Біз әлі де болса көз ауруына қара көзілдіріктің арғы жағынан қарап отырмыз

Біз әлі де болса көз ауруына қара көзілдіріктің арғы жағынан қарап отырмыз

Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА, ҚР Бас офтальмологі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Қазір – компьютерлік ғасыр. Бү­гін­гі заманды компьютерсіз елестету мүм­кін емес. Үйде, мектепте, қызмет ор­нында адамдар компьютермен жұ­мыс істейді. Көз ауруының көбеюіне осы­ның әсері болуы мүмкін бе? Дерек­терге сүйенсек, тіпті жаңа туылған ба­ла­лардың арасында да көз аурулары жиі кездеседі екен. Мұның себебі неде?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегі бойынша, қазіргі таңда әлем­­де 45 миллионнан астам адамның көзі мүлдем көрмейді екен. Одан бөлек, 135 миллион адамның көздерінде түрлі ақаулар бар көрінеді. Ал Қазақстанға келе­тін болсақ, елімізде бір миллионнан астам адам түрлі көз ауруларына шалдыққан. Оның ішінде глаукома, яғни көз ауруының ең асқынған түрі, қазақы тілмен жеткізсек, жанардың мүлдем семуі — суқараңғы­лық­пен 37 мың адам тіркелген. Сондай-ақ 20 мың адам аталмыш сырқатпен мүгедектікке шыққан.
Енді балалар арасындағы көз аурулары­ның асқынуына келетін болсақ, ең бастысы, бұған көз ауруына жіті көңіл бөлмеуіміз себеп болып отыр. Оған бүгінгі күнде рес­публика мектептерінде көз дәрігері каби­нет­терінің жоқтығы – тікелей айғақ. Бүгінде республика мектептерінің 30 пайыздан ас­тамы ғана арнайы медицина­лық кабинет­пен жабдықталған. Бала жастан күтім көр­меген көз жас ұлғая келе тез сөне бастайды. Оның өзін де «ересек адамдар көзәй­нек киюі керек» деп жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар.
2008 жылы Денсаулық сақтау минис­трлігі Білім беру министрлігімен қосылып, №120 бұйрық шығарды. Осы бұйрық бойынша еліміздің мектептерінде жыл сайын балалар мен жасөспірімдердің көз­дерін тексеруге арналған онкүндіктер өтіп тұруы тиіс.
Екінші себебі – қазіргі уақытта көзге салмақ түсіретін жұмыстар көбейіп кетті. Әсіресе компьютер, ұялы телефон – көз ау­руларына апаратын бірден-бір жол. Бай­қасаңыз, ересек адамның өзі де компьютер алдында жарты сағаттан артық отырса, көзінің шаршағанын байқайды. Бұл соңғы кезде өте жиі кездесетін «компьютерлік синдром» немесе «құрғақ көз синдромын» туғызып отыр. Әрине, мұндай жағдай мио­пияға (жақыннан көрушілікке), тіпті кейбір кезде соқырлыққа алып келуі мүмкін.
Бүгінгі таңда алдымызда тағы бір күр­делі мәселе тұр. Салмағы аз, уақытынан бұрын өмірге келген нәрестелердің арасын­да өте ауыр ретинопатия жиі кездесуде. Қазір осы мәселеге байланысты біздің институт балаларды емдеуге бағытталған бағдарлама жасап жатыр.
– Қазір нарықтық кезең, яғни бәсе­ке­лестік заманы. Бүгінгі таңда Алматы қаласында бірнеше жетілген соңғы тех­нологиялармен жарақтанған жеке­меншік клиникалар ашылған. Олардың жұмысына деген сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Меніңше, Қазақстанда Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бә­се­кеге түсер орталық жоқ деп ойлаймын. Әрине, мұндай клиникада дәрігердің жұ­мыс орнында жайлы сезіну үшін жағ­дай­дың бәрі бар – жақсы жабдықтау, әде­мі кабинеттер, бірақ онда парасаттылық мүмкіндіктері жинақталмайды. 80 жылға аяқ басқан біздің институтта да дәрігерге керектің бәрі бар. Кейбір жеке клиникалар­дағы бір-екі офтальмологтердің өзі – біздің институттан шыққандар. Не десек те әрбір жеке клиникада коммерциялық мүд­де бірінші орынға қойылатыны шын­дық. Бұдан шығатын қорытынды: онда емге көнетін, жеңіл ауруларды ғана қабыл­дай­ды. Жеке клиникалар қабылдамаған аурулар біздің институтқа келеді. Ал институт сол жеке клиникалар қабылдама­ған ауру­лардың бәрін емдейді. Бұны баса айтып отырғаным – оларда нашар маман­дар жұ­мыс жасайды дегеннен емес, жеке кли­ника­да үлкен институттағы сияқты кли­ни­калық тәжірибесі мен интеллекті мол, ауқым­ды ақыл-ойлы мамандарды топтас­тыру мүмкін емес. Мысалы, Алматы­дағы жеке клиникаларда ең қымбат әрі офталь­мо­логияның болжалмайтын және оның күрделі бөлігі – витрео­рети­налдық хирур­гия жоқ. Науқас бір көзіне екіден сегіз ретке дейін ғана операция жасатуы мүмкін. Тіпті операция сәтті өтпесе де, әр операция үшін үш мың долларды (ресейлік мөлшер­мен) қағып алады. Жеке клиникада оф­таль­мо­логиялық хирургия­ның маржаны – ка­тарак­таны көп жасайды. Ал біздің инсти­тут солардың өте дарынды, тәжірибе­сі мол деген хирургтері қабыл­дамай, кері қай­тарған аурудың барлық түрін емдеуге ала­ды. Рас, бір кездері жеке клиникалармен салыстырғанда аппараттар­мен жаб­дықталу тұрғысында кейін қалған­быз. Ал қазір ең соңғы заманауи техника­лармен толық жарақтандық.
– Қазір медицина саласы қарыштап даму үстінде. Шетелдерден неше түрлі озық технологиялар алып жатырмыз. Тіпті ағза алмастыру мәселесі де жолға қойылып келе жатыр. Осы ретте елі­мізде көз алмасуының трансплан­тациясы қандай сатыда? Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мамандары көз алмасу транспланта­циясын жасай ала ма?
– Негізі, көз трансплантациясында то­лық мүшені емес, тек донор көздегі тінді ғана көшіріп отырғызады. Мәселен, көздегі мөлдір қабықтың ағаруы болғанда, донор­дың мөлдір қабығын алып алмастырады. Сондай-ақ көздің түбіндегі тор қабықта өзгеріс болғанда эмбрион тіні алынып, тор қабықтың астына енгізіледі. Өйткені эм­брион тінінде биологиялық активті зат­тар көп. Бұл әдістер ауруға әртүрлі емдер, дә­рі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады. Сондықтан бұл көзді емдеудегі ең соңғы әдіс болып табылады. Институтта көз трансплантациясы 1978 жыл­дан бастап қолға алынған. Қазіргі уақыт­та біздің институт – мөлдір қабықты ауыстыру отасын жасайтын Қазақстандағы жал­ғыз емдеу мекемесі. Бір жылдың ішінде осындай 100-ге тарта ота жасаймыз. Бірақ донорлық тіннің жетіспеушілігінен транс­плантацияның бұл түрін көп жасай алмай отырмыз. Сондықтан ең бірінші до­норлық тінді табуымыз керек, одан кейін ба­рып оны ауыстыру жолдарын жасаймыз.
– Жалпы, офтальмология саласында мамандар жетіспеушілігі көп айтылады. Әсіресе жастар арасында осы сала­ға қызығушылықтың азаюы неліктен деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе күн тәртібінен түспей-ақ келеді. Десек те, институт өз қызметкер­ле­рінің біліктілігін көтеруге көп көңіл бөліп, олардың алыс және жақын шетелдерде бі­лім­дерін шыңдауға жағдай туғызуда. Жас­тар­дың арасында бұл салаға қызығу­шылықтың азаюы байқалады. Оған ай­­­­­­­лық жала­қының аздығы да себеп болып отыр. Қа­зір­гі жастар аз айлыққа жұмыс істегісі кел­мейді. Соның салдарынан олар бизнес­ке т.б. түрлі салаларға кетіп жатыр. Сондық­тан осы салаға жастардың қы­зығушылығын арттыру үшін олардың әлеу­меттік жағдай­ларын көтерудің амалдарын қарастырғаны­мыз жөн.
Еліміздегі офтальмолог мамандарға кел­сек, бүгінде кадр жетіспеушілігі өткір мә­се­ле болып отыр. Қазір республика бо­йынша 1000 дәрігер-офтальмолог жұ­мыс жасағанымен, 160 ауданда небәрі 129 дә­рі­герден ғана келеді. Сондықтан да 10 мың тұрғынға қажетті 0,7 дәрігердің ор­ны­на, небәрі 0,2-ден айналуда. Әсіресе ба­лалар офтальмологінің тапшылығы ай­қын сезілуде. Егер Қазақстанда небәрі 167 балалар көз дәрігері болса, елді мекендерде тек алты маман ғана қызмет істейді.
Институтта кадр жетіспеушілігін төмен­дету үшін мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. Сондай-ақ резидентурада жас дәрігер-офтальмологтерді дайындайды. Мысалы, 2010 жылы 102 адам курстан өтіп, 3 рези­дент оқуын бітірген, ал 2011 жылы 268 дәрігер оқыған. Бір айта кетерлігі, институт С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың офтальмология кафедрасы мен Қазақстан медициналық универ­си­тетінің клиникалық базасы болып табылады.
Қазіргі уақытта қашықтықтан кеңес беру (телемедицина) жүйесі дамып келе жа­тыр. Әсіресе шалғай телемедицина жаб­дықтары мемлекетіміздің бүкіл облыс ор­талықтарында орналасқан, осы жүйе бойын­ша мамандандырылған кеңес беру мүм­кіндіктеріміз бар. Сонымен қатар ма­ман­дандырылған «Денсаулық», «Жәрдем» пойызына мүше болып қатысуды бастадық. «Асар-Береке» қоғамдық қорының жыл­жымалы ауруханасына анықтау және емдік шаралар өткізу жоспарымызда бар. Яғни оларға мамандандырылған офталь­мо­логиялық көмек көрсетіліп, көзі көр­мейтін және көру мүмкіншілігі төмен адамдар қатары азайып жатса, мемлекеттен жұм­салатын шығын мөлшері де азаяр еді. Де­генмен офтальмологиялық негізгі мәсе­лелер – мамандандырылған кабинеттердің (ба­ла­лардың көруін қорғау, перинаталдық ор­талықтарындағы шала туған ретино­патиясы бар нәрестелерге арналған, глау­комды, офтальмодиабеттік орталық­тар­дың) жеткіліксіздігі болып табылады.
– Қазақ көз аурулары ғылыми-зерт­теу институты тек емдеу мекемесі ғана емес, сондай-ақ бұл – ғылыми-тәжі­рибелік мекеме, республикадағы оф­тальмологиялық қызметтің басты орталығы. Соңғы жылдары аталмыш институтта қандай ғылыми жұмыстар атқарылып, қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Қазақ көз аурулары ҒЗИ еліміздегі байырғы ғылыми-практикалық орталық болып саналады. Соңғы жылдары инс­титутта көз ағзасында глаукома, витре­оре­тинальды патология, шала туылған нәрес­те­лердің ретинопатиясы, жастық макулярлы дегенерациясының алдын алу, зерттеу, емдеу ғылыми жұмыстары жүргізілуде. Мұн­дай науқастарды анықтау және емдеу үшін заманауи технологияларды пайда­ланып отырмыз. Институтта офтальмология диагностикасы мен емдеудің жаңа тәсілдері үздіксіз даму үстінде. Мәселен, институт бү­гінге дейін 170-тен астам авторлық куәлік, екі еуразиялық және екі халық­ара­лық патент алды. Ал қазіргі таңда инсти­туттың ғылыми және клиникалық құрамын 12 ғылым докторы, 24 ғылым кан­­­­­ди­даты мен 35 жоғары санаттағы дәрігерлер құрайды. Қазіргі заманғы медициналық жабдықтардың дүниежүзілік стандарттар деңгейінде зерттеулер мен емдеу жүргізуге көмегі зор.
Әлемдегі жоғары технологиялардың барын институтта қолдана отырып, өзіміз­дің де жаңа тәсілдерімізді (нанотехноло­гиялар, бастауыш және фетальды жасуша­лардың имплантациясы, бастауыш жа­­­­су­­­­­­ша­­­лары бар биожабынудың транс­плантациясы) енгізіп отырмыз. 2004 жылдан бастап институтта рефракциялық хирургия қолға алынған. Бір ерекшелігі, тек біздің елде ғана осы емдеу тәсілі ақысыз жүргі­зіледі (кепілдендірілген ақысыз медицина көмегінің көлемі бойынша) және 2011 жылы институтта әлемдегі қа­зіргі ең жетік фемтосекундтік лазер VisuMax арқылы рефракциялық ота жасалуда.
– Елімізде көз ауруларының саны жылдан-жылға артып келеді. Көз ауруларының ішінде тұқым қуалайтын ауру түрлері бар ма?
– Бізде бір өкініштісі, «Бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп. Біздің науқастар ауруларын асқындырып, көз жанарларынан айырылып, соқыр болғанда ғана алдымызға келеді. Мәселен, глау­команы алайық. Бұл ауру тұқым қуалайды. Глаукома дегеніміз – көз ішілік қысымның көтерілуінен болатын көру қабілетін төмен­детіп, дер кезінде емделмесе, соқыр­лық­қа әкеліп соқтыратын өте қауіпті ауру. Нау­қастардың көбі көзінің көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде бір-ақ келеді. Тіпті бір көзі мүлдем көрмей қалғанда ғана жететіндері де бар. Бұл дерттің қауіптілігі — білдірмей, бірте-бірте асқынады. Бастың ауруы да көз сырқатының бір белгісі болып табы­лады. Одан бөлек қан қысымы жоға­ры жандар да абай болғаны жөн. Қан қы­сы­мы көз қысымын тудырады. Оған мән беріп, дер кезінде емдемесе, түбі зағип­тыққа соқтырады. Сондықтан жасы 40-тан асқан адамдар көзінің көруі жақсы болса да, міндетті түрде дәрігерге көрініп, көздің ішкі қысымын тексеріп тұруы керек.
– «Саламатты Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама сіздерге не берді?
– Институт мамандары «Саламатты Қазақ­стан» 2011-2015 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтағы глаукома бөлмелерін жабдық­тауға жоба әзірлеп, республика бойынша тұрғындардың арасында глаукомаға қарсы скрининг жүргізуде. Скрининг бойынша тек 2011 жылы 1,5 миллионнан аса адам тексеріліп, оның ішінде 20 мыңдай па­циентте көз қысымының жоғарылауы анық­­талған. Сол бағдарлама арқылы инс­титутта 10 дәрігер қайта даярлаудан өтіп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Осындай түрлі медициналық құрал-жаб­дықтар шығаратын зауыттармен келісім­шарт жасастық. Арнайы глаукомдық каби­неттер ашылды. Аудандық және қалалық глаукома орталықтары ең үздік жоғары технологиялық құралдармен жарақтанды­рылып, тонометрия жасайтын медбикелерді дайындықтан өткіздік. Осы жетіс­тіктердің барлығына мемлекеттік қолдау­дың арқасында қол жеткіздік.
Қазіргі уақытта перинаталды орталық­тардағы шала туған ретинопатиясы бар нәрестелер үшін мамандандырылған бөл­ме­­лер ашу жобасы әзірленіп жатыр. Бұл – әрине, мемлекет тарапынан көрсетілген үл­кен көмек.
– Көз ауруына байланысты мүгедек­тікке шығуда проблемалар өте көп. Анаған жібереді, мынаған жібереді, толып жатқан құжаттарды толтыру үшін есіктен-есікке сабыласың. Жалпы, біз­де зағип жандарға қаншалықты жағдай жасалған?
– Жоғарыда айтқанымдай, елімізде көз ауруына байланысты 20 мыңға жуық науқас мүгедектікке шыққан. Оның үстіне республикада жанардың семуінен болатын мүгедектік 20 жылда қалада – 2,5 есе, ал ауылда 1,8 есеге артқан. Өкініштісі сол: біздің елде мүгедектерге әлі күнге дейін толық жағдай жасалынбаған. Мүгедек бала тұрмақ, мүгедектікке душар болған жап-жас жігіттер қоғамнан аластатылып тұр. Оның қасында мүгедек балалар мүл­дем шетте қалып қалады. Қазір соқырларға арналған арнаулы оқулықтар, қазақ тіліндегі кітаптар өте аз. Алматы қала­сындағы зағиптар қоғамына қарасты нөмірі бірінші көрпе-жастық тігетін кәсіп­орынның директоры Алтынай Ибраги­мованың айтуынша, қазір зағиптарға арналған жұмыс орын­дарының көпшілігі жабылған. Мүгедек жандар тек қана мемлекеттен берілетін мардымсыз мүге­дектік жәрдем­ақыға қарап отыр. Ал Германияда зағип­тарға ай сайын 1200 евро жәрдемақы төлеп, коммуналдық тө­лем­дердің барлы­ғына жеңілдіктер қарас­тырылған. Тіпті зағиптар бір-бірімен отау құрса, оларға мемлекет тарапынан баспана да беріледі екен. Ал бізде мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың әлеуметтік мәселелері тиісті дәрежеде шешілмей отыр. Қазір еліміздің эконо­микасы қарқынды дамып келеді, ендігі кезекте екінші әлемдік дағда­рыстан аман-есен өтсек, мұның барлығы біртіндеп шешіледі деген сенімдемін.

Алашқа айтар датым...
– Қалай десек те, көз ауруына немқұрайды қарауға болмайды. Жүрекке баса мән беретіндей, көзге де баса назар аудару қажет. Ең сорақысы, көз ауруына көңіл бөлмегендігіміз соншалық – қазір жасөспірімдер тұрмақ, елімізде жаңа туылған нәрестелердің өзі соқыр болып туылып жатыр. Бұрын мұндай ауру түрі Қазақстанда өте сирек кездессе, қазір жылдан-жылға артып барады. Біз әлі де болса көз ауруына қара көзілдіріктің арғы жағынан қарап отырмыз. Сондықтан да көз ауруына көзжұма қарауға болмайды. Оның үстіне елімізде офтальмолог мамандар жетіспейді. Қазір республика бойынша небәрі мың дәрігер-офтальмолог жұмыс жасағанымен, елімізде 160 аудан бар деп есептейтін болсақ, соларда тек 129 дәрігер-офтальмолог қана жұмыс істейді. Сондықтан да көз дәрігерлері мамандарының тапшылығы айқын сезілуде. Әсіресе балалар офтальмологі тіптен аз десек те болады. Өйткені Қазақстан бойынша 167 ғана балалар көз дәрігері бар. Оның алтауы елді мекендерде жұмыс істейді. Демек, жергілікті жерлерде мамандар жетіспейді дегеніміз – біздің науқастар ауруларын асқындырып, жанарларынан айырылып, соқыр болғанда алдымызға келеді деген сөз. Сондықтан офтальмология саласына жастарды көбірек тарту қажет. Ол үшін бұл салаға ерекше көңіл бөліп, жас офтальмолог-дәрігерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, баспанамен қамтамасыз етіп, тағы да басқа жеңілдіктер жасап, жастардың осы салаға қызығушылығын арттыруымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста