Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор, академик:
– Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Өкінішке қарай дейміз бе, сорымызға қарай дейміз бе, Қазақстан мемлекеттік тілді білмей-ақ, азаматтық ала алатын, еңбек етіп, билік құруға, оқып-білім алуға болатын дүниежүзіндегі бірден-бір ел болып отыр. Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтереміз?
– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны – оның табиғи құқы болса, сол мәртебені қолдау барша Қазақстан азаматтарының, оның ішінде қазақ халқының басты парызы. Өйткені ол – республиканың негізгі ұлтының, тәуелсіз мемлекеттің тілі.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге алдымен ұлтымыздың тілін жандандыруға бағытталған әрекеттер, ең бастысы оның құрдымға біржола түсіп кету процесінің тоқтатылғаны себеп болды. Оған ең алдымен бұдан 20 жыл бұрын, 1989 жылы қабылданған «Тілдер туралы» заңның шарапаты тигенін айтып өтуіміз керек. Бірақ қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуіне ол заңның да қауқары сарқылып, тіліміздің ішкі әлеуетін пайдалану мүмкіндігі тежелуде. Өйткені әуел баста сол тұстағы еліміздегі саяси-әлеуметтік, демографиялық, ұлтаралық қатынастарды ескере отырып, аса сақтықпен қабылданған Конституцияда да, «Тіл туралы» Заңда да тіліміздің шын мәнінде мемлекеттік тіл болып ілгері дамуына кедергілер жеткілікті. Мәселен, Конституциядағы 7-бапта – «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінсе, ал «Тіл туралы» Заңның 5-бабы «Орыс тілін қолдану» деп аталады, онда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ол аз болғандай, 8-бапта орыс тілінің осы мәртебесі (статусы) тағы қайталанады.
Мемлекеттік тіл мәртебесінің артуына, аясына іштей қарсы, қазақ тілін білмейтін немесе шала түсінетін шенеуніктер мен тілімізді менсінбеушілер жоғарыдағы баптарды заңды негіз деп түсінеді де, мемлекеттік тілді білмеулеріне байланысты мүмкіндіктері шектелмейтін болғандықтан, үйренгісі де келмейді, басқалардың да үйренгенін қаламайды. Себебі осы жылдардың ішінде олардың Қазақстанда заңды орындамай-ақ жазаланбастан өмір сүруге, мемлекеттік тілді білмей-ақ жақсы, лауазымды қызмет басында отыра беруге болатынына көздері жетті. Ал билік басындағылар сабыр сақтауға шақырады, онысын ел бірлігін, тұтастығын сақтаудағы сабырлылық деп түсіндіреді. Ал сол сабыр неге қазақ халқының есебінен, қазақ тілінің мемлекеттік тілін тежеу арқылы болуы керек деген сұраққа жауап ала алмайсыз.
«Тіл туралы» заңның 4-бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы...» делінген. Ендеше, бірқатар теріс пікірдегілер мен шенеуніктер өз парыздарын өтемей-ақ майлы жілікке ие болып, жұмсақ креслоларда отыр. Сол бапта ары қарай «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті» делінген. Олай болса, жергілікті билік басындағылар отансүйгіштік көрсетіп, мемлекет мүддесі үшін, оның негізгі халқы қазақ ұлтының айналасына басқа ұлттарды топтастыру үшін мемлекетіміз бен мемлекеттік тілдің халықаралық беделін нығайту үшін саналы қызмет етпей отыр һәм Президенттің тапсырмасын аяқасты етуде.
Осы тұрғыдан алғанда, кезінде заң шығарушы жоғары орган Парламент депутаттарының «болашақта Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің мемлекеттік тілді білуін» міндеттеуге қарсы дауыс беруін қалай түсінуге болады?! Міндеттемеген заң – заң емес. Қазақ тілінің ішкі әлеуеті кеңінен пайдаланылмай отырған орындардың бірі – өндіріс орындары. Оған себеп – «Тілдер туралы» заңның 23-бабының осы уақытқа дейін орындалмауы. Онда «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» делінген. Бірақ ол заң қабылданбады да, бұл бап жүзеге аспай қалды.
Тағы бір айта кететін жай, заң – уақтылы және дәлелсіз орындалса ғана заң. «Тілдер туралы» заң бойынша, бұл саладағы мемлекеттік бағдарламаның орындалуы 10 жыл, яғни 2000 жыл деп белгіленген болатын. Ал олардың шыққанына 15 жыл болды. Енді оны 2010 жылға дейін созып отырмыз, сонда 20 жыл болады. Осыдан мұның бұрынғы кеңес өкіметі кезіндегі коммунизм құру бағдарламасынан өзгешелігі бар ма, соған ұқсамай ма? деген тағы да заңды сұрақ туындайды. «Тіл туралы» заңда басшылардың, оның ішінде бірінші басшылардың жауапкершілігі де айтылған. Егер заң бұзылса немесе уақтылы орындалмаса, солар жауапты. Бірақ республика бойынша ондай фактілерден аяқ алғысыз болса да, бірде-бір лауазым иесі жауапқа тартылған жоқ.
Болашақта тіліміздің ілгерілей дамуы бүгінгі жастарымызға, олардың қай мемлекеттің тілінде білім алып жатқандарына да тікелей байланысты. Олай болса, мемлекеттік тілді міндеттеуге қарсы дауыс берген депутаттар мен мәдениет және білім саласындағы шенеуніктер осыны ескермей отыр деуге әбден болады. Мәселен, «Тілдер туралы» заңда тілдердің дамуында мемлекеттік тілдің басымдығы көрсетілгеніне қарамастан, Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу жоспарында қазақ тілін оқыту орыс мектебінде қазақ мектептерімен салыстырғанда едәуір кем берілген. Қазақ жастарының ұлттық санасын қалыптастыруда, өлкетану мен ел-жер тануда зор маңызы бар Қазақстан тарихы мен географиясы туралы да осыны айтуға болады. Ал тілді меңгерудің салт-дәстүрді қалыптастырудың негізі болып табылатын этномәдени білім мен тәрбие туралы, қазіргі мемлекеттік оқу стандартында ештеңе қарастырылмаған.
Бұлардан басқа заңның 9, 10, 12, 13, 15, 16, 17, 21, 22-баптарында да орыс тіліне ерекше мән берілген. Біздің ойымызша, заңның жоғарыда айтылған баптары (қараңыз: Қазақстан Республикасының Конституциясы, 7-бап; «Тілдер туралы» заң 5-бап, 8-бап т.б.) өз кезінде белгілі дәрежеде әлеуметтік, саяси мәселелер шешіп, ұлт араздығы мен түсінбеушілігін туғызбауға септігін тигізген болар. Ал енді бүгінгі күн басқаша. Қазақ ұлты сан жағынан өсті, керісінше орыс халқының саны азайды. Ендеше, біздің ойымызша, бүгінгі уақытта орыс тілін басқа халықтар тілінен бөле қарап, оған ерекше мәртебе берудің қажеттігі жоқ сияқты. Сондықтан алдағы уақытта Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын және «Тіл туралы» заңдағы 5-бапты алып тастау керек. «Тіл туралы» заңдағы орыс тілін басқа тілдерден бөле, ерекше мәртебе беретін II тараудағы көптеген баптардың орыс тіліне қатыстылары жаңаша редакцияланып, «мемлекеттік тілмен қатар, аса қажет болған жағдайларда басқа тілдердің де қолданылуы қамтамасыз етіледі» деп көрсету қажет.
– «Тіл туралы Заңның» 6-бабына «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» – делінген. Осыны желеу еткен кейбіреулер өздерінің құлықсыздықтарын осы жағдайды жасауға қатысы бар мекемелерден көріп, оқулық, әдістемелік құралдар жоқ, барлары нашар деп т.б. сылтаулар айтады. Я болмаса, тілді үйренгені үшін ақы төлеңдер дегендер де бар. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл мүлдем дұрыс емес. Оны бұрынғы да, бүгінгі де тәжірибелер көрсетіп отыр. Кезінде жартысына жуығы орыстанып кеткен қазақтарға кім әдістемелік құрал жазып берді, бүгінгі абыройлы, зиялы ақсақалымыз Герольд Бельгер қазақ тілін қазақтардан артық қалай игерді немесе өмірде қазақ көрмеген, қазақ тілін аз уақытта игеріп алған жапон жігіті Рюджи Ямото «Хабар» арнасынан хабар жүргізетін дәрежеге қалай жетті?!
Бұлардың бәрінің артында мемлекеттік тілдің қажеттігін іс жүзінде әлі сезінбеу жатыр. Ондай адамдар үйренуге мүдделі болмағандықтан үйренбейді. Шынында да, Қазақстан – мемлекеттік тілді білмей-ақ азаматтық ала алатын, еңбек етіп, билік құруға, оқып-білім алуға болатын дүниежүзіндегі бірден-бір ел. Басқа мұндай егемен ел жоқ. Бұнымыз құптарлық па, әлде намыссыздық па – оны көпшілік таразысына қалдыралық. Сол сезінбеудің және осындай еркіндіктің арқасында қарапайым тіл білмейтіндерден бастап, шенеунікке дейін «жағдай жақсы» деп, тіпті «тіл үйренгеніме ақы төлеңдер» деп жүргендер де бар. Көптеген мекеме басшылары болса аудармашылар алып, барлық жұмысты солардың басына үйіп-төгуде. Ал енді мынадай жайды елестетіңізші. Америка, Германия, Франция, Қытай т.б. елдерде өздерінің мемлекеттік тілдерін аудармашы арқылы түсініп отырған басшыларды, әрине, таппайсыз. Сондықтан мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы алып отырған адамдар олардың айлықтарын өз қалтасынан төлеуді заңдастыруы қажет. Бұларға қоса мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесіне қарай лауазымды жұмыс беру керек. Мәселен, а) түсіну, түсінісе алу; ә) ауызекі сөйлеу, сөйлесе алу; б) тілді еркін игерген. Бұл жағдай олардың құқықтарын бұзу емес, керісінше, олардың көпшіліктің құқығын бұзуларына кедергі және заңды орындауларына себепші болары сөзсіз. Олай болса, заңдағы және кейбіреулер қайта-қайта айтып жүрген «мемлекеттік тілді білгені үшін өзге ұлт өкілдеріне қосымша еңбекақы төлеу, ынталандыру» деген әңгімені үзілді-кесілді тыю керек.
Мемлекеттік тіл мәселесі дегеніміз – Қазақстанның, қазақ елінің даму мәселесі. Белгілі деңгейде ілгерілей даму үшін халықтардың тұтастығы мен бірлігі керек. Ендеше, қазіргі уақытта Қазақстан халқын біріктіруші ұстындар – тілдің, діннің, ділдің және тарихтың маңызын қанша айтсақ та, көптік етпейді. Мәселен, Мартин Лютер «Інжілді» неміс тіліне аудару арқылы бытырап жатқан неміс герцогтықтарын рухани біріктірген-ді. Яғни бытыраңқы Пруссияны Отто фон Бисмарктан бұрын пірәдар Мартин Лютер неміс тілі арқасында топтастыра білді.
Ана қандай қымбат болса, қазақ үшін өзінің тілі де сондай қымбат. Бірақ өкінішке қарай, олай болмай тұр. Қазақтардың барлығының бойында «менің тілім — ана тілім, ар-ұятым» деген құштарлық сезім жоқ. Алайда бір нәрсе көңілге үміт ұялатады. Ол – резиденттің «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген сөзі. Осының өзі Мемлекет басшысының қазақ тілінің орны мен мәнін жаксы түсінетінін аңғартады. Ендеше, қазақ ата-анасының, жалпы қазақстандықтардың балаларының қазақ тілінде білім, тәрбие алуына, ана тілінде сусындауына көңіл бөлгені абзал болар.
– Сөйлеу тіліміздегі жағдайға тоқталсақ... Сөйлеу мәдениеті деген ұғым бар емес пе?
– Мерзімді баспасөз беттерінен белгілі болғандай, 60-шы жылдар ішінде тіл мәдениеті, баспасөз сауаттылығы мәселесін жетілдіре беру ісіне ерекше қарқын берілді. Әрине, тіл мәдениеті үшін күрес бірер кеңес өткізумен, бірді-екілі мақала жазумен тына қалатын науқанды іс емес, ол – үздіксіз жүргізілетін, ешқашан да көзден таса қылуға болмайтын күнделікті жұмыс. Олай болса, тілдік мәтін жасаудың ең жанды да өнімді, аяқ басқан сайын кездесіп отыратын кең өрісті түрі – сөйлеу тіліміз. Алуан түрлі мамандықтар өкілдерінің радио, теледидар арқылы күнбе-күн ауызекі айтып жататын хабарларынан жұртшылық қаншалықты тілдік ләззат, үлгі-өнеге алады. Сондай-ақ сөйлеу мәнеріміз, интонациямыз, акцентуациялық құбылыстарымыз, кідірістеріміз тіліміздің артикуляциялық базасы дағдысына, дәстүріне сай ма деген сияқты мәселелер де – тіл мәдениетінің ең түйінді проблемалары.
Пікірді ауызекі айтып беру мен жазба түрде беру арасындағы жағдай өзгешелігінен де болар, тіл бұзарлық, тілдік материалдардың бей-берекетін кетіріп, талғаусыз қолдана салу жазба тілге қарағанда сөйлеу тілінде әлдеқайда мол және алуан түрде кездеседі.
Тіл шұбарлаушылық туған тілімізге екінші бір тілдің сөздерін орынсыз енгізуде, қабылданған терминдерді бұзуда ғана болып жүрген жоқ, сонымен бірге әлденеше ұрпақтың күшімен жасалып, сан ғасырлар бойында жетіліп, қалыптасқан сөйлеу мәнеріміздің, интонациялық, акцентуациялық құбылыстардың, екпін түрлерінің бұзылып, басқа тілдің сөйлеу мәнерімен айтыла бастауын да сөйлеудегі тіл бұзарлыққа жатқызсақ керек. Тіл бұзарлықтың тағы бір алуаны – туған тілімізде сан ғасырлар бойы айтылып келген, халық ұғымында әбден орныққан атаулар тұрғанда, оны тастап, құлаққа түрпідей тиетін сөзбе-сөз калька аударманы қолдану.
Сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы – халық мәдениетінің жоғары болуы, рухани өміріміздің өсуі, парасаттануымыздың дәрежесі. Сондықтан радио, телевизия, оқу орындары мен кино, театр, үгіт-насихат орындары елге таратылатын хабарлардың идеялық мазмұнымен қатар, соны жарыққа шығаратын тілдің де нормаға сай бейнелі де тартымды болуына ерекше көңіл бөлуі қажет. Бұл ұйымдар, мекемелер өздерін тек белгілі бір хабар таратушы деп қана санамай, сонымен бірге тіл көркемдігін, тіл шеберлігін, тілді қолданудың жақсы үлгісін таратушылар екендерін де естен шығармағандары абзал. Мұны рухани өміріміз дамуының бүгінгі маңызды талаптарының бірі деп түсінген жөн.
Министрлер, депутаттар, әкімдер мемлекетшіл, ұлттың озық дәстүрлері мен ғұрыптарын бойға сіңіріп өскен жандар болса, мұндай елдің күшіне күш, қуатына қуат қосылады. Қазақ мемлекетінің шенеуніктеріне қажет жаңағы қасиеттер ең алдымен ана тілі арқылы дарып, қалыптасады.
Академик Дмитрий Лихачевтің «егер бір халықты өз тілі мен мәдениетінен алшақтатсақ, онда ондай халық та жоқ» дегені бар еді. ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқының тілі мен мәдениеті жойылып, құрып кетуге аз қалды. Сол себепті ұлтымыздың өзінің жоғын қайта түгендеу жолындағы батыл ұмтылысы – заңды құбылыс. Бұған басқа этнос өкілдері де түсінушілікпен қарап, қолдайтындығына көз жеткізіп келеміз. Мен мұндай қолдауды бір кезде осында қоныс аударып, Қазақстанды өз Отаны ретінде бағалайтындардың алғысы деп түсінемін. Екіншіден, бұл Қазақстан жеріндегі әр ұлт пен ұлыстың өзара бірлік пен татулықта өмір сүруіне негіз болады деп ойлаймын. Бұдан кейінгі кезеңде Қазақстандағы қазақ тілінің рөлі күшейе бермек. Әрине, орыс, ағылшын және өзге тілдерді дамыту мәселесін де қолдайтын боламыз. Мемлекеттік тілді ең алдымен біздің балаларымыз білулері қажет.
Қазіргі мектептерде қазақ тілін 25 мың өзге ұлттың балалары оқып-үйренуде. Балабақшалардағы қазақ топтарында өзге ұлттардан тұратын 10 мың бала тәрбие алуда. Жалпы алғанда, қазақстандық оқушылардың 60 пайызы қазақ тілінде білім алады. 1991 жылдары бұл көрсеткіш 30 пайыз төңірегінде болатын. Президенттің бастамасымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылғаны белгілі.
– Қазақ тілі өз тұғырына көтеріле ала ма? Ол үшін нендей әрекеттерге бару керек?
– Мемлекеттік тілдің өз биігіне көтерілуіне бізде толық негіз бар. Оның барлық себептеріне тоқталып жатпай-ақ, тек халықтың санын алайықшы. Қазақтың үлесі жерімізде орын тепкен басқа ұлт өкілдеріне қарағанда едәуір басым. 2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша жергілікті ұлт өкілдерінің саны 67 пайыздан астам болған. Бұдан мемлекеттік тілімізді игергендер мен тілдерінде аса айырмашылық жоқ түріктектес этностарды қосыңыз. Бұдан артық қандай мүмкіндік керек. Көптің аты көп, көп қорқытады, терең батырады. Алайда біздің басты кедергіміз енжарлық, ұзын арқан, кең тұсау болып, «көш жүре түзеледі» деп асықпаймыз, тарихты бүгінгі жас ұрпақ пен келер ұрпақ алдындағы парызымызды ойламаймыз. Біз, қазақ халқы, бай халықпыз дейміз. Басты байлығымыз – тілімізде, дінімізде, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениетімізде. Яғни біз қадірін білуге тиіс нәрселер көп-ақ. «Тіл – ұлттың жаны» десек, ұлтты әрбір адам құрайды. Ендеше, әрбіріміз жеке басымызды қадірлеуге ұмтылуымыз керек. Жеке бас қадірі де тілден, оны қадірлеуден басталады. Абайдың «кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деуі де осыдан болар. Әрбір ұлт тек өз ана тілінде сөйлегенде ғана еркіндігі, ерекшелігі, қадір-қасиеті арта түспек.
Шын қазақ елі екеніміз рас болса, бұл ел қазақша сөйлеуі тиіс, сөйлетуіміз керек. Олай істей алмасақ, қазақтығымыз, шын мәнінде жердің, елдің иесі екендігіміз шүбәлі болмақ. Қазақ тілінің мәртебесі үшін күрес – бұл елдік үшін, еңсеміздің биік, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін күрес.
Біз Қазақстанда тұратын орыс және басқа ұлт өкілдеріне сіздер мұсылман болмадыңыздар деп кінә қоя алмаймыз, бірақ мемлекеттік тілді білмегендері үшін қатарынан қалып жатса, ренжімеңіздер деп тура айта да, талап қоя да аламыз. Тілді білсе, ол нағыз Қазақстан азаматы болады. Тілді білмесе, ол азаматтық құқын қорғай алмайды.
Алашқа айтар арыз
Республиканың байырғы халқы – қазақтардың мұқтажы мен мүддесіне атүсті қарап, оның әлеуметтік-рухани кеселдерінің бірде-біріне тереңдетіп мән бермей, әйтеуір ел тыныштығы, ел бірлігі деген сөздерді жалаулатып, барлық мәселені шешеміз деу аз. Еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың құқы сақталсын, қорғалсын деу дұрыс. Бірақ ол уәзипа алдымен мемлекет құрушы халық қазақ ұлтының жағдайын толық ескергенде ғана орындалатынын естен шығармалық.
Сондықтан қазақ болып туғанымыз үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегеніміз үшін өзімізді бақытты сезінетін уақыт жетті.