Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ

Ермұханбет Омаров, Мәжіліс депутаты:

– Ермұханбет Омарұлы, жалпақ жұрт жанармайды өсімдіктен өн­діріп жатқанда, біздегілер бидайды қолайлы көріп, «үшінші сұрыптағы сары алтыннан биоотын аламыз» дегенде алғашқы қарсылық таныт­қан өзіңіз едіңіз. Өйткені біздегі бидайдың 70 пайызға жуығы үшінші сортты өнім екені белгілі. Жанармай көздеріне балама жасап, экологиялық жағынан таза биоотын өндіру құптарлық іс. Алайда бізге биоотынды бидайдан өзге өнімдерден өндіруге болмай ма?
– Қазіргі кезде энергияның басты көзі мұнайдан алынатын өнімдер екені белгілі. Мұнай өнімдерін пайдаланудың жыл сайын өсе түсуіне байланысты ауаның улы газдармен, ауыр металдармен және күкірт­пен ластануы еселеп ұлғаюда.
Биоотын өндірісінің дамуына мұнай баға­сының өсуімен қатар, әлемдегі дамы­ған елдердің мұнай өндірушілерінен тәуел­­ділігін азайту және қоршаған орта­ның экологиялық тұрақтылығын сақтау тал­пы­нысы ықпалын тигізді. Көптеген елдерде биоотын өнеркәсібін құру және дамыту бағытындағы ұлттық бағдар­ламалар қабыл­данған.
Отынның балама түрлерін игеру ұлттық қауіпсіздікті нығайту шеңберіндегі іс-шаралар ретінде қарастырылуда. АҚШ-та, Бразилияда, Еуроодақта ондаған биоотын өндіретін зауыттар жұмыс істеуде. Бұл елдерде жанармайдағы биоотынның үлесін реттейтін арнайы заңдар қабыл­данған.    Биоотын өнді­ру­ді кейінгі жылдары Украина, Ресей және Беларусь елдері де қолға алған. Біздің еліміз де бұл істен тыс қалған жоқ. Республикада биоотын өндірісі бойынша екі зауыт бар. 2003 жылы Тараз қаласындағы «БМ» ЖШС компаниясы қуат­тылығы жылына 25 мың тонна био­этанол өндіретін зауыт салған. Бұл – пост­кеңестік кеңістік аумағындағы бидай асты­ғын терең өңдеу бойынша алғашқы тәжірибе. 2007 жылдан бері еліміздегі биоотын өндіруші «Биохим» зауыты жұмыс істеп жатыр. Қуаты бойынша ол жылына 220 мың тоннаға дейінгі дәнді өңдеп 57 мың тонна биоэтанол өндіре алады.
2010 жылы «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға қол қойылды. Бұл Заң қоршаған ортаны қорғау және тамақ шикізатынан биоотын өндіру барысында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Ауыл шаруашылығын өркендетудің ин­дустриялық бағытын ұстап отырған біздің еліміз үшін биоотын өндірудің маңызы өте зор. Биоотынға деген әлемдік сұраныс та өте жоғары, осы саланы дамыту және қосымша құнның өсуі арқылы ауыл шаруа­шылығы кешенінің пәрменді дамуына жол ашылатыны сөзсіз.
Дегенмен еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігі әр уақытта бірінші орында тұруы керек. Содан болар, аталған заңды тал­қылау барысында биоотын өндірісінің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпеуі үшін квота белгілеуге, сондай-ақ 3-сұрыпты (класс) бидайды биоотын өндірісіне пай­далануға тыйым салу туралы пікір­таластар көп болды. Өзіңіз айтып кеткендей, рес­публикамыздағы жыл сайын өндірілетін бидайдың 70-75 пайызы – 3-сұрыпты бидай. Сон­дықтан заңда биоотын саласын дамы­тудың маңызды мәселелері қарас­тырылған. Мысалы, онда Үкіметке био­отын өндірісі бойынша өндірістік қуат­тардың шекті көлемдерін айқындауға, сондай-ақ еліміз­дің азық-түлік қауіп­сіздігіне қатер төнген жағдайда кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайда­ланатын тамақ шикізатына квоталар белгілеуге мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған.
