Үбайдолла СТАМҚҰЛОВ, ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі:
– Үбайдолла Мырзағалиұлы, сөз басын жуырда ғана 16 жасқа толған Алаштың Ата Заңы туралы баяндасаңыз... Конституцияның Қазақстанның мемлекеттігіндегі орны қандай?
– Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ел болып тағы бір мерейлі мереке – Конституцияның 16 жылдығын тойладық. Кез келген мемлекеттің аяғынан тік тұрып, ел ретінде қалыптасуы ең жоғары әрі ең құзырлы құжат арқылы – Конституция негізінде жүзеге асады. Сол тұрғыдан алғанда, Ата Заң арқасында Қазақстанда мығым саяси-құқықтық һәм әлеуметтік-экономикалық жүйе қалыптасты, азаматтар мен мемлекет арасында либералды қатынас орнықты. Жалпы, Қазақстанның тарихына үңілер болсақ, елімізде алғаш рет сонау 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитеті Қазақ АССР-інің Конституциясын бекіткен болатын. Алайда бұл құжат түрлі себептермен күшіне енбеді. Ал келесі Конституцияны 1937 жылы 26 наурызда Жалпы қазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдады. 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған құжат кеңес заманындағы Қазақстанның Конституциясы болды. Ал Тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылдағанымыз белгілі. Расымен де, 1993 жылғы Конституция Тәуелсіз мемлекетіміздегі ең жоғарғы заң тұрғысындағы саяси-құқықтық сипатта алғаш бекітілген құжат еді. Дегенмен, уақыт талабына орай, Негізгі заңның да өз кемшілігі кейіннен байқалды. Алғашқы Ата Заң еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалды. Сондықтан да одан кейінгі 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған бүгінгі Конституцияны уақыттың сынынан өткен, нағыз ғұмырлы құжат деп танимын. Осы 1995 жылғы жаңа Конституцияның арқасында еліміз көптеген реформаны жүзеге асыра алды, мемлекет дамудың даңғылына түсіп, шұғыл демократиялық, әлеуметтік, экономикалық даму бетбұрысына бет алды.
Конституциялық императивтерге сүйенсек, Қазақстан Тәуелсіздіктен бері қарай қатаң экономикалық, қасаң саяси және күпті идеологиялық кедергілерді бұза жарып, жаһанданудың заманауи ережелері мен халықтың әдет-ғұрпына бейімделген жаңа құқықтық жүйені, мемлекеттік басқарудың жаңа құрылымын қалыптастыра алды. Бұған бір ғана мысал – қоғам кеңестік дәуірден келе жатқан баламасыз дауыс беруден бас тартып, еркін таңдау құқына өтіп отыр, сөйтіп, демократияның қайнары саналатын сайлау құқын барынша игеріп келеміз. Бұл да – ең алдымен, Негізгі заңның қоғамға тигізген зор шарапатының бірі ғана. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Қазақстан – республика Президентін, Парламент депутаттары мен мәслихаттарды мезгіл сайын сайлайтын демократиялық дәстүрді бойына барынша сіңірген мемлекет. Ал осындай жаңа конституциялық-құқықтық құрылымның негізгі қорытындыларын сараласақ, тарихи ауқыммен екшегендегі азғана уақыт ішінде Қазақстанның көптеген эволюциялық дамуды бойына сіңіре алғанын байқаймыз. Сондай-ақ ұлттық жаңғыру нәтижесінде заманауи конституциялық құрылым қалыптасты, егеменді елімізде нақты стратегиялық бағыттар бойынша мемлекеттік саясат айқындалды.
– Десе де, қолданыстағы Қазақстан Конституциясының бұрынғы құжаттардан негізгі ерекшелігі неде болды деп ойлайсыз?
– Ауыспалы кезеңдерді бастан кешіп жатқан тұста жұрт болып жұмыла қабылдаған Конституция, ең алдымен, мемлекеттік билікті нығайтты. Бұл кеше ғана Тәуелсіздік алған жас мемлекет үшін аса маңызды қадам еді. Заман талабына сай, мемлекеттік орган жүйелері де қалыптасты, заң шығару билігінде қоспалаталы кәсіби Парламент те дүниеге келді. Бұған дейінгі Конституцияларға қарағанда, елімізде жекеменшік құқығы, мұрагерлік құқығы, заң жолымен алынған кез келген мүлікке ие болу құқығы және басқа да меншіктік мәселелер конституциялық мәнге ие болып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының аясы кеңіді. Нәтижесінде Конституция, халықаралық стандарттарға сай, тұлғаның құқық мәртебесіне қатысты сол халықаралық құқықтық нормалармен мәндес ережелермен байытылды. Осы арқылы Қазақстан халқы да өз дәстүріне, көпұлтты азаматтық қоғамның мәдениетіне үйлесетін әлеуметтік бағытталған нарықтық қайта құру жолымен дами бастады. Мінеки, осындай Негізгі заңда қарастырылған еркіндіктер арқасында халықты экономикалық қорғауды әлеуметтендіру саясаты жүзеге асты. Жастардың болашағын кепілдендіру жүйесі іске қосылып, кәсіпкерлікке кеңінен жол ашылды. Бұрынғы жүйеде болмай келген жекеменшіктің қорғалуы, бір жағынан алғанда, шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі мен қызығушылығын да арттыра түсті десе болады.
Осылардың бәрін жинақтай келсек, қолданыстағы Ата Заңның басты ерекшелігі – адами құндылықты барынша қорғауға ойысқанын анық аңғарамыз. Яғни бұл Заңда тұңғыш рет мемлекет байлығы ретінде оның халқы көрсетіліп, адам мүддесі алғаш рет мемлекет мүддесінен жоғарыға шықты. Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары түбегейлі конституциялық құндылықтар ретінде бекітілді. Конституцияның іргелі ережелерінің негізінде адам құқықтарын қорғайтын мемлекеттік тетіктер құрылды. Конституциялық бақылау институттары жүйеленіп, тиімді сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының қызметі заңдылық қағидаттарына, адам құқы мен бостандығына, әділдік пен ашықтыққа негізделді.
– Тәуелсіздіктен бері қарай Конституцияға 1998 және 2007 жылдары өзгерістер енгізілгені белгілі. Мұндай өзгерістер елдік дамуға қалай әсер етті деп ойлайсыз?
– Ата Заңның нормаларына енгізілген өзгерістерді де замана дөңгелегінің өзі тудырды деп айтуға тиіспіз. Десе де, Негізгі заңға қандай да бір өзгеріс енгізу аяқастынан туындайтын дүние емес екендігін еске салғым келеді. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданар тұста да бүкілхалықтық таңдау жасалып, Ата Заңды қалыптастыруға жұртшылықтың өзі жаппай әрі тікелей қатысқанын атап өтуге болады. Ал содан бергі қолданыстағы Конституцияға енгізілген өзгерістерге келер болсақ, бұл да – бірнеше жыл бойы жас мемлекеттің құқықтық кеңістігінде талмастан атқарылған тынымсыз шаралардың нәтижелі жемісі. Жас мемлекет болғандықтан да, даму жолын айқын ете түсу үшін де үнемі жетілу жолын ізденіп отыру шарт. Мәселен, осы бағытта конституциялық реформалар туралы мұратты еңсеру мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеді. Олар жұрт арасында жиын ашып, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, сарапшылармен кеңесіп, жан-жақты ойлана отырып, Ата Заңға 1998 жылы ауқымды өзгерістер жасады. Одан кейінгі 2007 жылы қабылданған өзгерістердің өзі жұртшылықты ел басқару үрдісіне белсене араласуына, Парламенттің құзыретінің күшеюіне, саяси партиялардың өркениетті үлгіде өзара сайысқа түсуіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің өмірге тереңдеп енуіне жағдай жасады. Сосын Конституция бойынша өлім жазасын қолдану аясы тарылып, тек қана соттың санкциясы арқылы тұтқындау және қамауда ұстау нормалары бекітілді.
Конституциялық бетбұрыстың тағы бір көрінісі 2007 жылғы тамыз айында ел тарихында тұңғыш рет тек қана партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаттары сайланды. Осынау үлкен шара Қазақстан демократиясын жаңа белестерге шығарды. Бір сөзбен айтқанда, Конституцияға енгізілген өзгерістер оның әлеуетін одан әрі дамытты. Мұның әсіресе билік тармақтарына қатыстылығы басым болды. Мәселен, осындай қадамдар арқасында мемлекеттік билік органдары арасында өкілеттілік пен жауапкершілік қайта бөлініске түсіп, Парламенттің өкілеті кеңейді. Негізгі заң Үкіметті елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша конституциялық міндеттерді жүзеге асыратын негізгі күш ретінде қалыптастырып, атқарушы орган билігінің бірегей жүйесін нығайтты. Жаңа редакцияға сәйкес, Премьер-министр тек саяси партиялар фракциясындағы консультациялардан соң, Мәжіліс депутаттарының басым көпшілігінің даусымен ғана Президентпен тағайындалатын болды. Бұл да – демократиялық үлгідегі үлкен өзгеріс.
– Дегенмен осы енгізілген өзгерістерден кейін «мемлекеттік басқару формасы президенттіктен президенттік-парламенттік басқару формасына қарай ойысты дегенді саясаткерлер жиі айтатын тәрізді. Осыны заң қалыбына салып, дұрыс тәпсірлеп көрсек...
– Мемлекеттің тұтастай құқықтық кеңістігіне қатысты кез келген мәселені Конституция нормалары шеңберінде қарастырған лазым. Ал сол Конституцияға сүйенсек, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет (2-баптың 1-тармағы), Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы және ең жоғары лауазымды тұлға (40-баптың 1-тармағы). Конституцияда белгіленген республиканың басқару нысанын өзгертуге болмайды (9-баптың 2-тармағы). Яғни Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан – басқару нысаны бойынша тек қана президенттік республика, ал мемлекеттің басқару нысанын өзгертуге тыйым салынған. Осы баптарға 1998 жылы да, 2007 жылы да еш өзгеріс енгізілген жоқ. Сондықтан да заңгер ретінде басқару нысаны жағынан Қазақстанның президенттік республика екенін және оны өзгертуге Конституция жол бермейтінін ескерткім келеді.
– Конституциядағы құндылықтар және осы қастерлі құндылықтардың іске асырылу жолдары жайын да айтып өтсеңіз...
– Конституцияның кіріспе бөліміне үңілсек, онда «біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп анық жазылған. Бұл жолдар «Қазақстан Республикасы – қазақ халқының кіндік қаны тамған жерде қалыптасып отырған үлкен тарихы бар мемлекет, еліміздің аумағындағы барлық ұлттар мен ұлыстар – тарихы тағдырлас бір халық, біздің ұранымыз – татулық, еркіндік, теңдік» дегенді білдіреді. Қысқа ғана жолдардың ішінде терең табиғи құқықтық және философиялық мәні бар құндылықтар жатқанын ұға білгеніміз жөн. Жалпы, құқықтық құндылық ретінде Конституцияда, заңдарда бекітілген, сот, өзге де құқық қолдану практикасында қалыптасқан, адамның, қоғамның талап-тілегіне сай келетін, олардың мүддесіне қызмет ететін құндылықтарды айтамыз. Халықаралық актілерге, ішкі заңнамаға, құқықтық ілімдерге сүйенсек, конституциялық құндылықтар ретінде, ең алдымен, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, әділеттілік, теңдік қағидалары, құқық пен заңдылықтың үстемдігі танылады.
Құқықтық мемлекеттің бір ерекшелігі – жоғарыда айтылған міндеттер, ең алдымен, мемлекеттік органдарға жүктеледі. Алайда бұл Конституцияның және заңдардың талаптарын орындаудан азаматтар шет қалады дегенді білдірмейді. Ата Заңды сыйлау, оның талаптарын мүлтіксіз орындау, оны құрметтеу – баршамыздың қасиетті міндетіміз.
– Өзіңіз мүше болып табылатын Конституциялық Кеңес – Ата Заңның республиканың барлық аумағында үстем болуын қамтамасыз ететін бірден-бір мемлекеттік орган. Ендеше, осы органның қызметі туралы да айта кетсеңіз...
– Конституциялық Кеңес қызметі конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуге негізделген, оның міндеті республиканың бүкіл аумағында Конституцияның жоғары тұруын қамтамасыз ету болып табылады. Кеңес Парламенті қабылдаған заңдардың конституциялылығы туралы, Конституция нормаларын ресми түсіндіру туралы өтініштерді, соттардың ұсыныстарын қарайды. Конституциялық Кеңестің заңнаманың түрлі салалары мәселелері қаралатын нормативтік қаулылары мен жолдауы – еліміздің құқықтық жүйесі сапасының басты критерийі. Өйткені онда қабылданған шешім елдегі заңнамаға айтарлықтай әсер етеді. Өкілеттігін жүзеге асыра отырып, Конституциялық Кеңес өзі құрылған күннен бастап 180-ге жуық өтініш қарапты. Осы өтініштер бойынша 140-тан астам нормативтік қаулылар қабылданды. Бұл ретте 25 заң және халықаралық шарт толығымен немесе бір бөлігінде конституциялық емес деп танылды. Конституциялық Кеңес қабылдаған шешімдердің арасында адамның құқы мен бостандығын қорғау мәселелері айрықша орынға ие. Конституциялық Кеңестің шешімдеріне сәйкес 65 заңның ережелері өзгертілді. Өйткені Конституциялық Кеңес қабылдаған нормативтік қаулылар конституциялық заңдылық режімін қамтамасыз етеді, қолданыстағы құқықты байыта түседі, заңдардағы кемшіліктерді толықтырады, құқық қолдану практикасының одан әрі даму бағыттарын қалыптастырады. Конституциялық Кеңестің бірқатар қаулыларымен Қазақстан Республикасы азаматтарға лайықты өмір сүру және тұлға ретінде еркін даму үшін жағдайлар жасау жолымен әлеуметтік теңсіздіктерді жұмсарту міндетін өзіне алатындығы да анық көрсетілді.
Саралы сөз
Қазақ елі – ертеңіне үлкен сеніммен қадам басып отырған елдің бірегейі. Ал ондай сенімділік, ең бірінші, тұрақтылық болған ортада ғана пайда болады. Тұрақтылықты қамтамсыз етіп отырған басты тірек, бұл – Конституция. Расымен, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігі, ең алдымен, тұрақтылықтың арқасы. Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы. Конституция негізінде ұтымды жүргізілген нарықтық қайта құрулар мен қабылданған заңдар экономикалық өркендеуімізге себеп болды. Қазақстанда дініне, түріне қарамастан, барлық адамға тең құқықтық жағдай жасалған. Конституция саяси тұрақтылықтың алтын діңгегіне айналды. Кешегі өтпелі сәттерде елдің бірлігін сақтап, ұлыстардың ұюына ұйытқы бола алды. Сондықтан да Конституция Қазақстанның Тәуелсіздігінің нығаюына, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді. Ендеше, елдігімізді қалыптастырып, Тәуелсіздігімізді нығайтуда маңызы зор болған Ата Заңымызды құрметтей білсек игі.