Нәйлә ТОҚТАРҚЫЗЫ, нарколог-дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор:
– «Еліміздегі нашақорлар саны азайып келеді» деген әңгіме елең еткізді. Шынын айтсақ, оңайлықпен сене қою қиындау екен...
– Сіз ҚР ІІМ-нің жуырда жариялаған «Қазақстанда 2009 жылы тіркеуде тұрған нашақорлар саны 54 081-ді құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 8 пайызға төмендеді, яғни осы жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша елімізде қазір 49 795 нашақор бар» деген мәліметін меңзеп отырсыз ғой. Бұдан мен де хабардармын. Алайда мен де мұндай ресми дерекке сенбеймін. Құзырлы сала нақты ақпаратты жасырып отырған жоқ, әрине. Статистикалық көрсеткіштің «жаңылысып» кетуі – нашақорлардың түгелдей дерлік тіркеуде тұрмауында. Олар өздеріне өздері тілеп алған бейнетпен жеке-жеке арпалысып, нашақор екендіктерін жасырып, жұрт көзінен таса жүруді қалағандар. Араларында өзгеден көмек сұрауға дәрмені жетпей, қыршынынан қиылып кетіп жатқандары да аз емес. Нақты санын анықтау қиын. Сондықтан да қанша нашақор бар екендігін кесіп айтуға болмас. Негізі, еліміздегі нашақорлар саны ресми деректен әлдеқайда көп. Бір сөзбен айтқанда, нашақорлық проблемасы бәз баяғысынша, тіпті ахуал мүшкіл дер едім.
– Метадондық бағдарлама төңірегінде дау туындап жатыр. «Алаш айнасы» да бұл тақырыптан сырт қалған жоқ. Нарколог-дәрігер ретінде не айтар едіңіз?
– Метадондық бағдарлама – жағдайды ушықтырмаса, опа таптырмас. Жалпы, метадонның өзі – синтетикалық апиын алколоиді. Былайша айтқанда, апиындық препараттар тобынан.
Метадон өткен ғасырдың 30-жылдары синтезделген. Оны фашистік Германия ойлап тапқан-ды. Қолданысқа есірткінің жаңа түрін енгізудің не қажеті болды? Оның себебінің өзіндік тарихы бар. Сол кезде фашистік Германия әскерлерінің арасында героин пайдаланатындар өте көп болған. Ал героин кезінде апиынға тәуелділерді емдеу мақсатында шығарылған. Түсіндіре кетейін, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерлерді апиындық нашақорлықтан құтқармасқа амалдары қалмайды. Міне, сонда апиынның орнын героин басқан-ды. Негізі, героин «героизм» деген мағынаны білдіреді. Нашақорлықтың «әскери ауру» деп аталып кетуінің себебі – осы. Героин – жартылай синтетикалық алколоид. Героин пайда болғаннан кейін, әлбетте, апиын тұтынушылар саны күрт төмендейді. Десек те, нашақорлардың бір есірткіден екінші бір есірткіге ауысқандары болмаса, әскерилер арасындағы иненің ұшына байланғандардың дерті асқынып, қатты алаңдаушылық туғызады. Героин ғалымдардың үміттерін ақтамайды, керісінше, әскерде нағыз зобалаң басталып, кезінде апиынды героинмен алмастырғандай, енді героиннің орнына метадонды жасап шығуларына тура келеді.
Метадон да – кәдімгі есірткі. Метадонның героиннен еш ерекшелігі жоқ. Героин сияқты бұл есірткі де улы ұнтаққа тәуелділерді тұңғиыққа тарта береді. Метадондық нашақорлықтың алдын алу тіптен қиын. Героинге қарағанда есірткінің бұл түрінің ағзаға кері әсері өте көп және оны емдеу де өзге есірткілік заттармен салыстырғанда қиындау.
Метадондық бағдарлама, былайша айтқанда, бір затты екінші бір затпен алмастыру. Оны ұсынып отырғандар «метадондық бағдарлама арқылы есірткілік заттарға тәуелділердің наркологиялық орталықтарға өз еріктерімен келулеріне қол жеткізуге болады» дейді. Бағдарламаға сәйкес, метадонды емдеу орындары өздері таратып береді. «Нашақорлар күніне екі рет көрініп, оларды қадағалап отыру да оңайырақ болады-мыс». Сондай-ақ «ине, есірткі іздеп жүрмейді» дегенді алға тартады.
Әрине, сөз жүзінде бәрі тамаша. Бәрі – бос әңгіме, ондай тәртіп орнату тіптен мүмкін емес. Мұнымен кімді алдауға болады? Өйткені кез келген нашақор тұтынып жүрген мөлшерін алмай, тыншымайды. Ал нашақордың ағзасы есірткілік заттың мөлшерін уақыт өткен сайын еселей түсуді қажет етіп отырады.
Арнайы тіркеуде тұрған нашақорлар – кәнігі нашақорлар. Олардың есірткі пайдаланғандарына бірнеше жыл болған. Сондықтан да олар рұқсат етілген метадонға қанағаттанбайды. Оған қосымша өзінің үйреншікті мөлшерін пайдаланып отырады. Сонда бұрынғы тұтынып жүрген есірткісіне олар енді метадонды қосады. Бір адамның екі бірдей есірткі түрін пайдалануы да – аса зиян. Демек, жағдайдың тіптен қиындап кету қаупі бар.
Бұл – бір, екіншіден, ертеңгі күні медициналық ұйымдардан метадонды жасырын сататындар пайда бола бастайды, яғни былық-шылықтың көкесі сонда басталады.
Үшінші, бір кері жағын айтсам, ауруға қарсы күресуге тиіс дәрігердің нашақорға есірткілік затты өзі беріп отырғаны моральға жат емес пе?
– Нәйлә Тоқтарқызы, Қазақстанда, жалпы, осы метадондық бағдарламаны пайдалануға рұқсат беретін заң бар ма?
– Өте орынды сауал. Мені таңғалдыратыны, сіз айтып отырғандай, Қазақстанда есірткілік затты таратуға рұқсат беретін заңдық база жоқ. Нақтырақ айтсам, метадонды медицинада пайдалануға рұқсат беру үшін заңдық нормаға жүгінуіміз керек еді. Бұдан шығатын қорытынды: метадонды заңсыз қолданғалы отырмыз. Кез келген заңға қайшы әрекет – қылмыс. Ал ондай заң шығару көп уақытты алады.
Оны айтасыз, метадоннан әлемдегі барлық елдер осыдан жетпіс жыл бұрын бас тартқан. Оның зардабынан әлі арыла алмай келеді. Оның зияндылығы тәжірибеде әлдеқашан анықталған. Тиімсіздігі дәлелденіп, жарамсыз етіп тастады. Ал тәжірибе – ақиқаттың өлшемі. Жылдар бойы бір есірткіні пайдаланып жүріп, екінші бір түріне өту ағзаны азаптаумен бірдей. Оны емдеу де қиын.
Бұл – кәдімгі есірткі бизнесі. Метадонды ойлап тапқандар әлі де жұмыс істеп жатыр. Кешегі тапсырыс берушілер қатары тарылып, олар бұрынғы Кеңес үкіметі елдеріне ауыз салып отыр.
Қазақстанды арам пиғылдары үшін көздеп отырғандар аз емес сияқты. Әрине, бұл тұспал ғана. Қазақстанның талайларды қызықтыратыны рас. Халқымыз аз, жеріміз ұлан-ғайыр. Қарусыз жаулап алу деген – осы. Метадон арқылы да адам өлімін көбейтуге болады. Былайша айтқанда, геноцид болуы әбден мүмкін. Бұл – адам санын табиғи өліммен азайтудың ең ұтымды жолы.
– Метадонның зардабын біле тұра, құзырлы орындар оған қалай рұқсат беріп отыр?
– Бұл жерде құзырлы министрліктің еш қатысы жоқ. Мана айттым ғой, бұл – есірткі бизнесі. Метадонның қолданылуын көздеп отырғандар басқалар. Олар осы жолмен пайда табуды ойлайды. Халқының аман-саулығына қарағанда оларға оңай жолмен пайда табу артық болып тұр.
– Депутаттар нашақорларды қылмыстық жазаға тартуды ұсынады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Нашақорларды қылмыстық жазаға тарту үрдісі Кеңес үкіметі кезінің алғашқы жылдарында болған. Кейін Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізіліп, бұл медициналық жолмен ғана шешілетін проблемалар қатарына жатқызылды.
Мен депутаттардың ұсыныстарына үзілді-кесілді қарсымын. Нашақорлық – дерт. Көптеген аурулар сияқты, мәселен, жүрек-қан тамырлары, өкпенің қабынуы, демікпе ауруларын айталық. Сонда осы аталған ауруларға шалдыққандары үшін адамды кінәлауымыз керек пе? Бұл – ақылға сыймайтын нәрсе. Әрине, әрбір адам өз денсаулығын сақтауы керек. Егер әңгіме осы тұрғыдан айтылса, оған еш дауым жоқ. Оларды соттаймыз деп, есесіне түрмедегі нашақорлардың санын көбейтіп аламыз.
– Түрмедегі ахуал қандай? Естуімізше, еліміздің ҚАЖК мекемелерінде 60 мыңға жуық адам қамауда отырса, соның 35 мыңнан астамы нашақор көрінеді.
– Ол әбден мүмкін. Темір тордың ар жағындағы жағдай, шынымен, қиын. Онда нақты қанша нашақор бар екендігі белгісіз. Оларды ойлап ешкімнің бас қатырғысы жоқ сияқты. Бірқатары нашақор болып сотталып жатса, түрменің өзінде қаншасы бар. Әйтеуір, аз емес, соны білемін.
Абақтының өзі – кез келген адамның жүйке жүйесін жұқартпай қоймайтын орта. Көбі күйзелістен есірткінің көмегімен шығуға әуестеніп алған. Осылай есірткі иіріміне бірін-бірі сүйрейді. Соның салдарынан ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар көбейіп барады.
Қазір мен наркологиялық орталықта жатқан бір науқасты емдеп жүрмін. Түрмеден ВИЧ инфекциясын жұқтырып шыққан екен. Оны өзі де білмеген. Қасірет шалды деген – осы, онысын әйеліне жұқтырады. Соны ойлап, өзін өзі жегідей жеп жүрген еркек депрессияның ауыр түріне ұшырап қалды. Енді қайтсін, әйелі көз алдында солып бара жатса. ВИЧ инфекциясымен өзінің ағзасы белсенді күресіп жатса, әйелінің иммунитеті әлсіз болса керек, барған сайын нашарлап барады. Әйелді не күтіп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Екі балалары бар. Бұл шаңырақтың шайқалғаны менің де жаныма қатты батты.
Қысқасын айтқанда, нашақорлар үшін түрме – нағыз тозақтың өзі. Бір татым есірткі жолында еш нәрседен тайынбайды. Түзеу мекемелеріндегі нашақорлықтың алдын қалай алуға болады? Кейде өзіме осындай сауал қоямын. Бірақ жауабын таба алмаймын. Есірткінің жолын кесу үшін түрмелерге сезгіштігімен теңдесі жоқ құрал-жабдық қой мейлі, «сәлемдеме» бәрібір өтіп кетеді. Өйткені түрме қызметкерлерінің барлығының бірдей ары таза екендігіне күмәнім бар. Осы тұста айта кетейін, олардың түрмеде тәркіленген есірткілік заттардың барлығын бірдей жойып отыратындарына да сенімсізбін. Яғни «ұмыт» қалған ұнтақтарды түрме қызметкерлері сотталғандарға қайтадан сататын көрінеді. Сонымен қатар адамдар да әккі болып алған. Түрме қызметкерлері аса мұқият тексеріп, қанша шалымды болса да, күмәнді заттарды көзге іліндірмеудің неше түрлі жаңа бір тәсілдерін ойлап тауып жатады. Мұндай зардабы ауыр істің шешімін табу үшін, бәлкім, түгел дерлік колония қызметкерлерін рухани жағынан тазартып отыру керек шығар? Ал бұл – өте қиын шаруа. Біріншіден, оған көп уақыт кетеді. Екіншіден, адамды қайта тәрбиелеу анау айтқандай оңай емес-ау... Қысқасы, бұл – түйіні көп түйткіл.
ҚР ҚК-нің 17-бабына өзгеріс енгізілген, яғни қамауда отырған нашақорларды емдеудің ереже-тәртібі қазір басқа. Мәселен, қылмыскер қылмыс жасаған кезде есі дұрыс деп табылса және сол сәтте ол алкоголизммен не нашақорлықпен ауырса, ол сол түрме аумағында мәжбүрлі түрде емдеу қабылдайды. Ал басқаларды ол жерде ешкім емдемейді.
Иә, сан мыңдаған нашақорды емдеу біздің түрмелердің жағдайында мүмкін емес. Бұл қомақты қаржыны, қаншама маманды қажет етеді. Қажетті дәрі-дәрмектермен де қамтамасыз етілмеген. Амал жоқ, сотталғандар өзінің өмірі үшін өздері күресіп бағуда. Тағы бір айта кетерлігі, сотталғандар үшін психотерапия бөлімшесі бүкіл республикамыз бойынша ҚАЖК-нің бір ғана мекемесінде бар. Ол – Заречный елді мекеніндегі ЛА -155/12 түзету мекемесі. Психозбен ауырған қылмыскерлерді сонда алып келеді. Ал нашақорлықпен ешкімнің ісі жоқ. Әрине, пенитенциарлық жүйе де нашақорлықпен күресті тұрақты жүргізуді ұйымдастырса жақсы-ақ болар еді.
Біреулер қылмыскерлерді қоғамға қауіпті, тіпті жат санайды. Бірақ ұмытпайық, олар да адам баласы. Оның үстіне ертең олар арамызға келеді, яғни тағы бір нашақор кеп қосылды дей беріңіз. Ал сарапшылардың зерттеулеріне қарағанда, бір нашақор жылына 15-тен астам адамды тартады екен.
– Алысты айтпай-ақ қояйық, бұрынғы КСРО елдерімен салыстырғанда Қазақстан медицинасы нашақорлыққа қарсы күреске жаңалықтар енгізе алды ма?
– Иә. Мақтана алатын тұстарымыз баршылық. Бізде, сіз айтқандай, бұрынғы КСРО елдерінің бір-екеуінде ғана болмаса, басқа ешқайсысында жоқ «Нашақорлықтың медициналық әлеуметтік проблемаларының Республикалық ғылыми-практикалық орталығы» ашылған-ды. Бұл орталық Павлодар қаласында орналасқан. Онда квотамен еліміздің кез келген аймақтарының тұрғындары емделе алады. Бірақ ескерте кетейін, бұл – қордаланған мәселені шешуде мысқалдай ғана көмек. Осы сынды орталықтар көптеп ашылса, онда әңгіме басқа болар еді.
Бұл орталық сан-салалығымен ерекше. Ол ғылыми да, практикалық та міндеттерді жоғары деңгейде атқарып отыр. Онда есірткіге тәуелділерді емдеуде жоғары сапалы технологиялар пайдаланылуда. Әсіресе психотерапия саласы сапалы жұмыс істеуде. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, нашақорлық – адамның өзінің адасуынан, жігерсіздігінен табатын дерті. Өзінің тағдырына жауапсыз қарағандық. Есірткінің арбауына түсіп қалғандар. Кім болса да есірткіні бірінші рет пайдаланып көргенде «мен оған еш уақытта әуестенбеймін, өзімді-өзім тоқтата аламын» деп ойлайды. Алайда ол мүмкін емес. Бір рет дәмін татып көрдің бе, екінші рет қалай пайдаланғанын өздері де білмей қалады. Негізі, героиндік, апиындық, метадондық нашақорлық адамды тез жеңіп алады. Демек, нашақорды емдеуде ең алдымен психотерапияның маңызы өте зор. Дәрі-дәрмектермен сауықтыра отырып, дәрігер кеселге қарсы тұруға нашақордың санасын ұмтылдыруы тиіс. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, Павлодардағы орталықтағы белсенді жұмыс істеп жатқан психотерапия саласын ерекше атап өтер едім.
– Сонда Алматыдағы наркологиялық орталықтың мүмкіндігі шектеулі болып тұр ғой?
– Иә. Бұл қаладағы психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы Павлодардағыдай жан-жақты емес.
– Есесіне «Алматыда жекеменшік клиникалар көп» деп жатады...
– Ол да рас. Жекеменшік клиникалар баршылық. Алайда олар тек есірткіні қажет кезінде пайдалана алмай қиналған нашақорды жан азабынан құтқара алады, яғни «жедел жәрдем» іспетті. Олар, негізі, ем-дом да жасай алады, бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді, қымбат.
Жалпы, еліміздің барлық аймақтарында наркологиялық диспансерлер, орталықтар бар. Олардың барлығы Павлодардағы орталыққа бағынады.
– Нашақорды құлантаза емдеу мүмкін бе?
– Жоқ, мүмкін емес. Емдеу курсынан кейін нашақор есірткісіз – алты ай, бірлі-жарымы әрі кеткенде бір жыл шыдауы мүмкін. Нашақорлық – созылмалы індет, демек, ешбір науқас одан мүлде айығып кете алмайды.
– Нашақорлардың біржолата емделіп кетпегендігінен болар, бәлкім, ел арасында «полицейлер де, дәрігерлер де есірткі бизнесінің тоқтамауына мүдделі, өйткені бұл – олардың табыс көзі» деген әңгіме айтылып қалады.
– Полицейлер үшін жауап бермей-ақ қояйын. Ал дәрігерлерге қатысты айтсам, бұл – жаңсақ пікір. Бұл, әлгінде ғана айттым, тағы қайталайын, еш уақытта емделмейтін ауру. Біз дәрігерлер тек оларды өмір бойына бақылауда ұстап өтеміз. Мүмкін, бір дәрігердің осылай айтқан сөзін әлдебіреулер бұрып әкетіп, теріс пікір таратып жіберген шығар. Дәрігерлер ісіне адал. Нашақорлық бұрыннан бар, бола да бермек.
– Елімізде 400-ге жуық нарколог-дәрігер бар көрінеді. Аз емес пе?
– Әрине, өте аз. Қазақстан психотерапевтерге де аса зәру. Медициналық білімі бар психологтер жоқтың қасы. Бос тұрған орындарды педагогика саласы бойынша маманданған психологтер жауып отыр. Ал нашақормен олар жұмыс істей алмайды. Бұл – аса ауыр дерттің бір түрі. Оларды тек дәрігер ғана емдеуі қажет. Нормаға сәйкес стационарда 30-35 науқасқа бір маманнан келуі тиіс. Ал енді есептеп көріңіз, егер 50 мыңға жуық нашақор бар десек, 50 мыңды 400-ге бөліңіз, сонда бір дәрігерге 125 науқастан келеді екен.
Алашқа айтар датым...
Нашақорлықпен күресте тек оларды емдеумен ғана шектелмеуіміз керек, ең тиімді жолы – алдын алу, яғни үгіт-насихатты күшейту. Қазіргі алдын алу шараларына көңілім мүлде толмайды. Баршаны, әсіресе жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеуіміз керек. Мектептерде де нашақорлыққа қарсы үгіттейтін сабақтар енгізілсе, тіптен жақсы. Осы мақсаттарда кешенді жұмыстар ұйымдастыру қажет. Соның ішінде ең бастысы – психолог, психотерапевт мамандарының санын көбейтіп, соларды жаппай жұмылдырмасақ, қазіргі беталысымыздың бәрі бекер. Қазір медициналық білімі бар психологтердің санын күрт көбейту көзделіп отыр. Бұл – өте дұрыс шешім. Ал бұрындары біздің елде педагогикалық білімі бар мамандар көп болған. Бүгінгі таңда осы мамандарға сұраныс артып отыр. Өкінішке қарай, біздің жоғары білім жүйесінде аталған мамандарды даярлау жолға қойылмаған. Егер маман даярлау мәселесі оң шешілсе, нашақорлықтың алдын алуға айтарлықтай септігі тиген болар еді.