Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор:
– Кеңес Одағы кезінде ғылымға бет бұрғаныңыз белгілі. Талай ғылыми еңбектің авторысыз. Талай шәкірт тәрбиеледіңіз. Осы саланың бел ортасында жүрген ғалым ретінде бұрынғы мен бүгінгі ғылымның ара жігіне қандай баға бересіз? Салыстыруға келе ме? Бүгінгі ғылым саласына көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды. Бұрынғы Кеңес Одағында бір жылдық табыстың 3 пайызы ғылымға бөлінетін. Бүгінде Ресей ішкі табыстың 2 пайызын бөледі. Ал біздің елімізде енді ғана бір пайыз қаржы бөліне бастады. Бұған дейін 0,24 пайыз бөлініп келген. Қазіргі күнде ең сорлап жүргендер – білімді профессорлар. Орта мектепті бітірген бала корпорацияға секретарь-референт болып жұмысқа тұрса, 100-150 мың теңгеден жалақы алады, ал дардай атағы бар профессорыңыздікі 60-80 мың теңгеден аспайды. Бүгінде ғылымға жастар, әсіресе ерлер келмей жатыр. Неге келмейді? Оның түпкі мәнісіне үңіліп көрдік пе? Оны жастар іштей біліп отыр. Әдебиет саласында ылғи нәзікжандылар. Олардан басқа ер адамдар бірен-саран ғана. Өйткені олар магистратурасын бітіреді, докторантурасын бітіреді. «Уһ» деп білім-ғылымның шегіне жеттім деп келгенде алатыны 50 мың теңге ғана. Одан гөрі жоғары оқу орнына түспей-ақ адам тасып таксилететіндер одан үш-төрт есе жоғары табыс табады. Оқу оқымай-ақ, басын қатырмай-ақ. Осындай себептерден кейін жастар ғылымнан қашып жатыр. Ғылым қартайып бара жатыр бүгінде. Ал қашанғы біреуден ұрлап ала береміз? Қашанға дейін біреудің өнертабысын пайдалана береміз? Өзіміз ойлап табатындай, өзіміз жасап шығаратындай әлеуетіміз бар бізде. Тек соны жолға қою керек. Бұрындары стратегиялық жағдайы бар, бүкіл материалдық игілікті өндіретін шешуші күш жұмысшы табы деп қарайтын. Енді ол күш кетті. Оның орнына технология келді. Ғылым келді. Мың, миллиондаған адамның орнын техника басты. Сонша адамның жұмысын бір техника атқарады. Өндіруші күш ғылымға келді. Ғылымды меңгермеген мемелекет артта қалып қояды. Құр айқайлап, бізде бәрі керемет деп ұрандата бергеннен ештеңе өнбейді. Ғылымды дамытуға шындап кірісу керек. Оны біз өндіргіш күшке айналдыруымыз керек. Осы талап бүгін де қойылып отыр. Ал біздің халіміз мынау... Сонда бұған қалай риза боласың? Біздің мемлекетіміз солқылдап өсіп келе жатқан бәйтерек. Бірақ өзегіне құрт түсті. Ол – жемқорлық деген жұлынқұрт. Осы құртты жандандырмай тазалау керек. Сонда бәйтерек мықты болып өседі. Әйтпесе өзегін кеулей берсе, бір күні бәйтерек құлайды. Мемлекетті құртатын ол – жемқорлық. Осы сыбайлас жемқорлыққа әліміз келмей жатыр. Былай етеді, олай етеді, бірақ жемқорлық жойылмай жатыр. Турасын айтқанда, «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кері. Түбірімен өзгеретін ештеңе жоқ. Бірақ жемқорлықтың емі табылмай жатыр. Тетігі табылса жаншып, жоюға болады ғой. Бірақ... Біздегі таза басшыларды білмеймін. Әйтеуір қызметке тұрып жатқандар байып шыға келеді. Ол әкесінен қалған мұра емес. Халықтың малынан байып отыр. Мемлекеттік қызметте жүрген көп кісілермен сөйлесемін. Сонда байқайтыным – оларда халыққа қалай қызмет етемін дегеннен гөрі, қалай алып қаламын, қалай қарпып қаламын деген ой басымдау. Себебі біз баяғы Мағжанның айтқан жолына түстік. Мағжан «Еуропаны қараңғылық қаптаған, жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған... Қарын деген сөзді ғана жаттаған» дейді. Қазір біз қарын деген сөзді ұрандатып жатырмыз. Бизнес бизнес деп жатқанымыз – сол қарын деген сөз. Қарын да керек, онсыз өмір болмайды. Екеуін үйлестіріп ұстау керек қой. Капитализм жолына түстік. Капитализм деп баяғы батыстың классиктері жазған сұмдықтардың бәрін бүгін көріп жатырмыз.
– Аралас мектеп туралы көп жаздыңыз. Бүгінде содан бір нәтиже шықты ма?
– Аралас мектеп мәселесі айтыла-айтыла ақжем болған тақырыпқа айналды. Нәтиже шықпады. Өзбекстанда аралас мектеп құрып жатыр. Тәжікстанда, Түрікменстанда бәрін жауып тастады. Бізде қайта көбейтіп жатыр. Мен осы мәселені көтергенде еліміз бойынша аралас мектептің саны 2068 еді. Бүгінгі статистика 2097 деп көрсетіп тұр. Жойылудың орнына қайта көбейіп барады. Аралас мектеп көбейген жерде тіл өледі деген сөз. Мұндай мектепте шешуші тіл – орыс тілі болып қалады. Оған жабысып жатқан біздің шала қазақтар. Кезінде Бірғаным Әйтімова білім және ғылым министрі болып тұрған кезінде Таразға келген болатын. Кредитті оқу саласы жайлы бүкіл мәселені тақылдап баяндап берді. Содан бізге қайта-қайта сұрақ қойыңдар деді. Ал бізге бастықтар сұрақ қоймаңдар деп тапсырма берген. Алдында отыр едім, ақырында шыдай алмай аралас мектеп туралы сұрақ қойдым. Сөйтіп ем, министріміз төпелеп отырып біраз нәрсені баяндады, бірақ айдалаға лағып кетті. Мен тоқтатып қойдым да, «Жамбыл облысындағы аралас мектептердің жайын айтып беріңізші», – дедім. Оған «ол жағын мен әлі білмеймін» деді. Сонда ол өзінің алдында бағып отырған қойын да білмегені ғой. Міне, біздің министрлеріміздің жағдайы осындай. Жалпы, елімізде қоғамдық ғылымдардың рельсін өзгерту керек дегенді де айттым. Себебі біз бұрынғы еуроцентристік рельспен келдік. Әлі сол жолмен ұрып келеміз. Ол жақсылыққа апармайды. Сол себепті рельсті өзгерту керек те, ұлттық шығыстық рельске салуымыз керек. Сонда ғана аяғымызға нық тұра аламыз. Әйтпесе құлдық сана бұғауынан босау қиын... Аралас мектептен бұл ХХI ғасырда да құтылатын түріміз жоқ. Себебі саясат тіл мәселесінде айқын білінеді. Мүның еш қиындығы жоқ. Орыстар орыс мектебінде, қазақ қазақ мектебінде оқысын. Бітті ғой. Бар болғаны сол ғана. Кейбіреулердің пайымынша, бұлай болмауы керек екен. Бірігіп оқуы керек екен. Мұның астарында Ресей патшалығы мен компартияның дәстүрлі орыстандыру саясаты жатыр. Алтынсарин де соған еріксіз қызмет етті. Бірақ ол кісі орыстандыру саясатын сезе білді. Бірақ қолынан не келеді. Шамасы келгенше қазақтарды орысша оқытты. Ол заман басқа, бұл заман басқа. Ресейде бес жылда орысша үйрене алмасаң, азаматтығын ала алмайсың. Бұны заңмен бекіткен. Ашық талап қойып отыр. Неге біз осындай талап қоя алмаймыз? Тілді үйрету оп-оңай. Қазақ тілін қажеттілікке айналдырып жіберсе, шала қазақтарың бір жылдың ішінде сайрап шыға келетін болады. Орыс тілін жақсы көрген соң үйренді дейсің бе, кезінде қызметке тұру керек болды, өмір сүру керек болды, сосын амалсыз үйренуге мәжбүр болдық. Одан басқа амал жоқ болатын. «Қазақ тілін білмесең қызмет жоқ» десең бітті, алдымен шала қазақтарың өздері-ақ жүгіреді. Жан керек болса, қызмет керек болса, амалсыздан үйренеді. Қазақ тілін үйретудің кілті – осында. Оған бола миллиондаған қаржы шашқанша, кілтті осылай бұрасаң өзінен-өзі шешіледі. Үкіметтің күші заңда. Олигархтың күші ақшасында. Біздің күшіміз халықта. Біз халыққа сөзімізді өткізе алсақ, онда Үкімет бізбен санасады... Газет халықтың көзі һәм құлағы ғой. Осы арқылы ақпарат алып, көп нәрсені біліп отырамыз. Жаңалықтарды, жаңа идеяларды, пісіп жетілген қоғамдық ойларды соның ұшын көрсетіп қойса ар жағын түсініп отыра береміз. Біздің ұлттық дертті тек қазақ газеттері жазады. Басқа тілдегі БАҚ атаулының бірі де былқ етуге мүдделі емес... Бірақ олар қазақтілді журналистерге қарағанда қаламақыны да көп алады, бар жағдайы жасалған. Олар мемлекет қаржысынан 70 пайыз алса, халық саны 70 пайызға таяған қазақтар бөлінген қаржының 30 пайызын ғана алады. Теңсіздік қой? Тәжікстанда, Түрікменстанда, Өзбекстанда тіл мәселесі жоқ... Жапондар баласы 12-ге толғанша басқа тілді араластырмай, тек қана ана тілін тереңдетіп үйретеді. Ойлау механизмін әбден қалыптастырады. Сол кезде ғана басқа тілдерге бет бұра бастайды. Басқа тілдерді тек 12 жастан асқан соң ғана үйренуіне жол ашық. Бірақ шешуші тіл өздерінің ана тілі болып мәңгіге қала береді. Біз көптілділікті балабақшадан бастап жатырмыз. Бұл дегенің – баланың миын су қылу деген сөз. Миына күш түсіп, ертең ауытқу болса, ертең оған жауапты кім бермек? Ең бастысы, олар ана тілінің уызына жарымай өседі. Бүкіл дүниежүзі қабылдап мойындаған шындықты «біздің данышпандар» қабылдай алмай отыр... Кеңес Одағы кезінде бізді мәңгүрттендіру саясатын ұстанды. Оған дәлел – Голощекиннің Сталинге жазған хаты бар. Сонда бес түрлі талап қояды. Біріншісі әрі ең сұмдығы – «қазақтың зиялыларын бір-біріне айдап салып, көздерін түгел жою керек» деп жазылған. Екіншісі – «келер ұрпақты тарихи жадынан адастыру және мың жылдан астам уақыт бойы қолданып келген араб жазуынан қол үздіру үшін жазуын екі рет ауыстырып, мәңгүрттендіру» сияқты саяси мақсатын ашық қойды. Бұл өзінің жемісін еселеп берді. Мәселен, мен өзім қып-қызыл мәңгүрт болып өстім. Кейін ғана көзім ашыла бастады. 10-сыныпта жүргенде партияға өттім. Дінді де, басқаны да лақтырып, лағып кеттік. Кейіннен қызметке тұрғаннан соң, өмірді көргеннен кейін біздің бұл саясатымыздың жалған екендігіне көзім анық жетті. Себебі қағазда бәрі жақсы, өмірде мүлде басқаша. Қайда барсаң да ұлы тілде сөйлейтіндер. Орталық қол астындағы барлық республиканың ішкі сырын біліп отыру үшін өзінің адамдарын барлық жерге екінші басшылыққа отырғызып қойды. Екінші секретарь кімнің не істеп жатқанын, не қойып жатқанын бәрін орталыққа баяндап отырды. Ал бізді орталыққа жолатпады. Мағжан ақынның айтқанынддай «Орал өзені екі елдің шекарасы, ар жағы түн, бер жағы күн баласы. Ар жағы үймелеген жын ұясы, бер жағы Ер Түріктің сар даласы». Сол Оралдан ары қарай түгел ауыр индустрия гүлденсе, Түрік халықтарының жерінде машина жасау, тіпті мотор жасау зауытын салуға тыйым салды. Орталықтағы зауыт, фабрикаларға шикізат түрік халықтарының сардаласынан тасылып жатты. Қазақтар қалада тұруға 10 пайыздан аспауы шарт болды. Осындай жасырын саясат ұстануы себепті Ресей империясы өзін де сорлатты және қол астындағы 47 түрік халықтарын да сорлатты. Ресей патшалығы жаулаған Түрік тілді 47 ұлттың кеңес билігі құлар алдында 27-сі тұтас орыстанып, тілі өлі тілге айналып орысқа сіңісіп кетті. Қалған 20 түрік халқының 5-еуі өз тәуелсіздігін жариялап мемлекетін құрды. Қалған 15-і ресейдің қол астында. Олардың кейбірі тіпті дінін де өзгертті, атын да, тегін де орыстандырып алды. Жетіліп кетсе, солар жетісер еді, бірақ сорлап отыр. Біз, қазақтар, орталықтың ерекше қысымында болып, солардың таяғын көп жеген халықпыз. Сондықтан ерте мәңгүрттеніп, тарихи, рухани жадымыздан көз жазып қалдық. Сондықтан мәңгүрттенген халықымызды ұлттық идеология арқылы қайтадан тәрбиелеп, бастапқы табиғи қалпына келтіру мақсаты алдымызға зор тарихи міндет ретінде қойылып отыр.
– Қоғамның жанына батқан ащы ақиқатты айтып та, жазып та жүрсіз. Қысым көріп жүрген жоқсыз ба?
–Жоқ, мен жұмсақтау етіп айтып жүрмін. Фактімен сөйлеймін. Ол шындық болғаннан кейін оған ештеңе дей алмайды. Өздерінің осал жерлерін ашық айтып отырғаннан кейін не десін. «Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ бар. Соған мені Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетіндегілер ұсынған болатын. Берілмеді. Ұсталықпен жасалған айлалы қысым арқасында одан шеттетіліп, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына меңгеруші болып келдім. «Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер» атағына 70 жасқа толуыма және Жамбыл облысының құрметті азаматы болуыма орай тағы да ұсынылдым. Тағы да берілмеді. 80 жасқа толған шағымда Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры ретінде абайтану саласында жазған ғылыми еңбектерімді ескере отырып, Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті ұсынды. Сонда мен «әй, мен ұсынудан кенде болып жатқан жоқпын. Беруі қиын-ау, екі рет ұсынды ғой» дегенімде де қоймай тағы да ұсынды. Мені жақтайтындар да, жақтамайтындар да бар. Бір шындықтың бетін ашайын. Қазақ әдебиетіндегі академиктердің халықтың мүддесіне ащынып, шырылдап тұрып мақала жазғанын көрдіңдер ме? Ешқайсысында жоқ. Неге жазбайды?.. Мен өзімнің еңбегіме ғана сенемін. Осындағылардан сұраңыздар. Мен бір адамнан пара алған емеспін. Не студенттен, не басқадан. Кейбір жетекшілер шәкірттерін ақжем етіп, ығырын шығарады. Ал мен әскеттік жолмен кеттім, енді солай қалатын шығармын.
– Абайды терең зерттеген жандардың бірісіз. Көп қазақ түсінбейтін, түсіне алмайтын Абайды толық тани алдыңыз ба?
– Абай мүлде табиғаты бөлек ақын ғой. Ойлауы тіптен басқаша. Сондықтан біз Абайды танымайынша, қазақты тани алмаймыз. Байтұрсынов босқа айтпаған «әрбір исі қазақ Абайды білуі керек, білгенде де тануы керек. Абайды алғаш оқыған кезде кібіртіктеп, оқи алмап едім. Кейін келе түсіндім», – дейді. Оның ішіндегі сөздерді бір адам түсіндіріп айтып бермесе, оны мың рет оқысаң да түсінбейсің. Сол себептен «Абай лұғаты» деген кітап жазып жатырмын. Абайда 180-дей сөз бар. Сол шығыстық термин сөздердің Абай қолданған мән-мағынасын ғылыми тұрғыдан ашып түсіндіруіміз керек. Жаза салу оңай емес. Мағынасын жан-жақты түсініп барып ашып жеткізу оңай шаруа емес. «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде: «Ақылмен хауас барлығын, білмейдур, жүрек сезедур. Мүттакаламин, мантикин, бекер босқа езедур» дейді. Демек, осы термин сөздерді білмесең, мағынасына тісің батпайды. Өзім талай мәрте қайталап оқып, жаттап алсам да түсіне алмай қойғанмын. Жаңағыларды зерделеп, ізденіп, зерттеп тапқаннан кейін барып көзім ашылды. Көп нәрсе шығаратын едім. Бір жерде отырып іздене алмай, қызмет бабымен ауысып, тұрақтай алмадым. Таразға келгеннен кейін біраз шаруалармен жүріп қол тимей кетті...Абай жаратушы түп иені танып-білуге бар күшін сала ұмтылды. Жантану ілімінің негізін салды. Абайдан соң ол ілімді ақын шәкірті Шәкәрім ары қарай дамытты. Бұл салаға Мағжан мен Махмұт та атсалысты. Әсіресе табиғат лирикасы, көңіл күй лирикасы, саяси-әлеуметтік лирика, пәлсапалық лирика ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы ояну дәуіріндегі қазақ қоғамында өте биікке көтерілді. Қазір Абай мен Шәкәрімнің жантану іліміне не батыстың, не шығыстың ақындары көтеріле алған жоқ. Әлі биік деңгейде тұр. Олар жантану ілімінің негізін қалады. Ал біздің философтар психологияны жантану деп шатасып жүр. Бұл – қате пікір. Өйткені логика деген ғылым бар. Ол ойлану заңдары туралы ғылым. Психология біздің бойымыздағы психикалық құбылыстарды, қорқу, қуану, күлу, жылау т.б. құбылыстарды зерттейді. Бұл жан емес, психикалық құбылыс. Соны зерттейтін ғылым – психология. Жан деп ТӘҢІРІ жақтан келетін тылсым құбылысты айтамыз. Біздің философтар батыстың материалистік мектебімен қалыптасқан. Соның моделінен айналшықтап шыға алмайды. Кішкентай кірпіш құю үшін моделін жасаймыз ғой. Сол модель негізінде құйылған кірпіш атаулы бірінен-бірі айнымай, бәрі бірдей болып шығып жатады. Оны өзгерту үшін алдымен модельді өзгертпек керек.. Біздің философтарымыздың бәрі еуропа-орыс философтарының жолымен жүріп келеді. Ол шығыстың философиялық моделіне келіңкіремейді. Абай – негізінен шығыстық моделдің өкілі. Абайды кім шығыстың моделін меңгерсе, сол ғана ашып бере алады. Одан аздап хабарым бар. Сондықтан біраз нәрсесін айттым Абайдың. Философтар бұған қарсы келе алмас. Қайта менің терминдерімді алып, керегіне жаратып жүрген сияқты. М.Әуезовтің кезінде Абайдан жазып қойған терминдері болды. Бірақ қысым болғандықтан заманында айта алмады. Соны біз айта бастадық. Жан құмары, тән құмары дегеннің бәрін ашқан кезде Еуропаңызға мүлде жоламайды. Сол себептен кейбіреулер Абайдан докторлық қорғаған кезде оның дүниетанымын толық ашып бере алмады. Абайды оқытқан кезде Әуезовтің жолымен жүре алмадық. М. Әуезов 1934 жылы өзіндік концепциясын қалыптастырды. Абайдың дүниетанымы, қалыптасуы өзінің туған елінің мәдениеті, шығыстың рухани қазынасы, батыстың әдебиеті негізінде қалыптасқаны туралы баса айтты. Осы танымды рет-ретімен жүйелеп оқыту керек еді. Оны керісінше теріс дедік. 1949 жылғы космополитизм туралы қаулыға сүйеніп, Абайдың шығысын сөйлетуге қатаң тыйым салдық. Тек қана орыс әдебиеті мен батысты негізге алдық. Абай мұрасын зерттеу арқылы түгелдей осы салаға бет бұрды. Докторлық, кандидаттық диссертациялық еңбектердің бәрі де орыс әдебиетімен байланыста қорғалып шықты. Дүниетанымы атеист, материалист деген жасанды танымға арқа тіредік. Ал шындығына келсек, Абай исламдық шығысты, оның пәлсапалық ой-танымын керемет білген. Шығысты білгенде тек діни жағын емес, рухани жағынан, тереңдеп білген. Соны бұздық та, тек қана біржақты сарынға кеттік. Ендігі мақсат – Әуезов ұсынған табиғи танымға қайта оралып, орнына келтіру болып тұр. Туған елі мәдениеті мен шығыстық рухани қазына қорында Абай жасаған толық адам ілімі жатыр. Қазіргі рухани жағынан құлдыраған Батыстан небір бүлдіргі нәпсіқұмарлыққа ұмтылған жат мінез-құлықтар ағыны тоқтаусыз келіп жатыр ғой. Осыған қарсы тұру үшін бірден-бір тосқауыл – Абайдың «Толық адам ілімін» жастар санасына сіңдірсек, жастар соны шын жүрегімен қабылдаса, онда басқа зиянды жат мінезді қылықтар жоламайтын болады. Парақорлық, сыбайластық, дүниеқоңыздың, тоғышарлық, шектен асқан нәпсіқұмарлық дертіне шалдығу тәрізді жат құбылыстың бәріне басқаша қарайтын азамат ретінде қалыптасар еді. Сонда ғана таза ұлттық, шығыстық тұрғыда қалыптасқан тұлғаны тәрбиелей алмақпыз. Болмаса біз батыстың ұсқынсыз көлеңкесіне айналамыз. Жас буынды кітап оқуға қалай қызықтырамыз деп Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқытатын «Абай әліппесі» деп аталатын кітапты сөйлететін қалам ойлап ендірдік. Ол туралы баспасөзде кезінде талай рет жазылды да. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Сонда жаңа бағыттағы елеулі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Алашқа айтар датым...
Тілді үйрету оп-оңай. Қазақ тілін қажеттілікке айналдырып жіберсе, шала қазақтарың бір жылдың ішінде сайрап шыға келетін болады. Орыс тілін жақсы көрген соң үйренді дейсің бе, кезінде қызметке тұру керек болды, өмір сүру керек болды, сосын амалсыз үйренуге мәжбүр болдық. Одан басқа амал жоқ болатын. «Қазақ тілін білмесең қызмет жоқ» десең бітті, алдымен шала қазақтардың өздері-ақ жүгіреді. Жан керек болса, қызмет керек болса, амалсыздан үйренеді. Қазақ тілін үйретудің кілті – осында. Оған бола миллиондаған қаржы шашқанша, кілтті осылай бұрасаң, өзінен-өзі шешіледі. Үкіметтің күші – заңда. Олигархтың күші – ақшасында. Біздің күшіміз – халықта. Біз халыққа сөзімізді өткізе алсақ, онда Үкімет бізбен санасады... Газет халықтың көзі һәм құлағы ғой. Осы арқылы ақпарат алып, көп нәрсені біліп отырамыз. Жаңалықтарды, жаңа идеяларды, пісіп-жетілген қоғамдық ойлардың ұшын көрсетіп қойса, ар жағын түсініп отыра береміз. Біздің ұлттық дертті тек қазақ газеттері жазады. Басқа тілдегі БАҚ атаулының бірі де былқ етуге мүдделі емес. Бірақ олар қазақтілді журналистерге қарағанда, қаламақыны да көп алады, бар жағдайы жасалған.