Әлсіздер арасында мықты болғанша, мықтылар арасында әлжуаз болған жөн

 Бақыт ҚАЙРАҚБАЙ, Орталық Азия экономикалық стратегиялар институтының кеңесшісі, техника ғылымының кандидаты, доцент:

– Бақыт Матхалықұлы, былтыр еліміздің ЖІӨ өсімі 1,1 пайызды құрапты. Біз дағдарыстан шығып келеміз деп айта аламыз ба?

– Объективті түрде айтар болсақ, дағдарыс соққысын жұмсарттық. Үкімет банктерге қолдау, бизнеске салықтық жеңілдіктер сияқты жанама көмекті қосқанда, 20 миллиард долларға жуық қаржы құйды. 100 миллиард доллар шамасындағы ЖІӨ-нің бестен біріндей қаржы жұмсалған соң, нәтижесі көрінуі керек қой. Алайда әлемдік нарықта жағдай тұрақты емес, АҚШ, Ұлыбритания тәрізді дамыған елдерде мемлекет қарызы мөлшері күрт артып кетті. Жоғын түгендеу үшін олар облигация шығарып, халықтан қарыз алғалы отыр. Бұрын мемлекеттік облигацияларды сатып алғанда Батыс елдері халқы оның артында үкіметтің бүкіл әлеуеті тұр деп сенімді болатын. Қазір мұндай сенім жоқ. Бұл облигациялар сатылмай, мемлекеттік бюджет жыртығын жамайтын қаржы табылмаса, дағдарыстың жаңа толқыны көтеріліп, Исландия сынды елдер банкрот болуы мүмкін. Дағдарыс аяқталды деуге ерте, барлық елдер экономикасы баяғы қалпына өте баяу оралуда. Түрлі үкіметтер өкілдерінің дағдарыс аяқталды деп мәлімдеуі PR-қадам деуге болады. Олар кәсіпорындардың тынышталып, экономикалық процеске кірісуі үшін айтады. PR тұрғысынан өте жақсы әрекет, бірақ экономикалық объективтілік жағынан бұлай емес. Әлемде әр жерде тұрақтылық аралдары байқалуда. Бірақ бұл өте құбылмалы, аумалы-төкпелі жағдай деу керек.

– Исландия банкрот болған жағдайда бізге қандай әсері болуы мүмкін?

– Біздің экономика шикізат бағасы және сырттан тартылған қарыз тәрізді екі мотормен жүріп келеді. Қазір шетелдер қарыз бермейді, берсе де, құны өте жоғары. Исландия әлде басқа бір ел банкрот болса, халықаралық капитал нарықтары мүлдем жабылады.

– Алайда қазір банктердің өздері сырттан қарыз алуға құлықты емес. Оларда 11 миллиард доллар бос ақша бар емес пе?

– Бізде банктерден өзге нақты сектор да бар. Қазцинк, Қазақмыс тәрізді компаниялар өз әлеуеті арқасында борышты сырттан тікелей алатын. Біздің қаржы жүйеміз олардың қажетін өтей алмайды. Әлемде доллар бағамы нығайып келеді, мұнай бағасы тұрақсыз. Қорыта айтсам, біз дағдарыс шыңырауының түбіндеміз, бірақ жағдайымыз тұрақты. Дегенмен шұңқырдан адымдап-адымдап шығып келеміз деуге ерте. Өйткені өндіруші экономикада белсенділік байқалмайды. 2010 жылы да осындай жағдай сақталады деп ойлаймын.

– Жылжымайтын мүлік бағасы төменгі шегіне жетті ме? Қазір пәтер алуға бола ма?

– Төменгі нүктеге жетті деуге келеді. Пәтер алуға болады. Баға бұдан әрі құлағанның өзінде 10-15 пайыздан әрі түспейді. Қазір Алматының орталығында пәтердің шаршы метрі – 1000-1500, шет жағында 600-800 доллар түрады. Көбік үрленген кездері шаршы метрі 5000-6000 доллардан сатылған зәулім үйлердің бағасы 1500 долларға дейін түсті. Биыл жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік байқала қоймас.

– Құлдыраудың төменгі шегіне жеткенімізді қайдан білеміз?

– Дағдарыс жағдайында ЖІӨ мөлшері өсе беруі мүмкін. Мысалы, былтырмен салыстырғанда өсу қарқыны 10 пайыз десек, ЖІӨ дефляторы минус 12% болса, онда 10-нан 12-ні алсақ, минус 2 пайыз шығады. Рецессия көрсеткіші нөлге теңессе, қаржы нарығы аз-маз тұрақтанды деуге болады. Әлемдегі барлық үкіметтер банктерді қолдауға көп ақша құйды, олардың көбінде бюджет тапшылығы болады. Сондықтан мемлекеттік құнды қағаздар шығарып, оны жарнамалай бастады, шыңыраудан көтеріліп келеміз деген мәлімдемелер де айтылып қалады. Анығында, экономика тұрғысынан келсек, бұлай емес. Мұны халық қолында қаржысын шығарсын, мемлекетке қарызға берсін деген мақсатта айтады. Экономика қарқыны әлі де төмендей түседі. Батыс елдеріне ендігі қауіп әлеуметтік тұрақсыздық жағынан келеді. Әлемді бір-екі, тіпті үш жылға дейін жұмыссыздық жайлауы мүмкін. Жұмыссыздар көп болса, тұрақсыздық күшейеді. Сондықтан барлық үкіметтер жұмыс орындарын ашуға тырысады. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры басшылары 2010 жылы экономикалық өсім бола ма деп үміттеніп отыр. Бұл дағдарыстың ерекшелігі – бүкіл жер шарын шарпығаны. Бұдан бұрынғы дағдарыстар аймақтық деңгейде болған еді. Экономикалық дағдарыс илеуінен бірінші болып Үндістан мен Қытай шығуы мүмкін. 1 миллиардтан астам халықтың ішіп-жемі мен күнделікті қажеті тиімді тұтыну көрсеткішін қамтамасыз етеді. Қытайда 2009 жылы ЖІӨ өсімі 8,5 пайыз болды. Олардың жұмыссыздықты көбейтпес үшін өсімді бұдан төмендетпеуіміз керек деген мақсаттары бар.

– Бізде ресми статистика бойынша еңбекке қабілетті азаматтардың 8 пайызы жұмыссыз. Бұл көрсеткіш қаншалықты өсуі мүмкін?

– Меніңше, ресми емес жұмыссыздық көрсеткіші – 20 пайыз, бұл 30 пайызға дейін жетуі мүмкін. Құрылыс, қаржы саласында қысқартулар болып өтті. Енді қызмет көрсету салалары, шағын және орта бизнесте жұмыстан босатулар көп болады. Өйткені жұрттың табысы кеміген соң, тауар мен қызмет өтімділігі азаяды. Өнім өтпеген соң, табыс болмай, қысқарту жүреді.

– Үкімет өкілдері халықтың қолында 1 миллиардтай доллар бар деген болжам жасады. Елдің бәрі жұмыссыз қалып жатса, бұл ақша кімде сонда?

–Халық бұрыннан ақша жинап үйренген. Банктерде мынадай тұрақсыздық болған соң, ақшасын доллар немесе евро түрінде үйде ұстап отырғандар көп. Меніңше, елдің қолында жоқ дегенде 1 миллиард доллар бар. Бірақ бұл қаржының қандай жолмен табылғанын айта алмаймын. Ондай зерттеу жүргізбедік.

– Тұтынуды арттыру үшін не істеуге болады?

– Меніңше, бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақысы, зейнетақы, шәкіртақы, өзге де әлеуметтік төлемдерді өсіру керек. Сонда олар қызмет пен тауар сатып ала бастайды, бұл шағын бизнестің көрігін қыздырып, жұмыс орындары сақталып қалады. Несиелерді қайта қаржыландырғаннан көп қаржы кетеді. Бірақ мультипликативті әсері өте жоғары болмақ әрі әлеуметтік маңызы өте зор.

– Бұл дағдарыстардың туынды құнды қағаздар кесірінен жеті-сегіз жылда бір қайталанатыны мәлім болды. Ешқандай еңбек істелмесе де, қор биржаларындағы борыштық құнды қағаздар өсімі үстіне өсім қосылып саудаланып жатады. Тіпті сақтандыру келісімшартының өзі кепілдікке қойылып, қарыз тартылған оқиғалар кездеседі, Wall Street жайындағы кітаптардың бірінде ауадан миллиондаған ақша жасалатынына брокердің өзі таңғалатыны жазылған. Дағдарыстан кейін өсім болып, тағы мұрнымыз жер сүзе құлап жатқанша, туынды құнды қағаздарды шектеген жөн болмас па еді?

– Бұл мүмкін емес. Өйткені бұл ғаламдық нарықты шектеуге үкіметтердің ауызбіршілігі жетіспейді. 70-жылдары валюталардың еркін бағамын реттейтін Бреттон-Вудс жүйесі енгізілгенде атақты экономист Джеймс Тобин осы көбіктердің болатынын сол кезде-ақ болжаған еді. Тарихтағы ең алғашқы қаржы дағдарысы XVII ғасырда болды. Ұлыбритания монета сарайын басқарған, әрі биржа саудасына белсенді түрде қатысқан Исаак Ньютон елеулі дәулетінен айырылды. Ол «планеталар қозғалысын есептеп шығара аламын, бірақ адамдардың ақылсыздығына миым жетпейді» деген екен. Уильям Тобин 80-жылдары спекулятивті капитал ағыны бір сәтте Нью-Йорктен Токиоға немесе басқа қалаларға ауысатын алапат күшке айналатынын болжап, оны тежеу үшін транзакциялық салық енгізу керек деген ұсыныс айтты. Оның мөлшері – 1 пайыздың жүздеген бөлігі. Транзакция дегеніміз – мәміле. Мөлшері кіші болған соң, нақты сатып алу-сату келісімдері үшін бұл салық еш қиындық әкелмеуі тиіс. Ал спекуляцияға бойұрған ашкөздердің арынын басуы керек еді. Бірақ Тобин бұл салықты жеке елдерде енгізгеннен пайда жоқ, барлық мемлекеттер бірге енгізуі керек деген. Ресей, бірқатар Латын Америкасы елдері осы әдісті қолданып көріп еді, соңы дау-дамайға айналып, еш нәтиже шықпады. Әлем елдері осындай қарапайым істе де ауызбіршілікке келе алмай отыр. Өйткені ешкім де пайдадан қағылғысы келмейді.

– Есепшотта қалған ақшаға салық салынатын да әдіс бар еді ғой. Орта ғасырларда Баварияда қолданылып, көп-көрім гүлдену кезеңіне сеп болған еді.

– Иә, бұл – Бернар Левитар ұсынған әдіс. Мұнда жергілікті ақша бірлігі шығарылады. Инвестиция көбірек өсім жинау емес, нақты нысандар салу тұрғысынан қарастырылды. Кәсіпорындар басы артық ақшасын өзге компанияларға өсімсіз қарызға беруге мәжбүр болды. Өйткені айдың басында 1000 теңге болып, оның 500-ін ғана жұмсап, ай соңында 500-і қалса, оған айыппұл салынатын. Бұл әдіс АҚШ-та да ғаламат депрессия кезінде сәтті қолданылды. Алайда көптеген орталық банктер бұған өре түрегеліп қарсы шықты.

– Қытайдың дағдарысқа қарсы бағдарламаларға бөлген 10 миллиард долларын тарту үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясы облигациялар шығарды. Алайда бұл борышты 11 пайыз өсіммен қайтарғанша, Ұлттық қордағы қаржыны пайдаланғанымыз жөн емес пе еді?

 – Шетелден тиімді шарттармен қарыз алу мүмкін болса, алу керек. Ұлттық қор қаржысы өлшеулі, ол тек оқыс жағдайларда ғана жұмсалуы тиіс. Қандай да бір нысан салу күйіп бара жатқан жұмыс емес, бұл – жоспарлы іс. Алайда Ұлттық қордағы қаржыға байланысты есептер нақтырақ жариялануы керек. Жылына қанша қаржы аударылғаны, инвестициялық табыс мөлшері айқын көрсетілгені жөн. Өйткені қазір қолданылып жүрген баланстан балансқа аудару әдісінде қай ақшаның қайдан шыққанын білмей қаламыз. Қарыз берушілер оған қоса тағы бір шарттарды қояды. Мысалы, испан үкіметінен қарыз алғанда, олар сол ақшаға «Тальго» пойыздарын сатып алуды міндеттеді. Қытаймен арада осыған ұқсас шарттар болған-болмағанын білмеймін.

– Қытайдың еліміздің мұнай саласына айырықша қызығушылығы қауіпті ме?

– Бейжіңнің барлық елдердегі саясаты осындай. Бізді былай қойғанда, мұнай кеніштерін Австралиядан да сатып алды. Оларда энергия ресурстары жетіспейді, экономикалық тұрғыдан алғанда мұндай қызығушылығы жөнді. Алайда қауіп те жоқ емес. Өйткені экономиканы басқарудың қытайлық әдісі енгізіле бастаса, жақсы емес. Шектеу шараларын қолдану керек. Қазақстан бар болғаны 16 миллион халқы бар, кішігірім экономикалы ел екенін мойындауымыз керек. Экономикада price maker, price taker деген ұғымдар бар. Алғашқысы бағаны белгілейді, соңғысы соны қабылдайды. Қытай –нағыз price maker, Қазақстан – нағыз price taker , Ресей price maker-ге бір табан жақын. Қос бүйірде екі price taker тұрғанда, бізге стратегия мен тактиканы айшықтап алу керек. Әйтпесе, үшінші сортты ел болып шыға келеміз.

– Олар мықты болса, не істеуге болады?

– Өзіміз мықты болатын салаларды табуымыз керек. Түптің түбінде білім мен зердені ұштаған халық озады. Фармацевтика, биотехнология сияқты салаларды өркендету керек. Бізде бұл болмағандықтан, болашаққа көп үміт арту қиын. Өйткені біздің негізгі тұғырымыз мұнай, газ, кен болып отыр. Баға өскенде тағы бұрғылап, қопарып, қазып сата береміз. Қазір әлемдегі компьютерлік бағдарламалардың жартысынан көбі үнді елінде жазылады. Мемлекеттік саясат пен бизнестің қолдауы арқасында Үндістан осындай дәрежеге көтерілді. Бұл елдің экспортының 25-30 пайызы – жоғары технологиялы өнімдер. АҚШ-тың Силикон жазығындағы программистердің үштен бірі – Ресей мамандары.

– Салық және кеден жағынан жеңілдік беретін «Алатау» ақпараттық паркі құрылды емес пе? Алайда Алматы әкімі Ахметжан Есімов «Бұл еркін экономикалық аймақ берген табыс оған кеткен шығыннан аспай келеді» деген еді.

– Онда бірнеше компания жұмыс істеп жатыр. Алайда компьютер өндірісі саласындағы «Алсер», «Пульсер», «Иманәлі» сияқты компаниялардың барлығы Алматыда. Ақпараттық технологияға қатысты жақсы идеясы бар, бірақ кеңсе, басқа мұқтаждықтары бар компанияларға парк аумағында жағдай жасалуы керек еді. Ондағы баға тиімді болмаған соң, компаниялар Алматыда жүр.

– Дағдарыстан қандай оң сабақ аламыз?

– Үкімет өкілдері биыл ЖІӨ өсімі 0,5 пайызды құрайды деп отыр. ХВҚ мен Әлемдік банктің елімізге қатысты болжамы – минус 2 пайыз. Шындық осы екі көрсеткіштің ортасында болар. Сондай-ақ баспана мен жер бағасының құлдырағанын өз көзімен көрген халық енді абай болады.

– Орталық Азия экономикалық стратегиялар институты деп аталатын мекемеде істейді екенсіз. Төрт көршімізбен салыстырғанда Қазақстанның артықшылықтары мен кемшіліктерін атап берсеңіз.

– Әрине, біздің мүмкіншілігіміз жоғары. Менің ойымша, өзімізді Орталық Азиямен салыстырудың қажеті жоқ. Әлсіздер арасында мықты болғанша, мықтылар арасындағы әлжуаз болған жөн. 15 жыл бұрын Қазақстанның даму моделі қарастырылып жатқанда Канада мен Австралия жолына түсуіміз керек деген едім. Бұл елдердің экономикасы да, халық саны, жер аумағы да Қазақстанмен ұқсас. Біз бұл деңгейге жете қойған жоқпыз, бірақ мықтылар жағынан алсақ, қазір Түркия, Мысыр сияқты елдерге жетеқабылмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...

Өзіміз мықты болатын салаларды табуымыз керек. Түптің түбінде білім мен зердені ұштаған халық озады. Фармацевтика, биотехнология сияқты салаларды өркендету керек. Әйтпесе үшінші сортты ел болып шыға келеміз. Бізде бұл болмағандықтан, болашаққа көп үміт арту қиын. Өйткені біздің негізгі тұғырымыз мұнай, газ, кен болып отыр. Баға өскенде тағы бұрғылап, қопарып, қазып сата береміз. Қазір әлемдегі компьютерлік бағдарламалардың жартысынан көбі үнді елінде жазылады. Мемлекеттік саясат пен бизнестің қолдауы арқасында Үндістан осындай дәрежеге көтерілді. Бұл елдің экспортының 25-30 пайызы – жоғары технологиялы өнімдер. АҚШ-тың Силикон жазығындағы программистердің үштен бірі – Ресей мамандары.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста