Ислам Жеменей, шығыстанушы:
– Ислам аға, келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын! Сіз бізге бүгінде шетелдегі қазақ диаспораларының Наурыз мерекесін қалай тойлап жүргені жайлы әңгімелеп берсеңіз.
– Рақмет. Бір таңғалатыным, Түркия елінің қазақтары Наурызға көп көңіл бөлген жоқ. Ал Иран қазақтары Ақтаудан, Атыраудан, жалпы, Жем бойынан кеткен қазақтар ғой. Наурызды ұлттық мереке ретінде қабылдап, сәби күнімізден күні бүгінге дейін өте бір үлкен деңгейде тойлап келе жатырмыз. Мәселен, Наурызға үлкен дайындық жүргізіледі. Дастарқан жаю мәселесі болады, балаларға жаңа киім сатып алынады. Шама-шарқынша ересектер де жаңа киім киюге тырысады. Ал одан бұрын үйдің тазалығын жасайтын күндер өтеді. Құрбан айтта, мәселен, қой құрбандыққа шалынса, Наурызда ондай жоқ. Көбіне жеміс-жидек, тәттілер қойылады. Иранда Наурызды тойлау 13 күнге созылады. Ал Қазақстанда – үш күн. Мерекеге бір апта қалғанда ирандықтар «шаршанбы сұри» салтын орындайды. Бұл – оттан секіретін түн. Барлық мекемелер бұл күндерде демалысқа шығады. Тіпті ресми түрде 13 күн болғанымен, іс жүзінде 20-25 күнге дейін созылады. Бүкіл ирандықтар бұл күндерде отбасымен бірге табиғатқа шығады. Бойжеткендер жасыл шөпті өріп, байлап, ер адамдарға сыйлайды. Бұл – барлық өмірін аманат еткендігі. Бұл – да салт. Ирандағы қазақтар да иран ұлты секілді 13 күн бойы тойлауды қабылдап алды. Ол жақта ағайын болмасаң да, үйге кіріп, дәм татып, көңіл көтеруге болады.
– Салтымызда көнеден бар төл мерекеміз – жыл басы Наурызды Ұлыстың ұлы күні дей отыра, қаңтардың 1-інде Жаңа жыл мерекесін әлеммен бірге жапа-тармағай тойлап, жылдың басы деп Наурызды емес, сол қаңтардың 1-ін айта бергіміз келеді. Өз дәстүрімізге көшуге әлденеден жасқанамыз ба?
– Иә, желтоқсанның 31-і таяғанда бір-екі ай бұрын теледидардан да, көшелерде де шыршалар тігіліп, дайындық жұмыстары жүргізіле бастайды. Оның зиянымен ешкімнің шаруасы жоқ. Қанша адам арақ ішіп, қаншама шырша кесіліп жатқандығында ешкімнің шаруасы жоқ. Қазақтың психологиясын дұрыс пайдалану керек деп ойлаймын. Мәселен, біз бәсекешіл халықпыз. Тал отырғызуды дәстүрге айналдырсақ, бұл мәселеде бір-бірімізден асып түскіміз келетін болады. Сонда қанша тал өсірер едік?! Тал сатушы орындар көбейіп, бизнес көзі ашылушы еді. Қазір адам демалатын орындар некен-саяқ. Осы мәселеге Үкіметтің көмегімен халықты дағдыландыру керек. Бұдан біз экономикалық және экологиялық пайда табар едік.
– Наурыз дегенде ұлттық салт-жоралғыларымыз, болмысымыз ойға оралып тұрады. Наурызды қаншалықты насихаттасақ, ұлттық ерекшелігімізді соғұрлым паш еткеніміз емес пе?
– Заманында қазақтың салт-дәстүрі мемлекеттік конституция ретінде жұмыс істеді. Мысалы, үлкенді сыйлау, оны төрге отырғызу, кішіге ізет көрсету. Мұны орындауға міндетті болған едік. Түркілік әрі Қазақ хандығы заманында жазылмаған мемлекеттік заң болған. Бұл заң жақсы болғандығын мойындайық. Жастар арасына үлкен кісі қосылғанда жаман сөйлеуді доғарады. Аузындағы темекісін тастайды. Қандай керемет заң! Наурыз бен салт-дәстүрімізді не үшін жандандыруымыз керек? Себебі бізге қоғамды сауықтыруымыз қажет. Біз мінсіз бола алмаймыз, бірақ ынтымақ пен бірлікті нығайту жолында біраз жетістікке жетер едік. Қылмыс, жауыздық, парақорлық, жемқорлық секілді індеттердің алдын алар едік. Адамды мәңгілікке жетелейтін күш – руханият. Ол – белгілі нәрсе. Материалдық дүние соңында күйреуге ұшырайды. Мәселен, мен 8 Наурызға қарсы емеспін. Бірақ бәрібір оның берері мол емес. Себебі ол – дүнияуи күрестің нәтижесі. Ал мәңгілік табыс – рухани табыс. Сондықтан білімді, ғылымды тәрбиемен бірге игеруіміз абзал. Соның ішінде осы Наурыз мерекесін жандандыратын болсақ, біздің ұтарымыз өте көп. Мәселен, жастардың табиғатқа құрметін, үлкенге құрметін қалыптастыру керек. Наурыз – үлкен жүйе. 2002 жылы Тараздың 2000 жылдығында сол қаланың 30 жерінде киіз үй тігілді. Онда қымыз бен шұбатты сатуға мүмкіндік берілді. Бұл – сол кездегі өңір басшысы Серік Үмбетовтің қазаққа жасаған жақсылығы. Ал кейін бұл кісі басқа қызметке ауысып кеткен соң кейінгі әкімдер бұған мән бермей, тіпті санитарлық стандартқа сай келмейді деп жауып тастады. Одан соң мұны жапқызған сыра сататын орындар деген қауесет тарады. Себебі олар өз тауарларын сата алмай қалды, қазақ жаппай қымыз бен шұбатқа көшті. Міне, халықтың салауатты өмір сүруіне пайдакүнемдер мен делдалдар кедергі келтіре бастады. Егер елімізде арақ ішу азайса, Наурыз жанданса, кімдердің жұмыс пайдасы азаяды деп ойлайсыз? Бұл – үлкен күрес, біз білмейтін, көрмейтін күштер салт-дәстүріміздің алдында бөгет болып тұр. Бұл бөгетті халық бұзады. Ол үшін халық дүниетанымын өзгертуі керек. Жастар жаңа арнаға түсуі керек. Болашақ баянды болуы үшін мемлекетке дені сау жігіттер керек. Арақ ішкіш, темекі тартқыш келешегімізді бұзады. Қай жылы, қай жерде екені есімде жоқ, бір ауданның 80 пайыз жастары әскерге жарамайтын болып шыққан. Арақтың буымен туған әрбір бала – біздің қараңғы келешегіміз. Себебі олар түкке тұрғысыз мүгедек болып дүниеге келеді. Бәріне де осы біздің Наурыз мерекеміз алғышарт бола білуі тиіс. Техника саласындағы колледждерді көбейтуіміз керек. Әр салада да мықты жігіттер болуы қажет. Құрылыста, техникада жүрген жігіттеріміз араққа әуес. Мұның алдын алу жолы – тек салт-дәстүрді жандандыру. Озығы бар, тозығы бар дегенді айтар болсақ, мен бұл мәселені үш жыл зерттедім. Халықтың психологиясы өзгерген сияқты. Кешегі «айттау» деген ұғым бізде жоқ, ұмытылып қалды. Егер биліктен ақша бөлінсе, Наурыз мерекеленеді де, ал бөлінбесе, ешкім де мұны тойлап, еске де алмайды. Наурыз біз үшін табыс көзіне айналған сияқты. Бұл қате. Наурызды халықтық мерекеге айналдыру үшін патриот адамдар жұмылып, бүкіл ауыл-қалаға дастарқан жаюы керек. Осындай ғұрып 3-4 жылға созылса, халық тойлауға дағдыланады. Басында мемлекет дұрыс қаржыландырып, ақылдасып, жоспарларды қолға алса жөн. Тек қана орталыққа шоғырландыру емес, жалпы, елдік той болса жақсы болар еді. Құрбан айтта немесе осы Наурызда ешкім де есігін ашпайды. Дастарқан жайып, қонақ күтумен жүрген адамды көрген жоқпын. Наурызды жалпыхалықтық мейрам етуге қозғау салып отырған қазақи жерлер екенін айтайық. Мәселен, батыста, оңтүстікте салт-жоралғылар көптеп сақталған. Ендігіде солтүстік, орталық, шығыс аумақтарға бұл тамырды жаюымыз керек. Бұл үшін міндетті түрде Үкіметтің қолдауы әрі жоспарлауы керек.
– Ұлттық құндылықтарымыздың интернетте насихатталуы туралы не айтасыз?
– Интернетті пайдамызға асыру үшін көп жұмыс жасауымыз шарт. Бірақ бұл факторды сонша асыра үлкейтіп, басқаларды оның көлеңкесіне қалдырмауымыз керек. Ислам дінінде теңдікті ұстауымыз керектігі айтылады. Әрбір затты шеңберінен асырмай, тепе-теңдікті сақтап отыруымыз керек. Интернет бетіне көшкен соң біз концерттерді, термелерді, дәстүрді, салтымызды азайтсақ, ұтыламыз. Ал біз мұны басқа жағынан қарасақ, интернет арқылы сол термелерді тыңдасақ, көрме ұйымдастырсақ, кітап оқуға көшсек, әлбетте, ұтамыз. Бірақ көбіне интернет – біз үшін ақпарат алу көзі. Одан бәрібір де кітап оқып өндіре алмаймыз. Интернет біз үшін мақсаттарымызды орындауға арналған құралға айналуы керек. Көбіне бұл арқылы насихат, жарнама жұмыстарын жүргізгеніміз дұрысырақ. Бұған да, әрине, үлкен дайындықпен келуіміз қажет.
– Дәл қазақтардай жеті атадан аспайынша, отау құрмайтын түркітектес басқа халықтар бар ма?
– Жоқ. Бұл түркітектес халықтардың ешқайсысында жоқ. Дәл осы жеті ата мәселесіне келгенде ешбір ел бізге ұқсамайды. Біз екі жақтан мойындалып қойған халықпыз. Бірі – тіліміз. Қазақта «Алтынның қадірін зергер біледі» деген сөз бар ғой. Қазақтар шалғай орындарда бір-бірінен алыста орналасса да, бәрі бір тілде сөйлейді, диалект жоқ. Мұндай халықты тауып бере аласыз ба? Басқа елдердің халықтары бір-бірін түсінбейді. Ал екінші мойындатқанымыз – жеті ата мәселесі. Жеті атаны білгеніміз үшін. Неге санамыз толысқан, ақыл-есіміз асқан болса да жетістіктеріміз ойымыздан шықпайды деген сұрақ туындайды. Біздің халықтың дала заңынан, сахаралық психологиядан негіз алғандығының әсері – осы. Жастарымыздың өткенімізбен бірге заманға қажет жаңалықтарға деген көзқарасын түзеу керек. Әлемге қазір рухани, мәдени орталық керек. Батысымыз рухани күйзеліске ұшырап жатыр. Біз өз мәдениетімізді, керемет психологиямызды жеткізе алмай отырмыз. Сол мейіріміміз бен ниетімізді бір-бірімізге бере алатын болсақ, оның шуақтары бүкіл әлемге жетер еді. «Ақпаған су батпаққа айналады» деген сөз бар. Иран қазақтарының салты бойынша ешбір қазақ қазақ емеске қыз бермеуі керек. Күні бүгінге дейін бұл сақталынып келеді. Осыдан шеңбер тарылады. Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп айттық. Салт-дәстүрдің өзгеріске ұшырауынан қорықпауымыз керек. Егер тұрақтылықты қамтамасыз етеміз десек ұтыламыз, кертартпалық болады. Ал кейін 100 жылдан соң біз Абайды қазақтың жаңа тіліне аударып отыруымыз мүмкін. Себебі біз қолданысқа жаңа сөздер мен жаңа тіркестерді алып келеміз. Қазірдің өзінде Абайдың көптеген термині қазақ тілінің қолданысынан алынды. Ол тек түсінік, анықтама арқылы түсіндіріледі. Біздің зейінімізден асып кеткен сөздер көбейсе, онда Абайды жаңа тілге аударуға тура келеді. Ал біреулер бұған зар жылағандай болып тілдің қасиетін жоғалтып жатырмыз дейді. Тіл жойылмайды. Ол өзгерістерден қорықпай, тек дұрыс бағыттау керек. Мысалы, жырауларымыз өте ақылды, білімді болды. Өзге тілден алынған сөздерді өз тілінің фонетикасының ережесіне бағындырды. «Меруерт» сөзін ешбір қазақ парсыларша «моруорит» демейді. Біз тәуелсіз болмай тұрғанымызда «Мәскеуді» – «Москва», «психоложиді» «психология» деп келдік. Ал Тәуелсіздіктің құдіреттілігі енді осындайда көрінуі керек. Біз көптеген ғылыми терминдерді әлі күнге өзгерте алмай келеміз. Келешекте де өз тіліміздің заңдылықтарына бағындыра алмасақ, Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері далаға кетеді.
– Аға, сіздің сегіз жылға созылған Иран-Ирак соғысындағы қазақтардың рөлі туралы еңбек жазып жатқаныңызды білеміз...
– Біздің туған жеріміз – Иран, атамекеніміз – Қазақстан. Сол жақтағы азаматтығы бар қазақтар Иран елінің атынан соғысқа аттанды. Мен сол соғыста запастағы әскер қатарында болдым. Үш айлық әскери жаттығудан өттік. Шейіт болғандар да, жарақат алғандар да бар. Соғысқа барғандардың аузынан қалай болғаны жайлы біраз естідік. Классикалық соғыстың қыры мен сырын толық білгендей болдық. Тағы бір байқағаным, соғыс уақытында адамдар бір-біріне мейірімді, асарласып, көмекке келіп жатады. Бірде-бір ұрлық болмайды. Ал бейбіт күнде сонша ауыр қылмыстарды қалай жасайтынымызға таңғаламын. Отар-отар малды ұрлаған кезде жағамызды ұстаймыз. Айтпағым, біз осы үшін де жазылмаған заң ретінде сақталған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз керек. Қазіргі адамдар бір-бірінің табысы мен жеңісіне сүйсінбейді. Күншілдік, қызғаныш секілді жаман әдеттер көбейіп барады. Ал бұрынғылар қандай еді, сенің қандай да бір жеңісің мен табысыңа өз баласындай «айналайынын» айтып, мейірленуші еді-ай. Сол үлкендерді сағынамын. Бұл қариялар қайда кетті дегенше, олар қайдан пайда болды дегеніміз дұрысырақ. Әрине, ондай көреген адамдар дұрыс тәрбие мен салт-дәстүрден пайда болды. Дала заңы мен дала университеті қандай болғанын білуге тиіспіз. Біз шамшырақты даладан іздейміз. Өз үйімізден көрмейтініміз неге екен? Адам өз тарихын білмесе, мемлекетке ешқашан дұрыс қызмет көрсете алмайды. Тәуелсіздік алғалы жүйелі түрде қазақ тарихын зерттеп, жүйелеп, кезең-кезеңге бөлуіміз керек. Мұндай мүмкіндік бізде бар. Қазақтың саяси әрі мәдени тарихын әдемілеп жазатын кезіміз – осы.
– Ислам аға, сіздің шығыстанушы, этнограф екеніңізді білеміз. Ал Қашаған жыраудың мұрасы сіз үшін қандай жаңалығымен ашылды? Зерттеуде қайнар көздерін қайдан таптыңыз?
– Мен Қазақстанға келгенде Қабиболла Сыдиықов деген ағамызбен таныстым. Иманды болсын, сол кісінің жұмысына, еңбегіне қарап таңғалатынмын. Қазақстан қазақтарының психологиясын, салт-дәстүрін, сырт елдегі қандастардан ерекшелігін танығым келді. Зерттеулер жасадым. Қабекең сол батыста туып-өсті. Батыс өңірінің үлесін одан басқа ешкім де жақсы білмейді. Әрбір қазақ өзінің туып-өскен жерін сырттағыларға қарағанда жақсы айтып бере алады емес пе? Мысалы, Шераға – Шерхан Мұртаза Тараз жұртшылығын жазады, барынша толық, анығырақ етіп жазатынына күмән жоқ. Сол сияқты мен де Жем өңірі, Маңғыстау даласы туралы атамның, қариялардың, әкемнің өсиетінен танып-білдім. Мойнымда тұрған борышым деп осыны білдім. Сол үшін де «Иран қазақтары» атты екі кітап шығардым. Енді үшінші кітапты жазып жатырмын. Тарих әдебиетті дүниеге келтіреді. Ал әдебиет – тарихтың жаңғырығы. Батыс өңірінің тарихын білу үшін көркем әдебиетін танып-білуім керек. Ғабекеңнің зерттеулерін, ізденістерін түгелдей оқи бастадым. Күнделікті тіршілік, жұмысты қойып, сол еңбекпен айналысып кеттім. Қашаған жыраудың өмірін, шығармашылығын, жалпы, болмысын толығырақ етіп бергім келді. Ендігіде Маңғыстау саңлақтары туралы, оның ішінде Мұрын жырауды жазғым келіп жүр. Оның дастандары Алтын орда дәуірін қамтиды. Ал өзі – ХХ ғасырдың жырауы. Қайнар көзі орта ғасырларға жататындықтан сол орта ғасыр әдебиетіне енеді («Қырымның қырық батыры»). Алланың ырысымен осы еңбекті жалғап жатқаным бар. Енді өзімнің бұл тұлғаларға байланысымдағы негізгі ерекшелік – философиялық, психологиялық қырлары. Салт-дәстүрге байланысты элементтерге басымдық беремін. Мен шығармалардан көбіне қоғамға ықпал жасайтын факторларды іздеймін. Шығармалардың жазылуы тұсында автордың қоғамға деген көзқарасы қандай еді, қоғамды тәрбиелеу үшін не істеу керек деген сұрақтың ізіне түсемін. Маңғыстау жырауларын зерттеушілер өте көп. Бұл тұрғысында зерттесек, ешкімге де қызықты емес. «Жақын әулиенің қадірін білейік» дегім келеді. Үлгілі, өнегелі тұлғаларды таныған сайын біз жаңара түсеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Наурызға тілек
Наурыз тарихи салт-дәстүріміздің бірі болғандықтан, үлкен жаңалықтарға, жақсылықтарға жол ашсын деп тілеймін. Табиғатпен бірге жаңарайық. Жаңарудың екі жағы бар. Бірі киер киімді, жаяр дастарқанды жаңарту болса, екіншісі – жан дүниеңді жаңарту, рухани жаңару. Мен сол екеуін де тілеймін. Көңілімізде кірбің болса, біреуге ренжіген болсақ, соның барлығын ұмытайық. Көңілімізде сүйіспеншілік пен махаббат болсын деп тілеймін. Наурыз мерекесін халықтық мерекеге айналдырайық. Алыстағы ағайындарды да, бар қазақты Наурыз мерекесімен құттықтаймын.