Біздегі шенеуніктер қызметсіз қалса, мамандығы бойынша жұмыс істеуге қорқады

Біздегі шенеуніктер қызметсіз қалса, мамандығы бойынша жұмыс істеуге қорқады

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері:

– Амангелді Әбдірахманұлы, қо­ғам­да «біздің халық қалаулылары, ше­неу­ніктер, зиялы қауым халыққа тәуел­ділік дегеннің не екенін сезінбей жүр. Қазақтың сөзін сөйлейтін аза­мат­тар­да қазақтық рух қалмады» деген пікір қызу талқыға түсіп жатады. Сізге экс-депутат ретінде қояр алдыңғы сауа­лым – осы тұрғыда не айтар едіңіз? Біздің ортаның зиялы қауымы, шенді-шекпендісі неліктен халыққа тәуелділік дегенді көп жағдайда сезінбей қалады?
– Бұл жерде шенеунік пен зиялы қауым ара­жігін ажыратып алайық. Әуелі «ше­неу­нік» деген топ «халық» деген үлкен қауым­дастыққа қосыла ма, әлде «халықтың үс­ті­нен қарайтын бақылаушы, реттеуші, қа­дағалаушы топ па» деген сауал көптеген елдерде жиі қойылады. Шенеуніктерге халықтан аулақтау, халықтың үстінен қа­рай­­тын, онан бөлектеніп тұратын, өзде­рін «біз» деп айшықтайтын топ деген анықтама беріледі. Қазір елімізде мемлекеттік қызметті реформалап жатқан тұста ше­неу­нік мәселесі – қазақ үшін өте өткір. Сон­дық­тан бұл жерде ескерілуі керек дүние: мемлекетті басқаратын мемлекеттік аппарат, мемлекеттік қызметкерлер де­мо­кра­тиялық принципке, әділдікке сүйенуі тиіс. Оларға сенім болмаса, мемлекеттік би­лікке де сенім болмайды. Ал сенім болуы тиісті ғой. Шенеунікті ұлттың сөзін сөй­лей­тін қауым деп айту қиын. Мәселе «тырнақ астынан кір іздеп», шенеунікті қаралай беруде емес, әрине. Халықтың көзі, құлағы барын, жүрегімен көп нәрсені сезетінін, олар­ды адамгершілік таразысына салып өлшейтінін шенеунік терең сезінуге тиісті. Себебі оны асырап отырған салық төлеуші халық. Сондықтан бюджет қаржысын жұм­сау­да, сайлау өткізуде және басқа сала­лар­да мемлекеттік қызметкерлерге сенімсіздік білдіру – халықтың міндеті, парызы. Ке­зін­де Ресейде «Политические исследования» журналында «Диктатура троечников» деген мақала жарияланды. Мақалада Ресей­дің облыстық, өлкелік, республикалық деңгейдегі басшыларының мектепте және жоғары оқу орындарында қандай баға алған­дықтары, қалай оқығандары зерт­те­ліп, билікке негізінен интеллектуалды ма­ман­дар емес, орташалар, яғни «троеч­ник­тер» келетіні дәлелденген. Сол кезде автор «орыс халқының тағдыры орташалардың қолында» деп, дабыл қақты. Мақаланың «Диктатура троечников» деп аталғаны да – сол. Біздің де шенеуніктік қызметте жүр­ген­деріміз орташалар, тіпті одан да тө­мен­дер. Оны халық бұрын да біледі. Соңғы кездегі оларды тестілеу соны ресми дә­лел­де­ді. Министрлер, әкімдер «саяси» деген кате­горияға жатып, аман қалды. Ал тесті­леу­ден өтсе, талайлардың беті ашылар еді. Елдің аузында бұл пікір айтылып та жүр. Сонымен бірге, тестілеу шенеуніктің бі­лім­дік деңгейін ғана анықтайды. Тест ар­қы­лы адамгершілік деңгейін анықтаудың жолы қиын. Шенеунік заңды білмегендіктен емес, оны біле тұра бұзады. Ол алдында дар ағашы тұрса да қылмысқа барады, «құ­тылып кетермін» дейді. Кейде құтылып та кетеді. Себебі оның қулығы оны тер­геу­шіден жоғары болуы да мүмкін. Көптеген қылмыстар құпия жағдайда жасалады. «Орамалын» беріп, шаруа шешу үйреншікті жағдайға айналған. Сондықтан да, кейде параның зиянынан пайдасы көп, «май­ла­са» іс тез бітеді дейтіндер бар. Бұл үй­рен­шікті ахуалға айналған. Әрине, мәселе бар­лық шенеуніктерге күдік туғызуда емес, дегенмен, бұл – өмірдегі бар жайттар. Міне, осындай жайттар орын алып жатқан тұста шенеуніктердің қазақтың сөзін шынайы сөйлей алмауы, ұлт тағдырынан қашықтау болуы заңдылық та ғой.
– Демек, «ұлттық мүдеден гөрі, күні үшін қызмет ететіндердің қарасы кө­бейіп кетті» деген пікірлермен келі­сесіз ғой...
– ... Әрине, өз бағын, тағын ойлай­тын­дар, өмір бойы жоғарыдағы бастығына жа­ғынатындар мен табынатындарға ұлт тағдыры – қашықтау. Мысалы, өткенде ғана әйел­дер­дің зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұзарту туралы заң жобасын депутаттар, әсі­ре­се, Мәжіліс депутаттары үндемей қол­да­ды. Үкіметтің әу бастан өз қолымен жасаған жобаға қарсы бола алмайтыны белгілі. Мемлекет шенеуніктері бір-бірімен жары­сып жобаны мақтады. Ал Президент қар­сы­лығынан кейін депутаттар тағы да жабыла қарсылықты қолдады. Бұған Үкімет те «дұрыс екен» деді. Осылай Пар­ла­менттің де, Үкіметтің де ел алдында беделі түсті. Саясатта хамелеондар бар екендігіне халықтың тағы да көзі жетті. Ұл­ты­мыздың, аналарының тағдырына бай­ла­нысты осындай екіжүзділік, екі ұстаным орын алды. Бұған қоса тағы бір айтарым, біздегі шенеунік он жылдап, тіпті өмір бойы мемлекеттік қызметте болады да, маман­дығынан қол үзіп, тіпті қайта оған оралуға мүмкіндігі болмай қалады. Мұғалім болса – мектепке, инженер болса – зауытқа, құ­ры­лысқа, ауылшаруашылық маманы бол­са, ауылға баруға қорқады. Сондықтан ол діні, ділі үшін емес, күні үшін мемлекеттік қыз­­мет­тен айырылмайды. Өйткені айы­рыл­­са, жұмыссыз қалады. Ол еліне, хал­қы­на емес, басшысына қызмет етуге, соның ойынан шығуға тырысады. Бұл – шенеу­нік­тер­­дің басым көпшілігінің, бұрынғы ше­неу­нік, бү­гінгі депутаттардың тағдыры. Оны өзім талай көрдім де. Демек, жаңағы өзіңіз айтып отырғандай, ұлттық мүддеден гөрі, күні үшін қызмет ететіндердің қарасы кө­бейіп кеткенін мойындауға тура келіп тұр.
– Ал жаңағыдай жағдай орын ал­мауы үшін мемлекеттік қызметте бес-алты жыл істегендерді «өз мамандығың бойынша жұмысыңа орал», деп мін­дет­теп, жаңашылдық жасаса, қалай болар еді?
– Меніңше, мемлекеттік қызметте бес-алты жыл істегендерді «енді мамандығың бойынша жұмысыңа орал» деп, аппаратты жаңартып тұру керек. Бұл дұрыс деп есептеймін. Кезінде американ фило­со­фы Э.Эбби «әрбір шынайы патриот елін шенеуніктерден қорғау керек» деген екен. Осыны ескерсек, қоғам мұндай ойды кө­тер­гені дұрыс. АҚШ-та 1939 жылы қа­был­данып, күні бүгінге дейін күшінде Хэтч заңы жұмыс жасайды. Ол заң бойынша мем­ле­кеттік қызметкерлер сайлауға араласпайды, саяси партияларға қызмет етпейді. Лауа­зы­мын саяси мақсатқа пайдаланбайды. Бұл біз көп айтатын әкімшілік ресурстардың алдын алады. Тіпті шотландық жазушы Н.Дуглас «шенеунікке сенімсіздік білдіру – әр адамның азаматтық борышы» дейді. Бұған қатысты тағы да қайталап айтамын, бұл жаппай кінәлау емес. Бақылау, қада­ға­лау болуы керек. Ал ол азаматтық қоғамда ғана көрініс алады.
– Сіз, қазақ қоғамындағы шенеу­нік­тердің жайын біраз сараладыңыз, ал енді қазақ зиялы қауымы туралы қандай пікір айтар едіңіз?
– Шенеуніктерді ғылымда «бюро­кра­тия» дейді, қазақшаласақ, «кеңсе билігі» деп атауға болады. Бір елдерде ол жағым­ды ұғым, ал көпшілік елдерде жағымсыз мәнге ие. Бюрократия – үлкен әлеуметтік проблема. Біз тек шетінен суырып, кейбір мәселелерді талдауға тырыстық. Ал енді зиялы қауым – бөлек мәселе, зиялы қауым – шенеуніктерге антипод, қарсы қауым­дас­тық. Зиялы қауым туралы айтатын болсақ, Мұстафа Шоқайға жүгінейік. «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған «ұлттың зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз» дейді бұл ұлт қайраткері. Зиялылар – ұлт мақтанышы, ақылшысы, елдің басын қосатын азаматтар. Олар шенеуніктерден емес, ақын, жазушы, композитор, әртіс, ғалымдар арасынан шы­ғатын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар­лар. Әр ауылдың, әр ауданның, әр қала­ның, облыстың зиялылары бар, елдің де зия­лылары болады. Өткен ғасырдың 90- жыл­дары Батыста әлемдегі зия­лылар тура­лы кітап дайындалғанын білетін шығар­сыздар, оған белгілі физик, оппо­зи­ционер Андрей Сахаров та енген. Бірақ Сахаровтың жаппай қырып-жоятын қару­ды жасаушы екенін білгеннен кейін, оны зиялылар қатарынан алып тастаған. Әрине, сутегі бомбасын жасаушы Сахаровпен ресей­лік­тер мақтана алмайды. Қыр­ғыз­стан­да Ақаев­тың тұсында ақсақалдар алқа­сы құрылған-ды. «Тура биде туған жоқ» деген­дей, Қырғыз елі осы арқылы ақса­қалдарды шындықты айтуға мін­дет­теген. Бірақ олар турасын айтудан гөрі, губер­наторларға, басшыларға бата беру­ден әрі аспапты. Кезекпен бата берудің кестесін жасаған. Сондықтан халық оларды «де­журшалдар» деп кеткен. Кейін ақса­қал­дар алқасы тараған. Бұл жағдайға «елде беделді ақсақалдар, ақылшылар азайды деп қынжылады» біздің көршілер. Ал біз­дегі жағдай қалай? Бізде зиялы азаматтар жоқ емес, бар. Бірақ бірен-саран. Олардың тобы, қауымдастығы жоқ. Қазақтар ара­сында зиялылар аз болатын себебі де бар. Әр заманда кешегі заманның ізі қалатыны – заңдылық. Бүгінгі қазақ интел­ли­ген­ция­сының санасында атеистік, коммунистік көзқарас, билікке табыну, басқа да ке­ше­гінің іздері көрініп тұр. Отарланған, билікке табынып қалған халық сол биліктің қолы­нан жем жеуге үйір. Бүгінде аудандық, об­лыс­тық, орталық деңгейдегі интел­ли­ген­ция­сының бірқатарының билікті жарысып мақтауы халықты жалықтырып барады. Ол мадақтаудың астарында жеке есеп те жоқ емес, пәтер алу, сыйлық иегері болу, бала-ша­ғаларын жұмысқа тықпалау сияқты жем жеудің амалы. Бірақ зиялылар арасында еркін ойын айтатын, шыншыл, ұлтына жа­ны ашитын жастарымыз бар. Әрине, бәрі бірдей емес. Бірде жастармен бір кездесу маған үлкен әсер қалдырды. Депутат кезім­де Ақтөбе облысының Қобда ауданы орталығына әдейі ескертусіз барып қал­дым. Ескертсем, «кездесу ұйым­дас­ты­ра­мыз» деп елді жинайды, жұмысынан алаң­да­тады. «Халықты қалай жинаймыз» деп, сасың­қырап тұрған әкімге «ештеңе етпес, мектеп оқушыларымен кездесемін» дедім. Уақыт түс мезгілі еді. Оқушылар әлі тара­ма­ған. Орыс-қазақ мектептерінің 10-11 сынып оқушылары жиналды. Төрде мектеп директоры, аудан әкімі, депутат – мен отырмын. Парламентте жастар саясаты, білім туралы заңға толықтырулар тал­қы­ла­нып жатыр еді. Жастарды осы мәселелермен таныстырдым. Жастар мені сұрақтың асты­на алды және сұрақтары өте салмақты, терең ойлайтындары көрініп тұр. Мен оқу­шыларға сұрақтары үшін рақмет айтсам, мұғалімдері сұрақ берген оқушыларды ұнатып отырған жоқ. Бұл жердегі мұға­лім­дер мен оқушылар екі ұрпақ өкілдері, сондықтан екі түрлі көзқарас, екі ойлау жүйесі көрініп тұр. Жоғары кеңес депутаты оқушылармен кездеспес еді, кездесу болса да, ол кездің жастары райкомның бірінші хат­шысы, аудан басшысының көзінше еркін, ашық сұрақ қоймас еді. Заман өзгер­ді, жас толқын өсіп келе жатыр, олар «де­жур­шал» болмайды, басшыларды мақ­тай­тын топқа айналмайды. Кейін де жастармен жиі кездестім, еркін ойлайтындар, сөй­лей­тіндер бар, тек тоталитарлық жүйеде тәр­бие­ленген біздер басып тастамасақ, жас­тарға, жас зиялыларға сенуге болады.
– Қазірде қазақтың саны мен сапа­сының арасында анағұрлым алшақ­тық­тың бары, санды көбейткенмен, сапаны көтере алмауымыз рухымызды төмен­де­тіп жатқаны жиі айтылады. Бұған қалай қарайсыз? Сан мен сапа ара­сын­дағы алшақтық қазақы рухқа қалай әсер етуде?
– Рас, қазақтың саны мен сапасының ара­сында біраз алшақтық бар. Оған тарихи себептер де ықпал етті. Дегенмен қазақы рухты төмен деуге болмас, қазақы рух әлсіз десек, дұрыс болар. Біз қазақтың рухын айтқан күнде кейде қандай ортада өмір сүріп жатырғанымызды ескере бермейміз. Бұл мәселеде аз ғана тарихқа көз жіберу керек. Мәселен, Ресей империясында тұң­ғыш халық санағы 1897 жылы жүргізілген. Ол кезде Түркістан өлкесін есептемегенде, қазақтар – 71,9 пайыз, орыстар 10,15 пайыз құраған. Одан әрі 1959 жылы қазақ­тардың үлесі өз елінде азая берді. 1920 жылы – 58,5 пайыз, 1939 жылы – 37,8 пайыз, 1959 жылы – 30 пайыз. Ал 1970 жыл­дан бастап қазақтардың үлес салмағы аз да болса өсіп, 32,6 пайызды құрайды. 1999 жылы қазақтар – 53,4 пайыз, 2009 жылы 63,7 пайыз болса, 2013 жылдың басында елде қазақтардың 65 пайыз құрай­тыны ресми мәлім болды. Орыс, украин, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді. Келіп қана қойған жоқ, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрі шетке ығыс­ты­рыл­ды. Себебі сан жағынан басым ұлт өкілдері қазақтарды өзіне тартып, сіңіре бастады. Ал өздері қазаққа бейімделмеді. Қазақстан орыс­танды. Ел өзгерді, орыстілді елге айналды. Шындығында, орыс­та­ну­дың лабораториясы болды. Қазақ интел­лигенциясының бірқата­ры бұл жағдайға іштей қарсы болды. Қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады. Тіпті қазақ мәселесі бар еке­нін, қазақ ұл­тының мұң-мұқтажын еле­меді. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде қабыл­да­мады. Олар ақша табуға, пәтер алуға кел­ген­дер еді. Қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар 40-50-60 пайыз тіпті 70 пайыз­ға дейін өс­кенде, олар қазақтарға емес, қазақ­тар­дың оларға икемделуіне тура келді. Қазақстанда русификация үрдісі күш алып қойған жоқ, өмір сүрудің салтына, заңдылыққа айнал­ды. Осылай орыстану дерті батпандап кір­ді. Атадан – балаға, баладан немереге ұлт­сыздану, тілін, мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін тек орыстар, украиндар емес, қазақтар арасына ана тілін сый­ла­май­тын, білмейтін, менсінбейтін сана сің­ген. Десек те, «қазақы рух қалмады» деген дұрыс болмас. Ұлт құндылықтарына қарай шартты түрде қазақтарды үш топқа жат­қы­зуға болады. Бірінші топтың психологиялық бағыт-бағдары ұлттық мәдени, тіл, тарихи санаға негізделген. Олар ұлттық құн­ды­лық­тарға артықшылық береді. Екіншілер – өз бойына екі, не одан да көп мәдениетті сіңіруге тырысатындар. Үшіншілер – ана тілі­нен орыс тілін артық білетіндер. Сондықтан бөтен тілге, мәдениетке артықшылық бере­тіндер. Сонымен қатар, тілді де, мәдениетті де меңгермеген маргиналдар да бар. Олар ұлт мәселесі төңірегінде ойланбайды. Бірақ барлығында ортақ «мен қазақпын» деген сана бар. Қазақ сөзін сөйлейтіндер – қазақы рухы мықтылар, жаңағы бірінші топтағылар. Олар әзірге көп емес, екіншілері біршама баршылық, ал үшіншілер көп. Міне, сан мен сапаны айтқанда осы аралықты сөз етіп сараптау керек. Бізге қолайлысы қазақы рухты асқақтату үшін бағыт-бағ­дары ұлттық мәдениеті, тілі, тарихы са­на­сына сіңген бірінші топтағылардың сапасын арттыру болуы тиіс. Ал ұлт мәсе­ле­сіне келгенде жалған сөйлейтіндердің, жалаң ойлай­тын­дардың сапын көтеру арқылы тек қана санды арттырудың бізге еш қажеті де жоқ.
– Жалпы, бүгінде мінбеден халық­тың жайын әдемі жеткізіп, ал мінбеден түскен соң өзінің қамын күйттейтін «жалған күрескерлер» көбейіп кеткенін жоғарыда өзіңіз де сөз етіп отырсыз. Қалай ойлайсыз, қоғам нақ осы жалған күрескерліктің өзімен қалай күресуі керек?
 – Бұл өзі – кеңес заманынан жалғасып келе жатқан құбылыс. Ол кезде адам мемлекет деңгейіндегі стратегиялық сая­сатты қолдап сөз сөйледі, ал іштей өз пікі­рі, есебі болды. Осылай екі бухгал­териямен өмір сүрдік. Оны түсінуге де болады. Әркімнің отбасы, асырайтын бала-шағасы бар, «басқалар үндемегенде маған не керек» дегендей психология ғой. Сон­дық­тан әркім өз мәртебесін сақтауға, реті келсе, одан да жоғары лауазымға қол жеткізгісі келді. «Үндемеген озады» деген фило­со­фия бүгін де бар. Оның тіпті жаңа кезеңі басталды. Бүгінде екіжүзділер капитализмге де, коммунизмге де, құдайға да, шайтанға да сенбейді. Олардың табы­на­тыны – ақша, мансап. Қытай философы Лао Цзы айт­қандай, «бай адам – адал, адал адам бай болмайды». Бүгін солардың зама­ны келді. Мұғалім, дәрігер, ғалым­дар­ға олар мүсір­кеп қарайды. Мұндайда алды­мен халықты шындықты айтуға тәр­биелеу керек. Қазір кейбір лауазымды адамдарды мақтау сондай деңгейге жетті. Олар «енді мені қашан мақтайды» деп күтетін сияқты. Мақтаса, «неге аз мақтады» дейтінге жет­тік. Жап-жас әкімді осылай мақтау бұза­ды. Меніңше, істемегеніңді «істеді» деп, мой­ныңа қиып салып соттау, қандай әділетсіздік болса, істемегеніңді «істеді» деп, асыра мақтау да сондай қия­нат. Қарап отырсақ, мақтап сөйлеу салт-жоралғыға айналған. Облысқа, аудан­­ға, әр сала бойынша саралауға жоқ­пыз. Ал мақтауда алдымызға жан салмай­мыз. Біз болашақта жалған күрес­керлерден арылу үшін алдымен өтірік мақтау, мадақ­тау салтынан арылғанымыз жөн. Өтірік мақтап алып, сырт айнала даттау –  қоғамның ең жан­ды жарасы. Осы дерттен арылуға тал­пын­ғанымыз абзал. Сонда ғана елдегі жал­ған күрескерліктің сипаты төмен­дері дау­сыз.
– Бүгінде қазақтың ұлттық рухын көте­ру мақсатында ұлттың құрылысын, құрамын, тарихын зерттейтін жеке институттар болуы керектігі жиі сөз бола­ды. Тіпті қайсыбір тұлғаларымыз «ұлт құрылысын зерттейтін орталықты Түркістаннан ашу керектігін» де айтып қала­ды. Сіз, мұндай пікірлермен келі­сесіз бе?
– ... Көптеген мемлекеттерде этникалық статистика жолға қойылған. Онда халық­тың тууы, өлімі, білімі, жұмыспен қам­та­масыз етуі, этникалық қылмыстық мәсе­лелерді салыстырмалы жүйеде мемлекет, қоғам, қадағалап отырады. Бізге де мұндай статистика қажет. Қазақ отарланған ұлт. Оны қазақтардың бірқатары сезбейді. Отар­ланған ұлттардың мынадай белгілері бар:
а) метрополияны азық-түлікпен қам­та­ма­сыз ету;
ә) негізгі халықтың ауыл шаруа­шы­лығымен айналысуы. Қазақтар ет, астық өндір­се, африкандықтар мандарин, апель­син өндірді;
б) жергілікті халықтың басым көпші­лі­гінің ауылдық жерде тұруы;
и) жұмысшы табы мен инженерлік-тех­ни­калық мамандардың жергілікті ұлт өкіл­дерінен аз болуы;
г) рушылдық, жершілдік психологияны қол­дау, ұлтты бөліп-жарып, жікке бөлу;
д) ұлттың қолдан жасалған апаттарға ұшы­рауы (аштық, Арал апаты, Семей поли­гоны);
ж) ұлттың тілін тежеу, үстем ұлтқа сіңіру саясаты.
Біз әлі осы аталған дерттерден айыққан жоқпыз. Мысалы, біздегі 2009 жылғы санақ бойынша жағдай жақсы сияқты. Ол санақта қазақтардың 98,3 пайызы ауызекі сөзді түсінеді. 95,4 пайызы еркін қазақша оқиды. 63,2 пайызы еркін жазады. Одан бері үш-төрт жыл өтсе де, «бәрі жақсы» деу­ден аса алмай келеміз. Негізі, бұл дерек­тер сенім­сіздік туғызады, өмірде олар дәлел­денбей отыр. Көптеген ата-ана­лар, әсіресе жастар, тілі шықпаған бала­ла­рына дейін өздері шала білетін қазақ тілін балалары да «біледі» деп жазған. Бұл жер­де ұлттық психологиялық фактордың да ықпалы бар. «Қазақ тілін білмесем, орыс деп жазады» деп те сақтанған. Бір­қа­тары намысқа ба­рып, «қазақ тілін білмейтіндер көп демесін» деп, «біледі» деп жаздырған. Мұндай жал­ған статис­ти­калық деректер біздің кез келген салада орын алып жата­тыны жасы­рын емес. Кез келген салада жалған есеп берудің орын алуы бізді ілгерілетпейді, кері­сінше, сала жұмысын төмен­детеді. Жал­пы, ұлтқа қатысты дүние­лер­де терең­дік, таразылау, шынайы­лық болсын десек, мұндай орталықтар бізге керек. Ұлттық сезім ең бір терең сезім, өз тілін білмесе де, өзін тегіне қарай ұлтқа жат­қызу – кең тараған үрдіс. Сондықтан отар­лау саясатының салдарынан арылту мақсатында қазақ ұлты үшін бағдарлама қабылдау, осы мәсе­лелерді реттейтін ғылыми және мемлекеттік орган қажет-ақ. Негізінде, қазақтың бола­шағына қатысты айтылған оңды пікірлерді қолдауымыз керек. Ұлттық рух, ұлттық болмысты көтеру мақсатында айтылып жүрген ойлардың қай-қайсысын да талдап, сараптау қажет. Болашақта ұрпақ­та­ры­мыздың келешегі бұлыңғыр болмасын десек, қоғамдағы халық десе, аузынан сөзі түспейтін, айта­ры­нан жаңылмайтын азаматтар ұлт мәсе­лесін қозғаудан жалық­пауы керек. Осы­лай­ша, қазақ­қа жана­шыр­лардың қарасы көбей­ген­де халықтың өмір сүру деңгейі де жақ­са­рады, ұлттық бол­мы­сы да қалып­та­са­ды. Бастысы, халықтың қамын ойлай­тын­­дар­дың қарасы көбей­ге­нін тілейік.
– Тұшымды ойларыңызбен бөлісіп, сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста