Барлық мектептер мен жоғары оқу орындарына «түркі халықтарының тарихы» немесе «жалпы түркі тарихы» пәні енгізілсе дұрыс болар еді
Мырзахан Эгамбердиев, тарих ғылымының кандидаты:
– Білім мен ғылым қазіргі заманда адамзаттың барлық салада дамып жетілуінің негізгі факторы болып отыр ғой. Білім жүйесінің қоғам дамуындағы нақты орны мен ерекшелігі қандай?
– Қазіргі таңда кез келген елдің экономикасының дамуы, халықтың рухани және материалдық игіліктерінің артуы, ең алдымен, сол елдің ғылымы мен білімінің, мәдениетінің тұрақты дамуына байланысты. Жаһандық бәсекелестіктің артуы салдарынан елімізде білім мен ғылымға деген талаптар да артты. Президент биылғы Жолдауында білім мен ғылым саласының әрі қарай даму стратегиясын нақты белгілеп қана қоймай, оны халықаралық сұранысқа сай етуді тапсырды. Осыған байланысты жуырда «Ғылым туралы» Заң қабылданғанын білеміз. Заңға сәйкес, жоғары білім беру саласы үш сатылы жүйеге – бакалавриат, магистратура және PhD докторантураға толық өтіп, оны әртараптандыру мәселесі қолға алынды. Әсіресе, ғылыми-техникалық саясатты жаһандану үрдістерінің талаптарына сай инновациялық негізде дамыту – Қазақстанның стратегиялық басым бағыттарының бірі болып отыр. Өйткені әлемдік нарықтық экономиканың жүйелі әрі жылдам даму барысында жаңа мамандарға деген сұранысы күн өткен сайын артуда. Осы көшке ере білу үшін инновациялық экономиканы дамытатын ұлттық мамандарды даярлау міндеті де артты. Оған біз сапалы білім беру арқылы ғана жетеміз. Міне, осы бағытта қазіргі таңда академик Ғ. Мұтанов басшылығындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми-зерттеу университетіне көшуді жүзеге асыруда. Оның ерекшелігі – шетелдік тәжірибені пайдалану арқылы студенттерді таңдаған мамандықтары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетелеу және инновациялық қабілеттілігін қалыптастырып, арттыру. Сондай-ақ әлемдік өндіріс орталықтарымен байланыс орнатып, университетіміздің қабырғасында қол жеткізілген ғылыми жаңалықтарды патенттеу, оларды практикалық мағынада қолданысқа енгізу, ел экономикасын дамыту болып табылады. Осыған байланысты Елбасының тапсырмаларын орындау бағытында университеттің 2020 даму стратегиясын жүзеге асыру бойынша негізгі іс-шаралар жоспары дайындалып, онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тек республикалық қана емес, сондай-ақ әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орынға ие Орталық Азия аймағындағы халықаралық білім беру орталығы ретінде дамыту, Қазақстан мен шетел азаматтарына білім берудің технологиясы мен коммуникациялық, электронды құралдар, сондай-ақ қашықтықтан оқыту арқылы сапалы білім қызметтерін ұстану, университеттің ЖОО секторындағы қолданбалы және іргелі ғылымдарға көшбасшылық бағытын одан әрі бекіту және ұстау, инновациялық әдістемелерді жүзеге асыру мен өткізу үшін қолайлы жағдай жасау мақсаттары қойылды.
– Өзіңіз айтып өткен «Ғылым туралы» жаңа заңның қабылданғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ғалымдар бұл құжаттан үлкен өзгерістер күтіп отыр. Аталған заңның ерекшелігі неде? Мемлекетке не береді?
– Бірден атап өтейін, қабылданған жаңа «Ғылым туралы» Заңның ерекшелігі мен маңыздылығы жайында Елбасы Н.Ә. Назарбаев соңғы Жолдауында «Біз ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп қадап айтты. Ескі жүйеге назар аударатын болсақ, Қазақстандағы ғылым саласы ұзақ жылдар бойы жоғары білім жүйесінен бөлек дамып келді. Ал дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жаһандық бәсекелестікке қабілетті мамандарды даярлау үшін білім мен ғылымды ұштастырып, студенттердің шығармашылық ойлау мен сапалы білімге бейімдеу қабілеттерін дамыту мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыстырылуы шарт болып табылады. Мысалы, мен университетті аяқтаған соң, Түркия Республикасы Гази университетінің Әлеуметтік ғылымдар институтында Түркия Республикасының тарихы, түркі мемлекеттерінің тарихы мамандығы бойынша магистратурада оқыдым. Бұл университетте білім мен ғылым қатар жүрді. Дәріс берген профессорлар мамандықты толық меңгеру үшін «Османлы» (араб, парсы және түрік тілдерінің қосындысы), ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгеру, салыстырмалы ғылыми-зерттеу әдістерін, жаһандық ойлау санамыз бен қабілеттерімізді дамыту үшін күш-жігерлерін жұмсады. Осылайша бес тілді маман болып шықтық. Сонан соң алған білімімізді тек білім мен ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар өзге де іс-шараларда пайдаланудамыз. Заман талабына сай, елімізде инновациялық Назарбаев университеті бой көтергені баршаға аян. Университеттің құрылуындағы мақсат – жетекші шетелдік университеттердің үлгісіндегі индустриалдық-инновациялық экономиканы дамыту үшін қажетті мамандарды дайындау болып табылады. Бұл университеттің түлектері де заманауи маман болуымен қатар, бірнеше тілді меңгеріп шығатынына кәміл сенімдімін. Ал «Ғылым туралы» жаңа Заң заманға сай білім ордаларын қалыптастырып отырған Қазақстанның білімі мен ғылымын әлемдік деңгейге жетелейді.
– Қазіргі кезде не болса соны өркениетті елдердің жүйесінен көшіре салу үрдіске айналып барады. Өте нәзік білім саласы да осындай жағдайды басынан өткерді. Мысалы, кредиттік білім беру жүйесінің талаптарына сай келмесе де, жоғары оқу орындары тапсырманы орындап, осы жүйеге жаппай көшіп кетті. Сіз бұған не дейсіз?
– Кез келген ел өтпелі кезеңді басынан өткізген кезде бірқатар қиындықтарға тап болады. Қазақ халқы «Көш жүре түзеледі» дейді. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық ЖОО-ы кредиттік білім беру жүйесіне толық өтті десек, қате болмас. Әлемдік білім мен ғылым жүйесіне ере алу үшін бұл жүйе қажет. 2011 жылдың 2-3 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен British Council-дің ұйымдастыруымен «Зерттеу университеттері және инновациялар – Қазақстанда британдық тәжірибені пайдалану мүмкіндіктері» атты семинар өтті. Бұл семинарға Қазақстанның мемлекеттік университеттерінен басшылар, бөлім меңгерушілері мен ғалымдар қатысты. Семинарды жүргізген британдық ғалым Марк Грэй мен QS World University агенттігі Орталық-Шығыс Еуропа және Орталық Азияның аймақтық директоры Зоя Зайцева «Қазақстанда кредиттік білім беру жүйесінің аз уақыт ішінде сіңіп кеткендігін» атап өтті. QS World University агенттігі, мәселен, еліміздегі жоғары оқу орындарын халықаралық аккредитациядан өткізеді. Кредиттік білім беру жүйесінің пайдасы мол. Біріншіден, Қазақстандағы жоғары оқу орындары әлем деңгейінде танылады және жетекші университеттермен бәсекелесе алады. Екіншіден, кредиттік жүйе студенттерге міндетті пәндерден тыс мамандыққа қатысты элективті пәндерді таңдап, білім алуларына мүмкіндік береді. Жалпы, пәндердің арасында элективті пәндер бүгінде 60 %-ды құрайды. Студенттер пәнді таңдаумен қатар сапалы, білімді әрі білікті оқытушыны да таңдай алады. Кредиттік жүйеде электронды баға қою тәсілі енгізілген.
– Кейінгі кезде университеттер жанынан зерттеу институттарын ашу үрдісі жиілеп кетті. Бұл институттардың ғылымға қосар үлесі қаншалықты?
– Ғылыми-зерттеу орталықтары өз бетінше ашылатын дүние емес. Бұл орталықтар заман ағымына қарай қажеттіліктен туындайды және университеттің ғылыми кеңесінде жан-жақты талдаудан өтіп, сарапталып, университет басшысының ұсынысымен министрліктің бұйрығымен ашылады, оның арнайы лицензиясы болады. Мәселен, ауылшаруашылық, мұнай, нанотехнологиялар, биология, химия салалары бойынша ашылған ғылыми-зерттеу орталықтары зерттеу объектілерінен ұзақ болмауы тиіс деп ойлаймын. Мысалы, мен білетін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің құрамында механика және математика, эксперименталды және теориялық физика, жаңа химиялық технологиялар мен материалдар, экологиялық мәселелер, биология және биотехнология мәселелері, ғылыми-зерттеу институттары, физика-химия әдістерін зерттеу және талдау орталығы, ашық түрдегі ұлттық нанотехнология зертханасы, ғылыми-технологиялық парк, Конфуций институты, қазақ-үнді ақпараттық технологиялар орталығы жұмыс істеуде. Мәселен, эксперименталды және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары DAAD, CRDF, BENSC, INTAS, NATO, МАГАТЭ, МНТЦ, ЮНЕСКО халықаралық ұйымдарының қаржысы есебінен халықаралық ғылыми жобаларға қатысады, ал ашық түрдегі ұлттық нанотехнология зертханасы көпдеңгейлі үзіліссіз білім беру үрдісін ұйымдастыруға және наноғылым, нанотехнология, наноинженерия саласында инновациялар енгізуге, жаңа ғылыми білім беру мектептері мен наноиндустрияны дамытуға ықпал етеді. Бұл орталықтарда студенттер, магистранттар және PhD докторанттары іс-тәжірибеден өтеді, яғни алған білімдерін практикада қолданады.
– Жалпы, осы жоғары оқу орындарының жанынан зерттеу орталықтарын ашу өзге мемлекеттерде қалай?
– Түркияда білім алғандықтан, Түркия Республикасы мысалында ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметі жайлы айта кетейін. Гази университеті сонау Ататүріктің басшылығымен құрылған Түркия Республикасының алғашқы университеттерінің бірі болып табылады. Қазіргі кезде бұл университет құрамында 15 факультет, 4 жоғары мектеп, 9 мамандандырылған жоғары мектеп және 6 институт бар. Мен оқыған Әлеуметтік ғылымдар институты 1982 жылы құрылып, ЖОО-нан кейінгі мамандарды, яғни магистранттар мен PhD докторанттарды дайындаумен қатар, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады. Институтта 19 мамандық бойынша 51 магистратура, 3 диссертациясыз магистратура және 26 PhD докторантура, жалпы, 80 бағдарлама бойынша мамандар әзірленеді. Докторантураның білім мерзімі 12, ал магистратура 6 жартыжылды құрастырады. Мұнда құқық, экономика, тарих, түрік тілі және әдебиеті, әлеуметік-саяси мамандықтар бойынша мамандар дайындалады. Бұл институтта білім мен ғылым өзара сабақтасып, магистранттар мен PhD докторанттары ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылады. Ғылыми-зерттеу жұмысын дайындау барысында шетелдік ЖОО-мен байланыс орнатылып, міндетті түрде қазіргі кездегі өзекті тақырыптарды зерттеуге ден қойылады. Ялова университетінің құрамында да Әлеуметтік ғылымдар институты бар. Бұл институт та ЖОО-нан кейін білім мен ғылымға үлкен мән беріп, магистранттар мен PhD докторанттарды дайындайды. Түйіп айтқанда, шетелдік университеттерде білім мен ғылым өзара байланысып жүргізіледі.
– Ғылым саласынан өзге сұрақтар қойсам ба деп отырмын. Түркияда білім алып, түркітілдес мемлекеттерді аралап қайтқан екенсіз. Тарихшы ретінде түркітілдес мемлекеттердің болашағы туралы сұрағым келіп отыр...
– ХХ ғасырда М.Шоқай, Т. Рысқұлов, М. Сұлтанғалиев, Зеки Велиди Тоған т.б. «Түрік бірлігі» идеясын ұсынған кезде Ресей империясы жаңа отарлық саясатқа қадам басқан күннен бастап ұлт зиялыларын «пантүрікшілдер» деп айыптап, бұл қозғалысқа агрессиялық, ұлтшыл және регресшіл сипат берген еді. Алайда «Түрік бірлігі» идеясының өміршеңдігін және тек өзара мәдени-интеграциялық бірлікті алға тартқандығын бүгінде К. Есмағамбетов, М. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс т.б. ғалымдарымыз өз еңбектерінде ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Түркі әлемінің бірлігі жайлы 1990 жылдардың басында Түркия Республикасының Президенті марқұм Тұрғыт Өзал практикалық мағынада қайтадан күн тәртібіне қойды. Елбасы Н. Назарбаевтың даналық саясатынан оның түркі әлеміне үлкен мән беріп отырғандығын байқаймыз. Бұл – Республикамыздың көпвекторлы саясатының бір бағыты ғана. Бірінші кезекте Елбасы Орталық Азия Одағын құру идеясын ұсынды. Сонан соң Нахичеван қаласында өткен саммитте Түркі мемлекеттерінің Ақсақалдар кеңесінің құрылуына, Астанада Түркі академиясының ашылуына тікелей өзі мұрындық болды. Әрине, бұл түркі мемлекеттерінің өзара тығыз байланыстарының жемісі болып табылады. Жаһандану кезеңінде аймақтық интеграцияны әрі қарай дамытпасақ, алпауыт елдердің неоколониалдық саясатына төтеп бере алмаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар Датым...
Діні бір, тілі бір, мәдениеті мен салт-дәстүрі бір түркі мемлекеттері Еуропа мемлекеттері іспетті мәдени-интеграциялық ұйым құрғаны дұрыс болар еді. Бұл бірлікке жету үшін де халықтың санасын ұлттық бағытта дамытқан абзал. Ол үшін Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тәжірибесінен үлгі алып, орта мектептер мен жоғары оқу орындарының барлық мамандықтарына «түркі халықтарының тарихы» немесе «жалпы түркі тарихы» атты пән енгізілсе дұрыс болар еді.
Маман ұсынысы
Ендігі жерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын патенттеу және оны комерциялау басты міндет болып тұр. Бәсекелестікке қабілетті білім мен ғылымның Қазақстанға келуі үшін біз осы мәселені қолға алуымыз қажет. Мәселен, Түркиядағы Билькент университеті ғылыми жобаларды коммерциялаудың арқасында университет бюджетін арттырумен қатар, ел экономикасына қыруар қаржы тартып отыр. Сондықтан қабылданған жаңа «Ғылым туралы» Заң Қазақстанның білім мен ғылым саласын жаңа сатыға көтеретіні хақ деп ойлаймын.