Әркім өз ата-бабасына ескерткіш қойғанша, ұлттық ұғымдарымызға ескерткіш қоюымыз керек

Әркім өз ата-бабасына ескерткіш қойғанша, ұлттық ұғымдарымызға ескерткіш қоюымыз керек

Тілеуберді Бинашев, ҚР мәдениет қайраткері, мүсінші:

– Тілеуберді Мелдешұлы, сіз мүсін өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар дарын иесінің бірісіз. Кезінде мүсіншілердің есімі жиі дәріптеліп, халыққа кеңінен танылушы еді. Қазіргі кезде мүсіншілердің қоғамдағы рөлі төмендеп кеткендей ме, қалай? Әлде бізде есімі елеуге тұрарлық дарын иелері азайып кетті ме?

– Қазіргі қоғамда мүсіншілерге ғана емес, жалпы мүсін өнеріне деген көзқарас өзгерген. Бүгінде бізді, яғни мүсіншілерді қарапайым халық тек батырлардың,   қоғам қайраткерлерінің, жекелеген адамдардың бейнесін жасаушы,  ескерткіштер тұрғызушы ретінде ғана қабылдайды.

Себебі мүсіншілерді мемлекеттің өзі белгілі біреудің   мерейтойы  болғанда ғана еске алып, мерейтой иесінің ескерткішін жасауға тапсырыс береді. Басқа уақытта күйбең тіршілігімізбен күн көреміз. Кей-кейде өте бір маңызды монумент немесе басқа да мүсін керек бола қалса, мүсіншілерді іздейтіні бар. Бірақ ондай кездерде билікке жақындау, орыстілділеу, шетелде оқып келген мүсіншілер назарға ілінеді.

– Мемлекеттік тапсырыспен тұрғызылатын ескерткіштерді жасауға мүсіншілер арасында байқаулар жарияланатынын құлағымыз шалып қалады. Өзіңіз байқауға қатысып көрдіңіз бе?

– Кеңес кезінде талай байқауларға қатысып, көптеген жұмыстарым Германия, Польша басқа да шетелдерге кетті, сол күйінде кері қайтпады. Ал біз болсақ, бірінші орынға берілетін бір жапырақ мақтау қағазына риза болып қала беретінбіз. Соңғы жылдары өз еліміздегі байқауларға қатысып көрмеппін. Меніңше, көптеген байқаулар шартты түрде өткізіледі, қазақшалап айтсақ, итке сүйек лақтырған сияқты.

«Бәленше деген мүсінші мықты деген 10 немесе 20 мүсіншінің ішінен суырылып шығыпты» деген атақ үшін байқауға қатысушылардың тізімі жасалады. Шын мәнінде, тартысты додаға түсіп, одан озып шыққандарды естіген емеспін. Ал сирек болса да өтіп тұратын көрмелерге қатысып тұруға тырысамын.

– Демек, сіз жекелеген тапысырыстармен ғана жұмыс істейсіз ғой? Қазіргі таңда қандай мүсіндерге сұраныс артып тұр?

– Егер қашан мемлекеттен тапсырыс түседі екен деп қарап отырсақ, нансыз қаламыз ғой. Алла тағала бойымызға өнер дарытып, қолымызға қуат бергеннен кейін кәсібімізбен нанымызды табамыз. Нарық заманы болғандықтан, қолыңнан келген іспен табыс табу керек деп ойлаймын. Мен Алматы қаласындағы «Жерұйық», «Тау дастархан», «Керемет», «Алтын дән», «Тай» секілді  көптеген   қазақ    мейрамханаларының дизайнын  жасадым. Сондай-ақ «Қазақстан» қонақүйінің ішінде менің біршама жұмыстарым қойылған. Қалталы азаматтар үйлеріне қоюға түрлі мүсіндерге тапсырыс береді. Ата-бабаларына арнап ескерткіштер жасатады.

– Жекелеген тапсырыстар көп болу үшін де мүсіншіге жарнама керек дегендей... Жарнамаңызды қалай жасайсыз?

– Мен азды-көпті ғұмырымда көптеген зиялы адамдармен, өнер иелерімен дәмдес болдым, дос болдым. Шүкір, қазіргі кезде де дос-жарандарым, таныстарым жетерлік. «Ел құлағы – елу» демекші, жұрт менің кәсібім туралы бірінен-бірі естіп, маған келіп тапсырыстарын беріп жатады. Үйімді шеберхана етіп жасап қойғанмын. Шәмші, Шоқан, Қажымұқан секілі тұлғалардың мүсінін жасадым. Жақында ғана демеушілердің қолдауымен жасаған Ахмет Жұбановтың бюсті өнер иесінің аты берілген дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ауласына орнатылды.

– Жасаған әрбір мүсініңіз өзінше жарнама дейсіз ғой... Көшеде тұрған ескерткіштер көпшіліктің көңілінен шыға бермейтініне куәміз. Ата-бабаларымызға арнап ескерткіш қоюдың жөні осы екен деп, тым жасандылыққа бой алдырып алған жоқпыз ба?

– Рас. Батырларға, хандарға, қоғам қайраткерлеріне арналған ескерткіштерді жасандылық деп жақсы айттыңыз. Иә, тарихи тұлғаларға ескерткіш қою да керек шығар. Бірақ, меніңше, мұндай жасандылықтан халық әбден мезі болды. Ескерткіштердің жасанды болатын себебі, біз ешқайсымыз батыр бабаларымыздың, хандарымыздың нақты бет-бейнесін көрген емеспіз.

Сондықтан мүсіншілер олардың бейнесін тұспалдап келтіреді. Біреу батырды өз атасына, енді біреу ханды әкесіне ұқсатады. Сөйтіп, нақты бейнесі белгісіз тұлғаларды әркім өз қиялымен жасайды. Батырларға ескерткіш қойсақ, қазіргінің таяқ ұстаған МАИ қызметкеріне ұқсатып міндетті түрде қолына қылыш немесе найза ұстатып, атқа мінгізіп қоямыз. Ал аттарының мүсіні батырлар мінетін тұлпар емес, соғымға арнап семірткен мал секілді. Ал аттың үстінде отырған батыр емес, қаңбақ секілді көрінеді.

Мұрнына ауылдың иісі бармайтын қалалық мүсіншілердің осындай жұмыстарына тіпті қарауға ұяласың. Шынайылық жоқ жасанды бейнелерге қарап, адам жанына ләззат ала алмайды. Мүсінге қарап жүрегің тебіреніп, терең ойға шомып, бейнеленген образды жан-тәніңмен түсіне білсең, міне, бұл – нағыз өнер туындысы. «Елу жылда ел жаңа дейді» ғой, мүмкін мемлекет әзірге барлық саланы қамтуға мұршасы келмей жатқан шығар. Әлі де өнерге үлкен көңіл бөлінер деп үміттенемін.

– Шеберханаңыздан жеті атаға, қазақ аналарына, ауыл өміріне, эпос кейіпкерлеріне, қазақ хандығына, тарихымызға, Семей полигонына байланысты көптеген композициялық мүсіндерді көрдік. Саз балшықтан жасалған өнер туындыларыңызды көшелерге, қалалар мен аудандардың кіре берісіне қою туралы басшылықтарға ұсыныс жасап көрдіңіз бе?

– Әрине, мен өзімнің жасаған мүсіндерімді өзім қалаған орынға апарып қоя бере алмаймын ғой. Ескерткіштерді, жалпы, қандай мүсінді болса да белгілі бір жерге қою үшін жергілікті басшылардың рұқсаты, қыруар қаржы керек. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, менің өнерімді, негізінен, өнер адамдары, қазақтың зиялы азаматтары жоғары бағалап, мүсіндерімнің тиісті жерлерге қойылуына қол ұшын беріп жатады.

Кезінде Димаш (Қонаев) ағамыз, Шәмші ағаларымыз мені ерекше құрметтеп, «Сен – Қажымұқанды жасаған шеберсің» деп төрлеріне шығаратын. Қазіргі кезде Мұхтар Шаханов, Асанәлідей ағаларымыз өнеріме қолдау көрсетіп келеді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын белгілі жазушы Дулат Исабеков ағамыз екеуміз Арыс қаласына «Мұңлық-Зарлық» ескерткішін қойдық. Ал мемлекеттік қызметте жүрген атқамінер азаматтарымыз тіпті мен тұрмақ, қазақтан шыққан тұңғыш мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың кім екенін білмейтініне талай куә болып, іштей қынжылдым.

Кезінде Абай, Шоқан, Жамбыл сынды ұлылардың мүсінін жасап, есімі елге мәшһүр болған мүсін өнерінің ақсақалы жақында ғана өмірден өтті. Суретшілер одағы зорға 200 мың теңге жинап, Хәкімжан ағамыздың басына қойылатын тасты жасауды маған тапсырды. Суретшілер Хакімжан ағаны ақтық сапарға шығарып салуды түгелдей мойындарына алды. Ал шенеуніктер, қалталы азаматтар өз ата-бабасына ескерткіш қоюдан аса алмай жүр.

– Суретшілер одағы демекші, осы ұйым Одаққа мүше барлық суретші, мүсіншілердің мұң-мұқтажын мемлекетке жеткізіп, жер-жерге қандай ескерткіштер қою керектігі туралы мамандардың пікірін мемлекетке бағдар ете алмай ма?

– Суретшілер одағы мемлекеттік емес, қоғамдық ұйым болғандықтан да көп жағдайда Одақтың ұсыныстары ескерусіз қалып жатады. Бір жағынан, өзіміз де дарынды болғанмен жалқаулау халықпыз ғой. Қолынан іс келетін қаншама мүсінші жігіттер бар. Көкшоқы деген шеберлер ауылында небір өнерлі жігіттер жасаған домбыраларын, сырмақтарын, қамшыларын сатып, аз-маз нәпақасын ішіп-жеп жатқанын білем.

Ал осындай мүсіншілердің маңдай терімен жасаған жұмыстарын арзанға алып, екі-үш есе қымбатқа сатып, байып жатқан алыпсатарлар қаншама? Оның үстіне, қолымызға ақша түсе қалса, шашылып той жасаймыз. Одан қалса, біріміздің етегімізден біріміз тартатын көреалмаушылығымыз қоса жүреді. «Мен он саусағымнан өнер тамған талант едім» деп, ешқандай суретші де, мүсінші де біреудің алдына қол жайып бармайды. «Бізде осындай таланттар бар» деп оларды жұмыспен қамтып, жағдай жасаудың орнына мемлекет те алыстан арбалағанды жөн көреді.

Сондықтан өзімізде суретшілер, мүсіншілер бола тұра, қалалардағы барлық ғимарат атаулыны шетелдік сәулетшілер салады, монумент, ескерткіштеріміздің де дизайнын шетелдіктерге жасатамыз. Шетелден келіп жұмысымызды қалай болса солай істеп беретіндердің қалтасын қампитып, байытып жібереміз. Билік жағымпаздарына өзіміздің отандық мамандарды тартудан гөрі, шетелден маман шақырған тиімді.

Өйткені олар мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржының жартысын өзі жымқырып қалу керек қой, бөліске салу керек дегендей. Егер келісіп, кеңесіп іс  тындыратын болсақ, Тараз қаласына «Джентельмены удачи» фильміндегі түйеге ескерткіш қояр ма едік? Фильмдегі «Из Джамбула» деген сөз үшін ата-бабаларымыз киелі жануар деп есептейтін түйенің қарқылдап күліп, қақырып-түкіріп, аузынан көбігі шашыраған бейнесін қорлап, мазаққа айналдырып қойды.

Осы фильмнің қазаққа қандай қатысы бар? Көктөбеге әспеттеп ескерткішін қойған «Битлз» тобының бізге қандай жақсылығы өтіп еді? Топтағы Пол Маккартни Қазақстан деген мемлекетті біле ме екен? Көктөбеге атақты бір топтың ескерткіші керек болып бара жатса, неге «Дос-Мұқасанның» ескерткішін қоймасқа? Пав-       лодарға апарып, бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сайқымазақ Чарли Чаплиннің ескерткішін тұрғызып қойдық. Кереку жеріне Шәкен Аймановтың мүсінін орнатсақ, кім қой дейді?

– Кеңес кезінен қалған жазулар, суреттер, ескерткіштер бүгінде жер-жерде, ауылдарда әлі де сақталған. Осы ескерткіштер қаншалықты бізге керек? Мүмкін, мұндай ескіліктің қалдығын мүлдем алып тастау керек шығар?

– Өз басым кезінде талай қала, аудан, ауылдарға арнап Лениннің мүсінін жасадым. Қазірдің өзінде кеңестік кезеңнен қалған ескерткіштерді, плакаттарды, туларды, басқа да заттарды коллекция етіп жинаймын. Ол уақытта сурет, мүсіндердің өзі саяси идеологияның құралы болды. Ескерткіш жасауға қыруар қаржы бөлініп, қаншама мүсінші тер төгетін. Сондықтан халықтың қаржысына біреудің маңдай терімен жасалған мүсіндерді қиратуға болмайды.

Тарихты біліп, келешекті болжаймыз. Не нәрсені қирату оңай, сақтау қиын. Кеңес кезінен қалған ескерткіштерді бір жерге жинақтап, ашық аспан астында-ақ мұражай жасап қоюға болады. Егер осы мұражайды ақылы етіп қойсақ, экономикалық жағынан да пайдалы, біршама адамға жұмыс табылар еді. Әрі жас мүсіншілер бұрынғы мүсіншілердің жұмысымен танысады.

– Естуімізше, сіз ешқашан өз жұмыстарыңызда аты-жөніңізді көрсетпейді екенсіз? Авторлық құқығыңызды қалай қорғайсыз?

– Мен ешқашан атағымды шығаруға, атымды қалдыруға ұмтылып, жұмыстарыма аты-жөнімді жазған емеспін. Авторлық құқығымды қорғау туралы ойлап та көрмеппін. Осыдан зиян шеккен кездерім де болды. Бір кездері Керей мен Жәнібекке арнап «Қазақ хандығы» деген монумент жасадым. Сонда бір дизайнермен бірге жұмыс істедім. Жобаның басым жұмысын мен жасасам да, әлгі дизайнерім монументті ашарда өзін автор ретінде көрсетіпті. Дана халқымыздың «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейтіні сондықтан екен ғой.

– Сіз өзіңізді ұстазсыз шәкіртпін дейсіз. Ал өзіңіздің ізіңізді жалғастыратын шәкірттеріңіз бар ма?

– Мен Оңтүстік Қазақстанның шағын ғана ауылында қойшының отбасында туып-өстім. Таңертеңнен кешке дейін көрген-білгенім – қой бағу. Далада қой бағып жүргенде ермек керек, жер сызып, сурет салып жүріп, мүсін өнеріне деген құштарлығым оянды. Бұл Алладан дарыған дарын болса керек, маған ешқашан ешкім «былай жаса» деп үйреткен емес. Мен Хакімжан ағаны алғашқы мүсінші ретінде сыйлап, ұстаз тұтамын, бірақ оған еліктеген емеспін.

Ол кісі де маған «өзі стиліңді жоғалтпа» дейтін. Алғаш мектеп бітіріп келген кезімде арнайы білімсіз-ақ Қажымұқанның мүсінін жасадым. Мектептен кейін Сурет училищесін бітірдім. Жоғары оқу орнына, академияға түспедім. Кейде оқи алмағаныма өкінген кездерімде Қ.Сәтбаев сынды тұлғаның мүсінін жасаған Төлеген дейтін мүсінші: «Сенің оқымағаның жақсы болды. Сенің академияң – ауыл. Оқысаң, Еуропаға еліктеп кетер едің», – дейтін. Мен алдыма келген жастарға кеңесімді беріп тұрамын. Бірақ алдымен адамның бойында дарыны болса, ол өз стилін қалыптастырады деп ойлаймын.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Қазіргі таңда қалаларымыз бен аудан-ауылдарымызда өзіміздің ұлттығымызды ұлықтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін мүсіндер жоқтың қасы. Мысалы, Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала секілді қазақ ертегілерінің кейіпкерлеріне неге ескерткіш қоймасқа? Сондай-ақ Жеті қазына, Жеті ата секілді қазаққа ғана тән ұғымдар бар. Ұлттық ұғымдарға композициялық ескерткіштер орнатуға болады. Рухани тәрбиелік мәні зор «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек» секілді эпостарымыздың кейіпкерлеріне ескерткіш қойсақ, артықтық ете ме? Мұндай кейіпкерлердің бет-бейнесін нақты бедерлемей-ақ, ішкі сезімдерін, мұңдарын, тағдырларын мүсінге арқау етуге болады. Еуропада жекелеген адамдарға ескерткіш қоюды баяғыда қойған. Онда тек өз халықтарына тән түрлі қасиеттерді, ұлттың ерекшелігін дәріптейтін композициялар жасалады. Біз де өз ұлтымызды, төл дәстүріміз бен тарихымызды мүсін өнері арқылы бейнелеуімізге болады.

Бір сәт
Бірде маған соғысқа қатысқан бір ақсақал келіп, қабір басына қойылатын тасқа тапсырыс берді. Ол кісі менің «мұндай тапсырыстарды қабылдамаймын» дегеніме түсінбеді. Үлкен кісінің көңілін қалдырмайын деп тасқа ол кісі айтқан адамның аты-жөнін ойып жазып беруге келістім. Өзі менің үйімнің маңында көршілес тұрады екен. Қария тасқа жазылуы тиіс адамның атын, тегін, туған жылын айтты. Мен ол кісіден адамның қайтыс болған жылын сұрасам «Айналайын, әзірге мен оны айта алмаймын. Өйткені бұл – алдыңда тұрған атаңның аты-жөні. Мен бала-шағама өзім өлгеннен кейін ауыртпалық салғым келмейді. Олар менің қабірімнің басына тас қоямын деп әуреленбесін деймін», – деді. Мен ол кісіге өз қалағанындай етіп аты-жөнін, туған жылын жазып, қайтыс болған жылы жазылатын орынды бос етіп қойдым. Қария тасты өзімен алып кеткен. Екі жылдан кейін қарияның кемпірі шалының өлген жылын жаздырып алуға әлгі тасты әкеп тұр.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста