Әр жақтан келген өнерді өзімізге енгізе беретін болсақ, төл өнеріміз нашарлап кетеді

Әр жақтан келген өнерді өзімізге енгізе беретін болсақ, төл өнеріміз нашарлап кетеді

Тоққожа ҚОЖАҒҰЛОВ, суретші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, профессор:

– Тоққожа Мұқажанұлы, біз өзіңізді бейнелеу өнеріндегі портрет жанрының шебері ретінде танимыз. Былтырғы жылы сіздің осы жанрдағы туындыла­рыңыз жинақ болып шықты. Әңгімемізді осы портрет жанрының қыр-сыры тұрғысында өрбітсек...
– Портрет – есте жоқ ерте замандардан келе жатқан бейнелеу өнеріндегі ең көне жанрлардың бірі. Біздің дәуірімізге дейінгі ерте замандардағы тасқа қашалған сурет­тер, жер-жерден табылған балбал тастар­дағы суреттер – осыған дәлел. Ең алғаш көне Египет, Грек жерлерінде портрет жанры біртіндеп жандана бастады. Адамның сыртқы формасын жасаудан басталған жанр кейіннен өзгерістерге ұшырап, академиялық талап-тілектерді орындайтын дәрежеге дейін жетті. Портрет жанрының ең бір өр­кен­деген шағы – қайта өрлеу дәуірі. Бұрын адамдардың сыртқы ұқсастығы сақталына­тын болса, бұл кезде адамның ішкі дүниесіне де мән беріле бастады. Бұл кезең Микеланд­жело, Леонардо да Винчилердің, Рембранд, Рафаэльдердің дүниеге келуімен ерекшеле­неді. Одан кейін бұл жанр көршілес Ресейде де дамыды. Өзімізге ойысатын болсақ, жалпы қазақ бейнелеу өнері XX ғасырдан басталады. Бұған дейін бізде қолөнер да­мып келді. Портрет жанрын алғаш қолға алған қазақ – Әбілхан Қастеев. Ол кісі алғаш Абайдың, Жамбылдың портреттерін жаса­ды. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары пор­трет жанры тереңдей түсті. Суретшілеріміз өзіміздің ұлттық дүниетанымымызға қарай ойысып, іздене бастады. Портреттің дамуы­на техниканың өркендеуі де әсерін тигізді. Фотоаппараттың пайда болуы мен фотосу­рет­тер, көркемдік фото пайда болды. Міне, осы кезде «портрет керек пе?» деген сұрақ туындады. Өйткені техниканың дамуымен біз адамның бейнесін гиперреализм дәрежесінде тарта алатын болдық. Алайда шынайы түсінген адамға портрет – өте күрделі жанр. Портретте бір сызықтан қате кетсе, онда оның дұрыс аяқталмағаны. Мы­салы, адамға фотосуретті көрсетсе, бір қа­рай­ды да, кете барады. Ал портретті көр­генде адам оған ұзақ қарап, кемшіліктерін іздейді. Портрет жанрының үш шарты бар. Суретшінің салып отырған адамына деген, ол адамның суретшіге деген және салынған портретке көрерменнің көзқарасы. Портрет­те адамның тек сыртқы бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесі көрінуі керек және уақыттың ізі жатуы тиіс. Сыртқы ұқсастық пен ішкі дүние сәйкес келмесе, портрет дұрыс шық­пай­ды. Жалаң ұқсастыққа кетіп қалса, фото­суреттен еш айырмашылығы болмай қала­ды. Портретте суретшінің өзіндік айтар ойы жатады. Портрет жанрының күрделілі­гінен болса керек, мұнымен кез келген суретші айналыса бермейді.
– Өзіңіздің портрет жанрына деген қызығушылығыңызға не түрткі бол­ды?
– Суретке деген қызығушылық бала кезімде пайда болды. Мен 1979 жылы орта мектепті бітіріп, Абай атындағы универси­теттің көркемсурет, графика факультетіне түстім. Бірінші курсты бітіріп, жазғы дема­лыста құрылыс отрядында жүргенімде әкем дүниеден озды. Мен ауылға жеткенше ол кісіні жерлеп қойыпты. Әкемнің жерленгенін өз көзіммен көрмеген соң ба, оның дүниеде жоқтығын қабылдай алмадым. Бір жерде жүргендей көрінетін. Сөйтіп, біраз уақыт өтті. Екінші курста университетте портрет жанрын үйренгеннен кейін алғаш 1981 жы­лы әкемнің портретін жаздым. Туындым­ның қолжазбасы әлі күнге өзімде сақтаулы. Одан кейін Ленинградтағы музейге барып, онда әлемдік суретшілердің еңбегін көріп, «мен де суретті осылай сала аламын» деген сенім пайда болды. Сөйтіп, 3-курста анамның портретін салдым. Ол портрет сол тұста ұс­таз­да­рымның тарапынан жақсы бағаланды. Анамның портретін Мәскеудегі көркемсурет дирекциясы сатып алды.Осы кезден бастап басқа да портреттер сала бастадым. Жора- жолдастардың суретін салдық. Ақиық ақын Мұқағалидың поэзиясы өзіме қатты жақын болғандықтан, Мұқаңның кітаптарының бетіндегі суреттерді көшіріп салдым. Бірде фонераны күйдіріп, дөңгелектеп, сыртын гүлмен көмкеріп, Мұқаңның портретін са­лып, «Егер де халық өзін ұмытпаса, Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды» деп жазғаным бар. Осы портретті менен тіл әдебиетінен сабақ беретін Әбдрәсіл Сұлтанқұлов деген кісі аттай қалап алды. Содан кейін 4-курста майлы бояумен Мұқағали ақынның тағы бір суретін салдым. 1988 жылы студенттер қысқы демалысқа кеткен кезде Мұқаңа қайта оралдым. Осы портретті өте жылдам салып шықтым. Портретті бастарда Мұқаң түсіме кірген еді. Түсімде Мұқаң екеуміз Қарасаз ауылында кездесіп отырмыз.
«Мен сіздің суретіңізді салып едім, көре­сіз бе?» – дедім мен. Ол кісі үстелге саусақта­рын тықылдатып отырып: «Дамылда, жа­ным, дамылда. Бақытты бір осы шағыңда», –  деді де маған: «Сен осы суретті алып Қара­сазға бара бер, мен айналып барайын», – деді. Түсімдегі қарсы алдымда отырған Мұқаң­ның бейнесі көз алдымда сақталып қалды. Сөйтіп, ол кісінің осы бір бейнесі ме­нің тағы бір шығармама арқау болды. Кейін­нен Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезовтер­дің порт­реттерін салған кездерде де сол тұлғалар түсіме кіретін. Кейіннен өзім бай­қап қарасам, өмірдегі кейбір маңызды жағдай­ларды мен алдын ала түсімде көреді екем. Шығарма­шылықта ғана емес, тіпті отбасым­дағы мен үшін маңызды оқиғалар түсіме ене­тін. Менің үш ұлым бар. Бір күні түсім­де болашақта қызым болатынын көр­дім де, жолдасыма: «Енді сен бала көтерсең, қыз бола­ды», – дедім. Басында сөзіме мән берің­кіремеп еді, кейін қызым туылғанда көзі жетті.
– Қандай өнер түрінде болмасын, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Қазақ бейнелеу өнерінің әлем­дегі өзіндік қолтаңбасы жайлы не айтар едіңіз?
– Жер бетінде қанша адам болса, солар­дың ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Тіпті егіздердің өзінде бір-бірінен айырмашылық болады.Сол секілді кез келген өнер саласын­да да әр ұлттың өзіндік ерекшелігі болады Әр халықтың бет-бейнесі – мәдениеті, әдебиеті, өнері, ғылымы. Басқа жетістіктері­мізбен біз ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Бейнелеу өнеріне келетін болсақ, көне құр­лық – Еуропада дамып, шегіне жеткен бұл өнер бізге кенже келіп отыр. Сондықтан біздің халқымыздың арасында бұл өнерді дұрыс түсіне алмай жататындар болса, оған кешіріммен қарауымыз керек. Бейнелеу өнеріндегі туындыларды жекелеген адамдар дүниеге әкеледі, бір салынған сурет қайта қайталанбайды. Туындылар күн өткен сайын құнды бола бастайды. Ұлы Отан соғысы ке­зін­де немістер Ленинградты алғанда ондағы көптеген картиналарды алып кеткен. Солар­дың біразы қайтарылды, егер ұмытпасам, 36 картина қайтарылмады. Шетелдерде мұндай көне картиналарды банкке кепіл­дікке қойып, несие алады.Ал өзіміз туралы айтар болсақ, аз уақыттың ішінде қазақ бей­нелеу өнері үлкен биікке көтерілді. Біздің халқымыз – арғы дүниесінен өнерлі. Абай айта­ды: «Қазақтың әулиесі – қазақтың қолө­­нершілері». Яғни қолөнер біздің қаны­мызда бар. Біздің бояу түсімен салма­ған суреттеріміз апаларымыздың құрақ көрпе­сінде, текемет, сырмақтарында, откиізде­рінде көрініс тапқан. Ондағы бояулар үндес­тігі басқа халықтарда жоқ. Қайта Еуропаға кубизм секілді бағыттар осы бізден кетіп отыр. Біз өзіміздің ұлттық түбірі бар өнері­мізді қалыптастырдық. Қазіргі таңда Еуропа реалистік өнер биіктігінде жоқ. Бүгінде Еуропа абстракция секілді дүниелерге кетіп қалды да, өз түбірлеріне қайтып орала алмай жатыр. Бұған бір мысал айтайын. Осы біздің көркемсурет, графика факультетін бітірген Шнейзер деген азамат – қазіргі кез­де бүкіл Германия мен Испанияның бас сурет­шісі. Өйткені бізде академияық таза реализм мектебі қалыптасқан. Бұл – бір сәтте жасалатын мектеп емес, үлкен еңбек. Реалистік суретті салуда қөз, қол, ми –  үше­уі­нің бағынысы керек. Сюреализм, абстрак­ция жанрларында салынған суреттермен кез келген ойды жеткіздім деп айта салуға болады. Ал реалистік дүниеде олай айта алмайсың. Алайда реализмді елдің бәрі түсінетін қрапайым жадағай дүние деп те айтуға болмайды. Оған қараған сайын ішкі құпиясына үңіле түсесің.
– Бүгінде қаржы табудың қамы үшін бе, әлде батысқа еліктеуден бе, абст­ракция бағытында сурет салушылар қатары көбейген секілді.Көрмелерге барғанда көпшілікке түсініксіз шимай суреттерді жиі көріп жатамыз.
– Біздің жоғары оқу орнында басты негізге алып отырғанымыз – реалистік ба­ғыт. Сюрреалистік бағыттың негізін қалаған суретші Сальвадор Дали: «Сені ел мойындау үшін ең алдымен реализмді жете меңгер, өзіңді осы бағытта көрсеткеннен кейін басқа бағытта қалам сілтесең, сені жұрт мойын­дайды», – дейді. Адам қиялын шектеуге бол­майды. Бейнелеу өнерінің әліппесі – реализм. Әріпті үйренбей тұрып, сөз құрай алмайтын секілді, реалистік бағытты игер­ме­ген суретші басқа бағытта жетістіктерге жетеді деу қиын. Реализмді үйретіп, іргета­сын қалағаннан кейін ғана біз баланың қабі­летіне қарай еркіндік береміз. Қа­зақстан­ның әр аймағынан келген балалар­дың бояу түсін көруі де әртүрлі. Кезінде Мәс­кеуде оқып келген жігіттер өздерінің жетекшісіне еліктеп, суретті тура өзінің ұстазындай салатын. Өйткені кеңес заманын­да әр суретшінің мектебін қалыптастыру деген жалаң ұран болатын. Бұл – өнер адамын өлтіру. Баланың бойында қылтиып тұрған дарынды байқап, оның өз бағытын табуға көмектесіп жіберу керек. Реализмді ары қарай алып кете алмайтын адамдар болады. Біз оларды өздері бейім бағытқа бағыттаймыз. Ал енді қаржы мәселесіне келер болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын «Сорос» компаниясы абстракциялық сурет­тер­ді қымбатқа сатып алып, реалистік бағыт­тағы ұлттық суреттерді алмайтын. Абстракциялық суреттер қымбатқа өтіп жатқандықтан, осы бағытқа еріксіз келген­дер де болды. Мұның өзінде де шетелдің сұрқия саясаты тұр. Бізді өз бағытымыздан тайды­рып, түп-тамырымыздан ажыратқысы келді. Біздің қазіргі міндетіміз – өзіміздегі жақсы дүниені жоғалтып алмау. Ұлттық өнер – ұлтты біріктіретін дүние. Әр жақтан келген өнерді өзімізге енгізе беретін болсақ, төл өнеріміз шашырап кетеді. Діннің секта­лары секілді өнер де бөлініп кетеді. Бүгінде қазақ өнеріне Третьяков секілді меце­наттар керек. Өнер адамдарына мем­ле­кет және ұлттық компаниялар, жекелеген ауқатты адамдар тарапынан қолдау керек. Өзіміздің өнеріміз, мәдениетіміз, әдебиет пен ғылы­мымыз арқылы ғана болашақ ұрпақты ұлт­тық құн­дылықты бағалауға, отаншыл­дық­қа, ұлт­жан­дылыққа тәрбиелей аламыз.
– Біз көшеде небір ғажап суреттерді салып, оны сатып, пұл қылып отырған суретшілерді жиі кездестіреміз. Мұндай суретшілер өзінің көрмесін өткізуге жағдайы болмай, жеке шеберханалары болмағандықтан, көшеде сурет салуға мәжбүр ме?
– Кезінде бейнелеу өнерінің тарихында Голландияда кіші голландықтар деген суретшілер пайда болды. Олар натюрморт жанрының қалыптасуына әсер еткен бола­тын.Натюрморт кейіннен бейнелеу өнеріне бір жанр ретінде кірді. Көшеде отырған суретшілердің арасында да майталман шеберлер жетерлік. Олардың өзінің шығар­машылық шабыты, таным-түсінігі бар. Сон­дық­тан оларды тежеуге болмайды. Өнер жан-жақты болуы керек. Қазір суретшінің қай жанрда, қалай, қай жерде сурет сала­мын десе де өз еркі. Ал олардың шығарма­ларын халық өзі талғам таразысына салып алады.
– Тоққожа аға, сіз тек суретші ғана емес, ұзақ жылдық тәжірибеңіз бар педагогсіз ғой. Осы тұрғыда өзіңізбен еліміздегі білім, ғылымның хал-ахуалы туралы ой бөліссек.
– Өз заманында Гитлер мектепке күш салды. Соның нәтижесінде соғыс кезінде патриот немістер кеудесін оққа тосып жатты. Ал Сталин ғылымға күш салды. Ресейде 1949 жылы атом қаруы жасалды. Бүгін міне, көршілес мемлекет ғылымның пайдасын көріп отыр. Алысқа бармай-ақ, Жапонияны қараңыз, ғылымымен әлемді өзіне қаратып отыр. Ал біздің мұғалімдеріміз баланы оқытудың орнына, тіршіліктің қамымен, материалдық мұқтаждықпен басы қатып жүр. Сананы тұрмыс билейтіні белгілі. Бала­бақша мен мектепке күш салмай, қалтыра­тып қойдық. Сөйте тұрып, білім саласында шетелдің тәжірбиесін пайдаланғымыз келеді. Жоғары оқу орнына, Болон жүйесін енгізіп,еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломын шетелде мойындатамыз деп жанталасып жатырмыз. Шетелде бізді кім күтіп отыр екен? Біз балаларымызға сондай дәрежеде білім бере алып отырмыз ба? Ауыл­дың мектебіне бір компьютер апарып бере алмай отырып, миға сыймайтын жүйе­лерді неге енгізуге құштармыз?Баяғыда Қытай компартиясының көрнекті көсемі Дэн Сяо Пин: «Өзгенің іс-тәжірибесінен үйренген жөн, бірақ оны толықтай көшіріп алуға болмайды», – деген екен. Өзіміздің мықты мұғалімдер мен ғалымдардың басын қосып, неге өз білім жүйемізді құрмасқа? Үш тұғырлы тіл деп жүрміз. Ал балаға 13 жасқа дейін басқа тілді оқытуға болмайды. Жеке­мен­шік мектептерге лицензия бере салмай, білім беру саласындағы тәртіпті қадағалау керек. Әр жүйені зерттеп, зерделеп отыратын институттар болса дұрыс болар еді. Қазіргі таңда балаларды техника жеп барады. Балаңа кітап ұстатып қойсаң, көзің тайғанда компьютерге отыра қалады. Бұл заман тала­бы болғандықтан, бүгінде біз білімді, ұлттық құндылықтарды заманға сай бейімдеп, жаңа ақпараттық құралдар арқылы бала­ларымызға жеткізгеніміз дұрыс деп ойлай­мын.
– Бүгінде қалталы азаматтар балала­рын шетелде оқытуға тырысады. Тіпті мемлекет тарапынан да жастарды тәжі­рибе алмасу үшін шетелге жіберуге жағ­дай жасалуда. Осы әрекетіміз қан­шалықты дұрыс деп есептейсіз?
– Мен 2007 жылы Эмиратта болдым. Сонда аса ғажап бір ғимаратқа көзім түсіп, жергілікті халықтан оның қандай ғимарат екенін сұрадым. Сөйтсем, бұл университет ғимараты екен. Халықпен тілдескенімде олар: «Бұрын балаларымызды әрқайсысына 25 мың доллар төлеп, шетелде оқыттық, білім алсын дедік. Олардың көбі сол жақта қалып қалды. Оралғандары жергіліктілермен көзқарастары қайшы болып, тіл табыса алмады. Сондықтан тура дамыған шетелдер­дегідей университетті өзіміздің елде салып, білікті оқытушыларды шеттен шақырттық. Бүгінде әр балаға 18 мың доллар төлейміз. Ең бастысы, жастарымыздың арасындағы кереғарлық кетті, ортақ дүниеміз пайда болды», – деді. Міне, осыдан-ақ шетелге барып білім алғаннан гөрі, өзіміздің елде оқығанның дұрысырақ екенін аңғаруға болады. Өзімізді өзгеден төмен санап, бас­қаның айтқанына көніп, айдауына жүруді қою керек. Кезінде Ресей империясы қазақ­ты біртіндеп жаулады ғой. Шолақ белсен­ділерге шен-шекпен жапты, кеуделеріне орден тақты. Алаш зиялыларын қырды. Бір нанды аш баласына берген адамды жандай­шаптарға жеткізіп, бір медаль үшін басын алғызатын бригадирлер болды. Балалары­мыз орысша білсе, адам болады деп, қап­таған қазақ отырып, бір орыс отырса, орыс­ша сөйледік. Осының бәрі өзгелердің біздің жерге қызығушылығынан болды емес пе? Бүгінде біздің ұлан-ғайыр территория­мызға көзі түспейтіндер кемде-кем. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер бізді Жер бетінен жоқ қылып жіберуге де бар. Егемендікті ала сала «ойбай, дін» деп, бәрі аяқасты діндар бол­ғысы келді. Ислам дінін көркейтеміз деп екінің бірі молда, қажы болып кетті. Қазірдің өзінде мешітке барсаң, имамдар «құранды 100 долларға оқимын», «7 мыңға оқимын» деп жүгіріп жүреді. Тәуелсіздік ала салып, діннің өзін терең түсіне алмай, ашық қоғам жасаймыз деп сектаның бәрін кіргіздік. Соның кесірін енді көріп жатырмыз. Басқа жақтан діни сауатын ашып келгендер өзгенің заңын тықпалады. Арабиядағы дүниені айна-қатесіз бізге көшірудің қажеті жоқ. Айталық, ол жақтың табиғаты басқа, аптап ыстық. Ал біздікілер болса, сол арабтардың киімін киіп алады. Ал біздің ата-бабалары­мыз адам қайтыс боларда соңғы тілегін орындаған. Қай жерге жерле деп тілек етсе, сол жерге жерлейтін болған. Адамның мәйі­тін бұзылмайтындай етіп сақтауды білген – ата-бабаларымыз. Жерлейтін жер ұзақтау болса, уақытша жерлеп қоятын арнайы жер­лер болған. Ал біз болсақ, өз ұлтымыз­дың ерекшелігін ұмытып, өзгенікін қабылдап алуға бейім тұрамыз. Дін ұлтты бір-біріне жау ету үшін емес, ұйыту үшін керек. Кезінде Египеттегі өркениетті бұзып, еврейлер құлдықтан қашқан кезде Моисей ұрпағын ешкімге көрсетпей, 40 жыл бойы алып қашып жүрген екен. Өзінің бұл әрекетін ол халқымнан құлдық психологияны жою үшін ешкімге көрсетпей, қашып жүрмін деп түсін­дірген екен. Бүгінде кішкене болса да, еркін ұрпақ келе жатыр. Ал құлдық психологиядан арыла алмаған аға буын әлі билікте отыр. Осылар өздерінің балаларын әр жерге бір тықпалап, таққа отырғызғысы келеді. Сон­дықтан дәл қазіргі кезде құлдық психоло­гиядан арылып, қазақтың болашағын ой­лауымыз керек.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масы турасында не айтар едіңіз?
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­ма­сын мен суретші ретіне образды түрде бы­лай­ша елестетемін. Баяғы кеңес заманында мектепті жақсы бітірген жастарға үй беріп, теледидарларын қойып беріп, «комсомол жастары» деген бригада құрған. Сөйтіп, олар­­ға қой баққызатын. Сөйтіп, ауылдың баласын қалаға кіргізбеген. Әлі күнге ауыл­да қой бағып, малдың соңында жүрген біз­дің қазақтар. Бүгінде еті тірі деген жігіт­тердің 100 қойы бар. Оны ертең бағатын – ауыл­дағы отбасының еті тірі баласы. Біз енді тағы да оқуды жақсы бітірген балаларды ауылға жібермекпіз. Иә, ауыл – қазақтың алтын бесігі. Бірақ осы ауылды басқаша ірілендіруге болмай ма? Меніңше, қазіргі кезде ауылдар­ды қала типтес жасап, ондағы инфрақұры­лымды дамыту керек. Малды да ұстауға болады. Алайда ең бастысы, ірілен­ген ауыл­дарға зауыт-фабрикалар салуға болады. Сонда ауыл тұрғындары жұмысшы табына айналады. «Жекенің қолында мал бар» деп мақтанудың қажеті жоқ. Одан да ауыл шаруашылығын дамытуға күш салын­ғаны жөн. Қазір қаланың қара базарларында арба сүйреп жүргендер – қазақ баласы. Қыстың суығында, жаздың ыстығында аз-маз тиын-тебен үшін денсаулықтарын құр­тып, шаршаған соң, кешке ащы суын ішіп жүр. Ал олар білім қуайын десе, ауылдағы әке-шешеде жағдай жоқ. Осы түрімізбен дамыған 50 мемлекеттің қатарына қалай қосылып кетпекпіз. Ал анау бүгінде те­леарна­лардан көрсетіліп жатқан «Болашақ» секілді фильмдер – қиялға сыймайтын жасандылық. Шетелден білім алып келген жас маман ауылдың ауруханасында керемет жетістікке жетіп жатқанын көрсетіп жатыр­мыз, бірақ біздің ауылдарда жөні түзу ауру­хананың жоқтығын неге ескермейміз?..
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашы­лық табыстар тілейміз.

Алашқа айтар датым...
Біздің халқымызда мақтаншақтық басым. Сондықтан дарақылануды қою керек. Қарапайым шекпен киіп, халқының арасына барып, жағдайын өз көзімен көрген баяғының хандары секілді шенеуніктеріміз халықпен араласуы керек. Елдегі коррупцияның саясатпен араласып кетуі – мемлекеті­мізге қауіп-қатер төндіретін құбылыс. Байлар мен кедейлердің арасы барған сайын алшақтай түсуде. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін Елбасы орта кәсіпкерлікті дамытуды жолға қойып отыр. Осыған бәріміз атсалысуы­мыз керек. Біз ескілікті ғана түгендей бермей, болашақты болжауға үйрен­ге­німіз жөн. Ендігі ес жидық қой, ендеше, болашақты болжайтын стратегия­лық институттар құрайық. Қанша жылдан бері қалыптасып, дамып кеткен елдердің тәжірибесін бір-ақ күнде өзімізге әкеп орната салмай, стратегия­лық институттардың талқысына салғанымыз дұрыс. Демократия деген ұғымды Америка мен Еуропа бізге тыққыштайды. Ал демократия өз ішіміз­ден шығуы тиіс. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ. Демек, демократия біздің санамызда есте жоқ ерте заманнан-ақ қалыптасқан.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста