Темірғали КӨКЕТАЙТЕГІ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағының иегері:
– Темірғали Әбілдаұлы, «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағын жеңіп алған тұңғыш қазақ өзіңізсіз. Әлемді мойындатқан тұлғасыз. Бірақ мұныңызды Алаштың бірі білсе, бірі біле бермейді. Ғасыр адамы атану 100 жылда бір бұйыратын атақ қой. Бұл – күллі қазаққа ортақ қуаныш. Әлем елдерін аузына қаратқан қазақтың қара баласы қалайша ғасыр адамы атанды? Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз...
– Жалпы, қазақ – өте қабілетті халық. Тез ұққыш, өте зерек. 50-60 жылдары ғылымға берілген қазақ ғалымдары дүниежүзі деңгейіндегі ғалымдармен иық тірестіріп жүре алатын деңгейге қол жеткізді. Ғылымның маңайына қазақтың басы істейтін жастары көп шоғырланды. Мен сол ортада қайнап өстім. «Ғасыр адамы» атағын 1999 жылы алдым. Жасыратыны жоқ, бұл мен үшін күтпеген жағдай болатын. Еуропа төрінде орналасқан Англиядағы Кембридж университетінде күллі дүниежүзіндегі ғалымдардың еңбегін бағалап, тізімге алып отыратын орталық бар. Атауы – Халықаралық биографиялық орталық. Жыл соңына қарай әлемнің қай түкпіріндегі болсын қай ғалымның қандай жаңалық ашқанын анықтап отырады. Әр ғасырдың соңында ғалымдардың ашқан ғылыми жаңалықтарын анықтап, сараптайды.
1994 жылы Кембриджден үйге «сіз «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағына ұсынылған үміткерлер ішіндесіз» деген хат келді. Бұл біреудің мені қылжақтап жазып жібергені деп ойладым. Жыртып, лақтырып жібердім. Сол беті ұмытылып қалды. Арада екі ай өтті. Тағы хат келіп тұр. Тағы да Кембриджден. Қызым бірінші хатқа жауап жазған-жазбағанымды сұрағанда: «Маған оның не керегі бар?» – деп қоя салмақ болып едім, ол қоярда-қоймай жүріп, физиканың қатты денелері бойынша ашқан ғылыми жаңалығымды ағылшын тіліне аударып, салып жіберді. Қош. Сонымен, уақыт зымырап өтіп жатты. 1999 жылдың шілдесінде «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанғаным туралы хат келді. Ел-жұртқа айтар-айтпасымды білмей ойланып жүргенде әлгі хатты жоғалтып алдым. Тірі жанға тіс жарған жоқпын. Сол жылы желтоқсанның соңына таман, аспиранттарым бар, кафедраға келген хаттарды қарастырып отырғанбыз. Шәкірттерімнің біреуі: «Сүйінші!» – деп айқай салды. Сөйтсек, поштамен «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» деген атақтың медалі, дипломы келіпті. Медалі 350 грамм таза күмістен жасалған. Сонда бақандай бес жыл бойы кімнің лайық екенін әбден таразыға тартқан екен ғой.
2003 жылы халықаралық конференцияда жүргенімде Жапонияның физика институтының бір ғалымы келіп: «Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?» – деп сұрады. Сөйтсем, ол мені таныпты. Өйткені менің ғылыми жаңалығымды «ғасырдың үздік жаңалығы» деп ұсынған Жапонияның физика институтындағы ғалымдар екен.
– Қазір сіздің дәрісіңізді дүниежүзінің физиктері тыңдауға құмартып жүргенін естідік. Франция, Германия, Қытай қолқа салып, ғалымдарына дәрісіңізді тыңдатты. Оксфордта 70 профессорды өзіңізге телміртіп, дәріс оқыдыңыз. Әлем елдері аузының суы құрып мақтайтын, қалағанның табаны тие бермейтін Оксфорд университетінде бұрын-соңды қазақтың дәріс оқығанын естіген емеспіз. Төрткіл дүниенің төрт бұрышынан жиналған кіл мықтылар мен білім жолын қуған жастарға дәріс оқығанда қандай сезімде болдыңыз?
– Ол рас, көптеген елде дәріс оқыдым. Бәрінен әсерлі болғаны – Оксфорд университетіндегі дәрісім. Аттай қалап, арнайы шақырды. Атақты университет жайында ежіктеп жатудың өзі артық сияқты. Мен шілде айында, Оксфордтан дәмелілер емтихан тапсырып жүрген уақытта бардым. Бізде тест арқылы жоғары оқу орнына түседі ғой. Бұл – ескірген әдіс. Англиялықтар тестің ауылынан баяғыда-ақ ұзап кеткен. Шын мәнінде, тест – адамның өз білімін өзі тексеру әдісі. Ал Еуропа мемлекеттерінде оқуға түсу үшін дүниежүзінен келген студенттердің барлығы бір тақырыпқа шығарма жазады. Тақырыбы – «Мен неге осы мамандықты таңдадым?» Әрқайсысы өзі таңдаған мамандықтарына қатысты шығарма жазады. Сол шығарма арқылы оның сауаттылығын, ойлау деңгейін тексереді. Тек физикаға келгендерге екі профессор отырып, есеп шығартады. Талапкерлердің көбі оқуға түседі. Оқу жүйесі біздегіден мүлдем басқа. Мәселен, 100 пайыз ақшасын төлеген студенттер үлгерімі үздік болса, ақшасы қайтарылады. Жақсы оқығандарға пайыздап қайтарады. Оксфорд университетінде 39 колледж бар. Әр колледж әр мамандық бойынша жоғары білімді маман дайындайды. Мен дәріс оқыған бір колледждің кітапханасында 7,5 млн кітап бар екен. Ал біздің университеттің кітапханасының кітаптары – 1 миллионның ар жақ, бер жағында.
Ашқан ғылыми жаңалығыма байланысты дәріс оқуға ұсыныс келгенде келісімімді бердім. Соңын ала қай тілде дәріс оқитыным туралы сұрақ хат келді. Менің жауабым дайын еді. «Қазақ тілінде», – дедім. Үш айдан кейін хабар келді. «Біз физика саласы бойынша қазақ тілінен ағылшыншаға аударатын аудармашы таба алмадық» депті. Басқа амал бар ма?! Амалсыз «орыс тілінде» деп нұсқадым. Бір күннің ішінде Мәскеудегі Ломоносов атындағы оқу орнынан ағылшын тілінде кандидаттық диссертация қорғаған аудармашы келді. Синхрон дайындады. Содан дәрістерімді орыс тілінде оқып шықтым. Аудиториядағылардан: «Мені қандай ұлттың өкілі деп ойлайсыңдар?» – деп сұраймын. Барлығы «орыс» деп жауап береді. Франция, Германия, Англия, Жапония сынды азуын айға білеген елдерден келген 70 шақты профессор, 30 шақты студент отыр. «Мен орыс емеспін, қазақпын!» – дедім. Өмірімде бірінші рет мақтанғаным бар осылай. Тегімді 1997 жылы Көкетайтегі деп өзгертіп алғанмын. Олар аң-таң. «Ол қандай ұлт, ол қай жер» деген сұрақтардың астына ала бастады. «Онда сіздерге Қазақ мемлекеті туралы дәріс оқиын», – дедім. Мені шақырған кураторым: «Олай болмайды. Сіздің әр дәрісіңізге ақша төлеу керек болады», – деп қипақтай бастады. Оларда бәрі – ақша. «Ақша төлемей-ақ қойыңдар, тегін дәріс оқимын», – дедім. Сөйтіп, бас-аяғы екі сағаттан артық қазақ туралы, Қазақстан туралы дәріс оқыдым. Өмірімде ешқашан кеудемді бұлай мақтаныш кернеген емес. Масаттанып, марқайып тұрдым. Кеудемді қуаныш қарс айырып жіберердей күй кештім. «Әй, жапондар, немістер, француздар, сендерге лекция оқып, телміртіп отырған – қазақ» дедім.
Кеңестік тарих «мал жайғап жүрген сендерді адам қылдық» деп оқытқан еді бізді. Осындай масыл психологиядан сол сәтте, шынымен де, азаттанған едім. Жүрегім елжіреп, көзіме жас келді.
– Ғылым ұлтқа немесе мемлекетке бөлінбейді. Десек те, Қазақстандағы ғылымның қазіргі ахуалын қалай бағалайсыз?
– Ғылымның түрлі салалары бар ғой. Барлығы үшін жауап бере алмаймын, өз салам – физика саласына қатысты айтарым бар. Бұл салада қазіргі ахуал өте нашар. Кеңестік уақытта елде бой көтерген зертханалардың дені қазір сын көтермейді. Кеңестік жүйені жерден алып, жерге салып жатамыз ғой. Анығында, ғылым саласына қатысты дұрыс саясат жүргізілген еді. Соның негізінде Қазақстандағы ғылым, білім, медицина саласы керемет дамыды. Ал қазіргі білімнің, ғылымның, медицинаның деңгейі сол кездегі өреге жетпейді. Бұл – менің жеке пікірім.
80-жылдары Қазақстанда қатты дене физикасы бойынша конференция өткіздік. Ол кезде Қазақстанда 27 зертхана болатын. Сонда 27 зертханадан 200-ден астам ғалым келіп, жиынға қатысты. Қазір солардан үш-төрт зертхана ғана қалды. Олардың өзі қалт-құлт етіп тұр. Баяғы керемет зертханалардың бәрі құрыған, ізі де қалмаған. Мәселен, осы қара шаңырақта кезінде 96 адам жұмыс істеген. Қаншама ғылым кандидатын, ғылым докторын тәрбиелеп шығарды. Содан бері аттай 20 жыл өтті. Бұл зертханаға бір шеге де қағылмады. Құрылғылардың барлығы ескірді. Жаңадан алынған құрылғыларды өз басым көрмедім. Бұл – біріншіден. Екінші мәселе, жаңадан құрылғылар алған күннің өзінде оларды орналастырып беретін маман жоқтың қасы. Осы мысалдардан соң Қазақстандағы ғылым саласының ахуалы туралы сөз етудің өзі күлкілі.
– Ғылым саласындағы мұндай түйткілді мәселелерді талқылап, ғалымдардың ұйытқысы болған Ғылым академиясы болатын кеңестік жүйе кезінде. Қара шаңырақтың маңайында өрбіген дау оны жауып тынды. Қазіргі «Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі, Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғылым комитеті қайда қарап отыр сонда?
– Алматыдағы қара шаңыраққа, Ғылым академиясына қатысты түйткіл менің жүрегімде қалып қойды. Себебі Қазақстандағы бүкіл ғылымды басқарып отырған ұйым келмеске кетті. Ғылым қалай дамып жатыр? Алдағы бесжылдықта, үшжылдықта қандай табыстарға қол жеткізуге болады? Ғылымды қалай дамыту керек? Міне, осы сұрақтарға ғалымдар жан-жақтан жиналып, бір ортада бас қатыратын. Қазір солардың барлығын реттеп отыратын ұйымдардың аты бар болғанымен, заты жоқ.
Кезінде отандық ғалымдар КСРО академиясына бағынатын. Сол кездегі ғылымның дамуына, бағытына мықты бақылау, тыңғылықты реттеулер жасалып отыратын. Мәселен, Қарағандыда жеті зауыт болған кезінде. Қазір солардан біреуі де қалмады. Бұқар жырау көшесінде самсаған супермаркет, гипермаркеттеріңіз – бұрынғы зауыттардың ғимараттары. Сол кездері зауыттағылар біздің ғылыми жұмыстарымызға, деректерімізге жүгінетін. Ұсыныс жасайтын. Ғылымға деген сұраныс болатын. Қазір Қарағандыда бір зауыт жоқ. Болса да, заңды тұрғыдан бәрі жекеменшік. Ал оларға ғылымның қажеті жоқ. Олардың басты мүддесі – баю, ақша табу. Бұрынғыдан металлургиялық комбинат қана қалған еді, кезінде олар да бізбен тығыз қарым-қатынаста болатын. Қазір олардың біреуі де есігімізді қақпайды. Қазақстанда ғылымға деген сұраныс жоқ қазір. Міне – сізге ащы шындық.
– Осының салдары ма, қазір атақ, сыйлық үшін ғылымның айналасында кәкір-шүкір еңбек жазып, ғылыми атаққа белшесінен батып жүргендер көп. Билік тізгінін ұстаған екеудің біреуінде ғылыми атақ бар. Бұған қалай қарайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Кейінгі кезде сыйлық, атақ, ғылыми дәреже алу үшін ғылымға келетін көлденең көк аттылар көбейіп кетті. Тіпті облыстық деңгейдегі бастықтар да – ғылым кандидаты, ғылым докторы. Бірақ барлығы – қып-қызыл өтірік атақтар. Атақ, сыйлық үшін жұмыс істеген ғалым ғылымға ешқашан да жаңалық енгізе алмайды. Ғылым қасиетті. Киелі. Қазір оның айналасындағылар – «кандидаттығымды қорғасам, болды, бұдан былай ғылымды желкемнің шұңқыры көрсін» деп жүргендер. Ал жаңалық ашу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған үлкен дайындықпен келеді. Бір сөзбен айтқанда, ғылыммен шұғылданған адам ғылым үшін жұмыс істеуі керек. Жаңалықты ғылымға шын ниетімен берілген адамдар ғана ашады.
Қазір ғылыми мектеп ашу да мүмкін болмай кетті. Оны тек ғылымға бүйрегі бұрған ғалым ғана ашады. Ол адам ештеңеге алаңдамас үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы керек. Мәселен, бұрын ғылыммен шұғылданған адамның кәдімгідей беделі болатын. Айталық, мен ғылыми атағымды қорғағаннан кейін айлығым 640 сомға өсті. Ал бізді сол кезде басқарып тұрған обкомның басшысы 500 сомдай ғана айлық алатын. Міне, мәселе қайда жатыр! Қазіргі әкімдердің жалақысымен менікін салыстыруға да келмейді.
Жалпы, ғылымды іргелі және қолданбалы деп бөліп, жіктеп жүр. Шенеуніктер болса бүгін-ертең немесе бір-екі жылда нәтиже беретін ғылым керек деп кеуде кереді. Ол мүмкін емес. Қолданбалы ғылымды дамыту үшін іргелі ғылымды дамыту керек. Көгілдір жәшіктен кейбір «ақ жағалылардың» «ғылымның қажеті жоқ, технологияны шетелден сатып аламыз» деген сөздерін құлағым шалып қалды. Шетелдіктерді ақкөңіл деп кім айтты?! Олар жақсы технологиясын сыртқа бермейді. Берсе, 50-60 жыл бұрынғы ескірген технологияларын қыруар ақшаға сатады. Ал бізге шетелдің қаңсығы керек пе?! Ел болып, іргеміз бекісін десек, ғылымды дамыту керек. Ол үшін ғалымдардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажет.
Қазақстан ғылымының дамуы көңілді алаңдатарлық. Егер мемлекет ғылымды қаржыландырудың көлемін ЖІӨ-нің 1 пайызынан төмендетсе, ғылым құлдырауға ұшырайды екен. Ал 0,5 пайыздан төмендесе, алдағы 50-60 жылда ғылымның жүйесі қалпына келместей құлдырайды. Мәселен, дамыған елдерде, атап айтқанда, Жапонияда – 3,1 пайыз, Ресейде – 1,2 пайыз. Ал бізде бұл көрсеткіш – 0,24, яғни 0,3 пайызға түскен. Шетелде не көп? Қор көп. Олар жүздеген, мыңдаған, миллиондаған қаржысын ғылымға құяды. Бұған Үкімет тарапынан көрсетілетін материалдық қолдауды қосыңыз. Ал біздің елде миллионер де, миллиардер де бар. Тек олар ашқарақ адамдарша өз аранын ғана толтырады. Ғылымға да, білімге де көк тиын шығармайды. Біздің қоғамда ғылымға деген оң көзқарас қалыптаспайынша, ғылым өркен жаймайды. Маған ақша бер, ғылымды дамытайын деп ғалымдар көрінгенге алақан жая алмайды ғой. Ащы болса да, айтайын, Қазақстандағы ғылым саласы 50-60 жылға кенже қалып барады.
– Қазақ баласына «мұғалім бол», «ғалым бол» деп бата беруші еді. Оқысын, ғылыммен айналыссын, ақиқатты танысын дегенінен болар. Ғылымға ден қоюдың баспалдағы жастардың ынтасынан басталады емес пе?! Жыл сайын ЖОО-лардан түлеп ұшқандардың қатарынан ғылым жолын таңдайтындары – мыңнан бірі ғана. Бұған не себеп?
– Жастардың ғылымға деген ынтасы жоқ. Қайдан болсын?! Бұған мен түсіністікпен қараймын. Төменгі айлықпен күнелтіп жүрген ғалымдар жастарды ғылымға кел деп қалай үгіттейді?! Бұрын басы істейтін жастардың барлығы физика-математика саласына келетін. Қазір олар заң, экономика факультеттеріне барады. Оларды кінәлауға болмайды. Жастардың ішінде талантты, зеректері бар. Ғылымға ден қойған күннің өзінде олар қондырғылары ескірген зертханаларда дәріс алып жарытпайды. Кезінде зауыт-фабрикаларға барып, тәжірибелік жұмыстармен шұғылданатын. Қазір қайда барады?
Алашқа айтар датым...
Ғалым ретінде айтар болсам, Алаш айбарынан жел ескен, айбынды ел болсын десек, ең алдымен, білім, ғылымға деген көзқарас өзгеруі керек. Білім, ғылымсыз қандай ақша, байлық болса да, өреміз өскен өркениетті ел бола алмаймыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған байлығы бір мемлекет емес, бірнеше мемлекетке жетеді. Бір ғана мұнайдың өзі неге тұрады?! Қазақтың жерінде Менделеевтің кестесіндегі барлық элемент кездеседі. Соның барлығы – қазақтың маңдайына біткен байлық. Міне, осыларды игеріп, халықтың игілігіне жарату үшін ғылымды дамыту керек.