«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
– Мейірбек Молдабекұлы, сіз бір сөзіңізде «ғарышқа ұшу үшін қазақ азаматтарының біліктілігі де, қарым-қабілеті де, күш-қуаты да жетеді» деген едіңіз. Жалпы, маман ретінде, сіздің болжамыңызша, қазақ ғарышкерлерінің ғарышқа аттана алатын кезеңі қай тұс деп топшылайсыз? Таяу болашақта қазақ ғарышкерлерін ғарышқа аттандыру мүмкіндігіне қол жеткізе аламыз ба?
– Өздеріңізге белгілі, 1999 жылғы сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ғарышкерлерді ұшуға даярлау туралы» келісімшарт жүргізу мақсатында Ресей Федерациясына аттанған болатын. Бұл сапардың маңыздылығы сол – нақ осы кездесуде қазақ ғарышкерлерін ғарышқа ұшыру мәселесіне қатысты біраз жайттар шешілген еді. Ресей еліне ресми сапары кезінде екі елдің басшылары қазақстандық екі ғарышкерді ұшуға даярлау жөнінде келісімге қол жеткізген болатын. Осыдан кейін 2000 жылдың 7 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынау орталығына сол екі ғарышкерді оқытуға жіберу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан ведомоствоаралық комиссия құрылды. 2002 жылдың қараша айында сол комиссияның шешімі бойынша жаңағы екі кандидатымыз аталған орталыққа жалпы ғарыштық даярлықтан өтуге жіберілді. Олар екі жыл даярлықтан өтіп, ғарышкер-сынаушы атағын иеленеді. Алайда бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салдарынан 2009 жылдың күзіне жоспарланған отандық ғарышкерлерді сапарға аттандыру мүмкін болмай қалды. Ал ғарышкерлерімізді ғарышқа ұшырудың келесі мерзімі туралы айтатын болсақ, бұл мәселе мынадай тәртіппен шешіледі: негізінен, Халықаралық ғарыш стансысы – халықаралық маңызы бар нысан. Оның құқықтық мәртебесі Канада, Еуропалық Одақ, Жапония, Ресей Федерациясы мен АҚШ елдері үкіметтерінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі арнайы шарттармен реттеледі. Бұл шарт 1998 жылы 29 қаңтарда жасалған. Халықаралық ғарыш экипаждарын жасақтау мәселесін осы серіктестер реттейді. Сондықтан қазақстандық ғарышкерді Халықаралық ғарыш стансысының экипажына енгізу мүмкіндігі жоғарыда аталған серіктес елдермен келісімге келуді талап етеді. Әрине, мұндай келісімдерге келісу үшін уақыт қажет. Осыған байланыстыра айтар болсақ, қазақ ғарышкерлерінің ғарышқа аттана алатын нақты кезеңін айту қиын.
– Бүгінде отандық ғалымдар «Байқоңырды ресейліктерсіз жетілдіре алмаймыз» дегенді жиі айтады. Бұл осы саладағы маман тапшылығынан туған пікірлер ме, әлде біздегі оқып-білім алған мамандардың біліктілігі жарамсыз ба?
– Оқып даярланған, біліктілік жинаған мамандардың жарамсыз болуы мүмкін емес. Бұл мамандардың тапшылығын ескеріп барып айтылып жүрген пікірлер болуы мүмкін. Жалпы, жасыратыны жоқ, бізде ғарыш саласындағы мамандар жоқтың қасы. Осы жерде басымдық беріп айта кететін нәрсе – сапалы мамандарды даярлап алмай, ұлттық ғарышты дамыта алмайтынымызды әр кезде есте ұстаған абзал.
