзі де оңайға түскен жоқ. Оның жал­ғыз құрылыс саласы ғана емес, барлық салаға қатысы бар. Оның ішіндегі ең бір күрделі сала – құрылыс саласы. Шынында, 1991-95 жыл­дардың ортасы өте қиын тиді. Дү­ріл­деп тұрған құрылыс мекемелері құрдымға кетті. Біразы сол, әйтеуір, осы нарықтық дүниеге ықшамға келіп, өзінің құралын сақтап қалды. Солардың біреуі – біздің «Алматы­Құрылыс­тың» бұрынғы кеңес заманындағы «ГлавАлма-атаСтрой» деген аты бар болатын. Ал 95-тен кейін жыл сайын сол 20-30 пайызға өсуге келдік. Шүкір­шілік, бүгін, мінеки, ол замандағы деңгейге жетпегенмен, қалыпты жұмыс істеп жатқан ұжымдардың біріміз. Құрылыс саласы әрбір мемлекет экономикасының дамуының айнасы десек болады. Құрылыс саласы қалай жүріп жатыр, соған қарап, мемлекеттің экономикасы қалай өсіп жатқанын байқауға болады. Себебі құрылыссыз бір сала дамуы мүмкін емес. Тіпті аулақтау жатқан секілді көрінетін мәдениет, оқу-ағарту саласы, өнер, өндіріс салаларының қай-қайсысын алсаңыз да, құрылыссыз қи­мы­лы жоқ. Денсаулық саласында ауруханалар салынбаса, білім саласында мектептер мен университет, академиялар салынбаса, театр­лар салынбаса, мұның бәрі қайдан келуі мүмкін? Сондықтан да әр мемлекет эконо­ми­касының дамуының айнасы деп отырғаным – осы. Ал енді Астананы сөзге тиек еттің. Шы­нын­да да, кезінде сондай шешім қабылданар алдында, әй, көпшілігі десем, жаңылмаспын, соған қарсы болды. Сол қарсылықтарға қарамастан, Президентіміздің, шынында, бұл шешімге келуін ерлік, батырлық деп атау керек. Сол шешімді қабылдауға күшін, ақыл-ойын салып, ақыр-аяғы сондай шешімге келдік. Оның себебі ретінде Алматының жері тарлау, Алматыда көшкін деген пәле бар, ол қауіпті және жер сілкінісінің ортасында тұрған жер деп сылтау келтірдік. Ал мәселенің түбі ол жерде емес еді. Сол кездегі солтүстік өңірдегі сепаратистік қозғалыстар, шыны керек, бес облыстың бесеуінде де әрі кетсе 25-30-ақ пайыз өз ұлтымыздың азаматы, азаматшалары тұрды. Бөлініп кетушілікке кел­тір­меу үшін Астананы сол жерге көшіру шешімі шыққан. Сақтап қалу және де Қазақстан жерінің орталығына қарай апару, сол өңірді дамыту мәселесі тұрды. Астана арқылы көп дүние дамыды. Астана әлемге әйгілі болды. Өзінің құрылысымен, келбетімен келіскен қалалардың қатарына кіріп отыр. Президенттің ерлігі мен батырлығы, көрегендігі деп отырғаным – осы. Кейде қарасаңыз, сол өңір қалаларының атаулары, жердің, елдің атауы, ауылдың атаулары әрпіне дейін сол баяғы қалпында тұр. Оған да кезек келеді.
Бүгінгі замандағы құрылыстың сапасы, бағыты қалай дегенде, шынында да, сапаға біраз уақыт көңіл бөліңкіремей кеткен заман­дар туды. Шүкіршілік, бүгін, мінеки, қалпына келіп, құрылыс саласында жеке комитет құрылып (бұрын бір министрліктің комитеті болып жүретінбіз), жеке шаңырақ көтеріп, ту тігіп, қалыпқа келіп қалған жағда­йы­мыз бар. Ең керектінің бірі баспана ғой, оның ішін­де, мінеки, жастарға, жас отбасыға керектісі. Міне, осы жағына мемлекет те, Үкімет те көп көңіл бөлуі керек. Қыруар, миллиардтаған ақшаны шетте 2-3 пайызға ұстағанша, осы жерге әкеліп, өзінің еліне, халқына еңбек еткізіп, үй құрылысы саласына ықшамдап жұмсаса, өзіне түсетін түсімі де көп, елге жаса­ған жақсылығы да көп. Егер үй құрылысын кереметтей қылып, жоғарғы деңгейде жүргізсек, ол басқа салалар­ды да тартады. Үй салынып жатқаннан кейін оған есік-терезе керек, еден керек, шатырың да керек, темір-терсектердің бәрі керек. Сондықтан өндірісті де өзімен бірге даму жо­лы­на түсіретін – міне, осы құрылыс саласы.
– Елбасының соңғы Жолдауында мемлекеттік баспана басты бағыттардың бірі болды. Осыдан қаншалықты нәтиже күтесіз?
– Осыны дамыту үшін мемлекетіміздің «Самұрық-Қазынада», шетте жатқан қорынан біраз қаржы жұмсалуы керек. Ол қаржы еселеніп қайтпаса да, ешқандай күмәнсіз толық қайтарылады деген сенім бар. Себебі салған бір теңгеңнен салынып жатқан кезде 26, 28 тиыны салық арқылы өзіңе қайтып келеді. Шеттегі жатқан қаржымыз 2-3 пайыз түсіммен салынып жатса, жүріп жатқан инфля­ция жыл сайын одан екі-үш есе көп. Сондықтан оның құны төмендеп, егер де сол қаржымызға 10 тонна мұнай алатын болсақ, бір жылдан кейін 9,5 тонна ғана ала аламыз. Тағы бір жылдан кейін 9-ақ тонна ала аламыз. Мұны жай салыстырмалы түрде айтып жатқаным ғой. Ол – енді миллион-миллиард­тап есептеліп жатқан дүние. Міне, сол қаржы елге, халыққа жұмыс істеуі керек. Оның ішінде жастарға оны жеңілдетілген түрде беру керек. Мүмкін, ешқандай пайызсыз бер, түсімсіз бер 10-20 жылға, аяғына тұрғанша. Егер де екі балалы жас отбасы болып жатса, оның бір 25 пайызын алып таста, үш-төрт бала болса, төлемді түгел алып таста немесе жартысын алып таста. Сөйтіп, мінеки, өзіміздің халық санының өсуіне де ықпалымызды жасаймыз. Жас отбасына мемлекет тұрғысынан қамқор­лығымызды көрсетеміз. Соның аяққа тұруына ықпал жасаймыз. Бұл тұрғын үй бағдарламасы – бір жағынан, әлеуметтік дүние, екінші жағынан, экономикалық дүние, үшінші жағы­нан, бұл – саясат. Солай ұқсақ қана үй бағдар­ламасы нағыз елге, халыққа жұмыс істейтін бағдарлама болады.
– Сізді қарапайым халық айтыс арқылы, төл өнер арқылы таныды десек, болатын шығар. Бүгінгі айтыс және оның болашағы туралы не дейсіз?
– Айтыс – халқымыздың төл өнері. Басқа халықта осы деңгейдегі айтыс жоқ қой деп ойлаймын. Қырғыздарда бар, ептеп түріктер­де бар. Оның барлығы біздің айтыстың пұшпағына да келмейді. Бұл – айтыстың кере­меттігі. Айтыста демократияның бір ұшқыны жатыр. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ. Бұл – қалыптасып қалған ұғым. Айтыскерлерді халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін, биліктің ойын халыққа жеткізетін дәнекер деп ұғу керек. Айтыс – тілдің, өнердің, мәдениеттің жанашыры, насихатшысы. Айтыс кеңес заманында біраз жоқтың қасына жақындады. 80-жылдары экономикаға байланысты ол да тығырыққа ұшырады. Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін де айтыста қиындық болды. Соны көре тұра, қол ұшын бермесек, қазақ атанып жүруіміз қалай болады?! Кейбір аға-інілеріміз бар осы айтыс өнеріне сын айтып жүрген. Айтыстың керегі жоқ деп айтқан үлкен-үлкен ақсақалдар бар. Кейде бір баспадан да көріп қаласың. Мүйізі қарағайдай жазушыларымыздың айтыс туралы айтқан сөздеріне қарап отырып, соларға жаным ашиды, сөздеріне қарным ашады. Сондай сөз айтып отырған адамның шығармасын кім оқиды?! Кімге керек?! «Осы екі ауыз өлең айтқанға машина мінгізіп жатыр, біз көз майымызды тауысып, айлап-жылдап үлкен шығармалар жазамыз, біз, не сонда, соған жарамаймыз ба» дегенді айта­ды. Көз майыңыз бар шығар... Егер талап-деңгейіңіз жоғары болып жатса, жазғаны­ңыздан қыруар ақша түсіріп алмайсыз ба?! Ел оқып жатса, ел сатып алып жатса, ол керемет дүние емес пе?! Ал енді оныңыз өтпей жатса, оның құдіреті қайда, оның кереметі қайда?! Онда оның несіне көз майыңызды тауысасыз?! Одан да ол кітапқа қарағанда сахнадан айтқан екі ауыз сөз артық деймін мен. Кейбір жазушыларымыз бар, міне, оларға айтарым – осы. Сондықтан оны дамытуға, жоғары деңгейге көтеруге атсалысу керек.
– Енді елге тілегіңіз...
– Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты, шаңы­рағы биік, босағасы берік, керегесі кең болып, Көк байрағымыз сонау биіктен желбіреп тұрса деген тілек бар. Бүкіл ел осыған еңбек етуі керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста