Ән де математика секілді, өз формуласы бар, бірақ қазіргі композиторлар сол формуланы мойындамайды

Әбдірахман АСЫЛБЕКОВ, ақын:

– Аға, осы сіздер кезінде атағынан ат үркетін ақындардың қасында өлең­дері­ңізді оқуға именіп, алдымен аға буынның ақ бата­сын алмайынша өз­де­ріңізді ол кісілер­дің санатына қоса ал­майтынсыздар, солай ғой? Себебі ал­дымен мәртебелі поэзияға, сосын ақынға деген құрмет, оған қоса, «үлкен тұрып, кіші сөйле­мей­тін» қазақы ізет бар еді ол заманда. Ал қазір, керісінше, табалдырық деген­ді білмейтін жас ұрпақ пайда болды, олар өзінің ши­май-шатпағын  ешкім­нен рұқсат та сұ­ра­май, қазақтың ән әле­міне бірден ен­гі­зеді де жібереді. Сан жылдар қазақ әніне сөз жазып келе жатқан ақсақал, Сізге бұл қалай тиеді?
– Қазіргі мен бұрынғы әндер дегенде, мен «қазіргі ақындар нашар» немесе «ақын жоқ» деуден аулақпын, мәселе – бас­қада. Бұрынғы әндер неге сапалы, себебі ең біріншіден, ол кезде көркемдік кеңес деген болатын. Оның құрамында му­зыканттар­дан бастап, әншілер, ақындар және компо­зиторлар болатын, яғни тұтас ән жасаушы топ қой. Әрине, содан соң ақын мәтінін, композитор әуенін, әнші ор­ын­да­луын қадаға­лайды да, барлық жағы­нан сүзгі­ден өт­кен туынды ғана эфир деген қас­терлі ме­кен­ге жолдама алу бақытына ие бола­тын. Қазір әннен қалай сапа кет­песін, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қал­мады ғой, яғни көркемдік кеңес тарап кетті. Мүмкін, бар шығар, бірақ қайда, қа­лай, кімдер өт­кізіп жатыр, ол жағы бей­мәлім. Ал эфирдегі сіз айтқандай сапасыз ән­дер көркемдік ке­ңес­тің емес, кейбіреудің беделі, мүмкін, бі­реу­дің қалтасы арқылы өтіп жатыр... Жал­пы, әнге сөз жазу деген өте қиын нәрсе.
–Біз жазба ақынын да, айтыскерді де, әнге сөз жазатын адамды да тұтас ақын дейміз ғой, ал орыстар «поэт-песенник» деп бөліп айтады. Осы әнге сөз жазудың кәдімгі өлең жазудан не айырмашылығы бар? Несімен қиын?
 – Өзі оңаша өлең жазатын ақынға шектеу жоқ, ол тәуелсіз, буын саны, ырғақ дегенге бағынуға тиіс емес, ал әнге сөз жазатын ақын осындай шарттарға бай­лаулы. Бір ғажабы, қазақта әнге арнап жаз­баса да, сөздері еріксіз ән тудырған бір ғажайып ақын болса, ол – Мұқағали. Ол ешқашан әлдебір композитордың тапсы­рысына қызмет еткен жоқ. Өз жүрегіне ғана бағынды. Алайда сол сөздерінің өзі-ақ әндетіп тұрды-ау шамасы, композитор­лар кеудесінен де әуен еріксіз төгіліп түсті. Композиторға да жақсы, себебі дайын өлең, оған пікір қалыптасқан, ел жатқа біледі, жүрекпен сүйеді ол сөздерді. Ал енді қазіргі ақындарға қиын, «менде осын­дай өлең бар еді, ән шығаршы» деп ком­позитордың алдына барайын десе, олар оны қабылдай қоймайды, себебі олар поэ­зияға бағынғысы келмейді, керісінше, бағындырғысы келеді. Оған жанын қинап, өлеңге әуен шығарғанша, көшеде кетіп бара жатып, ойына келген әлдебір әуенді ыңылдап шығара салу әлдеқайда оңай, әлдеқайда тиімді. Оның тағы бір себебі бүгінде композитор атанып жүргендердің көбі музыкалық сауаты аз, яғни нотадан хабары жоқ адамдар, шыны керек. Ал жақсы, тың ән туу үшін терең музыкалық білім керек. Себебі әннің гармония, сим­фония, полифония секілді көзге көрінбе­ген­мен, өте маңызды элементтері бар. Ол­ар­дың бәрін меңгермей, бірін қалды­рып, екіншісін жартылай ғана қамтыған жерде дені дұрыс ән шықпайды. Бүгінде бірі­нен бірі аумайтын әндер неге көбейіп кетті дейсіз, мәселенің бәрі біздің «ой, ән деген Құдай берген өнер, оған не оқудың қажеті бар, Құрманғазы да қайталанбас күй тудыр­ған» деген бір қыңыр ойды миы­мызға құйып алғандығымыздан. Кешіріңіз, бірақ екінің бірі Құрманғазы емес, осыны ұғынуымыз – шарт. Және ол заман мен бұл заманның ерекшелігі бар, егер өз тұсында музыкалық білім беретін орда болғанда, бәлкім, ол кісі бар, Тәттімбет, Дина – бәрі соның соңына түсер ме еді?.. Мәселе оларда емес, біздің ХХІ ғасырға сай емес, музыкаға келгенде өзі­мізді өткен заман­дарда өмір сүрген ғұ­ла­маларға теңеп, кертартпа мінез көрсе­тетінімізді айтқым келген. Бәрібір оқу-бі­лім­нің жөні бөлек, музыка саласы әсі­ресе осы жағынан ақсап тұр бізде. Қазіргі ком­позиторлардың көбі ырғақ ұстау дегенді білмейді, бір буыны жетеу болса, екіншісі сегіз болып, ақсап тұрғаны. Содан ақын байғұс қиналады. Мұны былай түсіндірсек, айталық сағатына 90 шақырым жылдам­дықпен жүйткіп келе жатқан автокөлік дөң­гелегі кенет бір жерде шұқырға тап бол­ды, бірден тежегішті ба­сып, 30-ға түс­се, не болады? Не төңкері­ле­ді, не жолдан ұша­ды да кетеді. Музыка ыр­ғағын бұзу деген – сол. Ал қазіргі ком­по­зиторлардың көбі осыны түсінбейді және түсінгісі де кел­мейді. Өйткені оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Қазақта ең жаман сөз бар «бетімен кеткен» деген, біздің бүгінгі музыка саласы тап осындай сөзге сұранып тұр. Ол, меніңше, бұл салада әуесқойлар­дың көбейіп кеткенінен сияқты, ақын да, композитор да, әнші де. Себебі консерва­то­рия бітірсе, мұндай шат-шәлекей жаса­мас еді.
– Яғни «Дүние саннан жаралған» деген Пифагор теоремасының жаны бар боп тұр ғой, ән де белгілі бір фор­мулалар мен заңдылықтарға бағына­тын математика сияқты дейсіз ғой?
– Әрине, ән де санға, ән де заңға бағы­на­ды. Математика секілді оның да өз фор­муласы бар. Жалпы, әр нәрсенің өз заңды­лы­ғы бар ғой. Мысалы, күллі ғалам тарты­лыс заңына бағынады. Жер немесе Күн, әйтеуір ғаламшар атау­лы өз жылдамдығы­нан бір секунд тайып кетсе, тіпті ойлаудың өзі қорқынышты. Ком­позиторлар ғана емес, барша адам осыны түсінсе, мына әлем басқаша сипат алар ма еді. Ал енді әнге келсек, мен әлгіндей жүйе­сіздікке шыдай алмай, біршама ком­позиторларға «мынауың тым өрескел, бір буынды алып таста, не біреуін қос» деп оты­рып, жұмыс істегеніміз бар. Ата-баба­дан бері келе жатқан халық әндері бір ырғақта, сон­дай ғажап жазылған ғой. Бір қы­зығы, оқы­маған, музыкалық білімі бол­маса да қазақ бұрын ешқашан іркес-тіркес дүние тудыр­ма­ған, ал қазір?.. «Сен өй­те­сің-бүйтесің» не­месе «келдің, жүрдің, кет­тің» деген әндер қаптап кеткен. Қай қазақта екі буын, бір буынмен өлең бітіп еді? Бітпейді де, себебі ол – біздің табиға­тымызға жат. Бәл­кім, соны әрлеп, өңдеп біл­дірмей, ке­ре­мет қылып жіберем деп ой­лайтын шы­ғар, бірақ оны біліп қоятын мына мен сияқ­ты, бас­қа да көптеген сауат­ты, түйсігі мол адам­дар жетерлік бізде де. Жа­райды, қазақ дей бермей, Батыстың клас­сикалық музыкасын алайықшы, Чайковскийдің не­ме­се Бетховен, Бах, Мо­царт болсын, еш­бі­рінде ырғақ пен буыннан ауытқу жоқ. Әде­мі ғана шеңбер дөңге­ле­неді де тұрады. Сон­дықтан тыңдаған сайын тыңдағың келіп, жансарайың рахаттанады. Себебі ол жүректің лүпіліне негізделген, одан жиі, одан баяу емес. Біздің де әндер сол жара­тылыс заңын а бағынатын, тек ке­йінгі 20 жылдықта неге екені белгісіз, әлгін­дей ай­қыш-ұйқыштар пайда болды да, соған әлі ноқта сала алмай отырмыз.
– Бұл енді әуесқойлықпен бірге кел­ген құбылыс болып тұр ғой, ол қашан ене бастап еді өзі? Және оған бір кез­дері мейлі жол беріп қойдық делік, енді тыйым салуға болатын шығар, қалай ойлайсыз? Тіпті қиын есептің де шешуі болады ғой түбі?
– Тыйым салудың бір-ақ жолы бар, жарайды «консерватория оқымаса» деген талапты қоймай-ақ қоялық, табиғи талант­тарды жоққа шығара алмаймыз ғой, бірақ көркемдік кеңес деген болуы керек, мін­детті түрде. Әуесқойлыққа да көз жұма қа­рар ма едік, бірақ қазір қайда жетелеп ба­ра­ды, біз соны түсінбейтін болдық қой, себебі бізбен санасып жатқан ешкім жоқ. Ендігіде ән бағытын шекара сыртынан шы­ға­рып, көрші елдердің әніне ауыз салу де­ген ерсі болмай қалды ғой. Көршілес өз­бек, қырғыз, әзірбайжан бар ма, Шығыс ән­дері біздің өз әнімізді ығыстырып бара­ды ғой тегі. Олар айтуға жеңіл, ырғағы жыл­дам-мыс. Сосын сол елдерге барып аран­жировка, бейнебаян жасауға да қолайлы. Олар арзан жасайды деп, соған қызығамыз біз. Алайда «арзанның сорпасы татымас» деген бар емес пе, осыны неге ескермеске? Әлде бізде ақша жетпей жа­тыр ма, маман жоқ па? Шүкір, бір кездегі­дей ішер асқа жарымай отырғанымыз жоқ, той көп қазір қазақта. Ол тойлар әншісіз өтпейді, демек, аш қалып жатқан әнші жоқ бізде. Бәріне тойдан нәпақа табылып жа­тыр. Ендеше, сол халықтан тапқан табы­сы­нан халыққа сапалы дүние ұсынсын. Әр ән­ші бір жылда 365 ән жаздырмайды ғой, бір-екеу, ары кеткенде төрт-бес жаңа ән жаз­дырар, ал той маусымында күнде, тіпті бір күнде бірнеше тойға баратын әншілер бар. Жә, біреудің қалтасын санап кетсек, кеші­рсін, бірақ мәселені соған тіреуге итер­мелеп жатқан өздері, халықтың ең құ­ры­ғанда «өз бидайын өзіне қуыруға» жа­ра­май тұрғанына күйеміз де. Шіркін, ұры­лар үстіндегі пиджагын қорқытып ше­шіп әкет­се де қыңқ демей, «өзі кигізген ша­па­нын халқым өзі алады» да деп жүре берген Шәмшілер жоқ қой.
– Қазір кейінгі жазылған ән сөзі бы­лай тұрсын, мейлі, «қазаншының өз ер­кі, қайдан құлақ шығарса да» делік, алайда авторы баяғыда бақилық бол­ған немесе халық әндерінің сөзі не әуе­нін өрескел бұзып айтып жатқандарға не жорық? Осыған қандай жаза беру керек деп ойлайсыз?
– Оның жазасын әуелі халық береді, яғни бір-екі айтар, сосын ұмытып кетеді. Бірақ халықтың бәрі бірдей әнге жоғары талғаммен қарай бермейді, «осылай ай­тылса, солай екен ғой өзі» деп қабыл­дай­тындар да жоқ емес. Сондықтан ән ырға­ғын не сөзін өрескел бұзуға жол бермеу керек, ал оған бағынбағандарды эфирге жі­бермей, концерттерге шығармай, сүзек­тен өткізу керек қой.
– Қазақ өзі кірпияз, тал­ғамы жоға­ры халық емес пе еді, анау-мынауға селт ете қоймайтын, місе тұта қоймай­тын бекзаттық бар емес пе еді қаны­мыз­да? Енді бүгін са­па­сыз дүниелер дүкен аралаған келін­шектерге ұқсап, қазақтың қаласы мен даласын кезіп кетті. Осы бүгінгі ұрпақ талғамының төмендеп кеткенінен бе, әлде талғамды «көндіріп» жатыр ма?
– Біздің мемлекеттік құрылымның бір кемшілігі бар, ол – барлық нәрсенің жеке­шеленіп кетуі. Жалпы, жекеменшік деген жақсы нәрсе емес. Мәдениеті өрістеп да­мы­ған, сана-сезімі сол деңгейге жеткен қоғамда мүмкін ол жақсы сипатқа ие бо­лып жатқан шығар, мәселе біздің оған жете қоймағандығымызда ғой. Үй, мүлік, жалпы айтқанда, жылжымалы және жыл­жы­майтын мүліктерді айтпағанда, бізде арналар мен радиолар жекеменшіктің иелі­гіне өтіп кетті ғой. Міне, солар өз мүд­де­сіне, яғни, кім ақша төлейді, болмаса кім олар­мен қалай тіл табысады, соның тапсы­ры­сын орындайды. Әрине, содан кейін олар үшін халық талғамы деген ұғымның ма­ңызы жоқ. Сондықтан да телеарна, радио де­гендер жекеменшік емес, мемле­кет­тік болуы шарт. Себебі ол кезде бақылау күшті болар еді. Демократияның жөні осы екен деп аузымызға келгенді айта беруге бол­майды. Себебі шынайы демократия ха­лық­тың мүддесіне қызмет етіп, халықтың  кәдесіне жарайтын дүниелерді беруі керек.
– Аға, шынын айту керек, марқұм Тұманбай, Қадыр аталарымыздан ке­йін ақындардың ішінде әнге ең көп сөз жазған сіз деуге де болады. Осы ав­тор­лығыңыздан алған «айлы­ғы­ңыз», яғ­ни қаламақыңыз байлық болмаса да, шайлығыңызға жете ме? Оның кө­ле­мі жұмыс ісемесеңіз де өз басы­ңыз­ды асырауға жете ме?
– Асырауға жетеді деп айта алмаймын, бірақ бір айда жұмыс істеп табатын айлы­ғымның көлемінен көп болмаса, аз емес. Мен себебі осы күнге дейін 300-дей әнге мәтін жазыппын. Оның барлығы бірдей эфирден берілмегенімен, күн сайын төрт-бесеуі шырқалып тұрады. Шетелде болса, мүмкін байып кетер ме едім?.. Бірақ негізі қазақта күнде бірнеше той болып жатыр, әйт­се де соның барлығы қадағала­нып, ав­тор­лық құқыққа бағына бермейтіні өкініш­ті. Егер солардан тым құрыса 100 теңге­ден аударылып тұрса, мен миллио­нерге айна­лып кетер ме едім (күлді). Де­генмен шүкір.
– Аға, сіз сатириксіз де, яғни сахнаға арнап интермедия жазатыныңыз бар. Бүгінгі сатира жайлы не ойлайсыз?
– Сатира не үшін жазылады? Ел-жұртты әншейін арзан күлкіге қарқ қылу үшін емес, ой салу үшін, кемшіліктен жиренту үшін. Мені сатира жазуға итермелеген қоғамда­ғы түрлі кемшіліктер, оларды тура айта бер­геннен жауыр болады. Ал әзілмен түй­реп айтсаң, халықтың өзі түсінеді, әркім өзін тауып, күлетін жеріне күліп, бірақ содан бір сабақ алады. Қазақта Абай да, Махамбет те негізі әжуалап, түйреп жазған, яғни белгілі бір мөлшерде сатирик болды деуге негіз бар. Ал енді орыс ақындарынан Крыловтан өткен мықты мысалшы, сатирик жоқ. Патшаның қаһарынан қан тамып тұр­ған заманында-ақ Крылов адам емес, құрт-кұмырсқа мен ит пен бит арқылы-ақ ол ешкім ашып айта алмаған талай сұмдық, талай шындықтың бетін ашты. Бізде де солай жазып жатқандар аз емес, бірақ соны ешкім оқымай ма, көрсе де көрме­гендей кейіп таныта ма... Әлде арзан күлкі артық болып тұр ма, соған түсіне алмай қалғаным... Жап-жас қыз-жігіттер сахнаға шығып-ақ жатыр, бірақ көбі өтпес пышақ секілді. Қидалап, әзілдің қан-жосасын шығарып қинап жатыр текке, бірақ өткірлік жоқ оларда. Қоғамның жанды жеріне тиіп, түзеп жатқан ешқайсысы жоқ, халық күледі де сол жерде қалады. Бәлкім, автор­лардың көрегендік деңгейі сол ғана ма?.. Екіншіден, жалтақтық ба­сым, артық айтып, біреуге жақпай қаламын ба деп қорқатын сияқты. Батыл үн жоқ. Ал «біреуді тырнап қоям ба, біреуге тісім батып кете ме» де­ген үркектік барда нағыз сатираның тууы мүм­кін емес. Нағыз сати­рик бетің бар, жү­зің бар демей айтып, ті­ліп, осып тастау үшін жазады.
– Шынайы әңгімеңізді рақмет, ша­бы­тыңыз шарықтай берсін!

Алашқа айтар датым...
Қазір қазақ білім де алып, шетелге шығып та жатыр. Бірақ соның «қазағым» дейтіні аз. Ұлттық, елдік намыс деген жетіспейді. Тіл, діл, жер – осы үш нәрсе ғой, мемлекетті, елді ұлтты анықтайтын. Сондықтан менің оларды ойламауым мүмкін емес. Себебі тілім жойылып, сөзім сұйылып, кейінгі ұрпаққа жетпей жатса, ұрпағым өзіме жат боп кетсе, мен не үшін жазамын?!. Мен дегенімде жалғыз өзім емес, жалпы бүгінгі аға буынды меңзеп тұрмын. Расул Гамзатов: «Егер ана тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге бармын», – дейді ғой. Әр қазақтың көкейінде осы ой тұрса, әр адам өз ұлтын солай сүйсе, шіркін! Өкінішке қарай, тіл туралы айтқыштар көп болғанымен, оның шын жанашырлары аз. Тілді түзеуге 10-15 жыл кеңдік беру жөн емес, меніңше, көршілес өзбектер немесе Балтық жағалауы елдері секілді, бірден бетбұрыс жасаған дұрыс. Біз жұмсақтық емес, солқылдақтың танытып жүргенде, өзімізге қатаң үкім шығарып, тілімізден қалай айырылып қалғанымызды байқамай да қалуымыз кәдік! Сондықтан қапы қалмайық!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста