Әйел мен еркектің одағында көрпе астындағы «тірліктің» маңызы өте зор. Үйлесім тапқан тоят – көп қиындықты жояды дейді психологтар. Жалпы, құмарлық кез-келген адамға тән. Бірақ төсекте кім қалай «шабады», ол өз алдына үлкен тақырып. Біреу жүйрік, біреу шабан деген сияқты. Мәселе осында дейді мамандар.
Жасыратыны жоқ, қай-қайсымыз болсақ та, «осы мен төсекте қандаймын? Жұбайымның құмарын қандыра алдым ба?» деп ойлаймыз. Әрине, бақытты болудың кілті тек жыныстық қарым-қатынаста ғана емес. Алайда бір-біріне ләззат сыйлай алмаған жұптардың жарасып кетулері де екіталай. Мұндай ерлі-зайыптылардың ұрыс-керістері де жиі болып жатады. Ақырында ажырасып тынады. Ал бұл әлеуметтік үлкен проблема. «Соңғы кездері ажырасулар көбейіп кетті» деп дабыл қағып жатамыз. Оған сөз өзегі болып отырған мәселе де әсер етпей қоймайды.
Сондықтан да, «ұлы сөздің ұяты жоқ», өз кезегімізде ерлі-зайыптылар үшін жыныстық қарым-қатынаста кімнің қандай екенін қалай ажыратуға болатынына там-тұмдап тоқтала кеткенді жөн санадық.
Бір анығы – жыныстық қарым-қатынастағы белсенділік тұқым қуалайды екен. Әрине, талғам әртүрлі. Дегенмен де, ғылымда сексуалдық темперамент үш топқа бөлінеді екен, яғни күшті, орташа, әлсіз.
Күшті
Бұл топтағы адамдар табиғатынан белсенді, көпшілікті ұнатады. Мұндай адамдарда жыныстық қарым-қатынас ерте басталады. Осы санаттағы адамдарға секс аса маңызды. Өзі қалай ләззат алса, төсектегі серігін де солай қанағаттандырады. «Күшті» адамдар секссіз ұзақ уақыт жүре алмайды. Мамандар «өкінішке қарай мұндай жандар барлық адамдардың 10 пайызы ғана» дейді. Мұның бір жаман жағы, егер «күштілер» сексте жолы болмай жүрсе өзін басқа жақтар да «жарамсыз» сезінеді екен. Былайша айтқанда, жыныстық қарым-қатынаста еш кілтипан болмаса ғана бұлар өздеріне әркез сенімді. Егер «шөліркемей» жүрсе жұмыста да тиянақты.
Орташа
Бұл - қоғамдағы 80 пайыз адамдар. Орташа топтағылардың бойында құмарлық мерзім-мерзімімен оянады. Олар сексті аса маңызды деп санамайды, бірақ онсыз өмір сүре алмайды. Мұндай жандар ләззатты алдымен бір-бірін еркелету арқылы алады. Былайша айтқанда, асықпайды, бәрін бабымен жасайды. 80 пайызды құрап отырған бұл топтағылар, орта есеппен айтсақ, аптасына үш рет кездеседі.
Әлсіз
«Әлсіздер» де «күштілер» сияқты 10 пайыз екен. Бұларда жыныстық қарым-қатынас өте кеш басталады. Олар үшін секстің еш маңызы жоқ. Әйелімен не еркекімен әңгімесі жарасып, аймалап-сүйісіп отырса да оларға осы жеткілікті. Тіпті сексте де өзі салқын ұстайды. Көбіне тояттанбайды. Сараң. Кейбіреулер тіпті ләззат алып жатқандай сыңай танытады. Ғалымдардың бірі бұл топтағы адамдарды ауру қатарына жатқызса, енді біреулер мұны ауытқушылыққа жатқызған. Сондықтан да егер сіз «әлсіздер» тобына жатсаңыз, дәрігерге қаралғаныңыз артық болмас еді.
Төсекте тоят алу шеберлігін меңгере білу - жұбайыңыздың сүйіспеншілігін мейлінше арттырып, онымен бірге болудың бір жолы. Сондықтан да, бір қалыпта қалып қоймай, көрпе астындағы нәзік те жұмбақ дүниені қызықты өткізу керек. Жаныңыз жай тауып, рақат шыңының ұшар басына шықсаңыз, көңіл-күйіңіз де жақсара түседі.
- Қазақ халқының менталитетінде «жыныстық қатынас» туралы сөз қозғау көбінесе ұят пен арға келіп тіреліп, көп жағдайда соның арнасынан шыға алмай қалып қоюда. Ал, шынтуайтына келгенде, «мәдениет» пен «жыныстық қатынас» бір-біріне қарама-қайшы емес, өйткені жыныстық қатынастың нақты мәдениеттен тыс болмайтыны бесенеден белгілі. Ал мәдениет өз кезегінде сексуалды-эротикалық компоненттерсіз өмір сүрмейді.
Адам анатомиясы мен туу-көбею жүйесінің физиологиясынан бейхабар, төсек ләззатында шектеулі ғана қалып-күйден аса алмайтын адам жыныстық жағынан сауатсыз деп табылады және ол адам мұндай білімі және дағдысы бар адамға қарағанда өз сұраныстарын қанағаттандыруда көш кейін қалып қояды. Демек бұл жөнінде көп нәрсенің басын ашып қарайтын уақыт жетті деуге болады,- дейді «Төсек ләззаты» кітабының авторы Т.Қ.Бесбаев