Біз әлі де болса көз ауруына қара көзілдіріктің арғы жағынан қарап отырмыз
Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА, ҚР Бас офтальмологі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Қазір – компьютерлік ғасыр. Бүгінгі заманды компьютерсіз елестету мүмкін емес. Үйде, мектепте, қызмет орнында адамдар компьютермен жұмыс істейді. Көз ауруының көбеюіне осының әсері болуы мүмкін бе? Деректерге сүйенсек, тіпті жаңа туылған балалардың арасында да көз аурулары жиі кездеседі екен. Мұның себебі неде?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазіргі таңда әлемде 45 миллионнан астам адамның көзі мүлдем көрмейді екен. Одан бөлек, 135 миллион адамның көздерінде түрлі ақаулар бар көрінеді. Ал Қазақстанға келетін болсақ, елімізде бір миллионнан астам адам түрлі көз ауруларына шалдыққан. Оның ішінде глаукома, яғни көз ауруының ең асқынған түрі, қазақы тілмен жеткізсек, жанардың мүлдем семуі — суқараңғылықпен 37 мың адам тіркелген. Сондай-ақ 20 мың адам аталмыш сырқатпен мүгедектікке шыққан.
Енді балалар арасындағы көз ауруларының асқынуына келетін болсақ, ең бастысы, бұған көз ауруына жіті көңіл бөлмеуіміз себеп болып отыр. Оған бүгінгі күнде республика мектептерінде көз дәрігері кабинеттерінің жоқтығы – тікелей айғақ. Бүгінде республика мектептерінің 30 пайыздан астамы ғана арнайы медициналық кабинетпен жабдықталған. Бала жастан күтім көрмеген көз жас ұлғая келе тез сөне бастайды. Оның өзін де «ересек адамдар көзәйнек киюі керек» деп жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар.
2008 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Білім беру министрлігімен қосылып, №120 бұйрық шығарды. Осы бұйрық бойынша еліміздің мектептерінде жыл сайын балалар мен жасөспірімдердің көздерін тексеруге арналған онкүндіктер өтіп тұруы тиіс.
Екінші себебі – қазіргі уақытта көзге салмақ түсіретін жұмыстар көбейіп кетті. Әсіресе компьютер, ұялы телефон – көз ауруларына апаратын бірден-бір жол. Байқасаңыз, ересек адамның өзі де компьютер алдында жарты сағаттан артық отырса, көзінің шаршағанын байқайды. Бұл соңғы кезде өте жиі кездесетін «компьютерлік синдром» немесе «құрғақ көз синдромын» туғызып отыр. Әрине, мұндай жағдай миопияға (жақыннан көрушілікке), тіпті кейбір кезде соқырлыққа алып келуі мүмкін.
Бүгінгі таңда алдымызда тағы бір күрделі мәселе тұр. Салмағы аз, уақытынан бұрын өмірге келген нәрестелердің арасында өте ауыр ретинопатия жиі кездесуде. Қазір осы мәселеге байланысты біздің институт балаларды емдеуге бағытталған бағдарлама жасап жатыр.
– Қазір нарықтық кезең, яғни бәсекелестік заманы. Бүгінгі таңда Алматы қаласында бірнеше жетілген соңғы технологиялармен жарақтанған жекеменшік клиникалар ашылған. Олардың жұмысына деген сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Меніңше, Қазақстанда Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бәсекеге түсер орталық жоқ деп ойлаймын. Әрине, мұндай клиникада дәрігердің жұмыс орнында жайлы сезіну үшін жағдайдың бәрі бар – жақсы жабдықтау, әдемі кабинеттер, бірақ онда парасаттылық мүмкіндіктері жинақталмайды. 80 жылға аяқ басқан біздің институтта да дәрігерге керектің бәрі бар. Кейбір жеке клиникалардағы бір-екі офтальмологтердің өзі – біздің институттан шыққандар. Не десек те әрбір жеке клиникада коммерциялық мүдде бірінші орынға қойылатыны шындық. Бұдан шығатын қорытынды: онда емге көнетін, жеңіл ауруларды ғана қабылдайды. Жеке клиникалар қабылдамаған аурулар біздің институтқа келеді. Ал институт сол жеке клиникалар қабылдамаған аурулардың бәрін емдейді. Бұны баса айтып отырғаным – оларда нашар мамандар жұмыс жасайды дегеннен емес, жеке клиникада үлкен институттағы сияқты клиникалық тәжірибесі мен интеллекті мол, ауқымды ақыл-ойлы мамандарды топтастыру мүмкін емес. Мысалы, Алматыдағы жеке клиникаларда ең қымбат әрі офтальмологияның болжалмайтын және оның күрделі бөлігі – витреоретиналдық хирургия жоқ. Науқас бір көзіне екіден сегіз ретке дейін ғана операция жасатуы мүмкін. Тіпті операция сәтті өтпесе де, әр операция үшін үш мың долларды (ресейлік мөлшермен) қағып алады. Жеке клиникада офтальмологиялық хирургияның маржаны – катарактаны көп жасайды. Ал біздің институт солардың өте дарынды, тәжірибесі мол деген хирургтері қабылдамай, кері қайтарған аурудың барлық түрін емдеуге алады. Рас, бір кездері жеке клиникалармен салыстырғанда аппараттармен жабдықталу тұрғысында кейін қалғанбыз. Ал қазір ең соңғы заманауи техникалармен толық жарақтандық.
– Қазір медицина саласы қарыштап даму үстінде. Шетелдерден неше түрлі озық технологиялар алып жатырмыз. Тіпті ағза алмастыру мәселесі де жолға қойылып келе жатыр. Осы ретте елімізде көз алмасуының трансплантациясы қандай сатыда? Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мамандары көз алмасу трансплантациясын жасай ала ма?
– Негізі, көз трансплантациясында толық мүшені емес, тек донор көздегі тінді ғана көшіріп отырғызады. Мәселен, көздегі мөлдір қабықтың ағаруы болғанда, донордың мөлдір қабығын алып алмастырады. Сондай-ақ көздің түбіндегі тор қабықта өзгеріс болғанда эмбрион тіні алынып, тор қабықтың астына енгізіледі. Өйткені эмбрион тінінде биологиялық активті заттар көп. Бұл әдістер ауруға әртүрлі емдер, дәрі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады. Сондықтан бұл көзді емдеудегі ең соңғы әдіс болып табылады. Институтта көз трансплантациясы 1978 жылдан бастап қолға алынған. Қазіргі уақытта біздің институт – мөлдір қабықты ауыстыру отасын жасайтын Қазақстандағы жалғыз емдеу мекемесі. Бір жылдың ішінде осындай 100-ге тарта ота жасаймыз. Бірақ донорлық тіннің жетіспеушілігінен трансплантацияның бұл түрін көп жасай алмай отырмыз. Сондықтан ең бірінші донорлық тінді табуымыз керек, одан кейін барып оны ауыстыру жолдарын жасаймыз.
– Жалпы, офтальмология саласында мамандар жетіспеушілігі көп айтылады. Әсіресе жастар арасында осы салаға қызығушылықтың азаюы неліктен деп ойлайсыз?
– Бұл мәселе күн тәртібінен түспей-ақ келеді. Десек те, институт өз қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге көп көңіл бөліп, олардың алыс және жақын шетелдерде білімдерін шыңдауға жағдай туғызуда. Жастардың арасында бұл салаға қызығушылықтың азаюы байқалады. Оған айлық жалақының аздығы да себеп болып отыр. Қазіргі жастар аз айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Соның салдарынан олар бизнеске т.б. түрлі салаларға кетіп жатыр. Сондықтан осы салаға жастардың қызығушылығын арттыру үшін олардың әлеуметтік жағдайларын көтерудің амалдарын қарастырғанымыз жөн.
Еліміздегі офтальмолог мамандарға келсек, бүгінде кадр жетіспеушілігі өткір мәселе болып отыр. Қазір республика бойынша 1000 дәрігер-офтальмолог жұмыс жасағанымен, 160 ауданда небәрі 129 дәрігерден ғана келеді. Сондықтан да 10 мың тұрғынға қажетті 0,7 дәрігердің орнына, небәрі 0,2-ден айналуда. Әсіресе балалар офтальмологінің тапшылығы айқын сезілуде. Егер Қазақстанда небәрі 167 балалар көз дәрігері болса, елді мекендерде тек алты маман ғана қызмет істейді.
Институтта кадр жетіспеушілігін төмендету үшін мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. Сондай-ақ резидентурада жас дәрігер-офтальмологтерді дайындайды. Мысалы, 2010 жылы 102 адам курстан өтіп, 3 резидент оқуын бітірген, ал 2011 жылы 268 дәрігер оқыған. Бір айта кетерлігі, институт С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың офтальмология кафедрасы мен Қазақстан медициналық университетінің клиникалық базасы болып табылады.
Қазіргі уақытта қашықтықтан кеңес беру (телемедицина) жүйесі дамып келе жатыр. Әсіресе шалғай телемедицина жабдықтары мемлекетіміздің бүкіл облыс орталықтарында орналасқан, осы жүйе бойынша мамандандырылған кеңес беру мүмкіндіктеріміз бар. Сонымен қатар мамандандырылған «Денсаулық», «Жәрдем» пойызына мүше болып қатысуды бастадық. «Асар-Береке» қоғамдық қорының жылжымалы ауруханасына анықтау және емдік шаралар өткізу жоспарымызда бар. Яғни оларға мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсетіліп, көзі көрмейтін және көру мүмкіншілігі төмен адамдар қатары азайып жатса, мемлекеттен жұмсалатын шығын мөлшері де азаяр еді. Дегенмен офтальмологиялық негізгі мәселелер – мамандандырылған кабинеттердің (балалардың көруін қорғау, перинаталдық орталықтарындағы шала туған ретинопатиясы бар нәрестелерге арналған, глаукомды, офтальмодиабеттік орталықтардың) жеткіліксіздігі болып табылады.
– Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты тек емдеу мекемесі ғана емес, сондай-ақ бұл – ғылыми-тәжірибелік мекеме, республикадағы офтальмологиялық қызметтің басты орталығы. Соңғы жылдары аталмыш институтта қандай ғылыми жұмыстар атқарылып, қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Қазақ көз аурулары ҒЗИ еліміздегі байырғы ғылыми-практикалық орталық болып саналады. Соңғы жылдары институтта көз ағзасында глаукома, витреоретинальды патология, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы, жастық макулярлы дегенерациясының алдын алу, зерттеу, емдеу ғылыми жұмыстары жүргізілуде. Мұндай науқастарды анықтау және емдеу үшін заманауи технологияларды пайдаланып отырмыз. Институтта офтальмология диагностикасы мен емдеудің жаңа тәсілдері үздіксіз даму үстінде. Мәселен, институт бүгінге дейін 170-тен астам авторлық куәлік, екі еуразиялық және екі халықаралық патент алды. Ал қазіргі таңда институттың ғылыми және клиникалық құрамын 12 ғылым докторы, 24 ғылым кандидаты мен 35 жоғары санаттағы дәрігерлер құрайды. Қазіргі заманғы медициналық жабдықтардың дүниежүзілік стандарттар деңгейінде зерттеулер мен емдеу жүргізуге көмегі зор.
Әлемдегі жоғары технологиялардың барын институтта қолдана отырып, өзіміздің де жаңа тәсілдерімізді (нанотехнологиялар, бастауыш және фетальды жасушалардың имплантациясы, бастауыш жасушалары бар биожабынудың трансплантациясы) енгізіп отырмыз. 2004 жылдан бастап институтта рефракциялық хирургия қолға алынған. Бір ерекшелігі, тек біздің елде ғана осы емдеу тәсілі ақысыз жүргізіледі (кепілдендірілген ақысыз медицина көмегінің көлемі бойынша) және 2011 жылы институтта әлемдегі қазіргі ең жетік фемтосекундтік лазер VisuMax арқылы рефракциялық ота жасалуда.
– Елімізде көз ауруларының саны жылдан-жылға артып келеді. Көз ауруларының ішінде тұқым қуалайтын ауру түрлері бар ма?
– Бізде бір өкініштісі, «Бір басқа бір көз жетеді» деп жүре беретіндер көп. Біздің науқастар ауруларын асқындырып, көз жанарларынан айырылып, соқыр болғанда ғана алдымызға келеді. Мәселен, глаукоманы алайық. Бұл ауру тұқым қуалайды. Глаукома дегеніміз – көз ішілік қысымның көтерілуінен болатын көру қабілетін төмендетіп, дер кезінде емделмесе, соқырлыққа әкеліп соқтыратын өте қауіпті ауру. Науқастардың көбі көзінің көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде бір-ақ келеді. Тіпті бір көзі мүлдем көрмей қалғанда ғана жететіндері де бар. Бұл дерттің қауіптілігі — білдірмей, бірте-бірте асқынады. Бастың ауруы да көз сырқатының бір белгісі болып табылады. Одан бөлек қан қысымы жоғары жандар да абай болғаны жөн. Қан қысымы көз қысымын тудырады. Оған мән беріп, дер кезінде емдемесе, түбі зағиптыққа соқтырады. Сондықтан жасы 40-тан асқан адамдар көзінің көруі жақсы болса да, міндетті түрде дәрігерге көрініп, көздің ішкі қысымын тексеріп тұруы керек.
– «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама сіздерге не берді?
– Институт мамандары «Саламатты Қазақстан» 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтағы глаукома бөлмелерін жабдықтауға жоба әзірлеп, республика бойынша тұрғындардың арасында глаукомаға қарсы скрининг жүргізуде. Скрининг бойынша тек 2011 жылы 1,5 миллионнан аса адам тексеріліп, оның ішінде 20 мыңдай пациентте көз қысымының жоғарылауы анықталған. Сол бағдарлама арқылы институтта 10 дәрігер қайта даярлаудан өтіп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Осындай түрлі медициналық құрал-жабдықтар шығаратын зауыттармен келісімшарт жасастық. Арнайы глаукомдық кабинеттер ашылды. Аудандық және қалалық глаукома орталықтары ең үздік жоғары технологиялық құралдармен жарақтандырылып, тонометрия жасайтын медбикелерді дайындықтан өткіздік. Осы жетістіктердің барлығына мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік.
Қазіргі уақытта перинаталды орталықтардағы шала туған ретинопатиясы бар нәрестелер үшін мамандандырылған бөлмелер ашу жобасы әзірленіп жатыр. Бұл – әрине, мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен көмек.
– Көз ауруына байланысты мүгедектікке шығуда проблемалар өте көп. Анаған жібереді, мынаған жібереді, толып жатқан құжаттарды толтыру үшін есіктен-есікке сабыласың. Жалпы, бізде зағип жандарға қаншалықты жағдай жасалған?
– Жоғарыда айтқанымдай, елімізде көз ауруына байланысты 20 мыңға жуық науқас мүгедектікке шыққан. Оның үстіне республикада жанардың семуінен болатын мүгедектік 20 жылда қалада – 2,5 есе, ал ауылда 1,8 есеге артқан. Өкініштісі сол: біздің елде мүгедектерге әлі күнге дейін толық жағдай жасалынбаған. Мүгедек бала тұрмақ, мүгедектікке душар болған жап-жас жігіттер қоғамнан аластатылып тұр. Оның қасында мүгедек балалар мүлдем шетте қалып қалады. Қазір соқырларға арналған арнаулы оқулықтар, қазақ тіліндегі кітаптар өте аз. Алматы қаласындағы зағиптар қоғамына қарасты нөмірі бірінші көрпе-жастық тігетін кәсіпорынның директоры Алтынай Ибрагимованың айтуынша, қазір зағиптарға арналған жұмыс орындарының көпшілігі жабылған. Мүгедек жандар тек қана мемлекеттен берілетін мардымсыз мүгедектік жәрдемақыға қарап отыр. Ал Германияда зағиптарға ай сайын 1200 евро жәрдемақы төлеп, коммуналдық төлемдердің барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті зағиптар бір-бірімен отау құрса, оларға мемлекет тарапынан баспана да беріледі екен. Ал бізде мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелері тиісті дәрежеде шешілмей отыр. Қазір еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді, ендігі кезекте екінші әлемдік дағдарыстан аман-есен өтсек, мұның барлығы біртіндеп шешіледі деген сенімдемін.
Алашқа айтар датым...
– Қалай десек те, көз ауруына немқұрайды қарауға болмайды. Жүрекке баса мән беретіндей, көзге де баса назар аудару қажет. Ең сорақысы, көз ауруына көңіл бөлмегендігіміз соншалық – қазір жасөспірімдер тұрмақ, елімізде жаңа туылған нәрестелердің өзі соқыр болып туылып жатыр. Бұрын мұндай ауру түрі Қазақстанда өте сирек кездессе, қазір жылдан-жылға артып барады. Біз әлі де болса көз ауруына қара көзілдіріктің арғы жағынан қарап отырмыз. Сондықтан да көз ауруына көзжұма қарауға болмайды. Оның үстіне елімізде офтальмолог мамандар жетіспейді. Қазір республика бойынша небәрі мың дәрігер-офтальмолог жұмыс жасағанымен, елімізде 160 аудан бар деп есептейтін болсақ, соларда тек 129 дәрігер-офтальмолог қана жұмыс істейді. Сондықтан да көз дәрігерлері мамандарының тапшылығы айқын сезілуде. Әсіресе балалар офтальмологі тіптен аз десек те болады. Өйткені Қазақстан бойынша 167 ғана балалар көз дәрігері бар. Оның алтауы елді мекендерде жұмыс істейді. Демек, жергілікті жерлерде мамандар жетіспейді дегеніміз – біздің науқастар ауруларын асқындырып, жанарларынан айырылып, соқыр болғанда алдымызға келеді деген сөз. Сондықтан офтальмология саласына жастарды көбірек тарту қажет. Ол үшін бұл салаға ерекше көңіл бөліп, жас офтальмолог-дәрігерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, баспанамен қамтамасыз етіп, тағы да басқа жеңілдіктер жасап, жастардың осы салаға қызығушылығын арттыруымыз керек.