Ауылда стоматологиялық кабинеттер түгіл, тіс дәрігерлері де жоқ

Ауылда стоматологиялық кабинеттер түгіл, тіс дәрігерлері де жоқ

Құрал ҚҰРАҚБАЕВ, Тіс дәрігерлері ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Медицина саласында ең алдымен, жекеменшіктің қолына беріліп, халыққа ақылы қызмет көрсете бастаған – стоматология саласы. Мұның артықшылығы мен кемшілігі неде болды?
– Кеңес Одағы кезінде стомато­ло­гиялық кабинеттер әр емханада, әр ме­кемеде кездесетін. Ал бүгінде меке­ме­лер тұрмақ, емханаларда тіс ка­би­­не­т­тері жоқ. Елімізге нарықтық эко­но­­мика келіп жеткеннен кейін сто­­­м­а­­­то­­логия саласы нарықтық прин­циптерге тез бейімделіп жекешеленіп кетті. Шыны керек, сол кездегі жағдай солай бейім­делуге ықпал етті. Мемлекет алдында денсаулық сақтау саласының қай бөлі­гіне қаржыны жеткізе аламыз, ал қай сала халықтың өз қалтасынан қаржы­ла­нуы керек деген сұрақ туындағанда алдымен, стоматология саласы жеке­шелендіруге ұшырады. Өйткені адам денсаулығына аса маңызды басқа дене мүшелерінің ауруы тіс аурулары мәселесінен басым түсті. Осылайша, халық онсыз да дәріні сатып алып үйреніп қалды ғой деп, фармация мен стоматология саласын жекеменшік қолына бере салды. Стоматология саласының жекеменшікке берілуінің пайдалы жағы бізге шетелдік заманауи қондырғылар қолжетімді бола баста­ды. Оған дейін стоматология саласына қатысты заманауи қондырғыларды ұстап көрмек түгілі түстеп тани алмай­тынбыз. Осылайша, халыққа тиімді, жоғары деңгейде қызмет көрсете алатын, заманауи қондырғылармен жабдықталған стоматологиялық каби­неттерді ашуға мүмкіндік туды. Еліміз­дегі стоматология саласы жаңа техно­ло­гиялық жабдықтармен толықты. Бұл стоматология саласының жекемен­шікке берілуінің пайдалы жағы болса, зиянды жағы – халықтың тісі күрт нашарлап кетті. Ақылы стоматолог­тар­дың қызметіне жүгінуге қала халқының мүмкіндігі бар. Өйткені қала тұрғын­дарының жұмысы бар және қалада стоматологиялық кабинеттердің де саны жеткілікті. Ал ауылда стоматоло­гиялық кабинеттер түгілі тіс дәрігерлері де жоқ, ақылы тіс дәрігерінің қызметіне жүгінуге тұрақты жұмыстары да бол­ма­ғандықтан, ауыл тұрғындарының тістері күрт нашарлап, тіс арқылы туын­дайтын аурулардың да саны артып кетті. Сондай-ақ балалар стома­тологиясы да құлдырап кетті. Өйткені балалардың бала кезіндегі тіс өзгерісі­нің дұрыс қалыптасып, тіс ауруларының алдын алуға тиісті мектептердегі тіс кабинеттері жабылып қалған еді. Уа­қы­тылы тексеріп отыратын емханалар­дағы тіс кабинеттері де жекешеленіп кеткендіктен балалар тісі қараусыз қалды. Нәтижесінде, ұрпағымыздың тісі дұрыс қалыптаспай, тіс мәселесі күрделене түсті. Сондықтан біз мемле­кетке ұсыныс жасап, мемлекеттік ке­піл­де­мелі тегін медициналық көмегінің ішіне балалар мен жүкті әйелдерді енгізу туралы ұсыныс жасадық. Біздің бұл ұсынысымыз қабыл болып, бүгінде 18 жасқа дейінгі балалар мен аяғы ауыр әйелдер тегін стоматологиялық қызметтерге жүгіне алады. Әйтсе де 2000 жылдан бастап мемлекет тара­пынан қабыл алынып, қаулыға енгізіл­ген бұл ұсынысымыздың іс жүзінде орындалуы қуантпай тұр. Әрқашан бар нәрсені жоқ ету оңай да, жоқтан бар жасау қиынырақ қой. Осыған орай кезінде емханаларда жабылып қалған стоматологиялық кабинеттерді де қайта ашу оңай болмай тұр.
– Кеңес Одағы кезінде балалардың тіс дәрігері мен ересектердің тіс дәрігері бөлек болатын. Ал қазір бұлай бөліне бермейді. Бұл кадр тапшылығынан туындап отырған мәжбүрлік пе?
– Шетелде әмбебап дәрігер жүйесі қалыптасқан. Ал біз сол Кеңес Одағы кезіндегі тәжірибеден арыла алмай жүрміз. Кезінде 32 тісті бөліп алғандай қылып балалар тіс дәрігері, ересек­тердің тіс дәрігері, хирург стоматолог, стоматолог ортопед деген дәрігерлерге бөліп тастаған едік. Бұл дұрыс емес, негізі. Сондықтан бізге де әмбебап дәрігер жүйесіне көшетін кез жетті.
– Жалпы, бүгінгі күні тіс ауруының деңгейі қандай дәрежеде?
– Бұл – бүгінде бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Шыны керек, қазір елімізде тісі ауырмайтын адам жоқ деуге болады. Халықтың 98 пайызы­ның тісі сау емес. Ал тіс ауруының ас­қы­нуы асқазан, жүрек, бүйрек сияқты өзге ағза мүшелеріне де залал келтіреді. Сол себепті сырқатқа стома­то­ло­гиялық көмекті дер кезінде көрсе­тудің және тіс ауруларының алдын алудың маңызы зор. Дерттің бәрі ауыздан басталады. Ауру тістер қатерлі микробтардың жиналатын ұясы десе болғандай. Қазақ тіс ауруын ауру са­най бермейді де, тістің ауруы асқынған кезде ғана стоматолог алдына келеді. Ал ауруы асқынған тісті емдеу де оңай емес. Тісі ауырған адамның барлық жері ауырады деуге болады. Өйткені тіс ауырғандықтан, адамның бет кел­бетінің бұзылатынын айтпағанда, денсаулыққа да келер зияны орасан. Тістің қызметі денсаулықпен тікелей байланысты. Мәселен, ауызға алынған ас дұрыс шайналмағандықтан асқо­рыту жүйесі ауруға шалдығады. Айта кетер жайт, халқымыз оңайлық­пен дәрігер алдына бармауға дағдыланған. Тіс үш-төрт күн қатарынан ауырса дәрі басып, шөп салып, әйтеуір өзінше емін жасап, ауруын басады. Ары қарай тіс іштен шіри береді де, басқа тістің бәрін бүлдіреді. Ауырған тістің астындағы инфекциялар денеге жайылады. Осылайша, ол адам денесіндегі басқа аурулардың ушығуына алып келеді. Негізі, адам денесінде кездесетін ең зиянды инфекция осы тіс астында тұрады. Осы орайда салыстырмалы түрде айтсақ, біз жанған отты өшіре алмай арпалысып жүрміз, ал шетелде сол отты жандырмауға, тұтандыр­мауға тырысады. Яғни олар әрқа­шан кез келген аурудың алдын алуға ұмты­лады. Ал біз ауру асқы­нып кеткен соң күресіп, жеңіліске ұшырап жата­мыз. Негізі, асқынған ауруды жеңу қиын.
Мен жақында Түркияда халық­аралық конгресте болып қайттым. Сонда баяндама жасаған шетелдік ғалымдар мынандай мысал келтірді: Швецияда тісін емдетуді қажет ететін балалар саны небәрі 6-8 пайыз ғана екен. Өте қызығарлық көрсеткіш. Бұл оларда ерте жастан бастап тіс ауру­ларының алдын алу жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізілетінінің айға­ғы. Ал бізде бұл көрсеткіш олар­мен салыстырғанда айтуға ұят деңгейде. Негізі, құрамында фторы бар тіс пасталарын күніне екі рет тұрақты түрде пайдаланып тұру тіс ауруларын 40 пайызға азайтады екен. Осы орай­да қазақи менталитетке сай ішкі тәртібіміздің қалыптаспауының өзі тісіміздің жағдайын күрделендіріп отыр. Бізде ата-аналар да балалардың тісіне жеткілікті деңгейде көңіл бөл­мейді. Өйткені сол ересектердің өзі тісіне жете мән беріп үйренбеген. Тіс тазалағанда оған кем дегенде үш минут уақыт бөлу керек.
Осылайша, не мамандар тарапы­нан, не халқымыз тарапынан қада­ғаланбаған тістің ахуалы төмендеп барады. Бір қызығы, дәл осы тісті қа­лай күту туралы декларация Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1980 жылы қабылдан­ған. Ол декларация біздің елімізде Алматыда өткізілген. Алайда Алматы­да декларация өткізілгенмен ол, ең алдымен, шетелде қолданысқа енгізіле бастаған. Осы орайда біз істен гөрі сөзге жүйрік халықпыз демеске лаж жоқ. Өзіміз бастап айтып, іс жүзінде орындауда көш соңында қалып отыр­мыз.
– Осыған дейін жекеменшік стоматологиялық кабинеттер­де бірнеше рет адам өлімі тіркелді. Осы орайда жекемен­шік клиникалардың санитар­лық деңгейіне сіздің көңіліңіз тола ма?
– Жасыратыны жоқ, алғашқы кездері стоматологиялық кабинеттер оңды-солды ашылып, оларды бақылау мүмкін болмады. Олар да санитарлық нормаларды сақтауды ақсатып алды. Нәтижесінде әртүрлі келеңсіз жағ­дай­лар тіркелді. Ал бүгінде стоматоло­гиялық клиникаларға қойылар талап жоғары. Стоматологиялық кабинет­терден А, С гепатиттерінің жұғуы тура­лы қауесеттердің шығуы да бақылау­дың күшейтілуіне мұрындық болды.
– Бүгінде еліміздегі мектептердің стоматоло­гия­лық кабинеттермен жабдық­талу деңгейі қаншалықты?
– Өте нашар деңгейде. Қолда бар деректерге сүйенсек, елімізде сегіз мыңнан аса мектеп, екі жарым мил­лион­дай оқушы бар екен. Осы мектеп­тердің бес-ақ пайызында ғана стома­тологиялық кабинеттер бар. Осы орайда ұрпағының денсаулығына алаңдаған жергілікті билік өкілдері мектептер жанынан стоматологиялық кабинеттер ашуға мұрындық болса дұрыс болар еді. Айта кетер жайт, Ал­ма­ты облысының әкімі арнайы бағдар­лама жасап, үш жылдың ішінде қарама­ғындағы 135 мектепте стомато­логиялық кабинеттердің ашылуына жағдай жасайды. Бұл қазір Алматы облысы бойынша бір ауданда екі стоматологиялық кабинеттен бар деп, ауыз толтырып айтуға тұратындай дерек. Олар балаларға тісті қалай таза­лауды үйрете отырып, тіске қатыс­ты үлкен мәселенің алдын алады. Тағы бір келтіре кетер дерек, Оңтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының бастығы облыс бойынша атқаруға тиісті жеті іс-шараның бірі ретінде стоматология саласын енгізіп отыр. Яғни аталған екі облыста осы салаға байланысты жұ­мыс­тар атқарылып жатыр деуге болады. Демек, ниет болса, жергілікті басқарушы орындарға да көп нәрсе байланысты. Әрқашан мемлекетке иек артып отыра бермей, істің қиюын таба білсе ғой шіркін! Негізі, жергілікті билік талапқа сай жұмыс істесе, ай­мақ­­тардағы кез келген ахуал бүгінгідей күрделенбес еді.
– 2010 жылғы мәліметтерге жүгінсек, тіс ауруларының алдын алуға бюджеттен 500 миллион теңге бөлініпті. Бұл еліміздегі халық санына шақ­қан­да 53 теңгеден келеді екен...
– Не айтпақ болғаныңызды түсін­дім. Біз бүгінде сол 53 теңгенің «рақа­тын» көріп отырмыз. 53 теңгенің арқа­сында 32 тістің мәселесі күрделеніп кетті. Дегенмен біз тиісті орындарға осы соманы көбейтуге өтініш жасап жатырмыз. Осы өтінішіміздің негізінде 2011-2012 жылдары сәл де болса осы салаға бөлінетін қаржы көбейді. Дегенмен оны әлі де болса 3-4 есе көбейту қажет. Мәселен, қазір жеке­мен­шік стоматологиялық орталықтар­дағы тісті жөндеудің ақысы өте қымбат. Стоматология саласындағы мұндай сапалы қызметтің ақысы арзан болуы да мүмкін емес. Сондықтан мемлекет оған өзі қолдау көрсетуі керек еді. Өкінішке қарай, ондай қолдау аурудың алдын алуға емес, керісінше асқынған­да ғана жасалуда. Өйткені мемлекеттік тегін медициналық қызмет көрсету кепілдігі қазір ауруы асқынған адамға ғана берілген. Айта кетер жайт, негізі асқынған ауруды емдеуден гөрі мемле­кетімізге аурудың алдын алу әлдеқайда арзанға түседі. Бұл әлдеқа­шан дәлелденген нәрсе. Әйтсе де медицина саласы «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» қағидасы­мен дамуда.
– Елімізде стоматолог мамандар жеткілікті ме?
– Жоқ, жеткіліксіз. Ақылы түрде қызмет көрсететін стоматологтар жет­кілікті. Ал мемлекеттік медициналық орталықтарда жұмыс істейтін маман­дар саны аз. Стоматологиялық каби­неттер де аша алмай отырғандықтан, бұл салаға мамандар тарту да мүмкін болмай отыр. 16 миллионнан астам халқымызда 18 мыңдай ғана тіс дәрі­ге­рі бар. Бүгінгі күні мамандардың барлығы қалалық жерге жиналып қалды. Ауылдық жерлерде стоматолог­тардың саны күрт азайып кеткен. Сто­матолог тұрмақ, шалғай елді мекен­дер­де дәрігердің өзі қат. Сонда тісі сырқырап, жанын қоярға жер таппаған ауыл жұрты кімге жүгінбек?
– Дүниежүзі стоматологтарын алаңдататын қандай мәселе?
– Тіс ауруларының санын азайту үлкен мәселе болып отыр. Әлем бо­йын­ша тісжегімен ауыратын халық саны жоғары күйінде қалуда. Біздің елімізде де халықтың 80-90 пайызы тісжегіге шалдыққан. Бір жүректің ауруымен ауырудың өзі қиын болған­да, 32 тіспен алысу тіпті қиын ғой.
– Еліміздегі денсаулық сақтау саласын жаппай ақылы ету мәселесі де көтеріліп жүр. Стоматология саласы секілді жаппай ақылы етудің пайдалы жағын көре аламыз ба?
– Жоқ, жаппай ақылы ету ақылға қонымсыз нәрсе. Ақылы ету пайдалы болса мемлекетке, ең болмаса, аяғы ауыр әйелдер мен балаларға тегін қызмет көрсету жайлы «сауын» айтар ма едік?! Мен де бұл ұсыныстың шет жағасын естіп қалдым. Мамандар мұндай ұсыныстың шығу төркіні ха­лық­тың денсаулығына деген жауап­кершілігін арттырудан туындап отыр деп түсіндірді. Мұндай жағдайда медициналық қызмет көрсетудің елу пайызын мемлекет, елу пайызын тұрғындар қалтасынан өтейтіндей жүйе кірістіруіміз керек. Мәселен, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға болады. Бірақ бұл халықтың қалтасына күш салмайтындай болуы керек. Мәселен, егер бір жыл ішінде денсаулығыңыз сыр бермесе медици­налық сақтандыруға бөлген ақшаңыз өзіңізге қайтып келетіндей болуы керек. Германияда осындай жүйе қа­лып­тасқан. Бүгінде дүниежүзі осындай принциппен жұмыс істеуге көшкен.

Алашқа айтар датым бар
Негізі, әр адамның денсаулығы – өз қолында. Бізде халық зейнетке шыққан соң ештеңеге жарамайтындай халге жетіп, үйде отырып қалады. Ал шетелде 70-80 жасқа жеткен қарттар саяхаттап ел аралап, өмірдің қызығын көруге ұмтылады. Сондықтан медицина саласына бөлінетін қаржының белгілі бір бөлігін халқымыздың денсаулығына деген көзқарасын өзгертуге, өмір сүру салтын түрлендіруге жұмсасақ дұрыс болар еді. Бүгінде ұзақ өмір сүрмеудің «сылтауын» әркімнен іздейтін кезең өтті. Өмір сүру деңгейі бізден де төмен елдің тұрғындары ұзақ өмір сүріп жатыр. Сондықтан денсаулық сақтау саласында қолға алынатын ең бірінші шара – халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталуы қажет. Тұрғындар жас кезінен бастап денсаулығын нығайту­ды, сақтауды үйренуі керек. Қарапайым мысал келтірсем, тістің өзін күте білсек, мұнтаздай етіп, маржандай тізілген қалпында 100 жасқа жеткенше сақтауға мүмкіндік бар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста