Біздің медицинада білім беру, ғылым және тәжірибе, осы үш тағанның арасы алшақтап кеткен

Біздің медицинада білім беру, ғылым және тәжірибе, осы үш тағанның арасы алшақтап кеткен

Айқан Ақанов, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Айқан аға, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың білім сапасына қатысты қоғамда түрлі сыни пікірлер айтылып жүр. Біреулер біздегі білім беру сапасы төмен десе, енді біреулері денсаулық сақтау жүйесін тұтастай өзгертуіміз қажет деседі. Сіздің ойыңыз қалай?

– Елбасымыз бірнеше жылдан бері еліміздің денсаулық сақтау саласында сапалы мамандар даярлауға баса назар аудару қажеттігін айтып жүр. Биылғы жылы да Президентіміз осы пікірін қайталап айтты. Менің ойымша, бізде медицина саласында сапалы мамандар даярлауға бірнеше жылдан бері жіті көңіл бөлінбей келеді. Неге? Біріншіден, республикамызда осы саладағы білім беру жүйесі кеңестік кезден бері өзгермей келе жатыр. Негізінен, бұл жүйені біз кезінде Ресейден алдық. Ал Ресей оны өз кезегінде немістерден көшірген болатын. Кеңес өкіметі кезінде бұл жүйе кеңестік идеологияға сәйкестендіріліп қайта өзгертіліп шықты. Міне, біздегі бүгінгі қолданып отырған медицинадағы білім беру жүйесі осы өзгерістің негізінде әлі күнге дейін пайдаланылып келеді. Яғни ол Германияның моделі болып саналады. Екінші бір мәселе, біздің медицинада білім беру, ғылым және тәжірибе, осы үш тағанның арасы алшақтап кеткен. Түсінікті болу үшін мен тағы да тарихқа аз-кем тоқталып өтейін. 1933 жылы Коммунистік партияның шешімімен аталған үш таған өз алдына жеке-жеке сала болып кетті. Себебі кеңес өкіметінің соғыс кезінде медицинада жаңа өзгерістер жасауы қажет болды. Мәселен, ғылымды медицина академиясы деп құрып бөлектеп шығарады, білімді өз алдына қалдырады, тәжірибе де олардан алшақтап кетеді. Сол кездегі мамандар бұл үш тағанды соғыс аяқталғаннан кейін қайта біріктіріп, бір жүйеге келтіреміз деді. Алайда кейін олай болмай шықты. Міне, осы үш сала бізде әлі күнге дейін бөлек-бөлек қызмет етіп келеді. Бұл – денсаулық сақтау саласының тамырына балта шабу деген сөз. 

– Түсінікті болу үшін нақты мысал келтірсеңіз?

– Кейде біз студенттерді тәжірибеден өту үшін ауруханаларға жібереміз. Онда олар не дәрігерлермен табыса алмай, не операцияларға дұрыс қатыса алмай салы суға кетіп жүреді. Дәрігерлерге біздің студенттеріміз кедергі келтіретіндей көреді. Оларға аурулармен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Әрқашан да бас дәрігердің қабағына қараймыз. Ал тәжірибе көрмеген студенттен ертең қандай жақсы маман шығады? Тек студенттер емес, бізде бір саланың мамандары да өзара тіл табыса алмай жатады. Мәселен, сабақ беретін ғалымдар мен дәрігерлердің арасында ешқандай байланыс жоқ. Былайша айтқанда, денсаулық сақтау саласында «дубль жүйе» қалыптасқан. Дәл осы сияқты, қазір ғылыми институттар да тек ғылыммен айналысып, тәжірибе жағына көңіл бөлмей келеді. Көрдіңіз бе, үш тағанның арасы кірікпей тұр. Кеңестік кезеңнен келе жатқан бұл жүйені жоймай, денсаулық сақтау саласы дұрыс дамымайды.

– Қазіргі таңда қай елдің тәжірибесі озық болып есептелінеді? Яғни денсаулық сақтау саласындағы білім беру жүйесін дамыту үшін қандай модельді алғанымыз дұрыс болады?

 – Білім беру жағынан 80-90 жылдары біз батыстағы елдерден біраз артта қалып қалдық. Оның себебі – жаңа айтып өткендей, германиялық модельден аса алмауымызда. Қазақстанда болашақ дәрігерлер бакалавр, одан кейін субардинатура, интернатурада, барлығын қосқанда жеті жыл оқиды. Батыстықтар бұл жүйеден кетіп қалған. Қазіргі уақытта әлемде білім беру жүйесінің англо-саксондық моделі алда келе жатыр. Аталған жүйе бойынша студент алдымен бакалавр, осыдан барып магистратура, докторантурада білім алады. Бұл жүйенің тек атында ғана емес, білім беру принципінде де көп өзгеріс бар. Мысалы, медицинасы жақсы дамыған Американы алайық, мұнда түлектің дипломына ғана қарамайды, одан қолынан не келеді, соны сұрайды. Яғни жас маманның мүмкіндіктері бағаланады. Былайша айтқанда, АҚШ-та жастарды тәжірибе жүзінде мықты дайындайды. Олардың принципіне салсақ, ең алдымен, жас маманның біліміне көңіл бөлінеді. Екіншіден, адамдармен тіл табыса білуі бақыланады. Яғни сен маман ретінде науқас адамға аурудың түрін, одан емделу жолдарын түсіндіре білуің керек. Үшіншіден, сенің жағдайың аурудың жағдайынан кейін тұруы тиіс. Төртіншіден, сен өмір бақи біліміңді жетілдіруің қажет. Осы орайда айтып кетейін, біздегі дәрігерлер бес жыл оқуын оқиды да, ары қарай ақша табудың қамына кірісіп, жеке бастың мүддесін күйттеп кетеді. Мәселен, мен көптеген елдердің ауруханаларында болдым, сонда бір байқағаным, дәрігерлер әлемде қандай мықты дәрі-дәрмек, препараттар шықса соның атауын ғаламтордан тауып алады да, жылдам қол жеткізуге тырысады. Міне, бәсеке, мықты тәжірибе деген осы.

– Сіз мамандарымыз оқу бітіргеннен кейін бірден ақша табудың қамымен кетеді дедіңіз. Егер жақсы жалақы тағайындасақ, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шеше аламыз ба?

– Рас, бізде қазір мұғалімдерге берілетін жалақы мөлшері төмен. Сол себептен де ұстаздарда мотивация жоқ. Жаңа мен мұғалімдер туралы бекер айтқан жоқпын. Олар өздерінің жұмысы туралы ғана біледі де, ізденуге күш шығармайды. Қазір біздің студенттерімізде де тек оқу бітіріп, ақша тапсам деген ой жүреді. Оларды науқастардың жағдайы онша алаңдатпайды. Әрине, қазіргі қоғамда ақша бірінші орынға шыққандай көрінеді. Бірақ, расында да, олай емес. Яғни бізде маман проблемасы бірінші орында тұр. Егер жақсы маман болатын болса, проблема, ақша мәселесі де шешілетін еді.

– Жоғарыда айтып кеткен проблемалармен өздеріңіз де күресіп жатқан боларсыздар?

– Әрине, біздің оқу орнымыз ұлттық деген мәртебеге ие болғандықтан, бұл проблемалардан шет қала алмаймыз. Мәселен, өздеріңіз естіген шығарсыздар, жақында қаладағы Тері және венерология аурулары институтының есігіне құлып салынды. Қазір осы мекемені өзімізге алуды жоспарлап отырмыз. Егер ол қолымызға тиетін болса, жаңағы айтқан «дубль жүйені» құртамын. Қалай дейсіздер ғой? Яғни біздегі оқытушы-профессор құрамының өзі дәрігерлердің қызметін атқаратын болады. Доценттерім, кандидаттарым ауруларға ем жүргізетін болады. Ал студенттерімнің барлығы азаннан қара кешке дейін сонда жүреді. Сәл ауыр айтатын болсам, студенттердің табандарын тіліп, емдеу ісіне салып қоямын. Болашақ медицина мамандары жиырма төрт сағат бойы аурулармен жұмыс істеуі керек. Егер бұлай болмаса, олардан мықты маман шыға қоюы қиын. Көріп отырсыз ба, біз тәжірибе мен оқуды бірге алып жүреміз. Екіншіден, біз елдегі барлық медицина университеттерінің ішінде бірінші болып мұғалімдердің біліктілігін көтеру шараларын қолға алдық. Мұғалімдер мен  студенттер  арасындағы байланысты нығайттық. Яғни бізде бірінші курсқа түскен әрбір студент оқу бітіргенше жеке оқытушымен жұмыс істейді, өз мамандығын терең білуге күш салады. Осыған сәйкес мұғалімдерге үстеме жалақы төлейміз. Мәселен, ең білікті деп танылған мұғалімдеріміз үш жалақы алады. Сол жалақы үшін ұстаздардың арасында жылына екі рет байқау ұйымдастырамыз. Онда әрбір ұстаз өзінің бар еңбегін, жетістіктерін ортаға салады. Тағы бір қосып кетейін дегенім, оқу ордамыздың аты берілген Санжар Асфендияровтың еңбектерін кейінгі жастарға оқытуға көп көңіл бөліп жатырмыз. С. Асфендияров кезінде Петербургта білім алған, алты тіл білген үлкен ғалым. Оны білген студенттің бойында ғылымға деген құштарлық сезім артады.

– Жаңағы айтқан Тері және венерология аурулары институтын қайта құрылымдауға материалдық база жеткілікті ме?

– Ерте ме, кеш пе мұндай базаны құруымыз керек. Бұл бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп айтқым келеді. Оны құруға базамыз да, кадрларымыз да жетеді. Қосымша қаржы да тартамыз. Былтырғы жылы біз белгілі ғалым     Б.Атшабаровтың атында үлкен ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Онда әлемнің ең озық техникалары орналастырылды. Бір техниканың өзін бірнеше мың АҚШ долларына сатып алдық. Оның барлығына ақшаны өз қалтамыздан шығардық. Қазір мұнда білікті мамандар қызмет етіп жатыр. Студенттер тәрбиеленуде. Осы жердегі мамандарды жаңа ашылатын институтқа да тартамыз. Бұрын бізде әр кафедрада алты-жетіден ғылыми тақырыптар болатын. Сонда барлық кафедралардағы ғылыми тақырыптарды қосып есептегенде үш жүзден аса тақырып шығады екен. Қазір бұл жүйені жойып, барлық тақырыптарды қосып ішінде бес-алты ғана тақырыпты шығардық. Жаңа институтта да біз осы жүйемен жұмыс істейтін боламыз.

– Қазіргі таңда медицина саласына бірыңғай ұлттық жүйе енгіздік. Оның артықшылықтары туралы не айтасыз?

– Сол үшін оған баға беру әлі ерте деп ойлаймын. Дегенмен өзімнің пікірімді білдіріп кетейін. Біздегі емханалардың сапасы төмен, оны мойындауымыз керек. Ауруханалар дұрыс қызмет көрсетпегендіктен, науқас адамдардың отыз-қырық пайызы үйлерінде ем қабылдайды. Тері және венерология аурулары институтының жабылып қалғандығы осыған дайын мысал бола алады. Соңғы уақытта екі жүзден астам науқасты қабылдайтын институтқа бар-жоғы жиырмадан астам науқас келетін болған. Егер ауру адамдарға керек болмаса, ондай институттан не пайда? Ал екінші жағынан алып қарасаңыз ондағы мамандар далада қалды. Бізде тері аурулары аз кездеспейді. Сондықтан институт дәрігерлеріне қажетті жұмыс тауып беруіміз керек. Денсаулық сақтау саласы тірі организм сияқты. Егер оның бір жері кем болса, организм қалыпты тіршілік ете алмай қалады. 

– Жас мамандарымыздың көбі оқу бітіре сала қалалы жерлерде қалғысы келеді. Ауылдарда бұл саланың ақсап тұрғаны белгілі. Сондай-ақ мамандар ауыл тұрғындарының денсаулығы қалалы жерлерге қарағанда анағұрлым нашар екенін айтып жатыр. Осы орайда сіздердің түлектеріңіз ауылдық жерлерге барып жатыр ма деген сұрақ туады?

– Шынымды айтсам, студенттеріміздің көбі ауылдық жерлерге барғысы келмейді. Оның себебі де жоқ емес. Ауылдық жерлерде жалақы өте төмен. Мәселен, дәрігерлер жиырма төрт сағат аяғынан тік тұрып жұмыс істейді де қырық мың теңге жалақы алады, ал қалалы жерлерде сегіз сағат жұмыс істеп, мың АҚШ долларын табатындар бар. Өзіңіз ойлап көріңізші, жас маман мұндай жағдайда қай жаққа барғанды жөн санайды. Әрине, қалаға. Бірақ, бізде де ауылдық жерлерде медицинаны көтерейік дейтін студенттер бар. Былтырғы жылы осындай біраз жас ауылға қызмет етуге кетті. Бүгінгі таңда облыстарда бес-алты мыңдай дәрігер жетіспейді екен. Сондықтан әкімшілік жас мамандарды қызықтырып, үй, мал, ақша береміз дейді.

– Кейбір дәрігерлер ұлт денсаулығына қауіп төнуде деп дабыл қағуда. Елімізде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруы, басқа түрлі дерттер жасарып бара жатыр деген фактілер келтіреді. Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Бұрын соғыс кезінде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы, мәселен 20-шы жылдарға дейін 30-32 жас болған. Кейін бұл алпыс жысқа дейін ұзарды. Ал қазір халқымыздың өмір сүру ұзақтығы 68 жасты көрсетіп отыр. Бұл АҚШ-та – 80, Скандинав елдерінде одан да жоғары. Қарап отырсыздар ма, бізде мәселе шешіліп келеді. Бұл жердегі ең басты мәселе, адамдардың денсаулық мәдениетін сақтамауында. Яғни егер адам өз денсаулығын өзі күтетін болса, оған ешқандай қауіп жоқ. Бүгінгі жастар спортпен дұрыс шұғылданбайды. Сондықтан олар түрлі індеттерді тез жұқтырып алады.

Алашқа айтар датым:
 Қызылағаш апаты болғанда менің студенттерім көмек ретінде екі жүк көлік тұрмыстық зат, 390 мың ақша жинады. Оның бір көлігін қорға өткізіп, жартысын өзіміз Қызылағашқа жеткіздік. Менің бір қуанғаным, жастарымызда ұлттық сезім, қазақи дарқандық бар екен. Бұл – осындай жастар тұрғанда біздің болашағымыз бар деген сөз. Алла біздің жастарымызды дарқан, кеңпейіл мінезінен айырмасын.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста