Ахметтануға жаңаша көзқарас қажет

Райхан Имаханбет, ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:

– Райхан Сахыбекқызы, бүгін Қазақ елінің тарихи тұлғасы, ұлттық рухы­мыз­дың ұлы тіні, ХХ ғасырдың реформатор ғалымы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 140 жыл, биыл ғұлама түрлеген қазақ­әліпбиіне 100 жыл толып отыр. Біз осы ахметтану белесінде Алаш көсемін толыққан­ды тани алдық па?
– Әлбетте, бұл сауалға «таныдық» деп те, «тани алмай жүрміз» деп те айтуға болады. Алдымен, Ахмет Байтұрсынұлы ха­лықты ағарту ісіндегі тарам-тарам жолда ғылымға ұлттық сипат әкелген төңкерісші реформатор ғалым екенін мойындауымыз қажет-ақ. Кеңес тұсындағы, тіпті Тәуел­сіз­дік кезеңдегі зерттеуші ғалымдардың кейбірі Ахаң түрлеген әліпби, қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудағы еңбектеріне негіз іздеп әлек. Бірі орысшадан аударылған «калька» дейді. Естіген құлаққа түрпідей тиетін күлкілі жағдай... Енді бірі тіпті терең­ірек зерттеуді қолға алуда. Жалпы, қазақ деген ұлыстың ұлт болып қалыптасуының тамыры тереңде жатыр. Десе де, қазақтың төл тілі – сөйлесу тілі болғанымен, төл жа­зуы өзінен ілгері жұрттың таңбасына тәуел­ді болды. Ғасырлар бойы бөгде жұрт­тың таңбасына таңылған тіл майданы өзінің тарихи тұлғасы Ахметін күрес сахнасына шығарды. Тілімізге төтеден түрен салып, дербестік әперу бақыты Ахметтің маң­дайына жазылған тағдырдың тауқы­метті де ең үлкен сынағы болатын. Ахаң түрлеген ана тіліміздің ұлт тілі ретінде мойындалуы оңайға түскен жоқ. Сан рет сүзгіден өтіп, талай-талай талқыға түсті. Ілімі мен білімі озған елдердің ғалымдары да бодан елдің болмысы бөлек баласының бойындағы «ұлттық бұлқынысты» көрді. Дарын иесінің даралығын таныды әрі үлкен сынақтан сүрінбей өткенін мойындады. Сөзіміз дәлелді болу үшін әліпби туралы айтылған айшықтарға жүгінелік. Мәселен, өзге ұлт өкілдері: А.Н. Самойлович «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы» (1919), Е.Д. Поливанов «Қырғыз-қазақ жаңа (Байтұрсынов) орфографиясы» (1924), Н.Ф. Яковлев «Әліпби құрылымы­ның математикалық жүйесі» (1928) туралы ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялады. Ал 1930 жылы Мәскеуде жарық көрген Әдеби энциклопедияның 1-томына Ахмет туралы қысқаша анықтамалық, 1931 жылы осы жинақтың 5-томына «Қа­зақ (Байтұрсыновтық) әліпбиі» енді. Міне, Ахаңды мойындағандармен мақтанудың орнына, қазақ ұлттық ғылымының негізгі өзегін әлі күнге өзгеден іздеуде. Неге қазақ үшін қазаққа қажетті ғылымның басында басқа біреу болуы керек? Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымындағы ұлттық болмыстың басы Ахмет десек, оның несі айып?! Әлде марқұм Зейнолла Қабдолов­тың ерлігін жасау ешкімнің қолынан келмегені ме? «Әдебиет танытқыш» – тұңғыш қазақы трактат, әдебиет теориясының басы» әлбетте, басы жоқ әдебиет бола ма? Қайтейік, болады деп келдік» деп бар әдебиетші қауымның күнәсін бір басына ала салды... Тіл мамандары Ахаңды ақ­таған 24 жыл ішінде зерттеп-зерделеп, мойындаған болса, ахметтануға қатысты «Алаш көсемін толыққанды тани алдық па?» деген сұрақ туындамас еді-ау.
– Ахаңның саяси тұлғасына келсек. Ахмет Байтұрсынұлы кеңестік пар­тияға көп тұрақтамағанын Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» атты кітабында жарияланған «Жазығым не?» деген мәлімдемесінен білеміз. Кеңестік партияның бет пердесін аш­қан сол мәлімдеме әлі өз бағасын ал­маған сияқты.
– 1992 жылы аталған мәлімдеме жазушы Д.Досжановтың «Абақты» кітабында қарастырылды. Бір өкініштісі, мәлімдеме­нің кейбір тұстары автор тарапынан біршама өзгеріске түскенін, кейін деректі құжатты көрген соң барып байқадық... 1996 жылы ҚР Президенті мұрағатының қызметкері Ж.Сүлейменов «Ақиқатта» жариялады. 2006 жылы әдебиетші Т.Жұрт­байдың құрастыруымен «Алаш ақиық­тары» жинағы жарық көрді. Шындығында, «Жазығым не?» жөніндегі мәлімдемелік өтініш туралы сөз қозғасақ, бұл – 1921 жы­лы қызыл партиядан шығарылғаннан ке­йін А.Байтұрсынұлының қойған сауалы. Әсілі, ұлт жұмысын арымен атқарған, қарақан басының қамы емес, халық қамын жеген адамның жазығы не? Оның қаншалықты жазықты, не жазықсыз екенін тарих таразы өзі салмақтайды емес пе?! Зарықтырып келген ақиқаттың астарына үңілу – ұрпақ парызы. Алаш арысының айт­қанынан қазақ жұрты құлағдар болуға міндетті. Бұл – келешек ұрпақ үшін қажет. Мәлімдеме дегеніміз не? Әрине, мәлім­деме туралы ұғымның ауқымы өте кең. Әрі ол мазмұнына қарай әртүрлі болады. Жалпы, мәлімдеме – мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдарда іс жүргізуге байланысты рәсімделетін ресми құжат. Мәлім­де­ме мәтінінің БАҚ-та жарияланым көруі – сирек құбылыс. Егер мәлімдеменің маз­мұны қоғамдық ортаға қандай да бір пайдасын тигізетін болса ғана, ол ел назарына ұсынылып отырған. Мәселен, А.Бай­тұр­сынұлының Кеңес өкіметін мойындап, коммунистік партияға мүшелікке қабыл­дануына байланысты жазылған мәлімде­месі. Мұны тіпті сол кездегі Кеңес Одағы­ның большевиктер партиясы саяси нау­қанға айналдырып, орталық басылымға жариялаған. Тарихшылардың пайымынша, Ахметтей ірі саяси қайраткердің беделі арқылы қазақ арасында партияның ықпалын арттыру, беделін көтеру болған. Әлбетте, коммунистік партия діттеген мақсатына жетті, ал Ахмет ше? Қазақ ұлтының келешегі үшін мүшелікке кірген партиясынан жылға жетпей шығып қалды. Міне, осы тұста «Жазығым не?» деген мә­лім­демесін өтініш түрінде партия алдына қойған. Ал партия оны алғашқы мәлім­демедей бұқара жұртқа жария етпеді. Неге? Өйткені бұл мәлімдемеде қазақ же­ріне келген Кеңес үкіметінің большевиктер партиясы қазақ жұрты үшін жұмыс жаса­мағаны айтылды. «Турасын айтсаң, туға­ныңа жақпайсың» демекші, А.Байтұр­сынұлы айтқан ащы шындық жымысқы сая­саттың «қаратүнек қапасына тоғытыл­ды». Коммунистік партияның мазасын ал­ған мәлімдеме жөнінде тәуелсіз кезеңнің та­рих­шы-ғалымдары, заң, әлеуметтану, мұ­рағаттану саласының мамандары Алаш қоз­ғалысына қатысты зерттеулерінде тұ­тас­тай қарастырмаса да, азды-көпті пікірлерін айтып келді. Мүмкін, келешекте бұл мәлімдеме жан-жақты талданып, тиісті ба­ғасын алар. Оған алдағы уақыт – төре­ші.
– Бұл мәлімдемелердің бүгінгі күн­ге әсері бар ма?
– Бүгінгі Тәуелсіздігіміз – сол ғасыр ба­сындағы қазақ зиялыларының ұлт үшін жасаған қалтқысыз еңбектері мен олар­дың жеке бастарын құрбандыққа шалу арқылы келген Тәуелсіздік. Ұлтына жаса­ған ұлы істерінің ілтипатын өздері көре алмаған, бірақ ұлтын шексіз сүйгендіктен, оның жолында құрбан болған Алаш арыстарының рухына қанша тағзым жа­сасақ та, «коммунистік партияның көсеуіне айналған белсенділердің былығы қанша ұрпаққа жүк болар екен» деген сауал да өзекті өртейді. Ал ғұламалардан қалған ғибраттардың ұрпаққа насихатталуы қар­қынды болса, одан ұтпасақ, ұтылмайтыны­мыз анық. Өз басым Ахаң мұражайын көруге келіп, арқаланып кеткен өрендей жастардың талайын көрдім. Егер тағылым үйіндегі қандай да бір тарихи құжат келу­ші­лердің санасына титімдей қозғау салса, демек, «шегесіне қарай тоқпағы» деген қағиданың іске асқаны. Жалпы, насихаттаушы көпшілік түсінбеді-ау деп түңілмеу керек, керісінше түсіндіре алмағанының салдарына үңілуі қажет.
– Ахаң – ұлт көсемі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары бір төбе болса, Ахаң жеке өзі – бір төбе. Мұның басты себебі неде?
– Ахаң – адал әрі арлы адам. Кеңес үкіметі алаштықтарға «жаптым жала, жақтым күйе» саясатын ұстанғаны белгілі. Тіпті көптеген зиялыларымыз өздерін ақтап алу үшін, өзгелерге ор қазды. Бұл ор­айда Ахаңның ақтығына шүбә келтіре алмаймыз. Мұрағаттағы тарихи құжат­тарға сүйенсек, Ахмет баз біреулердей бір­де-бір жанға жала жаппаған. Біреуді қыл­мысқа тартардай дерек бермейді. Өзгелері «мұның саяси астарына дер ке­зінде үңіле алмадым, сол кездегі зия­лы­лардың көзқарасы маған кері әсер етті» деп жалтақтаған. Ал Ахмет пен Әлихандар тергеушінің өзін тұқыртып отырған. «Мүм­кін, ол кісінің көзқарасы солай болған шы­ғар», болмаса «хабарым жоқ» деген сы­қыл­ды сөздермен өзін де, өзгені де жауапкершіліктен аулақтатып отырады. Ахаңның бір өзі бір төбе болатындығы, осындай адалдығында, ұлтына деген махаббатында жатса керек.
– Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуе­зов ел алдында кешірім сұрап, 37-нің зұлматынан аман қалды. Оларды «Байтұрсынұлы үгіттепті-міс» деген сөз бар. Мысалға, Ахаң сол Мұхтар­лар­мен бірге өзі де кешірім сұрағанда ақталуы мүмкін бе еді?
– Ақталуы да, ақталмауы да мүмкін. Бірақ Ахаң кешірім сұраса, өмірлік ұста­нымына қарсы қадам жасар еді. Ол онымен қоймай, өзіне сенген елді де адастырар еді. Алаш арысы осыны сезгендіктен де, жастарға жол сілтеді. Ахмет Байтұр­сын­ұлы бұл кезде екіжүзділерден әбден шаршаған болар. Артынан ерген рухани, үзеңгілес інілерінің қарсы пікір айтқанын есту ұлы ұстазға қалай әсер еткенін түсі­нуі­міз керек. Мысалға, Мырзажан (Мирзоян) зиялылардың көзін жою үшін лимит қабылдап отырған. Бір қолымен ұлт зияларын қырады да, екінші қолымен аш отырған халыққа қой таратып беріп, жақ­сы атанады. Бұл зымиян саясат көзін жоярын сезді де, өзі арқалаған ауыр жүкті шә­кірт­теріне аманаттады. Олардың өміріне ғана арашашы болған жоқ. Ұлтымыздың ғылымының дамуына да арашашы болды. Мысалға, Мұхтар Әуезов Ахаңның арманын орындай білді. Қазақ әдебиеті ғылы­мын ілгері сүйреді. Осыны алдын ала сезген Байтұрсынұлы: «Сендер жассыңдар, өмірлерің алда. Кеңес үкіметін бойларыңа сіңіре отырып, ұлтқа қызмет етуге шама­ларың келеді» деп кешірім сұрауға үгіт­теген болса керек.
– Райхан апай, сіз «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығарма­шы­лық ғұмырбаяны» атты еңбегіңізде 1967 жылы шетелдік ғалымдардың Байтұрсынұлына баға бергенін жазыпсыз. Сол жөнінде аз-кем әңгімелеп берсеңіз.
– Бұл жөнінде алғашқы болып БАҚ-та ғалым Темірбек Қожакеев жіліктеп жазған болатын. Нақтырақ, 1967 жылы Нью-Йорк­те «Центральная Азия в век русского правления» деген ғылыми-зерттеу жарық көрген. Колумбия университетінің профессорлары Эдвард Олуорд, Ян Муррей Мэтли, Карл Х.Мэнгес өз шәкірттерімен бір­лесіп жазған ғылыми еңбекте Орталық Азия халықтары мен қазақ халқының экономикалық, саяси, мәдени даму жолдары туралы сөз болады. Сол 60-жылдары елімізде атын атауға болмайтын Ахметке 16 бет арналып, оның саясат, мәде­ниет, әдебиет майданындағы ерлік істерін ерекше бағалағандығы айтылады. Осыдан-ақ Ахметтің аңыздардағы батырларша «суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін» ақиық екенін аңдаймыз. Мүм­кін, мұндай материалдар тағы да бар шығар. Оны Тәуелсіздік кезеңдегі жас ға­лым­дар зерттеулері керек деп ойлаймын. Мәселен, жоғарыда айтқан еңбектермен қоса, 1985 жылы Оксфордта «Казахи о рус­ских до 1917 года» атты кітап бар. Бұл еңбекке М.Дулатұлының Ахмет Байтұр­сынұлы туралы биографиялық очеркі енген. Жалпы, ахметтану тақырыбына жаңа­ша көзқарас қажет.
– Батыр ағамыз Бауыржан Момыш­ұлы 1948 жылы Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып қыз­мет істеп жүргенде «Мағжан Жұма­баев­ты көріпті-міс» деген әңгіме айтылып жүр қазір. Тіпті Сәкен Сейфуллинді көргендер жайлы алып-қашпа хи­каяттар бар. Бір кездері жазушы Зей­тін Ақышев «1945 жылдары Ахметті көр­ген адамдар бар екен» деген бей­мә­лімдеу мағлұматты БАҚ-та жа­рия­лаған екен. Ал нақты мәлімет жоқ­тың қасы. Осы орайда сізге «Ахмет бер­тінге дейін тірі болғаны рас па?» де­ген сауал қоюдың орайы келіп отыр­ған сияқты.
– Байқайсыз ба, Ахметті әрбір адам жақ­сы көреді. Алаш елі Ахметті көзінің тірі­сінде-ақ, қазақ ұлтының рухани көсемі деп таныды. Халық өзінің осындай хас көсемін өлтіргісі келмейді. Мұндай әңгіме­лерге негіз елдің ерен ұлдарына деген ессіз сүйіс­пеншіліктерінен туса керек. Мәсе­лен, 1945 жылы Өскеменнен айдауға кеткен бір қазақ Ахметпен Ақтеңізде бірге бол­ған. Тіпті Міржақыпты Моңғолиядан көр­дім дейтіндер де бар. Мұның бәрі аңыз... Ахаңдарды ату жазасына кескен үкім­дер, оның орын­далғаны туралы құ­жат­тық мәлімдемелер мемлекеттік мұра­ғат­тарда самсап тұр. Сол тарихи деректерді қайда қоясыз? Ахаңдай арымен ұлтына қызмет жасаған жанның бұқпантайлап, баз біреудің кейпіне түсіп, өмір сүруі мүм­кін емес.
Әрбір айтылған сөзге дәлел керек. Бауыржан Момышұлының «Ахмет бізге са­бақ берген деп айтты» деген сөзі де дәлел­ді қажет етеді. Баукең Әулиеатадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте оқы­ған. Ахметтің ағарту саласында ат­қар­ған орасан жұмыстарының құрметіне, сол кездің өзінде оның атына екі мектеп берілген. Бірі – Жамбыл облысында (бұ­рын­ғы Әулиеата), екіншісі – Сайрамда. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің хронологиялық ресми өмірбаянында Әулиеатада мұғалім болып жұмыс атқарғандығы туралы дерек бермеген. Жолы түсіп, не болмаса өзінің атын берген мектептің арнаулы жиынында мұғалімдер және оқушылармен дидарласып сұхбаттасуы мүмкін. Қазақ қосып айтқанды жақсы көретін даңғазалау жұрт емес пе?! Сәбит Мұқанов Үнді еліне барған сапарынан кейін, «ұзындығы 100 метр жылан көрдім» депті. Сонда бірі: – Сәбе-ау, тым өсіріп жіберген жоқсыз ба? – десе, ол кісі: «Көпсінсең, бір нөлін алып таста» де­ген екен. Әсілі, бұл әңгімелердің шығуы да осыны аңғартса керек.
– Ахметтің отбасын құруы жайлы деректер де аңызға құрылған секілді.
– Кейбір жазушылар мен зерттеуші ғалымдар Ахаңды қызға икемі жоқ, ебедейсіз жан ретінде суреттейді. Бұлай деп кесіп айту, негізсіз. Ахметтің аруларға ар­на­ған қандай керемет әндері мен өлеңдері бар. Мәселен, Аққұм әні. Іңкәр аруға ар­налған. Бұл – өмірде болған оқиға, жазу­шы Қоғабай Сәрсекеев зерттеуінде Тор­ғай жерінде болған аштық кезінде Іңкәрдің жұт құрбаны болғандығын жаз­ған. Сон­дай-ақ Ахаңа ғашық болғандар­дың тағы бірі – Бадрисафа сұлу. Ол – татар көпесі Мұ­хам­мед-Садықтың қызы. Бірақ сұм ажал балиғатқа енді толған бойжеткеннің өмі­рін жұтады. Ахметтің пешенесіне бұ­йыр­ғаны – Александра. Байтұрсынұлы Әулие­көлге мұғалімдік қызметке екі рет келген. Міне, бар сырды Ахметке ат басын қайта-қайта бұрғызған Әулиекөлдің астарынан іздеу керек. Александраның әкесі Иван – қазақ жеріне жер ауып келген орманшы. Жергі­лікті жұрт Ахмет пен Алек­сан­драның ма­хаб­батының куәсі ретінде Әулиекөлдің жеті көлінің бірін «Мұғалім­көл» атаған. Бірақ дала заңы бойынша әртүрлі діндегі адамдарға қосылуға болмайды. Туған өлкеде некесін қидыра алмаған қос ғашық теріскейдегі Троицкіге жол тартып, сол жерде Александра мұсылман дінін қабыл­дап, екі ай діни дәрістер тыңдайды. Ахмет­тің қалауымен Александраға жаңа ныспы – Бадрисафа беріледі. Осындай дастанға арқау болар сюжетті көргісі келмегендер Ахметті 40-қа келгенше сүр бойдақ жасап, 34 жастағы күтушісіне аяушылықпен үй­лен­діріп қояды. Отызында орда бұзып, қа­раңғы ұлтының ағартушылық диқаншы­сына айналған Ахмет отбасын құрғанда «айқай, сағындырған 25-те» болса, жары 19-да еді.Бұған айтар айғақтар мұрағатта жетерлік. Бадрисафа анамыз 1909 жылы 5 тамызда дала губернаторына түрмеде отырған күйеуіне араша болуын сұрап, жеделхат жолдайды. 133 сөзден тұратын жеделхатта «күйеуім» деген сөз жеті рет қайталанады. Бұл ресми дерек туралы 1994 жылы Армиял Тасымбеков БАҚ-та сенсация ретінде жариялады. Мұны неге екені белгісіз ахметтанудағы «адасушылар» назарға алған жоқ. Осы бір тарихи құжат – Ахмет пен Александра-Бадриса­фаның түрмеден кейін емес, түрмеге дейін үйленгендерінің айғағы емес пе?! Мұны баса айтып отыруымыздың белгілі себебі де бар. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні  – қыркүйектің 5-і. Ғажапты қараңыз, дәл сол қыркүйектің 5-інде 1989 жылы Байтұр­сынкеліні Бадрисафа Мұхаммед-Садық­қызын Жоғарғы сот ресми ақтапты. Кез­дейсоқтық па, әлде тылсым құдіреттің күші ме екен? Бәлкім, Бадрисафаның Ахметке деген риясыз сезімі болар.
– Ахмет – мың сан өнерді бойына жи­наған, «сегіз қырлы, бір сырлы» әм­бебап ғалым. Мәселен, композитор­лығы туралы аз жазылып жүрген жоқ. Ғалымның 140 жылдығына орай Ахаң әндерінің кешін өткізеді екенсіздер. Әңгімемізді сол концерттік шара жос­парымен түйіндесек.
– 1925 жылы Александр Затаевичтің «Қырғыздың (Қазақтың) мың әні» атты жинағы Орынбор баспасынан жарық көр­гені белгілі. Бұл еңбектің шығуына Ахмет­тің ықпалы зор болғандығын, кітап соңын­да автордың Ахаңа берген сипаттамасында айтылған. Кеңес тұсында бұл кітап, цензурадан өтпей, қайта өңделіп, Ахаң есі­мі «соқырішектей» сылынып тасталған болатын. Ал әндері «халықтыкі» болып шыға келді. Енді сұраққа оралсақ, Құдай қаласа қыркүйектің 5-і күні Ахаң рухына арналып, ғұламаның төл туған күнінде арнайы концерт өткізгелі отырмыз. Шараны Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония әкімшілігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қоғамдық қорға қарасты мұра­жай ұжымы­мен бірлесіп, ұйымдастырып отыр. Фортепианолы музыкалық кештің солисі – АҚШ, Италия халықаралық кон­курс­тарының дипломаты Сүлейманова Жанар Мұхамет-Халелқызы. Жанардың әкесі Мұхамет-Халел Төлебайұлы, маман­дығы – физик әрі математик кеңестік рухта тәр­бие­ленген ұрпақтар ұғымына лайықтап Ахмет Байтұр­сынұлының таң­даулы өлең­дері мен кейбір келелі қағи­даларын орыс тіліне аударып, «Яркий носитель духа человечности» атты кітапшаны 1998 жылы ғалымның 125 жылдық мерейтойына арнап шығарған болатын. Концертте Затае­вичтің өңдеуіндегі: «Ага-гу», «Арғын», «Бал­қа­диша», «Қарғам-ау», «Құ­рыш­қан», «Әйда, былпылым!» және «Тепеңкөк» туын­дылары орындалады. Осын­дағы екі күйді жеткізуші  – А.Бай­тұр­сын­ұлы. Мұнан басқа Ахмет жеткізген бірнеше әндер бар. Кезінде 1923 жы­лы Ахметтің 50 жас мерейтойында За­тае­вичтің өзі фортепианода ойнап, Ахаңа үлкен ілтипат жасаған. Өкінішке қарай, бұл көп жылдарға дейін айтылмай келді... Ж.Сү­лейманова мұра­жайда өтетін түрлі шара­ларға белсене атсалып келеді. Жанар­дың ағасы Ильяс Мұхамет-Халел­ұлы философ-ғалым, ол 2010 жылы әке кітапшасын қай­та өңдеп, толықтырып бастырып, тегін таратты. Бұл марқұм М.Х.Тө­ле­байұлының алаш­тану жолындағы игі ісінің ұрпақтары тарапынан қолдау тап­қанын көрсетсе керек. Әке мен баланың өмір соқпағында таң­даған маман­дықтары әрқилы болса да, оларды ұлт мүддесі үшін күрескен қазақ халқының хас тұлғаларына деген ұлы құр­мет табыстырып тұрғанды­ғына аталған шара айғақ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста