Серік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Құрметті Серік Сұлтанғазыұлы, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ең астықты өңірлердің бірі екені даусыз. Осы агроөнеркәсіп саласын одан әрі дамыту жайы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы халықты жұмыспен қамту, экономикалық маңызы мен азық-түлік қауіпсіздігі бойынша халықтық шаруашылықтың жетекші салаларының бірі болып табылады. Біздің облыста дәнді дақылдар өсіру, сондай-ақ майлы дақылдардың, азық дақылдардың, картоп пен көкөністердің өндірісіне басымдық беріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев агроөнеркәсіп кешеніне көп көңіл бөледі. Жыл сайынғы мемлекеттік қолдау аграрлық секторды дамытуға ықпалын тигізеді.
Былтыр ауыл шаруашылығының өнім көлемі 350 миллиард теңгеден асып жығылды. Бұл – еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Бұл жетістікке, әрине, біздің диқандар өздерінің елеулі үлестерін қосты. Мерейтойлы жылда аграрлықтар қажырлылық пен ұйымшылдық көрсетіп, ерлік жасады десек артық айтқанымыз емес. Өңір тарихында тұңғыш рет егін алқаптарынан 8 миллион 854 мың тонна бидай жинап алынды. Гектар берекелігі 22,7 центнерді құрады.
Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ болғасын, табысы да толағай. Барлық жетістік былтыр Астана қаласында өткен «Қараөткел – 2011» жәрмеңкесінде паш етілді. Оның қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы «Үздік павильон», «Үздік киіз үй», «Ұлттық салт–дәстүр» аталымдарында жеңімпаз атанса, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансысы үздік тұқым шаруашылығы» атты алтын медальға ие болды.
Аграрлық секторды одан әрі дамыту басым бағыттардың бірі. Биылғы жылы бұл салаға 6,9 миллиард теңге бюджеттік субсидия бөлінді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 4,8 миллиард теңге, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай және басқа да тауар-материалдық құндылықтарының құнын арзандатуға – 3 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруға – 1,4 миллиард теңге, элиталық тұқым шаруашылығына 0,4 миллиард теңге бағытталды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне атқарушы билік әрдайым көмек көрсетіп тұратын болады.
– Мол астық алған соңғы жылдары диқандардың алдынан бидайды сақтау мәселесінде үнемі қиындықтар туындауда. Қоймалар тапшылығы қалай шешілуде?
– Бұл мәселені шешу үшін облыста 2006 жылдан бастап элеваторлар мен астық сақтау қоймаларының құрылысы, сондай–ақ қолданыстағы элеваторлар мен астық сақтау қоймаларын жаңғырту бойынша үлкен жұмыс жүргізіле бастады.
Былтыр Жамбыл ауданында индустрияландыру картасы аясында «Кид трейд» серіктестігінің 52 мың тоннаға шақталған элеваторы қолданысқа берілсе, Аққайың ауданында «Иван Зенченко» серіктестігінің элеватор кешені ашылды. Астық қабылдау кәсіпорны қоймасының сыйымдылығы – 30 мың тонна. Осы уақыттың ішінде барлығы 17 астық қабылдау кәсіпорны, 20 жаңа үлгідегі астық сақтау қоймасы мен қамбалар салынды, сондай-ақ бес элеватор жаңғыртылды.
Осының барлығы астықты сақтаудың көлемін 763 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қазір облыста 53 элеватор жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 3 миллион 400 мың тонна астықты сақтауға болады.
Элеваторлардың құрылысы биыл да жалғасын таппақ. 2012 жылы жаңа астық қабылдау кәсіпорындарын енгізу есебінен астық сақтау қоймаларының сыйымдылығын 138 мың тоннаға өсіру көзделуде, бұдан басқа, 2012-2013 жылдары «Азық–түлік келісімшарт корпорациясы» тағы да 300 мың тоннаға арналған элеваторлардың құрылысын және оны жаңғыртуды жоспарлап отыр.
– Агроөнеркәсіп саласын әртараптандыруды қолға алған облыстардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Дәнді дақылдармен бірге майлы және бұршақты дақылдар, жем-азықтық шөптер өсіру өз тиімділігін көрсете алды ма?
– 2011 жылғы 11 қарашада өткен Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарының алқаптарын әртараптандыруға қатысты Елбасының берген тапсырмаларын орындау үшін облыста 2012-2016 жылдарға арналған іс-шаралар әзірленді.
Облыс аумағындағы дәнді дақылдардың егіс алқаптары қазір 4,5 миллион гектарды құрайды, оның ішінде дәнді дақылдар мен дәнді бұршақ дақылдар 3,9 миллион гектарға жуық алқапты қамтиды. Майлы дақылдардың алқабы 29 мың гектарға өсіп, 328 мың гектарды құрамақ. Ал картоптың алқабы 28 мың гектарды құрайды, жем-азықтық дақылдар 47 мың гектарға өсіп, 300 мың гектарға дейін ұлғаймақ.
Майлы дақылдардың арасында рапсқа бүкіл әлемде сұраныс жоғары. Бидай мен рапстың салыстырмалы көрсеткіштері осы перспективалы дақылдарды өсірудің жоғары экономикалық тиімділігін растайды.
– Биылғы көктемгі егіске облыс диқандарының дайындығы қалай? 2012 жыл диқандар үшін қандай жыл болмақ?
– Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты 2011 жылғы жазғы-күзгі кезеңнен бастады. 2011жылы 401 мың гектар алқап төрт рет өңделді, 1,1 миллион гектар алқап сүдігер жыртылды.
2012 жылғы дән себуге облыстағы шаруашылықтардың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін 546 мың тонна дәнді дақылдардың тұқымы төгілді. Сақтауға салынған барлық тұқымдар сұрыпталған. Дәнді дақылдар тұқымдарының 93 пайызы 1-інші және 2-інші сыныпты болып табылады. Облыстың элиталық тұқым шаруашылықтары 2011 жылы 30 мың тонна элиталық тұқым әзірледі.
Облыстағы 33,8 мың тонна минералды тыңайтқышты субсидиялауға 1 миллиард теңге қаражат бөлінді. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері отандық тыңайтқыш өндірушілермен минералды тыңайтқыштарды сатып алуға шарт жасады. Қазіргі уақытта төлеу және оны зауыттардан тиеп арту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл ылғалды үнемдейтін нөлдік технология 3,4 миллион гектар алқапта жүзеге асырылатын болады. 2012 жылы азық дақылдарды, картоп пен көкөністерді суару арқылы өсірудің жоспарланған алқаптары облыс бойынша 3390 гектарды құрайды. Көкөністер мен картопты тамшылап суаруды қолданумен өсірудің заманауи технологиялары игерілуде. Егер 2011жылы тамшылап суару 260 гектарда қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 289 гектарға жеткізілмек.
2012 жылы арамшөптерге қарсы 2,8 миллион гектардан астам алқапта химиялық өңдеуді жүргізу жоспарланса, зиянкестер мен ауруларға қарсы 1,8 миллион гектарға өңдеу жүргізілмек.
Облыстағы шаруашылықтардың машина-трактор паркі жыл санап жаңарып келеді. 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін 106 миллиард теңгенің 10 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді. Биылғы жылы агроқұрылымдар 1,2 миллиард теңгеге 121 заманауи техниканы сатып алды. Биыл көктемгі егіс жұмыстары кезінде алқаптарға заманауи 920 бидай себу кешені шықпақ, олар 2,8 миллион гектарға дән себеді.
Биылғы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін диқандарға Үкімет тарапынан нақты баға бойынша 65 мың тонна көлемінде дизельдік отын бөлінді.
– Келесі сауал ТМД елдерінің бірінде де жоқ «Биохим» зауыты туралы болмақ. Салынғанына бес-алты жыл өтпей жатып, банкрот болды. Миллиардтар жұмсап салған зауыт неге жабылып тынды?
– «Биохим» кешені өндірістік қызметін 2007 жылы бастады. Бұл кәсіпорын биоэтанол алу және биобензинді өндірумен қатар жоғары сыныпты тамақ және жем-азық өнімдерін селективті бөле отырып, кез келген сападағы астық дақылдарын терең өңдейтін кешен болып табылады.
Әлемдік қаржы дағдарысы бұл кәсіпорынның төлем қабілеттілігіне жағымсыз ықпал жасады, сөйтіп, «BIOHIM компаниясы» АҚ-ның қомақты кредиторлық берешегінің құрылуына және «Қазақстан Даму банкі» АҚ қарыздарының дефолтына әкеліп соқты.
Компанияның ағымдағы қызметін әрі қарай ұстау үшін жеткілікті айналым қаражатының тапшылығы кешеннің өндірістік қызметінің тоқтауына себеп болды. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты шығарған компанияның берешегін Қазақстан Даму банкі пайдасына өндіртіп алу туралы күшіне енген шешімі бар. Сондай-ақ сот-бухгалтерлік сараптама өткізу туралы шешім шығарылды. Бүгінгі таңда компания банкрот деп танылған жоқ.
– Ауылдық жерлерде егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамыту қолға алынды. Шаруалар шетелдерден сиыр сатып алуда. Бағасы қымбат шетелден әкелінген сиырлар өз құнын қаншалықты ақтай алады?
– Аққайыңдар өлкесінің мал шаруашылығы саласы қарқынды түрде дамып келеді. «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің және «Тайынша астықтың» сүт кешендері – үлгілі шаруашылықтардың бірі. «Леонов» шаруа қожалығы, «Нұрсен Агро», «Сби агро Ташкентка», «Петерфельд агро», «Заградовское», «Азия Тарангул» серіктестіктері де мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуда.
Былтыр облыста 96 мың тонна ет, 555 мың тонна сүт және 393 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Солтүстік Қазақстан облысы республикада жан басына шаққандағы сүт өндірісі бойынша бірінші, ал ет және жұмыртқа бойынша екінші орын алады. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2011 жылы экспортқа негізделген ірі қара мал шаруашылығын дамыту жобасы қолға алынды. Оның аясында былтыр өңірге 10 мыңнан аса ірі қара жеткізілді. Оның 2700-і – шетелдік асылтұқымды мал. 1400 басқа арналған үш ірі асылтұқымды репродуктор ферма ашылды.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2016 жылға дейін етті экспорттау көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Осы бағытта Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында көптеген жоба жүзеге аспақ. Биыл облыста 10 мың басқа шақталған мал бордақылайтын алаңдар, 4 мың басқа арналған шаруашылық репродуктор ашу және фермерлік шаруашылықтар есебінен 15,5 мың бас ірі қара мал алу жоспарланған. Шетелден ірі қара сатып алу жұмысы өз нәтижесін берді. Бір ғана мысал, «Зенченко и К» командиттік серіктестігіндегі сүт кешенінде Канада елінен әкелінген гольштино-фриз тұқымды бір сиыр жылына 7,5 мың литрден астам сүт береді.
– Бала тууды арттыруға бағытталған бағдарламаны жүзеге асырып жатырсыздар. Еліміздегі тұңғыш жобаның алғашқы нәтижелері туралы айтуға бола ма?
– Бала тууды ынталандыру жөніндегі «Ұрпақ қоры» бағдарламасы 2010 жылдан жүзеге асып келеді. Бұл жоба 2014 жылға дейін жалғаспақ. Аталмыш бағдарлама біздің республикамызда бірегей болып табылады. Бағдарлама төртінші баланың тууына байланысты отбасындағы әрбір кәмелетке толмаған балаға 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек төлеуді және жылына 10% өсіммен кәмелет жасқа толғанға дейін ақшалай қаражатты депозиттерге аударуды көздейді. Құжат қабылданған кезеңнен 2012 жылғы 1 наурызға дейін 746 көпбалалы отбасыда 775 сәби дүниеге келді. Екі жылдың ішінде бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен сомасы 723,6 миллион теңге, соның ішінде облыстық бюджеттен 700 миллион теңге және аудандық бюджеттерден 23,6 миллион теңге қаржы бөлінді. Биылғы 1 наурызға дейін 2585 сәбидің депозиттеріне қаржы аударылды. 2012 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 208,6 миллион теңге бөлінді.
– Өңірдің рухани өміріне байланысты сауал: облыс бойынша, оның ішінде Петропавл қаласында қазақ мектептеріне деген сұраныс өте жоғары екені баспасөзде жазылуда. Ана тілінде білім алғысы келген қаракөздеріміздің мәселесі қалай шешіледі?
– Облысымызда өз ана тілінде білім алу үшін қаракөздерімізге мейлінше жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыста 601 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 147-сі (24,4%) қазақ тілінде білім берсе, 125-і (20,8%) аралас тілде білім береді. Бұл мектептерде 21,3 мың бала өз ана тілінде білім алып жатыр, бұл 64,0%-ды құрайды. Жыл сайын өз ана тілінде білім алушылар қатары өсуде: 2008 ж. – 56,9%-ды, 2011 ж. – 64,0%. Аталмыш көрсеткіш орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ сыныптары мен мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбие беретін дайындық топтарын ашу есебінен өсіп отыр.
Аралас мектептердің саны 109-дан 125-ке дейін өсті. Алдымыздағы оқу жылында 7 мектепте 64 оқушыға арналған сыныптар ашу жоспарланып отыр. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, аталмыш шара қосымша қаражатты қажет етпейді.
Қазіргі уақытта 120 орындық жатақханасы бар 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл мектепте де білім қазақ тілінде беріледі. Бүгінгі күні ұлты қазақ балалардың 36 пайызы орыс тілінде білім алып жатыр. Бұл – қазақ отбасылары аз шоғырланған елді мекендердің есебінен болып отырған жағдай. Ал қазақтар тығыз тұратын жерлерде қазақ мектептерін ашу қиындық туғызбайды. Осыған байланысты бұл жерлерде алдымен мектепке дейінгі мекемелерде қазақ топтарын көбейту жұмысы қолға алынды.