Өзіңіз білесіз, әр салада жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибелі мамандардың керек екені айдан анық. Сол тәрізді ғарыш қызметін дамыту үшін де кәсіби мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру міндеті дәйім басты назарда тұруы қажет. Негізінен, бүгінде біздің мемлекетіміз осы күрделі саланы игеруге талпынғандарға жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Мәселен, ғарыштық мамандарды кешенді даярлауды ұйымдастыру бойынша «Қазғарыш» пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойылып, «Қазғарыштың» ұсынысымен ғарыш саласына арналған мамандарды даярлау бойынша базалық жоғары оқу орындары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы анықталған. Қазір осы жоғары оқу орындарында ғарыштық техника және технология мамандығы бойынша мамандарды даярлау жұмысы бастау алды. Аталмыш жоғары оқу орындарында нақ қазір жиыны 70-ке жуық студент мамандық алуда. Сонымен қатар 1996 жылдан бастап Байқоңыр қаласында орналасқан «Восход» Мәскеу авиациялық институтында 205 қазақстандық азамат білім алуда. Осы мақсатта еліміздің Білім және ғылым министрлігі 2008 жылдан бері жыл сайын 45 оқу грантын бөліп отырады.
– Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша да сала мамандарын дайындау қолға алына бастады емес пе?
– Иә, авиация саласы бойынша білікті мамандар дайындау «Болашақ» бағдарламасының аясында да жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 58 стипендиатымыз Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Нидерланды, Қытай және Канада мемлекеттерінде өз білімдерін шыңдап жатыр. 20-дан астам қазақстандық инженер француз елінің кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтіп, тәжірибелік білім алу үшін Англияға аттанып кетті. Ал жақында Францияға кезекті қазақстандық инженерлер тобы жіберілді. Міне, осы жайттарды ескере отырып мысал етер болсам, қайсыбір қауымның «Байқоңырды ресейліктерсіз игере алмаймыз» деген пікірлерінің келешекте салмағы болмай қалатынын айтқым келеді. Өйткені ғарыш саласына қажетті білікті маман даярлау ісі – біздің мемлекетімізде еш уақытта назардан тыс қалмайтын аса маңызды мәселе. «Қазғарыш» бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ жас азаматтарымыздың ғарыш мамандықтарын игеруіне де қолдау көрсете бермек.
– Жалпы, өндіріс сапасы көтеріліп, ғарыштық технологияның тілін жетік меңгеру үшін мамандар даярлауда қанша мерзімдік уақыт қажет деп ойлайсыз?
– Негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі Елбасының Жарлығына сәйкес 2007 жылы құрылды. Агенттік құрылғаннан кейінгі бес жылда Елбасының және Үкіметтің қолдауымен елімізде жаңадан ғарыш саласын құруға бағытталған жобалар дәйекті түрде жүзеге асырылды. Салалық бағдарламаның шеңберіндегі бұл жобалар Қазақстанда толыққанды ғарыштық өндіріс саласын құру жолындағы бірінші кезеңді іске асырады. Бірінші кезеңнің нәтижесінде елімізге заманауи ғарыштық технологиялар енеді және меңгеріледі. Толыққанды ғарыш саласын құру үшін екінші кезеңде (2015-2020 жылдары) меңгерілген ғарыштық технологиялар негізінде отандық өндіріс аяғына тұрады деп үміттену керек. Бұл аралықта тәжірибесі бар мамандар саны қажетті деңгейге жетеді деп сену керек. Өндіріс сапасы халықаралық деңгейге көтеріліп, маман біліктілігі жетіліп, Қазақстан дүниежүзілік ғарыштық нарықта өзінің орнын табады. Бұған Алаш жұрты үлкен сенім артуы керек. Лайым, елде береке-бейбітшілік болса ғарыш индустриясын да дамыта алатынымызға сенім мол.
– Өзіңіз білесіз, бүгінде Ресей елі Амур облысында «Восточный» деп аталатын ғарыш айлағын сала бастады. «Байқоңырды» 2050 жылға дейін жалға алған ресейліктерге жаңа ғарыш айлағы асқан қажеттілік пе?
– Негізінде Ресей тарапының мұндай шешім қабылдауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, кез келген мемлекет үшін өзінің жеке ғарыш айлағының болуы аса қажеттілік. Өйткені, өзіңіз ойлаңызшы, кез келген мемлекеттің өзінің жеке ғарыш айлағы болғаны дұрыс па, әлде басқа мемлекетке қыруар ақша төлеп, жалдаған дұрыс па? Сондықтан әр мемлекет өзіне тиімді жолдарды іздейді. Бұл – бір. Екіншіден, кезінде Қиыр Шығыс дамымай қалды. Сондықтан да болар, ол өлкеде жаңа ғарыш айлағын салу көптеген жергілікті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді және халықтың жаппай сол өңірден көшуін тоқтатады. Егер Ресей осы Қиыр Шығыста ғарыш айлағын салатын болса бірқатар мамандарға өзіндік жұмыс орны да табылады. Мұндайда халықтың тұрмысы да жақсара түспек. Бұл – екі. Үшіншіден, шамамен 10 жылдан соң «Байқоңыр» ғарыш айлағының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі туындайды. Осы жерде «қаражатты материалдық-техникалық базаны жаңартуға жұмсаған дұрыс па, әлде жаңа ғарыш айлағын салуға жұмсаған дұрыс па?» деген сұрақ туындайтыны рас. Егер Ресей 2020 жылға дейін аталған жаңа ғарыш айлағын салса, онда олар біртіндеп «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алудан бас тартады.
– Өзіңіз айтып отырғандай, енді 10 жылдан соң «Байқоңыр» ғарыш айлағының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі туындайды екен. Осыны ескергендіктен, қазақстандық «Бәйтерек» ғарыштық ракеталық зымыран кешенін салу ісі ойластырылды. Жалпы, осы турасында кеңінен айтып өтсеңіз...
– Айта кетейік, экологиялық жағынан таза «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін салу – үлкен болашағы бар жоба. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызы бар дүние. Бұл жоба арқылы нақты-нақты жетістіктерге қол жеткізуге болады. Бірнешеуін нақтылап айтар болсам, аталмыш жоба:
а) көнерген нысандарды жаңарту арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалуды;
ә) «Байқоңыр» ғарыш айлағын біртіндеп Қазақстанға өткізуді;
б) Қазақстанның экологиялық проблемасын шешуді реттеуді;
в) бұдан соң «Бәйтерек» жобасы Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағына нақты енуін және әлемдік коммерциялық ұшыру нарығына кіру мүмкіндігін, зымыран тасығыштарды әзірлеу және ұшырудың технологиялық операцияларына тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.
– Ал жобаның жалпы құны қанша тұрады? Аталмыш жоба қаншалықты пайдаға кенелтпек?
– Бір басымдық беріп айта кетерлігі – «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр. Жобаның басты проблемасы оны одан әрі қаржыландыру мәселесінде болып отыр. Соңғы рет Ресей тарапының ұсынған техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, жобаның құны жеті есеге өсіп, 1 млрд 640 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ пайдалануға беру мерзімі де нақты анықталып белгіленбей отыр. Бұған қоса, бұл жобаны іске асыруда барлық шығындарды Қазақстан тарапы өз мойнына алуға міндетті екені де анықталды. Өйткені Ресей тарапы жобаны бірлесіп қаржыландырудан бас тартуда. Бұл мәселе бірнеше рет «Қазғарыш» пен «Роскосмос» деңгейінде талқыға салынды. Қазіргі таңдағы қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, Қазақстан мен Ресей арасында жоғары деңгейде саяси шешімдер қабылдауды талап етеді. Әрине, бұл жерде ел мүддесі басты назарда тұруы тиіс.
– Соңғы кездері Қазақстан Франция, Израиль, Үндістан елдерімен үкіметаралық келісімге қол қойып, Италия, Корея, Жапония, Украинаның ғарыш агенттіктерімен келіссөздер жүргізуді қолға ала бастады. Жалпы, отандық ғарыш индустриясын дамытуда мұндай келіссөздердің алатын орны қаншалықты зор?
– Иә, дұрыс айтасыз, осы аталған мемлекеттермен біз қызметіміздің басынан бастап өзара ынтымақтастықты дамытуға күш салып келеміз. Нәтижесінде ғарыш саласын игеру аясында көптеген келіссөздерге қол қойылды. Ғарыш қызметі саласындағы стратегиялық әріптестермен (Ресей, Франция) және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу мен оны пайдалану саласындағы әлемдік көшбасшылармен халықаралық ынтымақтастық орнатып дамытудамыз. Бұл елімізге ғарыш саласын құру және ғарыш ғылымындағы жетістіктерді, экономиканы дамыту мүддесіндегі техника мен технологияларды пайдалану бойынша міндеттерді барынша тез және тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Былтырғы жылдың өзінде Ресей Федерациясымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің болашағы зор ғылыми және технология институтымен, Сауд Арабиясы Корольдігі Әбдел Әзиз атындағы ғылыми-техникалық қалашығымен, Жапония мемлекетімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі қарқынды дами бермек. Мұндай ынтымақтастық келіссөздер отандық ғарыш индустриясының өзіндік дамуына тікелей ықпал етеді. Негізінен, өз басым көріп білгеннің, білетіндерден үйренгеннің еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын.
– Жалпы, ғалымдар «Байқоңырдың беделі әлемдік ғарыш айлақтарының бәрінен жоғары» деседі. Қалай ойлайсыз, «Байқоңыр» Қазақ елінің өзіндік бренді болатын мезгіл қай жылдары болуы мүмкін? Маман ретінде осыған болжам жасай аласыз ба?
– Рас, біздің елімізде әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан. Әлем біздің ғарыш айлағымызды «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындайды. Бұл Қазақ елі үшін зор абырой екені сөзсіз. «Байқоңыр» ғарыш айлағы бүгінгі күні достық пен ынтымақтастықтың нышаны болып табылады. «Байқоңыр» барлық кластағы «Союз», «Зенит», «Протон», «Днепр» ғарыштық зымырандарының нақты старттық алаңы болып табылады. Әлемде зымыран-тасығыштарды ұшыру саны бойынша және коммерциялық ғарыш аппараттарын ұшыру саны бойынша бірінші орынды иеленді. «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресейдің федералдық және халықаралық бағдарламалар бойынша басқарылатын ғарыш кемелерін де, түрлі бағыттағы ғарыш аппараттарын да ұшыру жүзеге асырылады. Әлемде 20-дан астам ғарыш айлағы бар, бірақ «Байқоңырдан» дүниежүзіндегі ұшырулардың үштен бір бөлігінен астамы жүзеге асырылады. Әрине, мұндай мәліметтердің әр қазақстандықты қуантып, бойында мақтаныш сезімін тудыратыны сөзсіз. «Байқоңыр» қазірдің өзінде қазақстандық бренд ретінде танылды. Бүгінде «Қазғарыш» ауқымды халықаралық ғарыштық жобалар аясында «Байқоңырды» тиімді пайдалануды іске асырып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазірдің өзінде «Байқоңыр» Қазақ елінің теңдессіз брендіне айналып отыр деуге толық негіз бар. Біздің ендігі міндетіміз де, парызымыз да осы құндылығымызды шашау шығармай сақтап қалу әрі жетілдіре түсу болып табылады.
Алашқа айтар датым...
Бүгінде ғарыш айлағына саусақпен санарлықтай елдер ғана ие. Халықаралық сарапшылардың дені сол санаулы елдердің ішінде Қазақ елінің мәртебесі биік, шоқтығы жоғары екенін қазір мойындап та жүр. Тіпті қайсыбір сарапшылар тарапынан «2020 жылға қарай Қазақстан ғарыштық державаға айналуы мүмкін» деген жорамалдар да айтылып қалады.
Негізінен, ғарыштық даму, ғарыш саласы, ғарыштық инфрақұрылым дегенде, біз көбінесе «Байқоңырды», ондағы зымыран-тасығыштарды, ғарыш айлағын жалға алу мерзімін, одан түсетін пайда мен ғарышқа ұшырылатын қазақ ғарышкерлерінің тағдыры жайында сөз етеміз. Мұндайда көбінесе ғарыштық ғылыми-зерттеу, ғарыштық техника жасау жұмыстары тасада қалып жататыны жасырын емес. Осыған орай айтарым, қазақта «жердің кілті – аспанда» деген де сөз бар, ал мен бұған байланыстырып, «ғарыштың кілті – ғылымда» дер едім. Ғарыш индустриясы дамыған ел боламыз десек, ғылым-білімге айрықша назар аударғанымыз абзал. Өсіп-өніп келе жатқан жастарымыз ғылым-біліммен сусындауға айрықша мән берсе, болашағымыз кемелді, байлығымыз ерен болары даусыз.