Уәлихан ҚАЛИЖАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы:
– Уәлихан аға, сұхбатымызды қазақтың №1 проблемасынан бастасақ. Сіздің ойыңызша, ұлтымыздың №1, №2, №3 проблемалары не?
– Менің ойымша, еліміздің №1 проблемасы – тіл. Өйткені тіл ұлтты біріктіреді. Қазір Қазақстандағы қазақ халқының үлес салмағы 65 пайызға жетіп отыр. Бұл мемлекеттік саясатымызға күш беріп, ұлттық саясатымызды анықтауға, мемлекеттік тілімізді дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Десек те, мені 4 миллионға жуық қазақтың қазақша сөйлей де, жаза да алмайтыны қиналтады. Мен үшін №2 проблема – ауыл жағдайы. Себебі қаймағы бұзылмаған қазақ халқының 45 пайызы әлі де ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Бүгінде ауылға мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек жасалып жатқанымен, бөлінген қаржы толығымен елді мекендерге жетпей отыр. Өйткені қоғамды меңдеген жемқорлық бар. Біз сол жемқорлықты жеңуіміз керек. №3 проблема – қазақы рушылдық, жершілдік. Ұлттық сана-сезімімізді серпілтіп, ұлы, өркениетті ұлттардың санатына қосылуымыз үшін сол жағымсыз санадан арылуымыз керек. Осы кеселден айыққанда ғана іргелі ұлт боламыз. Әр қазақ азаматының санасына сілкініс қажет.
– Ол сілкіністі жасайтын бұқаралық ақпарат құралдары һәм жекелеген публицистер екені белгілі. Бұл орайда саяси публицистиканың алар орны ерекше екенін білеміз. Публицист ретінде айтыңызшы, бізде саяси публицистика қалыптасты ма?
– Саяси публицистика қалыптасты деп айта аламын. Себебі бүгінде публицистика мен журналистика әдебиеттің алдына түсіп кетті. Саяси өтпелі кезеңде біздің көсемсөз ұлттың көшбасшысына айналды. Кезінде «Оян, қазақ» деп айғай салсақ, қазір «Ойлан, қазаққа» көштік. Бұл жайт айналып келгенде біздегі көркем-саяси көсемсөздің, яғни публицистиканың іргесінің берік қаланғанын аңғартады. Мемлекеттік немесе оппозициялық басылым беттеріне көз жіберсеңіз, тіпті өлең тілімен жазылған публицистикалық туындыларды байқайсыз. Мұны да қоғамдағы әртүрлі мәселеге формалық ізденіс арқылы үн қосу деп түсінемін.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке келген кезде саяси публицистиканың беделін ескеріп, бір бөлімнің атын өзгертіп, «Көркем әдебиет және публицистика» деген бөлім құрдым. Біз осы бөлім арқылы жалпы көсемсөздің, оның ішіндегі саяси көсемсөздің табиғатын тану жолдарын қарастырмақпыз. Бұл бір жағынан қарасаңыз, әдеби һәм журналистикалық жанрға да келеді. Журналистиканың негізгі міндеті – елдегі өзгерістерге, жаңалықтарға үн қосу. Алаш ардақтылары бастаған осы ізгі жолдың ізін бүгінгі буын өз әлетінше жалғастырып келеді деп ойлаймын.
– Журналистиканың жанрлары дегенде еске түседі, бізде қазір эпистолярлық жанр, яғни хат алмасу дәстүрі үзіліп қалған жоқ па? Сіз «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тұрған кезде Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов арасында қоғамдық мәселелерге үн қатқан хаттар жарияланып тұрған еді.
– Өзің айтып отырған Шерхан мен Камал аға арасындағы сол хаттарды ұйымдастырған мен болатынмын. Әр жайттың бір түрткісі болады ғой. Бір күні Камал ағамыз ХХІ ғасыр қазақтың ғасыры болатыны, осы ғасырда еліміздің арайлап таңы ататыны, халқымыздың бай-бағланға айналатыны жайлы толғамдарын әкелді. Артынша ол мақала жарық көрді. Сол тұста Шерхан Мұртазаны редактордың кеңесшісі етіп қызметке тағайындаған едім. Шерхан аға Камал ағаның жазғанын оқып: «Ойпыр-ай, ә» деп ойланып қалды. Мен сол сәтті қалт жібермей: «Осы мақалаға жауап жазып көріңізші» деп өтініш білдірдім. Шерхан Мұртаза жауап жазды. Екі тұлға арасындағы бұқаралық ақпарат құралы арқылы хат алмасу осылай басталып, бір жарым жылға жалғасты. Бұл осы екі тұлғаның табиғатын ашты, көп келелі мәселелер айтылып, қоғамға қозғау салды. Тіпті екі ағамыз кейбір жерлерде қатты да кетіп жатты. Мысалы, Шерхан ағамыз досына жазған хатында «сен алтын-күмістің үстінде отырмыз» дейсің. «Ендеше, қазақ неге жалаңбұт жүр?» деген сынды ойларын да ашық айтқан еді. Тағы бір айта кететін жайт, Шерхан ағамыздан хат жазуды өтінген кезде мақаладағы бір сөзді өзгертпеуге, қысқартпауға уәде бердім. Бәлкім, бұл хаттың халыққа қозғау салуына сол да себеп болған шығар. Енді «бүгінгі күні хат алмасу дәстүрі үзіліп қалған жоқ па?» деген сауалыңа келейік. Қазір интернет жүйесі арқылы эпистолярлық жанрдың жаңа формасы қалыптасты. Ғаламторда жарияланған материалыңа оқырмандар тарапы өзіндік пікір білдіріп, пікірталас ұйымдастырып жатады. Қазір мен де, өзімнің мақалаларымның астына жазылған пікірлерді оқып, автор ретінде оқырмандардың көзқарасымен танысып отырамын. Олардың сынын да ескеріп, келесі мақалада ол олқылықты түзетуге тырысамын.
– Қоғамдық, халықтық күрмеулі мәселелер әлі де аз емес. Екі ағаңыздың осы сара жолымен, өзіңізбен деңгейлес бір тұлғамен бірігіп БАҚ арқылы хат алмасу, осы арқылы қоғам, халық, ел мен жер жайлы толғану ойыңызда бар ма?
– Мен, жалпы, қандай мәселе болса да, ашық пікір білдіре алатын азаматтардың санатынанмын. Бірақ әзірге газет бетінде жарияланған мақалаларымды ары қарай дамытып әкететіндей хат келіп түскен жоқ. Өзім де бір тұлғаны пікір алмасуға шақырған емеспін. Серік болар азамат табылып жатса, қоғамдық, халықтық мәселені қаузайтын хаттарды жазуым мүмкін еді деп ойлаймын.
– Парламенттің ІІ-ІІІ-ІҮ шақырылымының депутаты болдыңыз. Ұлттық мәселелермен бірге «Көші-қон саясатына» қатысты мәселелерді көтердіңіз. Көші-қон мәселесі жөнінде кеңес құрып, сол кеңестің төрағасы болғаныңыз да есімізде. Парламентте жүріп, аяқсыз қалған «әттеген-айыңыз» бар ма?
– Мен көші-қон саясатын ұлттық саясаттың ішіндегі ең басты саясат деп білемін. Парламентте депутат болып отырып, «Көші-қон туралы» Заңды жетілдіруге септестім деп ойлаймын. Сол тұста біз көші-қон мәселесі жөнінде арнайы кеңес құрып, сол кеңестің төрағасы ретінде 16-17 қоғамдық ұйымның басын қосып, Үкіметке хат жолдадық. 1890 жылғы патшалық Ресейдің санағы бойынша қазақтардың саны 3 млн 900 мың болатын. Өзбектер 2 млн 900 мың болатын. Бүгінде өзбектер 30 млн-ға жақындады. Ал қазақтардың саны 10 млн-ға әрең ілігіп отыр. 10 млн-ға жуық қазақ өзбекке сіңіп кетті. Ол аздай, 1863 жылғы Шәуешек келісіміне сәйкес, патшалық Ресей қазақ жерін өзен бойымен бөліп, қазақтың біраз атақонысы Қытай құрамында қалып қойды. Құдайға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында мемлекетімізге 1 млн-ға жуық қазақ көшіп келді. Бүгінде «оралмандар қоғамға масыл болып отыр» деген пікір қалыптасып қалған сияқты. Меніңше, оралмандар қазақ қоғамына масыл болып отырған жоқ. Себебі елге көшіп келгендердің 4 пайызы ғана зейнеткерлік жасында екен. Қалғанының бәрі жұмыс істеуге қабілетті азаматтар. Оралмандардың арасында 50-ден аса ғылым докторы, 250-ден аса ғылым кандидаты, 13 мыңнан астамының жоғары, қалғандарының арнаулы білімі бар. Мұның өзі аз көрсеткіш емес. Осы шоғыр қазақтың ұмыт болған әдет-ғұрпын, салт-санасын жаңғыртты. Демографиялық мәселемізді шешуде де ерекше серпін әкелді. Мысалы, Алматы қаласында жылына кәмелетке толмаған 300-ден астам қыз бала жасанды түсік жасатады екен. Бұл – ресми дерек. Ал ресми емесі қаншама. Ал оралман ағайын осы жасанды түсік жасатуды «Алла кешірмейтін күнә» деп біледі. Ұлт болам десек, ұлттық өсуіміз тоқтамауы керек. Еліміздегі қазақтың санының 65 пайызға жуықтауына да оралман бауырларымыздың үлкен үлесі бар. Мысалы, 1995 жылға дейін Қазақстанда табиғи өсім болмады. 1995 жылдан кейін ғана табиғи өсім 300 мың балаға қалыптасты. Елбасымыз биылғы жылға арнаған Жолдауында көші-қон саясатының сарабдал жолын қалыптастыруымыз керек екеніндігін айтты. Алда Үкімет те осы бағытта жұмыс істейді деп ойлаймын.
– Мемлекетімізде заң шығару бастамасына Президент, Үкімет, Парламент депутаттары құқылы. Бірақ заңдардың дені Үкіметтің жасауымен келеді. Ал Парламент тек өзгерістер мен толықтырулар енгізумен шектеліп отыр. Жалпы, біздің Парламент қашан өздері заңды жазатын дәрежеге келеді деп ойлайсыз?
– Біздің Парламент заң шығарғысы келеді. Бірақ ол заңға Үкімет экономикалық сараптама жасауы тиіс. Сол себепті де көп жағдайда депутаттардың заңы өтпей жатады. Егер, сіз айтқандай, Парламент заң шығаратын болса, ол заңның ауқымы басқа заңдардан кең болар еді. Себебі Үкімет барлық заңды өзінің жұмыс істеу қабілеті, өздеріне міндеттелген ауқымына сәйкес ыңғайлағысы келеді. Бізде бір қызығы, сол Үкіметтен келген заңға өзгерту енгізудің өзі қиын. Бір өзгертудің өзін шумен енгізетін едік. Мысалы, «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңға «Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сын материалдар негізінде қаржы полициясы міндетті түрде тексеру жүргізуі керек» деген бап енгізген болатынмын. Осы бап күшіне ену үшін қаншама еңбектендім. Ақыры өтті. Қазір Мәжілістің қасында Заңнама институты жұмыс істейді. Демек, болашақта Парламентіміз өзгерістер мен толықтырулар енгізумен ғана шектелмейтін, өзі заң шығаратын органға айналады деп ойлаймын. Біздің Парламент бюджетті қабылдайтын ғана емес, бюджеттің шығынын бекітетін дәрежеге жетсе, сең орнынан қозғалар еді. Бұған, меніңше, біраз уақыт керек.
– Ұлтқа ғалым-публицист болып, депутат болып қызмет еттіңіз. Осы екі бағыттың қайсысы халыққа пайдалы, тиімді деп ойлайсыз. Екі жолдың, екі мінбердің айырмашылығы бар ма?
– Мен бұл қызметтерді бөліп қарастыра алмаймын. Өзімді, жалпы, кәсіби журналиспін деп санаймын. Тілшіліктен бастап, сатылап журналистиканың бүкіл мектебінен өттім. Университетті бітіре салып, бір жылдан кейін министр немесе бас редактор бола салған жоқпын. Балалар басылымын басқардым. «Лениншіл жастың» атауын ешқандай қаулы-қарарсыз-ақ «Жас Алаш» деп өзгертіп, Ғани Мұратбаев қойған тарихи атауын қайтардым. Жастыққа тән жалын болды. Жұмыссыз қалмайтынымды білдім. «Егемен Қазақстан» газетінде басшы болғанда да, депутат болып жүргенде де көкейкесті мәселелерге үн қоспай қалған кезім болған жоқ. Парламентте жүріп, публицистикалық мақалалар жаздым. Меніңше, Парламенттің бір ғана артықшылығы бар. Ол – Парламенттің мінбері. Ол жерде айтылған сөзің Парламенттің сөзі болып қабылданады.
– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына басшы болғаныңызға бір жыл уақыт болды. Осы бір жыл бедерінде қандай шаруалардың басын қайырдыңыз?
– Бір жыл ішінде классикалық зерттеулер топтастырылған 11 кітап шығардық. Оған қосымша институттағы жеті ғалымның еңбектері жеке кітап болып жарық көрді. Мысалы, халық бізде қызмет істейтін Шөмішбай Сариевтің ақындығын жақсы біледі. Өткен жылы ол кісінің қазақ лирикасы туралы зерттеу кітабын шығардық. Ұстазым Бейсенбай Кенжебаевтың, белгілі ғалым Алма Қыраубаеваның, Мырзатай Жолдасбековтің зерттеулері жарық көрді. Мәселен, біз латын әрпіне көшкен кезде осы классикалық зерттеулерді дереу латын әрпімен басуға дайынбыз. Мұхтар Әуезовтің 50 томдығын да латын әліппесімен шығаруды ойластырып қойдық. Яғни латын әрпіне көшу ұлттық менталитетті өсіріп, халықты біріктіреді. Жаңа ұрпақ тоталитарлық коммунистік жүйенің психологиясынан арылады.
– Жаңа қызмет – жаңа ойлардың бастамасы. Бізге айтар, қызғылықты тың ойларыңыз бар ма?
– Академик Серік Қирабаевтың «Әдебиетті қайта оқу» деген еңбегі бар. Сол еңбекті бұрын ғалымдық көзқараспен емес, оқырман көзқарасымен үстірт оқыған екенмін. Осы еңбекті қайта оқығаннан кейін «Кеңестік кезеңдегі роман, повесть, өлең, поэмалардың бүгінгі ұрпаққа қажеті бар ма?» деген сауалға жауап тапқандай, сол кездегі жазушыларымыздың астыртын ойларын, жасырын көзқарастарын аршып алып, олардың нені меңзегенін халыққа жеткізуіміз керек екенін тағы да жете түсінгендей болдым. Зәки Ахметовтің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолына» қатысты зерттеуін оқып отырып, бұрын байқамаған, мән бермеген дүниелерді кездестірдім. «Абай жолы» романының соңында Абайдың монологі берілген. Онда Абай келешек күндер туралы толғанады. Егемендік пен Тәуелсіздіктің рухын сезіне сөйлейді. Демек, Әуезов 1940 жылдардың өзінде Тәуелсіздік алатынымызға сенген. Қазір көптеген азаматтар «егемен» деген сөзді қазақтың сөзі емес, Ата Түріктің мемориалындағы «Егемен мен» деген сөзінен шыққан деп жүр. Тәуелсіздіктің 21 жылынан кейін бұл сөзді Абайдың 39-қарасөзінде бар екенін көрдік.
– Бізде мемлекеттік қызметтен шеттетілген азаматтар дереу оппозиция жағына шығып кететін үрдіс бар. Мысалы, сіз депутаттық мандаттан айырылғаннан кейін оппозицияға кетіп қалсам деген ойыңыз болған жоқ па?
– Оппозиция да, мемлекет те тек заң бойынша жұмыс істеуі керек. Мысалы, біздің оппозиция «билік ашық жұмыс істесін» дейді. Олай болса, оппозиция да ашық жұмыс істесін. Олар Қазақстанға қара түнек төндіріп, жардан құлайын деп тұрған мемлекет сынды суреттейді. Қазақстанның саяси жағдайын дұрысын дұрыс, кемшілігін кемшілік деп көрсетсе, мүлдем бөлек үрдіс қалыптасар еді. Бізде оппозициямыз біржақты болуы себебінен қуыршақ оппозицияның деңгейінде қалып қойды. Бұлай айтуымның себебі, 50 мың мүшесі бар партия сайлауға түскенде неліктен 50 мың дауыс ала алмайды? Жауап беріп көріңізші. Олар дереу «әкімшілік ресурстарды пайдаланды» деп байбалам салып шыға келеді. Мәселен, Америкада жақында сайлау өтті. Обама жеңіске жетті. Оның қарсыласы «Менің Президентім» деп құттықтады. Аз дауысты жоқтап, шу шығарған жоқ. Керісінше, «Америка үшін бірге қызмет етейік» деді. Біздің оппозиция осы деңгейге жеткенде ғана қоғамда өзгеріс болады. Сонымен бірге оппозицияға кеткен белгілі тұлғалар әлдекімдерге еріп, соның салдарынан өздерін жоғалтып алды. Олар мемлекеттік қызметте жүріп, министр болып отырып халыққа қызмет етуіне болар еді. Мысалы, мен кәсіби парламентарий дәрежесіне жеттім. Атақ-дәрежем де бар. Бірақ депутат болмай қалдым екен деп көзқарасымды өзгертіп, оппозицияға кетсем, не болар еді? Қаламымды жоғалтпағанымның, ғылымнан қол үзбегенімнің арқасында конкурсқа түсіп, осы қызметке орналастым. Әр азамат өзін жоғалтып алмауы керек.
– Халқымыз ауыз әдебиетіне бай. Сол байлықты, сол фольклорды толығымен жинап үлгердік пе? Бұл орайда сіз басқарып отырған институт қандай шаруалардың басын қайырып жатыр?
– Институт «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 100 томдық ауыз әдебиеті топтастырылған кітап шығарып жатыр. Мұның 90 томы шықты. Биыл қалған 10 томы жарық көрмек. Сонымен қатар министрлікке «Ғасырлар үні» деген бағдарлама ұсынып отырмыз. Бұл бағдарламаға, негізінен, авторлық дүниелер енгізілмек. Бізде аты-тегі көрсетілген, авторы бар 500 мыңнан астам қор бар. Соның ішінде кереметтей қолжазбалар сақтаулы тұр. Сол туындыларды жарыққа шығарсақ, «қазақ әлемдік өркениетке үлес қоспады» дейтін сәуегейлердің үні өшер еді. Десек те, фольклорды зерттеу тоқтамауы керек. Біз Өзбекстанға, Моңғолияға, Ресейдің Алтай өлкесіне арнайы экспедиция ұйымдастырып, мол мұра әкелдік. Моңғолия қазақтарында сақталған «Жорға аю» биін теледидардан көрсеттік. Ғасырлар бойы сақталған мұраны жинақтау үшін Қытайдың Үрімжідегі Әдеби институтымен келісімге келіп отырмыз. Бейжіңдегі «Ұлттар баспасы» да қазақ мұраларын жинауға септесіп отыр. Сонымен қатар Қытайдағы қазақ телеарналарынан берілген мұраларды да жазып алып жатырмыз. Былтыр Тәжікстанға арнайы іссапармен екі ғалымды жібердік. Олар қыпшақ тілінде жазылған 40 том материал әкелді. Иран елшілігімен бірігіп, діни қиссаларды шығармақпыз. Тағы бір сүйінші хабарымыз бар. Америкада ағылшын тілінде «Қазақ прозасының антологиясы» жарық көрді. Бұл кешенді жұмысқа еліміздің Сыртқы істер министрлігі көмек көрсетті. Біз осылай өз жауһарларымызды сыртқа таныту мәселесін де қолға алып жатырмыз. Болашақта ағылшын тілінде қазақ фольклорының, қазақ поэзиясының антологиясын шығару ойымызда бар.
– Әзіл айтасыз ба?
– Әзіл тыңдағанды жақсы көремін. Бірақ мен айтқан әзілге ешкім күлмейді. Шерхан ағамның езутартарларына айтпай жатып күле бастайтын едік. Ондай қабілетім жоқ. Бірақ жолдастарыммен қатты қалжыңдасамын. Бес-алты дос-жараным бар. Бір-бірімізді әзілмен тұқыртып аламыз.
– Қызметтегі Уәлихан мен үйдегі Уәлиханның айырмасы бар ма?
– Қызметте қаталдау болуға тырысамын. Себебі мұнда ғылымда өз орны бар 18 ғылым докторы, 38 ғылым кандидаты қызмет етеді. Олардан жұмыс талап ету керек. Бірақ ешкімді алаламаймын. Қиянатқа барған емеспін.
– Қазақтан не алдыңыз?
– Қазақтан кеңдікті алдым.
– Қазаққа не бердіңіз?
– Әдебиетке діни-ағартушылық ағым деген бағыт қостым. Елбасымыз туралы екі кітап жаздым. Бірқатар басылымдарды басқардым. Парламент Мәжілісінің үш шақырылымының депутаты болдым. Сол кездегі еңбегіме мен емес, сендер, болашақ ұрпақ, баға бергені жөн секілді.
– Әңгімеңізге рақмет.
СӨЗ САРАСЫ
Оппозиция да, мемлекет те тек заң бойынша жұмыс істеуі керек. Мысалы, біздің оппозиция «билік ашық жұмыс істесін» дейді. Олай болса, оппозиция да ашық жұмыс істесін. Олар Қазақстанға қара түнек төндіріп, жардан құлайын деп тұрған мемлекет сынды суреттейді. Қазақстандағы саяси жағдайдың дұрысын – дұрыс, кемшілігін кемшілік деп көрсетсе, мүлдем бөлек үрдіс қалыптасар еді. Бізде оппозициямыз біржақты болуы себебінен қуыршақ оппозицияның деңгейінде қалып қойды. Бұлай айтуымның себебі, 50 мың мүшесі бар партия сайлауға түскенде неліктен 50 мың дауыс ала алмайды? Жауап беріп көріңізші. Олар дереу «әкімшілік ресурстарды пайдаланды» деп байбалам салып шыға келеді. Мәселен, Америкада жақында сайлау өтті. Обама жеңіске жетті. Оның қарсыласы «Менің Президентім» деп құттықтады. Алты дауысты жоқтап, шу шығарған жоқ. Керісінше, «Америка үшін бірге қызмет етейік» деді. Біздің оппозиция осы деңгейге жеткенде ғана қоғамда өзгеріс болады.