Ахмет МУРАДОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени қауымдастығының тең төрағасы:
– Ахмет Сейдарахманұлы, өмірбаяныңызға үңілсек, тағдыр ғұмырыңызға Қазақстанмен түбегейлі байланыс сыйлаған екен. Қостанай өңірінде дүниеге келіп, жастық шағыңыз Грозныйда өтіпті. Кейін Қазақстанға келіп, еңбек жолын Маңғыстауда бастапсыз. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз? Аталарыңыз Қазақстанға қалай келген еді?
– Менен бұрын әке-шешемнің де тағдыры Қазақстанда тоғысқан екен. Сталиндік репрессия Қазақстанға 1,5 млн адамды жер аударғаны белгілі ғой. 1944 жылы әкем мен шешем де Шешенстаннан осы қазақ даласына жер аударылып келіпті. Бір қызығы, ата-анам Қазақстанға келгенше бір-бірін мүлдем танымаған, Шешенстанда елдің екі түкпірінде өмір сүрген адамдар. Әкемнің туыстары тау бөктерінде тұрса, анам жағынан туыстар ежелден Терек қаласының тұрғыны. Бәлкім, Қазақстанға тағдырдың айдауымен келмесе, Кавказдың екі шетіндегі олар да бір-бірімен ешқашан кездеспей кетуі мүмкін бе еді? Дегенмен, бұл – тағдыр. Кавказдан айдалып келіп, Қостанайда кездесіп, 1949 жылы осы өңірде отбасын құрыпты. Мен олардың тұңғышымын. Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Ершовка ауылында дүниеге келдім.
Осы тұста есімнен еш кетпейтін бір әңгіме айта кетейін. Осыдан бір жыл бұрын сайлаушылармен кездесу барысында өзім өмірге келген сол ауылға ат басын бұрудың сәті түсті. Иә, сөйтіп кіндік қан тамған өлкеге ұзақ жылдан соң тұңғыш рет аяқ бастым. Сондағы толқығанымды тілмен жеткізу еш мүмкін емес еді. Адам дүниеге «шыр» етіп түскен жерін сезініп, сол сезімді бастан кешірудің өзі зор бақыт екен. «Міне, мынау – менің туған жерім! Менің кіндігім кесілген, қаным тамған жер. Менің киелі мекенім». Осы жерге 54 жылдан соң оралып отырмын. Тұла бойымды керемет сезім биледі. Сірә, мен сондай сезімді өмірімде ешқашан басымнан кешпеген болармын.
Сонымен, жаңағы әңгімеге қайта келсек, 1957 жылдары елге оралу туралы рұқсат болған соң отбасымызбен Шешенстанға қайта көшіп бардық. Онда да ата-бабамыз бұрыннан мекендеген орынға емес, басқа ауылға орналасуға ғана рұқсат бар еді. Көшіп барған ауылдың басым бөлігі біз секілді Ресейдің басқа өңірлерінен айдаумен келген орыс, украин, неміс ұлтының өкілдері болып шықты. Дегенмен ол жерге көп тұрақтай алмадық. Кейіннен әкем Грозныйға көшіріп әкелді. Мен сол қалада оқыдым, білім алдым. 1974 жылы Грозныйдағы мұнай институтына түсіп, мұнай-газ скважиналарын бұрғылау мамандығын таңдадым. Грозный институты мұнай мен газ саласындағы Кеңес Одағының ең алдыңғы қатарлы білім ошағы еді. Бүкіл одаққа танымал мұнайшылардың барлығы осы институттың түлектері болатын. Институтта оқып жүргенде-ақ қоғамдық жұмысқа, оның ішінде студенттік құрылыс отрядына белсене араласып, қызметті осы саладан бастаған едім. Бір жағынан 13 ағайындының ішіндегі ең үлкені болғандықтан жұмысқа ерте араласуыма тура келді. Екіншіден, тұрмысымыз да мәз емес еді. Әкем бізді асырау үшін жүк тасушы болып істеді, шешем еден жуатын. Бар күн көрісіміз сол болғандықтан, маған да жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп, жасымнан еңбекке араластым, көзге де бірден түстім. Біртіндеп өсіп, кейіннен республикалық құрылыс отрядының басшысы болдым. Комсомол белсендісіне тән мансаптардың бірінен соң бірін бағындырдым.
– Шешенстанда жүрген сіз Қазақстанға қалай және не себептермен оралдыңыз?
– Біздің әулетімізбен құрмет тұтып, қатты сыйлайтын үлкен әжеміз бар еді. «Көзім тіріде келінімді көрсет» деп айтқанын екі етпей, ертерек үйленуге тура келді. Жеке шаңырақ көтеріп, отбасылы болған соң тұрмысты да түзеу керек болды. Әйтпесе, ол кездегі табысым біріне жетсе, екіншісіне жетпейтін. Міне, сонда барып кәсіби жұмысыма бетбұрыс жасадым. 1973 жылы студент бола жүріп, Өзенде өндірістік тәжірибеден өткенім бар. Соның септігі тиіп, 1977 жылы Маңғыстаудағы кен игеру жұмысына араласуыма тура келді. Бұл кездері Өзенде алғашқы өнім де алына бастаған кезең еді. Мұнай саласындағы Бүкілодақтық еңбек ерлері де шыға бастады. Содан болуы керек Одақтағы мұнай саласына қатысы бар мамандардың дені де осы өңірге жиналған болатын. Әзірбайжан, Шешенстан, Башкирия, Татарстан, Сібір мамандары үсті-үстіне келіп жатты. Сөйтіп, мен де Маңғыстау өңірінде білек сыбанған мұнайшылар ортасына келіп түстім. Бұл тағдырдың тауқыметімен өзімнің туған жерім Қазақстанға екінші рет және соңғы рет оралуым болатын. Мұндай жолды сыйлаған тағдырға еш өкпелеген емеспін, керісінше разымын. Оның үстіне, дәл сол жылдары республика бойынша ең көп жалақыны біз алатынбыз. Ал кәсіпке келсек, Өзенге келген бетте мұнай бұрғылау кәсіпорны саласында қатардағы бұрғылаушыдан бастап барлық тәжірибелік сатыдан өттім. Кейіннен Қызылордадағы Құмкөл кенін игеру экспедициясының алғашқы басшысы болу да менің маңдайыма жазылыпты.
– Тәуелсіздік алған тұста қайда едіңіз? Қым-қуыт мәселелер орын алған сол жылдары жастық шағыңыз, студенттік өміріңізді өткізген Грозныйға қайтып кету туралы ой болмады ма?
– Расында, Кеңес Одағы ыдыраған тұста ең алдымен, тікелей Мәскеуге бағынатын салалар ауыр соққыға ұшырады. Басқасын айтпай-ақ қояйын, біздің басқарма басшысының өзі тек Мәскеуге ғана қарайтын министрлік арқылы тағайындалатын. Ол өз алдына, ал мұнай өндірісін ұстап тұрған техникалық жабдықтау жұмысының барлығы орталық арқылы шешімін табатын, құрал-жабдықтың бәрі өзімізден емес, одақтағы кәсіпорындарға байлаулы еді. Мұндай бір-бірімен сабақтасқан байланыстың баршасы бір-ақ күнде опырылып түсті. Ал Қазақстанда өздігінен мұнай саласының жұмысын көтеріп әкететін, толық қуатта ұстап тұратын ешқандай шама болмады. Мұнай өндірісіндегі арнайы техника, бөлшектер, шынын айтқанда, қазірдің өзінде де басым жағдайда өзімізден шықпайды. Ресей зауыттарынан әкелеміз. Сөйтіп, бір жылдың ішінде-ақ өндіріс тоқтады, жалақы жоғалды. Қатты жапа шеккен біз болдық. Дегенмен өмір тоқтаған емес. Алайда жалақы мен ағымдағы тіршілік өз алдына, «біз кімбіз, қайда өмір сүріп жатырмыз, болашағымыз не болады?» деген мәселелер сол кезде тіпті өрши түсті. Әлгі мұнайдың арқасында Қазақстанның бір нүктесіне жиналған көптеген ұлт өкілдері жалақыдан бір қағылса, болашағы үшін және алаңдай бастады. Қазақтан өзге жұрттың көпшілігі болашағына қолайлы жер туралы ойлады. Сөйтіп, мамыражай заманда әр аймақтан ағылған көп жұрт ел басына күн туғанда өзімен бір тілде сөйлейтін, түбі бір, тамыр-тарихы ортақ туыстарына қарай тарта бастады.
Менің жеке басымдағы жағдайға келетін болсақ, Қазақстанның тәуелсіздікке ұмтылысы, ел болу үдерісі көз алдымнан өтті. 91-жылдардағы өзгерістерді Мәскеу мен Қазақстанның арасындағы текетірес деп қабылдадым. Әрине, сол тұста партиялық ұйымда қызмет ете жүріп, біз де мұндай текетіреске еріксіз араластық. Алайда басты қағидат біздің «кіммен болуымыз қажет екенін» анықтап алуымыз керек болды. Мен «әділдік пен шындық салтанат құруы керек» деген ұстанымды құптадым. Ал тарихтың әділдігіне келсек, әрбір халықтың, оның ішінде ұлы қазақ халқының да өз тағдырын өзі шешуге құқысы бар болатын. Одақтағы кез келген мемлекеттің егемен, еркін дамуға құқы бар болатын. Неге бұндай құқықты қазақтар пайдаланбауы керек? «Бәрі Ресейдің қол астында болуы шарт» дегенге қарсы шығып, мен қазақтармен бірге болғым келетінін сол кезде айқындап қойдым.
– Мұндай таңдауға не себеп болды?
– Жоғарыда айтқанымдай, әділдікті ту еттім. Егер Қазақстан әділдіктің ақ жолында жеңіске жетсе, онда бүкіл республикамызға еркіндік орнайды деп сендім. Бұл біздің, менің қатарымдағылардың идеологиялық таза ұстанымы болды. Ендеше, Қазақстанның тәуелсіздікке құқы бар екенін, орталықтың озбырлығынан босауға тиіс екендігін құптадым. Дегенмен шынын айту керек, сол тұстағы саяси мәселенің барлығы біздің қалаған, қаламағанымызға емес, қажеттілікті, қолдауды білдіруімізге көбірек байланысты еді. Ендеше, алмағайып заманда таңдауымның дұрыс болғанына шүкіршілік қыламын.
– Ал дәл осы мәселе төңірегінде Шешенстандағы жағдай туралы не айтар едіңіз?
– Иә, Шешенстанда да «тәуелсіздік» мәселесі туралы әңгіме болды. Дудаевтар көтерілді. Дегенмен мәселе мынада: Шешенстандағы қызу үдерісті Қазақстанның жағдайымен салыстыруға еш келмейтіндей еді. Балаларымыз, отбасымыз үшін оның жағымсыз салдары көп болды.
– Шешенстанға сол үшін барғыңыз келген жоқ па?
– Мәселе онда емес. Бұл, ең алдымен, жоғарыда айтқандай, менің туған жерім. Екіншіден, менің достарымның барлығы дерлік Қазақстанда. Өндірістік қатынастарым да, кәсіби тәжірибем де Қазақстанмен тығыз байланысты өтті. Шешенстандағы өмірім: мектеп, институт, азғантай жылғы жұмыс. Жастық шағыммен бірге барлығы да Шешенстанда қалды. Тіпті мен кейіннен Шешенстанға көбінесе отбасылық жағдайға, өлім-жітімге ғана барып жүрдім десем болады.
Ал жалпы, сіз жаңа меңзеген Шешенстандағы жағдайға келетін болсақ, ондағы мәселенің баршасы тек достық арқылы шешілуі тиіс еді. Тіпті мен алғаш рет Дудаевпен Шешенстанда кездескенде де: «Қазақстанмен өзара әрекеттесетін жолды табайық» дегенді айттым. Шешенстанға барып, өзім бір істі тындырсам деп ойлаған емеспін. Бірақ өзіміз білетіндей, ол елде басқаша саяси жағдай сипат алды. Шынын айтқанда, сол кезде әскери қимылдарды ылғи да алға тартқандар болды, ал біз қашанда соғысқа қарсы болған едік. Осындай себептерден кейін, Қазақстанның зиялылары арқылы Шешенстанның басына төнген қауіптен құтқарар жолды да қарауға тырыстық. Дегенмен, айта кетейін, мен үшін тұрғылықты мекенжайымды айқындаудың мәні мүлдем басқада еді. «Иә, мен шешенмін, сол үшін Шешенстанға кетуім керек» деп емес, керісінше өзімнің жаныма жақын, мүмкіндігімді толық жүзеге асыра алатын жағдайды қалыптастыратын мемлекет маған қашанда қымбат еді. Ондай мекенді бәлкім басқа жерден таба алмас па едім?! Қазақстанда біз өзіміздің ұлттық мәдени орталығымызды аштық. Біз ғана емес, қиын күндері қазақтың құшақ ашқан кеңпейілділігінің арқасында ғана аман қалып, осындай ұлы далада жетілген барша басқа да халықтар өзінің даму жолын Қазақстаннан тапты. Бұнда кез келген этнос үшін дінін, дәстүрін, салтын, сақтауға құрметтеуге мүмкіндік қарастырылды.
Бір сөзбен айтқанда, 90-жылдардың аяғында Кеңес Одағы қирандыға айналған тұста Қазақстандағы өзге ұлттар келешекте осы елмен үйлесімді дамитынына сенген еді. Ал мен үшін мұндай сенім осы жерге алғаш қадам басқаннан бастап-ақ орнап қалған. Сондықтан да, «Шешенстанға кету» мәселесін мен осылай түсіндірер едім.
– Жалпы, «Отанды сүю иманнан» деген сөз бар. Сіз үшін Отан сөзінің мағынасы не? Оны қалай құрмет тұтасыз?
– Иманнан бәрі басталады. Иман жоқ жерде ештеңе де болмайды. Ал Отанға деген сезім анаға деген сезіммен бірге туады. Қазақтар «Отан-Ана» десе шешендер «Даймохк-Нана» дейміз. Сөйтіп, біз әртүрлі тілде сөйлегенімізбен, Отанға деген ойымыз бір. «Нана», яғни «Ана» сөзі – құдыретті сөз. Жер-Ана! Отан-Ана! Мінеки, адам баласының бойындағы Отанға деген сезімінің бәрі Анадан келеді. Екіншіден, қазақтар өзінің дарқан даласында туған кез келген бөтен ұлттың азаматын өзінің баласындай әлдиледі. Бұл да қазақтың қасиетті халық екендігіне бір ғана мысал. Тарихқа кішкене кері үңілсек, бұған талай мысал келтіреріміз хақ. Алмағайып замандарда қазақ халқы өзінің мұңынан арыла алмай тұрып, басқа халықтың қайғысына ортақтаса алды, өзінікін қоя тұрып, оның проблемасын да сезіне алды. Сөйтіп, қолынан келгенше қолдау көрсетуге тырысады, оны міндет санайды да. Ал осындай киелі жерде достық пен бейбітшіліктің жағымды атмосферасы қалыптаспауы да еш мүмкін емес еді. Сіз айтпақшы, иманды адам өзіне жылуын берген, тәрбиелеп қана емес, мәпелеп өсірген туған жерін құрметтемей тұра алмайды. Менің өзім осында туғаным бір басқа, әкем мен шешемді, аға-бауырымды осы Қазақстанға жерледім.
Тағы айтарым, «бір Отаным анда, екіншісі мында» деген болмайды. Отан – біреу ғана. Ал нағыз азамат үшін Отанға деген сезіммен қатар, сол Отан алдындағы жауапкершіліктің болғаны да маңызды. Сол үшін айтар едім, анаға деген сезімін Отанына да білдіре алған жігіт қана, өзінің ұлы борышын ақтай алады. «Отанды сүю үшін үлкен тәрбиені қалыптастыру керек» деп жатады. Бәлкім, мен қателесермін, бірақ меніңше Отанға деген сезім тәрбиемен ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын аналық сезіммен бірге келеді. Сондықтан да менің Отанға деген махаббатымды анама деген махаббатыммен өлшеуге болады.
– Жақында Шешенстан Республикасына сапармен барып қайтқаныңызды естіген едік. Ол жақтағы қандастарыңыз Қазақстан Парламентінің депутатын қалай қабылдады?
– Өте жоғары қабылдады. Ассамблея атынан депутат болғаным үшін мен де қуандым. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланғанымды естіген сәттен Ресей Думасының депутаттарынан, Президент Рамзан Қадыровтан, Ингуш Парламентінен көптеген құттықтаулар алдым. Рамзан Қадыров Елбасының атына алғысын білдіріп, жеделхат та жолдапты. Шынымды айтсам, менің өзімнен гөрі, Шешенстанда бұл кәдімгідей ақпараттық жарылыс жасады десе де болады. «Қазақстанда шешен азаматы депутат болды» деп айқайлатып жатқанын естідім. Осы үшін шешен халқы қазақтар жайлы тек таусылмайтын ыстық ықылас, құрметтерін айтты. Тіпті кей жағдайда менің өзім де ыңғайсыздандым. Сапар барысында Шешенстанның Парламентінде болдым, ең құрметті қонақ ретінде қошемет жасалды. Депутаттар алдында сөз сөйледім. Президент Р.Қадыровпен кездестім. Ең бастысы, менің депутаттығымды барлық шешендер бір жағынан жетістік ретінде қарастырса, екінші жағынан қазақ халқының үлкен жүректілігін де тани түсті. Расын айтайын, қазір Шешенстанда 60 жастан асқан шешен ұлтының көпшілігі – Қазақстанда туғандар. Сондықтан да ол жақта 1944-1958 жылғы туғандардың көпшілігін қазақстандықтар деуге болады.
– Елбасы Н.Назарбаев «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікке жеткізген ең басты байлығымыз – біздің бейбіт өміріміз, ұлтаралық татулығымыз» дегенді жиі қайталайды. Сіздің ойыңызша, ұлтаралық татулықтың негізгі тірегі не болуы тиіс?
– Расында, татулықтың, бірліктің қазақстандық жолы туралы айтқанда Президент Н. Назарбаевтың саяси жігері, өлшеусіз еңбегі туралы айтпай кету еш мүмкін емес. Бұл үшін Елбасыға шексіз алғыс білдіруге тиіспіз. Ал ұлтаралық татулықтың негізгі тірегін түйсіну үшін біз ең алдымен өткенімізді саралап, бүгінгімізді бағамдауымыз керек, келешегімізді сол бойынша сараптау қажет. Біз шынайылықты сүйетін халықпыз. Шынайылық негізінен туған татулығымыздан ажырамауымыз керек. Біздің келешегіміз – халықтар бірлігінде. Бірлік болған жерде ғана тірлік болады. Оны бізден бұрынғылар да айтып кетпеп пе еді?!
– Мемлекеттік тіл де ұлттарды ұйыстыратын фактор ретінде қаралады. Сіздің бұған көзқарасыңызды білсек?
– Елбасы айтпақшы, қазақ тілін білу – бұл жай айтылған ұраншылдық дүниесі емес. Қазақ тілін білген адам Қазақстанның да тарихын біледі деген сөз. Ассамблея да осы бағытта жұмыстар атқаруда. «Қазақстан – сенің Отаның болса, онда қазақ тілі сенің – туған тілің» деген қағиданың болғанын құптаймын. Тіпті маған кейде, мемлекеттік тілдің қасында жұмыс тілі, ресми тіл деген секілділер болмауы керектей сезіледі. Оның үстіне мемлекеттік сананы қалыптастыратын құрал да мемлекеттік тіл болуы шарт. Өкінішке қарай, қазақтар үшін де, өзге ұлттар үшін де ана тілі тұрмыстық деңгейден де мүлдем алыстап кеткен кездер болды. Біз бәріміз де орыс тілінде сөйледік. Бірақ орыс болып кеткен жоқпыз. Ал егер біз өзара түсіну үшін Қазақстанда орыс тілінің орнына қазақ тілін қолданатын дәрежеге жетсек, онда біз өзіміздің қазақ тіліне деген құрметімізді білдіретін едік. Дегенмен, бір айта кетерлігі, мәселенің қалайша шапшаң жүзеге асуында емес, қалайша сапалы жүзеге асуында болып отыр. Мәселен, құжаттарда 2020 жылға дейін дедік. Ал оның тетіктері қайда? Міне, Ассамблея осыған да назар салып жүр. Бір сөзбен айтқанда, болашақта Қазақстанда тұратын, осында жұмыс істеп, өмірін байланыстырғандардың баршасы қазақ тілін білулері қажет.
– Сіз өзіңіз қазақша білесіз бе?
– Қазақ тілін жетік білем дей алмаймын. Достарыммен ақырындап қалжыңдасуға ғана шамам жетеді. Дегенмен осының өзі мені қазақтарға жақындата түсетінін ұғынамын. Сондықтан да ұйыстырар фактор ретіндегі тілдің рөлі аса маңызды. Сосын тағы айтарым, қазақы менталитетті бір кісідей білемін. Сол үшін қазақ тілін білмейтін адамды қазақ емес деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені он тіл білетін адамнан да оның рухани байлығы, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мол болуы мүмкін. Сондықтан да, қазақ тілін қысым көрсететін, әйтпесе ынталандыратын науқандық құралға айналмаса екен деп тілеймін. Бұл табиғи дамуға негізделіп, соған бәріміз жағдай жасағанымыз абзал.
– Былтырғы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент Н. Назарбаев жалпыұлттық бірлігімізді нығайту туралы тапсырма жүктеген еді. Бұған шешен-ингуш диаспорасы қалай атсалыспақ?
– Әрине, жалғыз шешен мен ингушқа ғана ештеңе тіреліп тұрған жоқ. Менің ойымша, өзін ұлттың, елдің патриотымын деп санайтын адам – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту үшін өз үлесін қосуға тырысатын адам. Өйткені Қазақстан көп жетістікке жетті, әлем бізді мойындады, көптеген жерде Тәуелсіз мемлекет ретінде рейтингтерімізді нықтап жатырмыз. Алайда Тәуелсіздікке төнген қауіп еш уақытта сейілген емес. Кез келген сәтте егемендігімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан Тәуелсіздікті нығайту – бұл бүгінгі біздің Қазақстанда өмір сүретін азаматтардың ортақ жұмылатын жұмысы. Мұны айтып отырған себебім, бізден де қуатты мемлекеттер болғандығын, олардың қалай тәуелсіздіктен айырылғаны туралы тарихтан талай мысал суыруға болады. Сол үшін бізге бүкіл қоғам болып тәуелсіздікті мығымдауға күш салғанымыз жөн. Қазақстанға қырын қарайтындардың саяси мүдделеріне соқтығудан сақтанып, алауыздықтан алыс болғанымыз жөн. Осыдан қамсыз болмайық. Өйткені тәуелсіздік тұғыры мен оны нығайту тірегінің барлығы бірлікке, татулыққа негізделеді. Тәуелсіздікті нығайта түсу үшін қазақстандықтар ішкі бірлігін күшейтіп, сырттан келетін арандатуларға соқтығып қалмауы шарт. Оның ішінде теріс діни факторлардан да сақтануға тиіспіз. Бұнда ислам ағымдарын ғана емес, барлық діндік ағымдарды жамылған, сырттан келетін қауіптер баршылық. Осыдан қорқу керек. Бөлінбей, бірігу керек. Қазақтардың «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сөзі бар. Бұл дұрыс. Біздің Лидеріміздің ұстанған саясаты да – осы. Әрине, мемлекеттік шекарамыз мығым, біртұтас елміз. Дегенмен ешқандай күш бізді іштен де, сырттан да іріте алмайтындай бірлікте болғанымыз – аса маңызды мәселе.
– 1 Мамыр күнін былтырдан бастап ерекше форматта тойлауды бастадық. Осыған орай Сіздің лебізіңізді білсек деп едік?
– Біз неге бұл күнді мерекелеуді дәстүрге айналдырдық? Жалпы, посткеңестік кеңістікте өмір сүрген халықтардың басымы үшін 1 Мамыр – бұл таза көктем мейрамы. Оны дәстүрлі түрде жаңғырған Наурыз мерекесінің жалғасы десе де болады. Бұрын да осы күнді мерекелеуге әзірлік ерекше болатын еді, сол дәстүрді қайтарып жатқанымызға қуаныштымын. Кеңестік кезеңде, шынын айту керек, халықтарды жақындататын, оның ішінде рухани жағынан жалпыхалықтық мейрамға ұласатын мерекелер өте аз еді. Революцияға орайластырылған, басқа да кәсіби мерекелер болды. Сондықтан да, мен бұрыннан 1 Мамырды нағыз рухани мейрам деп санап келемін.
Жалпы, Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бері көп нәрсе өзгерді. Біз ұлттық, діни, нәсілдік нышанымызға қайта бет бұрып, түп-тамырымызға тарттық. Көп нәрсені тәрк етуге тура келді. Кеңес Одағындағы ұлттық, діндік кемсітушіліктердің орнын толтыруға тырыстық. Түпкі мерекелерімізді де қайтардық. Ораза айт, Құрбан айт мерекелерін тірілттік, Наурызды жаңғырттық. Дегенмен солардың арасында қасиетті бірлікке үндейтін мерекені сақтап қалдық. Не үшін сақтап қалдық? Бұл – елдіктің бірліктің үндеуі. Сол үшін де біз бұл күні ұлтаралық татулықты әспеттеу арқылы ұлттық бірігу мен татулық мәнін жете ұғынатындаймыз. Бірлік – бұл ұлттық тарихтың да, діни тарихымыздың негізі. Ислам діні де халықтарды бірігуге шақырады. Сондықтан да, біз өз түйсігіміздегі бірігуді ауқымдандырғанымыздан ұтарымыз мол. Ал бұны ұлттық, мемлекеттік мереке ретінде белгілеу –Елбасы Н. Назарбаевтың даналығы, көрегендігі десек артық емес. Бұл мереке арқылы конфессиялар, ұлттар арасында өзара сенім мен түсінік қалыптасады. Ендеше, бұны қазақстандықтардың қолымен жасалып, қазақ даласында бүршік жарған ерекше рухани ноу-хау деп атаса да болады. Соның ішінде бұндағы қазақ ұлтының, қазақ халқының рөлі аса маңызды екені сөзсіз. Мәселен, біз секілді мұсылман жамағаты үшін Қазақстанда бірлікте, татулықта өмір сүру мәселесі соншалықты қиындық тудырмас. Өйткені мемлекеттің тұтқасындағы ұлт, қазақ ұлты – мұсылмандар. Ал солай бола тұрғанымен, Қазақстандағы шешендер ғана емес, барша этнос өкілдері де өздерін жайлы сезінеді. Бұл әлемдегі көпшілік елден қазақ халқының ең озық ерекшелігі. Біздің бауырлас қазақтар өзінің атамекенінде басқа да халықтарға өсіп-өніп, осынау киелі мекенді туған жеріндей сезінуге жағдай жасады. Сондықтан да, бұл барша халықтар үшін бақыт. Ендеше, татулықты ту ететін мерекеміз құтты болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!