Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Мырзағали Құланұлы, бас бапкер болып тағайындалғаныңызға да біраз уақыт болды. Енді осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылғандығына тоқталып, көрсеткіштеріңізге баға беріп өтсеңіз...
– 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрама сапындағы бапкерлер құрамы ауысты. Мен сол жылдың күзінде бас бапкер болып тағайындалдым. Бірінші кезекте ұлттық құрама сапына елімізге кеңінен танымал білікті бапкерлерді, ел боксын өрге сүйрей алатын тәжірибелі мамандарды жинауға тырыстым. Былайша айтқанда, жаңа команда жасақтадық. Сол кісілермен бірге атқарып жатқан жұмыстарымызға келер болсақ, бапкерлер құрамы үшін алғашқы сынақ былтыр Қытайда өткен XVI жазғы Азия ойындары болды. Менің ойымша, біз бұл сынақтан мүдірмей өттік. Абыроймен шықтық деп ойлаймын. XVI жазғы Азия ойындарынан бес медаль алдық. Оның екеуі алтын, екеуі күміс, біреуі қола. Өкінішке қарай, кейбір жігіттеріміздің жолы болмады, бағы жанбады. Әйтпесе медаль саны бұдан да көп болар ма еді. Бірақ бұл – спорт. Спортта бәрі әрдайым ойдағыдай бола бермейді. Төрешілердің әділеттік танытпайтын тұстары да болады. Бірақ мен оның бәрін жіпке тізіп, ақталғым келмейді. Керісінше, біз бұдан сабақ алуға тырысудамыз. Ұлттық құрамадағы жаттықтырушылар бас қосып, жиналыс өткізіп, бәрін талқыладық. Бәрін де саралап, ендігәрі осылай бармақ тістеп қалмаудың жолын қарстырдық. Сондағы бәріміздің келген шешіміміз, түйген пікіріміз біреу-ақ, ол – қарсыласыңнан анағұрлым алымды да қарымды болу, айқын басымдықпен жеңу, ешбір төреші күмән келтіре алмайтындай үстемдік таныту. Осының бәрін шәкірттеріміздің құлағына құйып жатырмыз. Өйткені 2010 жылғы Азия ойындарында екі күмәнді жеңілісіміз жанымызға батқан. Оның бірінде Самат Бәшенов (60 келі) Корея боксшысынан ұтылған болып танылса, екіншісінде Василий Левит (91 келі) Сирия жігітінен жеңілген болып есептелді. Жалпы, 2010 жылғы көрсеткіштеріміз бен нәтижелерімізге көңілім толады. Қысқа қайырып айтқанда, «басы жаман емес» деуге болады. Боксшыларымызды ел сенімін ақтауға дайындап жатырмыз. Намысшыл, ұлтшыл болуға тәрбиелеп жүрміз. Ең бастысы, елімізді сүю керек. Тәлім-тәрбиеміздің басы – елімізді шексіз сүйіп, бар күш-жігерімізді салып, ел үмітін ақтау.
– Жалпы, бокстан ұлттық құрама бапкерлері ғана емес, федерация басшылары да ауысып, жұмыс жасап жатыр ғой. «Жаңа басшылар келгелі ел боксын дамыту дұрыс жолға қойылды» деп айтушылар да көбейді. Сонда қандай игілікті істер атқарылып жатыр? Сіздерге қалай байқалуда?
– Бір кездері қазақ боксы әлемдегі үшінші держава болып саналатын. Еліміздің бокс федерациясының басшылары соны қаперінен шығарар емес. Еліміздің даңқын шығарған осы спорт түрін қайтадан сол деңгейге көтеруді ойлайды. Бізге жан-жақты жағдай жасап, үлкен сенім артуда. Сенім артылудың өзі үлкен мәртебе, жауапкершілік емес пе? Біз сол сенімді ақтап шығуға тырысудамыз. Ал федерацияның атқарып жатқан жұмыстарының бізге көрініп тұрғандарына келер болсақ, ұлттық құрама үшін бірнеше база пайдалануға берілді. Бірі – тауда, таза ауада (Ақбұлақта), екіншісі Астанада салынды. Үлкен, қолайлы, жататын орындары да бар. Ал Алматының іргесіндегі Бәйтерек ауылындағы спорт база 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны да қайтадан жабдықтап, кем-кетігін түзеп, жайнатып қойды. Ұлттық құрама өз «сорпасында» қайнай бермес үшін шетелдіктермен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу де жиіледі. Мәселен, былтыр екі рет боксшылары қарулы Ресей құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Содан соң Англияда төрт елдің ұлттық құрамасы бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, өзара кішігірім турнир ұйымдстырдық та. Тұманды Альбиондағы жаттығу жиынында Қытай, Англия және Франция боксшыларымен бірге жаттығып, тәжірибе алмастық. Бір сөзбен айтқанда, ел намысын абыроймен қорғау үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Боксты жетілдіре түсу тек қана республикалық деңгейде емес, барлық аймақта зор ілтипатпен қолға алынуда. Мысалы, боксшыларымыз өз облыстарынан айлық алады, сыйақы алады. Қаржылай ынталандыру мәселесі жақсы жолға қойылған. Аймақтарда көптеген бокс залы ашылып жатыр. Олардың бәрі қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Жалпы, мен бүгінгі таңда «ақша жоқ, қаржы жоқ» дейтін мамандарды түсіне алмаймын. Дәл қазір бізде, Қазақстанда, ақша, қаражат жағы проблема емес деп ойлаймын. Бізге Ұлттық бокс федерациясы қолынан келген барлық жағдайды жасауда, демеп-жебеп отыр. ҚР Туризм және спорт министрлігі де көмегін аяп отырған жоқ, қолдап, көмектесіп отыр. Түптеп келгенде, мұның бәрі – Елбасының саясаты. Нұрсұлтан Әбішұлы «жаны саудың тәні сау» деп, халқымыздың 30 пайызы спортпен айналысу керектігін алдымызға мұрат қылып қойды.
– Осы қысқа уақыт ішінде өзіңіз өзгердіңіз бе? Жаңа қызмет жаныңызды жұмсарты ма, әлде қатайтты ма? Қанша дегенмен ысыла түсіп, жадыңызға біраз ой түйген боларсыз?
– Бұл қызметке дейін де ұлттық құрама сапында төрт жыл қызмет еткенмін. Сондай-ақ тоғыз жыл Оңтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы болдым. Бірақ мұның бәрі бір бөлек те, ұлттық құраманың бас бапкері болу мүлде басқа. Жауапкершілік жүгі тым ауыр. Сондықтан қатайғаннан бұрын пісіп жатырмыз. Тәжірибе жинақтап, ысыла түсудемін. Басқа елдердің боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізгенде, олардың бапкерлерінің артықшылықтары мен үлгі тұтуға болатын жақтарын өзіме сіңіруге тырысамын. Халықаралық ірі додалар кезінде де білікті бапкерлерден үйренуге болатын қасиеттерін қалт жібермей, айналама зейін қоя қарап отырамын. Негізінен, Ескендір Хасанов, Әбдісалан Нұрмаханов сынды ағаларымнан үлгі алуға тырыстым. Юрий Цхай сынды білікті бапкерден де көп нәрсе үйренуге ден қойдым. Айналамдағы бапкерлерден де үйренуді жөн көремін. Құрама сапындағы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты дайындаған Нұрлан Ақүрпеков сынды замандасымның, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевті тәрбиелеген Александр Стрельников секілді білікті бапкердің, сондай-ақ Нұрғали Сафиуллин сияқты ағамыздың жақсы жақтарын бойыма сіңіруге ықыластымын.
– Қазір АИБА құрамында бірнеше өкіліміз бар. Бұрынғыдай емес, «ағасы бардың жағасы бар» деп қоқилана аламыз. Халықаралық бокс федерациясында өз отандастарымыздың болуы сіздерге қалай әсер етуде?
– Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев қазір АИБА-мен қарым-қатынасты жақсартуға күш салуда. Мен федерация президентінің бұл саясаты дұрыс деп ойлаймын. Бірақ біз АИБА-дағы ағаларымызды арқаланып еркінсуден аулақпыз. Әрине, бұл – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Алайда әркімнің өз мақсаты, өз жұмысы бар. Біздің мақсатымыз – ел намысын қорғау. Өзіміздің шеберлігімізді шаршы алаңда дәлелдеу. Сондықтан «енді жеңісті АИБА-дағы ағаларымыз тартып әпереді» деп арқаны кеңге салуға құқымыз жоқ. Жігіттерді де солай тәрбиелеп жатырмыз. Таза жеңуіміз керек, адал болуымыз қажет. Бізге тек ешкім көпе-көрнеу қиянат жасамаса болды. АИБА-дағы өкілдеріміз өзгелерге осы жағынан сес болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тұрғыда дәл қазір көптеген ел біздің боксмыздың даму қарқынын көріп отыр. АИБА-да біздің елдің абыройы өсіп келеді. Өз кезегімізде біз де боксымыздың қайтадан қарқын алып, деңгейі өсіп келе жатқандығын шаршы алаңда дәлелдеуіміз керек. Бүгінде жігіттердің аяқ алыстары жаман емес. Әр салмақта бір-біріне бергісіз кемінде үш-төрт боксшымыз бар. Яғни әр салмақтағы бәсекелестік күшейді.
– Қазақ боксының қарқынды түрде дамуына тұсау болып келген бір өзекті мәселе бар еді. Ол – жершілдік. Әр облыс өз боксшысын, әр бапкер өз шәкіртін құрама сапына тықпалайтын. Кежегеміздің кері тартуына себеп болған сол кесел сылынып тасталды ма?
– Мен де боксшы болғанмын. Олимпиада ойындары мен әлем чемионаттарында өнер көрсетпесем де, КСРО чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде бақ сынағанмын. Сонда небір мықтылармен айқасқанмын. Олардың арасында Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері де болды. Сонда сіз айтып отырған әлгі мәселенің талайын көрдім. Қазіргі біздің ұлттық құрама сапындағы бапкерлердің алға қойған мақсаттарының бірі мен негізгі ұстанымы – осыған жол бермеу. Дәл қазір ұлттық құрама сапында ұлтшылдық, жершілдік, рушылдық жоқ. Біз қазір тек нағыз мықтыға көңіл бөлеміз. Кім ұятқа қалдырмай, еліміздің намысын абыроймен қорғай алады, соны таңдаймыз. Мысалы, XVI жазғы Азия ойындарына тек үздіктерді апардық. Ал «үздік, мықты» деп кімдерді айтамыз? Қазақстан чемпионы болған боксшылардың бәрін «нағыз мықты» деп айта алмаймыз. Себебі олардың арасында үйде (өз елімізде) тәп-тәуір айқасқанымен, шетелдік аренада көсіле алмайтындары бар. Сондықтан құрама сапына алынған боксшылардың бәрін халықаралық турнирлерде мейлінше сынап көреміз. Сол сынақтан өткендерін маңызды додаларға апарамыз. Мысалы, былтыр XVI жазғы Азия ойындарына Қазақстан чемпионы болған төрт боксшыны апарған жоқпыз. Биыл да ел біріншілігінде көзге түскен жігіттерді іріктеп алып, наурыз айынан бастап бәрін де шетелдердегі турнирлерде сынап жатырмыз. Әр салмақта кемі үш боксшыдан бар. Сондықтан Қазақстан чемпионы болған жігіттерімізді «нөмірі бірінші боксшымыз» деп айтпаймын. Әлем чемпионатына нағыз мықтылар ғана барады.
– Ал мынадай жағдайдың болуы мүмкін бе? Бір боксшы «ағасының немесе жағасының» арқасында Қазақстан чемпионы болуы мүмкін. Бірақ ондай боксшыны сіздер құрама сапына алмайсыздар.
– Ондай жағдайлар былтыр және басқа жылдары да болған. Бірақ биыл ешкім де олай Қазақстан чемпионы болған жоқ. Рас, кейбір жекпе-жектерде кайсыбір боксшыларымыз бір ұпай айырмасымен ұтылып қалып, көпшілікті таңғалдырды. Алайда олардың бұл жеңілістерінің төркіні – спорттық бабына келе алмауында. Кейбіреулері тынығып үлгермеді. Баз біреулерін былтырғы маңызды додалар титықтатты. Олардың бәрін алдағы халықаралық сындар көрсетеді. Кімнің кім екенін айқындап береді әлі.
– Көптен бері айтылып жүрген енді бір мәселе – ізбасарлар дайындау ісінің көңілдегідей болмауы. Жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған таланттқа зәру болып барамыз. Сонда шынымен-ақ жастар құрамасы ұлтық құрама сапына ізбасарлар дайындап бере алмай жүр ме?
– Иә, бұл – біздің қазіргі таңдағы күрмеуі күрделі түйініміздің бірі. Бірнеше жыл болды, жастар арасынан әлем чемпионы шықпай келеді. Бірақ күміс және қола жүлдегерлер бар. Бұл да – нәтиже. Сондықтан құрама сапын жастармен толықтыра алмай отырмыз деп айта алмаймын. Былтыр құрама сапына бір-екі жасты қостық. Биыл да екі-үш жігітке көзіміз түсті. Құрама сапына алып, шеберлігін шыңдап жатырмыз. Былтыр жастар құрамасынан ұлттық құрамаға өткен бір жігітіміз үмітті ақтады. Қазақ боксында жаңа есім пайда болды. Ол – Данияр Елеусінов. Ересектер арасындағы құрамаға былтыр ғана қосылып, Қазақстан чемпионы атанды. Екі-үш халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, 19 жасында XVI жазғы Азия ойындарында алтынмен апталды.
– АИБА жаңа жобамен WSB жекпе-жектерін өткізе бастады. Осы жоба аясында үздік шыққан боксшылар Олимпиада ойындарына бармақ. Бұл құрама сапындағы боксшыларға әсер етіп жүрген жоқ па? Осы жобаның садарынан құрама сапындағы боксшыларымыздың қайсыбіреуі Лондон Олимпиадасына бара алмай қалып жүрмей ме?
– Түпкілікті шешілген ештеңе жоқ десе де болады. Қалай боларын уақыт көрсетеді. Себебі дөп басып айта алмайтын тұстары, шеті ғана қылтиып тұрған шиеленісті мәселелері көп. Қарама-қайшы тұстары да баршылық. Онда боксшылар бес раундтан айқасады, ал лицензиялық шешуші жекпе-жектерде жеті раундтан жұдырықтасатын көрінеді. Ал Олимпиада ойындарындағы жекпе-жектер үш раундтан тұрады. Ендігі бір мәселе, WSB аясындағы айқастардағы салмақ дәрежелері Олимпиада ойындарындағы салмақ дәрежелерімен сәйкес емес. Мәселен, 73 келі салмақ дәрежесінде біздің көпшілікке танымал екі боксшымыз өнер көрсетті. Солардың бірі Олимпиада жолдамасын иеленсе, олар Лондонда қай салмақта сынға түсетіндігін таңдауы тиіс еді. «69 келі» деп қалса, онда Серік Сәпиев бастаған бірнеше саңлағымыз бар. Мен мұны жай ғана мысал ретінде айтып отырмын. Осындай түсініксіз тұстары бар екендігін ашу үшін. Негізі, WSB-ның жекелей сындағы финалына Қ.Әбутәліпов пен Е.Мусафиров шықты ғой. Егер олар жеңіске жетсе, көреміз... Мұның бәрі ақылдасуды қажет етеді. Бәрін де ринг шешеді. Бұл жобаның қаншалықты дұрыс және бұрыс болғандығы Олимпиада жолдамалары сарапқа салынып біткен соң белгілі болады. Сондықтан әліптің артын бағу керек.
– Осы жаңа жоба аясындағы жекпе-жектерде жаңа өзіңіз меңзеп өткен Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Сіләм өнер көрсетті. Олар әлгі кәсіпқой бокс додасы арқылы Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады. Енді ұлттық құрама сапына қосылып, лицензия үшін халықаралық турнирлерге қатысқысы келсе ше?
– Ешкімді де кеудесінен итермейміз. Олар құрамаға келуге ниет білдірсе, есігіміз ашық. «Сен кәсіпқой бокс сериясында айқасып, бағыңды сынадың, жолдамаға қол жеткізе алмадың, енді болды» демейміз. Екеуі де – құрамаға керек боксшылар. Еліміздің мүддесі үшін тәжірибелі боксшылардан бас тартпаймыз. Бірақ бәрін ринг шешеді. Сәрсекбаев 69 келіге келсе, ондағы бәсекелестік одан әрмен қыза түседі. Бұл салмақта қазірдің өзінде бір-бірімен тайталасып жүрген үш боксшымыз бар. Олар – Сәпиев, Сыбаев және Өмірзақов. Осы жігіттермен айқасады. Бақ шаба ма, бап шаба ма, көреміз. Ал Қанат Сіләм 75 келі салмақ дәрежесіне келсе, бәсекелестік күшейер еді. Алайда Қанат Сәлім жақында ғана азаматтығын ауыстырды. Ал АИВА-ның қатаң талабы бар. Қазақстанның азаматтығын алған соң, оған бірден біздің намысымызды қорғауға рұқсат беріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Осы мәселе шешілсе, Қанат – бізге керек боксшы, қажет саңлақ.
– Қазіргі ұлттық құрама сапындағы боксшылардың қайсысын бөле-жара атайсыз? Кімді теңдессіз лидер санайсыз?
– Ешкімді де бөле-жара мақтағым келмейді. Бірақ тәжірибесі мол, үлкен сенім артамыз деп Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев, Иван Дычко, Данабек Сужанов, Ғани Жайлауов, Василий Левит секілді жігіттіремізді атап өтуге болады.
– Ауыр салмақтағы Жан Кособуцкий туралы алыпқашпа сөздер көп. Өзі тұрмақ, әкесі де баласының ұлттық құрама сапына алынбай жүргеніне наразы сияқты.
– Кособуцкийдің дауы көп, жұмысы жоқ қой. «Тентекті тентек десең, бөркі қазандай болады» дейді данышпан халқымыз. «Ой, оның күші көп екен, ол сондай екен» дегенге ол да марқайып алғандай. Негізі, алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Қазақстан чемпионатын теледидардан көріп жүрсіздер. Сонда Кособуцкийдің қалай айқасатындығын көрген де боларсыздар. Итермелеп, шынтақпен және баспен ұрып күрескеннен басқа боксын көрген емеспін. Былтыр «Азия ойындарына мені апармады» деп өзі де, әкесі де маған деген және ұлттық құраманың бапкерлері құрамына деген өкпесін баспасөз құралдары арқылы білдірді. Айтарым, тәртібі жақсы емес. Жаттығу жұмыстарында шүмектетіп тер төкпейді. Жаттығуға келмейді, қандай да бір турнирлерге қоссаң, бармайды. Ондай спортшыны біз қалай ұлттық құрама сапында ұстаймыз? Биыл ел чемпионатында үшінші орын алды. Жүлдеге ілікті деп, ұлттық құраманың бірінші оқу-жаттығу жиынына шақырдық. Бірақ бұл жолы да жиынға келмеді. Енді біз оған жалынамыз ба? Бізге жалқау боксшы мүлдем керек емес. Өйткені ол басқа боксшыларға кері әсерін тигізеді.
– Өзіңіздің төл шәкіртіңіз Біржан Жақыпов жайлы не айтасыз? Әлемде бір-ақ боксшыдан ғана ұтылатын шығар. Ол – Қытай қыраны Зоу Шимин. Әйтсе де бағы жанар емес.
– Кейбір жігіттердің жолы ауыр болады. Біржан да – сондай жолы ауыр спортшылардың бірі. Әйтсе де ештеңеден қайтпай тер төгіп жүр. Мен осындай алған бетінен қайтпай, ерінбей еңбек етіп жүрген адам түбінде өзінің ойлаған мақсатына жетеді деп есептеймін. Түбінде не Олимпиада ойындарының, не әлем чемпионатының жүлдесін алады деген ойдамын. Оған тәжірибесі де жетеді. Мүмкіндігі де бар. Ең жеңіл салмақтағы боксшылардың бәріне тән бір проблема бар. Ол – салмақ қуу. Кем дегенде алты-жеті келі салмақ қуып әбігерге түседі. Ал Біржанның өзгелерден басты артықшылығы – ол салмақ қумайды. 48 келі – оның табиғи салмағы. Тек психологиялық тұрғыда дайындау керек. Психологиялық дегенге қорқақ екен деп қалмаңыз. Қорқақ жігіт рингке шықпайды. Ашығын айтқанда, Біржан момындау. Кішкене ширау керек. Өткірлігі, менмендігі жетпей жатыр. Өз кезегімізде тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әйтпесе осы салмақтағы әлемнің үздік боксшыларының бірі. Миланда әлем чемпионы болған маңғол жігітін де ұтты. Басқа да жүлдегерлерді ұтып жүр.
– Жалпы, құрамадағы жігіттердің бағын ашып, мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына қамшы болу үшін бапкерлер құрамына жан-жақты болу керек шығар?
– Әрине. Бапкер деген – әке де, шеше де, кейде аға да боламыз. Керек болса, массажшы да, психолог та боламыз. Әркіммен әртүрлі сөйлесеміз. Біреуін айналамыз. Енді біреулерін алдаймыз. Қайсыбіреуінің намысын жанып, қайраймыз. Тіпті кейбіреуіне ұрсамыз да.