Адам баласының тағдыры әртүрлі өріліп, бақыт та пендеге әр түрлі жолмен келетіні рас. Бұрын жесір деген ұғым менің көңілімде бақытсыздық пен жалғыздықты, жоқшылықты елестетіп тұратын. Бірақ жесірлік елдің бәріне бірдей қасірет бола бермейді екен. «Әйел қырық шырақты» деген сөз бар емес пе, артық кетіпті деп сөкпеңіздер, дегенмен, кейбіреулерге жесірлік осы қырық шырақтың бірі боп жана ма деп қаламын кейде. Олай деуіме өз тағдырым себеп болып отыр. Бүгін өз өмірім туралы түрлі тағыр иелерінің оқиғаларынан сыр шертетін «Алаш айнасына» мен де сыр шертіп отырмын.
Таныс келіншектер мен құрбы-құрдастар арасынан маған жолы болмағандар, тіршілік тапшылығын кешіп жатқан адамдар көп кездесті. Алысқа бармай-ақ, Асыл көршімді алайыншы. Бес баласы бар. Мектепте еден жуып күнін көреді. Көктем-күздің жауын-шашынды күндері батпақты ысқылап жуудан көз ашпай, белін жаза алмай жүреді. Үйіне қатты шаршап келеді. Күйеуі Ерсайын ішкенді жақсы көреді. Ішкенде ешкімде шаруасы болмаса да, әйеліне тиіспесе де, бір үйдегі еңгезердей еркектің екі күннің бірінде аузы қисайып отырғанының несі жақсы! Ерсайынның екінші кемшілігі – құрылыс басында жұмыс істегенімен, үйіне жалақысын әкелмейтін көрінеді. Жұмыс басында бөтелкелестерімен ылғи да бірігіп ішіп, тапқан-таянғанын араққа жұмсап, карта ойнайтын көрінеді. Көбінесе ұтылып қалып, қарызданып, қысқасы, үйіне әкелер ақшасы қалмайды. Ол ол ма, берешегі көп болып, тапқан-таянғанын өз басына жеткізе алмаған соң, Ерсайын таныс адамдарынан жағалай қарыз сұрауды әдетке айналдырыпты. Кейін ол кісілер Ерсайынның қарызын Асылдан сұрап, мектептің табалдырығын тоздырады. Асылдың бес баласының тамағы мен киімі – мектептің мойнында. Кейде ыза болғанда:
Бұдан да сенің мүгедек болғаның жақсы ғой, алқаш! 20-25 мың теңге пенсия алып, рахаттанып отырар едік. Ең болмағанда өз тамағыңды өзің айырасың ғой! – деп налитынын естіп қаламын, күйеуімен ұрсысқанында.
Мұндай жағдайды мен бірінші рет көріп отырған жоқпын. Менімен бірге жұмыс істейтін Кәмиланың да күйеуі жұмыс істемейді. Жора-жолдастарымен көше кезіп, ұшарын жел, қонарын сай біледі. Бір жұмысқа тұрса, сылтау тауып, «жұмыс қиын екен», «бастық тынышсыз», «ақшасы аз» немесе тағы басқа бірдеңе айтып, ол жерде бір аптадан артық жүрмейді. Несие төлеуге ақшалары жетпей, қатты қысылған күндері Кәмила ашуға булығып, «Мынадай байдың барынан жоғы. Балаларды қалай асыраумен шаруасы жоқ. Кей әйелдер өлген күйеуінен де пайда көріп, жәрдемақы алып отырады. Біздікінен көк тиын пайда жоқ», – деп қалады.
Менің де марқұм күйеуім тым мазасыз жан еді. Әрдайым әрбір іске кірісіп, тиын санап отыратын. Артық киім алғызбайтын, дүкеннен алынған әрбір затты қадағалап отыратын адам болды. Туыстарыммен көп араластыра қоймайтын. Құрбыларымның да келгіштегенін жақтыртпайтын. Қарап отырсам, күйеуім барда пышақтың үстінде жүргендей қысылып-қымтырылып өмір сүріппін. Соңғы жылдары жұмыстан қысқарып, бұрынғы аз-маз жалақысының өзінен айырылды. Содан ол ана жұмысты да, мына жұмысты да ұнатпай, бір жұмысқа кіріп, екіншісінен шығып жататын.
Күйеуім жол апатынан қайтыс болғанда, мен өзімді далада қалғандай сезіндім. Қанша айтқанмен, ұзақ жыл отасқан серігім ғой. Қия алмадым.
Ол қайтыс болғаннан үш жыл өткенде мен жұбайы қайтыс болып өзім сияқты жалғыз қалған Мираспен таныстым. Мирас – кәсіпорында директор. Балалары есейіп кеткен адам. Бәріне түсіністікпен қарайтын мейірімді жан. Ол мені шетелге жолдамамен қыдыртып, ылғи да сыйлықтар жасайды. Балаларыма көмектесіп, керек-жарақтарын түгендейді. Екі жыл араласып-құраласып жүріп, біз қосылдық. Мирас қолымды жылы суға малып отыр. Барлық жағдайымды жасайды. Мен бұрын өзімді бақытты әйелмін деп ойлайтынмын. Алайда нағыз бақыт дегеннің не екенін Мирасқа кездескелі түсіндім. Бұрын өзім көрмеген, білмеген көп жақсылықтарды көріп, нағыз әйел бақытын сезіндім.
Жалғыз мен ғана емес, күйеуі өліп өмірін қайта құраған тағы екі әйелді білемін. Оның бірі – Сарқыт. Күйеуі тірі күнінде екеуі қарапайым ғана ғұмыр кешкен. Қатардағы медбике болып жұмыс істеді. Күйеуі ішіп, қыдырғанды жақсы көретін. Дегенмен жұбайлық өмірлері жаман болған жоқ-ты. Бір күні әдеттегідей отырыстан таксимен келе жатып, күйеуі жол апатына ұшырады. Көлік жүргізіп отырған жүргізуші мас екен. Жол апатына, әрине, сол кінәлі деп табылды. Сотталып кететін болғандықтан, жүргізуші Сарқытқа су жаңа шетелдік көлік әперіп құтылды. Сарқыттың өмірі бұрын да жаман болған жоқ дедік қой. Күйеуі өлгелі оның екінші тынысы ашылғандай болды. Астында – шетелдік көлік. Бір жыл өтер-өтпесте ол да бір байшыкештің етегінен ұстап кете барды. Қазір бақуатты өмір сүріп жатыр.
Жесірліктен жақсылық тапқан жалғыз біз ғана емес, қатардағы мұғалімдік қызметте көптің бірі болып жүрген Зүбайра атты келіншек бір шалдың көңілдесі болып, балаларының үстін бүтіндеп, тірлігін түзеді. Оны айтасыз, шалдың арқасында «ақын» болып, кітап та шығарып алды.
Иә, біз туралы көп адамдардың «мынаған күйеуінің өлгені жақты» деп, сыртымыздан әр саққа жүгіртетінін білемін. Бірақ жесірдің де бақытты болуға қақы бар дегім келеді...