Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады

Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады

Көпен Әмір-бек, сатирик, жазушы, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері:

– Бұрындары ел «Көпен келе жатыр» деп жиі шулаушы еді, бүгінде, керісінше, ел-жұртыңыз «Көпен неге келмей жатыр?» деп жолға қарап жүрген сыңайлы. Неге көрінбей кеттіңіз?

– Өнердің иесі мен киесі болады. Бір иесі мен дейтін болсам, киесі – көрермен. Күлдібадам күлкіге қарық қылам деп сахнаға шығып алып, алайда өзің күлкіге айналсаң, жаман ғой. Ұнның өзін елеп, керегін қалдырып, кебегін тастаған секілді не нәрсені болсын өз ойыңның елегінен өткізіп барып, ең жоғары сортты ұн секілді пайдаланбасаң, оның дәмі де мәні де болмайды. Менің түйгенім – бастысы қызыл сөз емес, «көрермендердің көңілінен шыға алам ба, жоқ па?» деп неғұрлым жауапкершілікпен қараған сайын, адам өз биігінде тұра береді екен. Ал енді «осыны қозғап «осылай етем» дегенде, сенің білімің мен парасатың, талғамың таразының бір басына сені, екінші басына сатираны салғанда, сатира таразыны басып кетеді екен. Сонда сен аспанға ұшып кете жаздайсың. Содан кейін «ертең мен халықтың алдына шыққанда, дәл осындай жағдай орын алса, не болмақ?» деп үрейлі тоқтамға келесің. Осылай дей-дей айдан-ай, жылдан-жыл асып келе жатыр. Дегенмен бұрындары жылына бір рет келетін Аяз ата секілді «Көпен келе жатыр» деп көрерменге көрініп тұрушы едім, халық соған үйреніп те қалған. 1972 жылы шахматтан америкалық Фишер атты гроссмейстер әлем чемпионы атанған еді. Ойламаған жерден өзіне дейінгі әлемнің азулы гроссмейстерлерінің тас-талқанын шығарған осы Фишер сол бір рет шыққаннан кейін зым-зия жоқ болып кетті. Мен өзімді дәл қазір осы сатира чемпионатына «Көпен келе жатыр» деген ерекше тактикалы ойын көрсетіп, кейін жоқ болып кеткен Фишер секілді сезініп жүрмін. Бірақ мен ешқайда жоғалғам жоқ, жердің астындағы бұлақтар бір-бірімен байланысып жататыны секілді бір күні жанартаудай атқылайтыным анық. Ал енді маған деген халықтың сеніміне келсек, біздің ауылда Сәрсенбай деген бүркітші болған. Бір күні ауылдың атуышулы суайт кісісі бір құрбысына келіп, «Сәрсенбайдың бүркіті бүгін сегіз түлкі алыпты, үйіне барсақ, екеуімізге бір-бір түлкіден беретін шығар?» деп қоярда-қоймай бүркітшінің үйіне ертіп кетіпті. Әлгілер барса, Сәрсенбайдың бүркіті сегіз емес, бір-ақ түлкі іліпті. Ыза болған досы әлгі суайттан: «Әй, сенің сегіз түлкі дегенің қайда, неге өтірік айтасың?» – деп сұраса, ол: «Мен өтірік айтпаймын, таңертең Сәрсекеңнің құсының құйылысына қарап, сегіз түлкі алатын шығар деп ойлап едім», – депті. Сол сияқты мен де сатираның бір құсы болсам, менің құйылысыма қарап, жұрт «сегіз түлкі алады-ау» деп топшыласа, жаман емес.

– Қазақ сатирасы кейінгі уақытта өзінің саяси салмағын жоғалтып, тұрмыстың төңірегінен аса алмай қалған сияқты. Мұндай жағдайда әзіл-сықақ отаулары азаюы керек еді, бірақ бізде олар, керісінше, көбейіп бара жатыр. Сонда олар өздерінің халыққа түк бере алмайтынын білмей ме, әлде біздікі қате пікір ме?..

– «Қарға баласын аппағым дейтіні» сияқты бізде құрылып жатқан әр әзіл-сықақ театры өз шығармасын жақсы болсын, жаман болсын «аппағым» деп есептейді. Өйткені «іштен шыққан шұбар жылан» ғой. Мейлі, көбейе берсін, одан еш тарынудың қажеті жоқ. Бір Мәскеудің өзінде 100-ден астам сатира театры бар. Солардың ішінде әбден орнығып, аяқтан тік тұрғандары Петросян, Задорнов, Жванецкий секілді шоқ-шоқ театрларын білеміз. Ал онша ешкім тани бермейтін жас театрлар мықты өнер көрсетіп жатса, Петросян өзінің «Кривое зеркало» атты телехабарына шақырып, анда-санда олардың көңілін көтеріп қояды. Біз ондайға әлі жете алмай жатырмыз. Бір заманда «Тамаша» алғаш әзіл-сықақ отауын құрса, ол бүгінде қара шақыраққа айналды. Сол қара шаңырақтан «Бауыржан шоу», «Терісқақпай», «Шаншар», «Екі езу» т.б жас театрлар өз алдарына отау құрып шықты. «Тамаша» шау тартып, «Бауыржан шоу» шықты. Кезінде керемет дүрілдеді, кейін оны «Терісқақпай» басып озды. «Терісқақпай» сатираның деңгейін әлеуметтік, қоғамдық-саяси деңгейдегі тақырыптарға көтеріп еді, таусылып қалды. Енді қазір әзіл-сықақ театрларының көш басында «Шаншар» тұр. Бірақ мен таяуда осы «Шаншарға» жаңа леп әкеліп, оның кәдімгідей жұрт асыға күтетін театрға айналуына ықпал еткен жас актер Нұржан Төлендиев бөлініп шықты деп естідім. Егер ол ақиқат болса, онда «Шаншардан» ол озып кетуі мүмкін. Өйткені «Шаншардың» бүкіл «кухнясын», ішкі иірімдерін игеріп, шеберлігін бойына сіңіріп алды ғой. Сөйтіп, Нұржанның бір театр ашатын түрі бар. Олай етсе, демек, тағы бір жаңа әзіл-сықақ театры қосылады деген сөз. Әйтсе де олардың әрқайсысының өзіндік орны бар, көбейіп кетті деуге болмайды. Ал егер ол театрлар көрерменнің көзайымына айналмай жатыр десеңіз, мен оныңызға келісер едім. Себебі көркемдіктен гөрі «көже-қатықты» күйттейтін сияқты. Міне, осыдан келіп бүгінде «халыққа бірдеңе берейік, ой салайық» деген пайымнан гөрі, «халықтан бірдеңе алып қалайық» деген пиғыл басым-ау?..

– Сатиралық театрларды былай қойып, қазір жұртты күлдірем деп, бүлдіріп жүрген КВН-сымақтар, түрлі тележобалар да көп. Бірақ қарап отырсаң, көбі орысшадан аударған бір дүбара әзілдерді көрерменге тықпалап әуре. Жалпы, КВН деген қазақтың табиғатына келе ме?

– Бір ауыз сөзбен КВН-ді жоққа шығаруға болмайды. Неге десеңіз, өйткені жоқтан бар болмайды ғой. Қазақта «жоқтан жонып жасайды» деген сөз бар ғой. Мәселен, таяуда қазақстандық «Астана.kz» командасы Масляковтың КВН-інен үшінші жүлде алып келді. Бүкіл Ресей елінен қола жүлдеге ие болу – анау-мынау емес, тапқырлық жағынан орыстардың өзін ойлантатын дәрежеге жеттік деген сөз. Қазақтар баяғада басына бөрік, үстіне шапан, аяғына саптама етік киді екен деп, біз қазір туфли кимей қоймаймыз ғой? Кию керек қой! Сол сияқты Шығыс пен Батыстың араласуынан әжептәуір дүниелер туады кейде. «Астана.kz» бастап жүрген Нұрлан Қоянбаев, Ақылбек Досжан деген жігіттер әжептәуір дүниелер жасап жүр. КВН-нің әзіл-сықақ театрларынан бір ерекшелігі – біздің бие сауым уақытта жасайтын қойылымымызды тарс-тарс, бір-ақ ауыз сөзбен айтады да тастайды. Эйнштейн деген ғалымның заманында докторлық диссертация қорғау үшін 200-300 бет жазу керек болған. Ал Эйнштейн бұл заңды белшесінен баcып, өзі ашқан жаңалығын небары үш жарым бетке сыйдырған. Сол айтылғандай, КВН-нің мықтылығы да Эйнштейннің докторлық диссертациясы сияқты, қысқа әрі нұсқалығымен ерекшеленеді.

– Біз қашанда көшірме жасаймыз да жүреміз. Мысалы, орыстың КВН-ін, одан қалса, «Наша рашасын» тура солай екінші сөзін «казаша» қылдық та, ұялмай «шала қазақтар» болып жүрміз. Бір халықтың юморының ешқашан екінші халыққа сіңуі мүмкін емес қой? Біздің де қазақы қалжыңымыз бар емес пе? Олай болса, біз қашанғы өзгенің езуімен күліп жүре береміз?

– Баяғыда түріктің әйгілі әзілкеші Әзиз Несин Мәскеуге барғанда, Кеңес Одағының нөмірі бірінші юморисі Юрий Никулин өз концертіне шақырыпты. Никулиннің қойылымын түрік сықақшысы аудармашы арқылы тамашалаған ғой. Никулин ойласа керек түріктің әзілкешін бір күлкіге қарық қылып, орыс сатирасының кереметін көрсетейін деп. Әзекеңнің қасында біздің Қалтай Мұхамеджанов болыпты. Екі жарым сағат бойына Юрий Никулин барын салып ойнағанда, Әзиз Несин бірде-бір рет езу тартпапты. Соңында ол кісінің неге күлмегенін Қалтай аға сұрайды ғой, сөйтсе, Әзекең: «Сіздер ұсақ-түйекке күлетін өте бақытты ел екенсіздер, ал біз мемлекеттік деңгейдегі нәрселерге күліп, ұсақ-түйекке әлі түсе алмай жатырмыз», – деп жауап қатса керек. Астары сұмдық қой?!. Сол сияқты біз де «өте бақытты» ел болсақ керек: болмашыға күліп, мемлекеттік деңгейге шыға алмай жүрміз.

– Айтпақшы, кейінгі кездері сіздің имиджіңізде айтарлықтай өзгеріс байқалады. Сақал өсіріп, көзілдірік киген түріңізге қарап, көп адам «баяғы Көпенді» танымай қалатыны жасырын емес. Тап мына түріңізге қараған адам сізді не дінге бетбұрды деп, не ақсақалдықты мойындады деген ойға келеді. Шынында, қайсысы дұрыс?

– Негізі, «сақал қояйыншы осы» деп сән қуып өсіргенім жоқ. Өзі солай боп қалды. Қазақта «құстың бәрі бұлбұл емес, аттың бәрі дүлдүл емес» деген сөз бар. Сол сияқты сақал қойғанның барлығы ақсақал емес. Ал ақсақал болу – абырой, мәртебе! Немат Келімбетовтің «Қариялар» атты кітабында шал, қария және ақсақал деген қазақтың үш сөзінің мәнісін былайша түсіндіреді: Шал – өзінің отбасы, ошақ қасынан шыға алмайтын кәрі кісі, қария болса – өзінің ауыл-аймағына ептеп сөзі жүретін, аз да болса беделі бар адам, ал ақсақал бір ауыл ғана емес, бүкіл аймаққа абыройлы, ақты ақ, қараны қара деп төрелік айтатын ауылдың қазынасы болса керек. Осы сөз менің көкейіме қонды. Қазір кімді көрсең де, бір-біріне «әй, шал» дейді. Оның ауыр сөз екенін көпшілік білмейді. Одан гөрі қария десе, кішкене де болса құрметті білдірер еді. Мен бір ақсақал болайын деп те сақал қойғаным жоқ. Түрікменнің ақыны Мақтымқұлының бір өлеңі бар:

– Қырық жаста тау мен тасқа басты ұрып,
Елу жаста қолға алдым таспиық.
Алпысымда төрде отырдым қасқиып,
Пайғамбардың жасын кешкен күндерім!
– дейді. Ер-азамат негізінде елуге дейін жүгіріп келе жатқан адам сынды, жан-жағына емес, тек алдына қарайды. Алпысқа таяғанда екі жағына қарап жүгірсе, алпыстан кейін артына қарайды екен. Үлкен кісілердің немерелерінің басынан сипап, милығынан иіскеп еміренетін себебі, оның алдында тек сұп-суық көр тұр. Кейінгілерге үміт артады. Мен өзімнің соңғы кездері осындай жасқа жеткенімді сезіп, содан «ендігіде қанша жерден өнер адамы болсам да, өзімді жас сезінгенім жараспас» деп сақалымды жібердім. Абайдың:

– Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық,
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық,
– деген қара сөзі бар. Ең бастысы, сақалды қою емес, сол сақалды саудаламай, өз орныңмен жүре білу.

–Дәл қазір сіз қазақ руханиятының қастерлі қара шаңырағы – Қазақ радиосына қызмет етіп жатырсыз. Радионың дәл-қазіргі хал-ахуалы қалай?

– «Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз» деп әндеткендей тіршілік қой. Жалпы, жағдайы жақсы. Қазақ радиосындағы қаратабан журналистердің еңбегі орасан. Таңның атысы, күннің батысы демей, егін егетін диқаншыларға ұқсайды. Әр хабардың өзі бітік өскен бір-бір өнім секілді, оны баптайды, орады, бастырады дегендей қыруар жұмыс. Ал ақыр аяғында әуе толқынынан берілген әр хабар тандырдан жаңа шыққан ыстық өнімдей. Кезінде «Қазақстан» ұлттық телерадио ұжымының тізгінін ұстаған көсемсөз шебері Камал аға Смайыловтың «Қазақ радиосынан берілген бір тәуліктегі хабарды қағазға түсірсе, «Правда» газетінің 40 нөмірін шығаруға болады» деген бейнелі сөзі есімде. Шүкір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Жүрсін Ерман басқаратын ұжымның маңдай тері жоғарыдан бағаланып та жатыр. Былтырғы, бұрынғы жылдардағы марапаттарды айтпағанда, биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті Баспасөз күніне орай ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және ақпарат құралдары» атты республикалық байқауында 300 ұжымның ішінен «Шалқар» ұлттық арнасы бірінші орынды жеңіп алды. Мұның өзі Қазақ радиосындағы журналистерге қанат бітіргендей әсер етті.

– ХХІ ғасыр ақпараттық бәсеке ғасыры болады деуші еді, шынында да, қазір ақпараттың көптігі сонша, халық оны іздемейді, керісінше, ақпараттың өзі тұтынушының алдына лек-легімен кез келген жерде кездесетін болды. БАҚ-тың ішінде телевизия мен интернеттің осы жағынан бәсекеде дес бермей, соның кесірінен оқырманның барлығы көрерменге айналып барады. Қалай ойлайсыз, енді аз ғана уақыттан соң кітап оқитын адамның қалмауы да мүмкін бе? Егер мүмкін болса, ол қаншалықты қауіпті?

– Меніңше, бұл – уақытша құбылыс. Неге десеңіз, Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізіп, аяғымыздан әлі тік тұра алмай жатқан кезде нарықтың қыспағында қалып, жоқшылық зардабын тартқан халық мәдениет пен әдебиетке қарайтын шамада болған жоқ. Ал енді ең жаманы – сол кезеңде дүниеге келген балалардың сана-сезімі сол қалпында қалып қойды, яғни сол тұста дүние қуған балалар туды. Бірақ олар дүние мен байлықтың баянсыздығын сезініп, кітаптың, яғни білімнің қадірін түсінетін кезге жетеді әлі. Өйткені заман түзеліп келе жатыр. Ертеде маймылды аулаудың ерекше тәсілі болыпты: асқабақтың бір бүйірін тесіп, ішіне күрішті толтырып қояды екен, күріштің исін сезген маймыл қолын тесікке тығып, күрішті уыстап алады да, қолын кері шығара алмай, ұсталып қалады екен. Қолын кері шығарып қашу үшін уысындағы күрішті тастау керектігіне маймылдың миы жетпесе керек. Біздің кітап оқымайтын шенеуніктерді мен осы маймыл секілді көрем. Дүниені ақырындап алып қашып кетем дейді, бірақ соңында ұсталып қалып жатыр. Бірақ білімсіз екен деп, кітап оқымады деп, жастарды да құр кінәлай бермеуіміз керек. Кінәнің бір ұшы өзімізде жатыр емес пе? Көзін ашқанда балаға кітап емес, базарды көрсеткен кім, біз емей? Сондықтан жастарымызға кітапты насихаттаудың мемлекеттік бағдарламасын жасауды қолға алу керек.

– Сатириктер, негізі, тумысынан сыншы халық қой, қазаққа сын көзбен қарайтынның бірі – сіз, өз халқыңыздың бойындағы қандай кемшіліктерді көресіз? Әлде «махаббаттың көзі соқыр» дегендей, қазаққа деген сүйіспеншілігіңіз ол кемшіліктерді көрсетпей қоя ма? Сіздіңше, өз халқын сүйген жан оның кемшілігін бетке айтуы керек пе, әлде жақсысын асырып, жаманын жасыруы керек пе?

– Қайсыбір жылы ғарышкер Талғат Мұсабаевпен Сауд Арабиясында бір жұмадай сапарлас, сырлас болдым. Сонда мен: «Паһ, шіркін, бес Франция сыятын қазақтың кең-байтақ даласын-ай!» – деп әңгіме бастадым. Сонда ол: «Қанша Франция сыятынын білмеймін, бірақ бір айтатыным – Норвегия, Румыния, Венгрия, Швейцария сынды Еуропа елдерінің төбесінен ғарыштан мен небары 10-12 секундта ұшып өтем, ал Қазақстанның үстіне келгенде, алты минуттай аялдаймын. Біз Қазақстанның кеңдігіне ғарыштан осылай көз жеткізгенбіз», – деді. Құдай сонда қазаққа осыншалық бақ пен байлық бергенде, соны игеріп, үдесінен шыға алмасақ, несіне кеуде соғамыз? Абайдың кез келген өлеңі мен қарасөзін алып қарасаң, тура бар қазақты жек көретіндей, қазаққа әбден күйген бе деп ойлайсың. Бірақ, шын мәнінде, Абай өлеңді қазаққа күйгеннен емес, қайта өз ұлтын сүйгеннен жазды. Сүйді, бірақ қазақтың бойындағы көп кемшіліктерге қарны ашып, күйді. «Ағайынды жамандап, жақсыны қайдан табасың?» дейді ғой. Сол айтқандай, қазақты жамандағанда, жақсы жұртын саған кім береді? Немесе біреуге «сен жамансың, жамансың» дей берсең, ол ақыры «шынында, жаман шығармын» деп ойлауы мүмкін. Еврей халқы жаман баласының өзіне «о, бұл ақылды, өскенде бәлен болады!» деп қолпаштап, рухтандырып өсіреді. Қазақты қанша жерден сөксең де, жек көрсең де, дарақылық, ысырапқорлық, ас та төк қонақжайлылық сынды бойындағы кемшілігінен арылта алмайсың. Сондықтан оны сол қалпында сүю керек. Батыстық бір саяхатшының айтқаны бар ғой: «Егер Жер шарының белдеуіне қазақтарды орналастыратын болса, онда жаһанды атсыз, сусыз, киімсіз-ақ шарлап шығуға болар еді», – деген. Бұл қазақтың жомарттығын көрсетеді. Біз оған неге мақтанбаймыз? Ертеде бір Дүйсенбай деген жарлы кісіге ағайын-жұрт жиналып ет әкеліп беріпті. Дүйсенбай ол етті алып, «қой, Сейсенбайдың халі менен де жаман ғой, одан да сол жесінші» деп соған беріпті. Содан Сейсенбай одан өткен жомарт боп Сәрсенбайға, сөйтіп-сөйтіп не керек, ақыры сол ет Дүйсенбайдың өзіне қайтып келеді ғой. Сонда бұдан не түюге болады: өзінде түк жоқ болса да, басқаға қамқор болатын қасиет тек қазаққа ғана тән. Бірақ осы қасиет, неге екені белгісіз, бүгінгі байшыкештердің бойынан табылмай тұр ғой.

Алашқа айтар ДАТЫМ...
 Біздің қоғамды құртып бара жатқан ең қауіпті дерт – сыбайлас жемқорлық. Оныменен күресіп келе жатқанымызға қаншама жылдың жүзі болды, өрши түспесе, басылар түрі жоқ. Біле білсеңіздер, Шуда өсетін есірткіні өртеген сайын қаулап өседі екен. Жемқорлық та сол есірткі сияқты болып тұр ғой. Мұны біздің бабаларымыз баяғыда, екі-үш ғасыр бұрын керемет астармен жеткізген:

– Қарға келіп қарқ етіп,
Қалқып ішіп ол кетті,
Көбелек келіп, көлк етіп,
Көлкіп ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп саңқ етіп,
Сарқып ішіп ол кетті.

Немесе бір-ақ ауыз сөзбен мақалдап «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» деген. Бүгінгі біздің үлкен билік басында отырғандардың барлығын аспандағы құсқа баласақ, солардың біразын жердегі жем ұятқа қалдырып отырған жайы бар. Билікті былай қойып, осы күнгі жастардың өзі де «осы жерді өркендетсем, абыройын асқақтатсам» деп емес, «қолда барда көсіп алып қалайын, бәрібір көп ұзамай мені алып тастайды» деген сана-сезімде екендігін білдіріп қалғанда, жүрегің ауырады. Бұл еріксіз бір мысалды еске түсіреді екен. Бір сарыауыз балапан көзін тырнап ашып, ұясынан басын қылтитып қараса, алдында бір шіркей тұр екен. «Ап» деп жеп қойыпты. Содан дәніккені сонша, ұядан ұзап, одан гөрі ірілеу жемтік іздеп шықса, мысық тұр екен, ол балапанды асап қояды. Бірін-бірі жеп жүрген дүние қазір.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста