Бидаймен салыстырғанда майлы дақылдар өсіру экономикалық жағынан тиімді

Бидаймен салыстырғанда майлы дақылдар өсіру экономикалық жағынан тиімді

Серік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті Серік Сұлтанғазыұлы, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ең астықты өңірлердің бірі екені даусыз. Осы агроөнеркәсіп саласын одан әрі дамыту жайы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы халықты жұмыспен қамту, экономикалық маңызы мен азық-түлік қауіпсіздігі бойынша халықтық шаруашы­лық­тың жетекші салаларының бірі болып табылады. Біздің облыста дәнді дақылдар өсіру, сондай-ақ майлы дақылдардың, азық дақылдардың, картоп пен көкөніс­тер­дің өндірісіне басым­дық беріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев агро­өнеркәсіп кешеніне көп көңіл бөледі. Жыл сайынғы мемлекеттік қолдау аграр­лық сек­торды дамытуға ықпалын тигізеді.
Былтыр ауыл шаруашылығының өнім көлемі 350 миллиард теңгеден асып жығылды. Бұл – еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Бұл жетістікке, әрине, біздің диқандар өздерінің елеулі үлестерін қосты. Мерейтойлы жылда аграрлықтар қажырлылық пен ұйымшылдық көрсетіп, ерлік жасады десек артық айтқанымыз емес. Өңір тарихында тұңғыш рет егін алқаптарынан 8 миллион 854 мың тонна бидай жинап алынды. Гектар берекелігі 22,7 центнерді құрады.
Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ болғасын, табысы да толағай. Барлық жетістік былтыр Астана қаласында өткен «Қараөткел – 2011» жәрмеңкесінде паш етілді. Оның қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы «Үздік павильон», «Үздік киіз үй», «Ұлттық салт–дәстүр» аталымдарында жеңімпаз атанса, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруа­шылығы тәжірибе стансысы үздік тұқым шаруа­шылығы» атты алтын медальға ие болды.
Аграрлық секторды одан әрі дамыту басым бағыттардың бірі. Биылғы жылы бұл салаға 6,9 миллиард теңге бюджеттік субсидия бөлінді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 4,8 миллиард теңге, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай жә­не басқа да тауар-материалдық құнды­лық­тарының құнын арзандатуға – 3 мил­лиард теңге, өсімдік шаруашылығы өні­мінің шығымдылығы мен сапасын арт­тыруға – 1,4 миллиард теңге, элиталық тұ­қым шаруа­шы­лығына 0,4 миллиард тең­ге ба­ғыт­талды. Ауыл шаруашылығы еңбек­кер­леріне атқа­рушы билік әрдайым көмек көр­сетіп тұра­тын болады.
– Мол астық алған соңғы жылдары диқандардың алдынан бидайды сақ­тау мәселесінде үнемі қиындықтар туын­дауда. Қоймалар тапшылығы қа­лай шешілуде?
– Бұл мәселені шешу үшін облыста 2006 жылдан бастап элеваторлар мен ас­тық сақтау қоймаларының құрылысы, сондай–ақ қолданыстағы элеваторлар мен астық сақтау қоймаларын жаңғырту бо­йынша үлкен жұмыс жүргізіле бастады.
Былтыр Жамбыл ауданында индустрия­ландыру картасы аясында «Кид трейд» серіктестігінің 52 мың тоннаға шақталған элеваторы қолданысқа берілсе, Аққайың ауданында «Иван Зенченко» серіктестігінің элеватор кешені ашылды. Астық қабылдау кәсіпорны қоймасының сыйымдылығы – 30 мың тонна. Осы уақыттың ішінде бар­лығы 17 астық қабылдау кәсіпорны, 20 жаңа үлгідегі астық сақтау қоймасы мен қам­балар салынды, сондай-ақ бес элеватор жаңғыртылды.
Осының барлығы астықты сақтаудың көлемін 763 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қазір облыста 53 элеватор жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 3 миллион 400 мың тонна астықты сақтауға болады.
Элеваторлардың құрылысы биыл да жалғасын таппақ. 2012 жылы жаңа астық қабылдау кәсіпорындарын енгізу есебінен астық сақтау қоймаларының сыйымдылы­ғын 138 мың тоннаға өсіру көзделуде, бұ­дан басқа, 2012-2013 жылдары «Азық–түлік келісімшарт корпорациясы» тағы да 300 мың тоннаға арналған элеваторлардың құрылысын және оны жаңғыртуды жоспарлап отыр.
– Агроөнеркәсіп саласын әр­тарап­тан­дыруды қолға алған об­лыс­тардың бірі – Солтүстік Қазақ­стан облысы. Дән­ді дақыл­дармен бірге майлы және бұр­шақты дақыл­дар, жем-азықтық шөп­тер өсіру өз тиімділігін көрсете алды ма?
– 2011 жылғы 11 қарашада өткен Агро­өнеркәсіп кешені қызметкерлерінің фо­румында ауыл шаруашылығы дәнді дақыл­дарының алқаптарын әртарап­тан­дыруға қатысты Елбасының берген тапсыр­маларын орындау үшін облыста 2012-2016 жылдарға арналған іс-шаралар әзір­ленді.
Облыс аумағындағы дәнді дақылдар­дың егіс алқаптары қазір 4,5 миллион гектарды құрайды, оның ішінде дәнді дақыл­дар мен дәнді бұршақ дақылдар 3,9 миллион гектарға жуық алқапты қамтиды. Май­лы дақылдардың алқабы 29 мың гек­тарға өсіп, 328 мың гектарды құрамақ. Ал картоптың алқабы 28 мың гектарды құ­райды, жем-азықтық дақылдар 47 мың гек­тарға өсіп, 300 мың гектарға дейін ұл­ғаймақ.
Майлы дақылдардың арасында рапс­қа бүкіл әлемде сұраныс жоғары. Бидай мен рапстың салыстырмалы көрсеткіштері осы перспективалы дақылдарды өсірудің жо­ғары экономикалық тиімділігін растайды.
– Биылғы көктемгі егіске облыс ди­қан­дарының дайындығы қалай? 2012 жыл диқандар үшін қандай жыл бол­мақ?
– Облыстың ауыл шаруашылығы құры­лымдары көктемгі егіс жұмыстарына да­йындықты 2011 жылғы жазғы-күзгі кезең­нен бастады. 2011жылы 401 мың гектар ал­қап төрт рет өңделді, 1,1 миллион гектар алқап сүдігер жыртылды.
2012 жылғы дән себуге облыстағы шаруа­шылықтардың қажеттілігін толығы­мен қамтамасыз ететін 546 мың тонна дәнді дақылдардың тұқымы төгілді. Сақ­тауға салынған барлық тұқымдар сұрып­талған. Дәнді дақылдар тұқымдарының 93 пайызы 1-інші және 2-інші сыныпты болып табы­лады. Облыстың элиталық тұқым шаруа­шылықтары 2011 жылы 30 мың тон­на элиталық тұқым әзірледі.
Облыстағы 33,8 мың тонна минералды тыңайтқышты субсидиялауға 1 миллиард тең­ге қаражат бөлінді. Облыстың ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері отандық тыңайтқыш өндірушілермен минералды тыңайтқыштарды сатып алуға шарт жасады. Қазіргі уақытта төлеу және оны зауыттардан тиеп арту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл ылғалды үнемдейтін нөлдік технология 3,4 миллион гектар алқапта жү­зе­ге асырылатын болады. 2012 жылы азық дақылдарды, картоп пен көкөністерді суару арқылы өсірудің жоспарланған алқап­тары облыс бойынша 3390 гектарды құ­рай­ды. Көкөністер мен картопты тамшылап суаруды қолданумен өсірудің зама­науи технологиялары игерілуде. Егер 2011жы­лы тамшылап суару 260 гектарда қол­данылса, биыл бұл көрсеткіш 289 гектарға жеткізілмек.
2012 жылы арамшөптерге қарсы 2,8 мил­лион гектардан астам алқапта хи­мия­лық өңдеуді жүргізу жоспарланса, зиянкестер мен ауруларға қарсы 1,8 миллион гектарға өңдеу жүргізілмек.
Облыстағы шаруашылықтардың машина-трактор паркі жыл санап жаңарып келеді. 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін 106 миллиард теңгенің 10 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді. Биылғы жылы агроқұрылымдар 1,2 миллиард теңгеге 121 заманауи техниканы сатып алды. Биыл көктемгі егіс жұмыстары кезінде алқаптарға заманауи 920 бидай себу кешені шықпақ, олар 2,8 миллион гектарға дән себеді.
Биылғы жылдың көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізу үшін диқандарға Үкімет тарапынан нақты баға бойынша 65 мың тонна көлемінде дизельдік отын бөлінді.
– Келесі сауал ТМД елдерінің бірінде де жоқ «Биохим» зауыты туралы болмақ. Салынғанына бес-алты жыл өтпей жатып, банкрот болды. Миллиардтар жұмсап сал­ған зауыт неге жабылып тынды?
– «Биохим» кешені өндірістік қыз­метін 2007 жылы бастады. Бұл кәсіпорын биоэтанол алу және биобензинді өндірумен қатар жоғары сыныпты тамақ және жем-азық өнімдерін селективті бөле отырып, кез келген сападағы астық дақылдарын терең өңдейтін кешен болып табылады.
Әлемдік қаржы дағдарысы бұл кәсіп­орынның төлем қабілеттілігіне жағымсыз ықпал жасады, сөйтіп, «BIOHIM компания­сы» АҚ-ның қомақты кредиторлық бере­ше­гінің құрылуына және «Қазақстан Даму банкі» АҚ қарыздарының дефолтына әке­ліп соқты.
Компанияның ағымдағы қызметін әрі қарай ұстау үшін жеткілікті айналым қа­ра­жатының тапшылығы кешеннің өн­дірістік қызметінің тоқтауына себеп болды. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облыстық аудан­аралық маманданды­рылған экономикалық соты шығарған компанияның берешегін Қазақстан Даму банкі пайдасына өндіртіп алу туралы күшіне енген шешімі бар. Сон­дай-ақ сот-бухгалтерлік сараптама өткізу туралы шешім шығарылды. Бүгінгі таңда компания банкрот деп танылған жоқ.
– Ауылдық жерлерде егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамыту қолға алынды. Шаруалар шетелдерден сиыр сатып алуда. Ба­ғасы қымбат шетелден әкелінген сиырлар өз құнын қаншалықты ақ­тай алады?
– Аққайыңдар өлкесінің мал шаруашы­лығы саласы қарқынды түрде дамып келеді. «Зенченко және К» коммандиттік се­ріктестігінің және «Тайынша астықтың» сүт кешендері – үлгілі шаруашылықтардың бірі. «Леонов» шаруа қожалығы, «Нұрсен Аг­ро», «Сби агро Ташкентка», «Петерфельд агро», «Заградовское», «Азия Тарангул» се­рік­тестіктері де мал шаруашы­лығын дамы­туға үлес қосуда.
Былтыр облыста 96 мың тонна ет, 555 мың тонна сүт және 393 миллион дана жұ­мыртқа өндірілді. Солтүстік Қазақстан облысы республикада жан басына шақ­қан­дағы сүт өндірісі бойынша бірінші, ал ет және жұмыртқа бойынша екінші орын алады. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2011 жылы экспортқа негізделген ірі қара мал шаруашылығын дамыту жобасы қолға алынды. Оның аясында былтыр өңірге 10 мыңнан аса ірі қара жеткізілді. Оның 2700-і – шетелдік асылтұқымды мал. 1400 басқа арналған үш ірі асылтұқымды репродуктор ферма ашылды.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2016 жылға дейін етті экспорттау көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Осы бағытта Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында көптеген жоба жүзеге аспақ. Биыл облыста 10 мың басқа шақталған мал бордақылайтын алаңдар, 4 мың басқа арналған шаруашылық репродуктор ашу және фермерлік шаруашы­лық­тар есебінен 15,5 мың бас ірі қара мал алу жоспарланған. Шетелден ірі қара сатып алу жұмысы өз нәтижесін берді. Бір ғана мысал, «Зенченко и К» командиттік серіктестігіндегі сүт кешенінде Канада елінен әкелінген гольштино-фриз тұқымды бір сиыр жылына 7,5 мың литрден астам сүт береді.
– Бала тууды арттыруға бағыт­талған бағдарламаны жүзеге асырып жатырсыздар. Еліміздегі тұң­ғыш жобаның алғашқы нәтижелері туралы айтуға бола ма?
– Бала тууды ынталандыру жөніндегі «Ұрпақ қоры» бағдарламасы 2010 жылдан жүзеге асып келеді. Бұл жоба 2014  жылға дейін жалғаспақ. Аталмыш бағ­дар­лама біздің республикамызда бірегей болып табылады. Бағдарлама төртінші бала­ның тууына байланысты отбасындағы әр­бір кәмелетке толмаған балаға 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек төлеуді және жылына 10% өсіммен кәмелет жасқа толғанға дейін ақшалай қаражатты депозиттерге аударуды көз­дей­ді. Құжат қабылданған кезеңнен 2012 жыл­ғы 1 наурызға дейін 746 көпбалалы от­басыда 775 сәби дү­ниеге келді. Екі жыл­дың ішінде бағ­дар­ламаны жүзеге асыруға бюджеттен сомасы 723,6 миллион теңге, со­ның ішінде облыстық бюджеттен 700 миллион теңге және аудандық бюджеттерден 23,6 миллион теңге қаржы бөлінді. Биылғы 1 нау­рызға дейін 2585 сәбидің депозитте­ріне қаржы аударылды. 2012 жылы бағ­дар­ламаны жүзеге асыруға 208,6 миллион теңге бөлінді.
– Өңірдің рухани өміріне байланысты сауал: облыс бойынша, оның ішінде Петропавл қаласында қазақ мектептеріне деген сұраныс өте жоғары екені баспасөзде жазылуда. Ана тілінде білім алғысы келген қа­ра­көздеріміздің мәселесі қалай ше­шіледі?
– Облысымызда өз ана тілінде білім алу үшін қаракөздерімізге мейлінше жағ­дай жасалуда. Қазіргі таңда облыста 601 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 147-сі (24,4%) қазақ тілінде білім берсе, 125-і (20,8%) аралас тілде білім береді. Бұл мектептерде 21,3 мың бала өз ана тілінде білім алып жатыр, бұл 64,0%-ды құрайды. Жыл сайын өз ана тілінде білім алушылар қатары өсуде: 2008 ж. – 56,9%-ды, 2011 ж. – 64,0%. Аталмыш көрсеткіш орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ сыныптары мен мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбие беретін дайындық топтарын ашу есебінен өсіп отыр.
Аралас мектептердің саны 109-дан 125-ке дейін өсті. Алдымыздағы оқу жылында 7 мектепте 64 оқушыға ар­нал­ған сыныптар ашу жоспарланып отыр. Тә­жіри­бе көрсетіп отырғандай, атал­мыш шара қосымша қаражатты қа­жет етпейді.
Қазіргі уақытта 120 орындық жатақ­ха­насы бар 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл мектепте де білім қазақ тілінде бері­леді. Бүгінгі күні ұлты қазақ балалардың 36 пайызы орыс тілінде білім алып жатыр. Бұл  – қазақ отбасылары аз шоғырланған елді мекендердің есебінен болып отырған жағдай. Ал қазақтар тығыз тұратын жерлерде қазақ мектептерін ашу қиындық туғызбайды. Осыған байланысты бұл жерлерде алдымен мектепке дейінгі мекемелерде қазақ топтарын көбейту жұмысы қолға алынды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста