Бекзат ПІРМАНТАЕВА, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Бекзат Айдарбекқызы, бүгінде ядролық энергетика мәселесі қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл ретте Қазақстанның атом энергиясын өндіру саласындағы әлеуеті жайында жиі айтылып жүргенімен, қазақстандық қоғам оған әлі дайын емес деген де пікір бар. Былайша айтқанда, біз ядролық энергетиканың пайдасын жете түсінбей жатырмыз. Сіздің ойыңызша, бұл көзқарасты қалай өзгерту қажет?
– Меніңше, ядролық энергетика саласының болашағын қоғам бірте-бірте түсініп келеді. Әрине, оны әр адамның жеке-жеке пікірімен дәлелдеуге болады. Бірақ нақты санның жөні бөлек қой. Мәселен, біздің кафедраға ядролық физика мамандығы бойынша түсетін жастардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Ол ненің белгісі? Бұл қоғамның ядролық физика саласына деген ашық көзқарасы мен сенімін білдірсе керек. Енді қараңыз, 2005 жылы ядролық физиканы тек үш-ақ студент қана таңдаған болатын. Биыл бізге түскен түлектердің саны 67 адамды құрады. Жалпы, кафедра бойынша 211 студент, магистрант және докторант білім алуда. Олардың 25-і – «Алтын белгі» иегерлері. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қазақстандық қоғамның ядролық физиканы қаншалықты түсініп жатқандығын осыдан-ақ байқауға болады.
– Ал дәріс беретін мамандардың тапшылығы байқалмай ма?
– Негізі, Қазақстанның ядролық физика саласындағы маман тапшылығы Тәуелсіздікке дейін де болған. Еліміз егемендік алып, бұрынғы жүйе тарап жатқан кезде біраз кәсіби маманның шекара асып, өзге елге қызмет етіп кеткені тағы бар. Ондай жағдай қазіргі ТМД мемлекеттерінің бәрінде де болған. Соған қарамастан, Қазақстан ядролық физиканы дамыту жұмысын назардан тыс қалдырған жоқ. Біздің кафедра осы бір үлкен әрі маңызды жұмыстың нәтижесі болса керек. Қазіргі кезде бізде дәріс беріп жатқан оқытушылардың 45 пайызы нақты ядролық физика мамандары болып саналады. Әрине, ол көп емес. Қазақстанда физик мамандар баршылық қой. Ал ядролық физика саласындағы мамандар тым аз. Сол себепті біз дәріс беретін мамандарды әзірше шетелден шақырып отырамыз.
– Мамандарды шетелден шақыру жұмысының шығыны көп. Өз мамандарымызды өзіміз қашан дайындаймыз?
– Қазақстандық мамандардың дайындық деңгейі жақсы. Өз басым отандық және шетелдік мамандардың арасында аса көп айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Бірақ ондай мамандар аз. Сол себепті шетелден ғалымдарды шақыруға тура келеді. Оған қоса, ортақ жұмыстың жөні бөлек. Біздің қазіргі мақсатымыз – әлемге танымал ғылыми басылымдардан көрініп, өзімізде жасалып жатқан ғылыми жұмысты көрсету. Осының арқасында Қазақстанның ғылыми қауымдастық алдындағы беделі өседі. Осы орайда шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеудің маңызы зор: ортақ жобаларды қолға алып, біраз жетістікке жетуге болады.
– Қазір біз қандай ғылыми жаңалықтармен мақтана аламыз? Білуімізше, ДЦ-60 ауыр иондар үдеткіші іске қосылған кезде осы қондырғыда арнайы сүзгілер жасалатыны айтылған болатын. Бірақ кейінгі уақытта ол бастама іске аспай қалды-ау деймін...
– Иә, тректік мембраналардың негізінде өндіріске қажетті сүзгілерді жасау бастамасы болған. Оның экономикалық пайдасы мол. Мәселен, ондай сүзгілерді автокөлікке салып, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды газдарды барынша азайтуға болар еді. Одан қала берді, бүгінде жылу электр стансыларының мұржасынан шығатын түтінді тазартып, сүзгіден өтпей қалған қалдықтарды қайта өңдеу тәжірибесі де бар. Дей тұрғанмен, бізде бір қиындық бар. ДЦ-60 ауыр иондар үдеткішінің көмегімен ондай сүзгілерді жасауға болады. Бірақ ол сүзгі – тек шикізат қана. Ал осы шикізатты пайдаланып, дайын тауар ретінде шығаратын өндірістік орындар жоқ. Негізі, қазіргі кезде ондай сүзгілерге сұраныс жоғары. Одан басқа, тректік мембраналарды тамақ өнеркәсібінде, медицинада, ауызсу желісінде және тағы басқа көптеген салада кеңінен қолдануға мүмкіндік болады. Мен өзім қазір ядролық медицина саласына үлкен қызығушылық танытып отырмын. Себебі ол – біз үшін ғана емес, әлемдегі дамыған елдердің біразы үшін жаңалық. Негізі, медиктер физиканы көп біле бермейді. Қазіргі қондырғылардың негізінде олар тек томографиялық суретке ғана түсіріп, ауруды химиялық терапия арқылы емдей алады. Ал физиктер болса аурудың нақты қай жерде жасырынғанын нақты анықтап бере алады. Мәселен, қазіргі кезде біздің мамандар Астанадағы Республикалық диагностикалық орталықта орналасқан ДС-18 үдеткіші негізінде науқастарды тексеріп, адам ағзасындағы аурудың негізгі ошағын анықтап беріп отырады. Осының негізінде дәрігерлер бұрынғыдай жалпы терапияны қолданбай, нақты ауру ошағын емдейді.
– Ядролық изотоптардың көмегімен қатерлі ісік дертін де емдеуге болатыны туралы оқығанымыз бар. Оны қалай жасайды?
– Бүгінгі таңда кардиология, онкология және психоневрология ауруларын емдеу саласында диагностиканың маңызы зор. Осы орайда ядролық медицинаға, оның ішінде позитрон-эмиссиондық томографияға (ПЭТ) үлкен үміт артылып отыр. ПЭТ – бұл қысқа өмір сүретін ультра радиоизотоптарды қолдануды көздейтін диагностиканың жаңа әдісі. Оған қажетті өнім үдеткіштің негізінде даярланады. Негізі, ПЭТ кәдімгі глюкозаны егу арқылы жасалады. Бірақ оның құрамындағы тұрақты фтордың орнына радиоактивті фтор қолданылады. Міне, осылайша «18-фтордезоксиглюкоза – 18FDG» деген радиофармацевтикалық препарат пайда болады. Оның адам денесіне қалайша тарайтындығын арнайы аппарат арқылы байқауға болады. Негізі, ісік ошағында гликолиз үдерісі жүреді. Ол кезде ісік жасушасына глюкозаның 19 есе артық мөлшері қажет болады. Осындайда кішкентай ісіктің өзі біраз радиоизотопты тартып алады. Ал осы изотоптардың жиналған жерін, яғни ісікті арнайы қондырғы арқылы анықтауға мүмкіндік бар. Қатерлі ісікті анықтайтын ондай глюкозаларды бүгінде біз Республикалық диагностикалық орталықтағы ДС-18 үдеткіші негізінде жасап жатырмыз. Ол науқастарға қатерлі ісіктің алдын алу дәрісі ретінде егіліп жатыр. Бұл жобаны біз жақында ғана ұсындық. Қазақстан бойынша ондай жобаны әлі ешкім жасаған жоқ.
– Жобаны іске асыру үшін қаржының қандай көлемі қажет? Ол шығын ақтала ма?
– Жобаның жалпы құны – 80 млн теңге. Бұл жұмысты біз үш жылдың ішінде атқарып шыға аламыз. Қазақстанда алғаш рет 18-F – радиофармацевтикалық препаратын шығарып, оны басқа аймақтарға да тарата аламыз. Бүгінде бір диагностиканың бағасы 173 мың теңге тұрады. Астанада бір күнде 12 диагностика жасалады. Ал егер біз оны басқа аймақтарға тарататын болсақ, одан түсетін пайда көп болмақ. Жалпы, бұл жоба төрт-бес жылдың ішінде барлық шығынды ақтай алады.
– Бүгінде диагностиканың мұндай әдісін қолданып жатқан мемлекеттер бар ма?
– Қазіргі кезде әлем бойынша ПЭТ орталықтар қарқынды даму үстінде. Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде АҚШ-та олардың саны 3,5 есеге артты. Эмиссиондық томографтарды шығаратын фирмалардың басым бөлігі де осы елде орналасқан. Біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ондай әдістің Америкадағы медицинаның барлық саласында кеңінен қолданылып жатқандығына көз жеткіздік. Әсіресе кардиология мен онкологияда оған деген сұраныс жоғары. АҚШ ядролық кардиология саласы үшін арнайы мамандық та ашқан.
– Ал емханада істейтін физиктер үшін медициналық білім қажет пе?
– Жоқ, ондай мамандарды медициналық физик деп атайды. Олар үшін медициналық білім алу міндетті емес. Болашақта бәрі ойдағыдай болса, біз медициналық физика мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз.
– Сіз ядролық физика саласының маманы ретінде Қазақстанда атом электр стансысын салу бастамасына қалай қарайсыз?
– Енді әлемдегі Жапония, Франция сияқты мықты мемлекеттердің атом энергетикасын дамытуға деген құлшынысын түсінуге болады. Оларда табиғи байлық аз. Бізде бәрі бар. Сарапшылардың болжамы бойынша, Қазақстанда көмірсутек қорына қарағанда, ядролық отын бірталай уақытқа жетеді екен. Әлемдік нарықта сатылатын негізгі ядролық отын – уранның 30 пайызы біздің үлесімізде. Сондықтан Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың болашағы зор деп білемін. Өз басым маман ретінде бұл бастаманы қолдаймын. Жалпы, Жапониямен салыстырғанда Қазақстанның өз өнімі бар әрі жағрапиялық орналасуы атом электр стансысын салуға мол мүмкіндік беріп отыр. Меніңше, ештеңеден қорықпай, қазірден бастап ел байлығын халық үшін тиімді пайдалану жайын ойластыру қажет.
– Қазақстанда атом электр стансысы үш-төрт жылдың ішінде салынды дейік. Сосын оның жұмысын өзіміз дөңгелетіп алып кете аламыз ба?
– Білуімше, жапондықтармен бірігіп, Қазақстанда ядролық реакторды іске қосу жобасы бар. Егер ол жоба жүзеге асса, біз атом өндірісін қажетті мамандармен бірлесіп қамтамасыз ете аламыз. Әрине, бірден барлық жұмысты алып кету мүмкін болмас. Ол мәселені бірте-бірте шешуге болады. Негізі, атом электр стансысы сияқты стратегиялық маңызы бар жұмысты қолға алудан бұрын, маман мәселесін шешіп алған жөн. Бүгінде ол жұмыс тек Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия ұлттық университетінде ғана атқарылады.
– Бәлкім, осы салаға қажетті мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының санын көбейту қажет шығар?
– Жоқ, бізге саннан сапаға көшу қажет. Себебі қазірдің өзінде біз жылына 67 маманнан шығаратын болсақ, екі-үш жылдан кейін оларға жұмыс табылмай қалуы әбден мүмкін. Меніңше, ядролық физика мамандығына мемлекеттік тапсырысты да азайтуға болады. Мәселен, біз үшін жылына 20 грант бөлсе де жарайды. Осы жастарды кәсіби маман ретінде шығарсақ, мұның өзі біз үшін үлкен жетістік болар еді.
– Былтыр Жапонияның «Фукусима-1» атом электр стансысында болған апаттан кейін оқу үдерісінде де біраз өзгеріс болған шығар? Ядролық қауіпсіздік негіздеріне үйрету жұмысы күшейген жоқ па?
