Бапкерлер спортшының күш-қайратына мән беріп, айла-тәсілі

Бапкерлер спортшының күш-қайратына мән беріп, айла-тәсілі

Жандос КУКУМОВ, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Жандос аға, кейбір мамандар қазақ боксы бұрынғы жылдармен салыстырғанда сәл де болса бәсеңсіп қалды деген пікір айтады. Қалай ойлайсыз, қазақ боксы өз пәрменін жоғалтып алған жоқ па?

– Мен бұл пікірге келіспеймін. Неге? Себебі, біріншіден, біздің боксшыларымыз жұрт айтып жүргендей төмен нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Оны көре тұра қалай бірден қазақ боксы қара жамылды деп айта аламыз? Бұл – бокстан хабары жоқ, тереңінен ойлай білмейтін адамдардың айтқан сөзі дер едім. Екіншіден, бокс деген,  қарапайым тілмен жеткізгенде, бірде бап, бірде бақ шабатын спорт түрі. Бокста үнемі жеңіс деген болмайды. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, біздің спортшыларымыз бірде толағай табыстарға қол жеткізсе, кейде опынып қалатын кездері болады. Бұл –  бокстың өзіндік сипаты, табиғаты дер едім. Біз қазақ боксы құлдырап бара жатыр деп саңлақтарымыздың санасын буалдыр пікірлермен торлап, үрейлендірмеуіміз керек. Қайта оларға «сендер әлемдегі мықты спортшыларсыңдар» деп моральдық дем беруіміз қажет.

– Спортшылардың мықты болуы бапкерге байланысты екені белгілі. Қазіргі күні бапкерлердің үстінен де көптеген сындар айтылады. Қалай ойлайсыз, бұрынғы бапкерлер мен қазіргі бапкерлердің айырмашылығы бар ма?

– Егемендік алғаннан бері Білім және ғылым министрлігі бес мәрте студенттер арасында бокс универсиадасын өткізді. Сол  жарыстың үшеуінде Қазақ ұлттық аграрлық университеттің спортшылары жеңіс тұғырының биігінен көрінді. Бұл – ненің белгісі? Бұл ескі боксшылар мектебінің жоғары деңгейде екенін аңғартады. Себебі – аталған оқу ордасында ардагер бапкерлер тәрбие береді. Ал қазіргі бокс бұрынғыдан өзгерген, сондықтан кейінгі бапкерлер өз заманына қарай үйретеді деп ойлаймын, ол – бапкерлердің нашарлығы емес. Бапкерлерге тілегім – бар білген өнерін, тіпті бойындағы бар қасиетін шәкірттеріне беруі қажет. Сонда ғана нағыз боксшы пайда болады. Себебі бапкер деген, былайша айтқанда, спортшының әкесі.

– Сонда бүгінгі бапкерлердің басты кемшілігі неде?

– Бүгінгі бапкерлер баланың күш-қайратына көбірек көңіл бөліп, оның техникасына аса мән бермейтін сияқты. Бұл сөзімді бапкерлер дұрыс қабылдайды деген ойдамын. Себебі бүгінгі турнирлерде спортшыларымыз бір-біріне ауыр соққылар жұмсап, тек ұрып құлатуды мақсат тұтатындай көрініп тұрады маған. Жарыстарда кім физикалық жағынан мықты дайындаса, сол жеңіс тұғырынан көрініп жатады. Алдыңғы толқын спортшылардың кейінгілерге көңілі толмай жүретін әдеті емес пе? Кейде бір бокс додаларынан спортшылардың керемет өнерін көргің келеді. Олардың соққыларына, әдістеріне сүйсінгің келеді. Спорт деген – сүйсініп көретін өнер түрі. Өкінішке қарай, кейде мұндай өнерді тамашалай алмай қайтамыз. Әрине, бұл барлық уақытта осылай емес. Боксты екі боксшының бір-бірін соққылауы деп қана түсіну әбестік. Қазіргі боксшыларымызға күш-қайратпен қоса, әдемі ойын көрсету шеберлігі жетіспейді. Мұны бокстағы әдістің екінші орынға түсіп қалғандығымен де түсіндіруге болады.

– Кейінгі жас спортшыларымыз біліп жүрсін, айтып өтіңізші, бокста ең керекті нәрсе не?

– Ойлану керек. Ойсыз, ақылсыз боксшы – боксшы емес. Жаңа айттым ғой, бұл спорт түрі тек ұрудан тұрмайды. Ойлану – боксшының жеңіске жетуінің тура жолы. Спортшы жаттығу, жарыс, тіпті жұмыста да бокс туралы ойлануы керек. Сондай-ақ спортшы тек ұстазының үйреткенімен жүрмей, өзі де үйрену үстінде жүруі қажет. Бұл үшін ой керек. Кейде боксшылар бір соққымен-ақ жарысты аяқтап жатады. Бұл да – дұрыс ойлай білгеннің жемісі. Екіншіден, сабырлылық. «Сабыр түбі – сары алтын» деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Боксшы жеңіліп бара жатса да, сабырлылық сақтауы керек. Сабырлы адам түбі бір нәтиже шығарады. Мұнымен қоса, боксшының шыдамды болғаны жөн. Төзе білген, қиындыққа қарсы тұра алатын спортшы ғана өзінің армандаған, алдына қойған мақсатына жетеді. Кейінгі жастар кешірер деп ойлаймын, бүгінгі боксшылардың дені робот секілді болып кеткен. Бокстан жан кетіп бара жатқандай елестейді. Мен өз шәкірттеріме бұл өсиетімді жиі қайталап айтып отырамын. Менің ақылымды тыңдаған спортшылар бүгінде елімізге танылып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

– Боксты нағыз ерлердің спорты дейміз. Бірақ кейде жастар осы спортқа келіп, кейіннен айнып қалып жатады. Бұл қорқақтық па, жоқ, әлде немқұрайдылық па?

– Адамға жүректілік те керек. Кейде бұл жағы жетіспей жататыны рас, әрине. Себебі – бір-екі рет таяқ жегеннен кейін, боксты тастап кететіндер болады. Бокста, ең бастысы, өзіңе-өзің сенімді болсаң болды. Қарсыласыңның атақ-даңқы, жеңістері сені ойландырмауы керек. Егер сен қарсы шығатын адамнан іштей қаймығып тұрсаң, жеңіске жетуің қиын болады. Мұны да мен боксшыларымның санасына үнемі құйып келемін. Көп жылдар бойы осы салада жүріп байқағаным – боксшылар үш категорияға бөлінеді. Біріншілері өте ақылды болады. Айтқан тапсырманы мүлтіксіз орындап, сөзіңді екі етпейді. Олар жарыстарда осындай мінез танытады. Яғни әрбір соққысын жаттығу бойынша, ойланып жасайды. Сонымен бірге олар аз соққы алып, қарсыласын көп төмпештейді. Екіншілері  таран болады. Бұл дегеніміз –рингке шығады да, бірден шабуылға көшеді. Қарсыласын еденге сұлатқанша тынбайды. Оның мақсаты, негізінен, қарсы келген адамды құлатып жығу. Мұндай боксшылардың жеңіске жетуге деген құлшынысы ерекше болады. Бұл да, негізінен, жаман қасиет емес. Мен өзім де кезінде қарсылас боксшыларды бірден құлататын болғанмын. Мұнымды қазіргі шәкірттерім жиі әңгіме қылып, өзімнен де сұрап қояды. Ал енді үшінші бір боксшылар жарысқа дайындықсыз келеді. Яғни олар жаттығу кезінде барлық тапсырмаңды орындап, өте жақсы тер төгеді де, жарысқа келгенде, абдырап қалады. Тіпті жаңадан қолғап киген боксшыдан кем өнер көрсетеді. Осылар, міне, қорқақ боксшылар. Жасқаншақтығы бар спортшы – ешқашан нәтиже көрсете алмайды. Осы өнерді қалап, бокспен шұғылданып жүрген жастарға айтарым – боксқа келдіңдер ме, барлық қорқынышты ұмытыңдар, жан-тәндеріңмен осы спортқа беріліңдер. Осы спорт түрін сүйіңдер.
 
– Өзіңіз кезінде көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткіздіңіз. Жаңа таран болғанмын дедіңіз. Сол жетістіктерге жетудің басқа сыры бар ма?

– Бұл жерде сіз ойлағандай ешқандай сыр, сиқыр жатқан жоқ. Бұрын бізге бапкерлер ең алдымен соққы алмауға, содан кейін барып қана соққы жұмсауға үйрететін. Менің табыстарға жетуіме осы әдістер көп көмек берді. Бұрын біз қарсыластарымыздың ашық жерлерін аңдып, дәл соққы жасауға дағдыланғанбыз. Бастан да, іштен де ұратынбыз. Ал қазіргі спортшылар тек қана басты дәлдейді.

– Бокс ережелері қайта өзгертіліп жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Біздің кезімізде әр раунд үш минуттан тұратын. Кейіннен бұл екі минутқа қысқарып кетті. Осы өзгеріс боксшылардың, былайша айтқанда, қасіретіне айналды. Осы жайлы мен кезінде талай мәрте айтқан болатынмын. Екі минутта боксшы не істеп үлгереді? Спортшы енді ғана тер шығарып, өзіне-өзі келіп, қимыл көрсетерде уақыт бітіп қалады. Сонымен жарыс та бітеді. Ең аяғы кім көп қол сермеді – сол жеңімпаз атанады. Қазіргі уақытта боксты компьютер басқаратын болды. Жаңағыдай кім қолды көп селтеңдетеді, сол ұпай санын көбірек жинайды. Қол жоғары көтерілсе болды, компьютер ұпай қосып отырады. Ал қарсыласы ұпай жинап алған соң, бұрыш-бұрышты қуалап, қашып жүреді. Екі минут деген не? Екі минутта қарсыласыңның осал жерін таба аласың ба? Егер үш минут болса, барлық ойыңды жүзеге асырасың. Мамандар болашақта бастағы шлемді де алып тастау қажет деп отыр. Мүмкін, бір жағынан, бұл да дұрыс шығар.

– Жастар шлемсіз боксқа қатысудан қорқады деп ойламайсыз ба?

– Қоғамда боксшыларды басынан көп зақым алған, сондықтан миы дұрыс жұмыс істемейді екен деп ойлайтындар бар. Мұны жасырып қалуға болмайды. Осы пікір ата-аналардың санасына мықтап сіңіп, сол себепті олар өз балаларын боксқа, оның ішінде шлемсіз боксқа беруге қорқуы мүмкін. Мұндай пікірдің қалыптасуына қазіргі боксшылардың тактикаларының өзгеруі де себеп болуы ғажап емес. Жаңа айтқандай, бүгінгі боксшылар бірін-бірі қуалап жүріп, бастан ұрғанды қалайды. Спортшылар арасында басынан зақым алғандары бар, әрине. Бірақ көпшілігі мұндай емес. Қайта шлемсіз ойнаса, боксшылар қорғанып, соққы алмауға, ал өзі соққыны дәл жұмсауға тырысар еді.

– Әрбір бокс залында психиатр мамандар жұмыс істеуі керек шығар, бұл туралы не дер едіңіз?

– Әрине, осындай маман болса, өте жақсы болар еді. Бірақ оған қазіргі кезде жағдай бар ма? Психиатрларды жұмысқа алу үшін арнайы штат ашып, оларға ай сайын қомақты жалақы төлеп тұру керек. Қазақстанда құрамадағы жігіттерді жаттықтыратын арнайы психолог мамандар бар. Соның нәтижесінде біздің қырандарымыз әлемдік додаларда топ жарып, мықты жетістіктерге жетіп жүр.

– Енді боксшылардың жағдайына келейік. Ел намысы үшін тер төккен спортшыларымыздың көбі боксты тастағаннан кейін қарапайым жұмыстармен, ауыр еңбекпен айналысып жатады. Көресің де, жаның ашиды. Осы жағдайда оларға қандай да бір қолдау көрсетуге бола ма?

– Бұл, әрине, тікелей маған қойылатын сұрақ емес екен. Бірақ өз басым шәкірттеріме үнемі қамқорлық көрсетіп жүремін. Олардың жаттығуларымен қоса, сабақ үлгерімдерін қатаң бақылауда ұстаймын. Көмек сұрап келгендеріне еш уақытта жоқ деп айтпауға тырысамын. Көптеген шәкірттерімді жұмысқа орналастырып, үлкен еңбекке араласуына қол ұшымды бердім. Бірнеше жылдан бері Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде сабақ беріп келемін. Менің бір байқағаным – спортқа қатысатын бала өзгелер сияқты көп қыдырмай, бар уақытын еңбекке жұмсайды. Ал осындай жігіттерге неге жағдай жасамасқа?

Алашқа айтар датым...
Аллаға шүкір, қазір егемендігімізді алып, өз алдымызға ел болдық. Халықтың тұрмысы жақсарып, ел арасында байлар көбейіп келеді. Менің айтайын дегенім – осы қалталы азаматтар болашақ Қазақстанның чемпиондарына көмек, қолдау көрсетсе екен. Жастарымызды демеп, халқымыздың рухын көтерсе екен.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста