Әр жақтан келген өнерді өзімізге енгізе беретін болсақ, төл өнеріміз нашарлап кетеді
Тоққожа ҚОЖАҒҰЛОВ, суретші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, профессор:
– Тоққожа Мұқажанұлы, біз өзіңізді бейнелеу өнеріндегі портрет жанрының шебері ретінде танимыз. Былтырғы жылы сіздің осы жанрдағы туындыларыңыз жинақ болып шықты. Әңгімемізді осы портрет жанрының қыр-сыры тұрғысында өрбітсек...
– Портрет – есте жоқ ерте замандардан келе жатқан бейнелеу өнеріндегі ең көне жанрлардың бірі. Біздің дәуірімізге дейінгі ерте замандардағы тасқа қашалған суреттер, жер-жерден табылған балбал тастардағы суреттер – осыған дәлел. Ең алғаш көне Египет, Грек жерлерінде портрет жанры біртіндеп жандана бастады. Адамның сыртқы формасын жасаудан басталған жанр кейіннен өзгерістерге ұшырап, академиялық талап-тілектерді орындайтын дәрежеге дейін жетті. Портрет жанрының ең бір өркендеген шағы – қайта өрлеу дәуірі. Бұрын адамдардың сыртқы ұқсастығы сақталынатын болса, бұл кезде адамның ішкі дүниесіне де мән беріле бастады. Бұл кезең Микеланджело, Леонардо да Винчилердің, Рембранд, Рафаэльдердің дүниеге келуімен ерекшеленеді. Одан кейін бұл жанр көршілес Ресейде де дамыды. Өзімізге ойысатын болсақ, жалпы қазақ бейнелеу өнері XX ғасырдан басталады. Бұған дейін бізде қолөнер дамып келді. Портрет жанрын алғаш қолға алған қазақ – Әбілхан Қастеев. Ол кісі алғаш Абайдың, Жамбылдың портреттерін жасады. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары портрет жанры тереңдей түсті. Суретшілеріміз өзіміздің ұлттық дүниетанымымызға қарай ойысып, іздене бастады. Портреттің дамуына техниканың өркендеуі де әсерін тигізді. Фотоаппараттың пайда болуы мен фотосуреттер, көркемдік фото пайда болды. Міне, осы кезде «портрет керек пе?» деген сұрақ туындады. Өйткені техниканың дамуымен біз адамның бейнесін гиперреализм дәрежесінде тарта алатын болдық. Алайда шынайы түсінген адамға портрет – өте күрделі жанр. Портретте бір сызықтан қате кетсе, онда оның дұрыс аяқталмағаны. Мысалы, адамға фотосуретті көрсетсе, бір қарайды да, кете барады. Ал портретті көргенде адам оған ұзақ қарап, кемшіліктерін іздейді. Портрет жанрының үш шарты бар. Суретшінің салып отырған адамына деген, ол адамның суретшіге деген және салынған портретке көрерменнің көзқарасы. Портретте адамның тек сыртқы бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесі көрінуі керек және уақыттың ізі жатуы тиіс. Сыртқы ұқсастық пен ішкі дүние сәйкес келмесе, портрет дұрыс шықпайды. Жалаң ұқсастыққа кетіп қалса, фотосуреттен еш айырмашылығы болмай қалады. Портретте суретшінің өзіндік айтар ойы жатады. Портрет жанрының күрделілігінен болса керек, мұнымен кез келген суретші айналыса бермейді.
– Өзіңіздің портрет жанрына деген қызығушылығыңызға не түрткі болды?
– Суретке деген қызығушылық бала кезімде пайда болды. Мен 1979 жылы орта мектепті бітіріп, Абай атындағы университеттің көркемсурет, графика факультетіне түстім. Бірінші курсты бітіріп, жазғы демалыста құрылыс отрядында жүргенімде әкем дүниеден озды. Мен ауылға жеткенше ол кісіні жерлеп қойыпты. Әкемнің жерленгенін өз көзіммен көрмеген соң ба, оның дүниеде жоқтығын қабылдай алмадым. Бір жерде жүргендей көрінетін. Сөйтіп, біраз уақыт өтті. Екінші курста университетте портрет жанрын үйренгеннен кейін алғаш 1981 жылы әкемнің портретін жаздым. Туындымның қолжазбасы әлі күнге өзімде сақтаулы. Одан кейін Ленинградтағы музейге барып, онда әлемдік суретшілердің еңбегін көріп, «мен де суретті осылай сала аламын» деген сенім пайда болды. Сөйтіп, 3-курста анамның портретін салдым. Ол портрет сол тұста ұстаздарымның тарапынан жақсы бағаланды. Анамның портретін Мәскеудегі көркемсурет дирекциясы сатып алды.Осы кезден бастап басқа да портреттер сала бастадым. Жора- жолдастардың суретін салдық. Ақиық ақын Мұқағалидың поэзиясы өзіме қатты жақын болғандықтан, Мұқаңның кітаптарының бетіндегі суреттерді көшіріп салдым. Бірде фонераны күйдіріп, дөңгелектеп, сыртын гүлмен көмкеріп, Мұқаңның портретін салып, «Егер де халық өзін ұмытпаса, Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды» деп жазғаным бар. Осы портретті менен тіл әдебиетінен сабақ беретін Әбдрәсіл Сұлтанқұлов деген кісі аттай қалап алды. Содан кейін 4-курста майлы бояумен Мұқағали ақынның тағы бір суретін салдым. 1988 жылы студенттер қысқы демалысқа кеткен кезде Мұқаңа қайта оралдым. Осы портретті өте жылдам салып шықтым. Портретті бастарда Мұқаң түсіме кірген еді. Түсімде Мұқаң екеуміз Қарасаз ауылында кездесіп отырмыз.
«Мен сіздің суретіңізді салып едім, көресіз бе?» – дедім мен. Ол кісі үстелге саусақтарын тықылдатып отырып: «Дамылда, жаным, дамылда. Бақытты бір осы шағыңда», – деді де маған: «Сен осы суретті алып Қарасазға бара бер, мен айналып барайын», – деді. Түсімдегі қарсы алдымда отырған Мұқаңның бейнесі көз алдымда сақталып қалды. Сөйтіп, ол кісінің осы бір бейнесі менің тағы бір шығармама арқау болды. Кейіннен Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезовтердің портреттерін салған кездерде де сол тұлғалар түсіме кіретін. Кейіннен өзім байқап қарасам, өмірдегі кейбір маңызды жағдайларды мен алдын ала түсімде көреді екем. Шығармашылықта ғана емес, тіпті отбасымдағы мен үшін маңызды оқиғалар түсіме енетін. Менің үш ұлым бар. Бір күні түсімде болашақта қызым болатынын көрдім де, жолдасыма: «Енді сен бала көтерсең, қыз болады», – дедім. Басында сөзіме мән беріңкіремеп еді, кейін қызым туылғанда көзі жетті.
– Қандай өнер түрінде болмасын, әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Қазақ бейнелеу өнерінің әлемдегі өзіндік қолтаңбасы жайлы не айтар едіңіз?
– Жер бетінде қанша адам болса, солардың ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Тіпті егіздердің өзінде бір-бірінен айырмашылық болады.Сол секілді кез келген өнер саласында да әр ұлттың өзіндік ерекшелігі болады Әр халықтың бет-бейнесі – мәдениеті, әдебиеті, өнері, ғылымы. Басқа жетістіктерімізбен біз ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Бейнелеу өнеріне келетін болсақ, көне құрлық – Еуропада дамып, шегіне жеткен бұл өнер бізге кенже келіп отыр. Сондықтан біздің халқымыздың арасында бұл өнерді дұрыс түсіне алмай жататындар болса, оған кешіріммен қарауымыз керек. Бейнелеу өнеріндегі туындыларды жекелеген адамдар дүниеге әкеледі, бір салынған сурет қайта қайталанбайды. Туындылар күн өткен сайын құнды бола бастайды. Ұлы Отан соғысы кезінде немістер Ленинградты алғанда ондағы көптеген картиналарды алып кеткен. Солардың біразы қайтарылды, егер ұмытпасам, 36 картина қайтарылмады. Шетелдерде мұндай көне картиналарды банкке кепілдікке қойып, несие алады.Ал өзіміз туралы айтар болсақ, аз уақыттың ішінде қазақ бейнелеу өнері үлкен биікке көтерілді. Біздің халқымыз – арғы дүниесінен өнерлі. Абай айтады: «Қазақтың әулиесі – қазақтың қолөнершілері». Яғни қолөнер біздің қанымызда бар. Біздің бояу түсімен салмаған суреттеріміз апаларымыздың құрақ көрпесінде, текемет, сырмақтарында, откиіздерінде көрініс тапқан. Ондағы бояулар үндестігі басқа халықтарда жоқ. Қайта Еуропаға кубизм секілді бағыттар осы бізден кетіп отыр. Біз өзіміздің ұлттық түбірі бар өнерімізді қалыптастырдық. Қазіргі таңда Еуропа реалистік өнер биіктігінде жоқ. Бүгінде Еуропа абстракция секілді дүниелерге кетіп қалды да, өз түбірлеріне қайтып орала алмай жатыр. Бұған бір мысал айтайын. Осы біздің көркемсурет, графика факультетін бітірген Шнейзер деген азамат – қазіргі кезде бүкіл Германия мен Испанияның бас суретшісі. Өйткені бізде академияық таза реализм мектебі қалыптасқан. Бұл – бір сәтте жасалатын мектеп емес, үлкен еңбек. Реалистік суретті салуда қөз, қол, ми – үшеуінің бағынысы керек. Сюреализм, абстракция жанрларында салынған суреттермен кез келген ойды жеткіздім деп айта салуға болады. Ал реалистік дүниеде олай айта алмайсың. Алайда реализмді елдің бәрі түсінетін қрапайым жадағай дүние деп те айтуға болмайды. Оған қараған сайын ішкі құпиясына үңіле түсесің.
– Бүгінде қаржы табудың қамы үшін бе, әлде батысқа еліктеуден бе, абстракция бағытында сурет салушылар қатары көбейген секілді.Көрмелерге барғанда көпшілікке түсініксіз шимай суреттерді жиі көріп жатамыз.
– Біздің жоғары оқу орнында басты негізге алып отырғанымыз – реалистік бағыт. Сюрреалистік бағыттың негізін қалаған суретші Сальвадор Дали: «Сені ел мойындау үшін ең алдымен реализмді жете меңгер, өзіңді осы бағытта көрсеткеннен кейін басқа бағытта қалам сілтесең, сені жұрт мойындайды», – дейді. Адам қиялын шектеуге болмайды. Бейнелеу өнерінің әліппесі – реализм. Әріпті үйренбей тұрып, сөз құрай алмайтын секілді, реалистік бағытты игермеген суретші басқа бағытта жетістіктерге жетеді деу қиын. Реализмді үйретіп, іргетасын қалағаннан кейін ғана біз баланың қабілетіне қарай еркіндік береміз. Қазақстанның әр аймағынан келген балалардың бояу түсін көруі де әртүрлі. Кезінде Мәскеуде оқып келген жігіттер өздерінің жетекшісіне еліктеп, суретті тура өзінің ұстазындай салатын. Өйткені кеңес заманында әр суретшінің мектебін қалыптастыру деген жалаң ұран болатын. Бұл – өнер адамын өлтіру. Баланың бойында қылтиып тұрған дарынды байқап, оның өз бағытын табуға көмектесіп жіберу керек. Реализмді ары қарай алып кете алмайтын адамдар болады. Біз оларды өздері бейім бағытқа бағыттаймыз. Ал енді қаржы мәселесіне келер болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын «Сорос» компаниясы абстракциялық суреттерді қымбатқа сатып алып, реалистік бағыттағы ұлттық суреттерді алмайтын. Абстракциялық суреттер қымбатқа өтіп жатқандықтан, осы бағытқа еріксіз келгендер де болды. Мұның өзінде де шетелдің сұрқия саясаты тұр. Бізді өз бағытымыздан тайдырып, түп-тамырымыздан ажыратқысы келді. Біздің қазіргі міндетіміз – өзіміздегі жақсы дүниені жоғалтып алмау. Ұлттық өнер – ұлтты біріктіретін дүние. Әр жақтан келген өнерді өзімізге енгізе беретін болсақ, төл өнеріміз шашырап кетеді. Діннің секталары секілді өнер де бөлініп кетеді. Бүгінде қазақ өнеріне Третьяков секілді меценаттар керек. Өнер адамдарына мемлекет және ұлттық компаниялар, жекелеген ауқатты адамдар тарапынан қолдау керек. Өзіміздің өнеріміз, мәдениетіміз, әдебиет пен ғылымымыз арқылы ғана болашақ ұрпақты ұлттық құндылықты бағалауға, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелей аламыз.
– Біз көшеде небір ғажап суреттерді салып, оны сатып, пұл қылып отырған суретшілерді жиі кездестіреміз. Мұндай суретшілер өзінің көрмесін өткізуге жағдайы болмай, жеке шеберханалары болмағандықтан, көшеде сурет салуға мәжбүр ме?
– Кезінде бейнелеу өнерінің тарихында Голландияда кіші голландықтар деген суретшілер пайда болды. Олар натюрморт жанрының қалыптасуына әсер еткен болатын.Натюрморт кейіннен бейнелеу өнеріне бір жанр ретінде кірді. Көшеде отырған суретшілердің арасында да майталман шеберлер жетерлік. Олардың өзінің шығармашылық шабыты, таным-түсінігі бар. Сондықтан оларды тежеуге болмайды. Өнер жан-жақты болуы керек. Қазір суретшінің қай жанрда, қалай, қай жерде сурет саламын десе де өз еркі. Ал олардың шығармаларын халық өзі талғам таразысына салып алады.
– Тоққожа аға, сіз тек суретші ғана емес, ұзақ жылдық тәжірибеңіз бар педагогсіз ғой. Осы тұрғыда өзіңізбен еліміздегі білім, ғылымның хал-ахуалы туралы ой бөліссек.
– Өз заманында Гитлер мектепке күш салды. Соның нәтижесінде соғыс кезінде патриот немістер кеудесін оққа тосып жатты. Ал Сталин ғылымға күш салды. Ресейде 1949 жылы атом қаруы жасалды. Бүгін міне, көршілес мемлекет ғылымның пайдасын көріп отыр. Алысқа бармай-ақ, Жапонияны қараңыз, ғылымымен әлемді өзіне қаратып отыр. Ал біздің мұғалімдеріміз баланы оқытудың орнына, тіршіліктің қамымен, материалдық мұқтаждықпен басы қатып жүр. Сананы тұрмыс билейтіні белгілі. Балабақша мен мектепке күш салмай, қалтыратып қойдық. Сөйте тұрып, білім саласында шетелдің тәжірбиесін пайдаланғымыз келеді. Жоғары оқу орнына, Болон жүйесін енгізіп,еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломын шетелде мойындатамыз деп жанталасып жатырмыз. Шетелде бізді кім күтіп отыр екен? Біз балаларымызға сондай дәрежеде білім бере алып отырмыз ба? Ауылдың мектебіне бір компьютер апарып бере алмай отырып, миға сыймайтын жүйелерді неге енгізуге құштармыз?Баяғыда Қытай компартиясының көрнекті көсемі Дэн Сяо Пин: «Өзгенің іс-тәжірибесінен үйренген жөн, бірақ оны толықтай көшіріп алуға болмайды», – деген екен. Өзіміздің мықты мұғалімдер мен ғалымдардың басын қосып, неге өз білім жүйемізді құрмасқа? Үш тұғырлы тіл деп жүрміз. Ал балаға 13 жасқа дейін басқа тілді оқытуға болмайды. Жекеменшік мектептерге лицензия бере салмай, білім беру саласындағы тәртіпті қадағалау керек. Әр жүйені зерттеп, зерделеп отыратын институттар болса дұрыс болар еді. Қазіргі таңда балаларды техника жеп барады. Балаңа кітап ұстатып қойсаң, көзің тайғанда компьютерге отыра қалады. Бұл заман талабы болғандықтан, бүгінде біз білімді, ұлттық құндылықтарды заманға сай бейімдеп, жаңа ақпараттық құралдар арқылы балаларымызға жеткізгеніміз дұрыс деп ойлаймын.
– Бүгінде қалталы азаматтар балаларын шетелде оқытуға тырысады. Тіпті мемлекет тарапынан да жастарды тәжірибе алмасу үшін шетелге жіберуге жағдай жасалуда. Осы әрекетіміз қаншалықты дұрыс деп есептейсіз?
– Мен 2007 жылы Эмиратта болдым. Сонда аса ғажап бір ғимаратқа көзім түсіп, жергілікті халықтан оның қандай ғимарат екенін сұрадым. Сөйтсем, бұл университет ғимараты екен. Халықпен тілдескенімде олар: «Бұрын балаларымызды әрқайсысына 25 мың доллар төлеп, шетелде оқыттық, білім алсын дедік. Олардың көбі сол жақта қалып қалды. Оралғандары жергіліктілермен көзқарастары қайшы болып, тіл табыса алмады. Сондықтан тура дамыған шетелдердегідей университетті өзіміздің елде салып, білікті оқытушыларды шеттен шақырттық. Бүгінде әр балаға 18 мың доллар төлейміз. Ең бастысы, жастарымыздың арасындағы кереғарлық кетті, ортақ дүниеміз пайда болды», – деді. Міне, осыдан-ақ шетелге барып білім алғаннан гөрі, өзіміздің елде оқығанның дұрысырақ екенін аңғаруға болады. Өзімізді өзгеден төмен санап, басқаның айтқанына көніп, айдауына жүруді қою керек. Кезінде Ресей империясы қазақты біртіндеп жаулады ғой. Шолақ белсенділерге шен-шекпен жапты, кеуделеріне орден тақты. Алаш зиялыларын қырды. Бір нанды аш баласына берген адамды жандайшаптарға жеткізіп, бір медаль үшін басын алғызатын бригадирлер болды. Балаларымыз орысша білсе, адам болады деп, қаптаған қазақ отырып, бір орыс отырса, орысша сөйледік. Осының бәрі өзгелердің біздің жерге қызығушылығынан болды емес пе? Бүгінде біздің ұлан-ғайыр территориямызға көзі түспейтіндер кемде-кем. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер бізді Жер бетінен жоқ қылып жіберуге де бар. Егемендікті ала сала «ойбай, дін» деп, бәрі аяқасты діндар болғысы келді. Ислам дінін көркейтеміз деп екінің бірі молда, қажы болып кетті. Қазірдің өзінде мешітке барсаң, имамдар «құранды 100 долларға оқимын», «7 мыңға оқимын» деп жүгіріп жүреді. Тәуелсіздік ала салып, діннің өзін терең түсіне алмай, ашық қоғам жасаймыз деп сектаның бәрін кіргіздік. Соның кесірін енді көріп жатырмыз. Басқа жақтан діни сауатын ашып келгендер өзгенің заңын тықпалады. Арабиядағы дүниені айна-қатесіз бізге көшірудің қажеті жоқ. Айталық, ол жақтың табиғаты басқа, аптап ыстық. Ал біздікілер болса, сол арабтардың киімін киіп алады. Ал біздің ата-бабаларымыз адам қайтыс боларда соңғы тілегін орындаған. Қай жерге жерле деп тілек етсе, сол жерге жерлейтін болған. Адамның мәйітін бұзылмайтындай етіп сақтауды білген – ата-бабаларымыз. Жерлейтін жер ұзақтау болса, уақытша жерлеп қоятын арнайы жерлер болған. Ал біз болсақ, өз ұлтымыздың ерекшелігін ұмытып, өзгенікін қабылдап алуға бейім тұрамыз. Дін ұлтты бір-біріне жау ету үшін емес, ұйыту үшін керек. Кезінде Египеттегі өркениетті бұзып, еврейлер құлдықтан қашқан кезде Моисей ұрпағын ешкімге көрсетпей, 40 жыл бойы алып қашып жүрген екен. Өзінің бұл әрекетін ол халқымнан құлдық психологияны жою үшін ешкімге көрсетпей, қашып жүрмін деп түсіндірген екен. Бүгінде кішкене болса да, еркін ұрпақ келе жатыр. Ал құлдық психологиядан арыла алмаған аға буын әлі билікте отыр. Осылар өздерінің балаларын әр жерге бір тықпалап, таққа отырғызғысы келеді. Сондықтан дәл қазіргі кезде құлдық психологиядан арылып, қазақтың болашағын ойлауымыз керек.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы турасында не айтар едіңіз?
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын мен суретші ретіне образды түрде былайша елестетемін. Баяғы кеңес заманында мектепті жақсы бітірген жастарға үй беріп, теледидарларын қойып беріп, «комсомол жастары» деген бригада құрған. Сөйтіп, оларға қой баққызатын. Сөйтіп, ауылдың баласын қалаға кіргізбеген. Әлі күнге ауылда қой бағып, малдың соңында жүрген біздің қазақтар. Бүгінде еті тірі деген жігіттердің 100 қойы бар. Оны ертең бағатын – ауылдағы отбасының еті тірі баласы. Біз енді тағы да оқуды жақсы бітірген балаларды ауылға жібермекпіз. Иә, ауыл – қазақтың алтын бесігі. Бірақ осы ауылды басқаша ірілендіруге болмай ма? Меніңше, қазіргі кезде ауылдарды қала типтес жасап, ондағы инфрақұрылымды дамыту керек. Малды да ұстауға болады. Алайда ең бастысы, іріленген ауылдарға зауыт-фабрикалар салуға болады. Сонда ауыл тұрғындары жұмысшы табына айналады. «Жекенің қолында мал бар» деп мақтанудың қажеті жоқ. Одан да ауыл шаруашылығын дамытуға күш салынғаны жөн. Қазір қаланың қара базарларында арба сүйреп жүргендер – қазақ баласы. Қыстың суығында, жаздың ыстығында аз-маз тиын-тебен үшін денсаулықтарын құртып, шаршаған соң, кешке ащы суын ішіп жүр. Ал олар білім қуайын десе, ауылдағы әке-шешеде жағдай жоқ. Осы түрімізбен дамыған 50 мемлекеттің қатарына қалай қосылып кетпекпіз. Ал анау бүгінде телеарналардан көрсетіліп жатқан «Болашақ» секілді фильмдер – қиялға сыймайтын жасандылық. Шетелден білім алып келген жас маман ауылдың ауруханасында керемет жетістікке жетіп жатқанын көрсетіп жатырмыз, бірақ біздің ауылдарда жөні түзу аурухананың жоқтығын неге ескермейміз?..
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыстар тілейміз.
Алашқа айтар датым...
Біздің халқымызда мақтаншақтық басым. Сондықтан дарақылануды қою керек. Қарапайым шекпен киіп, халқының арасына барып, жағдайын өз көзімен көрген баяғының хандары секілді шенеуніктеріміз халықпен араласуы керек. Елдегі коррупцияның саясатпен араласып кетуі – мемлекетімізге қауіп-қатер төндіретін құбылыс. Байлар мен кедейлердің арасы барған сайын алшақтай түсуде. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін Елбасы орта кәсіпкерлікті дамытуды жолға қойып отыр. Осыған бәріміз атсалысуымыз керек. Біз ескілікті ғана түгендей бермей, болашақты болжауға үйренгеніміз жөн. Ендігі ес жидық қой, ендеше, болашақты болжайтын стратегиялық институттар құрайық. Қанша жылдан бері қалыптасып, дамып кеткен елдердің тәжірибесін бір-ақ күнде өзімізге әкеп орната салмай, стратегиялық институттардың талқысына салғанымыз дұрыс. Демократия деген ұғымды Америка мен Еуропа бізге тыққыштайды. Ал демократия өз ішімізден шығуы тиіс. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ. Демек, демократия біздің санамызда есте жоқ ерте заманнан-ақ қалыптасқан.