Абылай хан бейнесін бір ізге түсіретін уақыт жетті
Жұмақын ҚАЙРАНБАЕВ, суретші, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры:
– Жұмақын аға, сіздің шығармашылығыңыздағы маңызды орынды портреттік жұмыстар алады екен. Абылай хан, Абай, Кенесары, Құрманғазы, Райымбек батыр сияқты іргелі жұмыстарыңыз осылай деуімізге айқын дәлел бола алатындай. Басқасын былай қойғанда, сіз дүйім қазақ жұртын Абылай хан бейнесімен тұңғыш «жүздестірдіңіз». Алайда көзімізге етене жылыұшырап тұратын сол тарихи картинаның авторы ретінде сізді кез келген қазақ тани бермейді-ау... Жалпы, осы тарихи туынды өз бағасын алды деп айта аласыз ба?
–Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қазақ суретшілеріне еліміздің арғы-бергі тарихындағы атақты хандары мен қол бастаған батырларының, сөз бастаған би-шешендерінің тарихи кескінін бейнелеу өнері туындысына айналдыру жауапкершілігі жүктелді. Соның бірі – хан Абылайдың қара түсті түпнұсқа суреті негізінде тұлғалық портретін салуға арналған байқау болатын. Конкурсқа қатысқан 20 шақты әріптесімнің әрбірі өз «көруіндегі» Абылайын салды. Мен түпнұсқадағы еуропалық бет-әлпетке келетін Абылайды қазақы келбеттегі хан бейнесіне айналдыруға тырыстым. Қазылар тоқтамымен ең үздік жұмыс ретінде менің картинам таңдалып, Абылай хан бейнесінің үлкен плакаттық нұсқасы мыңдаған таралыммен сол жылдары жарияланып кетті. Меніңше, тарихи туындының бағасын уақыт анықтайды. Әйткенмен ақшаңқан киімдегі Абылай хан портретінің кез келген мекеме төріне ілінуін көрудің өзі туындыма берілген үлкен баға деп білемін.
Ал танымалдыққа келер болсақ, суретшілер дегеніңіз, әсілі, жұрттан саяқ жүруді қалайтын қызық мінезді жандар ғой. Бойын жасырғанның жүзін кім тани берсін?. Жалпы, жұртқа белгілі болу үшін теледидардан кемінде айына бір рет «қылтиып» көрінуің керек. Өз басымда ондай аралас-құраластыққа құлқым да жоқ, уақытым да жете бермейді. Мен үшін өзіңнің ішкі әлеміңмен оңаша қалғанда сәтті сызылған бір сызықтың құны қымбат.
Бүгінде түрлі партияға мүше болып, айқұлақтанып, әкімқаралардың шашбауын көтеріп, табанынан тозып жүрген әріптестерім баршылық, алайда олардың төл қолтаңбасын көрсететін картинасы жоқ. Бар қазақ ақ киізге салып хан көтерген Абылайдың портретін тұңғыш салғанымды, көпшілік көңілінен шыққандай сәтті жазғанымды мақтаныш етемін. Мұндай мерейге жеткен де, жетпеген де бар.
– Көпшілікке кеңінен таныс сол Абылай хан бейнесін одан да ірі көлемде, кең кеңістікте, өзге де тарихи кейіпкерлермен толықтырып, тағы бір алып картина аяқтапсыз. «Абылайды хан көтеру» деп аталатын жұмысыңыздың биіктігі – 3, ал ені 6 метр( !) екен...
Көп фигуралы болуымен де ерекшеленіп, дараланып тұрған бұл шығармаңыздың идеясы қашан, қалай туып еді? Әлде, өз кезінде лайықты бағасын ала алмай, ескеріліп-еленбеген соң, тағы да үлкен кеңістікте ұсынып көрмек ойыңыз болды ма, қалай?
– Жоқ, олай емес. Өткен жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайына тарихи тақырыптағы туындыға арнайы тапсырыс түсті. Сурет ілінетін кеңістік ауқымына қарай картина көлемі нақтыланды.
Абылай хан портретінің плакаттық нұсқасы шыққан 90-жылдары түбінде бір үлкен туынды салатындығыма іштей сенімді едім. Одан бері де түрлі эскиздер жасалды. «Абылайды хан көтеру» картинасы – сол көптен қайнауы жеткен идеяның жемісі.
Тарихшылардың айтуынша, Абылайды ақ киізге салып хан көтеру рәсімі жаз маусымында болған. Сол себепті қайнаған күндегі көлеңке мен жарықтың шағылысуын аңдап-ажырату үшін, ауа құбылысын тыныстап сезіну үшін Түркістанға әдейі шіліңгір шілдеде барып, барлау жасадым. Жалпы, тарихтан өтіп кеткен тұлғалар мен оқиғаларды бейнелеу – қиынның қиыны. Қылқаламды қолға алмас бұрын, суретшіге сол заманның тарихи дерегімен танысу, уақытты нақтылау, сіңіру сияқты жан-жақты ізденіс қажет. Түркістандағы тарихшылармен кеңесіп, молдалармен әңгімелестім. Хан тұқымының ұрпағы Шота аға Уәлихановпен ақылдасып, құжаттық материалдар алуым да көп кәдеге жарады.
Тарихта Абылайды хан сайлау Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде өткендігі айтылады. Алайда кесененің іші күңгірттеу көрінуіне және аумағының тарлығына байланысты айтулы күннің апайтөс қуанышын Әзіретәлі ғимаратының ішінде емес, сыртында бейнелеп көрсетуді жөн санадым.
Әлбетте, хан халық алдына шығатыны белгілі.
Ақ боз ат мінген айбынды Абылайды Ясауи кесенесінің ашық алаңында сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған көпшілік: билер мен төре-сұлтандар, білекті батырлар, аузынан сөз лағылы төгілген ақындар мен жыраулар... Осылайша, қаумалай қоршаған халықтың шат-шадыман қуанышы мен үмітін әр сантиметрі санаулы боз кенеп бетіне өрнектеуге тырыстым. Мәселен, режиссер кино түсірсе, кесенені тікұшақпен шыр айналып тұрып, түрлі көріністегі мыңдаған кадр алуы мүмкін еді. Ал менің мақсатым – сол мыңдаған кадрдың біреуін ғана «қалт тоқтатып» бейнелеу арқылы Абылайды хан көтеру салтанаты өмірде дәл солай болғандығына көрерменімді иландыру! Иландыру – аз, 200 жылдың ар жағындағы сол бір тарихи салтанат рәсімнен ескен Елдік-Мемлекеттік ұлы мұрат рухына бөлеу!..
Рас, көптеген бейнені бір туындыға тоғыстыру да оңайға түспейді. Картинадағы адамдар мен аттардың қарасын қоса есептегенде 60-тан астам фигураны түзді. Кез келген адам – индивидуал. Соған орай ортақ қуанышқа келген әр образдың жеке дара көңіл күй құбылысын ескеру, оны бояу үндестігімен нәзік үйлестіру, кісі бітімінің толық-жіңішкелігіне қарай адам пропорциясын сақтау, тұрған тұрысы мен киім киісі,онда бедерленетін ою-өрнек үлгісі, XVII ғасырдағы ат-әбзелдердің түрлері мен ерекшеліктерін дәл ескеріп тауып, орнымен қолдану... Айта берсе, тағысы тағы жалғаса береді. Жалпы, үлкен кеңістікті игеру суретшіден үлкен дәлдікті, шынайы шеберлікті талап етеді.
Оның үстіне, жеке пәтерімнің шаршы алаңы мұндай үлкен көлемдегі туынды жасауға есептелмегендігі де өзіндік қиындықтарын туындатты. Ат үстіндегі Абылайдың биіктігі кісі бойымен теңеседі. Сондықтан картинадан кем дегенде 5-6 метр кейін шегініп барып, кескіндемені біртұтас көруге болатын мүмкіншілікке де қол жеткізе алмадым. Қалай болғанда да, терлеп еңбектенгенде ғана дән астық болып пісіп, алдыңа нан келетіндігі мені әркез сабырға жеңдіріп, сабама түсірді.
– Биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар тізіміне «Абылайды хан көтеру» картинасы да еніп отыр. Сурет – көру арқылы қабылданып, бағаланатын өнер. Бәйгеге дүлдүлін қосса, үйде отырып тақымын қысатын қазақпыз ғой. Ішкі жан дүниеңізде шығармаңыздың тағдырымен байланысты қандай да бір қобалжулар бар ма?
– Пенде болған соң, өнердегі қолтаңбаңның бағалануын біліп, нәтижесін көруді қалайтының рас. Мысалы, болмысы алабөтен Салихетдин (Қалжан) Айтбаев деген суретші бар еді. Көзі тірісінде еңбегі мүлде еленбеді. Тек өзі дүниеден өткеннен кейін барып айтыла бастады. Талай таңды таңға ұрып, көз майын тауысып жасаған туындымның көрермен көңілін қаншалықты аударғанын мен де көзім барда сезінгім келеді. Алда-жалда бұйырмағандай болса, «Бермей қойды!» деп жанұшырып, қан құсып жүрер жан мен емес!.. Көлденең сөздерге жүйкемді шаршатпай, тыныш өмір сүргім келеді. Тыныш өмір сүру деген – мен үшін шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік те мол болады деген сөз.
– Кейінгі кезде «Мемлекеттік сыйлық шығармаға емес, адамына беріледі» деген де пікір қайшылығы айтылып қалып жүр...
– «Бәрі де алдын ала шешіліп қойылған шаруа» дегендей әңгімелер құлаққа тимей жатқан жоқ, әрине. Меніңше, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармашылық иесінің, ең әуелі, осы мемлекетке, осы елге, осы жерге шын мәнінде еңбегі сіңуі керек. Оның еңбегі – Қазақстанның өнер тарихына, тұтас мәдениетіне ұлттық бояуы қанық, әлемдік деңгейдегі көркем туынды болып қосылуы керек. Ол – ел рухын марқайтып, халық мақтанышын аспандатқандай, «іші – алтын, сырты – күміс» келісті туынды болуы шарт.
Кәсіби деңгейі биік, елжанды комиссия мүшелері өзінің ішкі үніне құлақ асып дауыс берсе, шынайы өнер туындысының бағы байланбайтындығына бек сенімдімін.
Сосын Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деген сурет туындысын мәртебелі комиссияның назарына ұсынбас бұрын, Қазақстан Суретшілер одағы өз ортасында қатаң іріктеуден өткізу керек деп ойлаймын. Әр облыстан қара үзіп шыққан бейнелеу өнер туындысын Алматыда пленум өткізіп, қайта дауысқа салып, көркемөнер құндылығын кәсіби мамандар анықтағаны абзал болар еді. Кез келген картинаның артықшылығы мен кемшілігін бәрібір дәл кәсіби мамандардың көргеніндей ешкім көре алмайды. Жазушылар менің бір суретімді көріп, жақсы не жаман дей салуы мүмкін. Алайда олар суретші шығармашылығын басқалармен салыстырып, түбегейлі таразылай алмайды. Керісінше, ақын-жазушылардың еңбектерін суретшілер де дәл бағалай алмауы анық.
– Жұмақын аға, сіздің картиналарыңыз туралы «...терең философиялық оймен суарылып және күрделі сезімдік психологиялық күйге толы болып келеді» дейтін зерттеушілер пікірі қалай айтылған?
– Менің әкем дала академиясын тауысқандай терең адам болатын. Арманшыл балалық, жастық шағым жер жаннаты – Жетісуда өтті. Көзімді ашқаннан көңіліме тоқығаным – «қой баға жүріп ой бағу » болды. Оған қосымша, үй шаруасындағы кейбір бұйымдарды, ер-тоқым, ат-әбзелдерін де өзі шауып ала беретін, не нәрсеге де қолының ебі бар әке мен құрақ құрап, сырма сыруға шебер анамның іс-әрекеттері мен ұзақты түнге таусылмайтын әсерлі әңгімелері, сол «жылы ұяда» көрген-білгенім... соның бәрі санама қапысыз сіңіп, қиял-сезімімді қытықтап, елігіп есейдім.
Бала күнімде әкеме көмектесе жүріп, малшылық кәсіптің бейнетінің арғы жағында, тереңінде жасырынып жатқан адам, жануар, табиғат арасындағы үйлесімнің әсемдігіне тәнті болатынмын. Әкем: «Құлақ естігенді көз көреді, көз көрсе – қасыңа келеді, қасыңа келсе – басыңа келеді» деп жиі айтушы еді. Мектепте оқып жүргенде жаздай қасында боламыз. Оқыған кітаптарымызды ол кісіге айтамыз. Әкем эпостарды жатқа айтатын, мақал-мәтелшіл болатын. Қазір біраз жасты еңсерген осы күні өткен өмір жолыма қайырыла қарасам, дәл әкемнің айтқанындай маған нақты ешкім ештеңе айтпаған екен.
Бәлкім, кез келген шығармамның философиялық шешіміне әкемнің бейнесін, өмірлік ой қалыбын қолдануым да сондықтан болар.
– Жұмақын аға, сіз өміріңіздің 30 жылға жуық уақытын оқытушылық еңбекке арнап келе жатқан ұстазсыз. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында өзіңіз баулып жатқан шәкірттеріңіздің сол асыл текті ата-бабалардан бастау алған ұлттық құндылықтарды өнер туындыларына өзек етіп өре білу деңгейі қандай? Жалпы, бүгінгі ұрпақ қылқалам шеберлерінің аяқ алысы ерекшеліктері туралы не айтасыз?
– Қазіргі жастардың қабілет-шеберліктері бізден кем соқпайды. Көбісі ауылдан келген балалар. Ана тілін білмейтіндері некен-саяқ. Суретке ұлттық бояу беруді олар да жақсы біледі, бірақ капитализм заманында өмір сүріп жатқан жастардың құндылықтарға деген көзқарасы өзгерген. Кезінде өзіміз бір тақырыпты жылдар бойы пісіріп барып кірісуші едік. Қазіргі жастар жылдам ойлап, жедел сурет салады. Жылт еткен идеясы болса, шықсын ол, мейлі шықпасын – асығыс іске асырады. «Тиын табуды» басты нысана тұтады. Мұның жағымды-жағымсыз жақтары бар. Егер материал детальдары піспей қалса, тасқа соғылғандай күй кешіп, тауаны қайтып қалады. Кейде, керісінше, келген ой бірден сәтті туындыға айналып кетуі де ықтимал. Қуанатыным – қазақ баласының бойында сурет салуға деген генетикалық қабілет-қасиет мүмкіндігі мол. Тек соны заман ағымының қайбір татымсыз дүниесымақтарынан қақпайлап қорғап, ұлттық құнарға бағыттай алсақ болғаны.
– Сіздің шығармашылығыңызға қатысты өнертанушылардың тағы бірі «ол шығармаларында өзі өмір сүріп отырған қоғамның өткенін, бүгіні мен болашағын бояу ерекшелігімен шебер бейнелей біледі» деп келетін пікірін өзіңіз қалай таратып түсіндірген болар едіңіз?
– Осыдан бірер жыл бұрын жеке көрмемді өткізу үстінде Жаркентке жолым түсті. Сонда Көктал деген жердегі өсiп тұрғанына жетi ғасыр болған алып ағаштың басына бардым. «Әулие ағаштың» жуандығына алты адамның құшағы әрең жетеді екен.
Кезінде Марко Поло деген саяхатшы қазақ даласын қиып өтіп, Қытайға бет алған сапарында, Жаркент өңірінде жергілікті халық «Әулие ағаш» атап кеткен алып бәйтеректің барлығын, оның басына өзінің де қона жатқанын ай-күнімен көрсетіп, күнделігіне түсіріп кеткен екен. Сол көрсетілген уақыттан бері 700 жыл өтіпті. Демек, сол кездің өзінде «Әулие ағаш» атанса, оған дейін де қанша ғасыр өмір сүрген десеңізші... Оны ешкім дәл айта алмайды.
Үлкендігі жағынан дүниежүзіндегі алып ағаштардың үштігіне енген қара ағаштың білемденген тамырлары мен иiрленiп қурап кеткен бұтақтары қазақтың есте жоқ ескі заман шежіресін бойына бүгіп тұрғандай әсер салды. Қарап тұрсаң, Жетісудағы қазақтың өмірі сол «Әулие ағаштың» төңірегінде өтіп жатыр. Ол ағаш нені көрген жоқ дейсің? Жоңғардың шапқыншылығын да, Қытайдың қырғынын да, орыстың боданын да көрген ағаш! Қазір сол толғаныстарымнан туған жаңа картинаның үстінде жұмыс істеп жатырмын.
Мұндағы тұтастай ой желісі – ғасырлардың күніне қақталып, сынынан өткен "Әулие ағаштың" арса-арса болған алыптығы, үлкендігі, ескілігі, жайған шаштай жалбырап жатқан тамырының көнелігі ... Сол арқылы қазақтың да шыққан жері, тегі, тамыры, өсіп тараған бұтақтары – сансыз ұрпақтары бар екендігін көрсету... Жалпы, өмірдің заңына сай, күллі адам баласының да бір тамырдан өсіп-өніп, жайқалып, үлкен бәйтерекке айналатындығын бояу тілімен, бояу үндестігімен бейнелеу, сөйлету.
Шынайы қылқалам шеберінің туындысы келешекке қызмет етуі керек. Мен болашаққа айтар ойымды қазір айтпасам, бояу тілімен айтпасам, қашан айтпақпын, қалай айтпақпын?..
– Сіз бір жазбаңызда: «Өмір қасіретке толы екенін де білемін... Бірақ мен одан жарық пен үйлесімнің жарқылын іздей бермекпін. Менің шығармашылығым бір ғана үмітке бағышталады» депсіз. Сіздегі сол үміттің тамыры қайдан, табиғаты қандай?
– Тегінде жұмырбасты пенде баласы өмір бойы осынау жарық дүниенің сәулелі сәттерін аңсайды. Алайда ию-қиюы көп бұл күнде кез келген жерде аяқты да, қолды да, тілді де қаға беретін кедергі-қиындықтар кездеспей қалмайды.
Мәселен, бір жерге барып, бір кісінің қолын қойдырып шығу менің бір күнімді алады. Салым суға кеткен сол күні не жұмыс жүрмейді, не қабағым ашылмайды. Адамды адым сайын шалатын толып жатқан сол сияқты өмір қайшылықтары, қарап тұрсаң, көңілге қасірет байлайды. Әйтсе де тұмшалаған тұманды тесіп өтсең, бәрібір жарық дүние көрінеді. Мысалы, қызым Дария осыдан үш жыл бұрын Мәскеудің Суриков атындағы көркемсурет академиясының кескіндеме факультетін тамамдады. Өнердегі ізімді өкшелеп, өз қолтаңбасымен жақсы суретші болып қалыптасып келеді. Қазірдің өзінде туындылары бағаланып, Мәскеудегі танымал суретшілердің қатарына ілікті.
Өзім дәріс беріп жүрген жастардың ішінде де қабілет-қарымы күмән туғызбайтын талантты жастар көп. Олардың шарқ ұрып ізденіп, құлшынып жұмыс істеп жүргендеріне қуанамын. Осыдан жеті жыл бұрын шәкірттерім Өмірбек Жұбаниязов, Досбол Қасымов,Талғат Тілеужанов, Орынбасар Жаңбыршиевтердің туындыларын топтастырып, «Іздер» деп аталатын көрме ұйымдастырдық. Ендігі жерде де суретті өмірінің мәніне балайтын жас толқынмен қайта көрме ашу ойымда жүр. Жылдар өте келе, «осы кісіден сабақ алған едік» деп еске алып тұрса, соның өзі жүрекке шуақ құятын жарық та жарқын дүние емес пе? Осының бәрі – менің үмітім.
Ал үмітім – менің өмірім де, өнерім де!..
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым бар...
...Бір күні Алматыдағы «Арбаттан» өтіп бара жатып, Абылай хан портретінің өзім салған нұсқасының айна-қатесіз көшірмесін сатып отырғандарға куә болдым. Қаз-қатар тізілген 10 картинаға да өз аты-жөнін жазып қойыпты. Авторымен тілдеспек болғанымда, оны орнынан таба алмадым.
Бір өкініштісі, «Қайранбаев суретінен алынды» деп еш жерде ескертілмейді. Қаламақы да алмаймын, авторлық құқыққа да таласып жатқан мен жоқ. Тұңғыш портреті жарияланғаннан соң-ақ, шамамен бір жылдан кейін, әркім-әркім Абылай ханды түрлі өзгешеліктер енгізіп, көшіріп сала бастады. Айналып келгенде, бірнеше түрлі Абылай өмірге келді.
Кинода болсын, графикада болсын Абылайдың образын түрлентіп беруге еш қарсылығым да, қызғанышым да жоқ. Одан Абылай образы байымаса, кемімейді. Тек бет-бейнесі алғашқы нұсқасының негізінде салынса деген ұсынысым бар. Тарих алдындағы жауапкершілік пен қазақ бейнелеу өнерінің болашағын ойласақ, арнайы қазылар алқасының сарабы бойынша Абылай хан портретін бір ізге түсіретін уақыт жеткен сияқты.