Балалар денсаулығы тек ата-ана үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызды екенін ұғынуымыз қажет

Балалар денсаулығы тек ата-ана үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызды екенін ұғынуымыз қажет

Аманкелді ТЫНЫБЕКОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Аманкелді Садықұлы, сіздің ке­зін­де ҚР Денсаулық сақтау министр­лі­гінде бас педиатр, ал қазір балалар жұқ­палы аурулар кафедрасының про­фес­соры болып жұмыс істейтініңізді білеміз. Қазіргі таңда сәбилер өлімі Қа­зақстандағы ең өзекті проблемалар­дың біріне айналып бара жатқан сияқ­ты. Елімізде балалар өлімінің азаймай отыруының басты себебі неде деп ой­лайсыз?
– Сіз әңгімені педиатрия саласындағы өте ауқымды әрі маңызды мәселеден бас­тап отырсыз. Сол кезде де, қазір де сәби­лер өлімі Денсаулық сақтау министрлігінің күн тәртібінен түсіп көрген емес. Соған бай­ланысты бұл көрсеткіш халықтың ден­сау­лығын жақсартуға арналған «Сала­мат­ты Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сында да өз орнын алған. Шынымды айт­сам, біздің елдің балаларының, әсіресе қа­зақ балаларының, денсаулығы сын көтер­мейді. Оған басты кінәлі – балалар­дың ата-анасы десем, артық айтпаған бо­лар едім. Біз баланы жақсы көреміз, бірақ оның дұрыс қалыптасып өсуіне аса көңіл бөлмейміз. Бала күш-қуатының дұрыс дамып, жетілуі және әртүрлі дерттерге төтеп беруі үшін анасы басты үш жағдайды ескеруі тиіс: емшек сүтімен қоректендіру, мезгілімен далаға шығарып, таза ауада серуендету және тәулігіне бір мезгіл суға түсіру. Анасы осы кеңестерді мүлтіксіз орын­даса, мен баланың дұрыс өсетініне ке­пілдік бере алар едім. Өкінішке қарай, еш­қандай қаражатты қажет етпейтін осы жағ­дайларды жасауға біздің қазақтың ата-аналарының құлқы жоқ немесе соған мән бермей, немқұрайды қарайды.
– Сонда балалардың шетінеуінің нақты себептері қандай?
– Сәбилер өлімі, оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар өлімі еліміздің денсаулық сақтау саласының өте маңызды көрсеткіші ретінде халық денсаулығы мен оған көр­сетілетін медициналық көмектің сапа­сын сипаттайтын 12 индикаторлық жүйенің қа­та­рына еніп, ол бізге ұлт денсаулығының жағдайын бағалауға және болжауға кө­мектеседі. Қазіргі таңда Қазақстанда бір жас­қа дейінгі балалар өлімі бірнеше се­бепке байланысты өте өзекті мәселеге айналуда. Еліміздің жер көлемінің үлкендігіне қарамастан, онда тұратын ха­лық санының аздығын ескерсек, елі­міздің келешегіне әрбір жүктілік пен дү­ниеге келетін барлық баланың өмірін алып қалу біз үшін өте маңызды. Ал өтпелі кезең балаларды өмірге алып келетін жастағы аналардың денсаулығына қатты әсерін тигізеді. Бүгінгі күні еліміздегі жүктіліктің әрі кеткенде 20-25%-ының ғана физио­логия­лық жағдайда өтуі нәрестелер өмі­рінің сапа­сына әсер етпей қоймайды. Яғни олардың келешегі осы жағдайға тікелей байланыс­ты. Емшек жасындағы балалар көпшілік жағдайда айнала­сындағы орта­ның қолай­сыз әсерлеріне қорғансыз келеді. Сол се­бепті олардың өміріне қоғам мен отбасы­ның әлеуметтік жағдайы қатты әсер етеді. Әсіресе ХХ ғасырдың соңғы 10 жылын­дағы әлеумет­тік-экономикалық жағдай­лар бір жасқа дейінгі балалардың өміріне қатты зиянын тигізді. Ал соңғы жылдары елімізде енгі­зілген халықаралық тірі және өлі туы­лудың көрсеткіштері ана мен бала өмірін сақтауда жаңа жағдай қалып­тастырып, басты назар нәрестелерді аман алып қалу­ға аударылуда. Әрине, бұл бағдар­лама көп қаражатты қажет етеді. Мем­лекеттің мемлекет ретінде дұрыс да­мып келе жатқандығын балаларға бай­ла­ныс­ты көрсететін екі көрсеткіш бар. Оның бі­ріншісі бір жасқа дейінгі сәбилер өлімі болса, екіншісі – бір мен бес жас аралы­ғын­дағы балалар өлімі. Бір жасқа дейінгі балалар өлімінің құрылымына келетін бол­сақ, оларға: перинаталды кезеңде пай­да болатын жағдайлар, тыныс жолда­рының қабынуы, оның ішінде пневмония мен туа пайда болатын ақаулар кіреді. Ал балалар өлімінің құрылымына қарайтын болсақ, оларға: тыныс жолдарының қа­бы­нуы, оның ішінде пневмония, жара­қаттар мен күйік және жедел ішек инфек­циялары жатады. Қарап отырсаңыз, жо­ға­рыдағы ай­тылғандардың көпшілігін болдырмауға болады. Ол, біріншіден, ба­лалардың ата-ана­сына тікелей қатысты болса, екіншіден, дәрігерлерге байла­нысты.
– Ата-аналарға байланысты ойы­ңызды айттыңыз, енді дәрігерлерге қатысты не айта аласыз?
– Мысалы, бір жасқа дейінгі балалар өлімін алайық. Егер де гинеколог туу жа­сын­дағы әйелдерді диспансерлік бақы­лау­ға алып, оны уақытында тексеріп, жы­ныс жолдарының кейбір қабынулары бол­са, оны сауықтырумен айналысса, онда біз перинаталды кезеңде пайда болатын жағ­дайлардан нәрестелердің шетінеуін азайта алар едік. Ал ата-аналар мен учаскелік пе­ди­атрлардың арасында тығыз қарым-қатынас болса, онда дәрі-дәрмектің жет­кі­лікті заманында тыныс жолдарының қа­бынуы, оның ішінде пневмониядан шеті­неу­ді әбден төмендетуге болар еді. Туа пайда болатын ақауларды да азайтуға болады, ол үшін гинекологтер өз деңгейін­де қарқынды жұмыс жасап, жүкті әйел­дер­ді уақытында генетикалық және уль­т­ра­дыбыстық тексерулерден өткізуі қажет. Сайып келгенде, бір жасқа дейінгі бала­лар­дың шетінеу көрсеткішін төмендету, негізінен, әйелдер кеңесінде істейтін гине­кологтердің жұмысына тікелей байла­ныс­ты екендігі байқалады. Ал нәресте туа біткен ақаулармен ту­ыл­са, не істеу керек? Әрине, ол үшін об­лыстық ден­саулық сақ­тау департаменттері өз дең­гейінде жақсы жабдықталған нәрестелер хирургиясы мен жансақтау және белсенді емдеу бө­лім­шелерін ұйымдастырып, оның жұмы­сын жандандыруы керек. Балалар өліміне келетін болсақ, жоғарыда атап өткендей, оған көпшілік жағдайда ата-аналар кінәлі болғанымен, дәрігерлердің жауапкерші­лігін де жоққа шығаруға болмайды. Әсі­ресе учаскелік дәрігерлер өзінің қарама­ғын­дағы балалардың ата-аналарымен ты­ғыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы қа­жет. Сонымен қатар учаскелік дәрігер­лер өздерінің білім дең­гейін әрқашанда көтеріп отыруы тиіс. Бірақ бұл мәселенің төңірегінде әлі де болса шешімін таппаған жағдайлар жеткілікті.
– Сіздің сөзіңізге қарағанда, сәби­лер өлімінің көрсеткіші ата-ана мен дәрігерден бөлек, көбіне экономика­лық жағдайларға тәуелді сияқты.
– Дұрыс айтасыз. Біздің зерттеуімізше, сә­билер өлімінің көпшілік жағдайда меди­циналық-әлеуметтік жағдайларға тікелей байланыстылығы, оның ішінде кем деген­де 70%-ы медицинаға тәуелді екендігі бай­қалады. 1991 жылы Кеңес өкіметі ыды­рап, Қазақстан Тәуелсіздік алған жыл­дары еліміз әлеуметтік және экономикалық күйзеліске ұшырап, демографиялық хал-ахуал күрт төмендеп кетті. Соның нәтиже­сінде халықтың жалпы өлімі ұлғайып, бала туу азайды. Қазақстан Тәуелсіздік алған­нан кейінгі дағдарыс жылдары мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарындағы эконо­микалық тұрақтылық кезіндегі сәбилер өлімі мәселесін үш кезеңге бөліп қарау­ға болады. I кезең – экономикалық дағда­рыс жылдарындағы сәбилер өлімі, яғни 1991–2000 жылдардың аралығы. II кезең – экономикалық өрлеу жылдарындағы сәбилер өлімі, яғни 2001–2007 жылдар. III кезең – әлемдік экономикалық дағдарыс жылдарындағы сәбилер өлімі, 2008–2012 жылдар. Экономикалық дағдарыс жылдарында, нақтырақ айтқанда, 1991 мен 2000 жылға дейінгі аралықта тірі ту­ған 1000 балаға шаққандағы сәбилер өлі­мі әсіресе 1991-1995 жылдары тым жо­ғары деңгейде болып, содан кейінгі, 1996–2000 жылдарда біртіндеп төмендей бастады. Әрине, бұған Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының 1993 жылдан бастап елімізге енгізе бастаған бағдар­ламалары, атап айтқанда, жедел респи­раторлы және жедел ішек инфек­ция­ларына қарсы күрес, ана сүтін қорғау, қолдау және мадақтау тағы да бас­қалары экономикалық жағдайымыздың біртіндеп көтерілуіне байланысты денсау­лық сақтау саласының жақсаруына өз әсерін тигізді. Енді экономикалық өрлеу жыл­да­рына, яғни ХХІ ғасырдың экономикалық табысты алғашқы жеті жылындағы тірі ту­ған 1000 балаға шаққандағы сәбилер өлі­міне келетін болсақ, бұл көрсеткіш бі­раз төмендеді. Осы ғасырдың алғашқы жеті жылындағы сәбилер өлімінің күрт тө­мендеуін, негізінен, елдегі әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайлардың жақсарып, тұ­рақтануымен және медициналық саланың көтерілуімен байланыстыруға болады. Әл­емдік экономикалық дағдарыс жыл­дары, әсіресе 2008 жылы тірі туған 1000 балаға шаққандағы сәбилер өлімі күрт көтеріліп, содан кейінгі жылдары біртіндеп төмендей бастады. Соңғы бес жылда сә­би­лер өлімі көрсеткішінің көтеріліп, сосын төмендеп, тұрақтануына, бір жағынан, әлемдік дағдарыс әсер етсе, екінші жағы­нан, осы жылдары денсаулық сақтау сала­сы бо­йынша қабылданған мемлекеттік бағ­дарламалар, оның ішінде медицина­лық ұжымдардың материалдық-техника­лық жағдайларының жақсаруы өз әсерін тигіз­бей қоймады.
– Сонда сәбилердің өлімін азайтуға елімізде әртүрлі шаралар өткізі­ліп, мемлекеттік бағдарламалар­дың ен­гізілуі көп септігін тигізіп жатқан сияқ­ты. Десек те, экономикасы дамы­ған ел­дерді былай қойғанда, көршілес Ресей, Беларусь елдеріне және Украи­наға қарағанда біздің еліміздегі сәби­лер өлімінің көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде ғой?
– Шынын айту керек, сәбилер өлімінің көрсеткіші соңғы жылдары біртіндеп азай­ғанымен, өкінішке қарай, әзірге экономи­касы дамыған елдер түгіл, өзіңіз айтып отыр­ған үш славян мемлекетіне қарағанда жо­ғары. Соған байланысты бүгінгі күні біз­дің елімізде сәбилер өлімін азайту өте өзекті мәселеге айналып отыр.
– Елімізде сәбилер өлімін төмен­де­тудің қандай жолдары бар?
– Менің ойымша, оны төмендету жол­дарын үш деңгейге бөліп қарау керек сияқ­ты. Олардың қатарына: мемлекеттік дең­гей, денсаулық сақтау саласы мен от­ба­сылық деңгейді кіргізуге болады. Мем­лекеттік деңгейдегі сәбилер өлімін азай­тудың жолдарына: ана мен бала денсау­лы­ғын қорғауға арналған нормативтік-құқықтық және заңдылық актілерін заман талабына сай жетілдіріп, қабылдау жата­ды. Жағдайы төмен отбасылардың тұрмы­сын жақсартуға мемлекет жағынан әлеу­меттік тұрғыдағы саясатты күшейту, олар­ға бөлінетін жалпы қаржының 35-40%-ын ана мен бала денсаулығын қорғауға жұм­сау керек. Ал денсаулық сақтау саласы деңгейінде сәбилер өлімін азайтудың жолдарына: профилактикалық бағыттағы медициналық ұжымдардың санын көбей­туді, жедел жәрдем мен реанимациялық көмек жүйесін жетілдіріп, оның тигізетін әсерін жақсартуды, берілген қаражатты бөлу барысында ана мен бала денсау­лы­ғына басымдылық беруді, қолжетімді жә­не кепілдікті медициналық ақысыз көмек­пен бірінші кезекте аналар мен балаларды қамтамасыз етуді атап өткім келеді. Үшінші деңгей – отбасылық деңгейде сәбилер өлі­мін азайтудың жолдарына: бала күті­міне байланысты ата-аналар атқаруға тиісті міндеттерді оқыту бағдарламаларын жасап, оны күнделікті тұрмысқа енгізу, от­ба­сының бала денсаулығын сақтап, жақ­сартуға деген әдеттерін қалыптастыру, от­басының медицинаға деген көзқарасының белсенділігін арттыру мен өмір сүрудің са­ла­уаттылық және әлеуметтік жағдай­ла­рын қалыптастыруды айтуға болады.
– Қазіргі кезде елімізде дәрі-дәр­мек те, медициналық құрал-жабдық та баршылық. Соған қарамастан бір жас­қа дейінгі балалар болмашы дерт­тен өліп кетіп жатады. Соны азайтудың жолдары бар ма?
– Қазақстанда сәбилер өлімінің жалпы деңгейі әрқашанда ауырған балаларды өл­мейтін жағдайлардан аман алып қалу­мен тікелей байланысты. Бүгінгі күні біз бір жасқа дейін шетінегендерге көрсетілетін көмек деңгейі мен оның себебін талдау барысында өлім көрсеткіштерін өзгертудің болжам ережелерін жасап, сапалы меди­циналық көмектің жаңа жолдарын ұсыну­ға мүмкіншілік аламыз. Оның ішіне жүкті­лікпен айналысатын ұжымдардың ұйым­дас­тыру жұмыстарын жетілдіру мен пе­ринаталдық кезеңді зерттеуге жаңа тех­нологиялар енгізуді кіргізуге болады. Өл­мейтін жағдайлардан аман алып қалу де­геніміз, ол сарапшылар анықтаған өлімнің кейбір себептерінен медициналық көмек­тің арқасында науқасты шетінетпеу. Ол денсаулық сақтау саласының жұмысына ба­ға беретін басты көрсеткіш болып есептеледі. Елімізде, негізінен, мұндай себептердің қатарына: перинаталдық кезеңнің дерттері, тыныс жолдарының дерттері, жарақат пен улану, асқазан-ішек жолдары мен инфекциялық дерттер кіре­ді. Әрине, жоғарыдағы айтылған себеп­тер­ден науқастың шетінеуін болдырмас үшін медицинаның әртүрлі саласында істейтін дәрігерлерге өз деңгейіне сәйкес көмек көрсетуіне тура келеді. Олардың қа­тарында дерттің пайда болу қаупінен сақ­тандыру бар. Бұл топқа көбінесе бала­ның өмір сүру үрдісі мен деңгейіне байланысты себептер мен дертті дер кезінде анықтап, ерте диагноз қою, қолжетімді медицина­лық көмек алуға жағдай туғызып, сапалы емдеу кіреді. Қазіргі таңда бір жасқа де­йінгі балалардың өлім көрсеткішін азайту үшін сәбилерді өлмейтін жағдайлардан аман алып қалу екендігін ескерсек, онда бұл мәселеге байланысты педиатрия сала­сын­дағы ғылыми зерттеулер төмендегі бағыттарда жүргізілуі тиіс: өлмеуге тиіс се­бептердің нақты тізімін жасап, оның ішінде аймақтық ерекшеліктерді ескеру, өлмейтін жағдайлардан аман алып қалудың жол­дарына баға беруді жетілдіру.
Жалпы, бір жасқа дейінгі балалар­дың өліміне қатысты еліміздегі деректеме­лер­ге зер салсақ, өткен жылы, яғни 2012 жыл­дың 11 айында елімізде бір жасқа де­йінгі 4 810 нәресте өлімі тіркеліпті. Бұл жө­нінде Қазақстан Республикасының 2012 жылғы демографиялық ахуалы сөз болған мәс­лихатта ҚР Статистика агенттігінің төра­ғасы Әлихан Смайылов мәлімдеген бо­латын. Нәресте өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар болып табылатынын мамандар сол кезде де қайталап баса айтты. Осы себептен 2012 жылдың сегіз айында – 2140, ал 11 айында 2772 сәби шетінеген. Бұл нәрестелер өлімі жалпы санының 58,7%-ын құрайды. Статистикалық мәлі­меттерге сүйенсек, 4810 баланың: туа біт­кен дерттен – 913, тыныс органдары ауру­ларынан – 342, жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан 204 нәресте көз жұмған.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Алашқа айтар датым...
Балалар денсаулығы тек ата-ана үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызды екенін ұғынуымыз қажет. Баланың денсаулығы дұрыс болу үшін ананың денсаулығы дұрыс болуы тиіс. Алайда бүгінгі таңдағы жағдай мәз емес, себебі Қазақстандағы туылған сәбилердің, әсіресе қазақ балалары мен аналарының денсаулықтары көңіл көншітпейді. Сондықтан дені сау ұрпақ өсіру үшін мемлекет аналарға жағдай жасап, ал дәрігерлер мен ата-аналар өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауы керек. Ананың денсаулығына салғырт қарауы тиісінше құрсақтағы сәбиіне әсер етеді, ал ананың аман-сау болуы – өз қолында. Егер болашақ ана уақытында медициналық тексерістен өтіп, дұрыс тамақтанып, күтінетін болса, өмірге, яғни еліне дені сау ұрпақты сыйлайды. Қазір медицинада болсын, өзге салада болсын не керектің бәрі бар. Бірақ сәби өлімінің көрсеткіштері осы жетістіктермен сәйкес келмей отыр. Мен Алладан тек бір ғана тілек тілер едім: қазағымның жерінде тек Құдайдан тілеген балалар ғана дүниеге келсе екен. Қазір ана мен баланың күтімін тек мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақылармен байланыстырып қою жаман әдетке айналған. Әрине, әлеуметтік жағдайдың денсаулыққа тигізер септігі жоқ деп айтудан аулақпын, десек те, ананың денсаулығы мықты болуы үшін қыруар қаржының қажеті жоқ екені анық. Бір ғана мысал келтірейін, бір жұмыртқа әрі кеткенде 22-25 теңге тұрады. Ал бір жұмыртқада 100 грамм нәруыз бар, сүттен әзірленетін тағамдарда кальций бар дегендей... Бұл –бірен-саран мысал ғана, ар жағы айтпаса да белгілі. Капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқан біздің денсаулығымыздың 50%-ы – өз қолымызда. Мемлекет мүгедек болып туылғандарға немесе жетім қалғандарға көмектессін, ал дені сау ұрпақты дүниеге әкелуді әрбір азамат өз парызы ретінде сезінсе деген тілегім бар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста