«Дауысым әдемі, мен де эфирге шыға аламын» деп екінің бірі ойлайды. Бірақ олай емес...
Сауық ЖАҚАНОВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, диктор:
– Бір қарағанда, соншалықты күрделі кәсіп болып көрінбегенімен, дикторлық өнердің де өзіндік қыр-сыры бары анық. Және оны жете меңгермейінше, радио мен телеарна жүргізушілерінің тілі де тыңдарман көңілінен шыға қоюы екіталай. Осы ретте, өзіңіз дикторлыққа қалай мамандандыңыз?
– Негізі, театр факультетінде «Сахна тілі» деген кафедра бар. Сол кафедраны бітіргендер диктор бола алады деп есептеймін. Бірақ ертеректе әртістікке маманданғандармен қатар, табиғи таланты бар, ән сала білетін немесе өнерге жақындау болса, сөйтіп те келетін. Ал кәсіби шеберлік тәжірибе арқылы бірте-бірте қалыптасатын. Өз басым, мысалы, Әнуарбек Байжанбаев, Шәрипа Бейсекеева, Асыл Рахымжанова, Жәнел Асқарова, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Жаңыл Аяпбергенова сияқты мықты-мықты дикторлардың арасына тап болдым. Сөйтіп, бір-бірімізден үйрене жүріп шыңдалдық. Жалпы, өзім қазіргі Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітіргем. Ән салып, өлең оқитынмын, концерттерді жүргізетінмін. Сол өнерге жақындығымнан да радио дикторлығына жарияланған конкурстан өтіп барып, осы жерге келдім. Алайда ол уақытта мұнда жұмыс істеп жүргендердің көбісінің дауыстары жуандау, төменгі дауыс болатын. Ол менің 20-21-дегі кезім, дауысым да жас. Содан алғаш жұмысқа келгенде, «Шіңкілдеген дауыс қой әлі» деген екен. Бірақ артынан жөнделіп кетті, оның бәрі, әрине, тәжірибеге байланысты.
– Бала кезімізден құлаққа сіңісті болғандықтан ба, біз сізді даусыңыздан танимыз. Әйтсе де өзіңіз қалай ойлайсыз, даусыңыз бұрынғыдан өзгерді ме?
– Әрине, дауыс та қартаяды. Жас кезімде даусым сыңғырлап әдемі естілетін. Қазір жасым ұлғайды. Соған орай даусым да қоңырланып, салмақтанды деуге болады. Қазір мен жанымда отырған адаммен өмірде қалай сөйлессем, эфирде де солай сөйлеуім керек. Егер де даусымды сәл көтеріп сөйлесем, жіңішкеріп кетеді. Әрі саңырау адамға немесе алыста тұрған кісіге сөйлеп жатқандай әсер береді.
– Әдетте, әншілер туралы айтқанда, «дауысты қояды» деп жатады. Бұл дикторларға да қатысты ма?
– Иә, ол дикторларда да бар. Себебі тамағымен сөйлейтін адамдар болады. Дауыс тамаққа кетсе, адам тез шаршап, қырылдап қалады. Сол сияқты, іштен, дифарагмадан күмбірлеп шығатын дауыс бар. Ол үшін дыбысты шашыратпай айту керек. Енді біреулердің сөйлегенде жағы ашылмай қалады, әріптерді өз орнымен айтпайды деген сияқты... Мұның бәрі «дауыс техникасы» болып табылады, ал «дауысты қою» дегеніміз – сондай-сондай нәрселерді реттеу.
Бұрынғы уақытта хабарлардың барлығы эфирге тек қана дикторлардың даусымен шығатын, журналистер шықпайтын. Шақырылған қонақтар ғана өз даусымен сөйлейтін. Дикторлардан қате жібермей, анық сөйлеу, дикцияның тазалығы талап етілетін. Одақ тарап, бұрынғы құрылымдардың бәрі ыдырап жатқан уақытта бұл жағына онша мән берілмей кеткен еді. Бірақ қазір радио, телеарна журналистерінің сөйлей алатын-алмайтындығы қайтадан ескеріле бастады. Өйткені ел арасында «бұрын радио деген саңқылдап тұрушы еді, таза сөйлеуші еді. Қазір эфирде сақаулар көбейіп кетті, мұрнынан сөйлейтіндер шықты, не айтып, не қойып жатқанын түсіне алмаймыз, дауыстары нашар» деген қынжылыстар көбейіп кетті. Сондықтан журналистер де сабақ алып, дұрыс сөйлеуге тырыса бастады. Мысалы, зейнеттік демалыста болсам да, «білгенімді жастарға үйретейін» деп, Қазақ радиосында мен де жүрмін. Жалпы, ұлттық өнер академиясында «Сахна тілі» деген пән жүреді. Әрине, сахна мен эфир тілінің сәл-пәл айырмашылықтары бар. Дегенмен сол жерде мұны үш жыл бойы оқытады. Демек, бұл – оп-оңай меңгеріле салатын дүние емес деген сөз.
– Ал эфир тілінің басты айырмашылығы неде?
– Бұл – сөйлеу тілі ғой. Бізді жұрт құлақпен тыңдайтын болғаннан кейін міндетті түрде сөйлесіп отырғандай боламыз. Қазақ тілі заңдылықтарында үндестік заңы деген бар. Сол сақталуы керек. Мысалы, «бара алмаймын» деп жатпаймыз, «баралмаймын» дейміз. «Жүрек», «шекара» дегенде «жүрөк», «шегара» деп айтамыз. Міне, біріншіден, осылайша, үндестік заңына сәйкес сөйлеу керек. Екіншіден, айтатын ойыңның бәрін ыңылдап, бір қалыппен сөйлей бермейсің ғой. «Басты сөз» деген болады. Оны анықтап алу қажет. Міне, мұның да өзіндік қыр-сыры толып жатыр.
– Сіздің эфирдегі жемісті жылдарыңыз, негізінен, кеңес уақытымен тұспа-тұс келді. Ол кезде қандай ерекше талаптар болды?
– Қате жібермеу қатты қадағаланатын. Не болса да, тек қана жазып алып оқитынбыз, өз бетімізбен сөйлей бермейтінбіз. Бірақ сол жұртқа өз жанымыздан шығып жатқандай әсер беретін, ешкім оны «басқа біреу жазған дайын мәтін» деп ойламайтын. Бұлақтай мөлдір, әуезді ашық дауыстары еріксіз баурап, жұрттың өн бойын ерекше сезімге бөлейтін дикторларды тыңдармандар «ерекше жандар» деп есептейтін. Ел Әнуарбек Байжанбаевқа арнайы хат жазатын. Ол кезде жеңіл көлік алу, баланы оқуға түсіру деген қиындау болатын. Содан да үлкен кісілер: «Қарағым Әнуарбек, жинаған аз-маз тиын-тебенім бар еді. Сен анау Қонаевтың жанында жүресің, сол кісінің сөзін сөйлейсің, сөзің өтеді ғой, машина алуға көмектесші» немесе «баламды оқуға түсіріп берші» деп түрлі-түрлі өтініш айтатын. Халықтың сенгендігі соншалық, біздің айтқанымыздың бәрін шындық деп есептейтін. Бұл – дикторлық үлкен өнер деген сөз. Бұл жерде журналистік пен білімділік әрі сөздің астарын түсіне алумен қоса, ауызекі әдемі, шебер сөйлей алушылық, шешендік өнер жатыр. Былай қарағанда, дайын мәтінді оқудың түк қиындығы жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ оқудың да оқуы бар. Көп нәрсе түйсікке, сезімталдыққа байланысты. Айтатын нәрсеңнің жанрын тез түсіне қойып, соған сай дауыс құбылыстарын меңгеруің керек. Біздің жұмыста «жеті нотамен сөйлеу керек» деген ұғым бар. Әдетте, «дауысым әдемі, мен де эфирге шыға аламын» деп екінің бірі ойлайды. Бірақ олай емес. Расында, көп білім керек.
– Өзіңіз айтып отырғандай, мықты дикторларға елдің құрметі жоғары болды. Ал ресми орындар тарапынан еңбектеріңіздің бағалануы қалай?
– Менің «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» деген атағым, орденім бар, доцентпін. Кейінгі жастар «Сауық апайдан оқиықшы» деп жатады, үйренгісі келеді. Демек, осының бәрі – еңбегімнің жоғары бағаланғаны.
– Әйтсе де мана өзіңіз айтқан Әнуарбек аға, сол сияқты басқа да әріптестеріңіз, солардың еңбегі бүгінде лайықты дәрежеде дәріптеліп жүр ме?
– Әнекеңнің қайтыс болғанына 21 қазанда 20 жыл толды. Жастар білмейді. Бірақ осы күнгі үлкендердің барлығы: «Әнуарбек Байжанбаевтың даусымен ержеттік», – дейді. Әнекеңнің сөйлеу мәдениетi, адаммен амандасуы, тiптi бөлмеге кiрiп-шығуы мен отырып-тұруының өзі үлкен мектеп еді. Эфирге шығатын кездегi сән-салтанаты өзiнше бiр әлем едi. Сонда «бұл кiсiнi тыңдарман тiптi көрiп те жатқан жоқ, неге сонша сәнденедi екен» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, оның бәрi өнер алдындағы тазалық, адалдық екен. Хабарды тыңдаушының жүрегіне жеткiзе білу, ең алдымен, диктордың жан тазалығына, көңiл күйiнiң көтерiңкi болуына байланысты екенін кейiн бiле бастадық. Шындығында, Әнуарбек Байжанбаев радионың ардагерi ғана емес, тiптi «кiндiк әкесi» деуге де лайықты жан едi. Негізі, Қазақ радиосының алтын қорынан анда-санда берілетін хабарларда ол кісінің даусы бар. Яғни радио тыңдайтын жұрт Әнекеңнің даусын әлі де ести алады. Дегенмен де еске түсіріп отыру керек. Сондықтан бұрынғы көзкөргендер ол кісі туралы естелік айтудан ешқашан жалыққан емеспіз. Өйткені ол өте талантты адам болған. «Халық әртісі» атағын алған. Бүгінде Қазақ радиосының кіре берісінде үлкен мүсіні тұр. Мұның бәрі, әрине, бекерден-бекер емес.
– Бүгінде өзіңіз де радионың ішінде жүрсіз, көп жайттан хабардарсыз. Дикторларды іріктеуде қазір ерекше бір шарттар бар ма?
– Қазір радиода диктор деген атымен жоқ. Ескікөзден келе жатқан жалғыз мен ғанамын. Әр журналистің өзінің хабары бар, өздері дайындап, эфирге өздері шығады. Ал бұрын тәулігіне 24 сағат эфир болатын болса, соның бәрін дикторлар оқитын. Барлық жанр жүретін: саясат, экономика, ауыл шаруашылығы, әдеби шығармалар, музыкалық хабарлар, осының бәрінің оқылу ырғағы бөлек-бөлек. Мен, мысалы, барлық жанрды оқи аламын. Оның ішінде әртістікті қажет ететін, рөлге кіретін шығармалар да бар. Ал жай адамның оны оқуға шамасы жете бермейді.
– Қалай ойлайсыз, радиоға қазір арнайы диктор керек пе?
– Менің ойымша, керек. Ал авторлық бағдарламасымен шығатын журналистерді таза сөйлеуіне, сөздерді дұрыс айта алу-ына қарай іріктеп, тексеріп алу керек. Егер тіл кемістігі болатын болса, ондай адамдарды теледидар мен радио журналистігіне жұмысқа қабылдамау керек. Осындай талап қойылса, бәрі біртіндеп жөнделіп кетеді.
– Бірақ бұл тым қатаң талап емес пе?
– Біріншіден, бұл ұлт тілінің бұзылмауы, көркем дәрежеде дамуы үшін қажет. Мысалы, ертегіні радиодан бір сақау айтып тұрса, оны тыңдап өскен бала не болады? «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтпайды. Егер мұғалімі «ң»-ды айта алмайтын болса, оның шәкірті де тура сондай болып шығады. Бізде тілі дұрыс қалыптаспаған қаншама бала бар! Міне, сондықтан эфирдің үні таза болуы қажет. Әрбір сөз жіпке тізген маржандай мінсіз, әдемі болып шығуы тиіс.
– Cізді көшедегі жұрт түріңізден тани ма?
– Түрімнен тани қоймайды, бірақ даусымнан таниды. Әсіресе қоғамдық көлікке мінгенде ептеп сөйлей қалсам немесе «Жол ақысын алшы, балам» десем, маңайымдағылардың бәрі елең ете қалады.
– Әдетте таныған-білген жұрт қандай лебіз білдіреді?
– Незінен, мақтайды, «әлі жап-жассыз» дейді, «даусыңыз құлағымызға әбден сіңіп қалыпты», «сіздің ертегілеріңізбен өстік» деп жатады. Шынымен де, ол кезде жарты сағаттық, бір сағаттық әдемі хабарлар, әдеби-музыкалық бағдарламалар көп берілетін. Кезінде өзім Зәмзәгүл Шәріповаға еліктеп, сол кісіден үйреніп өскем. Ол кісі әдеби мәтіндерді керемет әсерлі жеткізеді. Балаларға радиодан әлі де ертегі оқып жүр.
– Әйтсе де радиодан гөрі телеэфир арқылы шыққан адамдар жұртқа тез танымал болады ғой. Соған қарамастан сіз радиода тұрақтап қалдыңыз. Мұның мәнісі неде?
– Ертеде бір қызық болды. Мен өзімді «көзім кішкентай, арықпын, бетім де бір уыс, эфирден онша көрінбейтін шығармын» деп ойлайтынмын. Сондықтан да теледидардың конкурсынан өте тұра, радионы өзіме қолайлы көрдім. Сөйтіп жүріп бірте-бірте: «осы қыздан бірдеңе шығады» деген тәрізді тәуір атқа ие бола бастадым. Он шақты жылдан кейін бе екен, телеарнаның бір дикторы демалысқа кетіп, соның орнына мені шақырды. Үш-төрт жаңалығын оқып едім, мені қайтадан эфирге шығармай қойды. Өкпелеген жоқпын, «мейлі, өздері білсін» деп қоя салдым. Сол мезетте осындағы бір белгілі апай: «Сауық, сен деген – Қазақ радиосындағы нөмірі бірінші дикторсың. Сондай тамаша оқисың, сұмдықсың, анаусың, мынаусың», – деп біраз мақтап алды да: «Бірақ теледидарға жолама. Өткенде үйге келген бір қонақтар жаңалықтарды сенің оқығаныңды көріп: «Адам таңдауды білмейтін қандай адамсыңдар! Теледидар деген қазақтың айнасы ғой. Оған кереметтей сұлу, жан-жақты адамды шығару керек қой. Ал сендер кімді шығарып отырсыңдар?!» деп әбден сөкті. Сондықтан теледидарға келме», – деп ақыл айтты. «Жарайды, апай, жарайды, жоламаймын», – дедім де, содан бастап телеэфирге шақырса бітті, «Кадрдың сыртынан оқы десеңдер, барамын, ал кадрға бармаймын да бармаймын» деп азар да безер болатын болдым. Бірақ кейіннен, арада тағы біраз уақыт өткенде мені «Терме» хабарын жүргізуге шақырды. Бардым. Сөйтсем, мен экраннан әдемінің әдемісі болып көрінеді екенмін. Онда адамды жай шығара салмайды екен, грим жасайды, бояйды, жарық қояды... Керісінше, беті кішкене адамдар кадрда әдемі көрінеді екен. Оның үстіне, менің дауысым әдемі, сұмдық оқи аламын, яғни олардан асып кетуім ғажап емес еді, сол үшін жолатпаған екен. Оның бәрі – пендешілік, көреалмаушылық. «Екі көз бірін-бірі шұқымасын деп, ортасына мұрын өсіпті» деген сөз бар ғой. Бірақ радиода тұрақтап қалғаныма ешқандай да өкінбеймін. Мүмкін, менің маңдайыма жазылғаны осы Қазақ радиосы, сосын қазіргі ұстаздық қызметім шығар. Қалай болғанда да, тағдырыма ризамын. Тау жақтан алған жер үйім бар, балаларым есейіп, ержетті. Жолдасымның қайтыс болып кеткені болмаса, жағдайым, тұрмысым – бәрі жаман емес.
– Сіз – кәсіби дикторсыз, қазақтың тілін жақсы білесіз, сахна тілін меңгергенсіз. Сол тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі теле-радио эфирінің тілінен қандай артық-кем тұстарды байқайсыз?
– Жетпей жатқан нәрсе көп. Журналистер, әсіресе, қазақ тілінің заңдылығын сақтамайды, қалай болса, солай сөйлейді. Не тым күмілжіп, не тым созып жібереді. Немесе біреу қуып келе жатқандай, әйтеуір, сыдыртып өте шығады. Негізі, адам өзінің не айтып тұрғанын білуі керек қой. Мысалы, былайғы өмірде біз қалай сөйлесеміз? Әңгімелесіп отырғанда тоқтаймыз, адамның көзіне қараймыз. Міне, эфирдегі сөзге де солай мән беру керек. Бір жағынан, әрине, барлық адамның талантты болуы, әртіс болуы мүмкін емес. Әйтсе де радио мен теледидардың шынайылыққа сәл де болсын жақын болғаны жөн. Сонымен қатар тіл тазалығы, ырғақ, мақам ескерілсе деймін.
Алашқа айтар датым...
Радиоэфир деген – ауызекi сөйлеу. Ауызекi тiл мен жазба тiлдің екеуі – екі бөлек. Жастар жағы кейде әрiптердiң бiр-бiрiне әсерi, тiлдегi сингормонизм заңдылығы сияқты қарапайым дүниелердi бiле бермейдi. Біз – жеріміз қандай кең болса, өзіміз де сондай ашық-жарқын, сөзіміз сұлу, даусымыз кең халықпыз. Бізде дауысты дыбыстар көп. Ал дауысты дыбыс дегенiмiз, бұл – ән ғой. Расында да, сөйлемдердi созып, дауысты дыбыстарға күш түсiре оқысаң, ән болып естiлмей ме?! Өзіміздің сол ұлттық менталитетімізді сақтап сөйлесек екен...