Біз ата-бабамыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінімізді қалпына келтіруіміз керек

Біз ата-бабамыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінімізді қалпына келтіруіміз керек

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

– Смағұл аға, сіздің соңғы жаз­ған кітабыңыз «Қиямет-қайым ғасы­рын» оқығанда кәдімгідей тол­қып, үлкен ойға қалдық. Себебі сіз онда діни наным-сенім, түрлі за­маналар жайлы, айналада болып жатқан құбылыстар туралы сараптап, адамзатты тәубесіне келуге шақырыпсыз. Әсіресе Ф.Ницщенің ХІХ ғасырда «Құдай өлді» дегені­не ХХ ғасырда әйгілі жазушы Достоев­скийдің «ХІХ ғасырда Құдай өлсе, онда ХХ ғасырда Адам өлді» деге­ні саналы жанның ойланбасына қой­майды. Қай заманда да өз тұ­сына баға берген ойшылдар табылады. Осы тұста сіз бүгін біз өмір сү­ріп жат­қан мына ғасырға қандай тұ­жы­рым жасап, қандай баға берер едіңіз?
– Өзі өмір сүретін қоғам мен заман жайлы ойланбайтын ойлы адам болуы мүмкін емес. Кез келген ойлы адам осы екі ұғыммен қатар, сол заманда өмір сүріп жатқан ұрпағының болашағы туралы ойлары анық. Тілге тиек болып отырған «Қия­мет-қайым ғасыры» – сондай ойдан туған еңбек, яғни менің тек қана жазушы емес, өз заманымыз туралы, дініміз туралы ой толғауым еді. Бір жағынан, онтология, яғни Құдайтану, екінші жағынан, теология – дінтану, сондай-ақ бұл – эссе, яки ой. Жоғарыдан келген бұйрық болар, осы кітапты жазу үстіндегі келген ойлар ақ қағазға тізбектеле берді. Енді қазіргі заманға келер болсақ, шынында да, біз өмір сүріп отырған ғасыр бұл – жай ғасыр емес, жалпы адамзаттың тарих алдында есеп беретін, қорытынды шығаратын ғасыры. Егерде ол қорытынды шығара алмаса, бұл ақыры қиынға апарып соғатын қиын ғасыр болу қаупі бар. Өйткені қасиет­ті Құран Кәрімде және оған дейінгі киелі кітаптарда да айтылған заманақыр жайлы болжамдардың көптеген белгілері біздің көз алдымызда көлбеңдеп жүр деп айту­ға негіз бар. Ең қиыны – адамдардың ниеті өзгеріп, құндылыққа деген көзқарасы өзгеріп, адамдар құнығып кетті. Бұл құбы­лыс қайдан, қалай өрбіді дер болсақ, түп-тамырын сонау XVI ғасырдан табатындаймыз. Себебі сол тұстан бастап Батыс әле­мінде империализм дүниеге келе бастады. Негізі, қандай да болсын өркениет өз бастауын қару шығарудан алады. Бертін келе, адамзат сол қаруды су жолымен, басқа да шалғай жолдармен жеткізетін кеме, пойыз сияқты көлік түрлерін ойлап тапты. Сол бағытта кей елдердің араны ашылып, өздерінен әлсіздеу елдерді жаулап алуға кірісті. Мұны империализмнің әлемге ауыз салуы деуге болады. Сол орта ғасырларда Батыста адамзатты көп нәрсе­ден шектеп, ауыздықтап отырған дін еді, яғни Христиан діні сонау 16-18 ғасырларда империализмге тұсау салуға тырысты. Неге? Себебі империализм өз мақсатына жету жолында жаулап алу, тонау, қан төгу, зорлық-зомбылықтан да тайынбай, аяқ алып бара жатыр еді. Өкініштісі, осы қоғам өз жолына кедергі болған дінді әлсіретуге көшті ғой. Капитал өмірге келісімен, барлық күш идеологиялық қару, барлығы да соның жағына шығып кетті де, дінге бұл ауыр соққы болды. Мұндай процестер Батыстың барлық елінде тегіс жүріп жатты. Нәтиже­сінде сонау Ньютон, оның бергі жағындағы Дарвин, жалпы ғылымда ашылып жатқан әрбір үлкен жаңалық «Құдай жоқ» деген қағиданың құралына айналды. Сол жолға қызмет етіп, бұқараны атеизмге ертіп әке­туге барын салды. Буржуазия оған мәз болып, қол соғып отырды. Мінекей, Дарвин эволюциясы осы қолдау-қуаттаудың ар­қа­сында дүниеге келген еді. Капитал сөз­сіз оған барынша демеу жасап, оның әлем­ді шарлауына жағдай жасады. Күшей­ген эволюция болса, Құдайдың «тағды­рына» нүкте қойды. Мына қызыққа қара­ңыз, бүкіл Батыс буржуазиясы өздерін көзі ашық, көкірегі ояу қауымнан санай отырып, адамның, яғни өз тегінің маймылдан шыққанына сенді сонда. Солайша «Құдай мәселесін» шешті. Сондықтан да сол ХІХ ғасырдың ойшылы Фридрих Ницше «Құ­дай өлді, оны біз өлтірдік» деп әлемге жар салды. Оны естіген Федор Достоевский «ХІХ ғасырда Құдай өлсе, онда ХХ ғасырда адам ойына келгенді жасай беретін болды ғой» деп өзінің адами биік ойын қорықпай айтып салды. Ұлы жазушының айтқаны келді, шынында, Құдай «өлгеннен» кейін, адам азғындау жолына түсті. Ницшенің философиялық ілімін Гитлер іліп әкетті де, қолынан келгенше адамзатты қырып-жо­йып, жер бетін қанға бояды. Миллион­даған адам фашизмнің құрбаны болды. Осыдан кейін ХХ ғасыр құдайсыздар ға­сы­ры болды деуге әбден негіз бар. Жер ша­ры­ның жартысын социализм жайлады. Олардың негізгі мақсаты сол – Құдайға сене­тіндердің көзін жойып, атеистерді алға ұмтылдыру болғаны өздеріңізге аян. Сол мақсатқа жетті, оның зардабын сіз бен біздің ата-бабамыз да тартып, тіпті бүгінге дейін салқыны сезіліп қалады. Дінсіздік пен иманнан ажыраудың зардабын қазақ тартудай-ақ тартты: бізге үлгі көрсетіп, бата беруге тиіс қарияларымыз арақ ішіп, той-томалақ қууға айналды. Мінекей, осындай шындықты, осындай сұмдықты көрген буыннан қалған біздер осы жағын көптен ойландық.
– Көптен ойландық дейсіз, ал енді осы сөзіңізге қарап жұрт көке­йінде «егер көптен ойланса, онда неге бұрынырақ жазбады, бүгін­гідей ата салттың сақалына жармасып, марқұмдардың зиратын қира­татын ұрпақ, бәлкім, сонда тумас па еді?» деген ой тууы заңды ғой?
– Көргенімізді, байқағанымызды қай­тейік, негіз болмай, сүйенетін дерек болмай біз ештеңе айтып, жаза алмайтын едік қой. Сондықтан көзіміз ашық болғанымен – соқыр, құлағымыз болғанымен – керең, ті­лі­міз болғанымен мылқаудың күйін кешуге мәжбүр болдық. Себебі Кеңес үкіметі күйреп, темір торлары құламай, біздің қолымыз әлемдік философияға жетпеді. Терең ойлы ғұламалар еңбегі, Құран секілді ұлы кітаптарды оқуға тыйым салынған еді. Тәуелсіздік ұрпағы, бәлкім, бізді түсін­бес, себебі біздің көргенімізді, бақыттарына орай, олар көрген жоқ. Олар еркін, олар тыйым дегенді білмейді. Шүкір, Тәуелсіз­діктің келуі ақпаратқа жол ашты ғой. Бұрын тыйым салынған талай-талай туындылар авторлары ақталып, арамызға оралды. Нә­ти­жесінде біз қазіргі заман, қазіргі қо­ғамға осындай ой айта алатын дәрежеге жет­тік. Осы тұста айта кетуге тиіспіз. 1991 жылы егемен ел болғанда екі бірдей үлкен тарихи жаңалық болды. Оның бірі – жақ­сы, екіншісі... Жақсысы – Тәуелсіз ел болып, отарлық бұғаудан құтылсақ, ал жаманы – өзіміз білмей, сезбей, асау толқынға күмп бергендей болдық. Сол жолда біз көп­теген қиындықтарға ұшырастық. Капитал «Құдай» болып есептелетін сол асау ағысқа түскен Батыс елдерінің күйін қазір көріп отырсыздар: әр елінде дағдарыс, ақшаға табынған Батыс әлемі Жаратушысын «өлтіріп», орнына, таққа ақшаны отыр­ғызды. Сөйткен капиталистік жүйенің жер бетінде бүгін үлкен дағдарысы басталды. Себебі ол «таққа отырғызған» ақша адам­затқа бақыт алып келмеді. Тығырық пен дағдарыстың бар мәнісі – осында. Өкінішке қарай, адамзат әлі күнге дейін капитализмнен басқа дамудың жолын ойлап тапқан жоқ, әзір. Бірақ соған қара­мастан иманды қоғам құрсақ деген арман бар бізде. Ол Алаш арманы еді. Еркін нарық қала беруі керек, әрине, бірақ иманды нарық болса. Сол сияқты капиталистік қоғамға да ешкім қарсы болмас еді, егер ол имандылыққа иек артқан, халыққа жұмыс істейтін адал капитал болса. Ол халықтың негізгі бөлігін сорлататын капитал болмауға тиіс қой. Өкінішке қарай, біз ондай капиталды көп­теген елдер тәжіри­бесінен көріп те жүрміз. Мәселен, Араб ел­дерінде пирамиданың ұшар басындағы бай-шонжарлар одан са­йын дәулеті тасып, ал қалың бұқара болса бақытсыз күйге түсуде, әрине, әлеуметтік тұрғыда. Қазір ол елдерде болып жатқан алапат соғыстар соның нәтижесі деуге әб­ден негіз бар. Сондықтан да біз, Қазақстан на­рықтың мұндай дағдарысқа апарып соқтыратын емес, иманды жолын тапса екен деген ниетпен осындай еңбек жазып отырмыз.
– Қазақ – ешқашан иманынан ажы­рамаған халық. Сөйте тұра, біз қазақты діндар болды дей аламыз ба? Қазіргі біздің халқымыздың сенімі, соған сай өзін-өзі ұстауына, сенімін сырт пішінімен көрсету құ­бы­лысына қандай баға берер едіңіз?
– Жуырда ғана мен Египетте болып келдім. Сонда сол Каирдің өзінде қыз-келіншектердің еш тұмшаланбай-ақ, заманауи киіммен жүргенін көрдім. Бет-аузына дейін бүркеп немесе қап-қара киініп жүр­гендер ол жақта жоқтың қасы. Ал енді көрші Араб елінде жағдай тіпті басқа. Олардың киімі де, Исламға деген құлқы да өзгеше. Мінекей, сол тәрізді сенім, иман, дінді ұстану деген де әр елдің тарихи менталитетіне, салт-дәстүріне сай енуі керек, меніңше. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрім­де де айтылған, яғни дінді тым асыра сілтеп, фанат дәрежесінде ұстанудан сақ болуды ескертеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ха­дистерінде де айтылады. Негізінде, қазақ – иманды жүрегіне терең ұя­лат­қан халық. Алайда қазақ ешқашанда дінге байланысты киімін өзгертпеген, өзінің ұлттық киімінде қалған. Себебі біздің ұлт­тық киіміміз шариғатта айтылған шарттарға қайшы келмейді. Сосын тағы бір айтарлығы халқымыз ешқашан діни фанат болмаған. Бірақ қазір тіпті ел-жұрты қалаға көшіп, қаңырап қалған ауылдарға барсаңыз да, әлі күнге дейін сақталған көне мешіттерді көреміз. Яғни бұл – ауылдарда мешіт болды, оның имамы, молдалары болды, сон­дық­тан ауыл діни сауатты болды дегеннің дә­ле­лі. Тіпті біздің Ахаң, Ахмет Байтұрсынов жасап шыққан төл әліпбиіміздің араб графикасы негізінде әзірленген төте жазуда болуының өзі діни сауаттылығымыздың бұлтартпас дәлелі еді. Cөзсіз, біз мұсыл­мандықты жүрекпен қабылдаған халық­пыз, бірақ біз дінді қазақтың, түркілердің менталитетіне, даланың ерекшелігіне байланысты ұстандық, ешбір жерінен болмысымызбен қайшылық туған жоқ.
– Ал енді осы тұста сөзіңізді бөлейін, «қазақ тәңірлік дінді ұстанды, шаман болды» дейтіндер де табылып жүр. Оған дәлел ретінде ел ішінде сақталған кейбір, айталық, отқа май құю, Айға сәлем салу секілді салттарды алға тартады. Сол секілді қазақтың біртуар тұл­ғасы, ғажайып дарын иесі Шоқан Уә­лихановтың «Қазақтардағы ша­ман­дық­тың қалдығы» атты ғылыми моно­графиясы да бар. Осыған не дер едіңіз?
– Рас, әр ауылда бақсылар болды, тіпті әлі күнге дейін бақсылық сақталған. Олардың қоғамдағы орны қандай? Не үшін бақсылық феномені жойылмай келеді? Себебі оның ел ішінде атқаратын өз функциясы бар, ол емшілік қызмет атқа­рады. Шынына келер болсақ, бақсылардың сырт кейпі шамандыққа тартқанымен, ішкі мазмұны жағынан мұсылмандыққа жақын жандар еді. Себебі олар Алладан берілген емшілік қасиетін адамдарға беру арқылы Алладан ауруға шипа тілеген. Ал енді қазіргі кезде біз ата-бабамыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінімізді қалпына келтіруіміз керек. Себебі дәс­түрлі дінімізде ешқандай терроризмге, вандализмге орын жоқ. Қазақта ешқашан бір атаның балалары бір-біріне оқ атпаған. Қазақ «мұсылмандық әсте-әсте» деп текке айтпаған. Бұл – нағыз фанатизмге қарсы тойтарыс беретін тәрбие. Ал қазақтың аузынан Алласы еш уақытта түспеген. Дін бөлшектенудің, іріткі салудың емес, ұлттық тұтастықтың факторы болған. Даладағы жалғыз дін Ислам болды, басқа ешқандай дінді біздің халқымыз қабылдаған жоқ. Біз сол қалыпқа, яғни діни тұтастыққа қайта келуіміз керек.
– Кеңестік заманның қазаққа әкелген үлкен бір қасіреті – Құдай­сыздандырғаны. Ал енді Тәуелсіз­діктің ең үлкен сыйы десек те болар, қазақты қайта Құдаймен қа­уыш­тырды. Бірақ діни бостандықты да дұрыс түсінбеуден біз неше ағ­ым­­ға бөлініп, тіпті бір отбасының мү­шелері әртүрлі сенім жетегінде кетіп, дастарқан басында бірге та­мақтана алмайтын халге жеткен де жайымыз бар. Басқа секталарды айт­пағанның өзінде, мұсылман де­гендердің өз ішінде де қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарушылар табылып жүр...
– Мен, міне, соған қарсымын. Батыста түркі өркениеті деген ұғым бар. Біз сол өз өркениеті бар үлкен түркі жұртының бір бөлшегіміз. Сондықтан да біздің бүкіл бол­мысымызға сіңген ұлттық салт-дәстүрді ысырып тастауға болмайды. Жалпы, қазақ ғұрпындағы ата-баба мазарын құрметтеу, қайтыс болғандарға Құран бағыштау ша­ри­ғатқа қайшы нәрселер емес. Намаз оқы­ғанда да соңында ата-баба аруағына арнап дұға ету бар ғой. Құран хатым қылу – ешқандай да Аллаға серік қосу емес, аруақты сыйлау. Сол секілді ата сыйлау, ана сыйлау дегеннің өзі иманның ең бірінші шарттары, «жұмақтың кілтін ана табаны­ның астынан іздеңдер» дейді Пайғамба­рымыз өз хадистерінде. Ал қазіргідей қы­рық пышақ болып жатқандығымыз ол әртүрлі діни білім алғандықтан деп ойлаймын. 90-жылдары біздің білім іздеп шетелге кеткен жастарымыздың дені жақсы білім алып келді, әсіресе Түркияға барған­дар дер едім мен. Ал енді біздің Шығысы­мыздағы дамымай қалған Ислам мемлекеттеріне барып білім алған жастардың кейбіреулері сол экстремистік үгіт-наси­хаттың жетегіне өзінің қалай еріп кеткенін де білмей қалды. Еліміздің әр шетінде өзін-өзі қопарып жүрген балалар көзі ашыл­май, санасына таза білімнің емес, арам­за пиғылдағы үгіт-насихаттың уы егіл­гендер. Олардың миын улаған, екінші жа­ғынан, үлкен қаржымен олардың аяқ-қолын байлаған. Олардың көбі шетте жү­ріп, үйінен қаржылай көмек ала алмай, өзін-өзі асырау жолында әлгіндейлердің құрығына ілініп қалған кедейдің балалары деп топшылаймын өз басым. Шын мәнін­дегі ислами ілім берілсе, онда ол керісінше қоғамға барынша пайдасын тигізіп, адам атаулыға мейірімін төгер еді. Себебі біздің дініміздің негізі тек гуманизмнен тұрады. Сондай тереңдікке бармағандықтан да, ол балалар секталық дәрежедегі діни ағым­дардың құрбаны болып жатыр. Ол өте өкінішті жағдай.
– Мәселен, «мәдениет өлген жерде өркениет салтанат құрады» деген сөз бар, сіз осыған келісесіз бе?
– Өте дұрыс айтылған сөз, мен бұған толығымен келісемін. Расында, жаһан­дануды мәдени құбылысқа емес, өрке­ниетке балаймын өз басым. Ал сол жаһан­дануды, ұлттық мәдениеттерді өз екпінімен ұшырып, жойып кететін әлемдік дауыл деу­ге болады. Жаһанданған жұрт бір-бірінен аумайтын үйлер салуда. Мәселен, Токио мен Нью-Йорктен не айырмашылығы бар? Сол сияқты бір-бірінен аумайтын әдет-ғұрып, бір-бірінен аумайтын киім-кешек киіп, тура сондай кинофильмдер көреді. Сөйтеді де әр халық өзінің ұлттық келбетін жоғалтады. Ал жаһанданудың да көздегені – сол. Өйткені ол – өркениет, ал өркениетте ұлт­тық бет жоқ. Ұлттық бет тек қана мәде­ниет­те ғана бар.

Алашқа айтар датым...
Сенім, иман, дінді ұстану деген де әр елдің тарихи менталитетіне, салт-дәстүріне сай енуі керек, меніңше. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде де айтылған, яғни дінді тым асыра сілтеп, фанат дәрежесінде ұстанудан сақ болуды ескертеді. Негізінде қазақ – иманды жүрегіне терең ұялатқан халық. Алайда қазақ ешқашанда дінге байланысты киімін өзгертпеген, өзінің ұлттық киімінде қалған. Себебі біздің ұлттық киіміміз шариғатта айтылған шарттарға қайшы келмейді. Сосын тағы бір айтарлығы – халқымыз ешқашан діни фанат болмаған. Бірақ қазір тіпті ел-жұрты қалаға көшіп, қаңырап қалған ауылдарға барсаңыз да, әлі күнге дейін сақталған көне мешіттерді көреміз. Яғни бұл – ауылдарда мешіт болды, оның имамы, молдалары болды, сондықтан ауыл діни сауатты болды дегеннің дәлелі. Тіпті біздің Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы жасап шыққан төл әліпбиіміздің араб графикасы негізінде әзірленген төте жазуда болуының өзі діни сауаттылығымыздың бұлтартпас дәлелі еді. Cөзсіз, біз мұсылмандықты жүрекпен қабылдаған халықпыз, бірақ біз дінді қазақтың, түркілердің менталитетіне, даланың ерекшелігіне байланысты ұстандық, ешбір жерінен болмысымызбен қайшылық туған жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста