Айқан АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Айқан Ақанұлы, қалай ойлайсыз, елімізде жыл сайын қаншама студент медициналық мекемелерді тамамдап жатса да, қазіргі таңда қазақстандық дәрігерлердің 3 %-ын ғана жас мамандардың құрап отыруының себебі неде?
– Өзге жоғары оқу орындарын айтпай-ақ қояйын, мысалы, өзім басқарып отырған университеттен жылына 1,5 мыңнан астам түлек түлеп ұшады. Олардың 84 %-ның қолына дипломымен қоса, жолдамасын ұстатып жібереміз. Бірақ біздің ұсынысымызбен жас мамандарды қабылдайтын жұмыс орындарында оқуын жаңа тамамдаған жастарға жеткіліксіз көңіл бөлінеді. Жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жасау мәселесі де дұрыс қолға алынбағандықтан, бірқатар мәселенің туындауына түрткі болып отыр. Еліміздегі «дәрігер дағдарысы» көбіне ауылдық аймақта қатты сезілуде. Неліктен? Себебі басында баспанасы, қалтасында қаражаты жоқ жас маман ауылға қалай бармақ? Дәрігерлікті бітіргендердің бәрі бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді деп айта алмаймын. Мысалы, сол 84 % түлектің жартысынан көбі жолдама арқылы барған жерінде тұрақтап, жұмысқа қабылданады. Бірақ төрттен бірі шыдамай бұл қызметтен бас тартуға мәжбүр. Жалпы, болашақ дәрігерді дайындау жүйесін, болашақ ұшқышты дайындаумен салыстыруға болады. Неге десеңіз, оқуын енді бітірген ұшқышты бірден әуе кемесінің тізгінін басқар деп, ұшаққа отырғызбайды. Дәл сол сияқты, мысалы, болашақ хирургте оқуын бітіре сала адамға ота жасай алмайды, оған ешкім рұқсат та бермейді. Бұл жердегі ең маңызды мәселе жастардың оқуын бітірген соң қандай ортаға түсіп, алған білімдерін тәжірибеде қолдана алатындығында. Егер жас түлек жақсы ұжымға түссе, сол ұжымның ішінде ауызбіршілік болса, жастардың тобына жетекші тағайындалып, мамандар баланы өзіне тартып, сенім артып, көмектесіп, алған білімін одан әрі тәжірибемен ұштастыруына қолғабыс жасаса, ол адамнан екі-үш жылдың ішінде керемет маман шығады. Жалпы, біздің елдегі білім берудің сапасы шет мемлекеттерден кем емес. Қазіргі таңда қазақстандық жас мамандар 15 мемлекетте жұмыс істеп жүр. Әсіресе АҚШ, Үндістан және Пәкістанда біздің жастар өте көп. Іргеміздегі Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі де біздің елден шыққан азамат. Айтайын деп отырғаным, біздің негізгі білім беру жүйеміз дұрыс. Бірақ ұжымдық белсенділік тым әлсіз. Тек соңғы төрт-бес жылда жас мамандарға аздап көңіл бөлініп, мамандардың жетіспеушілігі елімізде үлкен мәселеге айналғалы бері бірталай бетбұрыстар байқала бастаған сияқты. Кейбір облыстардың басшылары, аттарын атамай-ақ қояйын, жаңа келген мамандарға 1 млн теңге ақша бөліп, көмек қолын созып, жағдайын жасап, тұратын үй мәселесін шешіп, жұмысқа келген жастарға құшақтарын ашуда. Мысалы, Орал облысының денсаулық сақтау басқармасы жылына бір-екі рет келіп, университет ұжымымен араласып, біздің түлектерді шақырады. Былтыр 30 баланың бәріне де көмектесіп, жұмыспен қамту мәселелерін оңтайлы шешіп берді. Сонымен қатар Қызылордада өткен жылы 88 пәтер жас маманға табыс етілсе, Солтүстік Қазақстанда да 77 баспана осы медицина саласындағы жастарымызға берілді. Петропавл, Жамбыл, Шымкент қалалары мен Алматы облысының да әкімдері жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге өзіндік үлестерін қосып келеді.
– Айқан аға, әрине, аймақтардағы басшылардың жастарға көмек қолын созып жатқаны қуантарлық жайт, десек те, шетелдерге барып жұмыс істегісі келетін жастар бізде әлі де көп қой. Кейбір деректерде шетелде 30 мыңнан астам қазақстандық студент бар делінген және олардың төрттен бірі елге оралмайды екен. Бұл жағдайда сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Менің мәліметім бойынша да шетелде 30 мыңнан астам қазақстандық түлек бар. Бірақ олардың барлығы болашақ дәрігерлер емес. Әр сала бойынша кеткен жастарымыздың 70-80 %-ы білімдерін жетілдіріп, елге қайта оралады. Шетелдік мамандардың айтуынша, әсіресе қазақ балаларының бойынан патриоттық сезім ерекше сезіледі. Мысалы, кейбір ұлт өкілдері шетел асқаннан кейін барынша сол мемлекетте қалып, жағдайын жасап, жұмысқа тұрып, отбасын құрып, тұрақтап қалуға тырысады. Ал бөтен елде қалып жатқан біздің қаракөздердің өзіндік себептері барына сенімдімін. Өмір болғаннан кейін, тұрмыс құрып болмаса үйленіп жатқандары болар...
– Өзіңіз де білесіз, қазір еліміздің, әсіресе ауылдық жерлерде дәрігер тапшылығы сезілуде. Бұл мәселені шешуге сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Ауылдағы маман тапшылығы жалғыз медицина саласында ғана бар мәселе емес. Бұл мәселені мен ауылды көтеру саясатымен тығыз байланысты деп санаймын. Жасы 22-24-ке енді келген жас мамандарға «ауылға барыңдар» деп қалайша қолқа саламыз? Не дайын тұрған баспанасы, не бір дұрыс жалақысы болмағаннан кейін ауылдық аймақтың бұл мәселесі дауасы жоқ дерттей болып отыр емес пе?! Бар болғаны 50 мың теңгелік жалақымен мына заманда күн көру де оңай емес. Әлеуметтік жағдай жасалмаған мекенде мына заманның азаматы тұра алмайтыны ешкімге де жасырын емес. Сондықтан ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін, ең алдымен, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет деп есептеймін.
– Бүгінгі таңда дәрігерге қатысты шағым көбейіп барады. Сол себепті де «Дәрігер мен науқастың арасындағы келісімшарт жасау керек» деген ұсыныс айтылды. Қалай ойлайсыз, мұндай келісімшарт медициналық көмек сапасын арттыра ала ма?
– Расында да, бүгінгі таңда дәрігерге қатысты шағым жиі айтылатын болды. Бір өкініштісі, ең бастысы, мына бір мәселе көп қозғала бермейді. Ол – науқастың құқығы және дәрігердің құқығы. Неге екені белгісіз, бұл тақырыпты көтергісі келетіндер де тым аз. Шындығына келгенде, қазіргі дәрігер де, емделуші де өз құқығын білмейді. Бүгінгі қазақы қоғамның құқықтық сауаттылығы ақсап тұр. Бәлкім, өзіңіз айтып отырған дәрігер мен науқастың арасындағы келісімшарт осы бір үлкен мәселені шешудің алғашқы қадамы, алғышарты шығар. Жалпы, дәрігердің құқықтық сауаттылығын о бастан, яғни жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген кезде-ақ қолға алу керек. Осы мақсатта Қазақ ұлттық медициналық университетінен арнайы «Медициналық құқық» кафедрасын аштық. Өз басым дәрігер тек адам емдеуді ғана емес, құқықтық жағынан да білімді болуы керек деп ойлаймын. Тіпті құқықтық сауаттылықты медициналық қызметтің сапасымен де тығыз байланыстыруға болады. Мысалы, Еуропада «кепілді мөлшер» деген ұғым бар. Демек, ол шамада емнің түрі, өлшемі белгіленеді. Яғни ем беруші мен емделушінің арасында да артық әңгіме, сұрақ, мәселе, келеңсіздіктер орын алмайды. Біздің де осы іспеттес стандарттарды, тәртіптерді игергеніміз дұрыс болар еді.
– Айқан аға, біздің елде жекеменшік медицина мен отандық медицина бәсекелес бола ала ма? Әлде серіктес болғаны дұрыс па? Халыққа қайсысы тиімді деп есептейсіз?
– Қазақстандық медицинада, оның ішінде мемлекеттік медициналық нысандар кейбір салаларды толығымен қамти алмай отыр. Атап айтар болсақ, стоматология, косметология және тағы да басқалар. Керісінше, жекеменшік медицинада мұндай салалар жақсы дамыған. Қазіргі таңда жекеменшіктердің отандық медицинадағы үлесі 15%-дан асып барады. Демек, біздің мемлекеттік медициналық мекемелеріміз бен жекеменшік медициналық нысандар бірін-бірі толықтырып, бір-біріне қолғабыс жасап отыр. Жалпы, бәсекелестіктің әрдайым бір жақсы жағы бар, ол – сапа. Егер жекеменшік медицина мен мемлекеттік медициналық ұйымдардың арасында мықты бәсекелестік орнайтын болса, бұл отандастарымызға тек жақсылық, пайда әкеледі, медициналық қызметтің сапасы артады. Осы тұрғыда бір мысал келтіре кетейін, осыдан бірнеше жыл бұрын гемодиализбен емдеу бойынша мемлекеттік тапсырысты тендерлік байқаумен бөліп беруге конкурс жарияланғанда, мемлекеттік мекемелермен қоса, жекеменшік орталықтар да бақ сынасты. Тіпті сол тапсырыстың 25%-ға жуығы жекеменшік медициналық орталықтарға табысталды. Біраз уақыт өткеннен кейін емделушілердің басым бөлігі жекеменшік гемодиализдік орталықтарға ағыла бастағаны белгілі болса бастады. Оның себебін анықтау мақсатында тексеріп қарасақ, кәсіпкерлер науқастарға өздері хабарласып, медициналық қызметке қосымша «арнайы көлік жіберіп, науқасты үйінен алып келіп, үйіне апарып тастайтын» деген сияқты қызметтерді ұсынады екен. Сонымен қатар тегін ыстық тамақ беріп, жеңілдіктер қарастырып, емделушілердің санын арттырады. Қарап тұрсаңыз, еш жамандығы жоқ, медициналық қызметтің құны да бірдей, мемлекет төлеп беріп отыр. Кейін мемлекеттік мекемелер де қосымша қызметтер ұсынып, науқастарға жайлылық сыйлай бастады. Мұнымен айтпағым, егер бәсекелестік дұрыс жолға қойылса, біздің ұтарымыз көп. Қазір елімізде медициналық портал жүйесі жақсы жұмыс істеп жатыр. Науқас сол порталға кіріп, тіркеліп, емделгісі келетін орталықты өзі таңдай алады. Толық емделіп шыққаннан кейін мемлекет сол орталыққа қызмет ақысын аударады. Жалпы, әлемдік тәжірибе бойынша азаматтардың медициналық қызмет қажеттілігінде таңдауы болғаны дұрыс.
– Медициналық сақтандыру мәселесіне көзқарасыңыз қалай? Егер толығымен сақтандыру жүйесіне көшсек қалай болады?
– Бізде 1995-1998 жылдары медициналық сақтандыру жүйесі болған. Бірақ ол заманғы экономика да мүлдем бөлек еді. Әлемдік қаржылық дағдарыс белең ала бастаған сәттен бастап бұл жүйе де біртіндеп жойыла бастады. Десек те, қазіргі таңда бізге медициналық сақтандыру жүйесін қайта қалпына келтіру керек. Неге десеңіз, ортақ жауапкершілік болмаған жерден ауызбіршіліктің ауылы алыстай береді. Науқас науқастанғаны үшін толықтай мемлекет жауап беруге міндетті емес. Қарапайым халық өз денсаулығына деген жауапкершілікті жете түсінбейді. Себебі қандай да бір дертке шалдықса, мемлекеттің қаржысымен ем алатынын біледі. Ал медициналық сақтандыру – дәрігерлік қызмет аясын бір ретке келтіретін жүйелі реформа. Адамның денсаулығы мен оның салауатты өмір салтын ұстануына жалғыз медицина себепші бола алмайды. Саламатты өмір сүрудің тең жарты талабын адам өз бетінше орындауы тиіс. Мысалы, шылым шекпеу, ішімдік ішпеу, мерзімінде дәрігерлік тексерістен өту, дұрыс тамақтану деген сияқтылардың барлығын орындау адам баласының өз қолында. Бүгінгі таңда не бір азаматтың, не бір жұмыс берушінің мойнына азаматтардың денсаулығын сақтау, қадағалау талабы жүктелмегендіктен, жалғыз Үкіметтің бюджеті бұл жауапкершілікті өз мойнына алып отыр.
– Сіздің ойыңызша, біздің әлеует бір адамға медициналық сақтандыруға қандай сомада ақша бөле алады?
– Әзірге біздің елде медициналық сақтандыруға мүлдем ақша бөлінбейді, бірақ бұл жүйе қайта жүзеге асатын болса, бір адамға 400 АҚШ долларын бөлуге мемлекеттің әлеуеті жетеді деп ойлаймын.
– Отандастарымыздың 90 %-ының мезгілдік медициналық тексеруден өтуге уақыты жетпейді екен. Ал өзге елдерде мұндай тексеріс заңды түрде міндеттелген. Біз жұмыс берушілерімізге мұндай талапты қоя аламыз ба?
– Егер біздің елде медициналық сақтандыру саясаты жұмыс істейтін болса, біз жұмыс берушілерге отандастарымыздың мезгілдік медициналық тексеруден өтуіне уақыт беруін міндеттей аламыз. Біріншіден, мекеме өз ұжымын толықтай профилактикалық тексерістен өткізеді, екіншіден, қызметкері науқастанып қалса, емделу ақысының белгілі бір мөлшерін төлейді.
– Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осыдан бірнеше ай бұрын мектептерге медициналық сауаттылық пәнін енгізу керек дегенді айтты. Осы орайда сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Кезінде мұндай пәндер болған. Мысалы, ол пәнді «валеология» деп атадық, кейіннен «саналогия» болып кетті дегендей. Бұл пәндердің төңірегінде біршама қарсы көзқарастар мен ойлар айтылып, көптеген мектептердің білім беру бағдарламасынан алынып тасталды. Ал, негізі, мектептерге медициналық сауаттылық пәнін енгізу керек. Өз басым бұл пәннің атауы қалай болса да, бірінші сыныптан оқытылуы керек деп есептеймін. Әрине, мектеп табалдырығын аттай сала бүлдіршіндеріміз анатомияны оқысын демеймін, бірақ күнделікті өмірде қолданылатын, мысалы, тұмауратқанда ішуге болатын дәрі-дәрмектердің атауын білу артық етпейді.
– Қалай ойлайсыз, науқастың дәрігерге беретін «сыйақысын» заңдастыру керек пе? Дәрігерлердің айтуынша, науқастар дәрігерлерге ризашылық көңілмен ақшалай сыйлық беріп жатады, ал құқық қорғау органындағылар оған «пара» деп қарайды екен.
– Екі адамның арасындағы қарым-қатынасқа бола арнайы заң жобасын дайындау дұрыс болады деп есептемеймін. Сыйлық беру, ризашылық білдіру – адамның өз қалауы, өз сезімі. Мысалы, жүкті әйел босанып, жүктілігі кезінде көп көмектесіп, қасында болған дәрігерге алғысын білдіремін десе қалай кедергі болмақпыз? Әрине, гүл шоқтары, тәттілер деген сияқты сыйдың түрі ешкімге де секем келтірмейді, бірақ ақшалай сыйлықтың медицина саласында болмағаны абзал. Ақша араласқан медицина медицина емес, саудаға айналады. Маған ондай ризашылыққа «сый» деп қарағаннан гөрі құқық қорғау органдарының «пара» деп қарағаны көбірек ұнайды. Мысалы, медицинада эвтаназия деген бар. Бұл – ұзақ уақыт бойы дерттен айыға алмай, адам болып кетуіне үміті жоқ адамдарды қолдан о дүниеге аттандыратын сала. Бірде еуропалық дәрігер ғалымның осы эвтаназияға қатысты айтқан пікірін естідім. Ол «Біз дәрігерге адамның өмірін алып қалуды үйретеміз, адамның өмірін алуды емес», – дейді. Дәл сол сияқты біз дәрігерлерге адам емдеуді үйретеміз, ақша алуды емес. Ол – дәрігердің міндеті, жұмысы, сол еңбегі үшін ол онсыз да жалақы алады. Шыны керек, соңғы 15 жылда халықтың психологиясы өте үлкен өзгеріске ұшырады. Қазір «нарықтық психология» деген ұғым бар. Бірақ бұл ұғымға келгенде түсінігіміз осал. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау саласы нарық десе, барлығын ақшамен өлшейтін халге жеткен. «Нарықтық экономика» дегеннің өзі жалғыз ақша емес. Оның ішінде рухани, мәдени және ұлттық құндылықтың барлығы да бар. Қадыр Мырзалиев ағамыз айтпақшы, «Қазағымның бір қайнауы ішінде». Мен отымыз өшті демеймін, бірақ нарықтық экономика мен нарықтық психологияны дұрыс түсіне білу үшін бір қайнауымыз жетпей тұрған сияқты.
– Шыны керек, қазір кез келген ауру жасарып барады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Әлемде түрлі жұқпалы аурудың да, қатерлі ісіктің де кейбір түрі көбейіп, кейбірі мүлдем жоғалып кетіп жатыр. Ал бұрын-соңды аты аталып көрмеген қатерлі дерттердің жасаруына қазіргі қоршаған орта, жұтып жүрген ауа және өмір сүру сапасы тікелей байланысты болып отыр. Бұл жерде де әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы аса маңызды.
– Қазақстанда болашақ дәрігерлерді даярлайтын жеті оқу орны бар екен. Соның бірін өзіңіз басқарып отырсыз. Қалай ойлайсыз, жалпы, келешек дәрігердің ақылы оқуы дұрыс па? Оның үстіне жемқорлық мәселесі де осы медициналық оқу орындарының төңірегінде жиі кездесетін болып жүр...
– 90-жылдары еліміздің әлеуметтік жағдайы аса нашар болған тұстарда ақылы негізде оқыған болашақ дәрігерлердің саны 60-70%-ға дейін өсті. Бірақ 2000 жылдарда грант бөлу мәселесі қаралып, қазір біздің 11 мың студенттің 85%-ға жуығы мемлекеттік грантпен оқиды. Ал қалған 20%-ы стамотология және фармация сынды саланы таңдағандар. Гранттың саны аз бөлінген бұл салаға оқуға түсетіндер өте көп. Себебі стамотологтің оқуын бітіргендер жеке кабинеттерін ашып, кәсіптерін дөңгелете алады. Фармация саласы да дәл солай. Кейін зауыт аша ма, дәріхана аша ма өз қолдарында. Бір сөзбен айтқанда, осындай бірді-екілі саладағы ақылы бөлімдерде студенттер басым, ал, жалпы, қоғамдық денсаулық саласындағы жастарымыз мемлекет есебінен оқиды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты айтарым, шынымен-ақ 1990-2000 жылдары күнкөріс қиындап, пара алатындардың саны көп болған. Бірақ соңғы бес жылдың ішінде бұл мәселені мықтап қолға алып, жемқорлықпен күресті бастап кеттік. Ақыры 1500 студентті оқудан шығарып та жібердім. Кейбір кафедраларды ұстаздарымен қосып жауып тастадық, 10 шақты кафедраны қайта құрдық тағысын тағы. Қазір сауалнамалардың нәтижелеріне сәйкес, 0,6% студент жемқорлық фактілері кездеседі дейді, ендігі арманым соларды тауып, бұл проблеманы түбегейлі жеңсем деймін.
Алашқа айтар датым...
Қазір қазақы қоғам үлкен кезеңнен өтіп жатыр. Нарықтық заман, нарықтық экономика деуден жалығар емеспіз. Шын мәнінде бүгінгі экономиканы нарықтық емес, «псевдоэкономика» деген дұрыс. Себебі сауда араласқан заманда адамдар ақша қуып, адами құндылықтан ада болып барады. Біз қайтадан есімізді жиып, сонау ата-бабалардың салып кеткен сара жолына қайта оралуымыз керек. Қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, көне тарихы ұмытылуға тиіс емес. Солардың барлығынан мына заманға лайықтап өз керегімізді алсақ ұтылмаймыз. Бар арманым қазақ қазақтығын сақтап, өзіне тән ерекше қасиеттерінен ажырамаса екен?! Қазақ бәрібір орыс та, ағылшын да бола алмайды, сондықтан әр ұлттың тек жақсылығын көріп, жақсысын үйренсек, әлі талайларды басып озарымыз анық.
Бір тілек
Бүгінгі таңда дәрігер мен науқастың арасында келіспеушіліктер көп кездеседі. Айтарым, қоғам қандай болса, дәрігер де сондай, жамағат. Ғабит Мүсірепов айтпақшы, «Малым — жанымның садағасы, жаным— арымның садағасы». Дәрігер де халықтың ар-ұятына, сана-сезіміне қарай бейімделіп, дәл солай жауап береді. Ал дәрігеріне сенім артпаған халыққа дәрігер қалай сенбек?! Қаншама үлкен еңбек етіліп жатса да, өмірдегі бірен-саран келеңсіздікке бола ақ халаттыларды қаралауымыз дұрыс емес. Елімізде бір жылда 160-170 мың адам қаза болады, бірақ дәрігерлер дәл сондай 160-170 мың адамның өмірін сақтап қалады. Дәрігер жетіспеушілігінің кесірінен, екі жерде жұмыс істейтіндер де көп. Таңның атысынан кештің батысына дейін қызмет ететін ақ халаттылардың қағазбен жұмыстары тағы бар. Сондықтан әрдайым түсіністікпен қарап, дәрігерлеріміздің еңсесін көтеріп, дәрежесін биіктету өз қолымызда!