Басқа елдің компаниясымен жай ғана біріге салу жарамайды

Басқа елдің компаниясымен жай ғана біріге салу жарамайды

Әнуар Шелекбай, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Әнуар аға, бізде өңдеуші саланың кенжелеп қалғаны ешкімге құпия емес. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта біраз серпіліс байқалады. Сіздіңше қалай, қазір өңдеу өнеркәсібі аяғынан тік тұрып келеді деп ауыз толтырып айта аламыз ба?
– Біз шикізатқа бай ел болғандықтан сырттан инвестиция көп келеді, өзіміз де қаржы тартып жатырмыз. Ал инвестиция құрамына қарасақ, бұрындары, негізінен, шикізат саласына, әсіресе мұнай, тау-кен саласына көбірек салынатын. Соңғы төрт жылдан бері өңдеу өндірісіне бет ала бастадық. Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық бағдарламада (ҮИИБ) өңдеуші кәсіпорындарды көптеп іске қосу межелен­ген. Айталық, облыс орталықтарында би­дай­дан макарон шығару, оңтүстікте мақта­дан түрлі тоқыма өнімдерін өндіру, жүн өң­деу саласы ақырындап қолға алына бас­тады. Семейде тері өңдеп, бәтеңке, тон шы­ға­ратын кәсіпорын ашпақшы. Осылай­ша өңдеу өндірістері біртіндеп көбейіп келеді. Бізге ең керегі – көлік. Халықтың, өндіріс ор­ындарының көлікке деген сұранысы жо­ғары. Сондықтан бұл бағытта да біраз шар­уа қолға алынды. Өскемендегі «Азия­Авто» көлік құрастыру зауыты шығаратын «Шевроле» автокөлігі техникалық регла­мент­ке сәйкес келсе, бастапқыда 60 мың данасын шығару жоспарланған. Кейін өн­ді­ріс көлемі одан да ұлғая бермек. Жапон­ның әлемге әйгілі Тойота корпорациясы Қос­танайда «Фортунер» көлігін шы­ғару­ды көздеп отыр. Қарағандыда Ресей­дің «Россельмашы» «Вектор» комбайнын, «Роскос» деген жаңа комбайн түрін, соны­мен қатар түрлі ауылшаруашылық мәши­не­лерін шығаруда. Егер осындай құрастыру зауыттары дұрыс жолға қойылса, біздің ха­лықтың мамандануы өсе бастайды. Ал отандық мамандардың кәсіби біліктілігі артса, кейін ол зауыттар өзімізге басы­бай­лы тиеді деген үміттеміз. Басқа да облыс­тарда өңдейтін өнеркәсіп жолға қойылуда. Павлодарда «Қазақстан электролиз зауы­ты» жұмыс істейді. Соның төңірегінде көп­те­ген шағын кәсіпорындар құрылып жа­тыр. Мәселен, жеңіл автокөлікке арналған дискі жасайтын, кабель жасайтын шағын зауыттар құрылуда. Қарағандыдағы «Ар­се­лор Миттал Теміртау» зауыты жанындағы кішігірім кәсіпорындар радиатор, арматура сияқты өнімдерді шығарып жатыр. Елдің ЖІӨ-нің өсуі, міне, осылардың есебінен көте­рілді. Айта кеткен жөн, дағдарыстың әсерінен ел экономикасы қарқынын біраз төмендеткенімен, қазір қайта көтеріле бас­тады. Дағдарысқа дейін еліміздің жалпы ішкі өнімі – 7-8, тіпті 9 пайызға дейін бар­ған еді. Дағдарыс басталғанда бір пайызға төмендеді. Қазір ЖІӨ – 5 пайыздың төңіре­гінде. Бүкіл қалаларда өндіріс орындары жоспарын біртіндеп ор­ын­дап, еңсесін тік­теп келеді. Дағдарысқа дейінгі қарқын жоқ болса да, келешекте біздегі өңдеуші кә­сіпорындар құлашын кең жаяды деген сенімдеміз.
– Кеден одағы күшіне енгелі отан­дық өндірушінің жағдайы мүшкілденді дейтін пікірмен келісесіз бе?
– Расында да, соңғы бір-екі жылдан бері ең көп талқыланатын мәселе – Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразия экономикалық келісімі. Кеден ода­ғына кіріп те қойдық. Ресейдің тариф­те­рін алдық. Шекара ашық болған соң Ре­сей мен Беларусьтің тауарлары қаптады. Сапасы Қытайдікінен артық емес. Кей та­уар­дың бағасы удай. Қайта Қытайдың та­уа­ры баға жағынан халыққа тиімді еді. Біз де біршама жеңілдіктерді алдық. Мәселен, Кубадан әкелінетін қант құрағына. Деген­мен Кеден одағы мен БЭК-ке кіргеннен кейін біздегі шағын және орта кәсіпорындар тұралай бастады. Бір ғана мысал, біздің қант шығаратын зауыттар өзінің өндірістік қуатын толық қолдана алмай қалды. Өйт­кені Ресейдің өнімі қаптады. «Бизнестің жол картасында» ынталандыру жағы аз бол­ғандықтан ба, Жамбыл мен Алматы об­лысында қант қызылшасын өсіру онша қолға алынбай жатыр. Негізі, қант қызыл­шасынан жасалған қант құрақтан өндіріл­ген түріне қарағанда сапалы әрі өнімді. Қант қызылшасын өсіру көп еңбекті керек етеді. Ал еңбек ететін жастар қалада, базар жағалап жүр.
– Оның үстіне қант қызылшасын өсіру сонау Кубадан қант құрағын жет­кізгеннен қымбатқа түседі деген желеу де айтылады ғой. Осы орайда мынадай бір сауал туындайды: бүйте берсе, өзге де өнімдерді өндіруді тоқтатып, тек им­порт тауарларды тұтынуға көшу қау­пі төнбей ме?
– Кеден одағына кіргенге дейін экспорт импорттан басым түсуші еді. Бұл –заңды құбылыс. Экспорттан түскен қаржы басқа шығындардың бәрін жабады. Өйткені ше­телдік инвестициядан түскен табыс сыртқа кетеді. Сырттан келген жұмыс күші теңге­мен тапқан еңбекақысын долларға айыр­бас­тап сыртқа алып кетеді. Одан кейін өн­дірісті жандандыру үшін құрал-жабдық әкелу керек пе, керек. Міне, осындай шы­ғын­ның бәрін экспорт жабатын. Ал қазір импорттың үлесі басым. Сонда әлгіндей шы­ғындарды немен жабамыз? Әрине, бюд­жеттің есебінен. Сондықтан экспортты ұлғайту үшін отандық өндірісті көтеру керек.
Байқасаңыз, соңғы кезде тауарлардың бағасы қымбаттап жатыр. Оған себеп – жа­нар-жағармайдың бағасы. Жанар-жағар­май қымбаттаса, тауарлар қымбаттай бас­тайды. Ал біздегі үш зауыт ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Оның үстіне жанармай Евро-3, Евро-4 стандартына сай болсын деген талап бар. Ол үшін мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту керек. Пав­лодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жо­ба­сы жасалып, біраз шетелдік компания кі­ріспекші еді. Ол қымбатқа түсті. Ақырын­да Румыния қолға алып, Павлодар МӨЗ-ін жаңғыртуға кіріспекші. Атыраудағы МӨЗ-ді Қытайдың «Синопек инжиниринг» ком­паниясы жаңғыртуда. Бірақ ол шаруа да тым ұзаққа созылып кетті. Содан кейін Қа­ра­батан кен орнында газ-химия кешенін салу жоспарланған. Келешекте ол кешен Атырау зауытының газы мен мұнайын пай­даланып, бензол, ксилол, параксиололды бө­ліп алып, полиэтилен, полипропилен, полихлорид алмақшы. Бұлар өте керек. Ол­ар­дан жіп талшықтарын шығаруға бола­ды. Бізге Қытайдан, Түркиядан костюмдер, киім-кешектер әкеп сатады емес пе. Ол­ардың 70 пайызы – мақта да, қалғаны –пластикаттан алынған талшықтар. Соны өзімізде де алуға болар еді, бірақ кеше­уілдеп жатыр. Қытаймен қарым-қатынас жандана бастады. Енді қайтадан қолға ала­тын шығар. Шымкенттегі МӨЗ – қытай­лардың қолында, олар жаңғыртуға асығар емес. Павлодар зауыты әу бастан Сібірдің мұнайына бейімделген. Жаңғыртылғаннан кейін өз мұнайымызды өңдеуге болады. Бірақ соны жеткізу қиын болып тұр. Атырау – Атасу–Алашаңқай желісі бар десек, Ата­судан 2000 шақырым жерге құбыр салу қажет.
– Әнуар аға, бүгінде бүкіл әлем ин­теграцияға бет бұрды. Кеден одағы да интеграцияға жасалған бір қадам де­сек, ортақ валюта енгізу мәселесіне қа­лай қарайсыз?
– Иә, интеграция – жаһанданудың бір бөлігі. Еуропа, Америка, Азиядағы мем­лекеттер интеграцияға бағыт алды. Бұл мем­лекеттердің бір-біріне инвестиция тар­туына, сауда айналымы мен өндірісті арт­тыру үшін қажет-ақ. Бірақ оны да дұрыс жүр­гізу керек. Еуроодақта сәл-пәл мүлт ке­тіп еді, дағдарысқа ұшырады. Әлі күнге де­йін тығырықтан шыға алмай отыр. Ма­ас­трихт келісімі бойынша Еуроаймаққа кіре­тін мемлекеттердің сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 60 пайызынан аспауы тиіс. Бюджет тапшы­лы­ғы 3 пайыз болуы керек. Грекия, Пор­ту­га­лия, Испания және Италияда бұл кө­рсет­кіштер тым жоғары. Ортақ валюта бол­са, ин­теграциялық үрдісті басқару қи­ын­ға со­ға­ды. Көп мемлекеттер біріккен кез­де ақша-несие, салық, бюджет сая­са­тын жүр­гі­зу қи­ындайды. Осыған көз жет­кіз­геннен кей­бір еуропалық елдер ортақ валю­тадан бас тар­туға дайын. Бірақ оған Герма­ния көн­бей, ор­тақ валютаны сақтап қалуға тыры­суда.
Кеден одағын басқа одақтармен са­лыс­тыратын болсақ, Солтүстік Америкада­ғы NAFTA одағын айтуға болады. Кеден ода­ғында да – үш мемлекет, NAFTA-да – үш мемлекет: АҚШ, Мексика және Канада. Қарап отырсақ, екі одақ та ірі мемлекеттің төңірегінде топтасқан. АҚШ та, Ресей де – алпауыт елдер. АҚШ-тың ЖІӨ-сі – 15 трлн доллар. Канаданың ЖІӨ-сі – 1,7 трлн дол­лар, ал Мексиканікі –1,1 трлн доллар. Сон­да АҚШ-тың ЖІӨ-сі – Мексикадан 15 есе, Канададан 9 есе жоғары. Ресейдің ЖІӨ-сі – 1,8 трлн, Қазақстандікі – 186-185 млрд доллар, Беларусьтікі – 55 млрд доллар. NAFTA-ға кіргеннен кейін Мексика тәуелсіздігінен айырылды десе де болады. Өйткені АҚШ пен Канада – индустриалды мемлекеттер, ал Мексика даму жағынан кенжелеп қалған. Енді индустриялан­дыру­ды қолға алайын десе, Американың транс­ұлттық компаниялары басып алған. АҚШ-тың «Форд», «Дженерал моторс» сияқты трансұлттық компаниялары бұл елде өз бөлімшелерін ашып, өндірісін жүргізіп ке­ле­ді. Ұтқаны – шекара жақын, яғни адам­дардың Америкаға барып жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Бізде Беларусь пен Ресейге қарағанда индустриаландыру енді ғана қолға алына бастады. Енді оның қарқынын жылдамдатпасақ, екі мемлекеттің индус­трия­ландыру деңгейіне жете алмай қала­мыз. ҮИИД бағдарламасына сәйкес, ел іш­ін­де әсіресе өңдеуші саланы алға бас­тыр­сақ, бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндік бар.
Айтпақшы, NAFTA да ортақ валюта енгізбекші еді. Бірақ оған Мексика көнбей тұ­рып алды. Қазір Ресей ортақ валюта енгізгісі келеді. Бірақ ортақ валюта енгізу – қиын шаруа. Жан-жақты талдап, реттеуді керек етеді. Оның үстіне төл валюта – тә­уел­сіздіктің белгісі. Оған тіл мәселесін қо­сыңыз. Ресей компаниялары елімізге ен­деп, өзінің еншілес кәсіпорындарын, бө­лім­шелерін ашса, өндіріс орындары түгел­дей орыс тілінде болатыны сөзсіз. Онда қазақ тілі тоқырайды. Кеден одағында қа­зір 177 функцияны Ресейге бердік. Темір­жол тарифтерін, электр қуаты тарифтерін солар белгілейді. Шығарған өнімдер тех­ни­калық регламентке сәйкес келуі керек. Әу баста Еуразия экономикалық комис­сиясында біздің тарап өз талабын қойып, өзімізге жетіспей жатқан нәрсенің бәрі ескерілуі тиіс еді.
– Одақ аясында бірлескен кәсіп­орындар жайында не айтар едіңіз? Қажеті бар ма, жоқ па?
– Елімізде трансқұрлықтық компания­лар құрылуда. Айталық, Ақтөбеде Ресейдің мыс компаниясымен біріккен өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мұны шекара маңындағы интеграциялану деуге болады. Бірақ пайданың басым бөлігі – ресейлік компанияның еншісінде. Трансаймақтық инновациялық кластер дегеніміз – екі елдің кәсіпорындары бірігіп, өңдеп, ақыр­ғы өнім шығару. Өскеменде титан-магний комбинаты бар. Титан аэроғарыш сала­сына аса қажет. Қазір Өскеменнің титан-маг­ний комбинаты Францияның бір кәсіп­орнымен бірігіп, титанды өңдеп шығарып жатыр. Мұны да инновациялық-өндірістік кластер деуге әбден болады. Кластер бол­маса, интеграцияның өзі дамымайды. Еу­ро­пада әртүрлі салада кластерлер жұмыс істейді. Өйткені дайын өнімді шығаруда инновация қолданылады. Мәселен, титан өңдеу өндірісінде руданы электр сәулесі­мен балқыту қолға алынған. Қанша деген­мен Франция инновацияны біледі. Құр ән­шейін интеграция дегенмен, ол алға бас­пайды. Басқа елдің компаниясымен жай ғана біріге салу жарамайды. Міндетті түр­де инновациялық кластерге бірігіп, өнім шы­ғаруға ұмтылғанымыз абзал. Ол үшін бізде өңдейтін өндіріс болуы керек. Бәрін тек Ре­сей иемденбей, жекелеген саласы өзі­мізге тиесілі болса. Міне, осы жағына ба­сым­дық берілсе. Ресей де Петербор жа­ғында Бал­тық жағалауы елдерімен, Фин­ляндиямен энергия пайдалану кластерін құруға кірісті. Бұл – шекара маңындағы ин­но­вациялық кластер. Осындай кластер жолға қойылса, ұтатынымыз белгілі. Әйт­пе­се, қараңыз, бізде тоқыма саласында да­йын өнім шы­ға­ру деген жоқ. Неге? Синте­ти­калық жіп те, жүн де жеткілікті. Бірақ киім-кешек сырттан әкелінеді. Оны өзімізде де ұйымдастыруға болады. Бірақ оған құрал-жабдық пен тех­нология жетіспейді.
– Айтпақшы, көршілес Қырғыз елі де Кеден одағына кіруге дайын отыр ғой. Кейбір ресейлік ақпарат құралда­ры Украина да одаққа кіруге мүдделі дей­ді. Осы сөздің қаншалықты жаны бар? Жаңа мүшелер керек пе осы одақ­қа?
– Қырғызстан ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін мұнда кеден тарифі өте төмен, яғни импорт тауардың бағасы арзан. Бірақ өн­діріс онша жоқ. Жұмыссыз жүргендіктен халық қайта-қайта бас көтереді. Ресей қыр­ғыздарға қарызды көп берді. АҚШ Манас үшін 2 млрд доллар берді. Шағын елдің қарызы шаш етектен. Енді осы елді Кеден одағына аламыз дейді. Ал оның қа­ры­зын кім өзіне жүктейді? Украина, ке­рі­сінше, бас тартты. Өткенде украиннің «Ро­шен» фабрикасының кәмпиттері кенеттен «зиянды» болып шыққаны да содан. Ре­сейдің бас тазалық дәрігері Онищенконың грузин шарабы мен минералды суына ты­йым салғаны секілді қысым жасамақшы бол­ды. Сондықтан Кеден одағына жаңа мү­шелердің тартылуы – әзірге басы ашық мәселе.
– Біз түптің түбінде әне-міне ДСҰ-ға кіреміз дейміз. Басқасын былай қой­ған­да, сол кезде ауыл шаруашылығы­ның бәсекеге төтеп беруге қауқары жете ме?
– Ауыл шаруашылығы – өте күрделі сала. Жиырма жылдың ішінде асылтұқым­ды алатау, қазақтың ақбас сиырларының тұқымын жоғалтып алдық. Енді асыл­тұқымды малды сырттан әкелуге мәж­бүр­міз. Олар бізге бейімді емес. Егер де сырт­тан әкелген малды жергілікті малмен ша­ғы­лыстырып, тұқымды асылдандыруға пай­далану үшін ғана әкелсе, онда жарай­ды. Қой шаруашылығына келсек, Еуропа Аустралиядан биязы жүнді сатып алады. Бізде де биязы жүнді қой өсіруге болар еді. Қазір табынның ішінде асылтұқымның үлесі он пайыздан аспайды. Енді оны кем дег­енде 30-40 пайызға жеткізу керек. Сон­да ет те, сүт те болады. Жоспар бойынша 2017 жылы Ресейге 350 мың тонна ет жі­бе­реміз дейміз. Оның да халықаралық стандарты бар. Өнім сол стандартқа сай болуы қажет. Малдың тұқымын асылдан­дырсақ, халықаралық стандартқа сәйкес өнім шығара аламыз. Өйткені жай мал мен асылтұқымды малдың етін салыстырсақ, алдыңғысының еті қатты, асылтұқымдынікі жұмсақ болады. «Бизнестің жол карта­сында» осы орайда біршама жеңілдік қа­рас­тырылған. Шаруа несие алса, оның жар­тысын мемлекет өз мойнына алады. Қажетті инфрақұрылымдарды салу жағы да – Үкіметтің құзырында. Бүгінде борда­қылау алаңдары салынып жатыр. Мал шар­уашылығын алға бастыру үшін вете­ринария саласы мен жемшөпті де жақсарту керек. Суармалы жерлерде жүгері, соя сияқты өсімдіктерді өсіру керек. Ал бор­да­қылау алаңдарын суармалы жерге жақын орналастырған дұрыс. Қарап отырсаңыз, бәрі де бір-біріне байланысты, тізбектеліп кете береді. Елдегі жайылымның азып-тозғаны – өз алдына бөлек тақырып.
– Түнеугүні жайылымдық жерлерді жақ­сартуға арналған бағдарлама қа­был­данды емес пе?
– Бағдарлама қабылданғанымен, оның орындалуы кейде ұзаққа созылады ғой. Ал қазіргі жағдайда жұмысты шапшаң, қар­қынды жүргізу – уақыт талабы. Бәсекеге төтеп беру үшін біздің өндіріске қарқын қажет. Жаһандану кезіндегі негізі міндет – өзге елдердің өнімдеріне дес бермей, төтеп беру. Әлемдік нарықта біздің өз ор­ны­мыз болуы тиіс. Дайын өнімнің түр-түрін шығару керек. Осы арада ұлттық бренд мәселесі де – өзекті.
– Біз өндіріс дейміз де, ірі өндіріске ғана мән беретін сияқтымыз. Мәселен, күнделікті тұрмысқа қажетті шырпы­ның өзін сырттан әкелеміз. Ұят та болса айтпасқа амалымыз жоқ, ішкиім, шұ­лық екеш шұлыққа дейін Үндістан, Түр­кия, мына тұрған Өзбекстаннан са­тып аламыз. Бұрынғы аяқкиім, баскиім шығаратын фабрикалар құрыды. Шы­нымен де, халық тұтынатын тауар­лар­ды шығару біздің маңдайымызға жа­зыл­маған ба?
– Оның себебі – сол баяғы маман тап­шылығы. Технология жоқ. Мәселен, тері илеу үшін де оның технологиясын біліп, түрлі құрал-жабдық сатып алу керек. Сол себепті де қазір дайын өнімді сырттан әкеле салған оңайырақ болып тұр. Өндіріс­ті ұйымдастыру үшін көп күш керек. Деген­мен келешекке оптимизммен қарайық. Елі­міздегі өңдеуші саланың бірте-бірте көтеріліп келе жатқанын ескерсек, өзімізді-өзіміз қамтитын күнге де жетіп қалармыз. Өйткені даму дегеніміз – кедергілерді жеңу. Біз кедергінің бәрін жеңіп, өркендеп келе жатқан егемен елміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста