Аударма мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жетті

Әнуар ТАРАҚ,  филология ғылымының докторы, профессор:

– Ұлттық әдебиетіміздің қуатын өзгелерге таныту үшін аударма ісін жетілдіріп, дамытып отыру қажет екендігі анық. Тіл маманы ретінде, әдебиетші ретінде сіз бұл мәселенің жолға қойылуы қазіргі уақытта қандай деңгейде тұр деп ойлайсыз?
– Аударма, ол, ең алдымен – халықтар арасындағы қарым-қатынастың күшті құра­лы, түрлі мәдениеттердің рухани бай­ланысының басты көзі. Аударма саласы қай заманда да ғылымның өркендеуінің негізі болған. Бір тілдегі дүниені келесі бір тіл арқылы ұсыну қай қоғамда да, қандай дәуірде де ел мәдениетін дамытуға, халық­тың басқа ұлттың мәдениетімен та­нысуына, сөйтіп, өркениеттің жаңа биігіне қадам басуына ықпалы басым екені дау­сыз. Кезінде неміс ақыны Гете аударма­шыны пайғамбарға теңеген. Өйткені аудар­­машылар адамзат мәдениетінің өркендеуінің әр кезеңінде елдің әдебиет пен өнерінің бетбұрысында алғашқы жолбасшылары бола білді. Кез келген өркениетті ел мәдени-рухани өміріндегі жетістігін сан-салалы ғылым, әдебиетімен бірге тәржіма өнерінсіз елестете алмай­ды.
– Қазақ әдебиеті мен ғылымындағы тәржіма жұмыстары қай кезеңнен бастау алады? Білуімізше, Кеңес Одағы тұсында аудармаға аса қатты көңіл бөлінді. Қызыл саясатқа қызмет еткен аударма әдебиет өзіміздің ұлттық дүниелеріміздің жарыққа шығуын тежеп тастаған жоқ па?
– Әдебиетті идеологияның маңызды саласы санаған кеңестік коммунистік жүйе социалистік қоғамда аударманы алғашқы орынға қойғаны белгілі. Қазақстанда 1920-30-ыншы жылдары орыс және шетел әде­биетін аудару құлшыныспен қолға алынды. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында да аударма ісі тоқтаған жоқ. Халықты жі­гер­лендірген, намысын жанып, қайратын қуаттандырған, патриоттық, ерлік рухын­дағы шығармалар бірінші кезекте тәржі­маланды. Жамбылдың «Ле­нинг­радтық өренім» жыры М.Тарловский­дің сәтті аударуымен қаһарман қаланы қорғаушы­ларға қуатты толқындай дем берді. Көркем әдебиеттің қай жанрында да отаншылдық сезім мен жауға деген ыза-кекті, өндіріс­тегі, тылдағы жанқиярлық еңбек пен ұрыс­тағы батылдықты, ерен ерлікті наси­хаттаған туындылар халықтың және май­дандағы жауынгерлердің қалың ортасынан табылды.
Герман фашизмі жеңіліп, социалистік құрылыстың жетіжылдық, бесжылдық белестеріндегі көпұлтты совет халқының ауыл шаруашылығы мен өндірісіндегі, экономикасы мен ғылымындағы, мәде­ние­тіндегі қандай да бір жетістіктер мен жеңістерді насихаттауда баспасөз басты сипат алса, әдебиет онымен қанаттаса жаңа қоғам адамын тәрбиелеудің күшті құралы бола білді. Шетелдің өмірі мен тұрмысын, тарихы мен мәдениетін білу мақ­сатында аудармаға кең мүмкіндік берілді. Сонымен бірге қоғамдық және техникалық, басқа да әдебиеттер түрлерін аударуға қатты көңіл бөлінді. Алайда бұл мүмкіндік көркем аударма саласында белгілі бір идеологиялық шектеулер мен капитализмді әшкерелейтін, социализмді қолдап, қуаттайтын туындыларға қатысты жіктелген еді. Аты классика болғанымен, заты коммунистік саясатқа жат шығармалар шеттеп қалды. Осы кезеңде КСРО-да көркем әдебиетті аудару жан-жақты сипат алды. Мұның өзі өзге мемлекеттермен саяси-идеологиялық бәсекеге де айналды. Белгілі бір идеология шеңберінде қолға алынғанымен, 1960-80 жылдары көркем аударманың әр салада дамуы сол кездегі КСРО халықтарының әдебиетіне, өнеріне, ғылымына айтарлықтай өзгеріс енгізді деп айтуға болады. Қалай десек те, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері осы аударма арқылы өзгелерге танылып жатты. Мұны жоққа шығара алмаймыз.
– Жалпы, осы бағыттағы аяқалысымыз  бізге не берді? Аударма ісінде әттеген-айларымыз да жоқ емес шығар?
– Жалпы, әдеби аударманың кәсіби түрде мектебін қалыптастырған – Абай. Кейін кеңестік дәуірде жоғары деңгейде қолға алынды. Осыдан келіп әдебиет жаңара бастады, жанрлық жағынан жетіл­ді, мазмұндық сипатта жан-жақты дамы­ды. Тіпті шағын ұлттар мен ұлыстар­дың да ақын-жазушылары шығармашылық қада­мын бастады. Дәл осы кезеңде қазақ әдебиеті де өзінің деңгей-дәрежесін көрсетуге күш салды. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастап, басқа да классикалық құндылықтарымыз алды­мен орыс тіліне, содан кейін бірқатар ше­тел­дерде тәржімаланды. Бірақ тәржіма­лану сапасы, аударманың теориялық заң­дылықтары мен ережелері, талап-шартта­рына сәйкестігі сараланбады. Өзбекстан, Кавказ елдері, Балтық жағалауы республи­каларында төл туындыларды ұлт тілінен, түпнұсқадан басқа тілге тікелей тәржімалау тәжірибесі кең сипат алды. Өкініштісі, осындай үлгілі үрдіске ілесе алмадық. Қазақ аударматану ғылымына С.Талжанов, Р.Хайруллин, Ә.Сатыбалдиев, Қ.Нұрмаха­нов, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, М.Әлімбаев, М.Құрманов, Г.Бельгер және т.б. әдебиет­шілер, ақын-жазушылар айтулы үлес қос­ты.
– Дегенмен қазіргі уақытта мұндай аудармашылардың жаңа шоғыры толыққанды қалыптасып үлгермеген сияқты. Болса да, олардың жемісті еңбектері көріне бермейді...
– Бүгінде бұрынғы сол үрдістер жаңа сипатта дамуда. Біздің қаншама көркем құндылықтарымыз орыс тіліне жолма-жол, еркін аудару тәсілінен зардап шекті. Ұлт мақтанышына айналған, халық таң­дана оқыған тартымды туындылар көркем мазмұнынан, тілдік байлығынан, ең бас­тысы, ұлттық өзгешелігінен, болмысынан айрылып қалды. Абайдың өлеңдерін ау­дарған аудармашылардың ұлы классиктің талантымен теңдесе алмақ түгіл шендесе алмайтынын ескерсек, аударманың қан­дай деңгейде орындалғанына енді көз жеткізіп отырмыз.
– Сонда сіздің айтпағыңыз, қазақ өлеңінің басында тұрған ұлы Абайымыз орыс тіліне сәтсіз аударылған ба?
– Абайдай асқақтата айтқан алып ақынымыздың поэзиясы орыс тіліне ғана емес, осы тіл арқылы өзге де шет тілдеріне нашар аударылған. Өйткені кезінде ұлы ақын туындыларын жабыла әрі жарыса аудару белең алды. Онда да Абайдың ақын­дық талантымен шендеспейтін аудармашылар тәржімалады. Оның үстіне, тікелей қазақ тілінен емес, жолма-жол нұсқадан аударылды. Аударманың көр­кем­дік, мазмұндық, мағыналық деңгейі туралы ешбір ғалым батылы жетіп айта алмады. Идеология билігі қолындағы орта­лық кез келген ұлт әдебиетіне өзінің үстемдігін жасады.
Енді, міне, талай ғасыр ата-бабамыз армандап, арпалысқан қасиетті Тәуелсіздік таңы атып, дербес, егеменді ел болған кезімізде, өткенімізді өнегелеп, келешегі­мізге кемел жол сала бастадық. Нарықтың алуан ауыртпалықтарымен арпалыса жүріп, кешегі әдеби, мәдени құндылық­тарымызды електен өткізіп, елдік рухани деңгейімізді саралау қажеттілігі де күн санап артып келеді. Сан салалы мәдени өміріміздің алуан бағытының бірі ретінде аударма ісіне, аударматану ғылымына кенжелеп келіп, жоғымызды енді іздеп, олқылықты бүтіндей бастадық. Сондықтан да әлдебір империялық пиғылдың ығына қарай жығылып, аударылған құнды шы­ғар­маларымызды жаңаша, ұлттық сипатта, түпнұсқаны ескере отырып, қайыра бір қарап шығатын кез келді.
– Аударма – шығармашылық мүмкіндікпен қоса, қыруар еңбекті, терең білімді, жан-жақты ізденісті талап ететін үлкен сала. Осы орайда өзіңіз қызмет етіп жүрген оқу орнында болашақ сауатты аудармашыларды дайындау ісі қалай жүргізілуде?
– Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиет­тану және әлем тілдері факультетіндегі «Аударма ісі» бөлімінде болашақ аударма­шы мамандар даярлануда. 1986 жылы негізі қаланған аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасы еліміздегі жазба­ша, ауызша аударманың ғасырлар бойы жинақталып, қозғалмаған мәселелеріне қызу араласуда. Факультет деканы, фило­ло­гия ғылымының докторы, профессор Қ.Әбдезұлының басшылығымен оқыту және тәрбиелеу үдерісі жаңа бағытқа жүйе­ленуде. Кафедра қазақ көркем аудар­масын зерттеу ісіне тиянақты көңіл бөліп келеді. Студенттердің дипломдық жұмысы шетел және орыс классиктерінің, таңдау­лы  туындыларының қазақша тәржімала­нуы мен қазақ көркем шығармаларының орыс тілдеріне аударылу сипатын, деңгейін зерттеп, талдап, саралады. Абай, Шәкәрім, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов т.б. классиктеріміздің әр кезеңдегі аудар­малары ғылыми-зерттеу нысанына айнал­ды. Абай мен М.Әуезовтің аудармашылық таланты, шеберлігі жаңа зерттеулермен жалғасуда. Соңғы жылдары Абай поэзиясы мен қарасөздерінің шет тілдеріне аудары­луы аударматану тақырыбына айналса, М.Әуезовтің сан салалы шығармашылығы аударматанудың жаңа беттерін толықты­ру­­да. Мұнымен бірге студенттер мен ма­гис­т­ранттар қазақ ақын-жазушыларының ағыл­шын, қытай, француз, неміс тілдерін­дегі аудармаларын талдауда. Ағылшын, француз тілінен тікелей қазақша тәржі­маланған туындылар талданып, сарапта­луда. «Аударма ісі» бөлімінде магистрант­тар әзірленсе, соңғы екі жылда РhD жүйе­сін­де докторанттарды әзірлеу қолға алына бастады.
Кафедра аударманың басқа да түрлері мен теориясын оқытумен бірге, аудару тәжірибесін қалыптастыруда біршама істер атқаруда. Шәкірттер ғылыми-көпші­лік, ғылыми-техникалық, газеттік-публи­цис­тикалық материалдар аударып, аудару техникасын үйренуде.
– Сіз айтып отырған бұл мәселелер әдеби-көркем, ғылыми жұмыстардың жазбаша аудармасына қатысты дүниелер. Бізде ақсап тұрған тағы бір мәселе – ол әртүрлі деңгейдегі жиындарда, кинозалдар мен театрларда қолданылатын ілеспе, яғни ауызша аударманың әлсіздігі. Қазіргі тілмен айтсақ, бізде синхронды аудармашылар мектебі қалыптасқан ба?
– Ауызша аудармашы әзірлеу – аударма саласындағы ең қиын мәселенің бірі. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан әлем елдерімен диалог орната бастады. Қатар­дағы кездесулерден бастап жоғары дең­гейдегі ресми жиындардың барлығына дерлік кәсіби синхроншылар ауадай қажет. Бұл салада арнайы оқу құралы жазылғанымен, студенттердің аудару үдерісіне дайындалатын, тәжірибелік қырларын жетілдіретін арнайы техникамен жабдықталған лингофондық кабинет жоқ. Бұл мәселе шешімін тапса, елімізде үш тілде еркін аударатын кәсіби мамандар даярланып шығар еді. Оқытушыларымыз соңғы он жыл көлемінде қазақша оқу құралдарын, тәжірибелік құралдар жазу­да, аударматану сөздіктерін құрастыруда. Қазіргі уақытта әрбір пәнді, курсты оқу құралымен қамтамасыз ету – басты мәсе­ле. Өйткені шетел және орыс аударматану ғылымының қазіргі жетістіктері отандық аударма ісі мен аударманы зерттеуге батыл бетбұрыс жасауды талап етуде.
Десек те, кафедра оқытушылары мем­ле­кеттік стандартқа сай сапалы, білімді, білікті мамандар даярлауға жұмыла отырып, тәрбие жұмысына да жіті назар аударып келеді. Жас аудармашылар даяр­лау мақсатында құрылған Tarzhiman club бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеуде. Бұл бағытта «Көкжиек» деп атала­тын аудармашылар клубы да белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бұған қоса, жастарға әр кезде танымал тәржіма­шылардың тәжірибесін үлгі етіп, кәсіби аудармашылармен арнайы кездесулер өткізіп тұрамыз. Бұл да өз нәтижесін беретін қосымша дәріс деуге болады.
Біз аударманың халықтардың өзара жақындасуының, рухани жаңаруының, ұлттық тілдерін дамытып, байытудың мықты дәнекері ретінде мемлекеттердің адамзат игілігіне ортақ мүдделеріне қызмет ететін қуатты құрал екендігін естен шығармауымыз керек. Қарап отырсақ, соңғы жылдары аудармашы маман­дығының мәртебесі барған сайын биіктеп келеді. Егемен еліміздің шет мемлекет­термен сан салалы қарым-қатынасының жыл сайын кеңейе түсуіне байланысты осынау абзал мамандықтың қажеттілігі  де арттырылуда.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстары­ңыз­ға табыс тілеймін!

Қыжыл
Жаңа дәуір оқырманының кітапқа деген қызығушылығы азайды. Кітапқа қол соза бермейтін адам оның аудармасына қаншалықты көңіл бөле қояр екен?! Қазір көптеген баспалар бұрынғы аударма туындыларды қайталап басып шығара беруге құмар. Бүгінде біз оқып жүрген шетелдің аударма кітаптары бізге орыс тілі арқылы тәржімаланған дүниелер. Одан да есімдері дүниежүзіне танымал классиктердің шығармаларын, мықты ғалымдардың еңбектерін өздерінің тілінен тікелей аудару анағұрлым тиімді емес пе. Дегенмен қазіргі көп аудармашылар ағылшын тілін жетік білгенімен, әдеби тілді меңгермеген. Сондықтан да шет тілін білгеннің бәрін аудармашы деуге болмайды. Қазіргі кезде бірнеше жоғары оқу орындары аудармашылар даярлағанымен, мәселенің түбегейлі шешімін тауып отыр дей алмаймыз.
Кейбір жекеменшік оқу орындары, колледждерде де аударма ісі бөлімі жұмыс істейді. Жекелеген ақылы курстар да бар. Ол жерлерде аудармашылар даярланып жатқанымен, оқыту үдерісінде бір жүйелілік, нақты бағыт-бағдар қалыптаспаған. Осы мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беретін кез жеткен сияқты. Меніңше, заман сұранысына сай жазбаша және ауызша аударма мамандарын оқытатын дербес институт ашуға да болады.
Мысалы, дамыған кейбір шет мемлекеттерде әр аударма түрінен аудармашы даярлайтын арнайы университеттер бар. Бұл дегеніңіз – мемлекеттік мәселе әрі саяси дипломатияны жандан­дырып, рухани байланыстардың артуына мүмкіндік туғызатын құрал емес пе?! Ал аудармашылардың мүмкіндігін пайдаланбаған мемлекеттің өзгелермен қарым-қатынасы әлсірейді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста