Біздің қоғамның кемшілігі сол, кәсіпкерлерді өз заманының кейіпкері ретінде бағалай алмай келеді

Талғат Доскенов, Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының президенті:

– Талғат Қазкенұлы, қазақтың еңсе­сін көтеріп, әлеуетін арттыратын күш қазақ кәсіпкерлерінің қолында, дәлірек айтқанда, ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр. Біз әлі күнге дейін осыны мойындамай келе жатқан сияқ­тымыз. Бұлай деуге себеп бар. Жон арқаны жауыр қылатын жүкті кәсіп­керлердің мойнына артып қойып, іс­керлік алаңында кездесетін түрлі кедергілермен «жекпе-жекке» қал­дырдық. «Жеңсең, тірі қаласың, тірі қалғаның – елдің игілігіне» дейміз бая­ғы. Сыр беріп, морт сынса, былайғы жұрт селт етпейді. Бір анығы, 90-жыл­дардағы тоқырау шыңырауынан қазақтың экономикасын кәсіпкерлердің сүйреп шыққанын билік біледі, мойын­дайды. Алайда қазір қазақстандық кәсіпкерлердің бағын ашу үшін мемлекет қаншалықты ықпал жасап отыр?
– Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлерді қол­тықтап жетектемесе де, мемлекеттің бір бүйрегі бұрып-ақ тұр. Бірақ Үкіметтің көр­сетіп отырған қаржылай көмегіне қара­мастан, қазақстандық кәсіпкерлердің бүгінгі ахуалы оңалып кете қойған жоқ. Күні кешегі жаһандық қаржы дағдарысының теріс фак­торлары да отандық кәсіпкерлерді айналып өтпеді. Елімізде кәсіпкерліктің тұтқасын ұстағандардың белсенділігі онсыз да бәсең еді. Десек те, қанша көңіліміз толмағанымен, олардың экономикадан алатын үлесі сүбелі. Мұны ел Үкіметі ескеріп отыр. Қазір кәсіп­керлердің белсенділігін өсіру үшін тех­нология трансферттері, инвестиция тарту, маркетинг, менеджмент мәселелері бойын­ша, сонымен бірге ақпараттық демеу көр­сету мақсатында институттар құрылуда. Бірақ бұдан кәсіпкерлер қатарының көбейетін түрі көрінбейді. Солардың ішінде белсенді кәсіпкерлердің қарасы шамалы. Қолынан iс келетiн кәсiпкерлердiң көп болғаны қазаққа жақсы. Өркениеті дамыған кез келген мемлекетті алып қарасаңыз, жер­гiлiктi халқының 50-80 пайыздан астамы кәсiпкерлiкпен айналысады. Соңғы жыл­дары елімізде шаруамды дөңгелетсем деген кәсіпкерлердің арасында өз жұмыстарын тоқтатқандар қатары азаяр емес. Не себепті? Олардың «ажалы» несие алумен байла­нысты болып отыр. Айдың, күннің аманында тақырға отырып, ісін тоқтатады. Мұны іскерлік алаңыңда болатын таныс жайттар, заңдылық десе де болады. Алайда Қазақ­станға мұндай ұсақ кәсіпкерлер ауадай қажет.
Егер Қазақстан кәсіпкерлерінің белсен­ділігі артсын десек, ең алдымен, басын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды көздейтін, әлбетте, ұзақ мерзімге құрылған концепцияны өмірге әкелу керек. Құжаттың көздеген нысаны кәсіпкерлер һәм оларға қолдау көрсету болмақ. Екінші мәселе, біздің елде бүгінге дейін жас кәсіп­керлерді қолтығынан көтеріп, демеп жі­беретін тұрақты жүйе қалыптаспай отыр. Бизнес әлеміне келіп қосылған жас кәсіп­кердің халі дүниеге жаңа келген сәбимен бірдей. Оған да баптау, бақылау, демеу қажет. Аяғына нық тұрып кеткен жағдайда ғана ол өзінің жемісін береді. Біздегі ахуал басқаша. Шағын қалалар мен аудандардағы жас кәсіпкерлердің жағдайы сын көтер­мейді. Қазақстанның бірде-бір ауданының, бірде-бір қаласының өз бағытын айқын­дайтын бас жоспары жоқ. Ал бұл құжат­та сол аймақтарға қарасты кәсіпкерлердің рөлі айқындалуы қажет еді. Әзірше жас кәсіпкерлер тәуекелге бел буып, өзінің жиған-тергендерімен өз ісін ашуға мәжбүр. Шаруасын айналдыра алмаса, өшеді. Оған сіз бен біз, мемлекет те селт етпейді. Міне, мәселе қайда жатыр...
Елбасының тапсыруымен Үкіметтің шағын қалаларды дамыту бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Бағдарламаға елдегі ірілі-ұсақты 27 қала ілікті. Олар – аумағы жа­ғынан әртүрлі болғанымен, тыныс-тіршілігі, бір сөзбен айтқанда, «тағдыры» бір салаға, яғни бір өнеркәсіпке байланған қалалар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер жаһандық жағдайға байланысты бұл қалаларды асыраушы салада тоқырау сезіле қалса, осы қалалардағы ондаған, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сонда амалсыздан кәсіпкерлерге қолқа салуға тура келеді. Бірақ менің айтпағым бұл емес. Экономикалық даму және сауда министрлігі дайындаған, республика қоржынынан қо­мақты қаржы бөлінетін бағдарламаға жергілікті тұрғындардың қатыстырыл­ма­ғаны, жаңа жобаның олардың ауди­то­риясында талқыланбағаны өкінішті. Ең бастысы, сол қалалардағы тұрғындардың, кәсіпкерлердің пікірі ескерілмеген. Жер­гілікті тұрғындар бағдарламаның бар екенінен хабардар, тек нақты қандай жұ­мыстар жүргізілетіні жөнінде ешкім ештеңе білмейді. Шындап келгенде, бағ­дарламада шағын бизнес өкілдерінің немесе орта бизнес өкілдерінің рөлі анықталуы керек еді. Мәселен, ірі бизнес өкілі не істей алады? Бұл аймақтарда қандай бизнес түрлерін дамытуға мүмкіндік бар? Туризм бола ма? Машина жасау саласы ма? Әлде жеміс-жидек өнімінің өндірісін дамыту керек пе? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға әзірге жауап жоқ.
«Атамекен» одағы Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының мамандары шағын қалалардың тұрғындары арасында әлеуметтік сұрау жүргізді. Нәтижесінде тұрғындардың 70 пайызының жаңа бағдар­лама жөнінде естігені, ал бағдарламаға қатысты нақты қойылған сұрақтарға көбінің мүдіріп жауап бергені анықталып отыр. Бұл – жергілікті халықтың кешенді даму жоспарының дайындалуына еш қатыс­пағанының куәсі. Асылында әр қаланың әрбір азаматы, әрбір кәсіпкері атқарған ісі сол қаланы тығырықтан құтқара алатынын түсінуі қажет.
Сонымен бірге біз әлем мемлекеттерінің бай тәжірибелеріне де арқа сүйеуіміз керек. Мәселен, Германия, Италия, Корея ел­дерінде осындай бағдарламалар жүзеге асырылған. Олардағы тәжірибе бойынша, бағдарламада көрсетілген міндеттерді іске асыруды бақылау әр аймақ басшысының орынбасарына жүктеледі. Жауапкершілік жүгі жүктелген қызметкер істі аяғына дейін жеткізбей, қызмет ауыстыра алмайды. Мұндай тәжірибе бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, сапалы орындауға һәм бөлінген қаражаттың желге ұшып кетпеуіне септігін тигізеді. Ал біздегі кадр саясатының «қаді­рін» түсініп болмайсыз: бірі келіп, бірі кетіп жатады.
– Қазақстандықтар тұтынатын азық-түліктің 35 пайызы сырт елдерден тасымалданады екен. Алайда маман­дар қазақтың көрші елдерге алақан жаймай-ақ, азық-түлік өнімдерін өз елімізде өндіруге қауқары жететінін айтып жүр. Аталған саланың дамымай, кері кетуіне не себеп?
– Дұрыс айтасыз. Бұл – өте қауіпті көрсеткіш. Егер алда-жалда түрлі себеп­тердің салдарынан сырт елдерден қажетті тауарлар жеткізілмей қалса, елде дүрбелең тууы әбден ықтимал. Сондықтан мұндай тәуелділіктен арылу үшін батыл қадамдар жасауымыз шарт. Қазақстанда өндірілетін отандық өнімдерді есепке алып, өндіруге тиіс тауар түрлерін тізімге қосып, кәсіп­кер­лерге тапсырса, мемлекет тиісті шарапатын тигізсе, тығырықтан шығуға әбден болады. Қазақстанда тамақ өндірісін еңсеруге әлеуетіміз де, жігеріміз де жетеді. Қазақ кәсіпкерлерінің қолынан бұл іс келеді. Бірақ кедергілер де жоқ емес. Соның бірі ретінде қазақ кәсіпкерлері арасында ауызбірліктің жоғын айтар едім. Мәселен, біреуінде – табын-табын сиыр, екіншісінде – отар-отар қой, үшіншісінде үйір-үйір жылқы бар делік. Бұлардың біреуінде де мал соятын қасапхана жоқ. Ол төртінші кәсіпкердің қолында болуы мүмкін. Ал «кісідегінің кілті – аспанда» деген. Тақалып кетсе, ақылға сыймайтын ақы сұрайды. Осы жағына келгенде ұйымшылдық, ауызбірлік байқал­майды. Қазір көптеген ауылдағы кәсіп­керлер жем-шөптің жетіспеушілігінен қиын­дық көріп отыр. Бар малы қырылып жатса да, екінші кәсіпкер оған жем-шөбін әкеліп бермейді. Кеңес заманында біріне-бірі қол ұшын беретін. Осы жүйені қайта қалпына келтіру қажет сияқты. Түйіні то­мардай байланған мәселелерді бір ортада талқылап, кәсіпкерлердің басын қосатын аймақтық ұйымдар жоқтың қасы.
– Ұйым демекші, қазір тас лақ­тырсаңыз, Қазақстан кәсіпкерлерін билеп-төстейтін жекелеген ұйымдарға, мекемелерге барып тиеді ғой. Кәсіп­керлерге тұсау болған күрделі мәселе­лерді келісіп шешсе, оларға кім қой деп жатыр?
– Бірден айтып қояйын, жекелеген ұйымдар, мекемелер үшін мен жауап бере алмаймын. Жақында ғана Экономикалық даму және сауда министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Қазақ­стан кәсіпкерлері қауымдастығының сарап­шылары – мүше. Қазақстандағы кәсіпкер­ліктің дамуына құрсау болып тұрған мә­се­лелерді бүге-шігесіне дейін зерттеп, кедергілерді талдап жатырмыз. Қыркүйектің аяғында жұмыс тобы қорытынды шыға­рады. Қаптаған рецензия, серти­фикация, аккредитация, түрлі актілер секілді қисапсыз рұқсатнамалардың тізімін қысқартуды көздеп отырмыз. Олар кәсіпкерлердің ая­ғын орап, істерін алға жүргізбейді.
Кезекті өзекті мәселе: мемлекет кәсіп­кердің құқығын толық қорғай алмай отыр. Сол себепті «Атамекен» одағы кәсіп­кер­лердің құқықтарын қорғау жөніндегі қо­ғамдық кеңес құрды. Әзірше Астана, Алматы, Қарағанды, Талдықорғанда кәсіп­керлердің басын қосып, жиындар өткізді. Кәсіпкерлердің көкейін тескен өзекті мәселелер талқыға салынуда. Солардың бірі – 15-20 жылдың көлемінде шешімін таппай келген такси қызметіне қатысты дау-дамайлар төңірегінде. Айтуға ұят болса да, айтайын, еліміздің 14 облысында такси тасымалына қатысты 14 түрлі ереже болмақ. Бұл таксистердің арасында дау тудырды. Бұл аз болғандай, такси қызметін бақандай бес мемлекеттік орган бес жақтан басқарып, есін шығарады. Олар – Көлік және коммуникация министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Кедендік бақылау комитеті, Жол полициясы және жергілікті билік өкілдері. Бес орган бес жақтан бес түрлі «закон» соққанда, такси жүргізушісінің не жаны қалады?! Сондықтан Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы «Атамекен» одағымен бірлесе отырып, Қарағандыда такси жүргізушілердің өзара көмектесу гильдиясын құрды. Мәселенің түйінін қалай шешуге болады? Өзге облыстарға қандай үлгі ұсыну қажет? Гильдия мүшелері осы мәселелерге бас қатыруда.
– Кәсіпкерлерге артылған міндет осал емес, олардың аяғына тұсау бо­латын кедергілер де жетерлік. Солардың бірі – әкімшілік кедергілер азайды ма?
– Елбасы биылғы Жолдауында әкімшілік кедергілерге қатысты мәселе көтерген еді. Сонымен қатар 2012 жылдың соңына дейін лицензиялардың барлығының электронды нұсқаға ауыстырылуын тапсырған. Бұған бизнесмендер қауымы белсенділік та­нытуда. Елбасы атап өткен «тыйым салын­бағанның бәріне рұқсат» принципін кә­сіпкерлер барынша пайдаланып қалуға әрекеттенуде. Алайда әкімшілік кедер­гілердің 30 пайызын қысқарту науқаны анау айтқандай нәтиже берген жоқ. Мәселен, кей мемлекеттік органдардан тексеріс азайса, есесіне өзге тараптардан кедергілер көбейіп шыға келеді. Бұл ненің көрінісі? Заңның шикілігі! Дәлірек айтқанда, кәсіп­керлердің аяғына тұсау болатын толып жатқан кедергілерді жоюға қауқары жет­пейтін заңды ойлап тапқандар сол кәсіп­керліктің қыр-сырынан бейхабар адамдар дер едім. Шын мәнінде, кәсіпкерлік саласында жүрген білгір мамандардың пікірі ескерілуі тиіс. Қазір әкімшілік кедер­гілердің көзін жою мәселесі күн тәртібінде тұр. Осыған орай «Атамекен» одағы арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламентке жол­дады. Құжатта көтерілген басты мәселе – әкімшілік кедергілерді жою, сонымен бірге кәсіпкерлердің лицензия­ларды уақытымен, еш кедергісіз алуына жағдай туғызу. Қазіргі күннің өзекті мәселесі шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлердің ара-жігін ажыратып, нақты критерийлерін белгілеу болып отыр. Мәселен, біздің шағын кәсіпкерді АҚШ-тың бір штатына алып барсаңыз, сіз кәсіпкеріңізді тек микро­скоппен ғана көре аласыз. Себебі біздегі шағын кәсіпкерлер тым әлсіз. Сондай-ақ ісін жаңа бастаған жас кәсіп­керлердің алғашқы үш жылда барлық тексеруден босатылуын талап етіп отырмыз.
Біздің ұйым мемлекеттік тексерулердің нақты критерийлерін анықтауға талпынды. Қазақстандық кәсіпкерлердің алдынан кесе-көлденең шығатын әкімшілік кедер­гілердің ондаған түрін жіктеп шығуға бо­лады. Мысалы, техникалық кедергілер. Олар халықаралық стандарттарға сәйкес келмегендіктен, техникалық регламент­терден туындайды. Сондай-ақ кедендік кедергілер де бар. Біздің Кедендік одақ аясында жұмыс бастап кеткенімізге біраз уақыт болды. Бұл бағытта да шешілмеген сұрақтар жетіп-артылады. Біздің заңна­малар екі мемлекеттің құжаттарына сай келмей жатыр. Үш мемлекеттің арасында құжатты бірізділендіру өте қиын. Осының салдарынан қазақстандық кәсіпкерлер кедендік кедергілерге кезігуде.
– Сөзіңіз аузыңызда, Талғат Қаз­кенұлы. Кедендік кедергілер деп қалдыңыз, Кедендік одақ отандық кәсіпкерлердің көкжиегін кеңейте алмай отыр ма сонда?
– Ресей мен Белоруссия кәсіпкерлерінің тауарлары Қазақстанға еш қиындықсыз өтіп жатыр. Ал біздің отандық тауарлар ше? Белоруссия қазақстандық кәмпиттерді шекараларынан өткізбеу үшін шу шығарды емес пе?! Бұл аз болғандай, қарағандылық радиаторларды да сатуға қарсылық біл­дірді. Сонда екі елдің тауарлары бізге еркін айналымға шығарылса, қазақстандық кәсіпкерлер кедендік кедергілерге неге тап болып жүр? Бұл әділетті ме?
– Қарға тамырлы қазақтың халін сұрасақ, әңгіме ауаны ауылға қарай ойысады да тұрады. Ауылдағы кәсіп­керлердің шешілмеген мәселелері де шаш етектен. Төрт түлік бағып, күнін күнелтіп отырған ауыл кәсіпкерлерінің ахуалы нешік?
– Ауыл кәсіпкерлерінің бас ауыртатын өзекті мәселесі: кепілдікке қоятын ештеңесі жоқ. Азғантай шаруашылықты дөңгелету үшін де ақша керек. Банк кепілдіксіз көк тиын да татырмайды. «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» ауыл кәсіпкерлерінің уысына түсе бермейді. Оған қарағанда, қала кәсіпкерлерінің мүмкіндігі мол. Себебі қала мен ауыл кәсіпкерінің айырмашылығы жер мен көктей. Осы теңсіздікті жою үшін жаңа аграрлық саясатты жолға қою шарт. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын зерттейтін «Қазагро», «Қазагрофинанс», «Маркетинг» сынды институттар құрылуда. Бірақ содан нәтиже көріп отырған жоқпыз. Ауыл шаруаларындағы жағдай анау айтқандай мәз емес. Ауылдықтардың еңсесін көтеруге талпынып отырған Үкімет қадамдарына қарамастан, ауылдағы ахуал әлдене қойған жоқ. Кезінде колхоз, совхоз ыдырағаннан кейін жүйелі жұмыс істеп тұрған шаруа­шылықтардың барлығы талан-таражға түсті. Машина-трактор бекеттері, техник мамандар дайындайтын учили­щелердің бәрі құрдымға кетті. Азық-түлік қауіпсіздігін тығырыққа тіреп қойдық. Кеңес кезінде жап-жақсы қалыптасқан техникалық база­лар мен білгір мамандарға бай Қазақ­станның ауқатты ауылдары әбден тоналды. Жасыратын несі бар, ауылдықтар жұртта қалғандай күйге түсті. Ошағы ортасына түскен ауылдың бүгінгі ахуалы оңалмай тұр. Дегенмен қазақ ауылдарының қашанға дейін еңсесі түсіп тұрмақ? Қауымдастық мүшелерін ойландырып отырған сұрақ­тардың бірі һәм бірегейі – осы. Осының барлығын бір жүйеге келтіретін, ауыл ша­руашылығын дамытудың арнайы бағ­дарламасын әзірлеп жатырмыз. Елде агро­өнеркәсіп саясаты дұрыс жолға қойылмаған. Ауылда тым ұсақ шаруа­шылықтар көп. Иә, бұл топтардың атқаратын рөлін жоққа шығармаймыз. Бірақ олар мейлінше техникалық жабдықтармен жарақталған алып өндіріс орындарымен бәсекеге жарамсыз. Сондықтан шағын және орта шаруашылықтардың ара-жігін жіктеп, соған сай мемлекеттен қаржылай көмек көрсетілу жағын анықтай түсу керекпіз.
Сөз басында айтып кеткендей, ауыл кәсіпкерлері үшін өткір мәселелердің бірі – несие алу. Қазір бірде-бір ауыл шаруа­шылығының несие алатын ликвидтік кепілдігі жоқ. Банк ауылдағы үйін мен­сінбейді. Техника әбден ескірген. Осыған орай ауыл кәсіпкерлерінің мұңын ұға алатын арнайы агробанк дүниеге келуі керек. Біздің елде ауылдықтардың тірлігін ширату ниеті болғанымен, нәтиже беретін нақты бастамалар жоқ. Ауыл кәсіпкерінің арқа сүйері бар ма қазір? Табиғаттың тосын мі­незімен де, жергілікті билікпен де, банкпен де жекпе-жек, бетпе-бет қалып отырады.
Орайы келгенде айтайын, қазақты кең-байтақ жері мен мыңғырған малы асырады. Көрші елдерден сүт те, ет те сұрамады. Қазір де экологиялық таза сүт, ет алуға мүмкін­дігіміз молынан. Бірақ Австралиядан, Ре­сей­ден, АҚШ-тан шекара асып келген ет жеп, ұнтақ сүт қатқан шай ішеміз. Мейлі, күліңіз, мейлі, жылаңыз. Бұл – шындық. Қазір ауылдың тірлігі өте ауыр. Қазақ­стан­ның кей ауылдарында таза ауызсу жоқ, кейбіреуінде жарық жоқ. Осыдан кейін ауыл­дағы кәсіпкерлікті қалай дамытамыз? Жарық қымбат. Шаруашылықтарға жанар-жағармай жеткізу де қиямет-қайым, қып-қызыл шығын. Осы күнге дейін ауыл ша­руашылығын, соның ішінде мал ша­­­­руа­­­­шылығын өз деңгейінде дамыта алмай отырғандығымыз – қазақ деген атымызға сын.
– Кәсіпкерлердің мүддесіне қызмет ететін қауымдастықтың көздеген қандай да мұраты бар ма?
– Қазақстан кәсіпкерлері қауым­дастығының негізгі мұраты – Қазақстанда орта тапты қалыптастыру. Орта тап өкілдері деп отырғанымыз – баспанасы, көлігі, тұрақты жұмысы бар, балаларын таңдаулы оқу орындарында оқытуға жағдай тудыра алатын, материалдық тұрғыдан қамтылған адамдар. Біздің қоғамды дәулеті тасыған байлар мен сығарға биті жоқ кедейлер құрайды. Орта тап деген жоқ. Билік орта тапқа жатқызып жүрген әлеуметтің бі­реуінде үйі болса, машинасы жоқ. Енді бірінің машинасы болса, тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан бұлар орта тапты құрай алмайды. Мейлінше жағдайы ауқатты орта таптың қатарын 60 пайызға жеткізе алсақ, міне, сонда ғана Қазақстанда қоғам тұ­рақты болады. Ал орта тапты қалып­тастыру үшін қазақстандық кәсіп­керлерге еріксіз салмақ салуға тура келеді. Сол се­бепті би­лік кәсіпкерлермен «алтын көпір» орнатуға мүдделі.

Алашқа айтар датым...
Атағы Айға жеткен табысты кәсіпкерлер біздің елде неге жоқ? Неге олар шетелде шығады? Қазақ та қабілетті, жеріміз де киелі. Олай болса, мемлекет шынайы таланттардың бағын ашуға ниет бұруы керек. Белсенді кәсіпкерлердің көп болғаны қазақ үшін пайдалы. Егер халықтың тең жартысына жуығы кәсіппен шұғылданса, қазақтың байлығы тасып, жоғы түгенделеді. Кәсіпкерлердің арасында бәсекелестік пайда болады. Жүздеген, мыңдаған кәсіпкер ішінен қазақтың өз Стив Джобсы, Билл Гейтсі шығады. Бизнеспен айналысу – өнер. Ал өнермен шұғылданатын адамға ешқандай кедергі болмауы керек. Егер Стив Джобсқа, Билл Гейтске тиісті жағдай жасалмаса, қазіргідей дәрежеге жетер ме еді?! Біздің қоғамның кемшілігі сол, кәсіпкерлерді өз заманының кейіпкері ретінде бағалай алмай келеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста