Білім және ғылым министрлігінің негізінде екі министрлік құрылуы керек: Білім министрлігі және Жоғары білім мен ғылым министрлігі
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Жақында «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты кітабыңыз жарық көрді. Салыстыра отырып еліміздегі білім сапасын қандай дәрежеде деп бағалар едіңіз?
– Бүгінгі таңда еліміздегі білім сапасының деңгейі қанағаттандырарлық деңгейде деген болар едім. Жалпы, әрбір елдің білім беру жүйесі жөнінде сөз қозғағанда оның өте күрделі жүйе екенін ескеруіміз керек. Дүниежүзінің білім жүйесін зерттеген шетелдік ғалымдардың еңбегін зерделей отырып, білім беру сапасын жоғарылатуды қамтамасыз етуге себепші маңызды алты фактор анықталды. Ол факторларға жеке-жеке тоқталар болсақ: білім беру стандартының халықаралық талаптарға сәйкес келуі, педагог кадрлар мәртебесі және олардың кәсіби біліктілігінің деңгейі, білім беру сапасын бағалаудың шынайылығы, өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру ісінің тиімділігі, білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер, білім беруді басқару жүйесінің тиімділігі. Осы алты фактордың негізінде жүйелі жұмыс жасаған жағдайда ғана білімнің сапасы артады. Өзіңіз айтқан еңбекте еліміз Тәуелсіздік алған 20 жылда осы факторлар негізінде қандай істер атқарылғаны сараланды. Өкінішке қарай, ешқандай бағыт бойынша елімізде жүйелі жұмыс істелмеген екен. Елбасының өзі жыл сайынғы Жолдауларында білім сапасы еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін айтып келеді. «Кеңес Одағы кезінде білім беру деңгейі жоғары болды» деген пікір көп айтылады. Қазір жыл өткен сайын білім беру саласына бөлінетін қаржының көлемі ұлғайып келеді. Білім сапасын көтеру мақсатында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. Мектептің материалдық базасын жақсарту, электронды оқу құралдары, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету секілді шаралар атқарылуда. Әйтсе де білімде сапа болмай тұр. Білім беру саласы – біртұтас жүйе. Осы жүйе жақсы жұмыс істеуі үшін оның барлық саласы бірдей жақсы жұмыс істеуі керек. Дүниежүзінде мектепте білім беру сапасы бес түрлі көрсеткішпен бағаланады: қанағаттандырарлықсыз, қанағаттандырарлық, жақсы, өте жақсы, үздік. Бұл дүниежүзілік зерттеулер арқылы белгіленеді. Мысалы, Қазақстан 2009 жылы PISA халықаралық зерттеуіне қатысты. Қазақстандық оқушылардың нәтижелері көңіл жұбататындай болған жоқ. Онда 15 жастағы оқушылардың білім сапасы математика, жаратылыстану ғылымы және оқу сауаттылығы бағыттары бойынша анықталды. Сонда қазақстандық оқушылар 65 елдің ішінде 53-60-орындарды иеленді. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Дамыған елдерде білім сапасы ортадан төмен деңгейде болуының өзі үлкен мәселе ретінде талқыланып, мемлекеттік деңгейде көптеген шаралар қолданылып жатады. Мәселен, Финляндия барлық халықаралық зерттеулер бойынша алдыңғы орында тұр. Қазір Еуропа Финляндиядағы мектептік білім беру жүйесіне «Еуропаның эталоны» деп баға беріп отыр. Демек, халықаралық зерттеулердің нәтижесін дүниежүзі мойындайды. Өйткені ол зерттеулер адал, таза, ғылыми негізде жүргізіледі. Білім деңгейін анықтайтын PISA, TIMSS, PIRLS секілді халықаралық зерттеулер бойынша біз білім сапасы жоғары елдерді анықтадық. Олар: Финляндия, Гонконг (Қытай), Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада, Жаңа Зеландия және Шанхай (Қытай) елдері. Олар осындай халықаралық білім зерттеулерде тұрақты түрде сапалы білімдерін дәлелдеп келеді. Білім – мемлекеттің даму негізі. Егер мемлекет жас ұрпаққа сапалы білім беретін болса, ол ел келешекте озық технологиямен жабдықталған, ғылымы, экономикасы дамыған елге айналады. Жоғарыда балалары жоғары білім көрсеткішін көрсеткен елдердің барлығы экономикасы дамыған елдер. Сондықтан мектептегі білім беруге әлемнің барлық елдері ерекше көңіл бөледі. Орта білім беру жүйесін сапалы ету мақсатында көптеген ізденіс жұмыстары жүргізіледі.
– Біздегі мектептік білім беру жүйесіндегі басты кемшілік не?
– Біздегі орта білім беру жүйесінде көптеген түйткілдер бар. Білім беру жүйесіндегі тек кадр мәселесін алып қарастыратын болсақ, білім сапасын көтеру үшін жақсы ұстаздар сабақ беруі керек. Қандай мектепте, не сыныпта болсын бір жақсы ұстаз сабақ берсе, сол сыныптың балаларының білімі жақсы болады. Осы орайда мектепте сабақ беретін ұстаздардың кәсіби біліктілігі жоғары болуы керек. Қазақта «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген сөз бар. Ешқашан оқушының деңгейі ұстазының білімінен жоғары болмайды. Демек, мектептегі оқушының білім деңгейін оған сабақ беріп тұрған ұстаздың деңгейімен анықтауға болады. Осы орайда еріксіз еліміздегі ұстаздардың әлеуеті қандай деген сұрақ туындайды. Бір кездері қоғамдағы ұстаз әлеуеті, олардың алатын еңбекақысы төмен болды. Отбасын асырай алмаған соң ер адамдар жалақысын азсынып, ұстаздықты тастап кетті. Осылайша мектептерде ұстаз ер адамдар қалмады. Қоғамдағы ұстаздардың статусы жоғары болса, олардың еңбекақылары да жоғары болар еді. Бұл – олардың статусының төмендегенін білдіреді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа, орташадан төмен деңгейде білім көрсеткен түлектер ұстаздық мамандықты таңдауда. Демек, олардың өзі мектепте дұрыс білім алмаған оқушылар. Мектепте дұрыс білім алмаған оқушы ЖОО-да жақсы білім ала алмайды. Мектепті, ЖОО-ны орташа бітірген ұстаздан сабақ алған баланың білім деңгейі қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Осыдан келіп білім сапасы төмендей бастады. Осылайша біз біраз уақыт өткізіп алдық. Бұл – бір ғана жағдай. Ал білім сапасын төмендетуге себеп болып отырған мұндай мысалдар жетерлік. Осы орайда айта кетер жайт, білім сапасы жоғары елдерде мектепті өте жақсы бітірген оқушылар ғана ұстаздық мамандыққа қабылданады. Басқаларына рұқсат жоқ. Тіпті оларды ұстаздық мамандыққа қабылдау үшін арнайы тест жүйесі жасалған. Ұстаздың бойында көптеген қасиеттер болуы керек. Адамзатқа ағартушылық білім беріп, тәрбиелейтін ұстаз мамандығы – Алладан берілетін қасиет. Ұстаз адами қасиеті мол, шапағатты, мейірімді, адал, принципшіл, білімді болуы керек. Ұстазды көрген оқушының бойында білімге деген құштарлық оянатындай болуы қажет. Балалар ұстазына табынып отыруы керек. Бізге де ұстаз мамандығын таңдайтын талапкерлердің бейімділігін анықтайтын жүйе керек. Әйтпесе қазір елімізде білімі төмен жандардың ұстаз атануы үлкен мәселеге айналып отыр. Мектепте білімі нашар бір ұстаз сабақ беретін болса, ол білім беру жүйесіне 40 жыл зиянын тигізеді екен. Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланады. Сол үшін, мысалы, Финляндияда, бастауыш сыныпта магистратураны бітірген мамандар ғана сабақ береді. Ал бізде педагогикалық колледж бітірген мамандар бастауыш сыныптарға сабақ бере береді. Білімнің негізін қалап, балалардың бойында білімге деген құштарлығын ояту – бастауыш сынып ұстаздарының міндеті.
– 12 жылдық білім беру жүйесіне қалай қарайсыз?
– Қазір біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеміз деп отырмыз. Кейбір мамандар айтады, Кеңес Одағы кезінде 10-11 жылдық біліммен де сапалы білім алдық қой деп. 1980 жылдарға дейін кеңестік орта білім беру жүйесі жоғары болды. Соған сай ғылымы да дамыды. Одан кейінгі жылдары ғылым қарыштап дами бастады. Сала мамандары ғылым жетістіктерін мектепте оқыту мәселесін көтеріп, оларды оқу бағдарламаларына кіргізе бастады. Сөйтіп, мектептегі балалардың жүктемесі үнемі артып отырды. Балаларға берілетін сабақ шектен асып кетті. Бұдан соң мектептегі барлық пәнді ешбір бала толықтай меңгере алмайтын дәрежеге жетті. Осы жөнінде Ресей ғалымы В.Н.Бацын «Ең қымбат жаста, 10-12 жыл бойы алған мектептегі білімнің 90 пайыздан астамы қажетсіз болып қалды» десе, Э.Д.Днепров «Оқушыларға шамадан тыс жүктеме беру бүгінгі күні мектептің ең негізгі ішкі қырсығына айналды. Жұмыс пен тапсырмалардың барлық түрін ескергенде жоғары сынып оқушыларының жүктемесі аптасына 167 сағатты құрайды. Ал аптада небәрі 168 сағат бар» дейді. Яғни осынша үлкен жүктеме келді де, жалпы, Кеңес Одағындағы білім сапасының төмендеуіне алып келді. Ал осы уақытта басқа дамыған елдер бастауыш сыныпта, негізінен, тәрбие берумен, орта мектептің екінші сатысы 7-8-9 сыныптарда барлық білім, ғылым салалары бойынша белгілі бір деңгейде аяқталған білім беріледі. Ал жоғары 10-11-12 сыныптарда әр бала өзінің таңдаған мамандықтары бойынша терең білім ала бастады. Мектепте барлық саланы қатар меңгеру мүмкін емес. Сондықтан таңдаған саласы бойынша білімді игерсе болғаны. Мәселен, келешекте дәрігер боламын деген бала биология, химияны, гуманитарлық саланы таңдап, осы сала бойынша пәндерді тереңдетіп оқиды. Сонымен, әрбір бала жоғары сыныпта өзінің таңдаған саласы бойынша терең білім алып, қалыптасты. Біз білім алудың негізі білім, білік, дағды десек, дамыған елдер нәтижеге бағдарланған білімді мақсат етеді. Бізде, мысалы, филолог болып шыққан маман мектептегі физикадан, химиядан алған білімін өмірде толық пайдаланбасы анық. Химиялық элементтер барлық маманға өмірде қажет емес. Біздің білім бір жұмалық, бір айлық, бір жылдық уақытша білімдер болды. Оқытылады, ұмытылады. Яғни білім нәтижеге негізделмеді. Ал шетелде, керісінше. Оқушы бостан-босқа білім алмайтын болды. Мәселен, 7-сынып оқушыларына қандай аквариум сатып алған тиімді екенін анықтау жөнінде тапсырма беріледі. Осы сұраққа жауап беру үшін оқушылар аквариум көлеміне қарай керекті балық санын, олардың тиімді түрлерін, оларға берілетін қорек түрлерін және шамасын, олардың құнын, күтуге кететін шығынды және т.б. жағдайларды анықтап, бар шығынды есептей отырып, өз шешімдерін дәлелдеулері керек болады. Міне, осындай қарапайым тапсырманы орындау үшін олар қаншалықты ізденеді. Нәтижеге бағдарланған білім берудің қарапайым бір мысалы – осы. Барлық пәндер бойынша оқушылардың білімдеріне сай осындай нақтылы тапсырмалар берілетін болса, онда олар тек қарапайым білім алушы емес, білім беру үдерісіне қатысушы объектіге айналады. Дамыған елдер қазір осындай білім беру жүйесіне көшкен. Ал біз бұрынғы жүйеде қалып қойдық. Сондықтан біздің білім көрсеткіштеріміз төменгі деңгейде болып тұр. Осы орайда мен 12 жылдық білім беру жүйесін қолдаймын. Ондағы біздің мақсатымыз – мектеп оқушысының бойында құзыреттілік қасиеттер қалыптастырып, нәтижеге бағдарланған білім беру болуы керек. 12 жылдық білім беру идеясы дұрыс. Бірақ бір өкініштісі, бізде әлі күнге 12 жылдық білім беру жүйесінің стандарты бекітілген жоқ. 2015 жылы 12 жылдық білім беруге көшеміз, сонда қандай стандартқа сүйеніп оқимыз? Стандарттың негізінде әр пән бойынша қандай білім беретініміз сараланып, оқулықтар жазылуы керек, 12 жылдық білім беретін ұстаздарды оқытып шығаруымыз керек. Ал оны 2015 жылға дейін қалай үлгереміз?
– Еліміздегі оқулықтардың сапасы сын көтере ме?
– Оқулықтану ғылымы Францияда жақсы дамыған. Олар «жақсы оқулық жазу үшін 3-4 жыл керек» дейді. Ал біздің бүгінгі күні авторларымыз 12 жылдық білім жүйесіне оқулық жазуға бейімделмеген. 12 жылдық білім жүйесінің нәтижеге бағдарланған арнайы оқулығы жазылуы керек. Біз оқулық сапасы жақсарсын десек, еліміздегі оқулықтану ғылымын дамытуымыз керек. Оқулықтану ғылымының 200 жылдан астам тарихы бар. Қазақстанда оқулықтану ғылымы мүлдем дамымаған. Академик А.Колмогоров «Бір оқулық жазу бір реактивті ұшқыш жасаудан қиын» дейді. Ұшақ жасау үшін қаншама ғылыми-зерттеу және жобалау институттары, сынақ орталықтары, өндіріс орындары бірлесе отырып, ұзақ уақыт еңбек етеді. Біздер оқулық жазудың қаншалықты қиын екенін, оған қаншама тер төгіп, қанша ізденіс жасау керек екенін түсіну үшін оқулықтану ғылымын игеруіміз керек. Оқулық жазатын авторларымызға оқулық жазудың ғылыми теориясын меңгертуіміз керек. Оқулық жазудың негізгі талаптарының қатаң сақталуын бақылайтын орган керек. Дәл қазір Қазақстанда дүниежүзіндегі озық оқулықтардың талаптарына сәйкес келетін бірде-бір оқулық жоқ. Біздің оқулықтарымыздың сапасы төмен. Себебі оқулықтану ғылымы дамымаған. Авторларымыздың одан терең білімі жоқ. Ал енді өзі сол оқулықтану ғылымын меңгермеген, ол салада терең білімі жоқ маманның қолынан шыққан оқулықтың қандай боларын бағамдай беріңіз. Бізде тіпті оқулық сапасына баға берудің ғылыми негізі жасалмаған. Біз оқулықтың сапасына дұрыс баға бере алмайтын болсақ, біздің оқулықтарымыздың сапасы қандай болмақ? Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, бізде оқушы білімінің сапасын анықтау жүйесі де дұрыс емес. Қандай жұмыстың нәтижесі болсын оның қорытындысы, оған баға берумен анықталады. Оқушының күнделікті сабақ айтуымен емес, оның жалпы алған білімі арқылы білім деңгейі анықталуы керек. Білімді бағалаудың да арнайы жүйелері бар. Қазақстанда білім сапасын бағалау ғылымы да дамымаған. Біз, әдетте, мектеп қабырғасында «2», «3», «4», «5» деген бағалар арқылы баланың білімін бағалаймыз. Мәселен, 500 мектепте сабақ беретін мұғалімдердің барлығының қойған бағасының дәрежесі бірдей болмасы анық. Мықты сыныпта отырған баланың «4»-і әлсіз сыныпта отырған баланың «5»-інен жоғары болуы мүмкін. Сондықтан біздің оқушыларымыздың білімін анықтайтын біртұтас жүйе керек. Мәселен, «мектептегі физика пәнін еліміздегі оқушылар қалай меңгерді?» деген сұраққа жауап беру үшін ортақ бір жүйе керек. Мұндай жүйе қазір дамыған елдердің барлығында бар. Ал бізде ол да жоқ. Қазір қит етсе, тест дейміз. Біздегі тестінің деңгейі Ұлттық бірыңғай тестімен өлшенеді. Тестология ғылымы тұрғысынан қарасақ, мұндай тест дүниежүзінде балалардың тек белгілі бір тақырыпты немесе тарауды меңгергенін анықтау үшін пайдаланылады. Бұл – тестология ғылымының ең төменгі сатысы. Мысалы, баланың білімін анықтау бірнеше сатылы дейтін болсақ, біздегі тест – соның ең төменгі сатысы. Ол келешекте «осы баланың білімі белгілі бір ЖОО-да білімін жалғастыруға жете ме?» деген сұраққа жауап бере алмайды. Бұл – өте төмен деңгей. Біз осындай тест арқылы бүкіл Қазақстандағы мектептегі балалардың білімін төмен түсіріп жібердік. Біздегі тест жүйесі білімнің сапасына кері әсер етіп отыр.
– Демек, сіз тест жүйесін қолдамайсыз ғой?
– Елімізде ҰБТ кезінде беріліп жүрген тестіні алсақ, тестіде сұрақ көп, берілетін уақыт 3,5 сағат. Әр сұраққа жауап беру үшін мөлшермен 1,5 минут беріледі. Сол уақыттың ішінде сұрақты оқып, түсініп жауап беріп те үлгеру керек. 10-сыныптың бір есебі бірнеше формула арқылы шешіледі. Осындай есептерді шығару үшін кем дегенде 5-7 минут уақыт қажет болады. Ал тестідегі есептер өте қарапайым, бір формуланы пайдалану арқылы шығарылатын есептер болады. Олай болса, математиканы терең меңгерудің қажеті қанша? Немесе әдебиет, тарих пәндері бойынша берілетін тест сұрақтарын қарайтын болсақ, олардың 70-80 пайызы адамдардың аты мен олардың шығармаларының тақырыбынан, жылнамалардан тұрады. Ал тарихтың бәрі датадан, әдебиеттің бәрі қаламгерлердің атынан тұрады деп кім айтты? Тестіде бір адамның романын талдау немесе бір физикалық формуланың жілігін шағып айтып беру жоқ. Осыдан кейін еліміздегі оқушылар терең білімді ысырып қойып, дата жаттап, бір сұраққа бір жауапты жаттауға ғана көшіп алды. Осылайша білімнің сапасы құлдырап кетті. Рас, дүниежүзінде тестіні қолданып отырған елдер көп. Бірақ оларда тестология ғылымы дамыған. Осының арқасында олардағы тестінің деңгейі ҰБТ деңгейінен әлдеқайда жоғары. Біздегі тестінің сұрағы мен жауабы жаттанды дүние. Онымен білім деңгейі анықталмайды. Бізде тіпті тестолог мамандар да дайындалмайды. Оны ғылым деп санап, дамытуды ойламаймыз. Бізге білім сапасын анықтайтын арнайы институт қажет. Білім сапасын бағалау жоқ жерде, білім саласы дамымайды. Мысалы, АҚШ-та білім саласына бөлінетін қаржының 25 пайызы білім сапасын бағалауға бөлінеді. Тағы бір айтатын жайт, білім сапасы жоғары елдер жастарға рухани адамгершілік тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Мен біздің бастауыш сынып пен Жапонияның бастауыш сыныптарына сабақ беру жүйесін зерттеп көрдім. Оларда балаларға рухани адамгершілік тәрбие беретін сабақтар көп. Жапонияның бір мектебінде болғанымда, «мектептің негізгі міндеті – балаларға рухани адамгершілік тәрбие беру» дейді. Пән арқылы қалай адамгершілік тәрбие беруге болады десем, «математика пәнін меңгеруге математика пәнінен сабақ беретін ұстаз жауапты, ал мектептің негізгі мақсаты – бала тәрбиелеу» дейді. Және бір айта кетер жайт, менің алдыма бастауыш сыныптың оқушысының шығарған есебін алып келді. Ешқайсысында қызыл қаламмен түртілген ескерту белгі жоқ. «Мыналардың барлығы есепті дұрыс шығарған ба?» деп таңғалып сұрадым. Сөйтсем, анықтап көрсетті, бір баланың шығарған есебінің жанына көрінер-көрінбес етіп қарындашпен белгі соғыпты. «Мына бала есепті дұрыс шығармаған, қайтадан ойлан деп қайтып бердім» дейді. Қызыл қаламмен баттитып сызбаған, жай ғана қарындашпен белгі соққан. «Барлық бала білімді игере алады. Менің міндетім – сол бала әлгі есепті өзі шығара алғанша білім беру» дейді. Ұстаз балаға ескерту айтпаған соң, тіпті қатесін баттитып көрсетпеген соң, балалар ұстаздарын қатты жақсы көреді, олардың беделі де жоғары.
– Осы саладағы жиі жасалатын реформаларға қандай баға берер едіңіз?
– 20 жылда білім саласында 12 министр ауысты. Әр министр өз өзгерісін, жаңалығын алып келді. Бұл сонда бір бала мектеп бітіргенше 5-6 өзгеріске ұшыраған білім жүйесі бойынша білім алды деген сөз. Сонда ол баланың білімі не болды? Сондықтан дамыған елдерде білім беру саласында орта есеппен 10 жылда бір реформа жүргізіледі. Келген жаңа министр бұрынғы министрдің реформасын алға сүйрейді. Реформаның көздеген мақсатына жетуге ұмтылады. Сондай-ақ оларда көбінесе министр сол министрліктің ішінен өсіп шыққан тұлға болады. Ал ондай тұлғалар сатылап өскен соң, сол саланың мәселелерін жақсы біледі. Дамыған елдерде жақсы мектеп директоры болу үшін алдымен жақсы ұстаз болады, сосын әдіскер, жақсы орынбасар болады. Дамыған елдерде мектеп директорының бірінші міндеті – ұстаздардың білім сапасын көтеру. Ал біздің директорлар – администраторлар. Білім саласына қаражат бөлініп жатыр, бірақ кешенді жұмыс істейтін біртұтас жүйе болмай тұр. Ол болмайынша, білім беру саласында сапа болмайды. Сондықтан білім саласын дамытамыз десек, Білім және ғылым министрлігінің негізінде екі министрлік құрылуы керек: Білім министрлігі және Жоғары білім мен ғылым министрлігі. Білім министрлігі жоғарыда айтылған барлық мәселелерді шешу, 12 жылдық білім беру жүйесіне дұрыс өту секілді мәселелермен айналысса, екінші министрлік жоғары білім, ғылым саласының жұмыстарын жүргізу секілді мәселелермен айналысуы керек. Бүгінгі білім және ғылым саласындағы мәселелер бір министрліктің мойнына ауыр, өте ауқымды. Әр елде қалыптасқан жағдайларға орай басқару механизмі өзгеріп отырады. Қазір елімізде орта білім беру саласында жағдай күрделенгенін ескере отырып, біз осындай қадамға баруымыз керек.
Алашқа айтар датым...
Бәсекеге қабілетті ел болу үшін бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу керек. Ал бәсекеге қабілеттілік жақсы тәрбие мен жақсы білімнен болмақ, яғни оның негізі отбасы мен мектепте қаланатын болады. Отбасында баланың бірінші тәрбиешісі оның анасы болғандықтан, ана баланың өсу ерекшелігін, яғни бала психологиясын, бала физиологиясын, бала педагогикасын білгені абзал. Бойында мол адами қасиет, мейірімділік, тазалық, даналық, өмірге деген құштарлық бар жан ғана шынайы ұстаз болмақ. Осыны жақсы меңгеріп, іске асырар болсақ, ел ертеңі баянды болады.