«Мен де барлық қыз бала сияқты ақ көйлек киіп, қосағыммен қоса ағаруды арман еттім» деген келіншек он жылдың ішінде қалайша жеті күйеуге шыққанын әңгімелеп берді.
«Ешкім жетіскеннен жеті байға тимейді» деп бастады отызға да толмаған Шолпан есімді келіншек.
«Алғаш рет он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Өз еркіммен емес, әрине. Ол кезде тым жас болдым. Оңтүстіктің жазылмаған «заңы», ойдан шығарылған «салты» бойынша мені көрші ауылдың жігіттері «ұрлап» кеткен болатын. Үлкендердің нұсқауымен сонда қалуыма тура келді. Алайда қаламаған, сүймеген адамыммен тұра алмадым», - деген Шолпан бір жылдан соң ажырасып кеткенін айтады.
Жолдасынан ажырасып ауылда жүре алмаған ол ағайынның сөзінен қашып Астанаға кетеді.
«Астанада күн көріс қамыман дәмханалардың бірінде жұмыс істеп жүріп, сол жерде «служебный романды» бастан өткердім. Администратор жігіт мені ұнатып, қыр соңымнан қалмайтын. Бірнеше ай бірге тұрып көрген соң, үйленуге шешім қабылдадық» , - дейді келіншек.
Алайдан, екінші некеде енесі келінін қабылдай қоймапты. Оған бірден бір себеп – келінінің бұрын табалдырық аттағаны.
Ене мен келін жараспаған соң, ортадағы ұл өмірден баз кешіп, үйден кетіп тыныпты.
Осылайша бақытты боламын деген Шолпан бір-ақ күнде күйеусіз қалғанымен қоймай, жұмыстан да айырыла жаздады. Мұның жағдайынан хабардар дәмхананың иесі бұған екінші әйел болуға ұсыныс жасайды. Астанада барар жер басар тауы қалмаған келіншек бір күннің ішінде үшінші күйеуге шығып кетеді.
Бағынан соры қалың әйел енді дұрыс өмір сүрем бе дегенде үшіншісі нашақор болып шығады. Күйеуінің мұнысынан хабарсыз болған әйелдің таңы таяқсыз атпайтын болады. Түнімен «шегіп» келген күйеуі таң ата есікті қағады да, екі қоңыраудан ашылмаса, «үйде кім бар еді» деп сабай жөнеледі.
Бір күні сондай «соғыстың» үстінен түскен анасы киімдерін жинап қызын ауылына алып кетеді.
Ауылда бір жылға жақын жұмыссыз жатқан «күйеуден қайтқан» қайын сіңілісін жеңгесі «бақыт тілеген» болып тағы біреумен таныстырады. Жеңгесінің айтуынша оның тракторы бар, көрші үш ауылдың бар адамы осының тракторына қарап тұр, табысы керемет көрінеді. «Қалада шөп шегіп, есірткі қолданатындарды көргенім де жетер» деп ойлаған әйел осы жолы шынымен «барған жеріме тастай батып, судай сіңемін» деген сеніммен шөп шабатын жігітке тұрмысқа шығады.
«Төртінші күйеуге шыққан соң ғана түсіндім. Ешкімге керек емес екенмін. Жеңгем де қырық өтірігін айтып, менен құтылудың амалын жасаған екен ғой» деген Шолпан бұл күеуінің «атақты» тракторы бір күн жүрсе, бір ай жүрмейтін бұзылғыш, ал өзі бір күн сау болса, екі күн мас болып жүретін маскүнем болып шыққанын айтады.
«Бәріне қолымды бір сілтедім де Астанаға қайтып кеттім. Жұмыс істеп, ешкімге масыл болғым келмеді», - дейді Шолпан.
«Астанаға келіп қонақ үйлердің біріне жұмысқа тұрдым. Бөлмелерді жинаймын. Табысым қара басымды асырауға жетіп жатты» деген Шолпанға қонақ үйге келуші қалталы азаматтардың бірі «ғашық» болып қалыпты.
«Қонақ үйде бөлме жинағанша, қалталы еркек қамымды жасар» деген оймен көңіл қосып, келісімімді бердім. Бір жылдан астам бірге тұрдық. Қыз баланы өмірге әкелдім. Бәрі осы кезден бастап өзгерді. Бірінші әйелінде бес қызы бар күйеуім мен қыз туған соң біржола кетіп тынды. Оған мен де, қызым да керек болмадық», - дейді.
«Сенесіз бе, мен өмірімде 30-ға келмей жеті күйеуге шығамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Қызыммен жұмысқа да шыға алмайтын болдым. Астанада қалай күн көрем, пәтерақы, тамақ бәрі қымбат. Бұл уақытта бұрынғыдай шешем де жоқ, қайтыс болған. Қайда барарымды білмедім» деген Шолпан тіпті көшеде қайыр сұрауды да ойлапты.
Алайда осы жолы бақытты боларына «кепілдік» берген жеңгесі 27 жастағы қайын сіңілісін өзінің төркін жағындағы көршісімен таныстырады. Мақұлға келген екеуі шаңырақ көтереді. Расында мешітке барып, неке қидырып, тіпті некелерін заңдастырған да осы алтыншы күйеуі болады.
«Өзіме де, қызыма да оң көзқараста болды. Енді 38-ге келгенше үйленбей жүруінің де бір себебі бар шығар. Тағдыр маған осы кісіні жазыпты» деп ойлайтынмын. Алайда сонша жасқа келгенше үйленбей жүруінің себебі бар екен да. Денсаулығында кінәрат бар мекен, әйтеуір өмірімдегі «жалғыз» заңды күйеуім өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Жолдасымның қырық күндік асы өткен соң, мен қайын жұртқа сыймадым. Анығында сыйдырмады. Бөтенсің, бөтеннің қызы, кетіңдер деген әңгіме айтылды», - дейді Шолпан.
Тағдырдың тауқыметін көп көрген келіншек ауылда жүрудің артық екенін түсінеді. Осылайша тағы да «үйренген» Астанасына аттанады. Бұл жолы қызын уақытша балалар үйіне өткізіп кетіп, аяққа тұрып алуды ойлайды.
Астанаға барар жолда жолсерікпен әңгімесі жарасқан келіншек өзін ауылдастары бұзылған әйел деп санайтынын айтып қынжылды. Жолсерік те ажырасқан еркек екен, әңгімелері жарасып, тар купеде қосылды.
Осылайша елге айтпай, жетінші күйеуге шығады. Дегенмен алты күйеуден қайтқанын бетіне басатын жолсерік күйеу Шолпанды күнде ұрып-соғудан шаршамайды.
«Сенің әдемілігіңе қызығып қалдым. Алты байдан қайтқаныңды білмедім деп күнде бір әңгімені айтып ұра береді. Ажырасып кетейін десем, қайда, кімге барам? Кейін қызымды қалай алам? Осының бәрін ойласам, басым қатып кетеді» деген келіншек көпшіліктен кеңес сұрап, ендігі болашағын қайтерін білмей отыр.
qamshy.kz