– Бұдан шығар қорытынды, біздегі бидайдың көбі жердің құнарсызды­ғынан үшінші сортта қалып қойып отыр ғой. Өзіміздің тыңайтқыштар стан­дартқа сай емес деп шеттен тасып жатырмыз. Жердің құнарын арттырып, сапалы бидай алуымызға шетелдік тыңайтқыштар да көмектесе алмай ма сонда?
– Бидайдың сапасын жақсарту үшін оны өсіру кезінде агрохимиялық техно­логияларды, оның ішінде өзіңіз айтып кеткендей, жердің құнарлылығын арт­тыруды қолдану қажет. Бидай еккен учас­кеде тағамды заттар мен пайдалы микроэлементтер неғұрлым тең болса, солғұрлым бидайдың шығымдылығы мен сұрыптылығы жақсы болады.
Дәнді дақылдардың сапасына қуаң­шылық та әсерін тигізеді. Бірақ климаттық жағдайлардан басқа бидай сапасына бірқатар факторлар да себепші болады. Олар – екпелі дәннің сапасы, гербицид және пестицидтермен өңдеу, сондай-ақ барлық операцияларды орындау мер­зімдері мен сапалылығы. Топыраққа азот тыңайтқыштары мен өзге де тағамдық заттардың қажетті мөлшерін себу бидай протеинін (ұлпасын) көтерсе, уақытында пестицидтермен екі рет өңдеу дән ұлпа­сымен қоса, жалпы оның сапасын арт­тыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның егістік алаңын қамта­масыз ету үшін жыл сайын 2,6 млн тонна минералды тыңайтқыштар қажет екен. Соңғы жылдардағы мәліметтерге сүйен­сек, минералды тыңайтқыштарды суб­сидиялау бюджеттік бағдарлама бойынша 2009 жылы 3,6 млрд теңге бөлінген. Алайда сол бюджеттік бағдарламаны іске асыру барысында бөлінген соманың 2,9 млрд теңгесі ғана игеріліп, 0,7 млрд теңгесі қысқартылған.
– Бөлінген қаражаттың толықтай игерілмеу себебі неде?
– Бөлінген қаражаттың игерілмеуінің негізгі себебі: минералды тыңайт­қыш­тардың қымбаттылығы, ауыл шаруа­шылығы өндірушілерінің ақша қара­жатының жеткіліксіздігі, олардың тыңайтқыштарды отандық емес басқа өндірушілерден алуы болды.
2010 жылы өндірілетін ауыл шаруа­шылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдау ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ми­нералды тыңайтқыштарды отандық өндіруші зауыт­тардан ғана емес, шетелдік өндіру­шілерден де алуын субсидиялау арқылы жүзеге асырылды. Зауыттардан ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілері тың­айтқыш­тарды ар­зандатылған бағамен алып отырса, шетел­дік өндірушінің өнімін әкелушіден тыңайт­қыштар толық баға­сына алынған. Себебі бірінші жағдайда субси­диялар зауытқа төленсе, екіншісінде ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне төленген. Осы ретте отандық зауытқа да, ауыл шаруашылығы өндірушісіне де қолдау көрсетілген.
– Қазақ – малжанды халық. Дегенмен де қазіргі заман талабы етті малды көп өсіріп, өзіміздің ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспортта да бәсекеге қабілетті болуға үндеп отыр. Халыққа биылғы Жолдауын­да Елбасымыз етті мал шаруа­шылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жобаның жүзеге асырылатындығын атап өтті. 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткіземіз деп межелеп отырмыз, бұл 4 мил­лион тонна бидай экспортына тең екен. Осы ауқымды жобадан ауылдағы ағайын қалыс қалып қоймай ма? Ауылдағы шаруа­ларды етті мал өсіруге бейімдеудің нақты қандай механизмдерін қолға алғанымыз дұрыс?
– Мал шаруашылығы – еліміздің ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыт­тарының бірі. Мал ұстау, оны өсіру халқы­мыздың қанына ежелден сіңген. Қазақ­стандағы малдың 80-85 пайызы қосалқы шаруашылықтардың қолында шоғыр­ланған. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, мал­дың сапасын арттыруға кедергі болатын біраз проблемалар бар. Мысалы, жемшөп әзірлеу базасының төмендігі. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің дерек­тері бойынша қазір Қазақстанда әр малдың басына 14 центнердей мал азығы әзірленеді екен. Ол дегеніміз, зоотех­никалық нормадан 2,3 есе кем дегенді білдіреді. Ғылыми негізделген 30 пайыз­дың орнына егіс айналымындағы жемшөп үлесі 11 пайызды құраған.
Сонымен қатар жайылымдардағы жағ­дай да мәз емес. Бүгінгі күні көптеген жайы­лымдық жерлердің құнарлылығы әбден таусылған. Оларды да ара-тұра демалтып, орындарына келтіріп тұру керек қой. Күй­зелген жайылымдарды су­ландыру және шаруашылық айналымға жаңа жайы­лымдар бөлу қажет.
Ауылдағы тағы бір тез арада шешуді талап ететін проблема – мал тұқымын, гене­тикалық әлеуетін жақсарту. Елімізде асыл тұқымды мал шаруашылықтары бұ­рын баршылық еді. Бірақ 90-жылдардың өтпелі кезеңінде қараусыз қалған қайран мал құрып кетті. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын да кез келді. Оны іске асыру үшін қолда бар малдың тұқымды сапасын селекциялық жұмыстар жүргізу арқылы жасарту қажет. Мәселен, ауылда өндіруші бұқаларды қалай болса солай пайдаланып, сәйкесінше, 70 пайызға жуық жағдайда қан аралас будандасуға әкеп соқты. Осының салдарынан ірі қара өнімділігі мен тұқымдылық жағынан оң өзгерістер болмады. Селекциялық және асыл тұқым­дандыру жұмыстары мал шаруашылығына қатысатын барлық шаруашылықтардың қатысуымен бір жерден реттеліп, ортақ методика бойынша жүргізілуі қажет. Ол үшін арнайы бағ­дарлама жасау керек.
Малды асылдандырудың екінші амалы – асыл тұқымды малды шетелден импорттау. Әрине бұл шара мал басын түбегейлі жаңартуға мүмкіндік бермейді. Бірақ әкелінген мал жергілікті малды кең ауқымды асылдандыру процесіне септігін тигізеді. Солар арқылы асыл тұқымды малдар шаруашылықтары мен отбасылық фермалар асыл тұқымды етті, сүтті мал тұқымдары жасақталатын болады.
Қазақстан 2016 жылға қарай елімізден экспортталатын ірі қара мал етінің көлемін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаға жеткізуді мақсат қойып отыр. Соған байланысты Үкімет отандық шаруа­шылықтарда асыл тұқымды және тиімділігі жоғары малдың жеткіліксіздігін ескере отырып, шетелден ірі қара малды әкеліп, ет өндірісіне бағытталған, жоғары тиімді ірі қара мал өсіру шаруашы­лық­тарының желісін құруды жоспарлауда.
Осы істің аясында жоғарғы өнімді мал­дарды өндірумен және бордақылау алаң­дарын толықтырумен айналысатын репро­дуктор шаруашылықтарды құру жоспар­ланған. Сол мақсатта Еуропадан, Авс­тра­лия, АҚШ, Канада сияқты әлемдегі ет индустриясы дамыған елдерден 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал басы сатып алынбақ. Ол үшін еліміздің етті мал шаруа­шылығын дамыту бағдарламасы аясында 130 млрд теңге көлемінде қаржы қарас­тырылған. 2011 жылға бұл қаражаттың 38 млрд теңгесі игерілмек. Нәтижесінде, таяу бесжылдықта 300 мың бас туатын сиыр ұстайтын 2,5 мың шаруа қожалықтарын құру көзделуде. Сонымен қатар импорттық бағыттан бөлек, отандық тұқымның әлеуеті де мейлінше қол­данылатын болады.
Қазақстан үшін ең басты нарықтық әлеуеті зор экспортты бағыт – Ресей болып табылады. Ресей жыл сайын 1,5 млн тонна ет импорттайды екен. Соның ішінде 800 мың тоннасы – сиыр еті. Бес жылдан кейін Қазақстан Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ. Көрші елдердегі етті тұтыну көлемінің жыл сайын артуына орай, Қазақстан мал шаруашылығындағы әле­уетін жандандыруға және сырт мем­лекет­тердің нарығын сиыр етімен қамтамасыз етуге мүдделі болып отыр.
Қазір Қазақстан Кеден одағына мүше болды. Бұл дегеніміз – 170 млн адам құрай­­тын ауқымды өнім өткізу нарығы. Мемлекеттердің өндірістік әлеуеті 600 млрд доллар шамасында. Әсіресе, Қазақ­стан үшін одақтың аграрлық саласының мүмкіндігі маңызды. Тек ауыл шаруашы­лығының жалпы өнім көлемі 112 млрд дол­ларды құрайды, әлемдік бидай өн­дірудің 12 пайызы және бұл – өнімді экс­порттаудың 17 пайызы. Қазақстандық өн­дірушілерге Ресей мен Беларусь нарық­тарына өз өнімдерін молынан экспорттауға мүмкіндік туып отыр.
Қазақстанда малдың 80-85-тей пайы­зы жеке шаруашылықтардың қолын­да деп ай­тып кеттік. Демек, малдың сапа­сын жақ­сарту жөніндегі жұмыстардың соларға да тікелей қатысы бар. Олардың малдарын асылдандыру, ауылдардың маңындағы жайылымдарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуі қажет. Оған қоса, «Жеке қосалқы шаруа­шылық туралы» Заң­­ды тезірек қабыл­дауымыз керек. Мұндай заңдар Ресей мен Беларусьте қабылданған. 2005 жылы біздің Үкіметтің ұсынған заң жобасын Мәжіліс депутаттары қабылдамай қай­тарып жіберген. Себебі жекеменшік қосалқы шаруашылықтарға Үкіметтен ешқандай қолдау көзделмеген болатын. Ресей мен Беларусьте мемле­кеттен қолдау бар. Сондықтан Үкімет Ке­дендік одаққа кіретін Ресей мен Беларусь­тің тәжірибесін ескеріп, жаңа заңның жобасын Парла­ментке ұсыну керек деп ойлаймын.
– Қазақстан бүгінде шикізат дайындаушы қалыптан өндіруші елге айналып келе жатыр. Қазір әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім экспорттаймыз. Ауылшаруа­шылық өнімдерін өндіретін әлем­дегі қуатты 26 елдің қатарына кіреміз. Алайда осы ауылшаруа­шылық өнімдерін тұтыну балан­сында экспорттан импорттың үлесі басым. Демек, біз әлі күнге көп өнімді сырттан аламыз. Осы тұрғыдан алғанда біздің азық-түлік қауіпсіздігіміздің қорғаныш қабілеті қай деңгейде?
– Қазақстан әлемдік нарыққа азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатын ірі өндіруші және жеткізуші болып табылады. Ол Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашы­лығы ұйымы – ФАО-ның мәліметі бойын­ша астықты, картопты, көкөністі, сондай-ақ малшаруашылық өнімдерін – ет пен сүтті негізгі өндіруші әлемнің 26 елінің қатарына кіреді.
Қазіргі кезде ұлттық нормалар бойын­ша негізгі тұтыну өнімдеріне халық­тың мұқтаж­дығы отандық өндіріс есебінен қанағат­тандырылады. Азық-түлік асты­ғының өн­дірісі ішкі қажеттіліктен бірнеше мәрте асып түседі, оның біраз бөлігі әлемдік нарыққа экспортталады.
Алайда бұл жағдай елімізде азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы жоқ дегенді білдірмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма бойынша Қа­зақстанда, нан өнімдері және өсімдік майын қоспағанда, халықтың нақты тұтынысы жан басына шаққанда дамыған елдердегіден төмен.
Елімізде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Солардың бірі – отандық қант мәселесі. Экономикалық сарапшылардың мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде Қазақстандағы қанттың 95 пайызы сырттан әкелінетін қант құрағы­нан, қалған 5 пайызы ғана отандық қант қызыл­шасынан өндіріледі екен. Бізде қазір қант қызылшасы небары 18-20 мың гектар алқапқа ғана егілуде. Тәтті түбірді қазіргі өндіріп отырған 130 мың тоннадан 750 мың тоннаға жеткізсек, сонда ішкі сұраныс 80 пайызға отандық қантпен қамтылар еді.
Тағы бір мәселе – 90-жылдардың ауырт­палығын көтере алмай, көптеген құс фабрикаларының тоқтап қалуы. Осы себептен құс етін сырттан әкелу 70 пайыз­ға дейін жеткен болатын. Сол кемшілікті түзеу үшін арнайы бағдарлама жасалып, жаңа­дан құс фабрикалары салынып, бұрынғы тұрып қалған фабрикаларды қайтадан іске қосудың арқасында қазір құс етін импорттау 40-45 пайызға дейін кеміді. Бағдарлама бойынша алдымыз­дағы екі-үш жылда құс етін импорттау 25-30 пайызға дейін төмендеуі тиіс.
Сондай-ақ қазір Парламентте «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның жобасы қаралуда. Ол келісім үш елдің Бірыңғай экономикалық кeңіcтігi аясында аграрлық саланы субсидиялаудың бірыңғай тәсіл­дерін белгілеуді көздейді және агро­өнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және саудаға бұрма­лаушы әсерін тигізетін шараларды рет­теуге бағытталған.
– Қалай ойлайсыз, біздегі бағаның ырыққа бағынбауын реттеп отыратын нақты тетіктерді іске қосқанымыз дұрыс шығар. Өйткені дамыған елдерде баға реттеу механизмдері тек отандық тауар өндірушінің мүддесін қорғап қоймай, сонымен қатар тұтынушы құқын да қорғайды. Және ең кереметі олардағы баға реттеу саясаты импортты өнімдерді шектеуге қарсы бағытталады. Бәлкім, осындай нақты жүйемен жұмыс істегенде ғана біз де сырттан келетін өнімдердің көлемін шектеп, отандық өндірістің қуатын арттыра алатын шығармыз?
– Негізі, азық-түлік бағасы қазір бүкіл әлемде тұрақсыз болып отыр. Баға барлық жерде өсуде. Дегенмен қазір еліміздің Үкіметі тауарлардың бағасын қолға алу бойынша жұмыстар жасауда. Биылғы жылдың қаңтар айында заңнамаға сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілген болатын. Өзгеріс­тердің мақсаты Қазақстандағы сауда қыз­метін реттеу жүйесін жетілдіру, сыртқы сауда кезінде Қазақстанның экономикалық мүдделерін және отандық тауар­ларды қорғау болды.
Депутаттардың ұсынысымен Үкіметке әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауар­ларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда баға­ларын белгілеу құқығы берілді. Атап айтқанда, Үкімет 90 күннен аспайтын мерзімге облыстың, респуб­ликалық ма­ңызы бар қаланың, Астананың аума­ғында оларға рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін белгілей алады. Сонымен қатар сол шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерін асыр­ғаны үшін ірі сауда объектілерін әкімшілік жауап­кер­шілікке тарту туралы өзгеріс енгізілді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бірінші сортты бидай ұны, бидайдан жасалған нан, макарон өнім­дері, жармалар (қарақұмық, сұлы, ұнтақ, арпа және тары), күріш, картоп, көкөністер (сәбіз, басты пияз, қырыққабат, қызылша), ақ қант, өсімдік майы, ет (сиыр еті, қой еті, құс еті), ішетін сүт, айран, майлылығы аз ірімшік, мәйекті сыр, сары май, жұмыртқа, тұз, шай жатқызылды. Қазір менің білуімше, Үкімет осы Заңды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
–Әңгімеңізге рақмет!

Оқшау ой
Биоотынды бидайдан басқа қамыс құрағы, бидай мен күріш сабаны, жүгері, рапс, ағаш үгінділерінен, қызылша және т.б. өндіруге болады. Мысалы, Бразилия биоэтанолды қант құрағынан өндірсе, АҚШ-та жүгеріні пайдалану кең таралған. Меніңше, биоотынды бидайдан ғана өндіруге болады деген ұстаным дұрыс емес. Сонымен қатар биоотын өндірісі үшін маңызды майлы дақылдың бірі – рапс. Солтүстік аймақтарда оның егіс көлемін 1 млн гектарға жеткізуге болады. Рапспен қатар биодизель өндіруге қыша дақылының тиімділігін айта кеткен жөн. Оның өнімділігі Қазақстанның көптеген аймақтарында рапсқа қарағанда жоғары, құрғақшылыққа төзімді және ерте піседі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста