Әкімдер «гранит және басқа да тастарды отандық кәсіпорындардан алыңдар» деп бір ауыз ескерту айтса, жеткілікті
Азамат ӘБІЛДАЕВ, «Қазгранит» корпорациясының президенті:
– Өзіңіз білесіз, 2010 жылдан бастап еліміз Ресей және Беларусьпен бірігіп Кедендік одақ құрдық. Жалпы, қоғамда Кедендік одаққа байланысты әртүрлі пікір мен көзқарас бар. Кәсіпкер ретінде сіз не айтасыз?
– Әлбетте, Кедендік одақтың пайдасы ұшан-теңіз. Дағдарыс кезінің өзінде Қытайдан 180 млн доллардың тауары кеденнен өтсе, оның сыртындағы контрабанда арқылы одан он есе көп тауардың кіргенін ескеруіміз қажет. Кедендік одақтың құрылуы арқылы осылай сырттан келетін тауарларға шектеу қойылып, кедендік рәсімдеу бағасы қымбаттатылды. Кедендік одақ тек қана бізге емес, елімізде өндіріс салып, жұмыс істеп отырғандардың барлығы үшін тиімді. Әрине, алыпсатарлар үшін қиын болды. Бірақ біздің Тәуелсіз ел болғанымызға да 20 жыл болды. Иә, алғашқы жылдары алыпсатарлықтың дәурені жүріп тұрды. Алайда қазіргі заманның талабы басқа. Отандық кәсіпкерлерге сапаға өтетін кез жетті. Жағдайы бар әрбір азамат патриот болуы шарт. Президент, Үкімет тарапынан бізге үлкен жеңілдіктер қарастырылып отыр. Ал енді билікті кінәлап, құр сөзбен қуырдақ қуыратындар – қолынан іс келмейтіндер. Кедендік одақтың арқасында біз өз тауарларымызды Ресейге, одан әрі Беларусь еліне шығара аламыз. Ресей өзіндегі кен орындарын пайдаланып, кейбіреуін тіпті істен шығарып алған. Сондықтан да олар кейінгі жылдары Қазақстан мен Украинадан сатып алып отырды. Енді Кедендік одақ құрылғаннан кейін Ресей үшін бізден алу тиімді болады. Бізден алғанда да бұрынғыдай шикізат күйінде арзан бағаға ала алмайды. Себебі біз өзіміз зауыт салып, өндіретін жағдайға жеттік. Қазірдің өзінде біз Ресей астанасы Мәскеуде салынып жатқан ұзындығы 126 км болатын метро құрылысына шығып отырмыз. 2014 жылғы қысқы Олимпиада өткізілетін Сочи қаласындағы кейбір құрылыс нысандарына қатысуға мүмкіндік алып отырмыз. Қарапайым мысалмен айтар болсам, бұрындары бізде 16 млн тұтынушы болса, қазір олардың саны 170 миллионға өсті.
– Жалпы, отандық тауар өндірушілерді Президент, Үкімет жан-жақты қолдап отыр деп отырсыз. Дегенмен ескерілмей, көкейіңізде жүрген дүниелер бар ма? Мүмкін ол ұсыныс болар...
– Жоғарыда айтып өттім ғой, Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет қабылдаған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іскер азаматтарға жол ашылып, мүмкіндіктер беріліп отыр. Мысалы, осы бағдарлама арқылы пайыздық ставкалардың мөлшері қысқартылды. Қай елде болмасын, бизнесті жергілікті Үкіметтің қолдағаны өз тиімділігін береді. Оған әлемдік тәжірибе жақсы мысал бола алады. Мысалы, кезінде Қытайдың гранит кен орны ашылған Шаңшаң деген елді мекеніне жергілікті билік жағдайды жасап берді. Жол жоқ жерге тақтайдай тегіс жол салып берді. Жарық, су тартып, бір сөзбен айтқанда, сол жерде инфрақұрылымды дамытты. Жергілікті қытайларды 20 жылға дейін барлық салық түрлерінен босатқан. Әрине, мұның бәрі сол саланы дамыту үшін істелген шаруа болды. Соның арқасында Қытайда бұл сала қарыштап дамыды. Жергілікті халықтың да әл-ауқаты жақсарды. Қаншама мыңдаған адамға жұмыс табылды. Айналып келгенде, бұдан Қытай үкіметі ұтып отыр. Бізге де жағдайлар жасалып жатыр. Бірақ тас өндіру саласы бізде әлі дамымаған. Осы саланы дамытуға өзіміздің күш-жігерімізді салып жатырмыз. Айта кететіні, сол Қытайдың тастарын сапасы жағынан қазақтың тастары он орап алады. Қытай қазір арзан бағамен керамико-гранит өңдеп шығарып жатыр. Сапасы өте нашар. Әлемдегі көшілгері мемлекеттердің барлығы таза, еш қоспасыз табиғи тастарға зәру. Егер осы салаға кішкене көңіл бөлінсе, бүкіл әлем қазақтың гранитіне тұтынушы болар еді. Себебі біздің граниттерімізді төсегеннен кейін тіпті бір ғасырдан кейін қарасаңыз да бүгін төселгендей боп тұрады. Яғни енді ғана аяғынан тұрып келе жатқан бұл салаға қолдау қажет. Үкімет мұнан ұтпаса, ұтылмайды. Қазірдің өзінде біздің корпорацияда 400-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Кен орындарын пайдаланғанымыз үшін корпорация да Үкіметке тиісті салығын төлеп отыр. Олардың барлығы әртүрлі салықтарын төлеп, мемлекет бюджетіне үлес қосуда. Жаңа жұмыс орындары ашылды.
– Қазақ жеріндегі гранит тастарын өндіретін корпорацияны басқарып отырсыз. Жалпы, осы корпорация жайында аз-кем айтып өтсеңіз.
– Мен басқарып отырған «Қазгранит» корпорациясына үш бірдей үлкен өндіріс ошағы кіреді. Бұлар – гранит, травертин, мрамор өндіруші – Tascom-KZ, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы гранитті қазып алу, өңдеу жұмыстарымен айналысатын «Әл-Басар», Қырғызстанда травертин шығаратын «Керитранс» бірлескен компаниясы. Негізгі жұмысымыз – кен орындарынан гранит, травертин сияқты тастарды қазып алып, зауыттарымызда өңдеп шығарамыз. Жамбыл облысындағы «Әл-Басар» компаниясы жол жиегіндегі жиектастар мен көшеге төсейтін тастарды жасайды. Италия, Гонконг сияқты елдерде жаңадан салынып жатқан үйлердің астын осы граниттермен қаптайды. Бізде де осыны бір жүйеге енгізу керек сияқты. Себебі гранитпен басқа ешқандай тас түрлері бәсекелесе алмайды. Мысалы, Астанадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерінің бәрі басқа тастармен қапталып салынған. Олардың іргетастары мен баспалдақтары көп ұзамай желініп, тозып жатады. Ал граниттің қасиетін білетіндер төрт-бес ғасырға дейін өзінің әдемілігін жоғалтпайтынын айтады. Қазақ жеріндегі граниттің сапасы өте мықты. Алайда кезінде оны өңдейтін зауыттар, қала берді құрылғылар болмаған. Кеңес Одағы тұсында бізді шикізат көзі деп қараған ғой. Ал сол Ресейде гранитті, басқа да тастарды өңдейтін 27 зауыт бар. Кезінде осы Жамбыл облысындағы кен орындарынан қазып алып, ресейлік зауыттарда өңдегеннен кейін бізге 20 есе қымбат бағамен қайта сатып отырған. Дүниежүзі бойынша гранит тастарының ең үлкен кен орыны – Қазақстанда. Бізде 205 кен орны бар. Оның бәрі ашылған жоқ. Көп болса 2-3 пайызы ғана ашылды. Кеңес үкіметі тұсында ашылған кен орындарында жұмыс істейік десек, бізге тиімсіз болып отыр. Себебі ол кезде кен орындарынан тастарды жарылыс негізінде алған. Көп кен орындары жарылып-жарылып қалған. Ал ол жерлерге қаржы салу енді ғана іске кірісіп жатқан біз үшін тиімсіз болатын түрі бар.
Кейінгі жылдары, яғни 2007-2008 жылдары кеден арқылы Қытайдан 180 млн долларға тауар кірген екен. Осы гранит, травертин, мраморлар. Міне, осылардың барлығын ескере отырып, өз жеріміздегі қазынаны өзіміз өндіруге бел будық. Біз осы граниттерді өңдеп, отандық өнімнің сапасын арттыру мақсатында Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Tascom-KZ-ке соңғы үлгідегі италиялық Pedrini компаниясынан құрылғылар әкеліп орналастырдық.
– Қырғызстанмен бірлескен компанияларыңыз бар екен. Алайда Қырғызстан Кедендік одақ құрылғаннан кейін үшінші елге айналып отыр. Қандай да бір қиындықтар жоқ па?
– Қырғызстандағы кен орындарынан біз травертин тастарын қазып алып, өз елімізге шикізат күйінде жеткізіп отырмыз. Дайын өнім болмағаннан кейін аса бір қиындығы жоқ. Тек жол шығыны ғана болмаса. Біз тек кедендік орындардағы контрабанданың тиылғанына мүдделіміз. Қырғызстанда травертин өндіретін жергілікті зауыттардың өнімдерін контрабандалық жолмен елімізге тасымалдап жатқандар бар. Егер осындай келеңсіздіктер тыйылса, біздің жол шығынымыз да, басқасы да өзін-өзі ақтайтын еді.
– Кез келген салада бәсекелестікті мұрат еткен Қазақстанның граниті бар, басқасы бар, жалпы, асыл тастары қаншалықты бәсекеге қабылетті?
– Біздің жолымызды контрабанда кеспесе, граниттеріміздің сапасынан біз қорықпаймыз. Табиғи тастарды өңдеп шығарудан кез келген елмен бәсекелесуге дайынбыз. Сонымен қатар тастарды өңдейтін технологияларымыз да ең соңғы үлгідегі. Біздің сатып алған тас өңдеуші технологиямыздан асып түсетін техникалық жабдықтар алдағы 20-30 жылда шыға қоймас, сірә. Гранит өңдейтін зауытқа құрылғылар алатын кезде әлемдік брендттерді қарадық. Ғаламтор арқылы шетелдік компаниялардың өнімдерін зерттедік. Сөйтіп, Италияның Pedrini компаниясының құрылғыларын алдырдық. Бұл әлемдік бренд екен. Біздің тастарымыз табиғи жағынан өте сапалы болса, оны өңдейтін құрылғыларымыз әлемдік бренд болса, біз неге бәсекелестіктен қорқуымыз керек? Керісінше, көлденең кедергілер болмаса, аздаған жылда Еуропа нарығына да шығамыз.
– «Бізде әлі ашылмаған кен орындары бар» дедіңіз. Соңғы технологиядан да кенде емес екенсіздер. Ашылмаған кен орындарын іске қосуды жоспарлап отырсыздар ма?
– Біз жыл сайын мемлекеттік сатып алуларға қатысып, жоспарлы түрде жұмыс жасап келеміз. Бірақ өкінішке орай, біздің тауарларымызды алмай, сапасыз Қытайдың дүниелеріне қызығатын әкімдер бар. Жол құрылысына қатысты тендерлерді ұтып алған компанияларға әкімдер «гранит және басқа да тастарды отандық кәсіпорындардан алыңдар» деп бір ауыз ескерту айтса, жеткілікті. Қытайдан келетін тауарлардың сапасы бір бөлек әңгіме. Олар көлемінен де ұтып отыр. Мен біздегі жігіттерге күнде айтып, әрбір құйылған тастың миллиметріне дейін дәлме-дәл шығуын қадағалаймын. Ал қытайлық тауарларда тиісті мөлшерге сантиметрлер жетпей келеді. Бұл дегеніңіз қанау ғой. Ал біз италиялық технологиялардың арқасында тиісті мөлшерді дәл шығарамыз. Егер біз сияқты тастардың табиғилығын сақтай отырып өндірсе, бізге келгенде қытайлық тауардың бағасы алтыннан да қымбат болар еді. Ал біз өзіміз үшін жасағаннан кейін ондай көзбояушылыққа жол бермейміз.
– Өндіріске ден қойғаныңызға қанша уақыт болды?
– Бұл шаруаға шындап ден қойғаныма үш жыл болды. Бірақ зауыттарды биыл ғана іске қостық. Зауыт ашылғанша қыруар шаруаны атқардық. Кен орындарын сатып алып, оларға геологиялық барлау жұмыстарын жүргіздік, зауыттар салдық, құрылғылар сатып алдық. Қазір білесіздер, бір шақырым жол салудың өзі – үлкен проблема. Ал біз кен орындарына жолдарды өзіміз салдық. Зауыттарды биыл салғандықтан, 100 пайыздық өндірістік күшке ене алмай келе жатырмыз.
– Әңгіме барысында әкімдер деп қалдыңыз. Сіздің зауыттарыңыз жұмыс істеп жатқан облыс, аудандардың басшыларымен байланысып тұрасыздар ма?
– Әрине, біз жергілікті халыққа жұмыс тауып беріп отырғаннан кейін облыс, аудан әкімдерімен байланысып тұрамыз. Жамбыл облысына салық төлеп отырғаннан кейін бе, жергілікті басшы Қанат Бозымбаев зауыт басына келіп, жұмысшылардың арыз-шағымдарына, біздің ұсыныстарымызға құлақ асып жатады. Бұрынырақта Мойынқұмдағы кен орынына баратын жол болмаған. Қыста қар, жазғы жаңбырдан байланыс үзіліп қалатын. Осы мәселені облыс басшысының алдына қойғанымызда қаперіне алып, жол мәселесін толық шешіп берді. Мойынқұм ауданының әкімі ай сайын барып тұрады десем, артық айтпағаным болар.
– Шыны керек, отандастарымыз тау-кен мамандықтарына бара бермейді. Кен ашылды, геологиялық зерттеу жүргізілді, зауыт ашылып, өндірісті де бастап кеттіңіздер. Мамандар жағы қалай?
– Жасыратын несі бар, біздің қаракөздеріміз диплом ала-салысымен бастық болғысы келеді ғой. Прокурор, заңгер, қаржыгер атанғанды мақтан тұтады. Жастар да, ата-аналар да заманның өзгергенін түсінуі керек. Біз өндірісті бастағанда білікті мамандарға зәру болдық. Тіпті ғаламторда «мамандар іздейміз» деген хабарландыруларымыз әлі жүр. Сенесіз бе, шетелден әкелген техникалық құрылғыларымызды басқаратын адам таппадық. Сосын Қытайға бір-екі адамды жіберіп оқыттық. Бірақ бұл өндіріс саласында тиімсіз екен. Сосын біз италяндықтарды, қытайларды шақырту керек деп шештік. Қазір солардан жергілікті мамандар үйреніп келеді. Өндіріске енді ғана ден қойып отырған біз сол шетелдіктерді ақшамыздың көптігінен жалдап отыр дейсіз бе?! Олардың барып-қайту жол ақысын, жатын орны мен тамағына, оған қоса, айлық жалақыларын төлейміз. Осының бәрі маман тапшылығынан ғой. Қазір біз Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетімен байланыс орнатып жатырмыз. Тау-кен ісі мамандығы бойынша 5- курста оқып жатқан жастармен байланыс бар. Олардың өндірістік тәжірибелерін мойнымызға алып, жастарға үйретудеміз. Жүз пайыздық өндірістік күшке ие болғанда университеттерге мамандар бойынша тапсырыс берерміз.
– Өзіңіз білесіз, еліміздің батыс өңіріндегі мұнайшылардың көңілі толмай, дәл осы шетелдіктерге төлейтін жалақы көлеміне байланысты басшылыққа талаптар қойып жатады. Сіздің жұмысшылардың көңілі тоқ па?
– Мойынқұмдағы компаниямызда 270 адам жұмыс істейді. Қопа стансысындағы зауытымызда жұмысшы аз. Әзірше жұмысшылардың санын шектеп отырмын. Себебі өндірістік қуатқа ие болмай жатып, көп жұмысшы ұстау көп шығынды керек етеді. Сондықтан Қопада 120 жұмысшы бар. Біз жұмысшылардың жалақысын атқарған жұмысының көлеміне қарай төлейміз. Бұл әр жұмысшының өз ісіне жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, алты айдан кейін жалақысы да өсе түседі. Осылайша, жыл сайын алатын еңбекақысы көтеріле береді. Жұмысшылардың үш мезгіл тамағы мен жатын орнын да компания өз мойнына алып отыр. Медициналық сақтандыруды да ойластырып жатырмыз. Әрбір жұмысшы туған күнінде компаниядан 50 мың теңге сыйақы алады. Жоғары маман-инженерлердің пәтер мәселелерін шешіп жатырмыз. Ол үшін 25 гектар жер телімін алып отырмыз.
– Бәсекелестік болған жерде сапалы өнім болатыны белгілі. Орталық Азия деңгейінде, елімізде «Қазгранитке» бәсекелес болатындай компаниялар бар ма?
– Өзбекстанда, Қырғызстанда бар. Бірақ ол елдерде біздегідей кен орындары бай емес. Ал Қазақстанда зауыттар жоқ. Бір-екі кәсіпорын бар, бірақ оларды зауыт деуге келмейді, кішігірім цехтар. Олар бізге ешқандай бәсекелес емес. Жұмыстары нәтижесіз болғандықтан кейбіреуі бізге қосылуға ұсыныс білдіріп жатыр. Ең үлкен бәсекелесіміз – шетелдіктер. Соның ішінде Қытай мен Түркия. Мысалы, түріктер бізде құрылыс салса, керекті материалдың барлығын Түркиядан алып келеді. Олардың тастарының біздің тастан артық ештемесі жоқ, тек олар бір-бірін қолдап отыруды жақсы біледі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Облыс, қала әкімдері құрылыстың жобасын жасаған кезде Қытайдың арзан материалдарын енгізеді. Әрбір екі жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстарын жасайды. Жемқорлық та бар астарында. Осының алдын алу мақсатында Үкімет елімізде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына сапалы әрі отандық өнімдерді пайдалануды міндеттеуі қажет. Бізде одан басқа жұмыс жоқтай, жыл өтпей жатып жолдарды жөндейді де жатады. Мен ерінбей-жалықпай есептеп шықтым, 10 шақырым жолды қайта жөндеуге жұмсалатын қаржыға 2-3 балабақша салып тастауға болады екен. Ал енді сол жол жиегіндегі бордюрлер граниттен салынса, айтып отырмын ғой, ғасырдан ғасырға жетер еді.