Сұлтан Сартаев, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Биыл – Ата Заңның қабылданғанына 16 жыл. Күні кеше ғана Конституция күнін атап өттік. Әртүрлі шаралар, жиындар, жалпы, тойлауға қатысты үрдістер болды. Қалай өтті деп ойлайсыз? Байтақ елдің бағына біткен Ата Заң күнін мерекелеген жұртқа көңіліңіз толды ма?
– Бәріміздің білетініміз: дүниежүзінде 192 мемлекет болса, сол елдердің әрқайсысының өздеріне лайықты конституциялары бар. Қазақша айтсақ, Ата Заңдары бар. Біздің қазақ атасын өте құрметтеген. Конституциямыздың Ата Заң аталуы сондықтан болар... Бұл негізгі заң болғаннан кейін, әрбір Қазақстан азаматы оны өте жақсы білуі керек, сонымен қатар сол Конституцияда көрсетілген түйіндерден хабардар болып, соны іске асыруы қажет. Жалпы, заң дегеніміз – жай ғана қағаз. Қағаз өзінен-өзі қимылдамайды. Жазылған заңды қимылдататын, оны өмірмен байланыстырып, қолданысқа түсіретін – әрбір Қазақстан азаматы. Менің байқауымша, осы уақыт аралығында Конституцияны аяғына дейін оқып шықпаған азаматтар кездеседі екен. Мен мұны жай ғана әңгімеден байқап қалдым. Әрбір азамат өз елінің патриоты болса, елін алға қарай қадам бастырамын деп ойласа, ол Ата Заңын жақсы білуі тиіс. Жасымыз да, кәріміз де қолымызға қарындаш алып отырып, Ата Заңда жазылған қағидалардың бәрін талдап білсек, сонда ғана конституциялық аумақта өмір сүретін елдердің қатарына қосыламыз. Егер біз конституциялық аумақтан шығып кетсек, онда біздің Ата Заңды сақтамағанымыз. Ата Заң емес, жай заң болған күннің өзінде сақтауға міндеттіміз. Белгілі заңгерлер, заң шығарушы орындардың қабылдаған Ата Заңы халық үшін, ел үшін. Ата Заңды сақтау – әрбір Қазақстан азаматының парызы.
– Патша-қаған, хан-сұлтандардың елеулі еңбектеріне, елдің қалыптасу жолында тарихи ерекше әрекеттерге куә болған тұлғалар тарих беттерінен белгілі ғой. Мысал үшін Шыңғысты хан көтергенде киізді ұстаған билер, Тәуке ханның Жеті жарғысына қатысқан абыздар, Қасым ханның қасқа жолы... Есім ханның ескі жолы... т.т. тізе беруге болады. Демек, Тәуелсіз Қазақ мемлекетіндегі осы 20 жыл ертеңгі күні бүгінгі тарих болып жазылады. Ол тарихта сіздің орныңыз бар. Әрине, бұл баршаның басына бітетін бақыт немесе екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Ата Заңды белгілеу елдің, мемлекеттің тағдырын белгілеумен пара-пар. Осының жауапкершілігін қалай сезіндіңіз, қазір қалай сезінесіз?
– Мен өзімді ХХІ ғасырдың басындағы бақытты азаматтардың бірімін деп санаймын. Өйткені мен адам баласының тарихында өте сирек кездесетін оқиғалардың себепкері және куәсі болып отырмын. Айталық, тоталитарлық жүйенің кезінде біздің елімізде Қазақстанға байланысты 1937 жылғы, 1978 жылғы конституциялар қабылданды. Ал оның арғы жағында 1924 жылы автономиялы конституцияны қабылдаған едік. Сонымен, бұл үш конституция тоталитарлық жүйенің кезінде қабылданды. Ол жүйе Одақтың құрамына кіретін халықтардың барлығын өзінің уысында мықтап ұстап отырды. Құрамындағы елге бостандық бермеді. Ал халықтың атам заманнан бері аңсағаны азаттық болатын. Қазақ мемлекетінің ХVІІІ ғасырдың басынан бастап, қазан төңкерісіне дейінгі тарихына көз жүгіртсеңіз, қазақ халқы 370-тен астам көтеріліс жасаған екен. Бұл көтерілістердің барлығының түпкі мақсаты бостандық алу еді. Еркін жағдайда өмір сүру болды. Бірақ сол көтерілістердің барлығы діттеген мақсатына жете алмай, жеңіліске ұшырап жатты. Өйткені көтерілген халықтың қолында найза, садақ, қылыштан басқа қару болған жоқ. Сол кездегі бес қаруы сай патшалыққа қарсы тұру қиын-тын. Оны жеңу, шындығында, мүмкін емес секілді. Міне, еліміз талай ғасыр бұғауда болды. Жоғарыдағы 1924, 1937, 1978 жылдардағы конституциялар тоталитарлық жүйенің шеңберінде жасалғандықтан, бостандықтың лебі есетін саңылау қалдырған жоқ. Ондай мүддені көздеген мемлекет басқарушы адамдар да кездеспеді.
Тек 1991 жылы 8 желтоқсан күні «Беловеж тоғайында» Ресейдің белгілі қайраткері Ельцин, Украинаның белгілі қайраткері Кравчук, Белоруссияның белгілі қайраткері Шушкевич үлкен батырлықты өздерінің міндеттеріне алып, тоталитарлық жүйені, СССР-ді тарқатып жіберді. Біздің бостандығымыз содан басталады. Осыдан кейінгі сегіз күннен соң, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда мен өзімнің дайындаған «Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы» заңның жобасы негізінде Парламентте баяндама жасадым. Қазақстанның Тәуелсіздік жолына түскенін айттым. Қазақстанның бұдан былай, өзара тиімді болса, қалаған елдердің бәрімен дипломатиялық, консулдық, экономикалық, саяси қатынастар ұйымдастыруға толық қақысы бар екенін жария еттік. Біз халықаралық аренаға өз еркімізбен шықтық. Сол халықаралық аренада ешкімнің бостандығына тиіспей, өз Тәуелсіздігіміздің негізінде алыс-жақын елдермен қарым-қатынастар ұйымдастыра бастадық. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Сөйтіп, дүниежүзіндегі 192 тәуелсіз мемлекеттің қатарына қосылдық. Сол 192 елдің Тәуелсіздігін жариялаған 192 азамат болды. Маңдайыма жазылғаны шығар, құдайға шүкір, соның біреуі мен болып шықтым. Тәуелсіздікке байланысты баяндама мен оны талқылау 1991 жылы 16 желтоқсанда сағат 18-ден 14 минут өткенде, яғни кешкі сағат 6-дан 14 минут кеткенде біткен еді, сағат 18-ден 44 минут өткенде, яғни 30 минуттан кейін Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігін ең алғашқы мойындаған Түркия мемлекеті болды. Түркияның біз үшін қуанышында шек болған жоқ. Өйткені ол кезде дүниежүзінде түркі тілдестерден Түркия жалғыз тәуелсіз мемлекет еді. Осы кезден бастап дүниежүзінде бірнеше тәуелсіз түркі мемлекеті пайда болды. Ол – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан. Тәуелсіз жолға түскен мемлекеттер өздерінің барлық қарым-қатынасын азат негізде ұйымдастыра бастады. Сонымен, Қазақ мемлекеті Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарына еніп, мүшесі болды. Демек, Қазақ мемлекеті дүниежүзінде қабылданған БҰҰ-ның «уставын» сақтайды, соның көлемінде, яғни халықаралық аренада өзінің дипломатиялық, экономикалық, саяси, әлеуметтік қызметін атқарады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993-95 жылдары екі конституция қабылдадық. «Екі жыл өтпей жатып не үшін жаңа конституция қабылдадық?» деген сұрақтар болды. Біз президенттік басқару формасын дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттен кейін жасадық. Ең бірінші АҚШ-та жасалған деп есептейміз. Одан соң бұл форма Латын Америкасындағы елдерде тарады. Африкада да осы форма қолданылды. Бірақ біз Президентіміздің өкілеттігін толық көрсете алмаппыз, бұл – бір жағы. Екіншіден, президенттік республика, президенттік мемлекет болғаннан кейін заң шығару функциясын, сот қызметін және оны іске асыру, сондай-ақ мемлекетті басқаруды іске асыруды жетілдіре алмаған екенбіз. Сол себепті 1995 жылы қайтадан жаңа конституция қабылдадық. Ондағы мақсат – ел сенім білдіріп отырған Президентіміздің басқару жүйесінде принципті мәселелерді жедел шешуге мүмкіншілік туғызу.
– Сұлтан аға, құдайға шүкір, жылдан-жылға жетіліп келеміз. Заманауи жаңалық, даму, өсу бар. Адам мен қоғам, заман алға жылжып барады. Оның үстіне, жаһан заманы дейміз. Осы тұрғыдан келгенде Ата Заңға өзгерістер керек пе?
– Сұрақ орынды. Өмір дегеніміз өте бай. Өмірдің байлығын қабылданған заңның шеңберіне сыйдырып, қамту мүмкін емес. Сол өмір көрсетіп отырған өзгерістерге байланысты, жаһанданған заманда, халық санасының сауатына сай, елдің өсуі мен өркендеуі талап етсе, жаңа конституция қабылдауға тиіспіз. Біздің мемлекетіміз жас. Әрине, бұрын да қағанаттар, хандықтар болды. Шын мәнінде, дәл бүгінгідей заманауи мемлекет болып қалыптасуымызды көне замандардан көру қиын. Мемлекет болып қалыптасу процесінде Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің бүгінгі үлгісі жаңа және тың. Сондықтан біз Заңымызды жаңа жағдайда, жаңа әлеуметтік-саяси жүйенің кезінде әрбір мемлекеттің өзіне лайықты конституциясының болатынындай қағидаға сүйеніп қабылдағанымызды тағы айтқым келеді. Бірақ бұл Конституцияны өзгертуге немесе толықтыруға болмайды деп айта алмаймын. Өмір талап етсе, өзгереді, толықтырылады.
– Ата Заңда азаматтық парыз деген бар. Азаматтарымыз азаматтық парызын орындауда қандай талаптарды қажет етеді деп ойлайсыз? Әрине, бес саусақ бірдей емес. Ел болғаннан кейін телі де, тентек те болатыны рас. Мәселен, бүгінгі қоғамда ықпалды орындарда отырғанымен, өз жеке басы азаматтық құқықты орындай алмайтын, талапқа сай емес адамдар бар ма?
– Елімізде кездесіп жатқан тәртіпбұзушылық, қылмыс жасау, зорлау, ұрлау, өлтіру – мұның барлығы азаматтық парызға жатпайтын жат әдеттер. Бұлар – саналы азаматтардың санасына сай келмейтін жағымсыз істер. Сондықтан азаматтың ең үлкен парызының бірі – ол өзін елге таза, шыншыл, білгір әрі тапқыр азамат ретінде көрсете білуі. Тек осындай жағдай болған кезде азаматтар өзінің мемлекет алдындағы парыз-міндетін орындай алады. Қорыта айтқанда, Қазақстан азаматтары мемлекет алдындағы міндет-парызын орындаймын деп ойлайтын болса, ең алдымен, білімді болуға тырысқаны абзал.
Бағзыда өткен бабаларымыздың, аталарымыздың нақылдарына қарасаңыз, әлі де маңызын жоймай, бүгінгі біздің өмірімізге қызмет етуге жарайтын сөздер жеткілікті. Сондықтан халық даналығына көбірек ден қойып, молырақ зейін салған жөн. Өзіміздің өнегелеріміздің үлгілеріне үңілсек, білімді де білгір азамат болуымызға септігі бар дегім келеді. Адамның білгірлігі ой-өрісінің өсіп-өркендеуіне байланысты.
– «Бізде заң бар, бірақ орындалмай жатады» деген секілді пікірлер жоқ емес. Конституциялық Кеңес және олардың жұмысына тоқталсаңыз. Бұл ұйымның ықпалдылығы жайлы не айтасыз?
– Конституциялық Кеңес – көптеген мемлекетте бар ұйым. Оның негізгі мақсаты – елімізде заңдылықтың болуы, соның іске асуын қадағалау. Қабылданған заңдар орындалып жатыр ма? Орындалмаған жағдайда, оның себептерін анықтау осы кеңестің негізгі міндетіне кіреді. Демек, Конституциялық Кеңес – бақылаушы, қадағалаушы ұйым. Бірақ заңдарды сақтау оған ғана байланысты емес. Ол әрбір азаматқа байланысты. Қазақ мемлекетінің әрбір азаматы немесе елімізге шеттен келген азаматтар қай-қайсысы болсын Ата Заңымызда көрсетілген түйіндерді сақтауға міндетті. Кез келген шетелдік қандай істе де Ата Заңымыздың көлемінде ғана, Конституцияның шеңберінде ғана әрекет етуі тиіс. Бірақ олар барлық талапты орындайды деп айту қиын. Өйткені, біріншіден, олар – басқа елдің азаматтары. Оларды қадағалау керек. Сол кезде біздің Конституциямыздан тыс немесе қайшы келетін әрекеттер жасай алмайды.
Мен өмірімнің осы 35 жылында дүниежүзіндегі 47 мемлекетте симпозиумдарда, конгрестерде т.т. жиындарда болдым. Сондағы менің байқағаным: жаңа қалыптасып келе жатқан елдерде өмірдің жаңа талабына байланысты көптеген проблема болады. Сол проблемаларды шешу үшін бөтен мемлекеттермен қарым-қатынастың көп болғаны пайдалы. Неге десеңіз, біз сол мемлекеттердің істерін көреміз, заңды іске айналдыруларын байқаймыз. Демек, үлгі үшін. Бір шетінен үйренуіміз керек әрі шама келсе үйретуге де тиіспіз деп санаймын.
– «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген құқықтық норма бәрібір қазақ тілінің өркендеуіне қолбайлау болып отыр» дейді бізге хабарласқан тыңдаушыларымыздың бірі.
– Қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл болу үшін, біріншіден, халқымыздың саны кемінде 75-80%-ға жету керек. Олай болмайынша бұл мәселенің іске асуы қиын. Өйткені бізде сот ісі, ісқағаздары, қаржы саласы, жалпы, құқық және әкімшілікте барлық қағаздар қазақ және орыс тілдерінде жүріп жатыр. Мысалы, біз Конституцияда былай деп жаздық: «Государственным языком является казахский язык...» Яки «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» дедік. Ал орыстың тілін «средство межнационального общения», яғни «ұлтаралық қатынастың құралы» дедік. Мұндай тәсіл бұрынғы одақтас республикалардың ешқайсысында жоқ. Ал біздің бұлай қабылдаудағы себебіміз: қазақтың саны әдепкіде өзге ұлттардың санымен тепе-тең болған еді. Енді-енді ғана қазақ санының пайызы өсе бастады. Қазақ деген атқа ие болып жүргендер, өкінішке қарай, бәрі бірдей өз тілінде сөйлей алмайды. Ол – тоталитарлық жүйенің нәтижесі. Міне, осылардың барлығын қазақша үйретіп, қазақ тілінде сөйлетіп, ана тілінің алда тұруын мәртебе көретін сана қалыптаспайынша, біз қазақтың тілін толыққанды мемлекеттік тіл еттік деп айта алмаймыз. Қазақ санының пайыздық өсуіне оралмандар үлкен себеп болды. Мәселен, жергілікті қазақтарымыз қазіргі уақытта бір-екі баладан артық тумайды. Ал шеттен келген қандастарымыз қанға біткен қазақтың қасиетіне сай және әркімнің өз нәсібі дегендей, өмірге көп бала әкелетін дәстүр бойынша, сегізден, оннан бала туады. Оларға біз рақмет айтуымыз керек. Миллиондар құлақ түрген радионың мүмкіндігін пайдалана отырып, барша жастарымызға мынаны айтар едім: «Көпбалалы болу дәстүрін жаңғыртыңыздар! Ұрпақ әкеліңіздер! Өсіңіздер! Өніңіздер! Туа беріңіздер! Ұлттың санын көбейтуге атсалысыңыздар!» Қазақтың саны ғана емес, санасы да қазақ болып басымдыққа жеткенде ғана мемлекеттік тіліміз өз мәртебесіне иелік етеді.
– Тәубе, Тәуелсізбіз! Аман-есенбіз. Өзіңіз бір сөзіңізде: «Кезінде Солженицын «барлық республиканы жіберіңдер, тек Қазақстанды босатпаңдар, онда мол байлық бар» деп айтқан», – деген едіңіз. Құдайға шүкір, қазір ел еркін, егемен. Бірақ «сақтансаң – сақтаймын» дейді ғой. Мәселен, Ата Заңдағы сөз тіркестеріне байланысты «Абай.кz» сайтынан ұсыныс іспетті мақаланы көзім шалған еді. Онда былай дейді: «Преамбуладағы «Қазақстан халқы» деген түсінікте мемлекет құрушы ұлттың мүддесі көмескі тартқан. Біздіңше, «Қазақстан халқы» деген ұғымның орнына «Қазақ ұлты және өзге диаспоралар» деген норманы енгізген жөн». Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл жерде, менің ойымша, оғаш ештеңе жоқ. «Народ Украины–Украина халқы» дейміз. Бұрынғы одақтан тараған республикалардың ішінде көпұлтты емесі жоқ. Бәрі де көпұлтты. Бірақ біз көпұлтты дегенді көбірек айтамыз да, қазақтың тілін шеттетіп қоятын жағдайымыз бар. Жасыратыны жоқ, бір кездері қазақ өз жерінде 28% болған-ды. Мысалы, 1993 жылы Ақмолада қазақтар 8-ақ пайыз еді. Қазір 70%. Оның басым көпшілігі – қазақ жастары. Ұлтымызды қай жағынан болсын өсіретін – осы жастар. Егер біз мемлекетімізде толыққанды жер иесі екенімізді сезініп, ұлттық мемлекет болсын десек, әрбір қазақ кемінде төрт бала дүниеге келтіру керек. Төрт баладан кем болса, прогрессивті өсім болмайды. Сол себепті «ұлтымыздың болашағы – жастар» деп келешек ұрпаққа, ертеңгі ел тұтқаларына сенім артамыз.
– Сұлтан аға, сіздің Қазақ мемлекетіне қосқан үлесіңіз қомақты, еңбегіңізді ел біледі. Дегенмен өскен орта, туған жерге деген перзенттік парызыңызға қандай істеріңізді жатқызасыз?
– Сұрақ қойылғаннан кейін жауап болуға тиіс. Мен елде 850 адам сыятын мешіт салдырдым. Сыртын бұқар кірпішімен безендірдік. Ал акустикасы керемет болды. Мешіттің жалпы құны 495 мың долларға түсті. Оның жартысынан астамын өз қаражатымнан шығардым, қалғанына ағайын-туыс, дос-жаран, тілектес адамдар көмектесті. Одан кейін Қиссамедин Сығанаки – тек қана сунақтардың бабасы емес, бүкіл мұсылманға тән белгілі теолог, философ, ақын. Сол кісінің ескерткішін жасаттырып, Жаңақорған ауданындағы паркке қойдым. Елімізде Тоқтардың кемпірі – Үміт ана деген болды. Бұл кісі емші. Бала кезімде шешем марқұм мені сол кісіге апарып емдетіп жүруші еді. Қартайған кезімде сол кісі ойыма түсті. Үміт, ең бірінші, алтын алқалы батыр ана. Үміт анамыз тарихта қалсын деген оймен ол кісінің бейнесін жасаттырып, Жаңақорғандағы паркке орнаттырдым. Ескерткішке «Үміт ана – арманда кеткен аналардың анасы» деп жаздырдым. Содан кейін Жаңақорған өңірінің тумасы Бексұлтан Байкенжеев деген композитор бар еді. Ол да өмірден ерте кетті. Композитордың ескерткішін жасаттырып, елге қойдым. Сөйтіп, қола мен граниттен жасалған әрқайсысы 6,5 тонналық үш ескерткіш, бір мешіт тұрғыздым. Еліме жасағаным – осылар.
– Сұлтан аға, өмірдегі басты ұстанатын қағидаңыз...
– Шындық! Тек қана шындық! Жаныңыз ашып, қанша жақсы көрсеңіз де, ащы болса да, шындықты айтқан жөн. Шындық арқылы сіз оның көзін ашасыз.
– Шағын өлеңдер жинағыңыз қолыма түскені бар, Сұлтан аға. Шығармашылығыңыздан хабардармын. Жалпы, бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Мен 50-ден асқаннан кейін ептеп рубаилар жазатын болдым. Академик Салық Зимановтың 60 жылдығына дайындалдық. Ең бірінші өлең жазуыма 60 жылдық себеп болған секілді. Сол кісінің 60 жылдық өмірін 48 шумақ өлеңмен жазып шықтым. «Осы өлеңмен жазып көрсем қайтеді?» деген ой келді. Сөйтіп, бастап едім, бір жолды бір жол толықтырып, шумақ-шумақ болып келе берді.
Салық Зиманұлы күледі: «Сұлтан менің 60 жылдығымның арқасында ақын болды» деп.
Бір күні «Алатау» санаторийіне барсам, жаңа асфальт салған екен. Сол асфальтті жарып, майда шөптер өсіп тұр екен. Неткен күш!? Әлсіз шөптің өмірге ынталылығы қандай? Ойды ой жетелеп, сол арада шумақтар туды:
«Өмір деген – алып күш
Тас бұғауды бұзатын.
Басса да жерді қалың мұз
Жарып оны шығатын.
Өмірге деген ынталық...
Шөпке де әлсіз күш берер.
Күштілігі соншалық –
Жолында жатса, тас тесер...
Кейде шығар емендер
Биіктеп тұрған жартасқа.
«Неге шықты?» демеңдер.
Таппағандай жер басқа.
«Көрсін» деп тұр емендер
Алыптығын өмірдің...
«Білсін» деп тұр емендер
Күштілігін өмірдің...»
– Осы өлең сұхбатымыздың түйіні болсын, рақмет, Сұлтан аға!