АҚШ – Қазақстан әріптестігін дамытудағы болашағы зор сала – ғылым мен технология
Кеннет Фэйрфакс, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Елші мырза, Қазақстандағы жұмысыңыздың басталуы еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Жалпы, осы аралықтағы Қазақстан – АҚШ арасындағы қарым-қатынасына кеңінен тоқталып өтсеңіз.
– Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Қазақстан-Америка екіжақты байланысы орнауының 20 жылдығында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарып отырғаныма шексіз қуаныштымын. Америка Құрама Штаттары 1991 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін бірінші болып ресми түрде таныған сәттен бастап біздің қарым-қатынастарымыз өзара ынтымақтастық пен жақын достыққа негізделіп келеді. Тәуелсіздік алмас бұрын-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын ресми түрде жапқан сәттен Қазақстан ядролық қаруды таратпау ісіндегі көшбасшыға айналған болатын. Әлемдегі қауіпсіздікке деген сол ынта-жігер Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінен бастап-ақ жалғасын тауып, ядролық қаруды таратпау және оның таралуына қарсы күресу жолындағы АҚШ–Қазақстан ынтымақтастығынан көрініс тапты. Шамамен 20 жыл бұрын жүзеге асырылған «Сапфир» жобасынан бастап, жуырда аяқталған Ақтаудағы БН-350 реакторындағы байытылған ядролық отынды көшіру шарасына дейінгі аралықта Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан баршамыздың қауіпсіздігімізді арттырудағы әріптестерге айналды.
Ядролық қаруды таратпау – біздің елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастықтың бір саласы ғана. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан соң, бірнеше айдың ішінде АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі – ЮСАИД денсаулық сақтаудан бастап, халықаралық қаржыландыруға дейінгі мемлекеттің алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуде мемлекетке қолғабыс тигізу үшін осында келді. Қазір, 20 жылдың белесінен қарар болсақ, көмек көрсетумен басталған бұл қарым-қатынас нағыз әріптестікке айналды, соның бір көрінісі – ЮСАИД пен Қазақстан Үкіметі бірлесіп қаржыландырған және өте сәтті түрде жүзеге асқан «Экономикалық даму бағдарламасы». Бейбітшілік корпусы да Қазақстан Тәуелсіздік алған соң, көп ұзамай осында табан тіреп, мыңдаған оқушының ағылшын тілін және басқа да мамандықтарды жетік меңгеруіне көмектесті, мыңнан астам ерікті АҚШ-тағы үйлеріне оралып, Қазақстандағы бейресми ізгі ниетті елшілер ретінде еңбек етіп жүр.
Ынтымақтастық орнатқан салаларды тізе берсең таусылмайды. Әскери саладағы, табиғатты қорғау, денсаулық сақтау, музыка салаларындағы әріптестік туралы ауыз толтырып көп айтуға болады. 20 жыл ішінде АҚШ–Қазақстан қарым-қатынасының терең тамыр жайғаны сондай, америкалық пен қазақстандықтың өнер саласынан бастап, зоологияға дейінгі аралықтағы түрлі салаларда бірлесе жұмыс істеп жүргенін күн сайын көруге болады.
20 жыл ішінде Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалық етіп, жұрт мойындаған әлемдік көшбасшы дәрежесіне көтерілді. Ауғанстандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене қатысу арқылы және Астанада Халықаралық байланыс тобының кездесуін өткізу арқылы Қазақстан өзінің көшбасшылық рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. Келесі жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өтетін Дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік форумында да Қазақстан өзінің жетекші рөлін паш етеді деп сенемін.
– Елші ретінде екі мемлекет арасындағы қандай салаларда ынтымақтастықты кеңейту керек деп ойлайсыз?
– Жоғарыда атап өткенімдей, біз қазірдің өзінде көптеген салаларда белсенді әріптестік орнатқанбыз. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан болашақта бұдан да тығыз ынтымақтасса дейтін салалар да өте көп, солардың тек бірнешеуіне тоқталып өтейін. Қазақстан күн сайын дамып келе жатқан ел болғандықтан, осы әріптестік табиғатты қорғау, су ресурстары, энергетика, әйелдер мәселелері сияқты салалардағы жобаларды бірлесіп қаржыландыру бағытында жалғасқанын көргім келеді. Екіжақты әріптестікті дамытуда бұдан да үлкен болашағы бар және бір сала – ғылым және технология. Қазақстан – АҚШ-пен ғылым және технология саласындағы екіжақты әріптестік туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел. 2011 жылы ғылым саласы бойынша жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалардың бірнеше сапары жүзеге асты. Екіжақты ғылыми әріптестік бойынша жұмыс тобы өткен жылы алғашқы отырысын өткізіп, ынтымақтастықтың қосымша мүмкіндіктерін талқыға салды.
– Сіз дипломатиялық қызметті ертеде бастадыңыз. Тіпті ол кезде әлі әлемде биполярлы жүйенің өмір сүріп тұрған кезі еді. Әлемнің көптеген елдерінде болдыңыз, тіпті әрбір құрлықта десек те артық айтқанымыз емес. Сол мемлекеттермен салыстырғанда Қазақ елі мемлекетінің, халқының қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
– Әлемдегі халықтар арасында өзгешеліктерден гөрі, ұқсастықтарды көбірек байқадым дер едім. Жалпы алғанда, барлығы адамның негізгі құқықтарын, отбасы мүшелері мен достарының денсаулығын, қауіпсіздігін және бақытын алғашқы орынға қояды. Ата-аналар балаларының білім алуына және денсаулығын күтуіне көбірек мүмкіндік жасалғанын және экономикалық жағдайдың жақсарғанын, сол арқылы отбасына көбірек мүмкіндік жасалғанын қалайды, бақытты болашаққа қол жеткізуді қалайды. Мен тілдескен қазақстандық студент жастар әлемнің әр түкпірінде пікірлескен студенттерге ұқсайды. Олар жігерлі әрі өздеріне, отбасылары мен елдеріне жарқын болашақ сыйлауға ниетті. Олардың болашаққа деген энтузиазмы мені де қанаттандырады.
– Сіз экономикалық кеңесші қызметтерін де атқарғансыз.
20 жылда қол жеткізген Қазақстан экономикасының жетістіктерін қалай бағалайсыз?
– Қазақстанның экономикалық жетістіктері көз қуантарлық. Қазақстан табиғи ресурстарға бай екені рас, бірақ ол ресурстардың жер қойнауында миллиондаған жылдар бойы босқа жатқаны және рас. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сол байлық Қазақстанның әрбір қарапайым азаматының жағдайын жақсартуға көмектесе бастады. Бар болғаны 20 жылдың ішінде Қазақстан табысы орташа елдердің қатарына қосылды, елдің ендігі мақсаты – әлемдегі бәсекеге қабілетті жетекші 50 елдің санатына кіру. Бұл – құрылғанына 20 жыл ғана болған ел үшін тамаша жетістік және үлкен асу.
Болашаққа бағытталған бұл жоспар да аса маңызды. Қазақстан осыдан 20 жыл бұрын нарыққа негізделген экономикасын қалыптастыруға кірісіп кетті. Көптеген реформалар қазірдің өзінде іске асып үлгергенімен, оның әлемдегі бәсекеге қабілетін арттыру үшін Қазақстан жемқорлықтың зиянды салдарын жою мақсатында бұрынғыдан да ірі реформаларды қолға алып, бұрынғыдан да батыл қадамдарға баруы керек. Премьер-министр Кәрім Мәсімов жақында мәлім еткеніндей, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бірнеше негізгі принциптеріне мойынсұнар болса, бұл әлемдік деңгейдегі экономиканы құру жолындағы шешуші қадам болар еді.
– Араб әлеміндегі соңғы оқиғаларға әркім әртүрлі баға беріп жатыр. Дипломат ретіндегі сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Біз Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы тарихи өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Бұл – өте күрделі өзгеріс, дегенмен, ол – бүкіл аймаққа бейбіт әрі қауіпсіз өмір сыйлайтын үлкен мүмкіндік. Ақыр соңында арабтардың шынайы әрі баянды өзгеріске деген ұмтылысы халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлетін заңды өкіметтердің билікке келуіне мүмкіндік береді деп сенемін.
– Жалпы, сарапшылар Каддафидің көзін жойған Ливия халқы ертегідегідей күн кешеді дегенге сенбейді. Керісінше, Ауғанстан, Ирак сияқты мазасы қашып, тұрақсыздық аймағын кеңейте түседі деген пікір қалыптастырып келеді...
Сіз не дейсіз?
– АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі бола тұрып, басқа бір елдің болашақ жолы туралы пікір айтқан жараспас. Десе де, Ливияның болашағы туралы тұжырым жасауға әлі тым ерте деп ойлаймын. Ливия қазір мемлекетін қайта құру және үкіметін қайта жасақтау процесін бастан өткізіп жатыр. Мемлекет құру – уақытты және өзгерісті талап ететін шаруа. Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Америка Құрама Штаттары, оған көмек қолын созудан аянбай келеді.
– Батыс қоғамында исламофобия қалыптасқаны жасырын емес.
Тіпті 2001 жылғы әйгілі террактіден кейін өршіп кетті десе де болады. Өзіңіз ислам әлеміне мүше мемлекеттерде қызмет істеп жүрсіз. Қарапайым азамат ретінде айтыңызшы, мұсылмандар шынымен де қауіпті ме?
– Бізде, Америка Құрама Штаттарында, дінге қысым жоқ және барлық дінге толеранттылықпен қарайды. Меніңше, жер бетіндегі діннің бәрі бізде бар. Дінге деген бұл құрмет біздің ұлттың қалыптасуынан бастау алады және ол біздің Конституциямызда әу бастан ерекше қастерленеді. АҚШ-тың Конституциясына 1791 жылы енгізілген алғашқы түзетуде: «Конгресс діннің бекітілуі туралы немесе оны еркін ұстануды шектейтін заң қабылдай алмайды», – делінген. Жантүршіктірерлік 11 қыркүйек оқиғасы кезінде халық жан-жақты саралап, біздің мемлекетте мұсылмандардың қаншалықты лайықты рөл ойнап отырғанын түйсінудің орнына үрейлене жауап қатты, бұл түсінікті де еді. Меніңше, уақыт өте келе, Президент Авраам Линкольннің «біздің болмысымыздың ең жақсы періштелеріне» деген сенімі алдамаған сияқты. Ол бізді дағдарыс арқылы алып өтіп, жол бастады. Қазіргі уақытта АҚШ-та діндер арасындағы түсіністік артып келеді. Төзбеушілікті насихаттайтын америкалықтар әлі де бар болғанымен, халықтың басым бөлігі оларға назар аудармайды. Дін бостандығын қорғау АҚШ-тың өз ішіндегі және бүкіл әлемдегі саясатының басты қағидасы болып қала бермек. Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон мұсылман қауымдастықтарымен әйелдер істері, кәсіпкерлік, ғылым және технология, білім беру және кәсіптік алмасу бағдарламасы салаларында өзара түсіністік пен ынтымақтастық орнатуға күш салатынын анық аңғартты.
– Қазақстан көршілес, әріптес мемлекеттермен бірігіп кедендік одақ құрды. Бұл үш мемлекеттің интеграциясы Еуразиялық Одақтың бастамасы деп қарап жатырмыз. Бұл ұлтүстілік ұйымның болашағы қандай болады, оған АҚШ-тың көзқарасы қалай?
– Менің байқауымша, Кедендік одақтың ережелері қалыптасу үстінде, ал ортақ экономикалық кеңістіктің көп тұстары әлі де пысықталып жатыр. Сондықтан дәл қазіргі уақытта оның нәтижесі қандай болатыны туралы пікір айтуға асықпас едім...
Өмірдерек
Кеннет Фэйрфакс – жоғары дәрежелі дипломат. Ол дипломатиялық қызметін 1987 жылы бастаған. Осы жылдар аралығында Кеннет Дж. Фэйрфакс АҚШ-тың Ирактағы елшілігінде экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі; Вьетнамдағы, Польшадағы Бас консулдықтарда қызмет атқарды. АҚШ-тың Украинадағы елшілігінде экономика жөніндегі кеңесші, АҚШ-тың Канададағы Бас консулдығында миссия жетекшісінің орынбасары болған. Ресейдегі елшілікте қоршаған ортаны қорғау, ғылым және технология жөніндегі офис қызметкері, Оңтүстік Кореяда, Сеулде консул қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Оманда жұмыс істеген. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі ядролық материалдар жөніндегі басқармада және Ресей, Украина және Еуразия жөніндегі басқармада директор болды. Кеннет Фэйрфакс Мемлекеттік департаменттің халықаралық дәрежедегі үш бірдей марапатына ие.