Біздің қоғамда жалған бір құндылық бар. Ол – лауазым құндылығы
Әлихан БАЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
– Әңгімені жақында ғана билік басында болып өткен өзгерістерден бастағымыз келіп отыр. Шенеуніктердің бірталайы қызметтерін ауыстырып үлгерді. Тіпті кейбірі қош айтысты. Мұны мансап иелерінің қызметін ойдағыдай атқара алмағаны деп қараған дұрыс па, әлде саяси реформаға жасалған қадам деп санағанымыз жөн бе? Сіз қандай пікірдесіз? Қосылғыштар ауысқанымен, бәрібір қосынды өзгермейді деп ойлайсыз ба?
– Әрине, Президент әр саланың басшыларын оқтын-оқтын ауыстыру арқылы сол бағыттағы істерге серпін бергісі келеді. Және қазіргідей экономикалық-әлеуметтік дағдарыс етек алып тұрған кезде әлеуметтік психологияға орай қоғам назарын аударатын, өзіне тартатын оқиғалар керек. Саясаттың айналасындағы әңгімелерге бейім жұрт соған ден қояды да, өздерінше жаңа бір өзгерістер күтеді.
Ал ауыс-түйістің астарынан терең саяси мағына іздеудің қажеті шамалы. Оның саяси реформаға да қатысы жоқ. Егер саясатты үлкен идеялар мен елді алға дамытудың жолдары жөніндегі пікір алмасу мен бәсекелестіктің аренасы десек, оған да қатысы жоқ. Ал саясатты, Макиавеллидің пікірінше, көзге көрінбейтін ішкі қарым-қатынастың күресі деп қарайтын болсақ, оған қатысы бар.
Сапасы жағына келсек, ауысулардан өзгеріп кеткен ештеңе жоқ дер едім. Өйткені осы сала басында отырғандар – Елбасына берілгендігі және қажет адамдармен тіл табыса білетін ептілігімен отырғандар. Мен кезінде олардың көбімен қатарлас жұмыс істедім. Кейбіреулерін биліктің бір тармағын ұстап отырса да, өзі деңгейлес шетелдің мамандарымен кездескенде, тиісті деңгейде әңгіме жүргізеді деп айта алмаймын.
– Ал бүгінгі билікте демократ жастар бар ма?
– Биліктің ішінде түрлі көзқарастағы адамдар бар. Жалпы, қоғамда әсіресе билікте жүрген не билікте болған топтардың ішінде демократиялық және реформалық бағыттарда ойлайтын, билікке сын көзбен қарайтын күштердің болуы – заңды құбылыс. Сол себепті де осы ортадан оқтын-оқтын жаңашыл күштердің, демократиялық бағыттың баламасыз екенін түсінетін күштердің тууы заңды.
Билікте болған, өзін элитаның бір бөлігімін деп есептейтін адамның бір парызы – өз білгенін халыққа адал жеткізу. Халықтың есебінен шетелге шығып, қолына ақпарат тиген министр, әкім, не елшілер көрген-білгенін халыққа теріс жеткізсе, ол қате болар еді. Осы тұрғыдан алғанда, мен кейбір өзім сыйлайтын адамдардың кей істеріне қынжыламын. Мысалы, Олжас Сүлейменов ағамызды мен қатты сыйлаймын. Кеңес дәуірінде қазақтың рухының сақталуына үлкен үлес қосқан адам. Кезіндегі «Невада-Семей» қозғалысының белсенділерінің бірі ретінде де құрметтеймін. Бірақ Фазиль Ескендрдің «құрметтеу – ол өткен еңбегін және бүгінгі атқарып жатқан істерін сыйлау» деген бір сөзі бар. Сол секілді Олжас ағамыздың өткен еңбегі мен үшін өте маңызды. Бірақ бірде Мемлекеттік кеңестің отырысында «қазір Батыс Еуропаның өзі демократияға күмәнмен қарайды» дегенді айтып қалды. Міне, бұл бар ақпаратты халыққа бұрмалап жеткізудің мысалы. Сосын мен: «Олжеке, саясаткер болып жүріп, демократияға күмәнмен қарайтын Батыстағы бір адамды айтыңызшы», – дедім. Сол кезде Францияда президенттік сайлауға Николя Саркози түсіп жатқан. Саркози де, тіпті ұлтшыл Лепеннің өзі де демократияға күмәнмен қарамайды. Себебі демократия деген халықтың, әрбір азаматтың дауысын, орнын, мемлекеттің ортақ істерін шешудегі рөлін көтеру болмақ.
Олар халық арқылы ғана мансапқа қолы жететінін біледі. Сол себепті халықты өздеріне қарсы қойғысы келмейді. Осы жайлардан хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу, демократияның баламасыз жол екенін түсінетін жастар бүгінгі билікте жүрген азаматтар ішінде де, сөзсіз, бар. Олар Президент әкімшілігінде, Үкіметте, «Нұр Отан» партиясының ішінде де жүр деуге болады.
– Олар неге өз көзқарастарын ашық айтуға ұмтылмайды?
– Өйткені оларды тежейтін бірнеше фактор бар. Біріншіден, біздің қоғамда қалыптасып қалған бір жалған құндылық бар. Ол – лауазым құндылығы. Өткенде белгілі бір азамат туралы таныстарынан оның жағдайын сұрадым. Сонда әлгі танысы «жағдайы жаман емес шығар, бірақ машинасын өзі жүргізіп жүр» дейді. Таңғалмасқа амалың жоқ. Оны айтып отырған да білімді адам. Бірақ миға қандай теріс ұғымды сіңіріп алған десеңізші!? Бізден он есе бай Англияда өзіне жеке жүргізуші қажет ететін 15-20 ғана лауазым иесі бар. Қатардағы министрлер мен басқа да әкімшілік бірліктің басшылары машиналарын өздері жүргізеді. Мен Оксфордқа барған кезімде тұрған үйімнің иесі Қазақстан туралы сұрай келіп, менен «сендерде де Ресей секілді бастықтардың бәрінің жеке жүргізушісі болады дейді ғой, рас па?» деп сұрады. Осы лауазым құндылығының тағы бір келеңсіз көрінісі – әрбір облыс әкімдері, қолында машина нөмірін пайдалануға ықпалы бар әр адам, 001, 002, 003 нөмірлі машина мінуге тырысады. Негізі, KZ – ерекше нөмірлері тек қана Конституцияда көрсетілген лауазым иелеріне, сосын арнайы қызметтерге ғана керек ерекше нөмірлер. Ал басқаларына қажеті жоқ. Себебі облыс әкімінің, министрдің ондай нөмір тағуы – МАИ қызметкеріне «мен келе жатқанда көзіңді жұм» дегенмен бірдей нәрсе. Біз лауазым емес, тұлға құнды болатын қоғам құруымыз қажет.
Тағы бір кедергі – материалдық игілікті бәрінен жоғары қою көзқарасы. Қарақан бастың қамы. Себебі біз соңғы ғасырларда рухани құндылықтарды шайып алдық. Біз дамыған елдердегідей діни тәрбие мен зиялы қауымның жұмысы арқасында, ғасырлар бойы жауһарымыз саналған әдебиет пен өнердің арқасында, сонымен бірге философия мен идеологиялық бағыттардың күресінің арқасында қалыптасқан материалдық аурудан, дерттен сақтайтын рухани екпемен егіле алмадық.
– Демократ адам қандай болуы керек?
– Біріншіден, ол өзгенің пікіріне төзімді адам болу керек. Демократия, жалпы, өзгенің пікірін тыңдай білуден басталады. Екіншіден, демократ адам өзін халықтың қызметшісімін деп сезінуі қажет. Үшіншіден, ол халықтың таңдауына күмәнданбауы тиіс. Ал біздің өтпелі кезеңдегі демократ адамның тағы бір парызы – азаматтық тұрғыдан халықтың көзін ашу. Демократиялық билік пен демократиялық күштердің ерекшелігі – балама пікірге жол беруінде. «Мен сіздің пікіріңізбен келіспеймін, бірақ сіз өз пікіріңізді айту үшін мен күресемін» деген адам болу керек. Өткенде теледидарда Померанц деген Ресейдің өркениеттанушысы жақсы ой айтып қалды. Өзі кеңес дәуірінде түрмеде отырған, қазір 85 жас шамасындағы адам. Сол кісі: «кейде пікір алмасудың мазмұнынан гөрі, оның қандай стильде өткені маңызды», – дейді. Бөтен пікірге төзімділік жоқ жерде кез келген пікір алмасу мен басқосу не біреудің басқаға жекуіне, не жеке бастар шайқасына алып келеді де, мазмұнды әңгіме болмайды.
Демократиялық басқарудың бір артықшылығы – балама пікірлерге жол беру арқылы сапалы шешімдер қабылдау. Балама пікір иелері өзіне біреулердің өктем сөйлемейтінін біліп отырса, өзін ешкімнің жау деп есептемейтінін сезсе, билікпен келіспеген жағдайда да өз ойлағанын ашып айтады. Сол арқылы әр ойлы азаматтың әлеуеті ел мүддесіне жұмыс жасайды. Есті билік оны дұрыс пайдаланады. Әрине, бұдан мемлекет, ел ұтады.
– Сіздің ойыңызша, демократтық сана адамның ішкі түйсігі, болмыс-бітімі арқылы қалыптаса ма, әлде өзі өмір сүріп отырған қоғамның ықпалы, азаматтық көзқарасы адамды демократ болуға жетелей ме?
– Кез келген адамның даму ерекшелігі секілді бұған да бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі – бүкіл адамзаттың жүріп өткен жолы. Кейде демократия туралы айтылғанда, бізге әлі ерте, асықпау керек деген сөздер бой көрсетеді. Біз – адамзаттың бір бөлігіміз. Ендеше, адамзатқа ортақ жетістіктерді пайдалануымыз керек. Мысал үшін алсақ, электр шамын қазақ ойлап тапқан жоқ деп, пайдаланбай жүрген жоқпыз ғой. Еуропа болса оқ-дәріні, қағазды, компасты, қағаз басуды қытай ойлап тапты деп одан қашқан жоқ. Соның арқасында олар ұтты. Біз – аспаннан салбырап түскен бөлек жаратылыс емеспіз. Адамзаттың бөлігіміз. Осы далада мың жыл бұрын жасаған әл-Фарабилер сол кезде неше түрлі озық ойлар айтқан. Оның ішінде мемлекеттік басқару туралы ойды Макиевеллилерден бұрын өмірге әкелді. «Батыс философиясының тарихы» деген кітапты қараңыз. Онда орта ғасырдағы Еуропа философтарының әл-Фараби еңбектерінен қалай үзінділер алып пайдаланғандығы жөнінде жазылған. Біз сол әл-Фрабидің жерлесі әрі ұрпағы емеспіз бе?!
Осыдан бір айдай бұрын Қазақстанға келген ағылшынның Джонатан Айткен деген жазушысымен кездестім. Кезінде қорғаныс министрінің орынбасары болған, 1972 жылы Никсон туралы кітап жазған адам. Қазір Қазақстан туралы, Елбасы туралы жазып жүр. Сол кісі маған «сіздердің әлі тәжірибелеріңіз аз, демократияға ақырындап аяқ басқан жөн емес пе» деп сауал қойды. Мен оған: «сіздердегі Азаттықтың ұлы хартиясы 1200 жылдары қабылданды. Ал әйелдердің саяси құқығы жөнінде одан кейін 700 жылдан соң ғана жетістікке жеттіңіздер. Біз болсақ егемендікті 1991 жылы ғана алдық. Сонда, сіздің ойыңызша, біз асықпай дайындалып, енді 700 жылдан кейін әйелдерімізге саяси құқық беруіміз керек пе?» – дедім.
Сондықтан демократтық көзқарасқа әсер ететін, ең алдымен, адамзаттың жолы. Алла тағала адамзатқа тәжірибе ретінде екі Германия, екі Корея нысанын жібергендей. Бас-аяғы 30-40 жылда демократияның арқасында Оңтүстік Корея әлемдегі ең дамыған өмір деңгейі жоғары елдердің қатарына жетті. Ал ақиқатты бір адам, бір партия ғана айтты деп жеке басқа табынуға жол берген Солтүстік Корея халқы кедейшілікте өмір сүруде. Демократия – халықтың өз еңбегін, өзі төккен терін, ата-баба мұрасын өз игілігіне пайдалану жолы. Экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты дамуы тек демократиялық елдерге тән. Оны біздегі 16 миллион халық бірдей түсіне бермейді. Оны дұрыс түсіндіру – өзін зиялымын, элита өкілімін деп есептейтін азаматтардың міндеті. Сонымен қатар қазақ халқының жолы – Қазақстанның тарихы, біздің мәдениетіміз.
– Яғни өткенімізден адасып қалмай, оны алдағы болашаққа үлгі еткеніміз жөн дейсіз ғой?
– Әрине, бірақ онда да ішіндегі кері тартатын жақтарын емес, алға бастайтын дүниелерін пайдалануымыз тиіс. Абай айтқан «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп. Қазақ халқының демократияға бейімділігі бірден байқалады.
Біріншіден, қазақ халқы табиғатынан біреудің пікіріне төзімді. Екіншіден, қазақтар жаңалыққа, ашық үрдіске бейімделгіш. Сол себептен жаңалықты тез қабылдайды.
Демократ тұлға қалыптасуға керек келесі фактор – биліктің үлгісі. Өйткені Шыңғысхан заманынан кейін бізде билік діни сенімнен де, заңнан да жоғары болып қалыптасты. Сондықтан билік өзі қабылдаған заңды бұзбай жүрсе, ол қоғамды сол жолмен тез алға бастырады. Мысалы, соңғы бір жылға жуық уақытта көлік жолындағы тәртіп қалай жақсарғанын көріп жүрміз. Себебі жол сақшылары да тәртіпті қатаң қадағалай бастады. Бұрынғыдай жүргізушімен келісе салу азайды. Яғни көлік иелері де соған сай өзгере бастады. Қоғамда жаңа үрдіс байқалды. Ағылшынның бір ұлы драматургі «мен қоғамды түсіну үшін көшеге шығып, көлік қозғалысына бір көз жүгіртсем болды» депті. Ал енді бір ыңғайсыз жағдайды айта кету керек. МАИ қызметкерлері өз қызметін осылай жақсартқан кезде, Қауіпсіздік кеңесінде олар сынға ұшырады. Өйткені осы тәртіп министрлер мен әкімдерге ұнамайды.
Әрине, тұлғаға өз ұлтының жинаған тәжірибесі әсер етеді. Бірақ өз ұлтын адамзаттың бір бөлігі деп қарау қажет. Әсіресе, жетекші адамдар «қоғамға бейімделуім керек пе, әлде қоғамды алға тартуым керек пе?» деген ұғымға назар аударуы тиіс. Мысалы, мен Ресейдегі Путиннің жолын қоғамға бейімделу жолы деп түсінемін. Яғни қоғамның кемшіліктерін биліктің мақсатына пайдалану жолы. Біздің биліктегі адамдардың парызы – қоғамды алға тарту. Мен әлгі айтқан ағылшын жазушысына: «сіздердің елдегі билік басындағы адамдар қоғамдық пікірдің ортасында болады, біздің еліміздегі билік басындағы адамдар қоғамдық пікірдің алдында болуы керек», – дедім. Демек, демократтық сезім осы айтылғандардың барлығының арқасында қалыптасады.
– Саясат туралы сөз болғанда, адамдар көбінесе одан аулақ жүру қажеттігін айтып жатады. Онда ластық пен арамдық бар деген түсініктің де бары рас. Саясатты тіпті адамдық ізгілікке қарсы деп қарайтындар да жоқ емес. Өмірде әрі саясаткер, әрі гуманист, әрі демократ тұлға болып жүру мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Бірақ «оның билікке жетуі мүмкін бе?» деген сұрақ тағы алдыдан шығады. Ол қоғамдық құндылықтарға байланысты. Саясатты лас іс деп түсіндіру биліктегі идеологтарға тиімді. Себебі олар ашық саясаттан, ашық пікір алмасудан қашады.
Үлкен ұғымдағы саясат – елді дамыту, алға жылжыту тұрғысындағы ойлардың, істердің тоғысып, бәсекеге түсетін алаңы. Кез келген бәсекелестіктегідей оның ашық тұстары да, көлеңкелі жағы да болады. Бұл бәсекелестікке адал, шын оймен келгендер болады және басқаша жолмен жүргісі келетіндер де кезігеді.
Біз ХІХ ғасырдан бастап Ресейдің қол астында болдық. Ресей болса патшалық кезеңде де, кеңестік дәуірде де, қазір де византиялық басқару моделімен келе жатыр. Яғни астыртын қарым-қатынас ашық қарым-қатынастан гөрі көбірек жұмыс жасайтын, рухани ізденістер институттарын, дінді де билік мүддесіне пайдаланатын тәсіл. Біз де осы Ресей ықпалымен қалыптастық. Бүгінгі біздің билікте отырғандардың көбі – Ресей, кеңес мектебінің түлектері. Олардың көпшілігі – көзге көрінбейтін көлеңкелі іс-әрекеттер шебері. Дамыған елдерде олай емес.
Мысалы, әлемдегі соңғы жарты ғасырдағы жарқын тұлға Барак Обама болып отыр. Өзі 45 жаста. Қара нәсіл өкілі. АҚШ-та қара нәсілдер 15 пайыз ғана. Дауыс берушілердің көбі ақ нәсілді. Соған қарамастан Б.Обама жеңді. Қандай ашық-жарқын бәсеке өтті! Әрине, бұл – бірінші кезекте АҚШ қоғамының 200 жыл бойғы ішкі орасан зор мәдени еңбегінің көрінісі. Бұл – Обаманың ғана емес, Вашингтон мен Линкольннің, Джеферсон мен Кеннедидің, Рейган мен Клинтонның да жеңісі. Бірақ Обама өзінің табиғат берген қасиеті, шешендігі, көсемдігі, ақылдылығымен алға шықты. Ол билікке басқа оймен келмейді. Обама – жұмысын қарапайым адамдарға көмектесетін әлеуметтік қызметкер ретінде бастаған адам. Өз халқының алдында оның ары таза. Халықаралық қатынастарда әр елдің басшылары өз халқының мүддесін бірінші кезекте ойлауы керек. Сондықтан одан альтуризм күте беруге болмайды. Бірақ өз елі оны құрметтейді. Әлемде Махатма Ганди секілді жаңағы талаптарға сай адамдар болған. Ол аш-жалаңаш жүріп, үнді халқының тәуелсіздігіне үлес қосты. Оны адал емес деп кім айта алады? Болмаса, саясатта жүрген Нельсон Манделла. Ондай адамдар көп. Ата Түріктің бір өзі қандай керемет тұлға?!
Саясатты әділ және ашық бәсекелестіктің аренасына айналдырған сайын, саясаттағы теріс пиғылдағыларды халық өзі шеттететіні болады. Саясатта өмірдің басқа салаларындағыдай періштелер жоқ. Бірақ демократиялық дамыған елдерде саясаткерлерді пенделіктен алыстататын, оларды біршама таза жұмыс жасауға мәжбүрлейтін билік тармақтарының бір-біріне жасайтын қадағалауы және билік пен саясаткерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі болып табылады.
– Уинстон Черчилдің «демократия – қоғамды басқарудың тиімсіз түрі, бірақ адамзат одан ыңғайлы жолды әлі тапқан жоқ» деген сөзі бар. Қалай ойлайсыз, болашақта, мүмкін жақын уақытта адамзат әлемді басқарудың жаңа үлгісіне көше ме?
– Жоқ. Демократия жаңа мазмұнмен толыға түседі. Демократия ұғымының өзі басында Грециядағы кішкентай қалалардан басталған. Адамдар келіп дауыс беретін болған. Кейін мемлекет үлкейіп, адамның бәрін жинап дауыс бергізу мүмкін болмаған соң, парламент секілді құрылымды ойлап тапты. Парламент билікті мұрагерлік жолмен басқаратын корольдермен тайталасқа түсіп, олардың билігін шектей бастады. Қазір Англияның королевасы шын мәнінде өз елінде ештеңе шешпейді. Испанияның королі де сондай. Жапонияның императорының меншігінде тіпті бір қаламсап та жоқ. Өйткені оның мүддесі азаматтардың мүддесімен қайшы келмеу үшін солай жасаған. Меншігінде ешқандай дүние-мүлік жоқ. Демократия дамып, жергілікті жерлер басшыларын өздері сайлайтын болды. Салық мәселесін де қолдарына алды. Әйелдердің құқығы да өз жөнін тапты. Мүгедектер де заң арқылы басқалармен теңелді.
Мемлекеттік қызмет саласында бір мысал келтірейін. Америкада конкурстық сайлау ХІХ ғасырдың аяғында енгізілді. Және Америка президентінің адамдарды тағайындау құқығы арнаулы заңмен шектелді. Өйткені сол кездегі бір Америка президенті сайлаудың алдында қалада жүріп біреуге «маған көмектес, кейін сені штаттың басқармасының бастығы етемін» деп уәде береді. Бірақ кейін оны ұмытып кеткен. Әлгі адам хат жазады. Президенттің қабылдауына кіре алмай жүреді. Артынан президент өз қаласына келгенде, оған оқ атып, жаралайды. Тексере келіп, неге атасың десе, өзіне берген уәдесін орындамағаны үшін атқанын айтады. Содан Америка конгресс өкілдері ойланады. «Президент неге бір штаттың адамына басқармаға тағайындаймын деп уәде береді? Әсілі, бұл президенттің құзырына жатпауы керек», – дейді де, қандай лауазым иесін тағайындауда президенттің құзыреті болу керектігі туралы заң қабылдайды.
Демократия – қатып қалған пішін емес. Демократия – қозғалыс. Ол қозғалыстың мәні мен бағыты – өне бойы азаматтың мемлекет басқарудағы орнын көтеру. Сол себептен біз өзіміздегі демократия ахуалын тек озық елдермен емес, бірінші кезекте кешегі күнмен салыстырып, ілгерілеудеміз бе, кері кетіп барамыз ба деген өлшеумен таразылауымыз керек. Кезінде Ленин мен Бернштейн таласқанда, Бернштейн «түпкі мақсаттан гөрі, күнделікті сол мақсатқа бастар қозғалыс маңызды» деген. Өмір осы таласты оның пайдасына шешіп тұр. Себебі түпкі мақсатты желеу қылып, мемлекеттік мүддені жалған құндылыққа айналдырып, елін кері кетірген жүйелер аз емес. Жаңағы Солтүстік Корея – соның шектік көрінісінің бірі. Адамзат әзір демократиядан артық басқару жүйесін ойлап тапқан жоқ. Ол әлі де даму үстінде.