– Әрине, «Фукусима-1» атом электр стансысында болған апат бүкіл әлемді дүрліктірді. Бірақ бәріміз жақсы білеміз, ол апаттың техникалық ақаулығы болған жоқ, оған табиғат себеп болды. Сондықтан осы төтенше жағдайдан кейін әлем бойынша ядролық энергетикаға деген сұраныс төмендеген жоқ, керісінше, өсе түсті. Осыған байланысты білім саласында да ядролық физика мамандығына деген сұраныс азаймады. Ал оқу үдерісіне келер болсақ, «Фукусима-1» апатынан кейін біраз өзгерістер болды деп айта алмаймын. Бір атап өтер жайт, қазақстандық студент Жапонияның тәжірибесін кеңінен зерттеп, сол жақтағы мамандармен кеңінен араласуға тырысты.
– Жас мамандардың жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталсақ, ядролық физика мамандығын бітірген жастар жұмыспен қаншалықты қамтылған?
– Бізде жас мамандарға білім беріп, оларды жұмыспен қамтудың тиімді жүйесі жолға қойылған. Дубнадағы Адам, қоғам және табиғат халықаралық университеті, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық зерттеулердің біріккен институты және Еуразия ұлттық университеті арасындағы келісімшартқа сәйкес, біз ядролық физика мамандарын екі дипломды бағдарлама бойынша даярлап жатырмыз. Мәселен, өткен жылы төрт студент жоғары білім туралы Қазақстан мен Ресейдің екі дипломын алды. Келісімшартта жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі де ескерілген. Оқуды аяқтаған соң, олар бесжылдық келісімшартқа отырып, бізге жұмысқа келе алады. Бұл жерде жас ғалымдар Пәнаралық ғылыми-зерттеу кешенінің барлық мүмкіндігін пайдаланып, өздерінің ғылыми жұмыстарын жалғастырады, я болмаса Алматы немесе Курчатовқа барып, сол жақта қызмет ете алады.
– Сөз соңында өзіңіз басқарып отырған Ядролық физика, жаңа материалдар мен технологиялар халықаралық кафедрасының бүгінгі қызметіне қысқаша тоқталсаңыз...
– Жалпы, Ядролық физика, жаңа материалдар мен технологиялар халықаралық кафедрасын құрудың түпкі мақсаты – ДС-60 ауыр иондар үдеткіші негізінде құрылған Пәнаралық ғылыми-зерттеу кешенінің барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, ядролық физика және нанотехнологиялар саласында кәсіби мамандарды даярлау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру. Бүгінде біз маман даярлау жұмысын үшсатылы жүйе – бакалавриат – магистратура – докторантура аясында ядролық физика және наноматериалдар мен нанотехнологиялар бағыттары бойынша жүргіземіз. Былтыр екі дипломдық білім беру туралы келісімшартқа сәйкес, төрт студент оқуды аяқтаса, биыл тағы төрт студент және бір магистрант Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Дубнадағы Адам, қоғам және табиғат университетінің дипломын алмақ.
Алашқа айтар датым...
«Ядролық физика» немесе «атомдық энергетика» сияқты сөздерден қорықпау қажет. Бүгінде бұл салалардың қажеттігін жете түсінетін кез келді. Оның бізге, біздің экономикамызға, жалпы, болашағымызға тигізер пайдасы мол. Ғылымның бұл саласының болашағы зор болатындығы анық. Сол себепті біз оны барынша дамытып келеміз. Әрине, ғалымдар зерттеу жұмыстары барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелерін ескереді. Ал адамның жеке денсаулығына келер болсақ, одан келетін зиян жоқ. Біле білсек, радиацияның қажетті мөлшері адам өмірін ұзартады. Міне, әйел басыммен бұл салада істегеніме біраз уақыт болды. Бойымнан қандай да бір ақаулық байқаған жоқпын.